3 оқу залы Қарымбай (Кәрімбай) Қошмамбетов – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері



бет20/47
Дата26.06.2018
өлшемі1,61 Mb.
#44309
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   47
2001 жылы тамыз айының басында Асанбай аға ауруханаға түсті. Көңілін сұрап барып жүрдім, мен сияқтылар көп қой, Асекеңнің палатасының есігі жабылмайтын көрінеді. Бәрі бір жағынан көңілін сұрап келсе, екінші жағынан ол кісіден көрген жақсылығын, жәрдемін көмегін айтып, рақметтерін жаудырып жатқандардың талай рет куәсі болдым.
Сонда Асекеңді тағы бір қырынан танығандай болдым. Абайдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» дегеніндей, Асекең өз туысына, жақынына тартпай, елге, жұртқа, халыққа тартқаны ұрпағымыздың ұрпағына өнеге емес пе? Ол кісінің бұл қасиеті де көпшілдігін, елшілдігін, тәртіптілігін, халқын сыйлай, сүйе білетіндігін аңғартса керек.
Он бірінші тамызда Жароков көше­сіндегі Жарбосынов атындағы урология орталығында дәрігерлер Асекеңе операция жасады. Мен 12 тамызда барып ем, жағдайы қиындау екен. Дәрігер:
– Жолығуға болмайды, − деді.
– Қолын алып, сәлем беріп шығайын, арнайы келдім − деп едім, бірер минутқа рұқсат етті.
Асекең алғаш үндемей жатты. Өңі жү­деу. Әлсіреп, қажығаны бірден байқалады. Біраздан кейін созған қолымды ұстап, жібермей:
«Ескелді би ме, әлде Балпық би ме, қайсысы екені дәл қазір есімде жоқ. Төрде төсек тартып жатыр екен. Кішкентай немересі бетіне үңіле қарап:
– Ата, ата, сен қашан өлесің? − депті. Би сәл күлімсіреп:
– Мен сен өлген соң, өлем, − дейді. Босағада тірлік істеп отырған келіні:
– Кішкентай балаға сен өлген соң, өлем дегеніңіз не, ата? – деп ренжіп, ашуланып қалыпты.
Әулие, дана адам не айтуды біледі ғой.
– Балам, сен менің ойымды түсінбедің. Мен сен өлген соң, өлем дегенім ұрпағым бар да өлмеймін, атым өлмейді дегенім, − деген екен. Көбей, сендер барда мен де өлмеймін, − деді Асекең қинала, әзер сөйлеп. Екі қолын кеудесіне қойып, біраз үнсіз жатып:
– Жарайды, келгеніңе рақмет, айналайын. Жұмысыңа бара бер. Мен демалайын, − деді.
– Сауығып кетіңіз», − деп қоштасып шығып кеттім. Ертеңіне, 13 тамыз күні таңғы жетіде:
– Асекеңнен айырылып қалдық, − деді хабаршы. Тұла бойым мұздап сала берді. Асекеңді соңғы сапарға шығарып саларда халық көп жиналды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан жұртта есеп болмады.
Сөзімнің басында Асекеңнің тегі, қаны, ойы, ақылы бар, соған қоса өзін-өзі шыңдаған кісі деп айттым ғой. Барған, қызмет істеген жерін жандандырып, гүлдендіріп жіберетін. Елуінші жылдар­дың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Жамбыл облысын басқарды. Іске кірісе салысымен Тараздың көшелерін асфальттап, телефон жүргізді. Алматының көшелері де шұрқ тесік боп жататын. Келе салысымен оны жөндеп, бірден асфальттауды қолға алды. Сол тұста белгілі ақынымыз Сырбай Мәуленов:
− Асанбай Асқаров,
Көшемізге тас салып,
Жамбылдан кеп жатыр ғой,
Алматыны басқарып, − деген бір шумақ өлең шығарған. Асекең тек машина жүретін жол ғана емес, ана үй, мына үй арасындағы жіңішке көшелердің бәрін асфальттап, бәрін дұрыстады. Бұдан басқа да қаншама игілікті істерді тындырды.
Биікке шығып алған адамдар асқынып-тасқынып жердегілерді ұмытып кетеді. Аяқ астындағы нәрселерді көрмейді. Асекеңде ондай мінез жоқ болатын. Қаншама жыл биікте тұрғанымен кішігірім, майда-шүйдеге дейін көріп, біліп, оны зиянсыздандырып, реттеп отыратын. Жай сөйлеген сөзінен де, жай бір, елеусіз істеген ісінен де ірі тұлғаның, ұлылықтың, тектіліктің белгілері танылып тұратын. Өмірдің болмашы қалтарыс-бұлтарысы туралы айтқанының өзінде терең пәлсапалық мән жататын.
Көп басшылар инкубатордан шыққандай бір-біріне ұқсас, былай жүріп-тұру, былай сөйлеу керек деп бір қалыпқа түсіп алған. Бар мақсаттары тапсырманы дер кезінде орындап, уақтылы есеп беру. Оның қалай орындалғанымен және халыққа тиер пайдасымен ісі жоқ. Сондай басшылар мен Асекең арасындағы айырмашылық аспан мен жердей еді.
Актерлерде рөлде ойнау, сонымен бірге рөлге кіру деген түсінік бар. Талантты актерлердің ойнаған рөлі талантты боп шығатыны − өзінің кейіпкерінің жан дүниесіне еніп, сахнада сол кейіпкердің өмірін сүріп, өзінің актер екенін ұмытып кетеді. Асекең сондай деңгейдегі өте талантты адам. Ол кісі барлық кезде қабылдаған шешімін, сөйлеген сөзін, істеген ісін, бағыт-бағдар, тұжырым-түйінін − бәрін жүрегінен өткізіп, елге тиетін пайдасын, қызығын, мүмкіндігін қалай көбірек жасауға болады, қайсысы халыққа көбірек жақсылық әкеледі деп ізденіп, өз ойынан, жанынан шыққан идеяларды іске қосып, жүзеге асыратын. Әйтпесе, кейін басы дауға қалған Шымкенттегі дендра саябағын, балалар теміржолын, зоопаркті, тағы басқа да құрылысты салып несі бар? Жоспарды орындап, басқалардай жан тыныштығын ойлап жүре бермеді ме? Халық игілігі үшін өз еркімен, өз бастамасымен қолға алған әлгі құрылыстарды жоғарыдан ешкім айтқан да, міндеттеген де жоқ қой. Үкіметтен тағы бір тиын ақша алмаған. Менің Асекеңді ешкімге ұқсамайтын ерекше адам, феномен дейтінім содан. Асекең үлкен бе, кіші ме, кез келген мәселеге жоғарыдан, биіктен, ел мүддесі тұрғысынан қарап, талғампаздықпен, ізденумен тірлік еткен басшы.

Адам баласы жарық дүниеге бәрі бірдей боп келгенімен бәрінің алдында не бітірді, не тындырды, фәни жалғаннан бақилыққа кім боп аттанды деген үлкен сұрақ тұрары анық. Біреулер бұл дүниеден елеусіз, ескерусіз өтсе, біреулер тіпті халықтың қарғысын арқалап аттанады. Тек аз санаулы адам ғана елінің мерейін өсіріп, мақтанышына айналып, үлкен абыройға ие болады. Сондай жанның бірі − Асекеңді халқы аса көрнекті, қажымас, қайсар қайраткер, айбарлы басшы, ғұлама ғалым, үлкен жазушы, ақын, елінің ардақты да абзал азаматы, ұлы перзенті деп бағалады. Өмірден озғанына он бір жыл болса да атын ұмытпады, атақ-абыройын төмендетпеді.
Алыстаған сайын биік таудың асқар шыңы көзге айқын көрінеді деуші еді. Тірі кезінде-ақ аты аңызға айналып, халқы­ның адал бағасын алған, сүйіспеншілігіне бөленген Асекеңнің ұлы тұлғасы күн санап ұлыланып биіктеп бара жатқаны рас. Асанбай Асқарұлы − Алаштың алып арыстарының бірі, ұлтымыздың намысы, еліміздің даңқы мен абыройы еді, біртуар, қайталанбас дара, дана тұлғасы еді. Асекеңнің осы дана, дара тұлғасы халқының есінде мәңгі сақтала бермек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   47




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет