Урбанизация (лат. urbs - қала, urbanus - қалалық) – еңбек бөлінісінің қоғамдық және аумақтық тұрғыдан тарихи қалыптасуынан пайда болып, әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес дамитын әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, географиялық секілді көп жақты қырлары бар күрделі құбылыс. Көне латын тіліндегі мағынасы "қалалық" деген ұғымды білдіреді. Яғни, ең қысқаша айтар болсақ, урбанизация, бұл – қала тіршілігі мен тұрмысы және мәдениетінің үстемдікке ие болуы.
"Урбанизация" ұғымын "урбанизациялану" ұғымынан ажыратып қарау керек. Біріншісі процесті білдіреді, екіншісі - процесс барысында қол жеткен көрсеткіш денгейі. Урбанизацияның негізгі көрсеткіші - елдегі қалалық тұрғындардың үлес салмағының арту қарқыны ("урбанизация қарқыны")
Урбандалудың оң және теріс салдары бар. Ол - күрделі әрі қарама-қайшылықты үдеріс. Оның теріс салдарына экологиялық жағдайлардың біршама төмендеуі, автокөлік газдарымен қала ауасының ластануы, жұмысқа орналасу қиындығы, қаладағы шаң, қала шуы, қала құрылысының мәселесі және т.б. жатады.
Ауылдық елді мекендердегі халықтың инфрақұрылымы дамыған, мәдениет пен руханият және басқа да өркениет ошақтары шоғырланған қалаға көшуі заңды құбылыс. Бұл бізде ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан тенденция.
Қазақстанда урбанизация қазір 57%, яғни халықтың осынша пайызы қалада тұрады және жыл өткен сайын арта түсуде. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбеде жаңа шағын аудандардың, кейде аудандардың ашылуы – соған дәлел. Негізі өзге елдермен салыстырсақ, жоғары көрсеткіш емес. Мәселен, АҚШ-та – 82%, Оңтүстік Кореяда – 83%, Голландияда – 90%, Жапонияда – 94%. Алайда, урбанизацияның сапасы да маңызды. Мәселен, Қазақстанда ресми түрде 87 қала бар, бірақ оның 70%-ы ұсақ қала, 20-сының ғана халқы 100 мыңнан асады. Яғни, барлығын «мегаполис» деп айта алмаймыз. Шағын қалаларда, әсіресе жалғыз өндіріс орнына қараған моноқалаларда инфрақұрылым (мектеп, балабақша, инженерлік коммуникация, жол) толық шешілмегені мәлім.
Осы және өзге де әлеуметтік мәселелер (жұмыс тапшылығы, жалақының аздығы) аймақтағы жұртты ірі шаһарларға жетелейді. Былтыр тек қаңтар-мамыр айларында Астанаға 35 мың адам көшкен. Негізінен Ақмола, Түркістан және Қарағанды облысынан. Ұлттық құрамына келсек, жайлы өмірді қиялдап келгендердің 89%-ы қазақ. Басқаша айтсақ, ішкі миграцияда ең белсенді ұлт қазақтар болып тұр. Жалпы, ішкі миграция жыл өткен сайын артып барады, 2012 жылы 337 мың болса, 4 жылда 610 мыңға жеткен.
Егер бұл процесс ретсіз жүре берсе, нәтижесі не болмақ? Әлемдік тәжірибеде ауылдан қалаға ауа көшкен халық шеткі аудандарда орын теуіп, сонда өзіндік қауымдастыққа айналады. Рио-де-Жанейродағы фавеллалар, Киншасадағы лашықтар, Париждегі мигранттар мекені, Нью-Йорктегі геттолар осыған ұқсас қала бөлігі. Әдетте қылмыс, антисанитария, жұмыссыздық, қараңғы көшелер сондай мекендерді сипаттайтын сөздер. Әрине еліміздің үш миллионер қаласы әлі мұндай деңгейге жеткен жоқ. Бірақ урбанизация процесі реттелмесе, қос астананың өз фавеллалары пайда болуы әбден мүмкін.