10, қазақша – «Кереку» аталатын қаланың
деңгейі екен. Қаранардың айтуынша, қала жақын. Бірақ, арқалағандары
оған қазір қалай жайлана қояр таныстары жоқ. Сол жайды ақылдасқанда
Қаранардың айтқаны:
– Сіздер осы арада қалыңыздар да, шешініп, киімдеріңізді кептіріңіздер.
Сыртынан көргенім болмаса, бұл – ішіне кірген қалам емес. Соған барып,
жайланар жер іздейін. Күн жылы, əрі желкем. Мен оралғанша үстерің
дегдіп те қалар... Өздерің де тыныстарсыңдар, қорыққан жүректерің
басылар...
Ол «өзге киімдеріңді өздерің бірдеме қыларсыңдар, бумы тарта
алмайсыңдар» деп, екеуінің аяғындағы солдат етіктерді əрең дегенде
суырып берді. Суланған шұлғаулардың тұтқырлығы сондай екен,
Қаранардың шірене, шыжымдай тартқан қарулы қолдары, етікпен қабат
сирақтарын да суырып əкете жаздады. Өзі шешкен кенеп дамбалын мықтап
бір сықты да, дымқостығына қарамай бұтына киіп ап, қала жаққа жең
тартты да, ілезде қалың орманға сіңіп кетті... Орманды да, даланы да тастай
қараңғылық бүркеп кетті.
– Қаланы таба алар ма екен, байғұс! – деді екі дос қосынан.
– Табар,– десті сенімсіз үнмен.
– Не деген қарулы адам! – деді, жөніне көзін тіккен Шоқан.
– Не деген жақсы адам! – деді Достоевский...
– Түрінен шошымаса жарар еді, қала халқы!
– Мүмкін...
Олардың жорамалы дұрысқа шықты. Қалың орманның сиректеу ішіне
кіре орналасқан аз үйлі Керекудің шеттеу бүр үйіне жеткен Қаранар,
қақпасына бас сұғайын десе, салтқысы киілген, жабық. Бөтен адамның
иісін сезген иті, шабаланып қоя берді де, алып тастағысы келгендей, қақпа
табалдырығын тырналай өршеленді... Адам дыбысы сезіле қоймаған соң,
Қаранар қақпаны əуелі ақырын, одан кейін қатты қаға бастады.
Үй иелері бұл мезетте, шыраның жарығымен іңір асын ішіп отыр еді.
Иттің үруіне, қақпаның қағылуына қарап, олар жат біреу барын жобалады
да, астарын доғарып, шыраларын сөндіре қойды. Себебі, кейде осы маңда,
сібірліктер «варнак» немесе «посельщик» деп атайтын қаңғырғандар
жүреді. Олардың көбі Сібірдегі каторгілерден қашқандар болады. Жүдеп-
жадап жүретін олар ұрлық та қылады, үйлерді, кісілерді тонайды да, кейде
жеке, кейде үйлі жанды өлтіріп те кетеді. Сондықтан Сібірдің тұрғындары
күн бата терезелерін, есіктерін, қақпаларын тас қып бекітіп, даусы таныс
біреу болмаса, басқаға ешуақытта ашпайды.
Қаранар қақпасын қаққан үй де сөйтті. Қақпадан терезелерге барып,
əрқайсысын шертіп, дүрсілдетіп көргенмен, тым-тырыс дыбыс бермеді.
Кісі жоқ дейін десе, иті бар. Қора ішінен əлде не жылқы, əлденеге
оқыранып та қойды. Ит түгіл малдар да елегзігендей, маңыраған қой-
ешкінің, мөңіреген сиырдың дауыстары естілді. Адам даусы жоқ!..
Қаға-қаға қалжыраған, əрі түні салқын жерде тоңазыған Қаранар, терезе
қақпасына аузын тақай, қатты дауыспен үйдегілерді боқтап алды да, көрші
үйге жылжыды. Оның қақпа, терезесін қағып көрді, одан да дыбыс жоқ!..
Содан, үйден үйге көшіп дегендей, қаланың ең ішіне кіріп алды. Барлық
үйде де шабалана үрген бір-бір ит!.. Біреуінен де адам даусы естілмейді. Не
қылған қала, бұл?!.. Адам емес, кілең иттер тұратын қала ма?!..
Сөйтіп жүріп шіркеуі бар бір алаңға жетсе, маңында сарай сияқты
ұзынша бірдеме қараңдайды. Жақындап барса, бергі қабырғасы жоқ лабаз.
Ішінен оттаған, пысқырынған жылқылардың дыбысы естіледі.
Қаранар жорамалдай қалды: осындай қалалардың орта тұсында «өртші»
аталатын мекен болады. Онда «өрт шыға қалса» деген сақтықпен, арбаға
артқан су құйылған бөшкелер, жегілетін аттар, өрт сөндіру саймандары
жəне күзетшілер тұрады.
Солай жорыған Қаранар «кімі бар екен?» дегендей, аттарға жақындай
бергенде, адам көргенде не босануды, не жемді тілейтін əдеттерімен, бірер
ат оқырана қалды. Сол дыбыстан арба үстінде қалғып жатқан күзетші
оянып кетті. Ол бір өте қағылез, сақ құлақ, көреген шал еді.
«Аттар неге оқыранды?!» дегендей, сақ ол тақтай қорапты арбадан
басын ғана қылтитып сығаласа, қараңдаған біреу бері қарай келе жатыр.
«Варнак болар!» деген ой келеді оған. Жақын арада ғана осы қаладағы
дəулетті үйдің бар жанын белгісіз əлдекім түн мезгілінде, бесіктегі
баласына дейін түп-түгел қырып кеткен. Жұрт оны варнактың ісіне
жорыған.
«Мынау қараңдаған да сондай біреу болар ма?!» деп қауіптенген шал,
арбаның алдыңғы жағынан еппен сырғып түсті де, «өртші» сарайының
төбесіндегі биік каланчаға шықты. Онда өрт білінсе қағылатын қоңырау
бар. Соның дыбысы естілсе болды, шіркеудің де барлық қоңырауы
даңғырлай жөнеледі. Қала халқы ілезде жиыла қалады...
Каланчаға көтерілген шал қоңырауды қағып жібергенде, іңір
құлшылығын (молитва) əлі тауысып болмаған поптар да «өрт шықты» деп
елеңдей қалды да шіркеу қоңырауына ұмтылды: Үдете соғылған қоңырау
үндері шағын қаланың бар түкпіріне жетіп, азан-қазан қылды да жіберді...
Ағаштан салынған Кереку, бұдан бұрын да талай өртеніп запы болған
тұрғындар, ашықты-жабықты қалпында «өртші» сарайына тұра жүгірісті...
Қаранар бұл шудың неге шыққанына аң-таң болып, не істерге білмей
тұрғанда, жан-жақтан қаптаған жұрт сарайды қоршай қамап алды. Мəлімсіз
адамның əлі өзіне енді жетпейді деп сенген шал, бар даусымен, каланча
төбесінен: «Варнак, варнак!» – деп айқай салды. Қайдағы «варнак» екенін
білмеген көпшіліктің ішінен шалдың қасына көтеріліп: «Кəне?.. Қанда?..»
деп еді, ол өз білгенін айтты.
– Варнак қашып кетпесін, қоршауды нығайта түсіңдер! – деп айғайлады,
каланчадағылар үн қоса.
«Варнактың қайда екенін білмесе де, «айрылып қалмайық» дегендей,
қоршаған жұрт арасын сығылыстыра түсті.
– Қайда, варнак? Қараңғыда қалай табу керек?
Шалдың да, жұрттың да теріс жорамалын шамалағандай, қашу ниетінде
жоқ Қаранар:
– Мен бармақ («варнак» дегені) емеспін, – деп дыбыс берді. Даусын
естіген оның түр-тұлғасын көргісі келгендерден біреу:
– Сабан бар ма? – деп сұрады.
– Бар.
– Ендеше, жақ соны!
– Неге?
– Дауыстағанның денесін көрейік.
Күзетші шалдың қалтасында сіреңке болушы еді. Төменге түскен ол,
арбада астына төсеген бір құшақ қу сабанды алды да, сіреңкемен тұтатты.
Қу сабан лау ете түсті де, төңіректі жарқыратып жіберді. Қамаған жұрт
сонда Қаранарды көрсе, тұлғасынан, түрінен жан шошырлық жалаңаш
біреу.
– Варнак! – деп жұрт дүркірей қашуға айналғанда
– Тоқта! – деп команда берді біреу.
Бəрі жалт қараса, осы қаланың атаманы екен. Ол қаһарлы да, беделді де
адам болатын. Бағыныштылар одан қорқады да, сыйлайды да. Түгелімен
«əскери халық» (население» саналатын бұл қаладағы қазақ-орыстардың
арасында, бір рота солдат тұрады. Олар да осы түнгі ереуілге елеңдеген
– Ұстаңдар! – деп бұйырды атаман, қоршағандарға Қаранарды нұсқап.
– Адамзаттық алыбы болар бұл!.. Бұған күш келе қоймас! – деп, бас
салуға ешкім бата алмады.
Жұрттың бетін байқаған Қаранар, аз сөзбен болса да кім екенін
білдіргісі кеп, бірақ қорыққан жүрегі өкпесін аузына тығып, кекештеніп
сөйлей алмай қалды. Сол кідірісін пайдаланғандай:
– Қару қолданыңдар! – деп ақырды атаман, үрейлі көпке.
Сол тұста, əлденеге пайдалану үшін көсілте үйіп қойған сырғауылдар
мен қазықтар бар еді. Бұйрыққа бағынған көпшілік соларды қолдарына
ұстай бастады.
– Ұрыңдар! Өлтіріңдер! – деп ақырды атаман.
Не істерге білмей, сандала сілейіп тұрған Қаранардың үсті-басына
төпелеген соққылар жауып кетті. Қатардағы біреулер ондай соққының
бірер тиюін де көтере алмай қылжия кетер еді, басын қолдарымен қорғай
жанталасқан Қаранар, біразға дейін шыдап бақты. Бірақ, «ұра берсе құдай
да өледі» дегендей, «құдай» емес, қанша алып болғанмен, жанды
мақұлықтың бірі болып жараланған, үстіне тынымсыз төбелеген таяқтан
қалжырап есі ауды да құлап кетті.
Сонда да төпелей берген дүлей қарулар оны өлтіріп тынар ма еді, егер
əлдекім көпті кимелей, Қаранарға жақындап, қолдарын көтеріп, бар
даусымен:
– Тоқта! – деп ақырмаса.
Бұл осы қаланың көп жыл атаманы болған, қартая келе тақуалық жолға
түскен, сөзі тоқтаулы бір қарты еді. Оған атаман да қарсы келмейтін.
Қараңғыға көздері үйренген көпшілік шалдың өзін де, сөзін де танып
соққыдан тыйыла қалды. Адам өлтіруді тəңірі алдында ауыр күнəға
санайтын шал, əлі де біразының сойылдары көтерулі тұрған көпті дінмен
емес, заңмен қорқытпақ боп:
– Соқпаңдар енді! – деді көпке, таяқ жеушінің ербеңдеген аяқ-қолынан,
əлі тірі екенін аңғарып, – өлтіріп ап, пəлесіке қалып, жазаланып
жүрмеңдер!..
– Ол, варнак!
– Кім болса да мейлі!.. Ұрып өлтіруге хақыларың жоқ. Жазасын заң
береді.
«Заң» дегенде тыңдаулы казак-орыстар Қаранарды əлі де ұрғылары келіп
тұрғанмен, шалдың сөзінен аса алмады.
Енді кірпігі ғана қозғалған шала-жансар сорлыны, атаманның
бұйрығымен, солдаттар «өртшінің» саймандар сақтайтын берік қоймасына
сүйреп кіргізіп, есігін тас қып жапты.
Енді не істеуді ертең күндіз ақылдаспақ болған жұрт, бет-бетімен
тарады...
Олардың ертеңіне не істерін аллам білер еді, егер таң сарғая, Шоқан мен
Достоевский келе қал.маса!..
Қаранарды таң білінгенше күткен олар, «неге кешікті?» деген қауіппен
əрі бар тамағы суға кетіп, қарындары ашқандықтан, əрі тоңғандықтан, əрі
түн бойы жайылған су киімдері дегдіп, киюге келгендіктен, «сол байғұсты
іздейік» деп, «қорек тауып, қарын тойғызайық» деп, Қаранар кеткен жаққа
жөн тартты. Қаланың жақын екенін олар түнде үрген иттердің, соғылған
қоңыраулардың дыбысынан шамалаған. Иттерді дүрліктіруші Қаранар
болар деп жорамалдаған олар, қоңыраулар неге қағылуына түсінбеген...
Енді қалаға кірсе, түнде дүбілген халықтың біразы ояу, кейбіреулері
көшеде екен. Солардан сұрастырса, қамаулы «варнак» барын, дүбілуге сол
себеп болғаның бүгін сазайын тартатынын естіді.
«Варнакты» Қаранарға жорыған олар, атаманды іздеп барса, рота
штабының кеңсесінде екен. Былайғы жұртқа бедірейе қарап, ырық
бермейтін атаман, кезі келсе сөгіп, не ұрып шығаратын Шоқанның генерал-
губернаторға адъютант екендігі документін көргеннен кейін құрақ ұшып
жалпаңдай бастады. Шоқан оған «варнак» туралы өз жорамалын айтты.
Бəрі көруге барса, түнгі қатты соққыдан шалажансар қалған Қаранар
қазір есін ептеп жинағанмен, қозғала алмастай жаралы: денесі көк-ала
қойдай, басы долырып ісіп, көздері жұмылып кеткен.
Шоқанның дыбысын естіген, таныған ол, кемсеңдеп жылайын деп еді,
шамасы жетпеді.
Кім екенін анықтап алмай, бейкүнə біреуді мұндай халға келтіргендігі
үшін, Шоқан, əуелі атаманды біраз сөгіп, нəтижесінен қорқытып алып,
тынықтыру, емдеу жайын сұрастырса, қалада, рота қарамағында емші
(лекарь), оның қарамағында «госпиталь» аталатын үйшік бар екен.
Қаранарды сонда орналастырды.
Ол қозғаларлық тіл қатарлық халға екі-үш күнде ғана келді. Онда да
емшінің жəрдемімен.
Оқығаны аз болғанмен, тоқығаны көп емші, «ісік ішіне түссе өледі» деп,
оны түсірмеу үшін, түйенің шұбатына, қайнатқан ерменнің (лебеда) ащы
суын араластыра ішкізе берді. Сыртқы ісікті ыдырату үшін, ешкінің тон,
майын сіңірген кенепті күніне екі-үш рет ауыстыра орай берді. Содан ба,
əлде, дене қуатының күштілігінен бе, екі-үш күнде, сыртқы жалқаяқ ісіктің
көгерген табы ғана қалды. Ішінде зақым жоқтығына асқа зауқы соғуы куə
сияқты.
Ол мешкей адам болушы еді. Шоқанның сөзінен, Қаранарға көрсеткен
қылығы үшін басына жазалану қаупі туған атаман, сырқаттың керекті
тамағын аяған жоқ.
Қаранардың өлмесіне, сауығуына көздері жеткен Шоқан мен
Достоевский, жазылған Қаранарды жөніне жеткізуді атаманға тапсырып,
өздері ілгері кетуге ниет етті. Оған Қаранар қарсы болған жоқ.
Ертең ылаулатып кетпек болған күннің кешінде Достоевскийді ғана
ерткен Шоқан Қаранарға жолықса, кеңесуге келіп қалған қалпы бар екен.
Ол, «мырза» атап алған Шоқанға ең алдымен, «қатардағы жалшы» деп
қарамай, қымбат уақытын қиып, көп жақсылық көрсеткендігі үшін сансыз
алғысын айтып алды.
Содан кейін кеудесіне кірбең болып жүрген бір сырын ақтарып қалғысы
келді.
– Мырза, – деді ол, Шоқанның кетуге айналған қалпын байқап.
– Əу, Қареке?
– «Қареке» дейсің, мені, ə?!..
– Оның не өрескелдігі бар?
– Сен ақсүйек, мен қарасүйек!..Сен төре, мен жалшы!..
– Болса ше?
– Жай, менімен теңдесіп сөйлескеніңді, тең адамдай қамқорлық
көрсеткеніңді айтам!..
– Сен бізге қамқор болмадың ба? Сені ажалдан мен құтқарсам, мені
жəне менің досымды ажалдан сен құтқардық. Жақсылықты сен бастадың
да, мен қостадым.
– Жəй, əншейін, жақсы адам екеніңді айтайын деп едім.
– Өзің ше?
Қаранар жауап бермеді.
– Сен де жақсы адамсың! – деді Шоқан.
– Мырза! – деді Қаранар, даусын байсалдандырып, – кеудемде құсықтай
топ болып жүрген бір сырымды айтып қалайын деп ем де саған.
– Қандай сыр?.
– Қайық үстінде сенің маған сөйлескің келді, мен сөйлеспедім.
– Неге өйттің?
– Сені дұшпан көргендіктен...
– Неге, ойбай?! – деді Шоқан шошына ғап.
– Сен ғой, хан – Шыңғыстың баласысың?
– Қайдан білесің оны?
– Естідім.
– Араб дейтін жігіт, осы жақтан қыз алып қашып, мұнда сыйыспайтын
болған соң, қорғалап əкеңе барған ғой. Сонда, інің бе, ағаң ба, – бір туысың
қатынын тартып алып, өзін «қашқын» деп орысқа ұстап берген...
– Ə-ə, – деді Шоқан, Атбасар сапарында, Ақан көлінің басында сондай
жігіттің жолығуы есіне түсе ғап. – Ұсталып па екен, сол?
– Ұсталмақ түгіл, Ит жеккенге жер аударылған.
– Апырай, ə!.. Ол кімің еді, сенің?
– Туған нағашым еді, шешемнің інісі... «Бұтаға қорғалаған торғай да
аман қалады» деп еді. Паналап барған бейбақтарға əкең бұта құрлы бола
алмаған.
– Рас...
– Онан да жаманын айтайын ба?
– Ие? – деді Шоқан елеңдеп.
– Сенің нағашың Қаржас Шорман деп естимін.
– Рас:
– Шорманның баласы Мұса мырзаның бір қылығын айтайын ба?
– Айт!
– Менің əкем Қарабек көп жыл Шорман тұқымының жылқышысы
болған. Өзі менен де ірі кісі екен, атан түйені көтереді екен. Бір шақта
желдеген саяқты іздеп жүріп, сортаң көлің жағасына жусаған түйелерге тап
болады. Жақындап барғанда, шабынған бура, тұра ұмтылады. Астындағы
аты жүйрік əкем біразға дейін шалдырмай, ақыры, құтқармасын көрген соң,
тастақты сайға тығылады. Бура да сол сайға түсе қалады. Тұйыққа
қамалып, енді құтылмасына көзі жеткен əкем, қопарылып жатқан жуандау
қайыңның түбірін ұстап қорғанайын десе, бура жақындай түседі.
Жасқауына болмай, кимелеп келген бура аузын сала бергенде, əкемнің
сілтеп қалған шоқпары шекесіне тиіп, бура омақата құлайды да, аяқтарын
ербеңдете сермеп, тыншығады; əкем қараса шоқпар бураның шекесін ойып
жіберген екен... Сол бура Мұсаның інісі Исанікі болып шығады. «Мал
ырысы» деп санайтын бураны əкемнің өлтіргенін білген Мұса, «елу жылқы
ұрлап əкеле жатқанда қолға түсті» деп, əкемді абақтыға алдырады да, сот
Итжеккенге айдап жібереді...
– Қиянат екен! – деді Шоқан.
– Содан біз үйелмелі-сүйелмелі жеті ұл қалып ек. Мен кенжесі едім.
Мені Семей затонында қара жұмыс істейтін бір жам-ағайыным асырап
алды да, соның қолында ер жетіп, қайықшы болдым.
– Ағаларың?
– Олар жас шағында ел ақтаған қайыршы боп жүрді де, ер жете, бірінен
соң бірі қазақ-орыс қаласындағы бір жесір бай қатынға жалшылыққа
тұрып, ақыры, сол қатын біреуін шоқындырып, бай ғып алды.
– Кейінгі ағаларың ше?
– Олар да шоқынды.
– Бəрі де ме?
– Түгелімен...
– Шешелерің?
– Үлкен баласы мал түлігі болғанша, ауыл байларында сауыншы боп
жүрді, сол баласы шоқынған соң қолына барды.
– Ол да шоқынды ма?
– Енді қайтуші еді? Басқа барар жер, басар тауы болмаса?!.. Семейге
атпен жүрсең, көргің келсе, жолда көресің.
– Қайда? Қалай?
– Жолыңда қазақша – «Қиық», орысша – «Лебежі» деген қазақ-орыс
қаласы бар. Сонда тұрған шоқынды Александр Иванович дейтін бай бар,
соның əкесіне тиген.
– Ол да шоқынды болған ба?
– Болған. Көп отаспай өлген. Тұрғын оны жатсынбай, шешесіндей күтіп
отыр дейді.
– Шешең де шоқынған ба?
– Əрине.
– Көп пе Тұрғындағы шоқындылар?
– Семейге жеткенше аралары таяқ тастам болып отыратын орыс
қалаларында шоқындыдан аяқ алып жүре алмайсың. Кей қаланың тек
жартысына жақыны шоқынды.
Қазақтан мұнша шоқынды барын Шоқан білмейтін еді. Ана жылы Дорж
Банзаровпен жолыққанда, Қиыр Шығыстағы елдерді, олардың ішінде –
буряттарды христиан миссионерлері қалайша зорлап шоқындырғанын
естігенде, бұл зорлыққа Шоқанның иманы қасым болды. Енді, міне сол
оқиға алдынан шықты. Қаранардың, ағаларынан басқа қазақтардың қалай
шоқынғанын білу үшін, жолшыбайғы қалалардың «шоқынды көп»
дегендеріне тоқырап аттанғысы келді. Сол ниетпен:
– Шешеңнің аты кім еді? – деп сұрады ол.
– Баршагүл еді. Орыстар – Варвара деп өзгерткен. Қазақтар оны
келемеждеп «əруей» қойған. Білмеймісің ол сөздің мəнін?
– Жоқ.
– «Делқұлы», «есуас» деген ұғымды айтады. Шоқынғалы көрген
емеспін. Естуімше: орыс дініне мейлінше берілген. Мұсылман адамдарды
өлердей жек көреді, оларды көрсе қашады, маңына жолатпайды.
– Ерінің фамилиясы кім екен?
– Білмедім. Бірақ, біліп те керегі жоқ. Ол маңда «əруей қатын» дегенді
білмейтін жан жоқ сияқты.
Шоқан Қаранардың кеңесін, ол кеңесті ұқпай, мелшиіп отырған
Достоевскийге баяндап берді.
– Не деген тамаша хикая еді! – деді Федор Михайлович. – Жазуға қандай
қолайлы жəне қызғылықты оқиға!..
– Сен жаз!
– Жоқ, – деді Достоевский, – бұны жазу үшін қазақ болып туып, соның
басынан өткерген қасіреттерді көзіммен көруім, басымнан кешіруім керек.
Мұны, мысалы, сен сияқты кісі ғана жаза алады!..
– Ал енді, біз жүрелік! – деп кетер қалпын байқатып түрегелген
Шоқанға:
– Сөз бітпей қалды ғой, мырза, – деді Қаранар.
– Қандай?
– Мен мана «саған дұшпан едім» дедім бе?
– Айтпақшы сол бар екен ғой, – деді Шоқан қайтадан отырмастан, «тез
жəне қысқа айт» дегенді қимылынан аңғарту ниетімен.
Онысын түсінген Қаранар:
–Тойтарысын ғана қайырайын, мырза, жолыңнан қалдырмайын, – деді.
– Сөйт, Қареке!..
– «Сөйтсем», ұяма сонша бүлік салған Шыңғыс пен Шорман тұқымынан
тым болмаса біреуін өлтіру арманым. еді.
Шоқан түршіге қалғандай болды...
– Иə, иə, мырза! – деді ол қалпын аңғарғандай, Қаранар сөзін шегелей
айтып,– арманым еді. Сен Омбыда қайығыма отырғанда, «құдай көктен
тілегенімді жерден берді» деп қуанған ем...
– Білетін бе едің мені?
– Білгенде ше? Аспанды жапқан қара бұлттың арасынан жалғыз жұлдыз
жарқыраса, көзі бар жан көрмей қоя ма?.. Омбыда сенен басқа кім бар,
қазақтан ілікке ілегіп жүрген?
Бұл сөздер жанына жағып кеткен Шоқан, сұрағына жауап күткендей
болған Қаранардан бетін Достоевскийге бұрып, орысшалап берді.
– Ақылды сөздер! – деді Достоевский де, риза болғандай.
– Ие, Қареке? – деді Шоқан Қаранарға қарап, неге өлтірмегенін енді
жорамалдағандай боп.
– Сонымен, мырза, қысқасы, өлтірейін десем, орын да, рет те көп-болды.
Ішімді кек кернегенмен, елдік намысым қолымды көтертпеді.
– Бітті, Қареке! – деді Шоқан, – айтпай-ақ қой аржағын.
– Өзім де тауыстым, айтарымды.
– Ал, қош, онда! – деп Шоқан есікке беттеді. Достоевский соңынан ерді.
Аяқ басу жобасына қарағанда, Шоқанның көңілі босаған қалпы бар. Сол
көңілін Достоевскийдің белгісі келмеді, үн қатпады.
Бұл жайды олар ылаумен Керекуден Семейге беттеп шыққанда ғана
кеңесті.
– Ер адам екен де, – деді Шоқан, Қаранарды еске түсіріп, – «жүзден –
жүйрік мыңнан – тұлпар» дейді қазақ мақалы. Халықтан нелер тұлпарлар
шықпайды, – деді ол Достоевскийге, «тұлпар» деген сөзді түсіндіріп.
– Иə... Халық – қайнар күш қой.
ШОҚЫНДЫ КАПИТАЛИСТ
Қаранар айтқандай, Керекудің Семей жағында, Ертістің екі жағасы да
сыңсыған ел екен. «Қазақ, жағы аталатын тоғайлы бетін тасыған су басқан;
қимыл көрінбеуіне қарағанда, ауылдар тасқыннан бұрын қырға көшіп
кеткен болу керек. «Орыс жағы» аталатын дөңестің оңында жиі орналасқан
қазақ-орыс станицалары. Олардың атын білетін біреуден Шоқан жазып
алған. Сонда көңіл бөлгені: – əр станицалардың орысша жəне қазақша
қосақ аты бар. Мысалы, Подстепной – Зергер, Янусова – Тұзқала, Черный –
Қаражар, Лебяжье – Қиық немесе Бос-бос, Белокаменка – Ақтас, Известка
– Тас қайнатқан, Далон – Мақсым, Тривенька – Соқыр, Грачевка – Ақсақ,
Семи Ярка – Капитан, тағы сондайлар.
«Таяқ тастам» дегенмен, бұлардың аралары өлшеп пішкендей: жиырма
бес шақырымнан. Сондықтан, көктемнің ылайсаң шағында бірінен біріне
ылаудың қоңсыз аттары қара терге шомылып əрең жеткізеді.
Қарындары ашқан шақта кей станицалардан жүрек жалғап алмаса,
көбіне жолаушылар кідірген жоқ. Аттардың жарауынша суыт жүріп
отырды. Шоқанның сондағы мақсаты «Керекуден жетпіс шақырымдай»
деген Қиыққа тезірек жетіп, Əруей кемпірді көре кету, реті келсе тоқырап,
тілдесіп кету. Жəне бір мақсаты Қаранар «Лебежі» деп атаған станицаны
орыстардан сұрастырса, «Лебяжье» екен. Бұл есімі тарихқа түскен атақты
станица. Іргесі Семейден де, Омбыдан да бұрын орнаған. Сібірге сұғынған
орыстар, жəрмеңкені алғаш осы қаладан ашып, ол кезде Россияға бағынып
болмаған сібірлік халықтармен, монғол тектестерден, не Қытаймен сауданы
осы станица арқылы жүргізген; бұдан талай атақты атамандар шыққан;
Шоқанның кадеттік досы – Григорий Попанин сонда туған, сондықтан оны
Шоқанға өсіре мақтайтын. Шоқан көруге құмартатын.
Міне, енді, сол көрудің сəті түскен сияқты. Оның өзге станицалардан тез
сырғып, Лебяжьеге ұмтылуы да содан.
Бірақ, Шоқан асыққанмен, арық аттар асықпады. Ылаушы қанша
айдағанмен, олар болдыра беріп, жолшыбай əлсін-əлсін шалдырып
отыруды тіледі. Олар сондай күйбеңмен, күйлі көлікпен əрі кетсе – ара
қонып, əйтпесе бір күнде жетіп баратын Лебяжьеге үшінші қоналқада əрең
жетті.
«Лебяжьені» қазақтар «Қиық» деп бекерге атаған жоқ екен. Ертістің биік
жар қабағының астына орналасқан бұл станицаның дөңінен қарағанда,
өзенге қарай созылған көшелері қиғаштай, қиығынан көрінеді.
Тұрғын шоқындының үйін табу, жолаушыларға қиын болған жоқ. Дөң
үстінде жөн сұраған біреу «анау тұрған» деп, жасыл шатырлы, қомақты,
еңселі үйді нұсқады. Ол маңайдағы үйлердің арасында көп үйректің
арасындағы қаздай қақырайып тұрады екен.
Жақын сияқтанған бұл үйге, кілкіген ылайы қоймалжыңдана тұнып
тұрған көшелерді бойлап, болдырған аттармен жету қиынға соқты,
Сүлдерлері сүйретіліп бұлар əрең жетсе, сəулетті қарағай үйдің
қақпасының алдында əскери қазақ-орыс формасында киінген, қазақ,
кескінді, қияқ қара мұртты, шоқша қара сақалды, бойшаң, жуантық біреу
тұр екен. «Тұрғыны осы болар» деп шамалаған Шоқан орысша я қазақша
амандасарын білмегендей кідіріп еді:
– Шыңғыс сұлтанның баласы болмаған едің, – деді қара сақал,
жақындаңқырап, таза қазақ тілімен. – Сəлем қайда?
– Ассалаумаликем! – деді ыңғайсызданып қалған Шоқан, арбадан түсуге
ыңғайланып.
– Түспей-ақ қой, – деді қара сақал, – жер саз, аяғың былғанады. Аттарың
қораға кірсін. Төсеулі тақтай бар. Сонда түс.
– Сіз кім боласыз?
– Осы үйдің иесі – Тұрғын Сабатаев. Ар жағын кейін кеңесерміз, түсіңіз!
– «Бұл мені қайдан біліп тұр?!» деген ойда болды, қораға кіріп, жалпақ
төселген жол тақтайға түскенше Шоқан. Білетіні: Омбыға барып жүретін
ол, өткен қыста сапар шегіп, сонда, көшеде жаяу келе жатқанда көрген.
Тоқырап танысуға батпаған. Қарсы кеп, еткізіп жібергеннен кейін, біреуден
«бұл кім?» деп сұрағанда, анау түсіндірген; сол төренің Кереку маңында
суға кетіп қала жаздағаның одан Керекуге барған оқиғаларын ұзын
құлақтан естіп отырған; бірақ «орыс мінезді – тігін» деп еститін Шоқанды
өз үйіне келе қояр деген ойы жоқ еді.
Міне, енді келді!..
Оның алыстан шалатын көзі Шоқандарды дең үстіне тоқырап, жол
сұрағанда-ақ шалған. «Бейсауат кімдер екен?» деп тұрғанда, ылаулары
төменге түскен жолаушылар бері қарай аңқылдаған өз көшесін бойлағанда,
кім екенін көріп қалғысы келген Тұрғын, қақпа қоспасынан сығалай
қараған.
Қазына
жүргіншілері
екенін
ылаушының
доғасындағы
қоңыраудың қаңғырлауынан шамалаған Тұрғын, жəмшік үйіне баратын
шығар деп жобалап тұрғанда, ылау аттарының басы өз қақпасына
бейімделгеннен кейін, «Шыңғыстың баласы болар ма?» деп қақпадан шыға
келген. Ондағы ойы – «сөзі Омбы төрелеріне түгел тыңдаулы» деп естіген
Шоқанмен танысып қалмақ, шама-шарқынша күтіп жібермек.
Сол ниетпен үйіне түсірген Шоқанның алдында құрақ ұшты. Аты
«шоқынды» дегенмен, ол қазақша тұратын жасау-жиһазын қазақша
құрайтын төсеніштерін қазақша жайғызатын; қазақша соғым сойып,
кісісіне арай кəделі қонағасы беретін адам еді. Көктемге қарай сойған бір
семіз байталдың қонақтық мүшелері түгел тұруына қарамай, Шоқанға одан
«хан сыбағасын» астырумен қатар, арнаулы мал тамағын қанатпауды
ықғайсыз көріп, бордақыға байлап отырған семіз сарықтарының біреуін
алып ұрды. Онысын білдіріп қойғысы кеп:
– Мырзам! – деді ол қой сояр пышағын Шоқанға көрсете қайрап
отырып,– Ата-бабаларыңды да, өзіңді де естуім бар, киіз туырлықты
қазақтың ордасысыңдар. Сыйлаймыз! – деп бір қойды. Аздан кейін жəй-
жапсарымен таныстырып кетті. Осы маңайдың құстары айтады дейді ғой,
«күніміз үшін теңізге кетеміз, балапандарымыз үшін мұнда келеміз» деп.
Солар айтқандай, балалары көп, жарлы əкеміз күні үшін шоқынса керек.
Біз де соның салтымен «шоқынды» аталамыз. Бірақ, əкем де мұсылмандық
дінге берік болған адам, біз де берікпіз. Күндіз шіркеуге барып шоқынып,
түнде үйге кеп намаз оқимыз. Ораза, намазды қаза қылмаймыз. Қол
қайырымызды кемітпейміз.
Одан əрі сөйлеуге жалшы сияқты бір орыс жігіті, сойылатын қойдың
даярын хабарлады. Тез соймаса ымырт жабылатын. Соны ескеріп абыржи
түрегелген Тұрғын, «ойбай, сонысы бар екен ғой» деп есікке беттей берді
де, аз кідіріп:
– Сенің, сыбағаң қой емес, тай еді, төрем, – деді, – бірер күн болсаң оны
да жерсің. Əзірше, тоқты-торымға риза бола тұр!
– Рахмет, Тұреке!
Тұрғын шығып кетті. Шоқан Достоевскийге оның жайын айтып берді.
Үнсіз тыңдаған Достоевскийге бұл сапары қызғылықты оқиғаларға толы
жол сияқтанды.
Тұрғын қонағасыны аямай тартты: қой түгел асылып, астау толы еттің
үстіне үйіткен басы салынған, қой етінің семіздігі əппəқ қардай; оның
үстіне қалыңдығы қарыстай, майы сап-сары тұтас қос қазы, жуандығы
жеңді білектей карталар кесіліп кеткен; олардың үстіне етегі етектей,
қыртыс майының да қалыңдығын көрсеткісі келгендей, əр тұсын ыржита
тіліп қойған жаяны тұтасымен жаба салған.
Бұндай асылған етті бұрын көрмеген Достоевекий астауға аузын аша,
таңдана қарады да, Шоқаннан:
– Көп қой мынау!.. Неге əкелді мұншаманы?! – деді.
– Жеуге, – деді Шоқан жымиып.
– Кімдер жейді?..
– Екеуміз.
– Қойшы! – деп таңданған досына, Шоқан аз сөзбен қазақтың ет
жегіштігін қысқаша айтып берді.
Қонақтар кеп еттің мұртын да сындыра алған жоқ. Əлгінде шəймен бірге
ыстық жəне дəмді қалашты шикі қаймаққа малып, іштерін толтырып алған
олар, еттің қызылынан ғана дəм татты да отырып қалды...
– Еттен кейін түнде сусарсыңдар, – деп Тұрғын қонақтарын дəмді шайға
тілегенінше қандырды да, «енді тынығыңдар» деп, қонақ кəде жасатты.
Оларға ауылша жатса да, қалаша жатса да ерік берілді. Қонақтар қалашаны
ұнатқан соң, төсек оңаша бөлмедегі қала салтымен өрнекті əдемі жасалған
ағаш кроваттарға салынды. Оның төсеніштері де сəнді, жұмсақ, жылы екен.
Қонақтарын қарама-қарсы екі кроватқа орналастырған Тұрғын:
– Егер ұйықтағанша кеңескілеріңіз келсе, орталарына, кілем үстіне
қисаяйын, – деп еді:
– Сөйтіңіз, ағай! – деді. Төсегін кілем үстіне салған Тұрғынға бірінші
боп Шоқан тіл қатты, жəне «Достоевский де түсініп жатсын, мүмкін
кеңеске араласар» деген оймен, қазақша емес, орысша, өйткені жобасына
қараса, қазақша сөзге шешен Тұрғын, орысшаға да ағып тұр; жəне сібірлік
қазақ-орыстардың говоры аталатын акцентпен сөйлейді. Тұрғынды іштей
ұнатып, сыйлап үлгерген Шоқан, сыпайылық қып, оған «сізбен» тілдесіп,
«ағай» деп атап алған. Сондықтан сұрауларын орысша бергенмен, «сізін»
жəне «ағайын» өзгертпеді ол.
– Ағай, – деп бастады ол сөзін, – осы үйде ас əкелуге жəрдемдесіп
жүрген орыс жігіті мен сізден басқа кісі көрмедік қой? Үй-ішіңіз кімдерден
құралуын білуге бола ма?
– Əрине...
– Атай берсеңіз!..
– Əрине, əйелім бар, – деді Тұрғын жымиып, – «Ұлы сөзде ұяттық жоқ»
– біреу емес, екеу. Біреуі – орыс, біреуі – қазақ.
– Орысы үлкені ме, кішісі ме? – деді Шоқан жымиып.
– «Шоқынды» атағымыз болған соң үлкені болады да.
– Көрінбеді ғой, жеңгейлер?
– Бұл жөнде қазақ ғұрпын сақтаймыз. Қонақтарға қатынды
араластыруды ерсілік көреміз.
– Əдеттің күшін қара! – деп қойды Достоевский.
– Балаларыңыз да бар болар, əрине, – деді Шоқан.
– Олардың басы барырақ: екеуінен бес ұл, үш қыз...
– Бəрі де оқитын болар?
– Біреуі-ақ.
– Неге?
– Бұл қаланың школы шалағай. Семейде, Омбыда, Барнаулда тəуір
школдар бар, бірақ бəрі əскерше. Оларға біз сияқты мещандардың, баласын
алмайды. Анау балам да оқымай қалар ма еді, қайтер еді, егер Сібірдегі
буряттан шыққан оқымысты Банзаров деген себепкер болмаса.
– Білесіз бе, Банзаровты?
– Неге білмейін? Осы үйге түсіп кетіп жүреді. Бір сəтте сол маған «өзің
оқымай қалған екенсің, балаңды оқыт» деп үлкен ұлымды қалағандай ғып
əкетті.
– Қайда?
– Қазанға. Сондағы өзі оқыған гимназияға. Амандық болса, биыл
бітіреді. Содан кейін Парижға жіберем!..
– Парижға?! – деді Достоевский.
– Неге таңдандыңыз? Ол қалада өзім де болған кісімін...
– Қалай?! – десті екі дос қосынан.
– Осы үй, – деді Тұрғын, əңгімесін алысырақтан бастап, – қайын
атамдікі. Ол, – деді Шоқанға қарап, – орыс жеңгеңнің əкесі. Аты –
Терентий, фамилиясы – Казанцев.
– Сіз де орысша атым солай дедіңіз ғой мана?
– Дедім. Əкем қайын атамның атын қосқан. Қазақтар оны бойының
ұзындығына қарап–«Серекей» дейді, мені ретіне қарай «Тұрғын» деп те,
«Тұзбай» деп те атай береді...
– Ə-ə...
– Қайын атамның əкесі де өзі де осы маңайдағы сорлардан тұз қайнатып
байыған адамдар. Серекей тіпті бай болып, бір жағы Қытайға, бір жағы
ішкі Россиядан асып, Европаға түз төккен жəне жүздеген тонналап; кейін
ол, Россияның шет мемлекеттермен тұз саудасын жүргізетін акционерлік
қоғамына бастық боп, бір үйді Петербургтан да салып, өзі көбіне сонда
тұрады.
– Міне, қайда кетті əңгіме! – деп қойды Шоқан Достоевскийге... – Ол
қоғамның бөлімшесі Омбыда да бар.
– Қызық əңгіме! – деді ол.
– Сонымен, сол Казанцевпен қалай жақындасып жүрсіз, сіз?
– Алғаш өзім емес, əкем. Ол осы төңіректегі Найман руындағы
жылқылы бір байдың баласы екен. Жасынан пысық болып өскен ол осы
Лебяжьеге үйір болады да, Серекейге приказщик боп, саудасын жүргізеді.
Сөйтіп жүріп Серекейдің қарындасына үйленеді де шоқынады. Бірақ,
ауылдан да қол үзбей, ағайындарының қолында қыруар мал есірген кісі.
– Өзіңіз?
– Мен де сол малдарға иемін. Бірақ, негізгі салығым ауылда емес,
осында...
– Парижға барғаныңызды айтыңыз!..
– Саудамен. Қайын атама еріп. Бір емес, əлденеше рет. Бір сəтте қыстап
қалғаным да бар.
– Тілін де үйрендіңіз бе?
– Енді ішінде тұрған соң... Нан алып жерлігім бар.
Шоқан білген мөлшерінде французша сөйлесіп көрсе, жорғадай
маймаңдап барады.
– Балаңызды Парижда оқытуыңызға сендім енді! – деді Шоқан, – Өзге
балаларыңызды неге оқытпадыңыз?
– Қайтем, оқытып? Құдай зердесіне салса, оқымай-ақ адам болар.
Зердесіз болса, оқыса да түк шықпайды. Ондайларды көріп жүрміз. Мен
өзім не қазақша, не орысша «əліпті – таяқ» деп білген кісі емеспін. Сонда
да есебімнен жаңылмаймын, оған келгенде «үш қабат бухгалтерия»
дегендерді де көзді жұмып отырып шығарам.
– Не деген зиректік! – деп қойды Шоқан.
– Орыс саудагерлерінде де осындайлар көп, – деді Достоевский.
Шоқанға Тұрғын жүрген жол, бүкіл қазақтың түсуіне лайық сияқтанып
кетті. Ол сырын Тұрғын да қолдағандай боп:
– «Мынау кəпір, анау мұсылман» деген емес, – деп қойды бір сəтте.
Менің ұғымымда «дін» деген жəй сөз. Əңгіме онда емес, күн көріп, тұрмыс
жасай білуде. Не бітірді қазақ мұсылман боп.
– Мұсылман боп та оңып отырған жоқ. Құдайының пайғамбарының
кімдер екенін білмейді, құлшылығы да түкке тұрмайтын əурешілік.
– Рас айтасың, мырзам! Ертеңі не боларын білмеген сорлы, беталды
құла-дүзге көше береді, көше береді. Замана жылдан жылға тарылуда.
Жерден, судан жыл санап айырылуда. Біраздан кейін малдарын жаяр жер
қалмау қаупі бар...
– Рас...
– «Қала бол» десең, зар қағады. Суда-саттыққа еріншек. «Бойында
кіреші бар, білдірмей шоқындырады» деп ақшадан безген қазақтардың
талайын көрдім...
– Мен де...
– Тұрмысы жүдеу. «Мыңқырған» дейтін кей байдың үйінде төсеніші,
үстінде киімі жоқ.
– «Кейбірінде» емес, көбінде...
Бұл қалпымен қалай ел, қалай жұрт болады?!..
– Рас, Тұрғын ағай.
Тұрғынның сырын ішіне түйіп алған Шоқан, этнографияны да зерттеп
жүрген қалпына бағып, салмақты кеңесті əрі қарай созбай уақ-түйектерді
сұрастырып кетті.
– Орыс əйеліңіз оқыған кісі ме? – деді ол.
– Школы жоқ жерде қалай оқиды. Қатынын мақтады деп сөкпе, мырзам.
Былайша, ақылды, үй жабдығына қолайлы кісі.
– Қазақ əйеліңіз жас па?
– Жас. Бертінде қыздай алдым. «Ноқтаның жуан тұғыры» дегендей,
жобалғы ғана адам. «Үй шаруасына, балаға керек» деп ала салдым.
Кедейлеу біреудің қызы еді.
– Орыс жеңгей қарсыласпады ма? – деді Шоқан қуланып.
– Неге қарсыласады?..
– Орыс əйелі тоқал алдырмайтын еді ғой деуім де.
– Осы Ертістің бойындағы елде, – деді Тұрғын салмақты үнмен, –
«мынау – орыс, анау – қазақ» деген ұғым жоқ. Осы Қиықтың орыстары
қазақша сөйлегенде байырғы қазақты жаңылдырады, үй-іштерінде қазақша
сөйлесіп отыратын семьялар да көп. Қазақ-орыстың қыз-бозбалалары
сауық құрғанда, қазақтың əндерін орысшамен араластыра соғады. Қазақша
мал өсіріп, соғым сойып, қонағасы беретін орыстар да аз емес.
– Жылқы да соя ма сонда?
– Үй басы дерлік.
– Қазақтар шошқа соя ма?
– Қолдан соймағанмен, кез келген жерден алады.
– Қыз алып, қыз беру ше?
– Толып жатыр. Сондағы сылтаулары «шоқыну». Өзіңіз білетін
боларсыз, қазақта қалың мал бар, сондықтан жарлыға қатын алу оңай емес..
– Рас.
– Төлер қалың малы жоқтар шоқынған болады да, орыс қызын ала
береді.
– Орыстар ше?
– Олар да ала береді қазақ қызын...
– Қайдан табады?
– Қазақта не көп кедей көп. Ауылда олардың бəріне күн көрерлік кəсіп
табыла бермейді де, еркегі де, əйелі де тентіреп қалаға кеп, орыстарға
жалшылыққа тұрады. Бұл арада ондайларды «жатақ» дейді.
– Ақыны қалай төлейді сонда?..
– Түкке тұрмастық. Көбі – тамағы үшін жүреді...
