3-тақырып. Макроэкономикалық тұрақсыздық: экономикалық циклдар, жұмыссыздық, инфляция
Дәрістің мақсаты – макроэкономикалық тұрақсыздықтың себептері мен салдары туралы мағлұмат беру
Негізгі ұғымдар: экономикалық цикл және оның сатылары. Инфляция және оның түрлері. Дефляция. Дезинфляция. Стагфляция. Жұмыссыздық және оның түрлері. Жұмыссыздық деңгейі. Филлипс қисығы
Негізгі сұрақтар:
1. Экономикалық цикл және оның себептері
2. Инфляцияның мәні, себептері және түрлері
Жұмыссыздық пен оның нышандары
4. Инфляция мен жұмыссыздықтың өзара байланысы
1. Жұмысбастылықтың, өндірістің және инфляция деңгейлерінің белгілі бір уақыт сайын ауытқуы экономикалық цикл деп аталады. Экономиканың циклді түрде дамуының себептеріне инвестициялық белсенділіктің белгілі бір уақыт сайын бәсеңдеуі, мультипликаторлық әсердің әлсіреуі, ақша массасы көлемінің ауытқуы т.с.с. жатқызуға болады.
Экономикалық циклдің барысында теңдестік бұзылып, экономикалық динамиканың орташа көрсеткіштері ауытқиды. Тұрақсыздықтың неғұрлым айқын белгілерінің қатарына инфляция мен жұмыссыздықты жатқызуға болады.
Жұмысбастылық ұғымын қарастырған кезде студенттер, әдетте, бұл ұғымды тек еңбек нарығына ғана қатысты термин деп түсінеді. Алайда, жұмысбастылық термині - жалпы ресурстарға (еңбек ресурстарына, негізгі капиталға, қаржылық ресурстарға т.с.с.) тән ұғым. Ресурстардың жүз пайыздық жұмыспен қамтылуы мүмкін емес. Экономикалық теорияда өндірістік қуаттылықтардың жалпы көлемінің 80-90%-ының ғана жұмыспен қамтылуын ресурстардың жұмыспен толық қамтылуы (толық жұмысбастылық) деп атайды.
Ресурстардың жұмыспен толық қамтылуы тұсында өндірілген өндіріс көлемі потенциалды жалпы ішкі өнім (немесе экономикалық әлеует) деп аталады.
Нақты өндіріс көлемінің потенциалды деңгейден ауытқуы төмендегі көрсеткіш арқылы анықталады.
ЖІӨауыт = ,
мұндағы Ү- нақты өндіріс көлемі,
Ү*- потенциалды өндіріс көлемі.
Экономикалық циклді тереңірек зерттеу үшін оның төрт сатысын қарастырған жөн. Экономикалық циклдің сатыларына төмендегілер жатады:
- экспансия немесе өсу сатысы;
- тоқырау немесе құлдырау сатысы;
- депрессия немесе дағдарыс сатысы;
- өрлеу сатысы.
Достарыңызбен бөлісу: |