6 мектеп-гимназиясы Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың ойлау қабілеттерін



Дата27.03.2018
өлшемі323,36 Kb.
#39670
Абай Құнанбаев атындағы

6 мектеп-гимназиясы


Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында

оқушылардың ойлау қабілеттерін

арттырудағы БАҚ материалдарын

қолдану жолдары


Степногорск қаласы

Бұл жұмыста оқушылардың логикалық қабілеттерін арттырудағы

БАҚ материалдарының қолдану жолдары ұсынылған. Оқушылардың танымдық қабілетін, ой-өрісін дамытуда газет, журнал, теледидар, ғаламторды қолданудың маңызы зор.

Бұл жинаққа логикалық жұмбақтар, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, мақалалар, жырлардан үзінділер енгізілді.

БАҚ беттерінен алынған мақалаларды қазақ тілі мен әдебиет сабақтарындағы тақырыптарға сәйкестендіріп, тапсырмалар берілді.

Рецензия

Ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушылардың ойлау қабілетін арттыру мақсатында БАҚ материалдарын тиімді қолданады.

Әсіресе, баспасөз беттеріндегі мақалаларды қолдана отырып, алынған тақырыпқа байланысты тапсырмаларды құрастырған. Орта буындағы сынып оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында халық ауыз әдебиеті түрлерін қолданады .

Оқушылардың ойлау қабілеттерін арттыру үшін логикалық жұмбақтарды ұсынады. «Арқа ажары», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті»

газеттері мен «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы», «Жастар үні» т.б. журналдағы мақалаларға сүйене отырып, логикалық, проблемалық сұрақтарды бірлесе отырып шешеді. Интерактивті тақтамен жұмыс барысында оқушылардың құрастырған слайдтарын қоданады. Шәкірттері сабақта және сабақтан тыс кезеңде өз ойларын айтып, дәлелдеуге тырысады.

Қалалық әдістемелік бірлестіктін жетекшісі: Б.Ж.Құлмағамбетова

Кіріспе

БАҚ әдеби тілімізді, әсіресе, лексиканы, сөздік қорымызды байытуда маңызы ерекше. Біздің тіліміздегі сөздердің пайда болуы, қолданысқа енуі де БАҚ арқасында.



Еліміз егемендік алып, халқымыздың тарихында жаңа дәуірдің бетін ашып, қоғамдық өмірге жаңа леп ала келді.

Ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өріс кеңейді.

Бүгінде елімізді бүкіл әлем таныды. Елімізде болып жатқан жетістіктерімізді БАҚ беттерінен көруге болады.

Жаңа ұғымдар, түсініктер алдымен баспасөзде, ақпарат құралдарында көрініп, қолданылып, әдеби тілімізге енуде.

Тәрбие басы-тіл, осыған орай жастарды қазақ тілінде сөйлеуге, ана тілінде ойлауға тәрбиелеуіміз керек.

Бүгінгі жастар көп ақпаратты ғаламтордан алады.

Балалар сабақта, сабақтан тыс уақытта оларды білуі керек деп ойлаймын.

Осы орайда «Арқа ажары», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жастар үні», «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» т.б. журналдар мен теледидардың атқарар қызметі орасан зор.

БАҚ беттерінде қазақ тілінің сөз байлығы, көне заманнан келе жатқан байырғы сөздік қоры жан-жақты пайдаланады. Бұл жұмыста мәтіндер жинақталып, тапсырмалар ұсынылады. Соны дұрыс қолдана алуымыз керек деген ойдамын.


5 сынып Қазақ әдебиеті.

1-тапсырма

Бесік жыры

Мәтін бойынша бесік жырының ерекшелігін анықтаңыздар. Төле бидің сөзінің мағынасын түсіндіріңіз.

Төле би бабамыз: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі», деген екен. Ендеше кең дүниенің есігі болған бесікте жатқан сәби даңғырлаған еш тәлім-тәрбиесі жоқ шетел музыкасын тыңдап өссе, оның болашағы не болмақ? Дала данышпандары болған ата-бабамыз ұрпағының тәрбиесіне ерекше мән берген екен.

Жас ұрпақ дүние есігін ашқаннан соң түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ұлттық дүниетанымды оның бойына дарыта білген. Солардың бірі- сан ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келген бесік жыры. Бесік жырын тыңдап өскен бала ертеңгі күні ел бастар көсем, сөз бастар шешен, жезтаңдай шешен, бармағынан бал тамған күйші, суырып салма ақын болары анық.


2-тапсырма

Мағжан Жұмабаевтің сөзіне сүйене отырып, өз ойларыңызды айтып, дәлелдеңіздер.

Кезінде Мағжан Жұмабаев: «Жас балаға қазақтың әлди- әлди деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті», - деп бесік жырының ерекшелігін, қажеттілігін ескерткен.
3-тапсырма

Қазақстанның болашағы 2025 жылға қарай, қазақ тілінің жағдайы қандай болатындығын анықтаңыздар.

Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек.

2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы қазақша оқиды. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керек


4-тапсырма

«Қазақ тілі біздің төлқұжатымыз екенін ұмытпауымыз керек», дегенді қалай түсіндіре аласыздар.

Сана – сезімі бар жастарға тіліңді біл, оқы деп айту да керек, бірақ олар мұндай міндетті өздері сезінуі керек. Дүние есігін ашқан күннен бастап әр нәресте өз тілінен нәр алуы керек. Тал бесікте жатып анасының бесік жырын құлағына құйып өсуі керек. Тіл үйрену, міне, осыдан басталады. Жастар қазақ тілін білуге міндетті. Бұл тіл-біздің төлқұжатымыз. Сондықтан оны ұмытпауымыз керек.
5-тапсырма

Тілсіз, дәстүрсіз ел жоқ.

Қазақ тілін білмесек, дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтамасақ, ел бола алмаймыз. Тек қана экономиканы дамытуға көңіл бөлсек, болашақта дәстүрсіз, тілсіз, дінсіз мемлекет боламыз.

Қазақ тілі 2025 жылда барлық Мемлекеттік мекемелерде халықтың қарым-қатынас тіліне айналуы керек.

Біз дәстүрсіз, тілсіз ел бола алмаймыз.


6-тапсырма

Жапырақтардың құпиясы

Міне, күздің кешеу шағы. Бірнеше бала мектептен қайтып келе жатып дауласып қалды. Ағаштардың маңайы сары ала жапырақтарға толы.Тек шеткі ағаштардың төңірегінде жапырақ аз. Балалар аң–таң. Мұны түсіне қойған Аскар басқалардан: - Мына ағаштың басындағы жапырақтар неге түспеген? – деп сұрады.

Бәрі тұрып қалды.

Шынында, күзде ағаштардағы кейбір жапырақтары неге кеш түседі?

7-тапсырма

Құпияның сырын аш

Күнделікті өмірде көріп жүргендей құрғақты, шөлейт жердің табиғатына сай өсімдіктердің жапырақтары да кішкентай, бұралып, ұштары шашыраңқы өсіп, қалың қабықты келеді. Өйткені олар суды өз бойынан буландырады. Алайда бұл құбылысқа қарсы келер мына жұмбаққа ден қояйық. Батпақты жер өсімдіктері де шөлейт өсімдіктері сияқты суды өз бойынан буландырады екен.



Өзі суда тұрған оған не керек? Керісінше, бұл өсімдіктер суды молырақ буландыруы керек емес пе?

Осы құпияның сырын ашып көріңіздер.

8-тапсырма

Екі қарға.

«Қарға, қарға, қарғалар, қар үстінде жорғалар» деген өлең жолдары бар. Бақта өсіп тұрған бәйтеректің бұтақтарына қалбаңдап ұшып келіп екі қарға қонды да, жөн сұраса бастады. Олар қарқылдап келіп, бірі оңтүстікке, екіншісі солтүстікке қарап бір бұтақта отыр.

-Олжа көп пе?-деді бірінші қарға

-Е, жоқ .Аузыма кішкене бірдеңе тиді ғой, - деді екіншісі.

-Әй, сен мені алдама, - деді бірінші қарға екіншісіне.

Міне, қызық, бірі оңтүстікке, екіншісі солтүстікке қарап, бұлар бірін-бірі қалай көріп отыр екен?


9-тапсырма

Неше шеге жасау керек?

Ертеде қазақ жұртында ең қастерлі үш мамандық болған. Олар – ұста, зергер және етікші. Кезінде бұлардың атағы аспанға ұшқан. Ісмер етікшінің қолынан шыққан былғары етікті бай киген. Зергердің сақинасын оның бәйбішесі таққан. Ал іскер ұста соққан қылышты атақты батыр ұстаған. Сондықтан өз балаларына үйрету әр әкенің, атаның арманы еді.

Атақты бір етікші баласына шеге жасауды үйретіпті.

-Әке, бір етікке қанша шеге керек?- деп сұрайды баласы.

Әкесі баласын тексермек болып: -Бір етікке қажетті жұмсалатын шегені екі есе азайтып, одан жиырма шегені тағы қысқартсаң жетеу қалады. Қанша шегенің кетерін өздеріңіз айтыңыз.
10-тапсырма

Бұл адамдар қандай туыс?

Бірде екі әке, екі шеше және немере іні кездесіп қалады. Әйелдің бірі:

-Жиенім ер жетіп қалыпты ғой, - депті.

Әкенің бірі оған:

-Балдызым, жиеніңнің ер жеткені рас. Атаған тайыңды қашан бересің?-деді.

Жә, қайда кетер дейсің. Алады ғой, - деп жауап берді. Ойланып көріңіздер, бұл адамдар бір-біріне қандай туыс екен.?


11-тапсырма

Аңшыға зеректік қажет.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға, таудан түлкі табылар аңдығанға?», - деп Абай атамыз жырлағандай, аңшы адамның тірлігі мазасыз-ақ. Кешке қарай қар жауса-ақ болды, атын баптап, мылтығын оқтап, құрығын, сойылын дайындап есі шығып жатады.

Әлихан атасымен бірге аң аулауға шықты. Кенет атасы атының басын бұрып, ақ қарға түскен ізге үңілді . Атасы Әлиханға: «Орманға қарай шаңғышы кеткен екен. Тезірек қуып жетейік», - деді. Шаңғының ізінен атасы кеткен адамның ізінен бағытын қалай анықтағандығын айтып беріңіздер.
12-тапсырма

Атасы мен немересі.

Бір қария өзінің сүйікті немерелеріне сақтап қойған асығын бөліп

бергісі келеді. Оларды жетіден үлестірсе, асықтың екеуі артық қалады. Ал сегізден берсе, біреуі жетпей қалады. Қарт бір немересін ренжітіп алмас үшін артылған екі асықты ең кенжесіне еншілеп, асықтарды жетіден бөліп бергенді жөн көрді.

Сонда атаның неше немересі және қанша асығы бар болғандығын дәлелдеп беріңіз.


13-тапсырма

Қыз жұмбағы

Бұрынғы өткен заманда елді бір қатыгез хан билепті. Ханның айдай сұлу, жалғыз қызы болыпты.

Хан: «Кімде-кім менің қызымның айтқан жұмбағын шешсе, оны сол адамға беремін шеше алмаса басын кесемін», - депті.

Тазша бала қызға жұмбақты шешу үшін келіпті.

Қыз: «Міне, төрт кесе, он шақпақ қант. Осы кеселерге қанттарды бірдей етіп бөліп салуың керек», - депті. Тазша қыздың жұмбағын қалай шешеді?
14-тапсырма

Енші беру

Бір әкенің үш баласы болса, дүниесі үшке бөлініп, алдын ала белгіленіп қояды. «Енші беріп, бөлек шығарыпты», - деген сөзді жиі естиміз. Ал шаңыраққа ие болып қалатын – кенже ұлы

Ертеде бір қария 150 қойын еншілікке бөліп береді. Осы қойлардың 150-ін бір баласы еншілесе, келесісі 100 қойға ие болады. Артық 100 қой қайдан пайда болды?

9 сынып Қазақ әдебиеті.

1-тапсырма

Мәтінді оқып шығыңыздар, құлыптастарға жазылған руналық жазулардағы тарихи жырлар туралы баяндап беріңіздер.



Орхон ескерткіштері – бағалы мұра.

Ежелгі мәдениет ескерткіштерінің ең бір кереметі, бүкіл әлемге әйгілі болған - ақын тас, жыршы тас. Көздің жасымен, жүректің қанымен құлыптастарға қашалып тұрып жазылып, қаймағы бұзылмай жеткен осы бір ғажайып руналық жазулардан кейде жоқтау, кейде мадақтау ыңғайында айтылған шешендік сөздердің, өлеңдік ұйқастардың, мақалды тіркестердің көне үлгілерін көреміз. Өте ертеде жасалған бұл ескерткіштер түркі халықтарының тарихынан, мәдениеті мен әдебиетінен, ой – санасынан, әдет- ғұрпынан, дәстүрінен құнды деректер береді. Түркі халқын әдетте хан басқарған. Ханның Ордасы болған. Ордада ханмен бірге ақылшы жырау тұрған. Ханнан кейінгі басшы бас уәзір (жабғы), ханның өз мұрагерін «тегін» деп атаған.

Орхон ескерткіштері – Күлтегін, Білге қағанға, Тоныкөкке арналған тарихи ескерткіштер, тарихи жырлар. Асыл мұраларда, негізінен Отанды қорғау, елді біріктіру, мәңгілік елді орнату туралы айтылған.

Аңыз адам.№ 23. 2012

2 – тапсырма

Түркі қағандығы қолбасшысының ерлігін баяндап беріңіздер. Шағын аннотация жазыңдар.



Тоныкөк

Тоныкөк (646 - 731) – екінші Шығыс Түркі қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, ойшыл.

682жылы Таң патшалығына қарсы күреске қатысып, Білге Құтылық (Елтеріс) қағанға қолдау көрсетті. Қағандықты сыртқы жаулардан қорғау мақсатында жасалған әскери жорықтарға қолбасшылық жасап, тамаша жетістіктерге жеткен. Ол түркі әскерінде ең жоғары – Аға Тархан, яғни «түркі әскерінің саяси жетекшісі» дәрежесіне ие болған. Білге қаған мен Қапаған қағанның көреген кеңесшісі ретінде танылды. Оның құрметіне Тоныкөк жазба ескерткіші қойылған.

Аңыз адам.№ 23. 2012


3 – тапсырма

Мәтінді мұқият оқып шығып, Күлтегіннің саясатқа араласуы туралы өз ойыңызды айтып беріңіздер. Арнау өлеңнің анықтамасына сүйене отырып, жырдан үзінді оқып беріңіздер.



Күлтегін

Күлтегін (684 - 731) Қапаған және Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, Құтлұғ қағанның кенже баласы. Ол 7 жасында жетім қалып, 16 жасында қару –жарақ асынып, ел мүддесі үшін өмірінің соңына дейін күресті.

Ағасы Білге қаған мен Тоныкөкпен бірге Күлтегін 712 -713 жылдары түркілердің әскерін Соғды мемлекетіне бастап келіп, оның билеушісі Гуректі жақтаған. Араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслиммен соғысқан.

714 жылы Білге қаған мен Күлтегін бірлесіп қарлұқтар мен олардың одақтастарына соққы береді.

Ішкі – сыртқы саясатқа Күлтегін тікелей араласып отырған.

723 – 733 жылдар аралығында мемлекет ешбір елмен соғыспай, бейбіт өмір сүреді.



Аңыз адам.№ 23.

4 – тапсырма

Мәтінді оқып, жауынгерлердің киімін сипаттап беріңіздер.



Түркі жауынгерлерінің киімі.

Түркі сарбаздары жезбен, күмістен, алтынмен апталған қазіргі қазақ тымағы сияқты бас киім, үстіне жезден істелген, ұзындығы тізеден, жеңі шынтақтан сәл жоғары сауыт, аяқтарына саптама етік киген. Жауға аттанған жауынгер сауыт киіп, садақ асынып, беліне алдаспан байлап, білегіне шоқпар іліп, кеудесіне қалқан, қолына найза ұстап шығады екен. Олар соғыстан бос уақытында мал шаруашылығымен айналысқан.

Ол заманда киімнің жалпы аты «тон» делінген Осы сөз киім мағынасында да кездеседі.

Аңыз адам
5– тапсырма

Байырғы түркі мақалдарын оқып, жалғасын тауып, қазақша баламасын айтып дәлелдеңіздер. Түйінді ойды білдіретін, ықшамды нақыл сөзді айтыңыздар.

1.Аңдыз болса, ат ... 1. білсе

2.Аушы қанша айла ....

аяқ сонша жол біледі. 2. өлмес

3.Белгі болса, жолдан .... ,

Білік болса, сөзден жаңылмас 3. ұялар

4.Ауыз жесе, көз ... 4. азбас

5. Ұяға (қонақ) келсе, құт ... 5. Тыстан

6. Кісі аласы іштен, адам аласы .... 6. Келер

7.Қазан айтар: түбім алтын,

Шөміш айтар: мен .... 7 келтірер

8. Жырақ жердің хабарын керуен 8. қайдамын

Ана тілі.№24
6– тапсырма

Балбал тас пен бәдіздің айырмашылығын анықтаңыздар.

Бәдіз деген тас мүсіндегі кісінің бейнесі. Балбал тас – тік қойған тас. Бәдіздерді бірінші қаған, тегіндердің бәдіздері (Білге қаған, Күлтегін т.б.), екінші жоғары билік иелерінің бәдіздері (Білге Тұнықұқ, Бойла баға Тархан т.б.) үшінші батыр, бекзат тұлғалардың бәдіздері деп қарастырылады. Аталған бәдіздерде ежелгі түркі қоғамындағы лауазымды билік иелерінің бөрік- тымағы, тон- шапаны, әшекей бұйымдары, қару – жарақтары, ыдыс-аяқтары секілді заттары көркем бейнеленген.



Ана тілі.№24
7– тапсырма

Түркі жазуы неліктен тасқа жазылғандығын анықтаңыздар. Өз пікіріңізді айтып, дәлелдеңіздер.



Мәңгі тас

Түркі жазуы тек тасқа ғана жазылған емес. Шығыс Түркістанда қағазға жазылған нұсқасы да бар екені белгілі болды. Бабаларымыз өз сөздерін тасқа қағаз таппағаннан емес, қағаздың тозатынын білгендіктен, «мәңгітасқа» жазған.

Мұндағы басты мақсат айқын, тарихи мәліметтерді жылдар өткеннен соң да кейінгі ұрпағына жеткізу еді.

Аңыз адам

8– тапсырма

Мәтінді оқып, қаланың айналасындағы тауды атап, сол тау туралы өз пікірлеріңізді айтыңыздар.



Баласағұн

Баласағұн атауына назар аударайық. Бұл сөздегі «бала» қазіргі қазақ тіліндегі бала сөзімен сәйкеспейді.

Ол сақтың бас қаласы, астанасы дегенді білдіреді. Бұдан Баласағұнның сақ елінің астанасы болғанын байқаймыз. Өткен ғасырдың жетпіс төртінші жылынан бері зерттеліп келе жатқан Ақтөбе – Баласағұн қаласынан табылған заттық қазба байлықтар орасан зор.

Ана тілі.№43
9– тапсырма

Шалкиіз жыраудың өлеңін мұқият оқып шығыңыздар. Өлеңде кездесетін жаман қылықтарды атаңыздар.



Шалкиіз

Жауынды күні көп жүрме,

Жар жағасы тайғақ-ты.

Жаманға «жақыным» деп сөз айтпа.

Күндердің күні болғанда,

Сол жаман өз басыңа айғақ-ты.

Асау тулап жықпаса,

Артқы айылдың беркі еді.



Ана тілі.№26
10– тапсырма

Әмір Темір туралы аңыз бойынша оның Қожа Ахмет Иассауиге арнап тұрғызған кесенесінің тарихын айтып беріңіздер.



Ақсақ Темір

Әлемге әйгілі мемлекет қайраткері, батыл басқарушы, жасампаз билеуші - Ақсақ Темір. Ол ғылымға жол ашқан ғалымдар мен данышпандарды алақанына салып ұстады. Өзінің билігі жеткен жердің бәрінде жаңа істерді бастап отырды, әскери басқарудың шығыс тәсілін қолданды.

Ақсақ Темір: «Өз халқыңа ұлтан болғанша, өз уақытыңа сұлтан бол! » - деген болатын.

Ана тілі.№13

11– тапсырма

Абылайдың басқа елдермен қарым–қатынасы туралы баяндап беріңіздер. Өлеңнің авторын атаңыздар.



Абылай

Абылай хан- дарынды хан, аса ірі қайраткер, қолбасшы болған. Кішігірім елдерді есепке алмағанда, Ресей, Жоңғар, Қытай сияқты үш алыппен тіл табыса алды.

Алты алаш, Абылайдай арғымағым,

Алаштың аруағына пар қылатын.

Бетіне Абылайдай ардагердің,

Келуді Алты алашқа ар қылатын.

«Бетіне келген жанды соғар кие!»- деп жырау, жауырыншылар жыр қылатын. Ана тілі.№1

12– тапсырма

Ұлт мәдениетінің Хан Тәңірі туралы оқып шығыңыздар, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» деген жолдардың мағынасын түсіндіріңіздер.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ мәдениетінің тарихында үлкен бір дәуірді алып жатқан тұлға. Ол қараңғылық тұңғиығынан жарық жұлдыздай жарқырап шығып, айналасына нұр, шуақ себумен өткен ағартушы. Халқының қамын, ойлап, сауатын ашпақ болған. Ахмет Байтұрсынов –тілші, шебер аудармашы. Оның дүниеге келуі халықтың тұтастығының, береке- бірлігінің сәні кетіп, ел жұрты

«балапан басымен, тұрымтай тұсымен» жүріп жатқан дәуір болды.

Табиғат сыйлаған дарындылығының арқасында көп іс атқарды. Халқын өнер-білімге, мәдениетке шақырды.

Ана тілі
13– тапсырма

Шығарма тілі туралы баяндап беріңіздер.



Сөз өнерінің ғалымы

Сөз өнеріне жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалатын сөз шумағы да тіл (я лұғат) деп аталады.Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) ақын тілі 2) әншейін тіл

Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылатын сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге өзгеше өң берілмейтіндігімен, лебізсіз де жалаңаш болып шығады.

Бір нәрсе туралы пікірімізді, яки қылығымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады.

Ішіндегі пікірді, қиялды сөз арқылы тысқа шығару сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз – осылай шығарған сөз.

Қазақ тілін үйренейік №2
14– тапсырма

Ғасыр бұрын жазылған жыр

Өлеңнен адам бойында кездесетін кемшіліктерді табыңыздар, өз пікіріңізді дәлелдеңіз.

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып саңқылдаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып ,

Не қалды тәнімізде шарпылмаған?

Алаштың адамының бәрі мәлім:

Кім қалды таразыға тартылмаған?

Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған.

Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп.

Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.

Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,

Киіздей шала басып, қарпылмаған.

Қайырсыз неше сараң байлар да бар.

Қайықтай толқындағы қалтылдаған,

Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,

Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған.



Ана тілі
15– тапсырма

Әл-Фараби мен Омар Хайям туралы мәтінді мәнерлеп оқып шығыңыздар.

Омар Хайямның рубаятының мағынасын түсіндіріңіздер.

