5.1. Эпостық жанрлар
Роман (французша: roman) – композициялық құрылымы күрделі, уақыт жағынан тұтас бір кезеңді қамтитын, қоғам, адам өмірін жан-жақты қырынан, терең қамтып, саралайтын ең үлкен эпостық жанр. Роман жанры бірден пайда болмаған. Дүниеде әдебиеттің формалық-құрылымдық даму жолы бір. Әуелі бәрі ауыз тіл әдебиетінен басталған. Кейін ол жазба тілді әдебиетке ұласқан. Ауыз тіл (ауыз екі әңгіме) формалары (афоризм, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, шешендік өнер (риторика)) аз қалыптан көп, мол көлемді жазба тіл формаларына көшкен (қисса, дастан, поэма, роман, т.б). Ауыз тіл әдебиеті құбылмалы, көп вариантты, ең ірі негізді ғана қамтитын болып келсе, жазба тіл әдебиеті тұрақты, аз вариантты, ең ірі негізбен қоса, жанама жақтарын да қамтитын болып келеді. Анығында роман осындай ретпен басталып, жанр ретінде еуропада қайта өрлеу дәуірінде пайда болса, орыс әдебиетінде 19 ғасырда, қазақ әдебиетінде 20 ғасырда пайда болып, кеңестік дәуірде қатты жетіліп, толысты. Қазақ әдебиетінде роман орнын бұрын қисса һәм дастандар басқан. Мысалы дастандар: «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Едіге», «Шора», т.б., қиссалар: «Бозжігіт», «Зарқұм», «Салсал», «Қырық уәзір», «Шәкір-Шәкірат», т.б. А.Байтұрсынов роман туралы: «Ұлы әңгіме, яки роман деп тұрмыс сарынын түстеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз...
Ұлы әңгіме түрде қазақ тілінде басылған шығарма әлі жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалына» роман (ұлы әңгіме) деп ат қойылса да өресі мен өрісі шағын болғандықтан, о да ұлы емес, ұзақ әңгімеге жақын», – деген. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» жазылуы жағынан алғашқы қазақ романы болса (1910), (Ол туралы автор былай деген:
Мир-якуб – төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма жоқ па тамашасы.
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы).
роман жанрының шарттарына жақын, сәйкес жазылған тұңғыш роман ол – Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» романы (1926).
Роман 19-20-ғасырларда ең сәнді жанрға айналды. Роман сол кезде әдебиеттің ең биік жеткен жері саналды. Бүгінде әлем романнан біраз суынып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |