Атбасар жəрмеңкесінен абыройлы қайтқан, одан кейін Батыс Сібірдің
генерал-губернаторына жəне соғыс губернаторының сүйіктісі бола
бастаған, кəтте, оларға күйеу болуы байқала бастаған Шоқанды күндеді,
əлдеқалай «азиятқа», оның ішінде жаны жек көретін «киргизға» ондай
абыройды қимады. Ол Шоқанды осы абыройдан ада ету айласына кірісті.
Сонда «таптым» деген бірінші айласы – Айжан мен Шоқан жайында
Тұхфатуллиннен естіген əңгімесі.
Майдельге Шоқанның кімге үйленуі қажет емес, Айжанға байланысты,
Гутковский мен Шоқан арасына, Гасфорт пен Шоқан арасына іріткі түсіру...
Өйтпегенде ше?.. Шоқан мен Катерина өзара əлі ұғысып болмағанмен,
көлденең жұрт оларды əлдеқашан болашақ қалыңдық пен күйеуге жорып
қойған. Ол күнге əлі талай уақыт бар деп санағанмен, Майдельге Шоқан
мен Катеринаның арасына бүлік өртін осы бастан тұтата беру қажет. Егер
Катерина араздасса, əкесі Гутковский де, нағашысы Гасфорт та араздасады.
Өйте қалса Майдельге құдайының бергені!..
Майдель тұтқан өсек өртін өршітер адам даяр, ол – Омбының, өсек
қордасы баронесса Бляу. Оның ері Бавариядан келген барон – Вильгельм
Бляу. XX ғасырдың бас кезінде, Батыс Сібірде ерекше тапсырмалардың
чиновнигі болып қызмет атқарған да, Наполеон соғыстарында армияға
кетіп, қаза тапқан. Əйелі Омбыда тұра берген.
Жас аралары алшақ болғанмен, қылықты баронесса Майдельдің көңіл
сүйерінің бірі. Соның үстіне араласар адамы, қатынасатын қоғамы көп
Бляу, полиция басқармасында тыңшылық қызметін де атқарып, Омбының
қай жерінде, қандай тышқан қалай жорғалағанына дейін Майдельге
хабарлап тұрады.
Шоқан мен Катерина арасына өсек өртін тұтату жайлы Майдель айтқан
өтінішке, баронесса бірден көне кетті. Сонда қайдан, қалай тұтату керек?
Əрине, Гасфорттың əйелі Елизавета Николаевна мен Гутковскийдің
əйелі – Екатерина Христиановнадан. Баронесса олармен дос. Олар қала
өсегін көбінесе осыдан естиді. Жəне баронесса жəй ғана өсекші емес,
есегінің дəм-тұзын татыра, ретіне келтіре айтқыш. Ол кофе ішіп, аз уақытқа
ғана кеңесуге келген боп, қызғылықты бір өсектерді дəмдендіріп бастап
кетеді де, аяғын ұзақ күнге, ұзақ кешке созады... Генералшаларда ондай
əңгімелерді тыңдарлық уақыт жеткілікті жəне құмарта тыңдап, хал-қадары
жеткенше, əрі қарай ездері де өрбітіп əкетеді...
Сондай бір мəжілісте баронесса, генералшаларға Шоқанды көтермелей
мақтап отырып:
– Сол жігіт Атбасар сапарынан үйленіп қайтыпты деген қауесет рас па?
– деп сұрап қалды.
– Естіген емеспіз, – десті. Шоқанды Катеринаға ұйғарып жүретін
генералшалар, таңданған кескінмен. – Кімге?
– Айтуға ауыз бармайтын қауесет!..– деді баронесса, генералшаларды
сол кеңеске құмарландыра түсіргісі кеп.
– Айтыңыз!..
– Нанбайтын сөз!..
– Сонда да!
– «Нанбайтын» дейтінім: хан тұқымы, орыс офицері, ақылды, білімді
Шоқан, туған аулындағы құлының қызына үйленген!..
– Мүмкін емес! – деді екі генералша қосарланған дауыспен.
– Менің де нанғым келмейді. Бірақ осылай болуы анық!..
Баронессаға сенетін екі генералша, бұл хабарды екі түрлі жан-жүйесімен
қабылдады. Елизавета Николаевна Катеринаны ерінің көңілі үшін ғана
сырттай жақсы көрген боп, іштей баланы сүймейтін бедеулік санасын
өзгертпейтін сондықтан оның тұрмысы мен тағдырына да «немқұрайды»
қарайтын; бұл жолы да сол қалпын өзгертпей, «ах, ох!.. Онысы қалай?!..»
деп абыржыған сияқтанғанмен, іштей қынжыла қойған жоқ.
Ал, Шоқанды қызының күйеуі болады деген сенімдегі Екатерина
Христиановнаға баронессаның есегі төбесінен жайдай соқты. Бұл
соққыдан оның басы айналып, жүріп өрекпіп талықсып кете жаздады.
Өйтпегенде ше?.. Катерина мен Шоқанның бір-бірін шын жүректен сүйе
бастауын, түбінде тағдырларын қосарлық ойлары барын Омбыда естімеген
жан жоқ сияқты. Олар енді мына хабарды естісе не демек?! Бұл ойлардан
басы айналған сияқтанған I Екатерина Христиановна баронессаға да,
жеңгесіне де сыр бермеуге тырысып:
– Кімге үйленсе де мейлі! – деген болды. Онысы сыздаған жүректен
шыққан сөз екендігі бет-ажарынан байқалып тұрды. «Өсек өрті тұтанды»
деп сенген баронесса, «бұл жолға осы да жетеді» дегендей, ар жағын
өршіте түсуді келесі жолғасулардың сыбағасына қалдырды...
Бірақ Екатерина Христиановнаның сыбағысында тұтанған өсек өрті,
баронесса үрлемей-ақ, күннен күнге өрши берді.
Неге екенін өзі де білмейді оның, Шоқанға қызы ғана емес, өзі де
ғашық; бірақ əйелдік жүректен емес, аналық жүректен. Кішкене шағынан
білетін Шоқанды, ол туған баласынан кем көрмейді. Сонша сүйетін адамы
жалғыз қызымын, өмірлік жары болса, анаға одан артық бақыт бар ма?
Сондай үміттегі Екатерина Христиановна баронесса Кляудың өсегін
естігенде алғаш есеңгіреп қалғанмен, есі кіре осы өсекті анықтау амалына
кірісті.
Бірақ, қалай? Шоқаннан сұрауға ма? Өйткенде, қате болса мақұл, рас
болса ше? Ар жағын айтуға аузы бармайды... Бұл есекті қызы естісе ше?..
Бірақ, қызына бұл жайда сөз қатуға батылы жетпеді. Егер қатса, қызы
өзінен əлдеқайда артық ауырлар деп қорықты. Қызын «əзі қайтер екен?»
деген сынға қойды. Сонда да «əлдекімнен естіп қала ма?!» деп зəресі жоқ.
Омбыға тараған өсек желі Катеринаның да құлағын қақпай қоймады.
Баронесса жұмсаған əлдекімнен əлдеқалай естіген өсекке, ол Да қатты
қынжылды. Бірақ ол да шешесіне тартқан сабырлылығына бағып,
анықтағанша іштен тынып жүре берді. Бірақ кімнен, қалай анықтау керек?
Əрине, Шоқанның өзінен. Оның расын айтуына Катеринаның ешбір күмəні
жоқ.
Өйтудің де сəті түсіп, сырқатынан жеңілдене бастаған күндердің
біреуінде үйіне Шоқан келе қалды. Ақылды қыз жандай досын тігінен
тарпа бас салмай, əңгімені оспақтаған сөздерден бастап кетті. Августы
орталаған сол бір тұстың райы, Сібірде сирек кездесетін тыңшулау болып,
төсектен тұрып жүрген Катерина аздап пысыңқыраған халде де еді.
Шоқанмен бұрынғы қалпынша жылы амандасқан Катерина:
– Омбының күні қапа болып кетті. Үйден шығып салқындар бау-
бақшасы жоқ. Көшелері – шаң. Орман арасына кетіп тыныстауға саулық
босатпай жатыр! – деді, бетің кеудесін нəзік алақандарымен желпіп.
– Омбының Петербургқа ұқсамайтыны рас, – деді Шоқан қалжыңбас
ойнақы қалпына бағып. – Бұнда сəулетті баулар, скверлер, оларды
сəндендіретін ескерткіштер, көркіне көз тоятын құдайы үйлер (храмы),
салтанатты сарайлар, мөлдіреген каналдар жоқ... Күн кешкіре, Омбыны
сұрғылт буалдыр басады, түн туа қою қараңғылық бүркейді; шамдары
жарқырап, халқы серуендейтін көрнекті көшелері де, сауығы қызық
театрлары да жоқ!..
– Сондай қызғылықты Петербургті көрген кісінің Омбыда тұрғысы да
келмейді.
– Ол Петербургқа үйреніп қалған сен боларсың. Ал, бізге, яғни маған
Омбы да қанағат...
– Бұдан тəуір қаланы көрмегендіктен айтасың, Шоқан! Егер көрсең,
сенің де бұнда тұрғың келмес еді...
– Тұрғым келер еді, сүйікті Катя!.. – деді Шоқан, – Петербургқа тұра
қалған күнде де, Омбыға қайтуға асығар едім...
– Үйленсең ше?
– Үйленсем де!
– Жұбайың ұлықсат бермесе ше?
– Ұлықсатына қарамаған болар ем...
– Неге?! Оның пікірімен санаспайсың ба?
– Менің пікіріммен санасса ғана...
– Мысалы, қандай пікіріңмен?
Бұған дейінгі сұрау-жауаптарын қалжыңды кескінмен айтқан Шоқан,
соңғы сұраудан кейін, байсалды кескінге көшті де, түпкі сырын аңғартқысы
келген салмақты дауыспен:
– Катя! – деді.
– Ия, Шоқан! – деді Катерина да салмақтанып, ол оны сезгендей.
Əркімге туған, өскен жері, елі қымбат. Менің туған жерім – батыстық
сібір. Туған елім – қазақ, тəрбие алған қалам – Омбы. Бұлар менің ең
қымбаттарым...
– Болса ше?
– Қолдан келген қызметімді, ең алдымен солардың игілігіне жұмсау
ниетіндемін.
– Сонда?
– Менің туған елім мəдениет сатысының төменгі басқыштарында, оны
жоғары көтеру керек.
– Ол үшін?..
– Солардың ішінде болып, жетекшілік жасауым керек.
– Бірге тұрып па?
– Қажеті болғанда, сөйтіп те?
– Aha! – деді Катерина, көп мағыналы үнмен, – жұбайын да сондай
тұрмысқа көнетін əйел болуы керек қой?
– Əрине!..
Катеринаның көңіліне түйткіл болған сөз шешілгендей болды.
Енді не істеу керек? Бұл сөзді əрі қазғылау, Шоқанмен араздасып айрылу
деген сөз. Өйтуге ақылы жеткенмен, батылы жетпеді. Қалай жетеді?
Араларында да бала жастан шешілместей болып шиеленіскен достық. Сол
бір күнəсіз көңілдерін еске түсіргенде, Катерина «осы қалыпта тұра
бермей, неге «қыз», «жігіт» болып ер жеттік?!» деп те өкінеді.
Шоқанның түпкі көңілі өзінде емесін сезген сағаттан бастап,
Катеринаның басы осындай ойлармен дал болды. Сонымен қатар, ойын
кейін намыс та кернеді. Өйтпегенде ше?.. «Шоқан осыған үйленеді» деген
өсек өрті, Омбы ішінде күн санап өршуде. Жан ашыр жəне сырлас
құрбыларының бұл жайда оны құттықтағаны да бар, Соның бəрі жоққа
шықса, ел не демек туғандары, достары не демек? Романдар көзімен
қараса, бұның арты монастырьға кету...
Өз ойы жетпеген Катерина, бұл мəселеде, ең жақыным деп санайтын
шешесіне ақылдасты. Оның айтқаны:
– Асықпа, қызым. Жасың жетіп отырған жоқ. Күйеуге шығуға алда
бірталай уақыт бар. Сол уақыттың сынына салу керек бұл мəселені. Шоқан
күңіне үйленеді дегенге мен өзім нанбаймын. Бұл мүмкін нəрсе емес. Ер
адамның көрсе-қызарлық жайы белгілі. Сымбатты, ажарлы қыз деседі.
Соған əлдеқалай қызыға қалуы рас та шығар. Ер жынысты адамның
жолында ондайлардың талайы кездесіп те, қалып та жүреді. Мен білетін
Шоқан болса, бір көрмеге қызыққанмен, күңіне үйленетін масқараға
бармайды. Көрерсің, жүре келе айниды ол. Осы жайды уақыттың өзі
көрсеткенше, сен сабыр ойла да, оған дейін институтынды аяқта!
Катерина осы ұсынысқа көнді де, шешесі арқылы жол жайын əкесінен
басқа ешкім сезбей, əлдекімдерге еріп, ылаумен Петербургқа аттанып кетті.
Салқын қоштасқан Шоқан, оның бұл жайын түсінбеген жоқ. Түсінгенде не
істейді?.. Өз шешіміне берік!..
Жұрт білетін жайды Гасфорт та сезбей қойған жоқ. Сезу былай тұрсын,
Омбыдағы өсек қапшығының ең кеңінің біріне саналатын əйелі, бұл жайды
оған əлдеқайда есіре жеткізді. Қызға, əсіресе аққудың көгілдірігіндей боп
өсіп келе жатқан Катеринаға таңдаған күйеуі табылады деген сенімдегі ол,
əйелі айтқан өсекке қынжыла да қойған жоқ. Шоқанның қылық-мінездерін
ұнатып жақсы көргенмен, іштей «азиат» деп менсінбей қарау онда да
болатын. Сондықтан «күйеу болмаса мейлі!» деп те бекінеді ол. Оның ойы
– Шоқанның қайрат-жігерін, өнер-білімін мемлекеттік істерге мейлінше
пайдалану. Бұл жағынан баламы жоқ жан сияқты...
ЖАЛҒАСҚАН ЖҮРЕКТЕР
Гасфорттың жұғысса өртеп жіберетін оттай, батырып жіберетін судай
қорқатын сөзі «революция» еді. Есейген кезінен бастап, бұл сөз оның
ұғымында, көк тəңірісінің жердегі өкілі – патшаны, оған қоса,
патшашылдық құрылысты түбірімен жою... Қалай ойласа да ақылына
сыймайтын сөзден Гасфорт ат-тонын ала қашты.
Соншама қорқатын оқиғаға, 1825 жылдың декабрінде өзі де килігіп,
сенат алаңында декабристерге оқ атушылардың, жəне аямай, өшіге
атушылардың бірі болды. Декабристер тиісті жазаларын тартқаннан кейін,
«енді тишыққан болармыз» деп жүргенде, мылтық гүрсілі бүкіл Европаны
сілкіндірген 1848 жылдың революциясы естіле қалды. Гасфорт оған да
қатты елеңдеп, «патшалық Россияны қай жанынан киіп кетер екен» деген
үрейлі алаңмен жүргенде, ол оқиға жырақта күркіреген күндей айбынмен
Россияға жеткен, əрең деп басылды!.. Оған да шоқына шүкіршілік етіп
жүргенде, жыл тəулігі айналмай, құлағына Петербургтан петрошевшілдер
оқиғасы шалына кетті.
Қаңқуға қарағанда олар декабристерден де жаман. Декабристер өздері
тілеген еркіншілікті патшаның қолымен жүргізбек болса, петрошевшілдер
патшашылдық былай тұрсын, Россиядағы крепостнойлы правоны да
жоймақ. Олай бола қалса, бұл ауыр таяқтың күшті соққысы Гасфорттық
өзін де қансыратуы мүмкін. Өйткені, оның да Кавказда крепостнойлық
шаруалар бағып келе жатқан помещиктік шаруасы бар.
Соншама қатерлі өртті тұтатуға тырысқан петрошевшілдер Омбыға
айналғанда, Гасфорт қолынан келетін қаталдықтың бəрін жұмсады:
корпустың алдынан өткен оларды, тапқа тізген кадеттерге шыбықпен
сабатудан бастап, жүдеп-жадап келген тұтқындарға Омбы Острогінде де
күн көрсеткен жоқ. Сондағы қолшоқпары Шпигель аталатын адьютанты.
Ол «шаш ал десе, бас алатын» қаһар. Адамдық санадан басында түк жоқ
ол, Гасфорттың петрошевшілдерді қатал ұстау туралы бұйрықтарын
əрдайым асыра орындайды.
Сол жендетке 1853 жылдың жазында, Шоқан Атбасар сапарында
жүргенде, ажал жетті де өлді. Гасфорттың басына «орнына кімді қою
керек?» деген сұрау туғанда, есіне бірінші болып түскен адам – Шоқан.
Оған Шоқан екі жақтан қолайлы көрінді:
Бірінші, оның ұғымында, бір халықтың адамына, екінші халықтың
адамы мейірімсіз бола алады. Романовтардың кейінгі үш-төрт ғасырда,
сарай төңірегіндегі əкімшілікке əуелі татарларды, одан кейін немістерді
топтауы, Балтық төңірегіндегі, Қавказдағы, Қырымдағы, Сібірдегі отар
елдерді билеуге көбінесе соларды жіберуі осыдан. Сондықтан да Гасфорт
Омбы острогын немістен шыққан Шпигельге басқартқан. Отар ел –
қазақтан шыққан Шоқанның тұтқындарға қаталдығы одан кем болмауға
тиісті.
Екінші, «Омбы острогы» аталатын қамал, сырынан Гасфортқа жарылуға
əзір снарядқа ұқсайды да тұрады, сондағы іштей кернеген қызуы –
петрошевшілдер сияқтанады. Бұл есімді саяси қылмыстылардың ойы, ісі
қандай болғанын Гасфорт өсек-аяңнан ғана топшылайды да, егжей-
тегжейін білмейді. Қағаз қарауға еріншек ол, Петербургтан Омбыға
петрошевшілдердің ізін шала келген, олардың қылмысын баяндайтын
бума-бума істердің біреуінің де бетін ашқан емес. Кейде ашайын деп
ойлағанмен, бұл бумалар қордалы жыланның апаны сияқтанады да,
«өрбітіп алармын» деген қауіппен қолдарын тигізе алмайды. Оған да
Шпигельді жұмсаса, жұдырықтан басқаға ебі жоқ ол, ақтармаса да
ақтардым деп, «пəлені, түгені бар екен» деген қорқынышты үдете соғып,
жолағысы келмейтін Гасфортты тіпті шошытады.
Сөйтіп ішін ашып көруге талай оқталып, сақтанған сайын қол тигізуге
батылы жетпей жүрген петрошевшілдердің істерін, Шпигель өлгеннен
кейін, Гасфорт Шоқанға ақтарту арқылы білгісі келді. Мұндай іске
Шоқанның ақылы да, білімі де, ынтасы да жетуін Гасфорт жақсы түсінеді.
Оның ұсынысына Шоқан көне кетті.
Неге?
«Революция» деген сөзді, оның сол кездің ұғымындағы мəнің Шоқан
Кадет корпусында оқып жүрген кезінде, тарихтан сабақ беруші
Гансевскийден естіген. Ол, əсіресе, 1789–94 жылдарда Францияда болған
ұлы революция тарихына ұзақ тоқтап егжей-тегжейін түгел айтып беретін...
Бері келе, Батыс Европаны тітіреткен 1848 жылдың революциясы қалай
басталып, немен тынғаны кадет корпусына да, Шоқанға да жетіп жатты.
Оның алдында 1825 жылы Россияда болатын декабристер көтерілісінің
мəн-жайынан да Шоқан хабардар. Ол, негізінде дворяндардың жаман
патша орнына жақсы патша отырғызу мақсатынан шыққан көтеріліс екенін
біледі. Шоқан оларға іштей жылы ұшырағанмен, сырттай қолдаған емес.
Сөйтіп жүргенде петрошевшілдер оқиғасы дүңк ете қалды. Оның да
хабары Омбыға, кадеттерге тез жетті. Сондай еміс-еміс хабарға Шоқанның
мейірі қанбай, анығын білуге құмартып жүргенде, Гасфорттың Омбы
острогын бақылауға алу туралы ұсынысы, ойына дəл келе кетті.
Петрошевшілдердің істерінен бұрын, Шоқан «Омбы острогы » аталатын
қамалдың тарихымен танысып алуды мақұл көрді. Соған байланысты
материалдарды қарастырып көрсе, оның іргесі, 1716 жылдан бастап, Омбы
өзенінің Ертіске құятын оң жақ, биік жарқабағының ұшар үстіне Омбы
қаласымен бірге қаланған екен. Аумағы ат шаптырарлық кең, қабырғалары
қарағай бөренелерден қиылған, қырқаларына ұшталған ағаш қазықтан жиі
аран тігілген, төрт бұрышында күзет тұратын мұнаралары бар, темір
қақпасы шығысқа қараған бұл қамал, алғашында көршілес көшпелі
елдердің шабуылынан, тұрғын адамдардың қорғануы үшін жасалған. Кейін,
он сегізінші ғасырдың өн бойында, он тоғызыншы ғасырдың алғашқы
ширегінде патша өкіметінің отаршылдық саясатты қатал жүргізуіне қарсы
көтерілген
елдердің
мыңдаған
бостандықшылдары
Сібірге
жер
аударылғанда, алғаш кідіртетін орны осы қамал болып, кейбірі ұзақ
тоқыраған да, енді біреулері əрі қарай жөнелтілген. Декабристер
көтерілісінен бастап, бұл қамалға орыстың саяси қылмыстылары да
тоғытылып, біртіндей келе, қамалған тұтқындар түгелге жақын орысқа
айналған.
Қамал
Шоқанның
бақылауына
көшкен
шақта,
оның
кіріптарларының көпшілігі петрошевшілдер еді.
Өзге білім жүйелерінен гөрі, іші көркем əдебиетке көбірек бұратын
Шоқан, петрошевшілдердің істерімен танысуға кіріскенде, ең алдымен
жазушыларды көрді. Олар төртеу екен: Федор Михайлович Достоевский,
Сергей Федорович Дуров, Алексей Николаевич Плещеев жəне Николай
Петрович Григорьев. Алғашқы үшеуінің шығармалары журналдарда
басылып жүретін ал Григорьевтің «Солдат əңгімесі» деген хикаясын
қолжазба күйінде тарап жүрген нұсқасынан кадет кезінде оқыған.
Бұл төртеуінен Шоқанның алғаш қолға алғаны, Федор Михайлович
Достоевский. Онысында мəн бар.
Есін білгелі Шоқанды толғантатын ой – қоғам құрылысындағы жағдай.
Əуелі, ауылда, одан кейін Омбыда байқауынша, адамзаттың қоғамдық
тұрмысына «жоғары» жəне «төменгі» жақтары бар; «жоғарғылары» –
тұрмысы жақсы байлар, «төменгілері» – нашар тұрмыстағы кедейлер;
арғы-бергі орыс əдебиетімен таныстығы мол Шоқанның білуінде орыс
қоғамындағы «төменгілердің» шындық тұрмысын, орыс əдебиетінде
бірінші рет дəл сипаттаған жазушы – Достоевский. Оның «Бишаралар»
жəне «Зəбірленгендер мен жапа шеккендер» деген атпен журналдарда
басылған романдарын Шоқан кезінде бақайшақтарына дейін шағып
оқыған. Осындай халдердің ауылда да барын білетін Шоқан «бишаралар
мен қорлықтағылар кемшіліктен қалай құтылу керек?» деген сұрау
қойғанда, өзі таба алмайтын жауабын əркімдерден сұрастырып, олар да
көңілін көншітпеген соң, «мүмкін өзі білер» деген оймен, Достоевскийге
жолығуды, пікірлесуді арман ететін.
Петрошевшілдердің, олардың ішінде – Достоевскийдің істерімен
танысуға кіріскенде, бұған дейін алыста сияқтанатын арманына Шоқанның
қолы іліккендей болды.
Достоевскийдің материалдарын біраз ақтарып алғаннан кейін, Шоқан
острог коменданты Свинягинді шақырып алды да, тұтқындардың
жағдайын жəне өздерін қалай ұстауын сұрады.
Свинягиннің айтуынша, тұтқындардың ішінде, мінезімен де, қылығымен
де ерекше адам Достоевский.
Шоқан Свинягинге тез арада қамалға барып, хал-жағдайларымен көзбе-
көз танысатындығын айтты. Комендантқа бұл сөз ұнаған жоқ. Себебі
тұтқындардың тұрмыс жағдайы да өте нашар еді. Начальник алдында
момақанси қалғанмен, ол жоқта мастықтан көз ашпайтын аузына арақ тисе,
тіліне тиек болмай, бағыныштыларды бейпіл сөздермен сыбаудан
тынбайтын онымен де қоймай, қымс етсе жұдырық жұмсайтын қол қышуы
қанбаса, кез келген нəрселермен төбелейтін Свинягин, Шоқан қамал ішімен
танысса, осы қоялары қопарылар деп қорықты. Шпигель ондай
қылықтарын елемейтін. Шоқан қиянатты қолдамайды деп естиді.
Ол содырлығының үстіне, зұлымдығына найза бойламайтын тақыс,
ішінде не сыр барын аңғартпайтын қу еді. Осторгке қамалған адамдардың
қандай жүйеге бөлінетінің олардың қайсысын қалай бақылауды полиция
басқармасы оған басында айтқан. Оқуы жағынан шала сауатты болғанмен,
тоқу жағынан Свинягин жүйрік те. Тұтқындардың қандай қимылдар
жасауын, ауыздарынан қандай лептер шығуын ол мүлтіксіз бақылататын;
олардан естігендерін полиция басқармасындағы басшы начальнигіне күн
сайын хабарлайтын. Кейде, кейбір қатерлі камераларға алдап-соғарлар
(провакатор)
жіберіп,
тұтқынның
қапысын
табуға
тырысатын.
Тұтқындардың қайсысына сырттан кімдер қатынасатынын да Свинягин
үнемі бақылап отырып, начальнигіне табан аузында мəлімдейтін.
Шоқанның қамалға бару ниетін Свинягин сол күні-ақ начальнигіне
мəлімдеп қойды. Ол Майдельдің, құлағына салып еді, «бақылат, тыңдат»
дегеннен басқаны айтпады. Полициялық, əсіресе тыңшылдық білімнің
барлық мəнін тамам еткен Майдель қандай істер болса да асықпай, саспай,
егжей-тегжейін түгелдеп алуға тырысатын еді. Шоқанның ізіне кадет
күнінен түскен ол, Атбасар сапарын бақылауды Тұхфатуллинға тапсырған.
Айға жақын жолаушылағанда Шоқанға момақансудан басқа мінез де,
қылық та көрсетпеген Тұхфатуллин, оның жүріс-тұрысын да, қайда не
айтып, не қойғаны да Майдельге ауызба-ауыз жеткізген. Сол естігендерінен
өрт тұтанар деп дəмеленгені – Катерина мен Шоқанның арасы еді; ол
дəмеден
əзірше
ештеңе
шықпай,
Катерина
томаға-тұйық
түрде
Петербургіне аттанып кетті. Ол əрине, жай аттанған жоқ. Майдельдің ойы –
соны асықпай анықтау. Шоқанның петрошевшілдер ісін бақылауы,
Майдель үшін жаңалық. Кейбір мəліметтерге қарағанда, Шоқан
демократтық идеямен де əуейленетін сияқты. Шоқанды «білем» дейтін
Майдельдің ойынша, бұл еш нəрсе өнбейтін іс. Сонда да бақылау керек.
Свинягинге тапсыруы да содан. Шоқаннан күтетін ең зор қаупі – халқын
сүюі, соның заман жайынан ұйқыдағы санасын оятуға тырысуы. Майдель
үшін бұл жақсы ниет емес. Бірақ қашан анықтағанша қадағалай зерттейтін
жəйт. Петрошевшілдер ішінде қазақ жоқ. Олардың программасында отар
ұлттарды теңдестіру идеясы бары рас. Шоқанның осы қақпанға түсуі
мүмкін. Оны сығалай сонарлау керек.
Майдель сонарлай берсін, біз əзірге оқырман көпшілікке Шоқан
жолығар алдындағы Федор Михайлович Достоевскийдің хал-жайын
қысқаша баяндап берейік. Оның Омбы острогіне қамалуы алты жылға
айналып барады. Содан бері отырған камерасы: ішкі қуысы айналымға
келмейтін тар, темір торлы кішкене терезесі жоғарғы жабықта ғана
сығырайған, шикі кірпіштен қаланған қабырғалары үнемі ыстанып тұратын
дымқос, ауасы əрі салқын, əрі сасық, жатар орны – тағандарын тасқа
бекіткен темір төс ағаш, төсеніші – сабан көптеген тоқымалы жөке, қалың
темірден жасалып, сыртынан үнемі қаптаулы тұратын есіктің орта тұсында
күн сəулесі бар шақта күзетшілер сығалайтын үлкендігі көз аумағындай
ғана тесік оның да бақылаудан тысқары уақытта жауып қоятын қақпағы
бар, темір ыдысқа құйылған мардымсыз ас сол жаппалы есіктің
табалдырығынан ішке сырғытылып жіберіледі де, кезінде ішіп үлгерсін,
үлгермесін, байланған шынжырмен кейін тартылып алынады; дəретке
күніне үш-ақ мезгіл ұлықсат етіледі, одан басқа уақытта қайтсе де шыдау
керек, шыдамаса карьер аталатын тамұққа тыға салады. «Дəретхана»
дейтіні іші əрі қараңғы, əрі лас кең қора; тысқы ауада тыныстау, аптасында
екі-ақ рет...
Осындай мекенде тұратын Достоевский, Свинягин айтқандай, ояу
сағаттарында, көздерін жұмған, басын екі алақанымен қатты қысқан
қалыпта, аяқтарын жерге салбырата, кровать үстінде қимылсыз отырады да
қояды. Кешірген күндерінің бəрін көз алдынан сансыз рет тізбектей
өткізетін оның ойы 1849 жылдың 22 декабріне біраз кідіріп тұрады. Сол
күні
жоғарғы
соттың
соғыстық
коллегиясының
шешімімен,
петрошевшілдерден дарға асылуға бұйырылған он бес адам, жаза орнына
күндізгі сағат он бірде əкелінген еді, солардың біреуі – Федор Михайлович
Достоевский. Асылуды «қызық» көрушілер алаңға былай да көп жиналған.
Оның үстіне, халықты мұндай қылмыстан шошыту үшін, əскер жəне
полиция қызметкерлері былайғы жұртты да айдап əкеп, Петербургтағы
Семеновский алаңына иіріп қойған. Сол араға құрылғандардың
арқалығына, жазалыларды асатын тұзақтар салбырап тұр. Тəртіп бойынша,
əр жазалы бір-бір тұзақ астына келіп тізесінен шөге отырады да,
Петропавел
қамалының
начальнигі
генерал
–
Набоков
соғыс
коллегиясының шешімін жариялайды, священник жазаланушыларға елер
алдындағы өсиетін айтады. Содан кейін қылмыстылар тұрады да, тақтай
табуреткаларға көтеріледі, бастарына қапшық киіледі, қолдары-аяқтары
тұсалып, мойындарына тұзақ ілінеді, содан кейін жендеттер бастығының
қол сілтеген ымымен, арқанның екінші ұшын ұстап тұрған жендеттер
асылатындарды тарта жөнеледі...
Асылуға тиісті серіктерінің қатарында орта тұсын ала тұрған
Достоевский үлкен көгілдір көздері, тиісті тəртіптер орындалып жатқан
шақта, төңірегін қоршаған қалың топта болды. Тұтқынға алынған,
Петропавел қамалына жабылған шақта, өз басының қылмысы жоқ деп
санайтын ол, сот мұншама қатал жаза кесер деп ойламаған еді, сондықтан
соттың шешімін, коллегия мүшесі – князь Гагарин жариялағанда, күтпеген
жазаны естіп, бетін алақанымен баса, өкіріп жылап жіберген. Екі жағында
қатар тұрған жақын серіктері ағайынды Дебулер еді, олар Достоевскийдің
бұл осалдығын ұнатпай, екі бүйірінен де қатты түртіп қалды.
Достоевский селт етіп көз жасын тыя қойды. Содан кейін қандай ауыр
ойларға шомғанмен көзіне жас алған емес-ті. (ол жасты асылар алдында
алғысы келмеген Достоевский, Шоқанның Петербургте сол күні ызғарлана
қалған аязындай, бойын берік ұстап, қатты да қалды. Дəл қазіргі сағатта
өздерін қоршағандардың бəріне бірдей Достоевский ерігіп тұр; қарапайым
жұрттың бəрін де қайратсыз тобырға санап, «қырманға апарған қойлардай,
шетінен қырар ма еді!» деген ызада тұр...
Сондай ойда тұрғанда елім жазасының шешімі оқылып та, поп ахиретке
жөнелтер уағызын айтып та, басына қара жамылтқы киіліп те, мойнына дар
тұзағы ілініп те, тұзақтың арғы ұшын жендеттер тарту əрекетіне кірісе
бере, асылатындар мінетін табуреткалар əрқайсысының қасына қойылып
та, денелері күшпен көтеріліп те үлгерілді. Асылатындардың, олардың
ішінде Достоевский көңілдері «енді өлдік!» дегенде бекіп, тек азап
секундтарын жандары түршіге күткенде, құлақтарына əлде не аттың
шапқан дүсірі шалынды, ат жақындап кеп тоқтай қалған сияқтанды;
əлдекімнің «кешірім!» деген қатты үні естілді. Айғайлы арғы сөзін «ұлы
даражалы государь императордың кешірімі!» деп жалғастырған ол, асылуға
бұйырылғандардың жазасын, патшаның оларды Сібірге мəңгілік каторгіге
жіберумен ауыстырғанын айтып берді...
Жұрт тым-тырыс... Музыка əлде не күйді қысқаша ойнап берді. Шала-
жансар сияқты халде тұрған Достоевскийдің одан кейін сезгені:
мойнындағы өлім тұзағы алынды, басындағы өлім қапшығы сыпырылды,
ойына «асылдым!» деген сана бекіген кезде, өлімді көргісі келмегендей
тарс жұмып алған көзін ол əлі ашпап еді, қасындағы əлдекім «түс!» деп
жекіді оған. Қаһарлы дауыстан сескенгендей жалт қараса – жандарм!.. Ол
түсін суыта түсіп тағы да «түс» деді де, түсуін күтпегендей, қол-аяқтары
кісендеулі Достоевскийді табуреткадан итеріңкіріп қалды. Достоевский
құлап барып оңалды...
Сонда ғана байқаса, шапқыншы, патша сарайының министр!, генерал-
адьютант князь Долгоруков екен. Алты ай бойына үздіксіз қараңғы тас
қамауда жалғыз жатып, жаны түгіл тəні де ойсырап əлсіреуінен бе, əлде тірі
қалуына есі шығып қуанудан ба, Достоевский тағы да көзін жұмған
күйінде теңселіп барып құлап кетті. Жандармерия адамдары оны жер
ауушыларға арналған барактың лазаретіне, ессіз күйінде сүйреп əкеп
тастады.
Сібірге жер ауатындар шаналы атпен ең əуелі Қазан қаласындағы
лагерьге апарылатын еді де, сонда Сібірдің қай тұсындағы қамауына,
кімдер жіберілетіні іріктеліп, топ-тобымен əрі қарай жөнелтілетін.
Достоевский Омбы қамалына баратындардың тобына ілікті. Қыс басы –
қырауда, ат ылауымен Қазаннан Омбыға жету оңай болған жоқ. Тұтқындар
көбінесе жаяу аяңдайды да, шанаға, тек, жандармерия қызметкерлері жəне
болдырған я сырқаттанған тұтқындарды ғана отырғызады. Сол бір қыста
боран көп жəне қатты болғандықтан, жүргіншісі аз жол бойына жал-жал
күртіктер тұрып, алдағы тоқырау орындарына əлсіз аттар түгіл, қарулы
жылқылар да сүлдерін сүйретіп əрең жетеді. Біразы болдырып жолда
қалады. Ал, тұтқындарға тыным жоқ. Қашан қалжырап жығылғанша, қарға
малтығып олар ілгері тырмысып жылжи береді... Солардың біреуі – Федор
Михайлович Достоевский.
Қазаннан Омбыға айдан астам уақытта əрең жеткен жолында, сан рет
қалжырай жүре ол бір жерде де шанаға аяқ артқан жоқ. Табиғаттың оған
берген дене қаруы күшті еді. Сол қуатын ол, əуелі Петербургтағы Чермак
пансионатында, одан кейін инженерлік училищеде оқыған жылдарында
гимнастика сабақтарына белсене қатынасу арқылы шынықтыра түскен.
Құрбыларымен күресе кеткенде, ол, бірсыдырғы балуан да. Ауырлық
көтеруге де мықты болатын. Осы қару оған жаяулаған, жүрісі ауыр
тұтқындық сапарында медеу болып, кейде күні-түні салпақтауға төзіп
бақты...
Жаяулаудың үстіне, тұтқындардың қарны аш: олардың жолшыбайғы асы
суға қайнатқан шірік овощтың сорпасы, іші аязданған арпа нанының
жұдырықтай ғана кесегі. Өзге тағамды көздері де көрмейді...
Тұтқындар Петербургтан бірсыдырғы жылы жəне жеңіл киіммен
аттанған. Қазандағы жандармерия оларды түгел сыпырып алды да, үстеріне
тозған, жамаулы, жел мен аязға панасы жоқ, жауырындарына қарғыс
таңбасындай сарғылт түсті шүберек тіккен, кенептік матадан жасалған əлде
не жексұрын киімдер; аяқтарына бергені: балтырға орайтын ысқаяқ шұлғау
мен жөкеден тоқылған шабата. Бұл киімдер тұтқындарды жолшыбай
дірдектете тоңдырады Тоңғанмен амал қанша, арық малдай сүмеңдеп əлі
жеткенге дейін жылжи береді. Қалжырап құлағандарды, я сырқаттарды
шанаға отырғызады. Оның да рахаты жоқ, Қимылсыз халде дірдектеу
күшейеді, сондықтан, шанадан түсіп, шамасынша тағы жаяу қыбырлайды.
Əлсіз ауруларды кез келген жерге, кейде далаға тастап кетеді. Өліктер де
сондай...
Өзге тұтқындар да, солардың қарулыларының бірі, – Ф. М. Достоевский
де Омбыға аса қалжырап жетті де, көшеге сапта шұбырған түрлерінде
кірді. Кадет корпусы үйінің алдынан өтерде, қолдарына өткір шыбық
ұстаған кадеттердің əр тұтқынды бастарынан бір-бір шықпыртып
өткізгенің Достоевскийді Усовтың өзі де сабамағаның Шоқанға да
сабатпағаның біз осы романның бірінші кітабында баяндағанбыз.
Петербургта дарға асылар алдында, көздері жаутаңдаған қарапайым
жұртты санасыз малға, əкімдерді жыртқыш аңға санаған Достоевский, сол
ойын Омбы көшесіне кіргенге дейін, Усовтың Шоқанға «ұрма,
Достоевский!» деген даусына жалт қарағанға дейін, сонда шыбығын көтере
берген қалпында қата қалған Шоқанға көзі түскенге дейін өзгертпеген.
Шыбығын көтере беріп ұрмай қалған азиат кескінді Шоқанға оның іші
жылып кетті. Бірақ, «қай азиат?» «Монғолы ма, басқа біреуі ме?» Қайсысы
болса да, тұтқынға алынғалы адамдық кескіннен көріп отырғаны осы ғана!
Усовтың даусын естігенмен, оған да жаны жібігенмен, қаз-қатар тізілген
кадеттердің қайсысы екенін түстеп үлгере алмады...
Камалға кіріптар болған күндерде Достоевскийдің ой-санасынан жылы
жүзді жас «азиат» шықпай қойды. Оны көру, реті келсе – сөйлесу
Достоевскийдің арманы. Бірақ, қалай? Қашан?
Бұл сұрау, кешусіз теңіз сияқты көрініп, оған малтудан тыным таппаған,
ұзақ малтып ұшы-қиырына жете алмаған, сонда да күдер үзбеген
Достоевский, қалжырауға айналған күндердің біреуінде, күн сайынғы
дағдысымен, кровать үстінде, басын алақандарымен қыса қаусырып, аяғын
жерге салбырата, көзін жұма, тұнжырап отыр еді, темір есіктің сырт
жағынан құлағына сыбдыр шалына қалды. «Əдеттегі біреулер болар» деген
оймен, Достоевский дыбысқа көңіл бөлмеді, отырған қалпын өзгертпеді.
Салдырлап есік ашылып, əлдекім кіргендей болды.
Қамал камерасына бұған дейін келіп жүретін адамдарының мінез-
құлығы Достоевскийге таныс: ақыра, жекіре, боқтай, байланыса кіретін
олардың өздері үн қатып, не істе деуін бұйырғанша, кескіндеріне түйіле бір
қарап, көзін төмен түсіре қоятын Достоевский, бұл жолы да сөйткісі кеп,
есіктен кіргенге қараса, монгол кескінді кіші офицер!..
«Бұл кім?!» дегендей, Достоевский түйіле қараған көзін төмен түсірмеді.
Камераның қара көлеңке сəулесіне үйренген оның алғыс көзі жас
офицердің түр-тұлғасын тез жəне айқын шалып қалды: ортадан гөрі
сұңғақтау, талдырмаш денелі, қоңыр енді, қалқанын көтере киген
картузынан ілгері сұғынған кең маңдайы мен толық шекесі түгел көрініп
тұр; мұрын жағы кеңдеу, шықшыт жағы тарлау, көздері қиғаштана,
шатынай біткен; қабақтары қалың көз үсті томпақ; түп жағы қою, үш жағы
сұйық қастары, қабақтан шекеге қайқая көтерілген; жотасы қырлау, кішірек
мұрнының танаулары делдиген, жоғары ернінің үсті қарауытып түбіттене
бастаған...
Бұндай сəулеге көзі үйренбеген Шоқанға, Достоевскийдің кровать
үстінде қарауытқан денесі, тірі емес, елі бірдеменің елесі сияқтанды. Аздан
кейін ол сурет айқындала бастады... Оның қылмысты ісіне 1846 жылы
атақты сүгіретші Ройтер бояумен салып, өзіне сыйлаған портреті тіркеулі
еді. Онда Достоевский инженер формасында сəнді киінген, мұрты
қырылған, қырма сақалы қысқа ғана тебіндеген, толықша денелі, қалың
бетті жас жігіт; мына көріп тұрғаны оған ұқсамайды: сақал-мұрты
қабаланып еркіне кеткен; «кескіні шырайлы ма» деп жорамалдаған ажары
тоттанған қорғасын сияқты қара-сұрланған, «қалың ба» деп ойлайтын
шашының маңдай жағы сұйылып, ерт жүрген жердің шөбіндей селдіреген;
бұрынғы қалпында тек қана торсиған шекесімен, татарлар тəрізді шығыңқы
бет сүйегі...
Бір-бірін осылайша тез бағдарлап үлгерген олардан тілге Шоқан
бұрынырақ келді. Тұтқындалғанға дейін Достоевскийдің аға офицер екенін
білетін ол, өз чинінің одан кішілігін білдіргендей:
– Корнет Чокан Чингисович Уəлиханов!.. Батыс Сібірдің генерал
губернаторының адьютанты! – деді честь беріп.
Оның жылы үніне іші жылығандай:
– Тұтқындағы Федор Михайлович Достоевский! – деді ол, кроватынан
түрегеп.
– Сізді білем, Федор Михайлович, – деді Шоқан ақырын адыммен оған
беттеп.
Тұтқынға алынғалы алыстай тұлғасы тұмандана берген адамдық бейне,
Шоқанның денесі өзіне жақындаған сайын Достоевскийге тағы да
біртіндеп айқындала бастаған сияқтанды. Таянып келіп қолын ұсынған
Шоқанға ол да дымқос арық алақанын беріп:
– Кешіріңіз!– деді көзін Шоқанға түйе тігіп, – қайда көрдім мен сізді?!
– Осы Омбының көшесінде болар...
– Иə-иə!.. Біз айдалып кеп кіргенде!.. Қасыңыздағы біреу есімімді
атағанда, сіз мені қолыңыздағы шыбықпен сабамай өткізіп жібердіңіз... Рас
па?.
– Солай болған!...
Достоевскийдің бойын «өлгені – тірілгендей, өшкені – жанғандай»
қуаныш сезімі билеп кетті. Содан есінен таңғандай болған ол, магнит
тартқан темірдей, «о, адам!» деп, жыламсыраған үнмен Шоқанды қалай
құшақтай алғанын білмей де қалды.
– О, адам!.. Бірінші адам!.. – деп Достоевский Шоқанды бас сап
құшақтады да, еңіреп жылап жіберді... Свинягин бұның бəрін камера
есігінің тар тесігінен сығалай байқап тұрды...
Құшақтасқандардың қаншалық тұрарын аллам білер еді, егер
сығалаушы қапыда жөтеліп қалмаса!.. Кенет дыбыстан сескене қалған
олардың құшақтары өздігінен жазылып кетті.
– Шпик! – деді Достоевский ақырын үнмен.
– Бола берсін!..
– Мейірім етіңіз! – деді, қайта құшақтағысы келгенмен реті жоғын
ойлаған Достоевский, «отырыңыз!» дегендей, кроватын нұсқап.
– Өзіңіз де! – деді Шоқан, қимылымен, отыруға ықласы барлығын
аңғартып.
Қатар отырған Достоевскийге Шоқан əуелі петрошевшілдер ісін
басқаруды начальнигинің тапсырғаның біраз істерді қарастырып үлгергенің
ол істердің Достоевскийге байланыстыларын қадағалай қарағаның оның
себебін, талантына табынатын адамы көргелі, танысқалы əдейі келгенін
қысқаша айтып шықты.
– Сізді көріп танысып шығудан басқа жұмысым жоқ, – деп аяқтады сөзін
Шоқан.
Дос адам табуына қуанудан ба, адъютант атаулыны қожасының
көлеңкесі деп санайтындықтан, сырын түйіп болғанша сырғақсуынан ба,
Шоқан жылпыңдағанмен, мінезі сабырлы Достоевский бұл жолы шешіліп
сөйлесе қойған жоқ. Сол жайын байқаған Шоқан, «бойы үйренген соң
түйіні тарқатылар» деп ойлады да, аз отырғаннан кейін «тағы да
жолығысармыз» деп кетіп қалды.
Айрыла сала бір-бірін сағыныса бастады олар. Сондағы мақсаттары
бірінің-бірі кім екендігіне тереңдеп, түпкі асылдарының не екенін көру.
Олар кешікпей жиі жолығыса бастады жəне камерада ғана емес,
генерал-губернаторлықтың кеңсесінде, Шоқанның пəтерінде... Гасфорттан
сұрастырып байқаса, Достоевскийді ол білмейтің ешбір шығармасын
оқымаған кісі боп шықты. Сондықтан, қызықтыру ниетімен, оның
шығармаларын аспанға көтере мақтап, «Орыс прозасының Гогольден
кейінгі биігі осы» дегенді айтты. Сол бағасына Белинскийді кепіл ғып,
оның «Отечественные записки» журналында «Кедей адамдарға» жазған
сынын көрсетті. Оқығаны аз болғанмен, естігені, тоқығаны көп Гасфорт,
Белинскийдің өткір сыншы екенін білетін еді. Ол Шоқанға сенбегенмен,
сыншыға сеніп, Достоевскийге көңіл аударды. Оның қорқары: жалпы
петрошевшілдердің, олардың ішінде – Достоевскийдің идеялық жағы
болушы еді. Шоқанның баяндауынша, тұтқындалғанға дейін француз
утопистерінің социалистік идеясымен еліккен Достоевский, абақтыға
алынған күннен бастап, төбесінен төңкеріліп түскен. Қазір ол, «революция»
былай тұрсын, «социализм» дегеннен, қасқырдан үріккен жылқыдай
қашады. Оның қазіргі сенімі – христиан діні. Ол да осы діннің «құдайы»
саналатын Айсадай: зорлыққа қарсы тұрмауды, қиянатқа төзуді, бұл
дүниеден таппаған жақсылықты ахиреттен күтуді қолдайды; патша жəне
патшашылдық мəселесіне де осылай қарап, олардың болуын тіршіліктің
табиғи заңына санайды...
Бұлардың бəрі Гасфортқа жағымды сөздер, сондықтан Достовескийді
көруге, жолығуға, пікірлесуге ол да құмартып, көңілді бір шағында
кабинетінде қабылдады да. Бірақ, сөзуар Гасфортқа тұйық Достоевский
ұнамады, сондықтан, одан кейін қабылдаған жоқ.
Шоқанның пəтері – Омбыға алғаш келген жылы, мейманханасына
түсетін Варвара Коробейникованың сəудегер, бай інісі – Мирон
Коробейниковтың үйі еді. Тері саудасынан байыған ол, тез арада бірінші –
гильді сəудегерінің даражасына жетіп, Омбының орталығына асты күйген
кірпіштен, үсті қарағай бөренеден екі этажды үлкен үй салған. Шоқанды
бала жасынан білетін ол, корпусты бітіріп, Гасфортқа адъютант болғаннан
кейін, «бір күніме керек болар» деген оймен, жасаулы бірер бөлмесіне тегін
тұрғызған.
Шоқан осы бөлмеде Достоевскиймен бір емес, бірнеше рет жолықты.
Кейде қондырып та жүрді. Басында баласынып қарайтын Шоқанмен
сөйлесе келе, оның ой-санасы марқайған жас екеніне көзі жеткен
Достоевский, шүйіркелесе келе, теңдесе сөйлесіп ешбір сырын іріккен жоқ.
Сондай ұзақ кеңестерінде Шоқанның қалтқысыз достығына күдігі
қалмаған Достоевский өткен күндерінің əсеріне қоса, басында пісіп жүрген
болашақ біраз шығармаларының мазмұндарын да жыр ғып айтып берді.
Мысалы, кейін «Өлік үйдің хаттары» деген атпен жазған мемуарлық
романы. Сонда сипатталатын оқиғаларды баяндағанда, Шоқан «Омбы
острогы» дегеннің, онда қамалғандардың тұрмысы не екенін айқын көрді.
Не деген тамұқ тұрмыс.
Кейін «Ағайынды Карамазовтар» деп атаған романында, əкесін өлтіретін
олардың қылығы, Достоевскийдің өз үйінде болған оқиғаларға ұқсайды
екен. Оның əкесі – Михайл Андреевич те, Карамазовтардық əкелеріндей
тентек
сотқар,
өр
көкірек
зорлықшыл,
бейбастық,
араққор,
бағыныштыларын да, əйелін де, балаларын да қорлап ұстаған оны, қиянаты
өткен шақта, ұлдары өлтіруге де ниет еткен, солардың ішінде ересек болып
қалған Федор да бар: соған келісіп кезегін күтіп жүргенде, белгісіз біреулер
орман арасында өлтіріп кетіп тыншыған.
– Артынан,– деп аяқтайды Федор Михайлович, бұл кеңесін,–
крепостной шаруалар өлтіргені сезілді: құтылуға құмартып жүрген əкенің
ондай ажалына жанымыз ашыған жоқ.
Революциялық социалистік идеямен ауырушылар Достоевскийдің
ойында «делқұлылар» (идиоты) мен «жындар» (бесы) олар орынсыз қан
төгуден басқа еш нəрсе бітірмейді. Сондай ойдағы Достоевскийдің өз
беталысын шамалайын десе, қазақ мақалының «су аударған дөңбектей, жел
аударған қаңбақтай» деуіне ұқсайды. Бірақ, адамды сүю, оған жақсылық
ойлау санасынан айныр түрі жоқ. Сонда, қоғам «жақсылық» аталатын
тиянаққа қалай жетпек?.. Күрес жолымен бе?.. Олай дейін десе, ерте
замандағы патрицей мен плебейлердің қанды арпалысынан мыңдаған
жылдарға үздіксіз созылып келе жатқан таптық күрес, қамалушылардың
қолын бостандыққа жеткізген жоқ! Тарих жүрісінің беталысына қараса,
қашан жетудің елесі əлі де көрінбейді...
Шоқанның, «ендеше не істеу керек?» деген сұрауына Достоевскийдің
берер жауабы – христиан дінінің көнбістік жолына түсу... Оған сенейін
десе, христиан діні шыққалы қашан!.. Содан бері қоғам өміріндегі теңсіздік
күні сəулелену орнына қараңғылана түседі...
Сонымен, Достоевскийдің гуманизмі, Шоқанға ар жағында не бары
белгісіз аспан кеңістігіндей, көгілдір түпсіз тұңғиыққа ұқсайды...
Достоевскийден сонда да безінбей, достық жігін күннен күнге тығыздай
жымдастыра беретін себебі: саналы өмірінде əзірге жолықтырып үлгерген
адамдарында, дəл мұндай гуманисті кездестірген емес. Өзі атақты
славянофильдердің бірі бола тұра, бұл адамзатты түсіне, ұлтына,
жынысына, жасына бөлмей, еңбек білім жүйесіндегі «адам» атаулыны
түгел сүйетін сияқты. Сондықтан да ол, орыс ойшылдарының арғы
жағындағы
Николай
Новиков
пікірлестерінің,
бер
жағы
–
петрошевшілдердің Россиядағы «бұратана» аталатын отар ұлттарды, орыс
ұлтымен тең ұстау идеясын ұната, көтермелей сөйлейді.
Шоқан да өзін гуманистке санайтын адам. Бүкіл адам қоғамының
теңдікке жетуін ол да арман етеді. Бұл оның арғы арманы. Бергі арманы
туған елі – қазақтың елдігін, шаруасын, мəдениетің тұрмысын европаның
орыстық даражасына көтеру...Бірақ, қалай?..
Достоевскийді жас жағынан да, білім жағынан да өзінен үлкен көретін
Шоқан, «сол білер ме екен?» деген оймен сұраулар қойып көрсе, берер
жауабы, жалпы гуманистік идеясынан əлдеқайда көмескі!
Өйтпегенде ше?..
Жер шарының географиялық картасына көз тіксе, оның шығыстық
жартысын, егіздің терісіне меңзесе, соның шеткі бір пұшпағындай ғана
көрінетін Англия не істеп отыр соңғы төрт-бес ғасырда? Ол Американы,
Австралияны, Азияны, Африканы бірінен соқ бірін жаулап, көпшілігін
отарлық құлдықта ұстап отырған жоқ па?.. Бойлары алпамсадай үлкен
болғанмен, өнер-білімнен артта қалған отарлар, өз жерінің көлемі титімдей
Англияға қарсыласа алды ма? Тулап көргендерін тойтарып, демін ішінен
алғызып жүрген жоқ па?
Франция ше? Испания ше?.. Оларды былай қойғанда,
Европада континентінің батысына талақтай жабысқан, жерінің тілген
таспадай ғана көлемі бар Португалия ше?.. Голландия, Дания, Бельгия ше?
Отарларымен бойларын салыстырғанда ергежейлі сияқты осылар талай
алып елдердің үстіне мініп aп, өкпеге тепкілеп айдап жүрген жоқ па?
Россия да дүние жүзіндегі ең зор отаршыл мемлекеттің бірі ғой? Оның
да жаулап алған жері мен елі ұлан байтақ. Солардың бірі қазақ.
Қорлықта келе жатқан бұл отар елдердің теңдікке жетуі қашан? Жəне
қалай жетеді? Кім жеткізеді?
Достоевскийге Шоқанның қазақты мəдениетті ел жасау туралы ойы,
утопизмнің де ең нашары сияқтанады. Бұл жағынан Шоқан оған «ХІХ-
ғасырдың Дон-Кихоты» деп қарайды.
Кітаптардан оқуынан ба, ауызша естуінен бе, ол мінез-құлық жағынан
Лермонтовқа, немесе оның бас геройы – Печоринге ұқсауға тырысты:
ретіне қарай зілді де, шапшаң да, орнықты да, ұшқалақ та; тігің де сыпайы
да; сөзуар да, үндемес те; солар сияқты егеске де жаны құмар жəне
егескенін жеңбей тынбайды, сонда кеудемсоқтықпен емес, білімімен,
дəлелімен...
Ал, жалпы біліміне келгенде, не деген зор эрудит! Əсіресе: тарихтан,
философиядан, эстетикадан, энтографиядан, тағы сондай гуманитарлық
білімдерде!
Табиғат танудан да білетіндері толып жатыр!.. Оқусыз ауылдан кеше
ғана келген бала-жігіт, аз жылдың ішінде мұншама көп білімді қайдан алып
үлгерген!.. Бұл жағынан қарағанда, шын мағынасындағы феномен!..
Ал, ой-санасының қалыптасу жағына келгенде, мартен пешінде балқып
тұрған болатқа ұқсайды; қызу күшті, бірақ қайда, қандай қалыпқа
құйыларын əлі анықтамаған сияқты.' Ниет ететін қалыбы – саясат. Оған
құйылып оңған адамды Достоевский көрген де, естіген де емес. Шоқан
олардан асып қайда барады?.. Ол да солар барған жерге барып, қылығының
ақыры, бері салғанда өкінішке, əрі салғанда апатқа ұшырайды.
Қалтқысыз сүйіп үлгерген жас досын Достоевский ондай опық жеуге
қимайды, сондықтан, «опығы жоқ-ау» деген бағытқа икемдегісі келеді.
Сол мақсатпен сырласа əңгімелесіп отырған бір шақта: – Шоқан! – деді
Достоевский.
– Əу, Федор Михайлович.
– Бір ақыл қоссам, ұнар ма еді саған?
– Айтып көр.
– Сен ғой, менің байқауымша, қазақ халқынан шыққан, европалық білімі
бар бірінші адамсың?
– Солай сияқты.
– Көбейту керек қой, сол халықтан сен сияқты адамды
– Дұрыс қой, бірақ қалай?..
– Өзің сияқты, орыс школына қазақ, балаларын тарту арқылы.
Осы арада Шоқан Достоевскийге жаңа бір мəлімет айтты.
– Қазақ халқының, – деді ол,– Россияға шет-құшақтан бағына бастауына
жүз жылдан асып барады. Содан беpi,– деп, қазақтан қай жерде кімдер
орысша оқығаның бармағымен санап берді.
Олар тым аз екен.
– Бірақ, – деп жалғастырды Шоқан сөзін, – бұлардың бəрі түгелімен
патша өкіметінің чиновниктері. Іштерінде, туған халқының хал-жайын
ойлайтын оның өркендеуіне жəрдемдесетін біреуі жоқ.
– Өзің ше?
– «Жалғыз қаздың үні шықпайды» дейді қазақ халқы. «Жалғыз адам
майданда жауынгер емес дейді орыс мақалы. Мен жалғызбын.
– Əңгіме сендейлерді көбейту жайында болып отырған жоқ па?
– Қалай көбейеді ол? – деп, Шоқан əнеугі Атбасар жолында қазақтарды
орыс оқуына үндегенің талай адамдар балаларын Омбыға жібереміз деп
уəде бергенің сол уəдесінде біреуінің де тұрмағанын зор өкінішпен айтып
берді.
– Ауылға жақындатса қайтер еді школаны?
– Қалай?
– Тұп-тура ауылдардың өзінде ашса?
Шоқан қарқылдап күлді.
– Неге күлесің?
– «Бездім» деген утопияға қайта оралдың ғой, Федор Михайлович!
– Неге?
– Ашатын кім ондай школаны ауылда? Ауыл түгіл орыс селоларында?..
Қазақтар түгіл, біздің Батыс Сібірдің орыстарынан да жүзден тоқсаны хат
білмейді; селолардың басым көпшілігі «школа» деген сөзге түсінбейді,
себебі, ондай мəдениет ошағын көрмек түгіл естіген жоқ!..
– Өкінішке қарай, – деді Достоевский, демін күрсіне алып, – ішкі
Россияда да солай!..
Бұл əңгіме тұйықталып қалды. Əрі қарай созуда мəн жоғын ұққан
Достоевский, Шоқанды тағы бір бетке бұру ниетімен, адамзаттың қазіргі
уақытта алдыңғы қатардағы ойы да, білімі де Европада екенің
тұтқындалғанға дейін омы көру, аралау, сабақ алу ниеті болғаның ол
арманын тұтқындалу кескенін айта кеп, сөз аяғын Шоқанға соқтырды да:
– Сен де осыны істеуің керек! – дегенді ұсынды.
Шоқан тағы да қарқылдап күлді.
– Неге күлесің?
– Мені, кішкене адъютантты ондай саяхатқа жіберетін кім? Қаражат
қайда оған!..
– Əкеңді бай кісі дедің ғой.
– Не қылған байлық ол?.. Ауыл байларында ақша жоқ. Барлық мал-
мүлкін сатса, ақшасы
Европаны бірер жыл аралауға жетпейді
Бұл əңгіме де тұйықталып қалды.
Олар осындай тұйықтардан шыға алмай шырмалып жүрген шақта,
Шоқан қозғаған бір мəселенің сəті түсе қалды.
Достоевский Гасфорттың қабылдауында болғаннан кейін, генералдың
көңілді отырған бір шағын пайдаланып, Шоқан оған Шығыс Сібірдің
генерал-губернаторы Муравьев-Амурскийді мақтап кетті. Сондағы сылтауы
– «бурят ғалымы Доржи Банзаровтан алдым» деген хаты.
Банзаровпен ол 1850 жылы Петербургтан туған еліне кетіп бара жатып,
Омбыға соққан жолында, есімі бізге осы романның өткен тарауларынан
таныс, бурят шалы Бұғы байдың, үйінде танысқан еді. Əуелі Қазан
қаласындағы гимназияны, одан сондағы университетті бітіріп, Петербургта
ғылыми жұмыстармен шұғылданған, баспада жарияланған ғылымдық мəні
терең еңбектерімен дүние жүзіне əйгілі Банзаров, жолыққан шақта жасы он
төрттен он беске жаңа шыққан Шоқанның ақылдылығына, кітапты көп
оқығандығына, ұғымпаздығына, ой-санасының ерте марқая бастауына
қайран қалған Жасы да, білімі де əлдеқайда үлкен бола тұра, Банзаров
Шоқанмен теңдесе сөйлесіп, оның болашағына аса зор үміт жүктеген,
сырласа келе туысындай көріп, жылағандай айрылысқан; содан кейін туған
жеріне кеткен Банзаров Шоқанға оқта-текте хаттар жазып жүрген.
Өлкелерінің тіршілігі туралы, өзінің не істермен шұғылдануы туралы
толып жатқан мəліметтер хабарлайтын. Ол хаттардың Гасфортты ойға
қалдырар деген кейбірін Шоқан генералына көрсететін. Олар қызық
көрінетін. Шоқан кей хаттың мазмұнын ауызша айтатын.
Шоқанның əдетінде кейбір жайды өсіріп те, өшіріп те айта салатындық
болушы еді. Банзаровты көтермелей сөйлейтін ол, кейде хатта айтпағанын
айтты деп, өз жанынан талай қызықтарды қосып жіберетін. Аңқылдақ
Гасфорт оларына иланатын.
Сондай қылығына бағып жуық арада Шығыс Сібірдің Омбы арқылы
Петербургқа өткен əлде не жүргіншіден естіген кеңесін Банзаровтың
хатына айналдырды да, аяғын Гасфорттың қытығына тиетін сөзге бұрып
жіберді.
Гасфорт Муравьев-Амурскиймен барлық ісінде де бақас еді, ол не
қызметің не қылығын болса да одан асыруға тырысатын. Сол қалпын
білетін Шоқан, «Банзаровтан келді» деген «хаттың» мазмұнын ауызша
айтып беріп:
– Сіз, əрине, ағайынды Бестужев дегендерді білесіз, – деді ол.
Гасфорт «білмеймін» деуге арланып, «білем» дей салды.
Өтірігін сезген Шоқан «қалай білесіз!» деп қазбаламай:
– Декабристердің ішінде олар ең ауыр қылмыстылардың қатарына
қосылатынын да
білеміз? – деді генералын шыңдай түсіп.
– Əрине.
– Сондықтан да, ұлы даражалы государь император Бестужевтардың
үлкені мен кенжесінің əскерлік чиндерін сыпырып, солдатқа берді ғой.
Ортаншылары: Николай мен Михайлды Сібірге, каторгіге жіберді ғой.
– Білем, – деді Гасфорт тағы да өп-өтірік. – Халдері қалай екен
солардың?
Сібірде олар патша сарайының Нерчиндегі күміс кенін қазатын
шахтасына түсіп, жұмыс істеген. «Сондай ауыр азапта өлгенше жүре
беретін оларды генерал Муравьев-Амурский ажалдан айырып алды» деп
жазыпты, Банзароз маған.
– Қалай?
– Бестужевтардың үлкені Александр, кейін «Марлинский» лақабын
алған үлкен ақын кісі болғанын білеміз.
– Əрине, – дей салды Гасфорт.
– Солдатқа берілген ол Кавказдағы соғыста ерлік көрсетіп, сол қайраты
үшін патша оны есіркеген де, Петербургқа шақырып, офицер мундирін
қайта кигізген. Өз халін жақсартып алған Марлинский Петербургқа
əлдеқалай бара қалған Муравьев-Амурскийге жолығып, Нерчиндағы
інілерінің ауыр халін жеңілдетуді өтінген. Муравьев ұлы жандылық
көрсетіп, Ішкі істер министрі граф Растопчин арқылы, Сібірдегі
Бестужевтардың өмірлік каторгасын əуелі жиырма жылға шегертіп,
біраздан кейін сарай министрі, князь Галициннің жəрдемімен, каторжандық
халден мүлдем босатқан. Банзаровтың хатына қарағанда, олар қазір
Селенга острогінде еркіндікте жүрген көрінеді. Николай жазушы да,
суретші де екен. Ол осы өнерін шеберлендірумен шұғылданады дейді. Ал,
Михаилды – он саусағынан өнер тамады дейді: əрі зергер, əрі темір ұстасы,
əрі балташы болса керек. Ол да осы өнерін өркендетуде дейді.
– Апырай-ə?!.. – деп қалды Гасфорт.
– Сіздің əріптесіңіз генерал Амурский осындай игілікті іс істеген! – деді
Шоқан енді Гасфортты қайрауға кірісіп. – Сізге де неге атқармасқа, сондай
игілікті істі?
– Неге?–деп қалды Муравьевтің абыройына іші тарыла қалған Гасфорт.
– Бестужевтар, қанша талантты дегенмен, – деді Шоқан, мақсатына енді
тура келіп, – төртеуін қосқанда бір Достоевскийдің ширегіне келмейді.
Олардың қасында бұл – төбесіне жан шығармайтын асқар таудай, ал,
аналар – етегіндегі төбешіктей!
– Одан не мораль!.. – деді Гасфорт, адъютантының не айтқалы келе
жатқанын енді ғана шамалағандай.
– Мораль, – деді Шоқан ендігі сөздерін нығарлай айтып, – сонша үлкен
Достоевскийді тар жəне қараңғы камерада неге ұстаймыз? Оны неге еркіне
шығармасқа? Бестужевтардың кім екенін кім біліп жатыр? Кім керек қып
жатыр, олардың, қайда жүргенін? Ал, Достоевскийдің қайда, не халде
отырғаны орыстың ғана емес, бүкіл Европаның мəдениетті қауымы түгел
біледі; ауыр халіне түгел қайғырады; егер ол осы халден босана қалса
түгелімен қуанады, босатушыға алғыс жаудырады. Сондай ұлы абыройға
сізге неге ие болмасқа, Жоғары мəртебелім?!
Мақтаншақ Госфорт кеудесін кере дем алып, «жөн сөз екен!» деп қалды.
– Князь Галицинге сіз Амурскийден əлдеқайда жақынсыз да, өтімдісіз
де, Жоғары мəртебелім. Отан соғысында сіз князьдің сенімді жəне сүйікті
адьютанты болдыңыз; Амурский оның маңына да жолап көрген жоқ.
Шоқанның соңғы сөзіне тіпті масаттанып кеткен Гасфорт:
– Солай-ақ болсын! – деп столды қойып жіберіп, орнынан атып тұрды, –
хат жаз князьға менің атымнан жəне жақсылап жаз!..
– Шамам келгенше. Жоғары мəртебелім!..
Жазылған хаттың жауабы, екі-үш айда қайтып келді.
Ондағы бұйрық: «Достоевский абақтыдан босансын. Солдатқа берілсін.
Қызметті Семейдегі шекаралық батальонда атқарсын!»
Гасфорттың тағы бір игі ісі – Семейге басқа бір тапсырмалармен жүргелі
жатқан Шоқанға Достоевскийді ерте кетуге ұлықсат етті.
СУҒА КЕТЕ ЖАЗДАҒАНДА
Бұл көктемнің ала-сапырандау шағы еді. Қар еріп болғанмен, жер əлі
миы шыққан саз. Омбыдан Семейге ылаумен бару үшін Ертістің «Орыс
жағы» аталатын солтүстігін жағалау керек. Бұл жолмен сапар шегіп
көрмеген Шоқан білетіндерден сұрастырса, ылау мінетін мекендердің
аралары алшақ, көліктері қоңсыз кезі, қазіргідей лайсаң шақта атпен жолға
шығу бейнет.
«Ендеше не істеу керек?» дегеннің жауабын Шоқан тез тапты.
Гасфорттық игілікті ісінің біреуі «Омбы флотилиясы» деген атпен Ертіс
үстінен соңғы бірер жылда су жолын ашу еді. Оның батыс жағы – Тобылға,
шығыс жағы – Семей арқылы Зайсан көлінің «Қара Ертіс» құймасына
тіреледі. Осы екі арада, көбінесе жүк тасу жабдығына жүретін флотилияға
кейде кісі де мінеді, əсіресе кішірек баркастарға.
Шоқан сұрастырып байқаса, мұзы ертерек сөгілген Ертісте Семейге
қарай жүруге он төрт ескекті баркас даярланып жатыр екен, бортына
отыздан астам жүргінші алмақ. Білетіндердің сөзіне қарағанда қазіргідей
аласапыран кезде сазды жағамен Семейге ылаулатып жетуге айға жақын
жүруі керек, су жолы, көп дегенде – жарты ай.
Шоқанның осы баркаспен кеткісі келді, ондағы ойы сумен сапар
шекпеген өзінің де қызық көргісі келуі, қамаудан шыққан досы
Достоевскийге еркін ауада дем алғызғысы келді.
Шоқанның бұл ойына Достоевский қарсы болған жоқ.
Жолға шығар алдында Шоқан Достоевскийді бірер күн пəтеріне алып
тынықтырды, сақал-мұртын қырғызды, шашын қырықтырды, жергілікті
гарнизоннан солдат киімдерін алып берді, сөйтіп, кешегі сорлы тұтқын енді
адам қатарына қосылып, жұнттай боп алды.
Баркасқа бұл екеуінен басқа отыратын жолаушылар – солдаттар мен
жұмысшылар екен. Жүргіншілер үсті ашық баркасқа отырғанда,
табиғаттың мейірі түскендей, осы кезде «қара д,ауыл» да бəсеңдей бастады,
күн шуақтанды.
Мезгіл – Ертістің суы кең арнасына лықылдай толып тасуға таянып
қалған шақ еді. Ол жолаушылар аттанғаннан бірер күн кейін тасыды.
Достоевскийге өзеннің тасуын көруден қызғылықты нəрсе болмайтын.
Сондықтан, ескен өлкесіндегі кіші-гірім өзендердің тасуын місе тұтпай,
«кең жайылады» деп естіген Еділ бойын бала жігіт шағында əдейілеп
аралағаны бар.
Ертіс оған Еділдей көрініп кетті. Ертістің тасыған суы «Қазақ жағы»
аталатын ойпатына құлайды екен. Бұл бетке жайылған судың ұшы-қиыры
көрінбейтін теңіз. Тегі, жайылымы біраз алыстыққа дейін терең де болу
керек, ойпатқа өскен қалың тоғайдың қылтиған бастары ғана көрінеді...
Ағысы қатты. Ертістің жайылымы да екпінді бетінде қалқып бара жатқан
нəрселерден байқалады.
Жайылым көк болғанмен, баркас өзеннің терең арнасынан аумай келе
жатқан сияқты. Қатты ағысы кеудесінен итергенмен, күшті қолдар
құлаштай сермеген ескектер баркасты ілгері жылжытудан мүдірмейді!.. Не
деген күшті серпін!..
Жолаушыларды, əсіресе, Шоқан мен Дортоевскийді баркастан гөрі
ескіштер қызықтырады. Қайдан, қалай таңдап алғандарын кім білсін,– он
төрт ескекке жеті-жетіден екі қатар болып отырған олардың түр-тұлғалары
аса ірі, денелі. Ауыздарын қалық сақал мен мұрт басқан.
Өзгелері орыс кескінді бұлардың арасында, қазақ кескінді жалғыз-ақ
адам бар, оның да ірілігі аналардан кем емес, ол да түгі сұйықтау, түсі қап-
қара, қылдары жылқының ту құйрығындай қатқыл сақал-мұртын
ұйпаландырып еркіне жіберген. Оның қазақ, я солтүстік халықтардың бірі
екенін айыра алмаған Шоқан біраз күнге дейін тіл қатқан жоқ... Бойы
үйрене атын сұраса – Қаранар. Одан басқа сұрауларына мылқау адамдай
жауап қайтармайды. Содаң кейін Шоқан үн қатпайтын болды...
Жетеуінің де кигені еттері жылтылдаған жалба-жұлба жыртық. Содан
көрінген бұлшық еттері биік шыңның бойында бұдырмақталған тастарға
ұқсайды. Бірақ қимылсыз қаланған тастарға емес, жер сілкігенде күтірлей
құлайтын қимылдағы тастардай. Күштерінің көптігінен бе, ыстық-суыққа
пісіп-қатуынан
ба,
ашықты-жабықты
жағдайда
тоңазымайды
да,
пысынамайды да!.. Жуандығы да, ұзындығы да түйенің жіліншігіне ұқсас
білектері, ескектерді созып-тартып қимылдаудан ертеден қара кешке
тынбайды; ара-тұра кезектесіп, мызғып алысады да, жайылған кең судың
екпінді ағысына қарсы қайықтарын ентелетіп есе беруден жалықпайды. Не
деген қажырлы адамдар, қарулы қолдар!..
Ана жылы Еділ бойын кезгенде, Достоевскийдің бір мақсаты
бурлактардың өмірін көру болған. Сонда, ондап, жүздеп... дегендей
ауырлы-жеңілді қайықтарға, кейде кемелерге жуан кендір арқанның
ұшынан жасалған ноқталарға жегіліп, ыққа қарай да, желге қарай да шірене
тартудан мойындары босамайтын бұларды Достоевский өз тұсындағы
заманның бар ауыртпалығын сүйретушілерге есептейтін. Осы тақырыпқа
шығарма жазсам ба деп жиналып жүрген шағында тұтқынға түсіп қалды.
Өзі түгіл елесі бұлдырамайтын бақытты іздеуден ойы шаршаған ол
кеңеспен ұзақ жолды қысқарту үшін бурлактар өмірінен абайлаған
қызғылықты эпизодтардың біразын əңгімелеп береді.
– Неге жазбайсың осыларды? – дейді, қызыға тыңдаған Шоқан.
– Орыстың қазіргі əдебиетінде бұл тақырыпта батыл жаза алатын
жалғыз-ақ адам бар,– дейді Достоевский.
– Ол кім?
– Николай Александрович Некрасов!
– Оның жаза алатыны рас! – дейді жазу майданында жуықта ғана көріне
бастаған Некрасовтың қалам сілтеуімен таныстығы бар Шоқан.
Жолаушылар ескіштердің қуатты қимылдарына қызыға қараудан да
жалығар ма еді, қайтер еді, егер он төрт балуан ара-тұра үн қосып өлең
айтып отырмаса!..
Күндерін бірге еткізетін олар əндете дауыс қосуға жаттығып алған
болулары
керек,
тұтасқан
үндерінен
жарықшақ
шықпайды.
Орындайтындары орыстың əлде не бір биік екпінді, зарлы əндері!.. Қазақ
та серіктерінен қалыспайды... Достоевский бұл əндерді көбінесе тұнжырай
тыңдайды да, кей кезде шыдамастан қосылып та кетеді. Өзге
жолаушылардан да қосылатындары аз емес: Даусының ажарсыздығына
қарамай, хорға делебесі қозған Шоқан да ара-тұра мұрнынан міңгірлеп
қосылады.
Жолаушылар Семейге дейін осындай халде барар ма еді, қайтер еді, егер
Омбыдан шығуларына он шақты күн болып қалған кезде қайықтары суға
батып кету қаупі тумаса.
Атын «Омбы флотилиясы» деп қопа қардай қылғанмен, бұл пристанның
қарамағындағы
қайықтар,
педияның
малындай
кəкір-шүкір,
ескі-
құсқылардан құралғандар болатын. Төстабандарының, қабырғаларының
тақтайлары сөгілген, шіріген, олардың көбі жамау-жасқаумен жүре беретін.
Қайықтардың көбірек таситын жүгі: дəн, овощ балық, үн сияқты азық-
түліктер. Солармен қоректенетін тышқандардың көптігінде қисап
болмайды; əсіресе орысша «крыса», қазақша «егеуқұйрық» аталатын
дөкейлерінде. Қазақтардың казак-орыстардан естулерінше, үлкендігі
кішігірім мысықтай дөкей тышқандардың қаруы тісінде емес, құйрығында.
Егеу сияқты жаралған ол құйрықтар ағаш түгіл тас пен темірді де теседі.
Жабылып кетсе кісіні де, малды да жеп қояды. Казак-орыстар қулықпен
айтқан бұл сөзге қазақтар нанып, «егеуқұйрығы бар» деп, Ертісті өрлейтін
қайықтарға мінбей қойған.
Кісіні, малды жеуі ертегі сияқты болғанмен, егеуқұйрықтардың
қайықтар мен кемелерді тесіп шыдатпауы ақиқат. Омбы флотилиясында
олардың бүлдірмегендері жоқ.
Біздің жолаушылар мінген баркас та сондай жыртық-тесіктердің біреуі
еді. Оны басқаратын боцман жолға шығару қауіп екенін айтқанмен,
флотилияның өр кеуде, қатал капитаны «бара бер!» деп ақырды да, бет
қарай алмайтын боцман баркас түбіне жиналған суды төгіп, тəуекелге бел
байлап аттанып кетті. Жолшыбай жылаудан тынбаған суды, іркілген
шақтарында, шелек бақыраш, тағы сол сияқты ыдыстармен іліп ап төктірді
де отырды.
Олар сол қалпымен Семейге де жетер ме еді, қайтер еді, егер, тілеуі
құрғыр, егеу құйрықтар баркастың түбін тесіп жібермесе!.. Қайық түбінің
жігіне кірген дəндерді, аш егеуқұйрық тіміскілей қазып жүргенде, шіріктеу
бір тақтайды үңірейтіп тесті де алды. Сол тесіктен лықылдай кірген су,
ыдыспен көсіп төгуге бой бермей, қайық ішінде көлки бастады. Соны
көрген боцман, баркастың түбі тесілгенін болжады да, ескекшілерге,
қайықты судың жайма тайыз жағына қарай бұруға бұйырды. Олар қайық
бетің жалма-жан жаймаға бұрып, ескектерін жанталаса сермей бастады.
Бірақ жайма жақын жерде емес сияқты. Ертістің бұл жақ беті кең жазық
қалың тоғай екенің тоғайда үйеңкі, Терек сияқты ағаштардың жуан жəне
биік болып өсетінін біледі. Бір жағы шытырман қалың тал. Олардың бойы
да атты кісіден əлдеқайда биік.
Қайықшылар бет бұрған жақта, талдардың үсті тып-типыл теңіз, арғы
биік ағаштардың да, бастары ғана қылтияды. Соған қарағанда, тіпті
əрменге дейін, кісі бойлар тереңдік жоқ сияқты. Ал, қолдағы құралмен
қаншама жанталасып төксе де, қайыққа көрген су аласару орнына
жоғарылай береді, қайықтың денесі суға шөгіп барады.
Тайызға аман жетуден күдер үзуге айналған боцман:
– Шамаларың жеткенше жан сақтаңдар! – дегенді айтты.
Жүзе білмеуден бе, сасқалақтаудан ба, біреулер суға қарғу қалпын
көрсетіп, киімдерін шеше бастады.
Шоқанның кадет кезінде Ертіске жүзіп үйренгендігі бар, бірақ жақын
тұсқа ғана. Мына су телегей теңіз. Одан ете ала ма, жоқ па?.. Одан үлкен
уайымы – Достоевский жүзе біле ме, жоқ па?... Сұраса, ол басын
шайқайды. Ендеше суға кеткені де!.. Жандай дос көретін адамын ажалға
қалай қимақ!..
– Жан сақтаңдар! – деп ақырған Қаранар даусы селк еткізді. Соның
демеуімен Шоқан да, Достоевскийді көтеріп, жүзе жөнелді. Досының аман
жағаға жетеріне көзі жеткенсін, Шоқан да еркін құлаш ұрды. Əйтсе де
жағаға талмаусырай жетті.
Бұл ара орысша – «Кряковск» Достарыңызбен бөлісу: |