Омар Хайямнан бізге 300 ге тарта рубаят қалған. Бір рубаятында ол: «Түсінсең сенің сырың – жеті мен төрт », - дейді. Жеті-жеті планета (әлем), аспан, яғни тағдыр. Төрт - Омар Хайям адам төрт элементтен оттан, судан, ауадан, тозаңнан тұрады деп түсіндіреді. Омар Хайям – бірнеше трактат жазған ғалым. Ол Аристотель, Әл- Фараби, Ибн Синаның көзқарастарын қабыл алып, дамытушы. Сонымен қатар Омар Хайям медицинамен де шұғылданған.

Әл-Фараби мен Омар Хайям арифметика мен геометрияны байланыстыруға тұңғыш қадам жасаған. Омар Хайям кіші трактатында Әл-Фарабидің, «Музыканың ұлы кітабына» сілтеме жасап отырған.



Аңыз адам №6

16– тапсырма

Омар Хайямның өлеңін мәнерлеп оқып шығыңыздар.Тағдырға деген күйініш сезімін өлеңнің қай жолдарынан кездестіруге болады.

Тағдыр! Сұм тағдыр!

Сұмырайларға нан бересің,

Су мен жер, үй, салтанат, сән бересің.

Бір үзім нанға зар болып жүргендер көп,

Алмаған адал жанда бар ма еді өшің?

Аңыз адам

17– тапсырма

Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің ерлігі туралы баяндап беріңіздер. Қайрошқа мінездеме беріңіздер.

Ғабит Мүсіреповтің сөз шеберлігі қазақ әдебиеті тарихында, әдебиеттану ғылымында мойындалған.Оның қаламынан туындаған шығармаларының орны да бөлек. «Қазақ солдаты», «Оянған өлке», «Ұлпан» сияқты романдарының кейіпкерлері еліміздің азаматтары. «Қазақ солдаты» романындағы кейіпкерлер- елін сүйген патриоттар.Романның басты кейіпкері – Қайрош.

Ана тілі

18– тапсырма

Неліктен ұлы ойшылдың алғашқы елу жасқа дейінгі өмірі туралы деректер болмағандығын айтып беріңіздер, сұхбаттасыңдар.Трактат сөзіне анықтама беріп, өз ойларыңды дәлелдеңіз.Ауыспалы мағынадағы сөздерді табыңыздар.

Әл-Фараби туралы деректер Таяу Шығыс, Үнді, Мысыр, Африка елдерінде сақталған. Ал өз Отаны Орта Азияда бірде-бір толық дерек жоқ. Бұған таңғалмау керек. Шыңғысханның сойқынды жорығы мен соғыстары, елде болған жоғары ғылым, білім, мәдениеттің құнды жәдігерлерін шаң қаптырды.

Қазіргі қолда бар деректерді сөйлетсек, ғалымның елу жасқа дейінгі өмірі белгісіз. Ұлы ғұлама сирек қолданылатын тілдерді де, өте жақсы қолданылатын «құпиялық» тілдерді де меңгерген еді. Араб жеріне келгеннен кейінгі отыз жыл ішінде 164 трактат жазып қалдырған. Оның еңбектерін Әбу Әли –Ибн Сина, Әбу-Райхан Бируни, Омар Хайям қараған.



Ана тілі


19- тапсырма

Ұлы жазушының «Абай жолы» роман – эпопеясындағы басты кейіпкерлерге мінездеме беріңіздер.Тахауи Ахановтың ұлы жазушы туралы пікіріне талдау жасаңыздар.

Ұлы суреткердің әдеби тілі.

Мұхтар Әуезов өмір бойы өз ұлтының рухани мұрасын, құндылықтарын, мәдениетін, әдебиетін байытудың жолдарын қарастырумен болды. Солардың бірі-тіл тазалығы, яғни әдеби тіліміздің байлығы. Өз ұлтының рухани қазынасы сөз өнерінде екендігін білген жазушының қаламынан, «Қазақ әдеби тілінің кейбір мәселері жайында», «Көркем әдебиет тілі туралы» т.б. мақалдары мен зерттеулері шыққан.

Тахауи Ахтанов: «Әуезовтің бір ерлігі қазақ тілінің барша сұлулығын, құдіретін бүкіл әлемге танытты. Ол өз ана тілінің тек мазмұн байлығын ғана емес, үн байлығын да жайып салды. Әуезов нағыз сөз сиқыршысы еді,»-деді.

Ана тілі № 40
20- тапсырма

Жамбылдан қалған белгісіз шумақтар

Қырғыз ақыны Тоқтоғұл мен Жамбыл ақынның бұрын белгісіз болып келген шумақтарын мәнерлеп оқып шығыңыздар. Қырғыз ақынының өлең жолдарын қазақша айтып беріңіздер. Қазақтардың өлеңдері неше буыннан тұратындығын анықтаңыздар.

Тоқтоғұл:

Оюңду айтып отур, Жамбул акун,

Көпчүлүк биздин шике өтө жакын.

Биргелешип казак, кыргыз бузулбасак,

Болбос дейм, Жамбул акун, бизге таакым.

Картайсаң көкүрөгүң билип турат,

Мөлтүлдөп көзн жашың куют турат,

Қарыдым деп кантесиң, экпке алып,

Артыңдан асыл жаштар өсүп турат.

Жамбыл:


Қырғыздың бір сұңқары сырттап кеткен,

Түбінде ақындағы түпке жеткен.

Дұшпандық бола берер көре алмастан,

Біз тұрғай бізден мықты Пушкин де өткен.

Еліңе бар, ешуақытта тастай алмас.

Ақынды шорқақ адам бастай алмас.

Күн шығып, жер жүзіне нұрын шашса,

Дұшпанның күші кетіп, қаша да алмас.



Ана тілі №37
21- тапсырма

Қорқытпа мені дауылдан

Өлеңді мәнерлеп, түсініп оқып шығыңыздар, орыс тіліндегі аудармасының шумақтарын дұрыс орналастырыңыздар. Өлеңнің тармақтары бунақтарға бөлініп нені тудыратындығын анықтаңыздар.

Қорқытпа мені дауылдан,

Дүрілдеп тұрса тау мен сай.

Шатырлап тұрса жауыннан,

Жарқылдап тұрса түскен жай.

Көк торғындай аспан көк,

Білемін жайнап ашылар.

Исі аңқыған бәйшешек,

Түрленіп жерді жасырар ...

Абай Құнанбайұлы
После бури, молодая

В блеске новой красоты,

Ароматней и пышнее

Распускаются цветы!

Не пугай меня грозою:

Весел горохот вешних бурь!

После бури над землею

Светит радостней лазурь

И.А.Бунин

Қазақ тілін үйренейік! №4
22- тапсырма

Жарқын жұлдыз

Мақаланы оқып шығыңыздар. Алты шаһарды атаңыздар. Мәтіннен тұрақты сөз тіркестерін табыңыздар.

Шоқан қазақ халқын надандық қапасынан құтқарып, білім мен мәдениетке жеткізуді армандады.

Ол, ең алдымен, өзінің туып-өскен өлкесінің тамаша табиғатын, халқының тарихын, ауыз әдебиетін, этнографиясын зерттеді. Бұл үшін дүркін-дүркін Ертіс бойына,Омбы, Семей, Сарыарқаға саяхатқа шығып тұрды.

Дүние жүзі ғалымдарының ғасырлар бойына армандап, қолы жетпей келген Қашқарияға саяхат жасады. Ол Қашқарияға 1856 жылы «саудагер» болып жасырын түрде өтті. Онда болған бес жарым ай ішінде Шоқан халық өмірімен жете танысып үлгерді. Алты шаһардың Яркент, Қашқар, Янги-Ғисар, Қотан, Ақсу, Тұрфан секілді алты бөлектен тұратындығын анықтады. Ғылымға өте керекті тарихи, этнографиялық материалдар әкелді. Қазақ ғалымдарының ішіндегі жарық жұлдыздай болып, артында өшпес із қалдырған еді.

Ана тілі. №18

23-тапсырма.

Өнер түрлерін анықтаңыздар.

Өнер түрлі болады. Біреулер үй салады, арық қазады, етік тігеді, арба істейді, киіз басады, ыдыс істейді. Біреулер көрікті мешіт, көрнекті там, көркем сүгірет салады. Әдемі ән, әсерлі күй, ажарлы сөз шығарады. Алдыңғы өнер мен соңғы өнердің арасында айырым бар. Алдыңғы өнерден шыққан нәрселер күн көру ісіне керек шаруа керек-жарақтары. Мұны істегенде «Сұлуынан-жылуы» дегендей көркем болуын көздемейді, тұтынуға қолайлы, жайлы, берік болу жағын көбірек көздейді.

Көзделінгеннен көзге көркем, көңілге жағымды болып істелген нәрселер: алдыңғы нәрселер адамның мақұлықтық жан сақтау керегінен шыққан нәрселер, соңғы нәрселер адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер.

24-тапсырма.

Көрнек өнерінің тараулары туралы айтыңыздар.

Көрнек өнері бес тарау болады:

Бірінші-тастан, кірпіштені ағаштан яки басқа заттан сәнін келтіріп,сәулетті сарайлар, мешіт, медресе, үй, там сияқты нәрселер салу өнері. Бұл сәулет өнері болады. (Еуропаша- архитектура).

Екінші- балшықтан я металдан құйып, тастан, ағаштан жонып, нәрсенің тұлғасын, тұрпатын, сын- сымбатын келтіріп сүгірет жасау өнері. Бұл сымбат өнері болады. (Еуропаша-скульптура).

Үшінші-түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп көрсету өнері кескін өнері болады. (Орысша-живопись).

Төртінші- әуездің түрлі орайын, шырайын, сазын, сайрамын келтіріп, құлаққа жағып, көңілді әсерлейтін ән салу, күй тарту өнері. Бұл сөз өнері болады. (Қазақша- асыл сөз, арабша- әдебиет, Еуропаша- литература).

Өнердің ең алды- сөз өнері деп саналады. «Өнер алды-қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ мал баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан.
25-тапсырма.

Абай әйелді қалай суреттегендігін айтыңыздар.

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласыз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Мандайдан тура кескен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал қызыл бет тіл байлайды.

Көрінер аузын ашса кірсіз тісі,

Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.

Сөйлесе сөзі әдепті һәм мағыналы,

Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.

Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,

Тамағын үлбіреген кір шалмайды.

26-тапсырма.

Сөз өнерін анықтаңыздар.

Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі:

1. Ақылға.

2. Қиялға

3. Көңілге.

Ақыл ісі-аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі-меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу суреттеп ойлау, көңіл ісі-түю, талғау.

Тілдің міндеті-ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көнілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек.

Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп,

талай өзгертеді екен.

Бұл ойыңдағы, қиялыңдағы, көңілдегі нәрсені тілмен айтып жеткізу өте қиын екендігін көрсетеді.


27-тапсырма.

Шығарма сөз туралы өз ойыңды айтыңыз.

Сөз өнерінен жасалып шығатын нәрсенің жалпы аты- шығарма сөз, ол аты қысқартылып, көбінесе шығарма деп айтылады. Ауыз шығарған сөз болсын, жазып шығарған сөз болсын-бәрі шығарма болады. Шығарманың түрлері толып жатыр. Оның бәрін шумақтап бір-ақ атағанда, арабша-әдебиет, қазақша- асыл сөз дейміз.

Шығарма сөздің бәрінен бұрын байқалатын тысқы нәрселері.

1.Тақырыбы

2.Жоспары

3.Мазмұны

4.Түрі.

Тақырып-әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады. Мәселен, пікір жаз туралы болса болса, шығарманың тақырыбы «жаз» болады. Той туралы болса, тақырыбы «той» болады, ат туралы болса, тақырыбы «ат» болады. Әңгімедегі пікір не туралы екенін күн ілгері білдіру үшін, шығарманың тақырыбы басынан қойылады. «Айман-Шолпан», «Бақытсыз Жамал», «Қобыланды батыр», «Атымтай Жомарт» турасында йтылатын әңгімелердің басында тұрады. Әңгіме басында тұрған «Айман-Шолпан» яки «Бақытсыз Жамал» деген сөздерді көріп, кім туралы айтылатын әңгіме екенін бірден білеміз.



Бірақ шығарма сөздің бәрінің де басына тақырыбы қойыла бермейді.
28-тапсырма.

Сөз өнерінің ғылымы туралы айтыңыздар.

Сөз өнеріне жұмсалатын зат-сөз.

Сөз шумағы тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да тіл я лұғат деп аталады.

Шығарма тілі екі түрлі болады:

1.Ақын тілі

2.Әншейін тіл.

Ақын тілі айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін- ті ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекті болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өң берілмегендіктен, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекті лебіз делініп, соңғысы жалаң я (көсе) лебіз делініп айтылады.

Сөз өнері деп асылында нені айтамыз?

Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптен қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару-сөз шығару болады.

Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз. Сөзді бұлай етіп шығаруға көп өнер керектігі жоғарыда айтылды. Сөз шығару өнерді қорек қылса, өнер ғылымды қорек қылады. Мұнан сөз өнерінің ғылымы туады.


29 - тапсырма.

Тіл қисыны туралы өз ойыңызды айтыңыздар.

Тіл қисыны дегеніміз асыл сөздің болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым. Лебіз ғылымының мақсаты- асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгіөнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету.

Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға мәселен, түрлі зат керек. Ол керек зат топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Үйдің жақсы-жаман болып шығуы балшығынан да, кірпішінен де болады. Бірақ көбінесе кірпіштерінің қалауынан болады. Кірпіш қандай жерде қаланып, қандай үй болып шығуы жасаған жобаға қарай болады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті, әдемі болып шықпақ.

Сөзден құрастырып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат-сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты. Дыбыстан құралып, сөз жасалған, кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты, сөзден бірігіп түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің тізілуінен. Балшық жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіші жақсы болса да, қалауы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны рас. Бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әңгіме шықпайды.



Пайдаланған әдебиеттер:

1. «Арқа ажары» 2011, 2012ж

2. «Ана тілі» 2010,2011,2012ж

3. «Жұлдыздар отбасы» журналы 2010, 2011, 2012ж

4. «Аңыз адам» журналы 2010, 2011, 2012ж

5. «Қазақ әдебиеті» газеті 2019,2010,2011,2012



6. Ахмет Байтұрсынов.Әдебиет танытқыш 2009ж

7. «Жастар үні»журналы 2011, 2012ж

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет