Нәзила: Қалай, диссертация бітуге жақын ба?
Омар: Ім-м, жақын, жақын. Тіпті, дайын деуге де болады. Бірақ өзге ғалымдарға ұнағанымен, өз көңілім қанағаттанбайтын сияқты.
Нәзила: Осы уақытқа дейін қанағаттанбайтын не деген көңіл ол?
Омар (ашуланып, көзілдірігін түзеп): Есіңде болсын, сен менің ішкі жұмысыма араласпа. Бес жыл ма, он жыл ма, тіпті өмір бойы ма, ойлаған мақсатыңа жете алмасаң, көңілің қанағаттанбайды. Және мен ғылыми атақ үшін ғана тіршілік етіп жүргенім жоқ.
Нәзила: Ом, айтшы, бақыт деген не? Біз әлгінде осы тақырыпта дискуссия өткізіп, көп таластық.
Омар: Айтайын. Бақыт дегенді әр адам әр түрлі түсінеді. Диалектикалық материализм тұрғысынан келетін болсақ, бақыт деген...
Нәзила: Ом, біз мұны институтта да оқып жүрміз. Сенің өз топшылауың қалай?
Омар: Әр адамның жеке топшылауы дегенге мен түсіне алмаймын. Өйткені, белгілі бір қорытындыға келу үшін адам өз өмірінде басынан өткерген оқиғалар мен өзге адамдардың жалпы тіршілігін, санасын ойша таразылап, оны диалектикалық заңдылық арқылы топшылауы тиіс. Және оны жалаң ұғымға емес, ғылыми ұғымға негіздеген жөн. Демек, әрбір сұрақтың шешімін табу үшін белгілі бір ғылымға сүйену керек. Сонда ғана дұрыс жауап ала аласың.
Нәзила: Иә, сонымен. Тоқ етерін айтшы.
Омар: Сонымен, тоқ етерін айтсам, бақыт дегеннің өзін бірнеше салаға бөлуге болады. Семьядағы, қызметтегі, махаббат, тағы, тағылар. Осының бәрін синтездеп келген соң, сол жеке адамның өмірі мен қоғам мүддесіне, оның ішкі-сыртқы саясатына, халықаралық аренадағы беделіне көз жіберу керек. Қоғамсыз адам жоқ. Демек, әрбір адамның қуанышы, күйініші, өзі өмір сүріп отырған қоғам мүддесімен сәйкес келіп, өз тіршілігінде іздеген мақсатына жетсе, немесе соған жету жолында аянбай күрес жүргізсе, оның өмірі – бақытты өмір. Қорытып айтқанда, бақыт деген – жеңіс немесе жеңіске апарар күрес.
Қамажай кіреді. Үш стакан сүті бар подносты Омардың алдына қояды.
Қамажай: Бос сөзбен Омардың миын қатыра бермеші. Онсыз да ол қалжырап келді.
Нәзила: Жарайды, екеуіңізбен де келістім. Бірақ Омға қоятын тағы бір сұрағым бар. Айтшы, көп ізденетін жас ғалым. Әрі жас, әрі көрікті қызды үйіне жалғыз қайтарғанда өзін қалай сезінеді?
Достарыңызбен бөлісу: |