Гүлбаршын. Әбілғазы шежіресіндегі атауы - Баршын. Қорқыт жырларында - Бану Шешек, этникалық тегі - салор (Баршын-салор), әкесі - Қармыш бай, күйеуі - Мамыш бек, мазары Сыр бойында, оны өзбектер Көккесене деп атаған. Оның этимологиясы туралы пікірлер әртүрлі. Оны парчин (парча - мата атауы) деп ұғынатындар бар, қыздардың сұлулығын, нәзіктігін гүл, жібекке теңеу түркі тайпаларында кең етек алған үрдіс десек, бұл пайымдауының негізі болуға тиіс. Бірақ антропонимдік тұлғадағы көне атауды бір ғана эпитет деңгейінде ұғыну жеткіліксіз болар еді. Оның «көк» деген мәнін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Проф. Ә.Қоңыратбаев «Баршын» атауының жағырапиялық сипатын оның Сыр бойындағы Баршын элементі арқылы жасалған кентастарымен және гидронимия мен байланыстырады.
Жоғарыда айтылған Проф. Т.Қоңыратбаевтың еңбегінде Қорқыттың тарихи тұлғасы мен этникалық тегін анықтау жан жақты, кешенді түрде сипатталған (музыкалық қобыз сарыны, аңыз, әпсаналық, шежірілік т.б. негізінде) Біз Соның ішінен Қорқыт антропонимін тарихи этимологиялық тұрғыдан сипаттаған тұстарына ерекше назар аудардық. Мысалы Проф. Ә.Қоңыратбаевтың «Қорқыт» сөзі «хор» және «хұт» деген екі буыннан құралып, алғашқысы тайпа, соңғысы «ойшыл», «сәуегей» деген ұғым береді, яғни Қорқыт – «құтты адам», «құт әкелетін адам» деген сөз, деген пікір немесе проф. Ш.Ыбраевтың да пікірі көңіл аударарлық: «Қорқыт» есімінің алғашқы сыңары көр (ғор, гөр) сөзінің мағынасы «о дүниелік» ұғыммен жапсарлас, екі дүниенің ортасындағы жалғыз заттық айғақ көрмен байланысты болуы әбден ықтимал деген пікірі. [69, 126 б.].
Сонымен, Қорқыт антропонимнің лингвомәдени, әлеуметтанымдық сипатына, біздің ойымызша, проф. Т.Қоңыратбаевтың төмендегі тұжырымдарының тікелей қатысы бар;
Біріншіден, Қорқыт оғыз елінің бірлігі, тұтастығы үшін зор әлеуметтік қызмет атқарған тұлға - этнофор.
Екіншіден, Қорқыт оғыз елінің этникалық құрылымын жеткізуші, этникалық сананың қоғаушы көзі - индикаторы.
Үшіншіден, Қорқыт тұлғасы оғыз еліндегі этникалық үрдістің жеке бір көрінісі - микробөлшегі.
Осы тұрғыдан келгенде ғалымдарды көптен толғандырып жүрген күрделі мәселе - «Алпамыс» антропонимінің этимологиясын анықтаудың да маңызы аса зор. Бүгінде осы есімінің этиологиясына байланысты жиі айтылып жүрген Бамсы, Бамыш, Алып Манаш, Алпамыш тіркестері бқұл антропонимнің қалыптасу кезендерін анғартуы мүмкін. Мұндағы алып «батыр», «ержүрек» деген сөз, ол оғыз дәуірінен бері бар (Қазан алып).
Мысалы, «Алпамысты» оғыз эпосының бізге жеткен бір нұсқасы санайтын академик Ә.Марғұлан: «Әбілғазының айтуынша Мамаш» (Бамыш, Бамыс, Бамсы Алып Мамыш, Алпамыс) оғыздың бір бегі, оның әйелі Баршын сұлу («Алпамыс» жырындағы Гүлбаршын) - оғыздарға аты шыққан даңқты жеті қыздың бірі» - деп жазады [70, 368 б.].
Әрине, бұл пікір әлі де тарихи-этимологияялық тұғыдан тереңірек зерттеуді қажет етеді. Алпамыс антропонимнің таза лингвистикалық сипатын этимологиялық зерттеу анықтайды. Осымен байланысты оны Қалмыш (Рашид ад дин шежіресінен) Тоғурмыш, Қармыш, Өгдүлміш, Оғдұрмыш (Құтты білік) және Алпамыш деп, бір сөз тудырушы модель жүйесінде қарауға болады. Ал, лингвомәдени аспектіде қарастырып, оны Алып Мамыш деген этноантропоним деп анықтауға болады.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Қобланды тарихи антропонимнің түпкі нұсқасы емес, поэтикалық өзгеріске түскен тұлғасы. Сөз түбірі – Қоблан, ды - түркі тілдерінде өткен шақты білдіретін қосымша. Осы -ды,- ді қосымшасына тоқталған М.Қашқари оны жыраудың іс әрекетті көзімен көріп, куәсі болғандығынан хабар беретінін көрсеткен [71, 75 б.].
Атаңа нәлет, Алшағыр,
Көрсеттің ғой өкімді!
Жалғызым тірі бір келер,
Асықпай тұр қызылбас,
Сыбағаңды сол берер!
Опасыз дүние сырғанақ.
Он үш жасар Қобланды,
Шынымен сенен айырлсам
Жалғызым, тезірек келмесең,
Өтірік емес құдайдың
Біз оны сезімдік эмоциялық негізінде туған теңеу, яғни поэтикалық құбылыс емес, этникалық сипаты айқын антропоним дейміз.
Атына Қоблан мініпті
Тайбурылды талдырмай
Табан жолға салыпты
Алты жасқа келгенде
Арыстан туған Қоблан
Қазнадан қамқа киеді
Келелі түйем ішінде
Қайырлы Бураға ұсаған
Қайырлы туған Қоблан,
Ботам, сенен айырлдым [72, 264 б.].
«Қобланды» сөзінің түбірін сөз еткен тұста Е.Жұбанов оны автор: қабылан (жолбарыс) деген халықтық этимологиямен де байланыстырады. «Қобланды» атауының түп төркінін «қу» сөзінен шыққан: «Құба мен қу сөзерінің атауы әр басқа болғанымен мағынасы жақын, екеіу де сарғыш тартып қуарып кеткен түсті білдіреді .... Қу сөзі құба сөзінің қысқарған түрі» деген пікір ұсынады. Осы ретпен оғлан ежелгі ұғлан (бала) сөзінің өзгеріске түскен тұлғасы дей келіп, проф. Е.Жұбанов бұл атаудың жасалу жолын былайша таратқан: құба оғлан, қоб(а) оғлан, қоба(ғ)лан, қобұлан, қобылан. Және ғалым «Қобыланды» есіміндегі құба(қоб) жоғарыда айтылған құба жон, құба төбел деген заттың түрі мен түсін білдіретін сияқты емес, рудың атын білдіретін сөз, ру атауы мағынасында айтылып тұр деп анықтай түседі [73, 175 б.].
Проф. Ә.Қоңыратбаев «құба» сөзінің Құба тас, Құба тау, Құба сеңгір, Құба төбе, Құба көл, құба қыпшақ, құба қалмақ деген атауларда бірде этноним, бірде топоним, бірде гидроним, бірде ороним тұлғасында кездесетінін дәлелдей келіп: «Қобыланды» атының Көбен, Қабан, Құбылай, Құбығұл болып та айтылатыны эпоста баршылық деген жорамал айтады. [74, 115 б.].
Сонымен, Қоблан сөзінің төркінін этнонимдік тұлғада жасалған «Құбаұғлан» тіркесінен тудыруға толық негіз бар: Құбаұғлан-Қобұлан-Қоблан-Қобланды бұл антропонимнің жасалу жолдарын байқатуға тиіс. Сонда ол «қыпшақ ұлы», дәлірек айтқанда, «қыпшақ елінің батыры» деген семантикалық мағынаға ие болмақ. Демек, Құбаұғлан (Қоблан) - этноантропоним.
Қорыта келгенде, қазақ эпосындағы антропонимдер қазақ халқының тілі мен мәдениеті үшін өте маңызды. Өйткені қазақ эпостары, дастандары, ертегілері қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен, салт дәстүрімен байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |