Қарымбай Қошмамбетов, Садық Абыланов, тағы басқа сол кезде оқыған, сауатты жастар қатысқан. Оларға Тұрар саяси басшылық жасап, идеялық бағыт беріп отырған.
Көтеріліске қатысқандардың бәрі кейін қайраткер боп шыққан. Мақсұт Жылысбаев Омбы облыстық партия комитетінің хатшысы, Қазақстан жеңіл өнеркәсібі министрі болады. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кетеді.
Қабылбек Сармолдаев Қазақстан жоспарлау комитеті төрағалығына дейін жоғарылатылады. Ол Әулиеата уездік революциялық комитетін бас-қарып тұрғанда, Сәкен Сейфуллин 1919 жылы Бетпақдала шөлі арқылы атаман Аннековтың түрмесінен қашып, Әулиеатаға келеді. Қабылбек Сармолдаев Сәкенді жақсылап қарсы алып, жат пиғылдылардан жасырады. Осында қал деп қызмет ұсынады. Сәкен еліне қайтарында астына ат сыйлап, құрметтеп шығарып салады. Мұны күрескер ақын өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында үлкен сүйіспеншілікпен келістіре жазған.
Асекең бұрынғы өткен тұлғалар туралы әңгімені көп білетін. Әр жолыққан сайын ол кісінің партия қызметкері бола жүріп, казақы салт-дәстүрге көп көңіл бөлетіндігін, оған қызығатынын, сыйлайтынын, құрметтейтінін аңғара түсетінмін. Қазақы әңгімелер айтып, қазақы бата беретін, көкірегі, көңілі, жаны, жүрегі, ниеті − бәрі қазақ еді. Үнемі ел бірлігін, ел абыройын көздеп, сол төңіректе ой қозғайтын.
Асекең ауылда, елде, қазақшылықтың бел ортасында қайнап өскен кісі ғой. Салт-дәстүріміздің титтейіне, майда-шүйдесіне дейін біледі. Ол кісінің қазақшылығы, қазаққа іш бұратыны керемет. Асекең бүкіл елдің қамқор қайраткері еді.
Кезінде Ілияс Есенберлиннің «Хан Кене» кітабы жарық көргенде жазушылар арасында осы шығармаға мін тағушылар көп болған. Тіпті бұл мәселе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросына дейін талқыланады. Сонда бюроға қатысып отырған Асқаров кітапқа араша түседі.
Бұл жөнінде белгілі жазушы Бекежан Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы» атты роман-толғауында (Айтылмай қалған шындық, Алматы, «Дәуір» баспасы, 1992 ж.) кеңінен айтылған.
Сондағы Асқаровтың сөзі мынау: «Жазушылар одағы дұрыс жолда, дұрыс бағытта деп ойлаймын. Ал әдебиетті тек бір ұрпақ жасамайды, әдебиеттің дамуына барлық ұрпақ, барлық жазушы үлес қосады. Өткен өмірімізге менсінбей қарауға болмайды. Аға жазушыларға да ұлғайған жастарыңды, тәжірибелеріңді бұлдай бермеңдер деп айтар едім. Қазір біздің әдебиетіміз кемелденген, өскен әдебиет. Қаншама кұнды шығармалар туды, елеулі істер істелді.
Жазушылар одағы маңызды мәселелерге көбірек назар аударуы керек. Жеке-ара қатынас емес, шығармашылық мәселе бірінші кезекте тұруы керек. Бүгінгі жиында жеке шығармалар жөнінде әңгіме болған жоқ. Тек Есенберлиннің романы туралы ғана пікір айтылды. Тек тарихи тақырып туралы ғана әңгіме қозғалды. Бірақ бұл мәселеге де байыппен қарауымыз керек. Жалпы тарихты бейнелеуімізге қарсы болмауымыз керек. Тек кім қай тұрғыдан, қай бағыттан бейнелейді, мәселе осында. Жаңа бәрің Есенберлинге жабылып, сынап жатырсыңдар. Оларың дұрыс емес. Мен де кітапты оқып шықтым. Жекелеген кемшіліктері болуы мүмкін. Бірақ негізінен теріс, зиянды кітап деп айта алмаймын. Романнан соншалық үлкен қатені көріп тұрған жоқпын. Кітапта ұлтшылдық сарын бар дегенге де қосылмаймын. Бұл қате пікір. Мұндай айып тақсақ, өсіп келе жатқан жастарға қандай тәрбие береміз, қандай үлгі көрсетеміз. Мұндай пікірді абайлап, байқап айту керек».
Жиналыстан алған әсері жөнінде жазушы былай дейді: «…барлығы Есенберлинге жабылып романын жамандап, одан саяси қате, ұлтшылдық белгісін іздеген кезде, творчестводан мүлде аулақ, таза партиялық рухта тәрбиеленген функционер, коммунистік талаптан, партиялық бағадан басқаны мойындамайтын Асанбай Асқаровтың осы жолы Есенберлинге араша түскеніне таңым бар. Қайран қалдым».
Достарыңызбен бөлісу: |