А. Қалшабек Әдебиет теориясы


-тарау. ӘДЕБИЕТТІҢ ТЕКТЕРІ МЕН ТҮРЛЕРІ



бет34/50
Дата24.01.2022
өлшемі0,5 Mb.
#113720
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   50
Байланысты:
әдебиет сыны лекция

5-тарау. ӘДЕБИЕТТІҢ ТЕКТЕРІ МЕН ТҮРЛЕРІ
Әдеби шығармаларды ғалымдар ретке келтіріп, түсінікті болу үшін, түрлеп, түстеп тектерге және жанрларға бөлген. Бұлай бөлу шығармаларды бойға сіңіріп, қабылдауды оңайлатады. Осы уақытқа дейін әдеби шығармалар үш текке бөлінген, олар: эпос(грекше: epos – сөз), лирика (грекше: lyra – лира – өлең айтқанда сүйемелдейтін музыкалық аспап), драма (грекше: drama – әрекет, қимыл). Эпос деген – оқиғалы, ұзақты-қысқалы, автордың баяндауымен болатын шығармалар тобы. Байтұрсыновша: «Әуезе. Әуезелеуші айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқарғы ғаламда болған істі әңгіме қылады. Е с к е р т у. Тысқарғы ғалам деудің мәнісі – адамда екі ғалам болады: ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл, көңіл, қиял сияқты адамның рухына қараған жағы ішкі ғалам болады да, одан басқалары – басқа адамдар, мақұлықтар, нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады. Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз».

Лирика – автордың ішкі көңіл күйінің толғаныс көрінісі болатын шығармалар түрі. Байтұрсыновша: «Толғау. Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуел көңілінің күйін, мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды, екінші, ішкергі ғаламында болған халдарды, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды». Драма – негізінен диалогтен тұратын, әрі сахнаға қойылатын шығармалар сыныфы. Байтұрсыновша: «Айтыс-тартыс. Ақын адамдарын жасап, ауыздарына сөздерін салып, істейтін істерін тағдырлап, «ал істей беріңдер» деп, өзі ғайып болып кеткен сияқты, айтыс-тартыста ақынның өз тарапынан еш нәрсе сезілмейді. Әуезеде (әңгіме) уақиғаны сөйлесе, айтыс-тартыста ақын өзі сөйлемей, өзгелерді сөйлетіп, айтыстырып, тартыстырып жіберіп, өзі бейтарап болып, тек қызығына қарап отырып қалған сияқты болады. Мұнда өткендік жоқ, осы уақытпен көрсетіледі».

Орыстар текті род деп бөледі. Ю. Петерсон деген ғалым былай дейді: «Эпос – шығармадағы іс-әрекет жайында монологтық хабар (эпос – монологическое сообщение о действий), лирика – шығармадағы хал-жағдайдың монологтық суреті (монологическое изображение действия), драма – шығармадағы іс-әрекеттің диалогтық көрінісі (драма – диалогическое изображение действия). К. Бюлер деген ғалым тілге сүйеніп (речевой) эпос – хабар (сообщение), лирика – экспрессия, драма – қарсы жаққа тіл қату (обращения, аппеляция) дейді. В. Хализев осылай шығармаларды тілге қарап, текке бөлген дұрыс дейді. Б. Кроче деген ғалым шығармаларды жалпы текке бөлуге қарсы. Бұл әдеби мәселе (проблема) емес дейді.

Жалпы, тек жайлы осындай ой-пікірлер көп-ақ. Мысалы, әдеби тек үшке бөлінгенмен кейбіреулер «сатираны да әдебиеттің тегі деу керек» дейді. Сол сияқты көсем сөзді де кейбір энциклопедияларда әдеби тек (род) деп айтады. Романды да тектің түрі дегісі келгендер болған. Ал француздар әдебиетті проза һәм поэзия деп қана бөледі (Мақпыров С). Бірақ біз қалыптанған жүйені бұзбай сол үш текке бөлу үрдісін ұстандық. Өйткені оған жұрттың көзі үйренген. Содан кейін әдеби жанрларды да осы үш тек төңірегіне топтастырып беруге тырыстық А. Байтұрсыновта осы жүйені ұстайды. А. Байтұрсынов эпосты – әуезе, лириканы – толғау, ал драманы – айтыс-тартыс деп атаған.

Тектер жанрлық түрге бөлінеді. Мысалы: эпос – әңгіме, повесть, роман, поэма, баллада, қисса, ертегі, мысал, аңыз, хикая, эпопея, мемуар, памфлет, эссе, очерк т.б., лирика – қара өлең, қасида, эпиграмма, арнау, элегия, т.б., драма – трагедия, комедия, миниатюра, т.б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   50




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет