1-тапсырма. Төменде берілген сөздермен қарсылық мәнді құрылымды пайдалана отырып, өз сөйлеміңізді құраңыз.
Дәстүр, халық, қонақ кәде, жастар, ата-бабалар, шаңырақ.
2-тапсырма. Оқылым.
Ұмытпайық ата-баба дәстүрін...
Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса (айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және т.б.), кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Асату. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді.
Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхатр Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.
Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі-үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.
Асар - көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін сақталған. Асар жасау қазақ халқының ұйымшылдығын көрсетеді. Үлкен күш пен көп қолды қажет ететін ауыр жұмыс атқарылғанда жақындарының немесе көрші-қолаңдар мен жора-жолдастарының көрсеткен көмектері асар деп аталады. Асар әсіресе үлкен үй тұрғызғанда ұйымдастырылады. Себебі жұмыс ауқымы үлкен және қиын. Асар жасайтын жұмыс иелері бір күнді белгілеп, ақылдасып, алдын-ала көмектесушілерді шақырады. Көмекке туған-туысқандар, көрші-қолаңдар жиналады. Көмекке келген асаршыларға ақы төленбейді. Олар көмектерін тегін көрсетеді. Асарға келе алмағандар өздерінің көмектерін қаржылай немесе істелініп жатқан жұмысқа қажетті затты беру арқылы көмектеседі. Жұмыс иелері жұмысшыларға жақсылап дастарқан жайып, құрметпен қызмет көрсетеді. Бұндай асар бір-бірін сыйлауды, жанашырлықты, бірлікті, туысқандықты білдіреді. Әйел адамдары жұмысшыларға ас дайындайды. Дастарқан басында әңгіме-думан құрып, ән айтылады. Асарға жас балалар да қатысады. Үлкендер оларға жеңіл-желпі жұмыстар беріп, еңбекке баулиды. Үлкендердің осындай бірігіп істеген жұмыстары балаларына жақсы үлгі бола алады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бірлесіп жасалған жұмыс тез бітеді. Осындай асар туысқандар арасындағы қарым-қатынасты нығайтады, береке-бірлігін арттырады.
Ерулік – ауылға басқа жақтан көшіп келіп қоныстанған жанұяны көршілері шақырып, үй-жайын көрсетіп, елге келдің жатырқамай аралас-құралас болайық деген ниетпенен дастархан жайып, ас беретін дәстүр. Бір айта кетерлігі бұндай шақыруға бала-шағасымен сол жанұяны түгел шақыратын болған. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бөтенсіретпеуді де көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |