2.1 Қазақ эпосындағы кісі аттары.
Ә.Қайдар, А.Мұқатаева «Қазақ ономастикасының мәселелері» атты жинақта қазақ тілінің көне де байырғы лексикалық байлығын, әсіресе, оның кісі аттарын зерттеудің тіл тарихы үшін маңызы зор екені көрсетеді. Солардың ішінде ғасырлар бойы қалыптасып, халық арасында кеңінен тараған батырлық эпостар мен лиро-эпикалық дастандардағы кісі, ру-тайпа аттарын зерттеудің ономастика саласындағы орны бөлек. Себебі эпос антропонимдеріне тән ерекшелік – олардың көнелігі. Сондықтан эпос топонимиясы мен антропонимиясының басқа салаларға қарағанда өзіндік ерекшеліктері көп. Қазақ эпосымен, этникалық мәдениетімен тікелей байланысты, қазақ топырағында дүниеге келіп, халық арасына кеңінен тараған, тіпті Қазақстаннан тыс көршілес өлкелерге де жайылған эпостардың бірі – «Қозы Көрпеш - Баян сұлу».
Эпос тілін зерттеуші ғалымдар Ә.Қайдар, Е.Жұбанов, А.Мұқатаева мынандай ерекшелікті атап өтеді: Мәселен «Қозы көрпеш» поэмасындағы кездесетін мына есімдер: Таңсық, Айбас, Қодар, Қаратоқа, Бұланқара, Нұрқара, Kөсемсары, Ай, Kүліп, Шақшақ т.б. бүгінде қолданылмайды, не сирек кездеседі. Эпос антропонимдердің екінші бір ерекшелігі көп жағдайда кейіпкер, есімдерінің алдынан да артынан да (препозитивті, постпозитивті) анықтауыштардың қолданылуы: «Қозы Көрпеш», Қара хан, Сары хан (Қарабай, Сарыбайдың варианттары), Қыз Баян, Ер Танас, Ер Kүліп, Нұрқара би, Тайлақ би, Қодар мұндар, Айбас сері, Манап хан т.б. [99, 17 б.].
Бұл - жалпы эпос пен фольклор антропонимдеріне тән көне дәстүр. Оны кез келген эпостан, ертек, дастандардан кездесуге болады. Мысалы: Ер Сайын, Ер Тарғын, Қобланды батыр, Алпамыс батыр, Қыз Жібек, Қыз Қортқа, Ақ Тоқты, Ақ Жүніс, Біржан сал, Ақан сері, Алдар көсе т.б.
Поэмада кісі аттарына еркелету, құрметтеу қосымшаларымен жиі кездеседі: Қозыке, Қозыжан, Қозыекең, Баянжан т.б. Кейде контекске байланысты кейпкерлердің атына жағымсыз анықтама теңеулер, жағымсыздарының есіміне жағымды теңеулер, экспрессив форманттарда да кездеседі. Мысалы: сұм Баян, сұмырай Баян, қу Баян, Қодар батыр, Қодар мырза, Қодаржан, Қодеке немесе Баян сұлу, Баянжан, Ақ Баян, Қодар құл, Қодар мұндар, Қодар сұм, Қодар кәпір т.б.
Х.Досмұхамедовтың «Қазақ халық әдебиеті» аты еңбегінде эпостық жырлардағы Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар, Едіге т.б. есімдерді Алтынорда мен Қазақ хандығы тұсында өмір сүрген, бірақ келе-келе есімдерді аңызға айналған тұлғалар деп біледі [66, 176 б.].
Ә.Бөкейханов өзінің «Қобыланды» жырына арналған сын мақаласында оның генезисіне қатысты бірқатар ой пікірлер сабақтап, Қобыланды Тоқтамыс ханның тоғыз батырының бірі, оның өмір сүрген дәуірі ХІ ғасыр деп мөлшерлеген. Шаһкерім (Шәкәрім) шежіресіне сүйеніп, жырдағы Қазан қалмақ, ол Қобланды заманынан бұрын болған, жыр шағатай дәуірінде туған. Ал, Қобландымен соғысатын Қазан шағатай дәуірінің адамы болуға тиіс. Жошы қарауындағы қыпшақтармен соғысатын Қазан тұлғасы осы дәуірге келеді деген болжам айтады [67, 126 б.].
Ә.Бөкейханов жырдағы Алшағыр, Көбікті есімдеріне олардың өмір сүрген дәуірлерін анықтауға да ерекше мән берген. Орақ пен Қобландыны замандас санап, Көбікті есімін «Манас» жырындағы Көкетай атаумен байланыстырады.
Халықтық топонимияға сүйенген, эпостар ноғайлы, қыпшақ, қырғыздар бір ел болып жүрген кездері туған деп санайтын М.Әуезовте Қобландыны тарихта болған адам деп біледі [70, 240 б.].
Проф. Ә.Қоңыратбаевтың пайымдауынша, әрбір эпостық жырда белгілі бір кезең мен ежелгі тайпалар тарихының ізі болмақ.
Ә.Қоңыратбаевтың ізденістерінің темірқазығы «сана мен тіл, тайпа мен эпос құрдас» дейтін ғылыми қағидасы біздің зерттеуіміз үшін мәні зор. Қорұғлы, Қобланды, Алпамыс жырларын оғыз дәуірінің ұлы сюжеттері деп біліп, олардың қатар туып, қалыптасқанын біршама тарихи айғақтар, ономастикалық атаулар, олардың этимологиялық, семантикалық сыр сипаттарын ашып көрсету арқылы дәлелдеуге тырысады [67, 128 б.].
Эпос пен этносты сабақтастықта зерттеген ғалым Т.Қоныратбаевтың пайымдауынша, «Қобланды» жырының қыпшақ тайпасының ортасында туғанына жырдағы қыпшақ елінің суреттемесі, батырдың қият Қараманмен бірге ноғайлы шаһары Қазанды азат етуге аттануы, қалмақ Алшағырмен соғыстары дәлел бола алады.
Эпостық жырлардың этнодеректік мәнінің ерекшелігі оның мазмұнындағы этноантропонимдердің тұрақтылығында. Проф. Т.Қоңыратбаев атап көрсеткендей: «осы секілді қоғамдық әлеуметтік, этнографиялық һәм этникалық құблыстардың сырын ашып көрсету этнофольклортану ғылымының алдында тұрған негізгі әрі күрделі міндет». Бұл пікірдің этнодеректерді тілдік жағынан зерттеудеге де тікелей қатысы бар [69, 106 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |