А. Б. Медешова қыркүйек 2010ж



бет18/30
Дата18.06.2017
өлшемі3,08 Mb.
#19211
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   30

Дәрістің мазмұны:


1.Атмосферадағы су ылғалдығының жер бетіндегі және ауа қабатындағы конденсациясы және сублимациясы.

2.Атмосфералық жауын шашандардың жер бетіне таралу заңдылықтары.



Мақсаты:Атмосферадағы ылғалдықтың қалыптасуы, оның ендіктер бойынша таралу заңдылықтарын ашу және жауын-шашын түрлерімен танысу.

Тірек сөздер:кондесация, сублимация

Негізгі сұрақтар:Атмосферадағы ылғалдылық неден қалыптасады?

Бұлт неден пайда болады?

Жауын-шашынның қандай түрлерін білесің?

1.Жер атмосферасында 14000 км3-дей су буы бар. Су атмосфераға негізінен Жер бетінен буланудың нәтижесінде барады. Ылғал атмосферада конденсацияланады, ауа ағындарымен тасымалданады және қайтадан жер бетіне жауады. Сөйтіп, тұрақты су айналым жүріп тұрады. Ол судың үш күйде (қатты, сұйық және бу түрінде) бола алу мүмкіншілігіне және бір күйден екінші күйге оңай өте алуына байланысты.

Су буымен қаныққан ауада оның температурасы шық нүктесіне дейін төмендегенде немесе ондағы су буы мөлшерден көбейгенде конденсация жүреді - су бу күйінен сұйық күйге өтеді. 0°С төмен температурада су бу күйінен сұйық күйге соқпай қатты күйге өтуі мүмкін. Бұл процесс сублимация деп аталады.



Конденсация да, сублимация да ауада конденсация ядросында, жер бетінде және әр түрлі заттардың бетінде өтуі мүмкін (Конденсация ядросы жоқ аса таза ауада ол су буымен артық қанықса да су буы конденсациясы жүрмейді.).

Төселме беттен салқындайтын ауаның температурасы шық нүктесіне жеткенде одан салқын бетке шық, қырау, сұйық және қатты мұздақ, қылау түседі.

Шық - судың көбінесе бірігіп кететін майда тамшылары. Ол әдетте түнде жылу шығарудың нәтижесінде салқындаған бетте, өсімдік жапырақтарында пайда болады. Қоңыржай ендіктерде шық бір түнде 0,1-0,3 мм, ал жылына 10-50 мм ылғал береді.

Қырау - қатты ақ түсті. Шық қандай жағдайда болса, қырау сондай жағдайда, бірақ 0°-тан төмен температурада пайда болады (сублимация). Шық түзілгенде жасырын жылу бөлінсе, қырау түзілгенде керісінше жылу жұтылады.

Сұйық және қатты қызылсу мұзы - салқын ауа жылы ауаға ауысқанда ылғалды әрі жылы ауаның салқындаған бетке жанасуынан вертикал заттарға (қабырға, бағана т.с.с.) тұрып қалатын қатқан жұқа су немесе мұз қабыршағы.

Қылау - ылғалмен қаныққан ауадан температура 0°-тан едәуір төменде ағашқа, сымға және үйлердің бұрышына қойып қалатын ақ борпылдақ қоным.

Жаңбырдың немесе тұманның өте салқындаған тамшыларын 0°-тан төмен суыған бетке түскенде жер бетінде және әр түрлі заттарда пайда болатын тығыз мұздың тұтас қабаты көк тайғақ деп аталады. Ол әдетте күзде және көктемде 0°, -5° температурада пайда болады.

Конденсация немесе сублимация өнімдерінің (су тамшылары, ұсақ мұз кристалдары) ауаның жер бетіне таяу қабаттарында жинақталуы тұман немесе мұнар деп аталады.

Тұман мен мұнарлар бір-бірінен тамшыларының мөлшері жөнінен айырма жасайды және көріну дәрежесін әр түрлі төмендетеді. Тұманда көріну 1 км және онан да төмен, мұнарда 1 км-ден артық. Тамшылары іріленген жағдайда мұнар тұманға айналуы мүмкін. Тамшылардың бетіндегі ылғалдылық булануы тұманды буалдырға айналдырады. Тұман пайда болу себептеріне қарай бірнеше типтерге бөлінеді.



Радиациялық тұман (сәуле шашу тұманы) сәуле шашу арқылы жылуын жоғалтқан беттің әсері мен ауа қабатының бірте-бірте салқындауынан түседі. Радиациялық тұманның пайда болуына ашық, тымық немесе сәл желқом ауа-райы қолайлы. Жазда түнде және таң алдында ойпаң әрі ылғалды жерде қалыңдығы 2 м дейін аласа радиациялық тұман түседі. Қыс пен күзде радиациялық тұман 2000 м биіктікке жетеді және бірнеше күн тұрып алады.

Адвективтік тұман (ауысу тұманы) жылы ауа салқын бетке ауысқанда пайда болады. Бүл тұман кең алқапты қамтиды және үлкен биіктікке жайылады. Адвективтік тұманның мысалына жылдың салқын мезгілінде ауа төмен ендіктерден жоғары ендіктерге өткенде пайда болатын тұмандар, континенттен жылы ауаның келуінен пайда болған солтүстік теңіздердің үстіндегі жазғы тұмандар, қыста жылы ауаның теңізден салқын бетке келуінің нәтижесі - теңіз жағалық тұмандары т.с.с. жатады.

Араласу тұманы температурасы әр түрлі, қанығуға жақын екі ауа массасы араласқанда пайда болады.

Булану тұманы соңында әлі де жылы су қоймаларының үстінде бумен қаныққан ауада байқалады.

Егер су буының конденсациясы (немесе сублимациясы) беттен бірқатар биіктікте жүрсе, бұлт пайда болады. Олар тұманнан атмосферадағы орнымен, физикалық құрылымымен және формаларының алуан түрлілігімен айырма жасайды.



Бұлттың пайда болуы негізінен көтеріліп бара жатқан ауаның адиабаттық суынуымен байланысты. Көтеріле отырып және сонымен бірге бірте-бірте суына отырып, ауа температурасы шық нүктесіне тең болатын шекараға жетеді.

Бұл шекара конденсация деңгейі деп аталады. Бұдан жоғарыда да конденсация ядролары болған жағдайда су буларының конденсациясы басталады да, бұлт пайда болуы мүмкін. Сөйтіп бұлттардың төменгі шекарасы іс жүзінде конденсация деңгейіне сәйкес келеді. Бұлттардың жоғары шекарасы ауаның жоғары бағытталған ағындарының таралу шекарасы - конвекция деңгейімен анықталады. Ол көбінесе кідіртпе қабаттарымен сәйкес келеді.

Көтеріліп бара жатқан ауаның температурасы 0°-тан төмен түсетін үлкен биіктікте бұлтта майда мұз кристалдары пайда болады. Кристалдану әдетте -10°С, -15°С температурада жүреді. Бұлтта сұйық және қатты элементтердің орналасуының арасында айқын шекара болмайды, қалың өтпелі қабаттар болады. Бұлтты құрайтын ұсақ бу тамшылары мен майда мұз кристалдары жоғары бағытталған ағындарға ілесіп көтеріледі де, салмақ күшінің әсерімен қайтадан төмен түседі. Конденсация шекарасынан төмен түсе отырып, ұсақ тамшылар буланып кетуі мүмкін.

Қайсыбір элементтердің басым болуына байланысты су бұлты, мұз бұлты және аралас бұлт ажыратылады. Су бұлты ұсақ су тамшыларынан тұрады. Теріс температурада бұлттағы ұсақ су тамшылары өте суынып кетеді (-30°С дейін). Ұсақ тамшылардың радиусы көбінесе 2-ден 7 мк дейін, сирек жағдайда 100 мк дейін барады. 1 м3 су бұлтында бірнеше жүз ұсақ тамшылар болады. Мұз бұлты майда мұз кристалдарынан тұрады. Аралас бұлтта мөлшері түрліше ұсақ су тамшылары, әрі мұз кристалдары болады.

Жылдың жылы кезінде су бұлттары негізінен тропосфераның төменгі, аралас бұлттар - ортасында, мұз бұлттары - жоғары кабаттарында пайда болады.

Бұлттардың қазіргі халықаралық классификациясының негізіне оларды биіктігіне және сыртқы түріне қарай бөлу алынған.

Биіктігіне қарай бұлттар 4 тұқымдасқа бөлінеді:


  1. 6000 м биіктікте жайласқан жоғарғы ярус бұлттары (СН);

  2. 2000 м-ден 6000 м дейін жайласқан орта ярус бұлттары (СМ);

  3. 2000 м-ден төмен жайласқан төменгі ярус бұлттары (СL);

  4. Вертикал дамитын бұлттар. Бұл бұлттардың негізі төменгі ярус деңгейінде (500 м бастап), ал ұшы жоғарғы ярус бұлттарының жағдайына жетуі мүмкін (С).

Сыртқы түріне қарай бұлттар 10 туысқа бөлінеді. Бұлттардың туыстары тұқымдастар бойынша былай бөлінеді:

І тұқымдас (жоғарғы ярус):



  1. Шарбы бұлттар Сіrrus (С) - жеке нәзік бұлттар, талшық немесе жіп тәріздес, «көлеңке» бермейді, әдетте ақ, көбінесе жарқыраған.

  2. Шарбы-будақ бұлттар Cirrocumulus (Сс) – көлеңке түспейтін мөлдір жапалақтар мен шариктердің қабаттары мен қырқалары.

  3. Шарбы-қатпарлы бұлттар Currostratus (Сs) - жұқа, ақ, жарық өтіп тұратын жамылғы.

Жоғарғы ярустың бұлттары түгелдей мұз бұлтына жатады.

ІІ тұқымдас (орта ярус):



  1. Биік будақ бұлттар Altocumulus (Ас) - ақ пластин мен шарлардан тұратын қабаттар немесе қырқалар. Судың өте майда тамшыларынан тұрады.

  2. Биік қатпарлы бұлттар Altostratus (Аs) - бір тегіс немесе сәл толқынды сұр түсті жамылғы. Аралас бұлттарға жатады.

ІІІ тұқымдас (төменгі ярус):

  1. Қатпарлы будақ бұлттар Stratocumulus (Sс) - сұр түсті шоңғалдар мен жалдардан тұратын қабаттар мен қырқалар. Су тамшыларынан тұрады.

  2. Қатпарлы бұлттар Stratus (St) - сұрғылт бұлттар жамылғысы. Бұл әдетте су бұлттары.

  3. Қатпарлы жаңбыр бұлттары Nimbrostatus (Ns) - пішінсіз сұр қабат. Көпшілік жағдайда бұл бұлттарға төменгі жағынан ыдыраған жаңбыр бұлттары ілесіп жүреді. Қатпарлы жаңбыр бұлттары аралас бұлттарға жатады.

IV тұқымдас (вертикал дамитын бұлттар):

  1. Будақ бұлттар Cumulus (Cu) - негізі горизонтал деуге боларлықтай тығыз бұлт будақтары мен шоғырлары. Будақ бұлттар су буларына жатады. Шеттері ыдыраған будақ бұлттарды ыдыраған будақ бұлттар Frасtосumulus (Fс) деп атайды.

  2. Будақ жаңбыр бұлттары Cumulonimbus (Сb) - вертикал бойынша өрбіген тығыз будақтар, төменгі жағында су тамшыларынан жоғарғы жағында мұз кристалдарынан тұрады.

2.Атмосфералық жауын-шашын деп жер бетіне атмосферадан жаңбыр, сіркіреуік, қиыршық, қар, бұршақ түрінде түсетін суды айтады.

Жауын-шашын негізінен бұлттан түседі, бірақ бұлттардың бәрі бірдей жауын-шашын бере бермейді. Бұлттағы ұсақ су тамшылары мен майда мұз кристалдары өте кішкентай, оларды ауа оңай ұстап тұрады, тіпті әлсіз жоғары бағытталған ағындардың өзі де оларды көтеріп әкетеді. Жауын-шашын түзілу үшін бұлттың элементтері жоғары бағытталған ағындар мен ауаның тежеуін жеңетіндей болып іріленуі керек. Бұлттардың бір элементтерінің іріленуі екінші элементтерінің есебінен жүреді: біріншіден, ұсақ тамшылардың қосылуының және кристалдардың бірігуінің нәтижесінде, екіншіден және бұл бастысы - бұлттың бір элементтері буланып, диффузиялық тасымалдануының және су буларының екінші элементтерге конденсациялануының нәтижесінде іріленеді.

Тамшылардың немесе кристалдардың соқтығысуы ретсіз (турбуленттік) қозғалыс үстінде немесе олардың әр түрлі жылдамдықпен құлауы кезінде жүреді. Қосылу процесіне соқтығысқан ұсақ тамшыларды кейін қарай секіруге мәжбүр ететін ұсақ тамшылардың бетіндегі ауа пленкасы, сонымен бірге аттас электр зарядтары кедергі жасайды. Су буларының диффузиялық тасымалдануы арқылы бұлттың бір элементтерінің екінші элементтердің есебінен өсуі, әсіресе аралас бұлттарда қарқынды жүреді. Мұзға қарағанда судың үстінде максималды ылғал ұстау артық болатындықтан, бұлттағы мұз кристалдары үшін су буы кеңістікті қанықтыра алады, ал сол кезде ұсақ су тамшылары үшін қанығу болмайды. Соның нәтижесінде ұсақ тамшылар булана бастайды, ал кристалдар олардың бетіне конденсация жүруінің есебінен тез өсе бастайды.

Су бұлтында үлкендігі әр түрлі ұсақ тамшылар болған жағдайда су буы ірірек тамшыларға ауыса бастайды да, олар өсе береді. Бірақ бұл процесс өте баяу жүретіндіктен, су бұлттарынан (қатарлы, қатарлы-будақ) өте ұсақ (диаметрі 0,05-0,5 мм) тамшылар түседі.

Құрылымы біртектес бұлттар әдетте жауын-шашын бермейді. Жауын-шашын түзілуі үшін вертикал дамитын бұлттарда жағдай өте қолайлы. Мұндай бұлттың төменгі бөлігінде су тамшылары, жоғарғы жағында майда мұз кристалдары, аралық зонада салқындаған тамшылар мен майда кристалдар орналасады.

Бұлттың «жауын болып түсуіне» көмектесуге болады. Ол үшін қалың бұлттардың жоғарғы -6°, -8°-қа дейін салқындаған бөлігіне мап-майда кристалдар шашады, онда конденсация жүре бастайды. Әдетте йодты корғасын мен йодты күміс, тропиктік ендіктердің жылы (+10°С) бұлттарында хлорлы натрий (Йодты қорғасынның 1 грамынан триллионға дейін мап-майда кристалдар алынады.) қолданылады. Бұлтқа түскен майда кристалдар оларға судың конденсациялануы есебінен өседі, ауырлайды және өсе отырып құлай бастайды. Жауын-шашын бермейтін бұлттардан жаңбырды қолдан осылай шақырады. Бұршақпен күресу әдістері де іс жүзінде қолданыла бастады. Бұршақ қаупі бар бұлттарды арнаулы зеңбіріктерден «атады», сонда бұршақтың орнына жаңбыр жауады.

Жаз ауа қызғанда және ылғалдылық дефициті үлкен болғанда бұлттан түскен жауын-шашын түсіп келе жатқан бойы буланып кетіп, жер бетіне жетпеуі мүмкін. Түсіп келе жаткан бойы ұп-ұсақ тамшылар да буланып кетеді. Сирек жағдайда, өте ылғалды ауада конденсация ядросы өте көп мөлшерде болғанда бұлтсыз-ақ жаңбырдың жеке тамшыларының түсуін байқауға болады.

Жаңбыр тамшыларының диаметрі 0,05-тен 7 мм-ге дейін (орташа 1,5 мм), одан ірірек тамшылар ауада бөлшектеніп кетеді. Диаметрі 0,5 мм дейінгі тамшылар сіркіреуік жауын түрінде жауады. Сіркіреуік жауын тамшыларының түсуі көзге байқалмайды. Ауаның түсіп бара жатқан тамшылары басым жоғары бағытталған ағындары неғұрлым күшті болса, соғұрлым нағыз жаңбыр ірі болады.

Көтеріліп бара жатқан ауаның жылдамдығы 4 м/сек-те жер бетіне диаметрі 1 мм-ден кіші болмайтын тамшылар түседі; 8 м/сек жылдамдықпен көтеріліп бара жатқан ағынды тіпті ең ірі тамшылардың өзі де жеңіп түсе алмайды.

Түсетін жаңбыр тамшыларының температурасы әрқашанда ауаның температурасынан біраз төмен болады.

Егер бұлттан түскен майда мұз кристалдары ауада еріп кетпесе, жер бетіне қатты жауын-шашын (қар, қиыршық, бұршақ) түседі. Қар ұлпалары сублимация кезінде қалыптасқан сәулелері сақталған алты қырлы мұз кристалдары болып табылады. Ылғалды ұлпалар бір-біріне жабысқанда қар жапалақтап жауады. Қар қиыршығы - жоғары салыстырмалы ылғалдылық (100% артық) жағдайында мұз кристалдары қалай болса солай ретсіз өскенде түзілетін сферокристалдар. Егер қар қиыршығы жұқа мұз қабығымен жабылса, онда ол мұз қиыршығына айналады.

Бұршақ жылдың жылы кезінде қалың будақ жаңбыр бұлтынан (Сb) жауады. Әдетте бұршақтың жаууы ұзаққа созылмайды. Бұршақтар мұз қиыршығының бұлт ішінде әлденеше қайтара төмен түсіп, жоғары көтерілуінің нәтижесінде пайда болады. Қиыршықтар төмен құлағанда судың өте салқындап кеткен зонасына килігеді де, мөлдір мұз қабығымен жабылады, одан кейін олар қайтадан мұз кристалдары зонасына көтеріледі де, олардың үстіне өте майда кристалдан тұратын күңгірт қабат орнайды. Бұршақ қар ядросынан және кезектесіп қабатталған бірнеше мөлдір күңгірт мұз қабықтарынан тұрады. Қабықтардың саны мен бұршақтардың үлкендігі оның бұлт ішінде неше рет көтеріліп, төмен түскеніне байланысты. Көбінесе диаметрі 6-20 мм бұршақтар жауады, кейде онан анағұрлым ірілері де кездеседі. Әдетте бұршақ қоңыржай ендіктерде жауады, көбіне бұршактың түсуі тропиктерде күшті болады. Полярлық аудандарда бұршақ жаумайды.

Жауын-шашынның мөлшері горизонтал бетке түсіп, булану және топыраққа сіңу болмаған жағдайда түзілуі мүмкін су қабатының миллиметр есебімен алғандағы қалыңдығымен өлшенеді. Қарқындылығы бойынша (1 минуттағы жауын-шашын миллиметрі мөлшерінде) жауын-шашын саябыр, орташа және күшті болып бөлінеді.

Жауын-шашынның жаууы сипаты олардың түзілу жағдайына байланысты.

Бірқалыпты және ұзақ жауатын ақ жауындар әдетте жаңбыр түрінде қатпарлы-жаңбыр бұлтынан жауады.



Нөсер жауындар қарқындылығының тез өзгеруімен және қысқа уақытта өтуімен сипатталады. Ол будақ қатпарлы бұлттан жаңбыр, қар, кейде жаңбыр мен бұршақ түрінде жауады. Қарқындылығы 21,5 мм/мин дейін баратын жеке нөсерлер байқалған (Гавай аралдары).

Сіркіреуік жауындар қатпарлы және қатпарлы будақ бұлттаи жауады. Оларды құрайтын тамшылар (салқын уақытта - өте майда кристалдар) әрең байқалады және аспанда қалықтап тұрған сияқты болып көрінеді. Жауын-шашынның тәуліктік өзгерісі бұлттылықтың тәуліктік өзгерісіне сәйкес келеді. Жауын-шашынның тәуліктік өзгерісінің екі типі - континенталды және теңіздік (жағалық) типтері ажыратылады. Континенталды типтің екі максимумы (ертеңгі сағаттарда және түстен кейін) және екі минимумы (түнде және түс қарсаңында) болады. Теңіздік типте бір максимум (түнде) және бір минимум (күндіз) болады.

Жауын-шашынның жылдық өзгерісі әр түрлі зоналарда және бір зонаның әр бөліктерінде әр түрлі. Ол жылу мөлшеріне, термиялық режимге, ауа қозғалысына, су мен құрлықтың таралуына және айтарлықтай дәрежеде рельефке байланысты. Жауын-шашынның жылдық өзгерісінің сан алуан түрін бірнеше типке сыйдыру қиын, бірақ оның әр түрлі ендіктер үшін сипатты ерекшеліктерін атап өтуге болады, бұл оның зоналылығын көрсетеді.

Экваторлық ендіктер үшін екі құрғақ маусыммен бөлінген екі жаңбырлы маусым (күн теңелулерден кейін) сипатты. Тропиктерге қарай жүргенде жауын-шашынның жылдық режиміне өзгеріс енеді - ылғалды маусымдар жақындап, тропиктер маңында мол жаңбыры жылына 4 айға созылатын бір маусымға бірігеді. Субтропиктік ендіктерде (35-40°) бір жаңбырлы маусым болады, бірақ ол қыс кезіне келеді.

Қоңыржай ендіктердегі жауын-шашынның жылдық өзгерісі Мұхит үстінде, материктердің ішкі бөліктерінде және жағалауларда бір-бірінен айырма жасайды. Мұхит үстінде қысқы, құрлық үстінде жазғы жауын-шашын басым. Жазғы жауын-шашын полярлық ендіктерге де тән әрбір жағдайдағы жауын-шашынның жылдық өзгерісін тек атмосфера циркуляциясын есепке ала отырып қана түсіндіруге болады.

Жауын-шашынның жер бетінде таралуы туралы изогиет картасы (Изогиеттер – картадағы жауын-шашын мөлшері бірдей нүктелерді қосатын сызықтар.) көрнекі ұғым береді. Ең мол жауын-шашын экваторлық ендіктерде жауады, онда жылдық жауын-шашынның мөлшері 1000-2000 мм ден асады. Тынық мұхиттың экваторлық аралдарында жылына 4000-5000 мм-ге дейін, ал тропиктік аралдардағы жел жоқ беткейлерінде 10000 мм-ге дейін түседі. Мол жауын-шашын түсуінің себебі өте ылғалды ауаның қуатты конвективтік ағындары экваторлық ендіктерден солтүстікке және оңтүстікке қарай жауын-шашын мөлшері азаяды да, 25-35° параллельдер маңында минимумына жетеді, онда жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 500 мм-ден аспайды. Континенттердің ішкі бөліктерінде және батыс жағалауларында кей кездерде жаңбыр бірнеше жыл бойы жаумайды. Қоңыржай ендіктерде жауын-шашын мөлшері қайтадан өседі және орта есеппен жылына 800 мм құрайды; континенттердің ішкі бөліктерінде одан аз (жылына 500, 400, тіпті 250 мм); Мұхит жағаларында одан көп (жылына 1000 мм-ге дейін). Биік ендіктерде төмен температура және ауада ылғал аз жағдайда жауын-шашынның жылдық мөлшері мардымсыз болады.



Максималдық орташа жылдық жауын-шашын Черрапунджиде (Үндістан) жауады - 12270 мм. Ондағы жауын-шашынның ең көп жылдық жиынтығы 23000 мм шамасында, ең азы 7000 мм-ден астам. Минималдық орташа жылдық жауын-шашын мөлшері Асуанда байқалған (0). СССР-де ең көп жылдық жауын-шашын Бас Кавказ жотасының оңтүстік беткейінде (Ачишхо - 3220 мм) және Кавказдың Қара теңіз жағалауында (Батуми - 2400 мм). СССР-дегі ең аз жауын-шашын мөлшері - Орта Азия территориясында және Еуропалық бөліктің оңтүстік шығысында (кей жылдары 10 мм-ден кем).

Жер бетіне түсетін жауын-шашынның жалпы мөлшері оның үстінде қалыңдығы 1000 мм дейін баратын тұтас қабат құрай алады

Өзін бақылауға арналған сұрақтар: Бұлттың тұқымдасқа бөліну себебі не?

Жауын-шашынның ендік бойынша таралуының

заңдылығы қандай?

Ұсынылған әдебиеттер:1,3,4,5,6,7,11.
19 дәріс

Тақырып: Атмосфералық қысым және жел.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет