шешесінің «болсын, Қанашжан» деген соңғы сөзіне сеніп келеді.
Осынша көп ойлардың шырмауында жатқан Шоқан, біраздан кейін
қалғып кетті. Оның ояудағы ойының көбі бытықы-шытықы түске айналып,
əлдене кереметтердің арасында, ол ара-тұра ұйқысырап та алды.
Шыңғыста да үн жоқ, Драгомировте де үн жоқ. Шыңғыстың толып
жатқан ойының түйіні біреу-ақ: ел арасында, əсіресе, төрелер арасында
«хандардың əуелі де – Шыңғыс ақыры да Шыңғыс» деген сөз бар. «Сонда,
– деп ойлайды Шыңғыс, – мен болмағанмын да сол, ақырғы Шыңғыс!».
Ойын қай саққа жүгіртсе де ұршыққа оралған жіптей, осы түйінге орала
береді...
Драгомировтің де ойы өз төңірегінде. Оның арғы аталары Новгород
князьдарының біреуі болған. Бергі бір атасы – Гаврил Терентьевич
Драгомиров қаһарлы Иванға қарсылардың біреуі болып, басы балтамен
шабылған. Соның жолын баласы жəне немересі құшып, шөбересі –
Николай Августович (біз сипаттап отырған Драгомировтің əкесі) «Жынды
патша» атанған Павелдің қудалауына ұшырай бастаған соң, сол кезде
патша ордасының қасындағы сібірлік комитеттің, председателі - князь
Александр Иванович Чернышевтың ақылымен, Владивостокке қызметке
кеткен. Сонда ол, Қиыр Шығыстың сол кездегі генерал-губернаторы
Апостол – Муравьевке жағып, оң қолы болған. Муравьевтің ақылымен
Николай тұңғыш ұлы, біздің геройымыз – Александрды Сібірдегі ең жақсы
оқу орны саналатын қазақ-орыстардың, офицерлік школасына жіберген. Ол
патша үкіметінің де оның, бір бөлшегі – сібірлік комитеттің де, Россияның
қанатын Орта Азияға жаю ниетіне кіріскен кезі. Осы ниетпен Омбыдағы
офицерлер школасының қасында «Азиялық бөлім» деген ашылған. Онда,
«түрік тілдес елдердің бəріне ортақ»деп татар тілінің сабағы беріледі екен,
мүдəррисі – Қазан университетінің филология факультетін бітірген – Ғайса
Мұхаммедұлы Бикмеев. Ол алғаш медреседе оқып татардың тілін жақсы
білумен қатар, əуелі – гимназияда, одан кейін – университетте орыстың,
ағылшынның тілдерін мейлінше жақсы үйренген.
Əлдекімдердің ақылымен Александр Драгомиров Азиялық бөлімге
түседі. Сол жылы, осы школаға Шыңғыс та түсіп, екеуі кластас болып
оқиды, школаны бірге бітіреді Оның Шыңғысқа жан ашырлық көрсетуі
содан.
Кенесарыға қарсы жорықта Шыңғыспен бірге болған Драгомиров, ол
жорықты тəмамдағаннан кейін, бірнеше жыл Омбыдағы сібірлік корпустың
қызметінде жүрді де, соңғы жылдарда генерал-губернатордың кеңсесіне
ауысып, Сібірдегі қазақ дуандарының істеріне жұмсалатын инспектор
болды. Бұл қызметке тұрғаннан бастап, аталған дуандардан оның
араламағаны жоқ. Кейде ол, кейбір орыс экспедицияларының құрамында:
Ташкентке, Қоқанға барып қайтқаны бар. Сонда, жолшыбай Сібірге
жатпайтын қазақ ауылдарында да болған. Сондағы бір əдеті, – татарша
жақсы білгенімен, қазақтармен түсінісе алуға жарағанмен, қазақ
қоғамының ішінде, тілін түсінбеген жансып меңірейеді де қалады. Бұлай
меңірею, – Драгомировтың сүйегіне біткен қасиет. Ол өз қоғамы – орыс
арасында да суырылып сөйлеп көрмеген, ісіне қатынассыз сөздерді сирек
жəне аз айтатын, шұғылданған жұмысына мығым, басқа қақ-соқпен
шаруасы жоқ адам. Сондықтан да, оқуға кірген күндерінен бастап, жақын
жолдастары оны əжуалап, атын «Молчалин» қойып алған. Кейін бұл атқа
езі де дағдыланып, баспасөздерде жариялаған кейбір мақалаларына
«Молчалин» дейтін псевдонимды қолданатын болған. Қазақтар қазақ тілін
біле ме екен?» деудің орнына «төбесі жарық емес пе екен?» деген сөйлемді
қолданады. Бұл сөйлемнің мағынасы не екенін Драгомиров біле тұра
білмегенсіп, «жанынан түсін билеп сыр бермеген» деп Абай айтқандай, не
айтқандарын
аңғарып
отырғанын
кескінінен
байқатпайды.
Оны
«қазақшадан хабары жоқ» деп, айтқысы келгендерін іркілмей соға береді.
Қазақ ауылдарын осылай аралаумен, Драгомиров қазақ халқының өзге
əдістермен еш уақытта біле алмайтын талай құпия сырларын біліп алған.
Оның үстіне, кез келген ауылда қонақтағандықтан, тұрмыс-салттарының,
ой-саналарының əдет-ғұрыптарының көптеген бүге-шігесін байқаған.
Осы байқаулардың негізінде, қазақ еліне Драгомировтың өзіндік көз
қарасы бар. Алексей Левшиннің «Қазақ-қырғыз ордаларының тарихы»
деген үш томды кітабынан жəне баспадан шыққан өзге материалдардан бұл
ел туралы толып жатқан мəлімет алғанмен, Александр Драгомиров, өз
ойында да бірталай қорытындылар жасайды.
Оның
бірінші
қорытындысы:
көшпелі
халде
жүріп,
күшті
мемлекеттердің қоршауында отырып, бұл – қазақ халқы Европаның
бірнеше зор мемлекеті сиятын осынша кең жерге қалай ие болып келген?!.
Екінші қорытындысы: сол қазақ даласының үштен екісі соңғы жүз
жылдың ішінде, еркімен Россияға бағынды. Өйтпеуге амалы жоқ еді,
күнгейінде - Қоқан хандығы, шығысында – Қытай мемлекеті кіжіңдеп
дамыл бермеді, олардан құтылу үшін мықты мемлекетке арқа тіреу қажет
болды, ол – Россия. Россияға бағынғалы қазақ елінің өмірі бірсыдырғы
тыныштықта. Соған қарап, күнгей-шығыс көршілерінен əлі де тиышсыздық
көріп келе жатқан қазақ елінің үшінші бөлшегі – Ұлы жүз де «саған
қараймыз» деп, орыстың Омбыдағы үкіметіне елшілерін жібере бастады.
Оның да Россия қарамағына тез кіруі даусыз.
Үшінші қорытындысы: Россияға қарағалы бейбітшілік өмір сүріп келе
жатқанмен, бұл -«қазақ» деген елдің шаруасын, мəдениетін жаңа,
европалық торапқа түсіру, патша үкіметінің ойында əлі жоқ. Бұл елдің
шаруасы, əлі натуралдық күйде. Ал, мəдениетіне келсе, қазақ елінің
жүздеген жылдар бойында жасаған ауыз əдебиеті мен музыкасынан басқа,
материалдық тұрмыста кигіз үй мен соған лайық көші-қон аспаптарынан
басқа, кең даланың əр жеріне сирек шашыраған, атақты өліктерге қалаған
тамдарынан басқа ештеңесі жоқ. Он тоғызыншы ғасырдың жағдайында,
бұл қалпымен елдігін сақтай ала ма, бұл қазақ? Жоқ, сақтай алмайды. Өзін
орыс ағартушыларының біріне санайтын Драгомировтың ойынша,
қазақтық мəдениетті ел қатарына қосылуына жалғыз-ақ жол бар, ол – орыс
оқуы. Бірақ, қалай түсе алады сол жолға! Кім түсіреді оны? Бұл сұрауына
Драгомиров жауап таба алмайды. Оның ойынша: біріндеп болса да, қазақ
балаларын орыс оқуына беруі керек, түбінде солардың басы құралып
қазақты орыс оқуына бастауы мүмкін. Бірақ, бұл да оңай жұмыс емес
сияқты. Қалай оңай болады? Қазақ əкімдерінің ішінде, аз да болса орысша
білімі бар деген Шыңғыстың өзі, баласын орыс оқуына, жағдайының
еріксіздеуімен əрең əкеле жатыр! Өзгелерге не жорық?..
Төртінші қорытындысы: «қазақ» деген халық, өз мақалын мысалға
келтіргенде, «ішкен – мас, жеген - тоқтың кебін киіп, мейлінше жəйін,
мейлінше бейғам жатқан халық. Оның басым көпшілігінің дүние тануы, –
өзінің табиғаттық кезінің көрген көлемінде, яғни, жалпақ жазық далада, əрі
кеткенде он шақырымның көлемінде. Бұл көлемнің ішінде, біріне-бірі
ұқсас ауылдардан басқа ештеңе жоқ. Құсмұрын маңайындағы ең жақын
базар, жүз елу шақырымдай - Бағлан соның өзіне əр ауылдан баратын
адамдар бірен-саран ғана. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің, дүниенің
кеңдігі я тарлығы туралы ұғымына бір мысал: əлдекім мекеге, хажылыққа
барып қайтады, сол адам сапарын сипаттап отырғанда, аулынан шығып
көрмеген біреу, – «ол – Мекең, Бағланның ар жағында ма, бер жағында
ма?» депті. Көңіл көзінің аумағы осыншалық тар қазақ, Драгомировтың
байқауынша, тың жатқан құнарлы топырақ сияқты, егер оны жыртып
тұқым сепсең, қандай өсімдік болса да қаптан өне кеткелі тұр, яғни –
білімнің қай түрі болса да қона кеткелі тұр.
Бесінші қорытындысы: сырттан қарағанда, ауыл атаулының бəрі бір
қалыпты сияқты, бəрінің де кəсібі мал бағу ғана, бəрі де оқымаған надан,
бəрі де аулының айналасында көргеннен басқа дүниеден хабарсыз, бəрі де
күнделік өміріне байланысты тіршіліктен басқаны білмейтін, білем деп
тырыспайтын бейғам, бəрі де рушыл, тағы тағылар... Ал, ішкі өміріне үңіле
қараған білімді көзге: бұл елде де бай мен жарлы бары, бұл елде де қожа
мен құл бары, бұл елде де қанаушы азшылық пен қаналушы көпшілік бары,
бұл жағынан, қазақ қоғамының ішінде əлеуметтік теңсіздіктің түрі басқа
болғанмен, мазмұны мəдениетті қоғамдардың, анықтап айтқанда - орыс
қоғамының əлеуметтік теңсіздігіне дəл келуі көріне кетеді. Тек қана
айырмасы: қазақтың үстем табы, қанау əдістерін рушылдық жамылтқымен
бүркейді де, кедейлерге қаналудан құтылу жолындағы күрестерді
көрсетпей қояды. Онда мысалы, санасыз түрде болса да, орыс
крестьяндары ғасырлар бойы жүргізіп келе жатқан қанды күрес жоқ. Бірақ,
сол күрес, қурап тұрған қамысқа от тигізсең лаулай жөнелуі сияқты, егер
тұтатып жіберетін адам болса, лап еткелі тұр. Бірақ кім оны тұтататын жəне
қашан? Орыс крестьяндарының қанды күрестері ешбір нəтиже бере алмай
келе жатқанда, қазақ кедейлері қанды күреске аттана қалғанда да не нəтиже
шығармақ?.. Драгомиров бұл сұрауларына жауап таба алмайды...
Күймедегілер осындай əр ойда келе жатып, Құсмұрыннан шамасы
жетпіс-сексен шақырымдай Бурабай көліне қалай жеткенін білмей қалды.
Хабарларға қарағанда ол екі арада бірталай ауылдар отыруға тиісті еді.
Жол-жөнекей байқаса, олар жоқ. Тек, кей жерде, жуықта ғана көшкен кей
ауылдың жұрттары ғана кездеседі. Олай болуы Шыңғысқа түсінікті: тепкен
тасы өрге домалап тұрған шағында, «түсер ме екен?» деп үміттеніп,
жырақтан жолына қонатын ауылдар, енді аға сұлтандықтан түсуін «бағы
қайтқанға» санап, «кесірі тимесін» деп жолынан қашқан!
– «Дүние» деген осылай! – деп қояды, демін соза алып, дыбысын сыртқа
шығарған Шыңғыс, əлгі ауыр ойлардан басы зеңгіп кеткен соң, «аздап
болса да жеңілдетем бе» дегендей...
Батыс жағын қоршай қарағайлы қалық орман өскен Бурабай көлінің
арнасы биік, аумағы үлкен, суы жалтыр жəне тұщы еді. (Онда қазір
Қостанай облысының Меңдіқара ауданының орталығы – Боровое селосы,
орман арасында Бурабай курорты бар). Шыңғыстың аттанар алдында
естуінше, бұл көлдің шығыс жақ жалаң жағасында, Арғынның «Шақа»
аталатын руының ауылдары отыратын. Оның бишігештеу, байсымақтау –
Төлеп дейтіні Шыңғысқа жампаңдап, «сыбағаң» деп бірде Күнтимеске –
семіз тай, бірде Құсмұрынға – семіз құнажын жетектеп барған болатын.
Шыңғысты ол үйіне шақырып келтіре алмай жүретін.
«Шақа Бурабайда болса, Төлеп аулы да сонда болар» деп шамалаған
Шыңғыс, бүгін Төлеп үйіне қону ниетінде келе жатыр еді. Енді қараса;
Шақа да жоқ, Төлеп те жоқ. Бəрі -жуықта ғана көшіп кеткен ауылдың
жұрты жатыр. Шақаның əдейі қашқанын жорамалдаған Шыңғыс, дыбысын
сыртына шығара:
– Қап, иттер-ай! – деп кіжінді де қойды.
Жан жоқ бұл жапан - түзде, олардың кезіне жырағырақ бір жерде
шоқиып отырған ит шалынды. Анық ит, түсі ақ. Сол араға, аспанда
шарықтаған екі қарақұс айнала түйіледі де, кезек-кезек темен қарай
құлдырап, итке таяна беріп, қайтадан қайқайып, жоғары шығады. Ит сол
кезде əлденелерді жинастырып жанталасады да, қара құстар шүйілсе,
қайтадан шоқия қояды.
– Жұртта қалған ит болу керек, – деді Шыңғыс. – Жақында күшіктеген
болу керек. Қарақұстар соның жайылымдағы күшіктеріне түйіліп жүр,
шешесі алдырмай жүр.
– Кəне, əке! – деп, Шоқан жатқан жерінен басын көтере тура келді.
Құсмұрыннан шыққалы оның бірінші рет бас көтеруі еді.
– Əне! – деді Шыңғыс, баласын көңілдендіргісі кеп.
Шоқан қараған шақта, қарақұстың біреуі төмен құлдырап итке таянып
қалды. Оның артынан екіншісі де құлдырап келеді. Алғашқы қарақұс иттің
өзін сыпырып əкеткісі келгендей, төбесіне таяна, əрі қарай жер бауырлап
ұшқанда, қылығы өткен қарақұсты, ызаланған ит қуа жөнелді, сол кезде,
екінші қарақұс та бауырымен жер сипарлық қимылда келіп, жоғары қарай
қайқая бастады.
– Ілді! – деді Шыңғыс.
– Нені? – деді Шоқан.
– Тегі, күшіктің бірін.
– Оны қайдан білдің?
– Аяғында қарайған бірдеме кетіп барады.
Сол кезде, қуған қарақұсы биікке көтерілгенде ит тұра қап, «күшікті іліп
əкетті» деген қарақұсқа аңыра қарап, аз уақыт тағы да, манағы орнына
қайта шапты. Ол жанталасқан қимылмен тағы да əлденелерді жинастыруға
кірісті.
– Ғаламат болды-ау, мына көрініс! – деді Шыңғыс. – Анау ит, дəуде
болса жайылған күшіктерін жинастырып, жер ошаққа салып жүр. Одан
қарақұс əкете алмайды. Ит екеш -ит те баласын осылай қорғаштайды,
өзгелер қайтпесін?!..
Шоқан əкесінің бетіне қараса, көздерінде жас іркіліп тұр!
Сол сəтте аспанға біраз биіктеп барған қарақұстың аяғында қарайған
нəрсе жерге түсіп кеп кетті.
– Тастады, күшікті! – деді Шыңғыс.
– Неге? – деді көріп тұрған Шоқан.
– Аяғы салбыраған құс ұзақ ұша алмайды. Жəне қарақұс сияқты
өлімтікшіл құстар, шамасы келген аңдарды жерге жоғарыдан тастап
жібереді де, жаны шыққан соң ғана шоқиды.
Күшік қарақұстың тұяғынан төмен құлдырай бергенде, ит бар
пəрменімен солай қарай шапты. Күшіктің түскен орны бірталай жер екені
иттің шабысынан шамаланды. Аспанды бірер айналған қарақұс, жерге
түскен күшікке қарай құлдырады. Бірақ ит бұрын жетті де, күшікті тістеп
алған қимылмен кейін қашты. Қарақұс аспанға көтеріліп, манағы күшік
алып кеткен орнына беттеді.
– Ит жеткенше тағы бір күшікті əкетпесе не қылсың анау қарақұс, – деді
Шыңғыс.
– Онда біз қорғайық. Айда аттарды! – деді Шоқан Абаға. Ол Шыңғысқа
қарап еді «Айдасаң анда» дегенді ымдады.
Аз да болса тыныстап қалған аттар, делбе қағылғанда жұлқи жөнелді.
Жерде шапқан иттен аспанда самғаған қарақұс «күшіктер бар» деген тұсқа
бұрын деңгейлеп, төмен шүйіле бергенде:
– Айда! – деді Шоқан, аттарды желдіріп келе жатқан Абаға.
Оның айдауын күтпестен, делбені қолынан жұлып ап аттардың
қабырғасынан қағып-қағып жібергенде, басы еркін аттар бар пəрменімен
шаба жөнелді. Ол араның жері жарық бастау еді. Соған арбалар
тоңқылдауға айналғанда, ұшып кету қаупі туған Шыңғыс пен Драгомиров
бірін-бірі құшақтай алды. Аттар тіпті екпіндеп бара жатқан соң, бастарық
ірку ниетімен Аба делбеге жармасты.
Олар осы екпінмен «күшіктер бар-ау» деген тұсқа таяна бергенде,
доңғалақтар манағыдан жаман секеңдеп, шабыстан желіске түсе бастаған
екі ат та омақата құлады. Күйме төңкеріліп түсті. Үстіндегілер ұшып кетті.
Кіндігі буылған күйменің алдыңғы екі доңғалағын, жығылып оңалған
аттар, үріккен бейнеде ала қашпақ болғанда, қолы қарулы Аба делбеден
айрылмай, біраз жер сүйретіліп барып тоқтатты. Күймелі адамдардың
қимылынан қарақұс, түйіліп келген бетінен тайып, əлдеқайда шарықтап
кете барды. Ит бұл кезде нысаналы жеріне жетіп үлгерген еді. Арбадан
анадай жерге ұшып түсіп, бет -терісін жер жыртып кеткен Шоқан, ауырған-
мауырғанына қарамай, ит тоқтаған тұсқа жүгірді. Бірін-бірі құшақтай қатты
құлаған. Шыңғыс пен Драгомировтың да бет-ауызын жер жыртып, денелері
ауырып қалған екен. Шыңғыс аяқ жағынан мертіккен де сияқты, бірақ оны
елер уақыт жоқ. «Драгомиров те сөйтті ме?» деген қауіппен, құлаған
жерінен қозғалуға талпынған жолдасын демей берді. Оның да денесі
ауырсынып қалғанмен, еш жеріне зақым түскен жоқ екен...
Бұл оқиғаның себебі былай болған еді. Маңайдағы елдердің бəрі
көктемін осы арада өткізетін еді де, егер жыл жағдайы жақсы болса, біразы
жаз айларында қалып қойып, алыстағы жайлауға бай ауылдар ғана кететін
еді. Өткен көктемде өте тақыршылық болып, жаңбыр тамбай қойған соң, ел
бұндай халде қолданатын дағдысымен, барлық ауыл осы араға жиналып, үй
басы қой шалып тасаттық берген. Бəрін қосқанда саны жүзден асқан
қойлардың еті осы арада қаз-қатар қазылған жер ошақтарға асылған...
Аттардың киліккені осы жер ошақтар да. Екпінімен қалың жер-ошақтың
арасына кіріп кеткен соң, аттардың да, арбаның да құламауы мүмкін емес...
– Қайта құдай сақтады, – деді Шыңғыс, жер ошақ арасынан күйме
шығарылып, аттар жегіліп дұрысталған шақта, - мыналар өлтіріп жіберетін
орлар ғой. Жегінімен аттар да аман, өзіміз де аман. Бұл бір үлкен олжамыз
болды.
Шоқан ит тоқтаған тұсқа жақындаса, жер ошақ ішінен қыңсылаған
күшіктердің дыбысы естіледі. Шоқан оған үңілейін десе, ернеуінде
шоқиып отырған, емшектері салақтаған, ірі денелі, қара құлақ ақ қаншық
«жолама!» дегендей ырылдады. Жер ошақ ішінде: көздерін ашқан,
бауырларымен сырғырлық қана күштері бар, үрген қуықтай томпиған жеті-
сегіз семіз күшік, бірін-бірі басып қимыл үстінде; қимылсыз жалғыз-ақ
күшік жатыр, үсті-басы қан. Тегі ол, қаншықтың қарақұстан айырып алған
баласы болу керек. Ол өліп қалғанға ұқсайды. Тірі күшіктер еркіне кетуге
тырысатын сияқты. Олар шұқыры терең жер ошақтан шыға алар емес.
Шешесі оларды жайылымға жер ошақтан аузымен тасып шығаратын болу
керек, себебі - тараққұйрық, тышқан сияқты жемтіктерінің қалған-құтқан
бірдемелері жер ошақтың сыртында. Емшектеріне қарағанда, қаншық сүтті
сияқты. Соған қоса, жемнен де тарықтырмаудан болу керек күшіктер аса
семіз...
Осы жайларын байқаған Шоқан, күшіктерді ұстап көруге қызықты.
Иттің ұстатар түрі жоқ. Жеммен алдауға, қалтасында ештеңе жоқ.
Сондықтан итке жылы ұшыраумен бойын үйреткісі келген Шоқан
күшіктеріне - бір, бұған - бір, кезек-кезек қарап, шоқиған орнынан тырп
өтпеген қаншыққа:
– Күшім, күшім! - деп еді, ол суық түсін өзгертпеді. Күймедегілерге
қараса - аттарды сабырмен аяңдатып, бері беттеп келеді. Олар таянғанда
жер ошаққа үңілген бейнеде тұра беруді «еркектігіне» намыс көрді де,
«қаппас» деген үмітпен, денесін еңкейіп, оң қолын жер ошақтың ішіне соза
берді. Ойы жер ошақтағы күшіктердің ішінен шешесіне аумай тартқан
біреуін көтеріп алу. Сол күшікке қолы тие бергенде, иттің арс ете түскенін
естіді. Жалт қараса қарынан қапсыра қауып қалған екен. Шошынған Шоқан
қолын жер ошақтан жұлып алғанда, ит қарын аузынан босатты да,
«ұмтылсаң тағы қабам» дегендей ере тұрған қалпында қаттырақ ырылдады.
Шоқан жасқанып шегіне берді.
Иттің Шоқанды қапқанын көрген Шыңғыс, жер ошаққа таяна, қолына
қынабынан суырған қылышты жарқылдата ұстап күймеден қарғып түсті де
қаншыққа ұмтылды. Ол тайып кетті. Бірақ алыстамай анадай жерге барды
да етпетінен жатты. Шыңғыс Шоқанның ит қапқан қолын қараса, жеңінің
ішінен қан сорғалап тұр. Жеңін түріп қараса, қарының бұлшық етіне
недəуір жара түсіпті...
– Тек, сау ит болғай да, – деді сол шақта қастарына келген Драгомиров.
– Енді қандай ит деп ойлайсыз? – деді Шыңғыс.
– Қайдам, – деді Драгомиров, – айдалада жалғыз қалуына қарағанда,
құтырған ит болмаса?..
Шыңғыстың зəресі ұшып кетті. Драгомиров Шоқанның бір жеңін
түбінен жыртып ап, жарасын таңуға кірісті. Оның қолындағы бар дəрісі
спирт. Аздап ішетін дағдысы бар ол, командировкаға шыққанда,
«француздық» деп аталатын үлкендеу бір шыны флаконға спирт толтырып
ала шығатын да, оңаша жерлерде, суға қосқан бір рюмкасын қатып қоятын.
Драгомиров кішкене қол саквояжынан сол флаконды алды да, түбінде
қалған аз ғана спиртке Шоқанның жыртып алған жеңін малшып, жарасын
байлады. Спирт жараны удай ашытып жіберді. Бірақ Шоқанда шыдамауға
амал жоқ «құтырған ит» дегеннің не екені мəлім ілгерірек уақытта өз үйінің
бір иті құтырып, сонымен таласқан иттердің бəрі құтырып, олар қапқан
малдар да құтырып,... бір жаз сол маңайдағы ел қос – үрейден əлек-шəлек
болғаны бар... Əйтеуір адамдар аман... Ақыры, Бағланнан дəрігер келіп, сол
маңайдағы ауылдардың иттерін, бекініс солдаттарына түгел атқызып,
«қауіпті - мыс» деген малдарды да атқызып, «құтырған итке жолапты-мыс»
деген біреулерді бірер ай бекініске қамап, елдің құтын ұшырған... Сол
оқиғаны көз алдынан өткерген Шоқан, «қапқан ит құтырмаған болғай да»
деген сөзді естіген соң қалай қорықпас?!. Шыңғыста да бұл сөзден зəре
жоқ...
– Мылтық қайда? – деді Шыңғыс Абаға.
– Күймеде, – деді Аба.
– Əкел, тез!
– Оны қайтесің? – деді Шоқан.
– Ату керек, итті де, күшіктерін де.
– Оның не пайдасы бар, əке? – деді Шоқан, – құтырған ит болса, мен
бəрібір жынданам.
– Астапыралла, айта көрме, Қанашжан! – деді Шыңғыс үрейлене түсіп. -
Əкелші, мылтықты! – деді Шыңғыс Абаға, – болшы тез!..
Аба да аттардың басын Драгомировке ұстатып, өзі күймеде жатқан
мылтықты алып Шыңғысқа ұсына бастағанда, Шоқан қолынан жұлып
алды.
– Құтырған иттерді көрдік қой, – деді ол, таңдана қараған əкесіне. – Ит
түгіл, құтырған ешкілер мен қойларды да, түйені де көрдік. Ес бола ма
оларда? Көрінген нəрсеге килікпей ме? Ал мынау итте ес бар. Ес болмаса
ол күшіктерін осынша қорғамас еді!..
– Ойға сияды, – деді Драгомиров.
Шыңғыстың əлгінде отқа қызған қорғасындай балқып қалған қорқыныш
сезімі, баласының сөзіне жəне Драгомировтың ол сөзді қолдауынан аздап
тобарсыған сияқтанды...
– Кеттік! – деді Шоқан күймеге беттеп, – қайтеміз тиіп? Бейшаралар
күнін көрсін!..
Олар жөнеп кетті. Олардың беті - Бағлан. Бұл арадан ол алпыс - жетпіс
шақырымдай. Орта жолда «Теңіз» аталатын, суы саумалдау, ұзын тұрқы
Достарыңызбен бөлісу: |