Қамажай: Айтпақшы, Астана дедің бе?
Нәзила: Иә.
Қамажай: Демек, ол да кетеді десеңші.
Нәзила: Әрине, барып-келіп істейтін оған өз алдына самолет береді дейсіз бе?
Қамажай: Сөйтіп, бұл да өз жөнімен кетеді де...
Нәзила: Өз жөніне емес, үкіметтің тапсыруымен барады. Омар жалғыз сіздікі ғана емес.
Қамажай: Иә, иә... солай... Бәлкім, сен де кететін шығарсың. Бәрің де кетіңдер жан-жаққа тарап, мен қалайын жападан-жалғыз.
Нәзила: Жалғызсырамассыз. Құдай қаласа, Ақтау жақтан кішкене немере ініңіз де кеп қалар. Әкеп тастайды ғой. Одан соң Омар да кешікпес.
Қамажай (күліп): Әй, тентегім-ай. Айтқаның келсін. Ол үшін Омаржан әуелі үйленуі керек қой.
Нәзила: Ол жағынан қам жемеңіз. Кафедра меңгерушісі болудан үйлену қиын деп пе едіңіз. Ол Алматыдан Астанаға біреу емес, екеу боп барады.
Қамажай: Нәзила-ау, сен студент емессің, мұғалім болдың, абайлап сөйлемейсің бе?
Нәзила: Абайлағанда да, абайламағанда да солай.
Қамажай: Кім екенін білесің бе?
Қамажай: Кім екенін өзің ойлап тапшы.
Қамажай: Қайдан білейін. Осы күні қыз көп. Шошандаған біреу болмаса жарар еді.
Нәзила: Жоқ, шошандаған емес. Өте сыпайы, ақылды, көрікті, сізді туған әпкесіндей сыйлайды. Оның үстіне мен сияқты ағылшын тілінен сабақ береді.
Қамажай: Не дейді, не дейді? Мыналарды жын ұрған шығар?! Гауһар?!
Нәзила: Дәл таптыңыз!
Қамажай (теңселіп тұрып қалады): Не боп кеткен бұл? Бәрің... бәрің, шеттеріңнен, залымсыңдар...
Нәзила: Ол екеуінің залымдығы жоқ. Залым – мына менмін. Екеуін былай иіп әкеп (қолымен көрсетеді), тоқайластырдым да қойдым.
Қамажай: Ұят болды-ау... Енді не амал бар?
Нәзила: Ұят ештеңесі жоқ, қайта алғыс айтсын. Бірін-бірі жақсы білетін адамдар қосылуы керек. (пауза) Жақында шақыру билеті де дайын болады.
Қамажай: Осыдан екеуі көзіме көрінер ме екен?
Нәзила: Омар ұзақ уақыт тіл қата алмай жүріпті. Ақырында, отырған сәкісінен ұшып тұрып: «Мен сізбен үлгілі семья құруға әрқашан дайынмын», - деп тоқ етерін бір-ақ айтыпты.
Екеуі қосыла күледі.
Достарыңызбен бөлісу: |