– Тұрмыстары қалай болады?
– Өлмешінің күні. Өте нашар. Қожалары оларды қорлықта ұстайды.
– Түсінікті. Тағы бір сұрау, сіздің шешеңіз қазақ, қой?
– Туған шешем бе?
– Ие.
– Орыс демедім бе əлгінде.
– Қазақ шешеңіз бар деп естіген едім де.
– Қазақ əкесінің əйелін тумаса да шеше дей беретіні бар емес пе?
– Бар.
– Əкемнің қолына ауылдан балаларын ерткен бір жесір əйел келеді де,
жөні бүтін болған соң əкем соған аяқ салады.
– Аты Əруей ме?
Тұрғын күліп жіберді.
– Неге күлесің?
– Солай екені рас. «Қайдан естіген?!» деп.
– Керекуден, – деп Шоқан қалай естігенін қысқаша айтып берді.
– Дəл айтқан, – деді Тұрғын.
– Сол кісіні көруге бола ма?
– Болмайды.
– Неге?
– Қазақ кескіндінің бəрінен қашады. Кездесе қалса мазақтайды.
– Неге?
– Ауылдан қорлық көріп келуінен бе, əлде, діншілдігінен бе, əйтеуір...
– «Діншіл» дейсіз бе?
– Ол жағы сұмдық. Осы қалада одан көп шоқынатын шіркеуге одан көп
баратын біреу де жоқ...
– Сонда христиан дінінен түсінетіні бар ма?
– Мұрнына исі де келмейді. Сөйте тұра, барып тұрған тақуа. Оның
қасында, шоқынды семьяда орыс қызынан туып, туа сала мойныма кірес
асқан мен, əлдеқайда мұсылманмын. Мұсылмандық дегенді естігісі келмей
зыр қаға қалады, айтайын десең құлағын алақанымен басып, теріс қарап
кетеді...
– Апыр-ай, ə?!.. Маған неге көруге болмайды ол жеңгейді?
– Əрине, болады. Бірақ дағдысымен, тіл тигізіп, мас« қаралап шығара ма
деп қорқам да.
Сонда да тəуекел, көрейік ертең.
– Онда мен алдымен кіріп, кім екеніңді түсіндіріп шығайын да, мырза.
– Мақұл.
Ертеңінде ертемен жолыққан өгей шешесі, Тұрғынның оңашада күн
бұрын түсіндіруіне қарамай «келмесін, көрмесін, көрмеймін, келсе ит
терісін басына қаптап қуып шығам!» деп байбалам салды.
Сол қалпын естіген Шоқан, бара қоюға жүрексінді. Сол Күні Семейге
беттеп жүрмек болған қонақтарына:
– «Нар жолында жүк қалмайды» деген, «төс табаны жер сызған, атан
жүрер жол екен» деген сөздер бар. Осы үйде бірер жыл бұрын бурадан
кестірілген, өмірінде болдырып көрмеген, қай мезгілде, қандай жүкті болса
да сүйрей беретін жүрістілігі аттан бетер, құрғақ жерде жортуға да
қажымайтын қара түкті нар бар, соны жайлы бричкаға жегіп берейін,
қолқасы аман болса кейістік көрсетпес, жолшыбай ылаулатып əуре
болғанша, Семейден бір-ақ қайтарыңдар! – деді.
Достоевский Шоқанның еркіне салып еді, ол:
– Қожаның айтқаны дұрыс болу керек, көшпелі ел қатты мақтайтын
көлік. Мініп көрейік. Ұнамаса жолдан қайтарармыз, – деп ризаласа кетті.
– Тағы да қоныңдар. Бір емес, бірнеше күн! – деп Тұрғын жік-жапар
болғанмен, былай да кешігіп келе жатқан жолаушылар тоқырамай, сол күні
түс ауа жолға шықты. Бастаушылар Елбегей атты бойының биіктігі он
жасар ұлдай ғана, бірақ денесі жуантық. сирақтары қотан аяқ, көселеу
иегіне біткен сақалдары өрт орнында қалған қурайлардай сирек жəне
ағарғаны абайланбастай сары буырыл, былшықты бітік көз, бет ортасында
танаулары үңірейген қайқы, пұшық мұрын, ерні кезеріп, езуі көбіктеніп
жүретін жайын ауыз біреу.
Шоқан оны менсінбеуін «жол біле ме бұл шал?! дегенді сылтау ғып
білдіргісі келіп еді, Тұрғын күліп:
– Дүниенің шар тарабын түгел кезген адам. Жолшылдығы да керемет.
Жүрген жақтарында барар жерлерін көзін жұмып отырып табады.
«Жасынан – түйеші. Құтырған шағында адам көрсе алып тастайтын қандай
бураларды жетектеп жүре береді. Бұған олар тимейді. Мына мінгелі
отырған атандарын, бура кезінде адам алғыш еді. Сол мінезін кестіргенде
де қоймай, кім көрінгенге ұмтылады. Қаймығатыны жалғыз осы шал.
Өзгелер бұл атанға жолауға қорқады. Сенімді басшы деп беріп отырмын, –
деді.
Шалдың,
мұндай
қалпына
қызыққан
Шоқан,
соған
ұқсатып
Достоевскийге қазақтың «қаңбақ шал» аталатын ертегісін айтып берді.
Күлу түгіл, езу жию да салтында жоқ досы, Шоқанның бұл əңгімесіне
қарқылдап алды.
Олар жүріп кетті.
– Европа тілінде «капиталист» деп атайтындар, осы Тұрғындар екен, –
деді Шоқан былай шыға. – Олардың, қазақтан да көріне бастауының алды
екен, бұл Тұрғын.
– Сонда халқын, түсетін ендігі жолы осы деп ойлайсың ба?
– Əрине.
– Сақтана ойланатын нəрсе ол. Бұл жолға түскен Европа оңып отырған
жоқ.
– Неге?
– Капиталистердің еңбекші халықты, отар ұлттарды қанауы, оларға
тарихи орнын берген феодалдардан əлдеқайда артып кетті.
– Бірақ орыс та түсе бастаған жоқ па осы жолға?
– Ол орыстың қуанышы емес, қайғысы. Оған өзінің, ата-бабасы
жүздеген жылдар бойына жүріп келген жолынан лайықтысы жоқ.
Бұл пікір қазіргі орыс қоғамында «словянофильство» аталатының
Достоевскийдің сол пікірді қолдаушы екенін білетін Шоқан, пікір
таластырғысы келмеді.
СЕМЕЙДЕ
Тұрғынның айтқаны дұрысқа шықты. Жолаушылар мінген қара нар
қандай қиын саздақтардан шірене сүйреп алады да шығады. Соны көрген
Шоқанның есіне, бір ақыннан жазып алған жырдық:
Төс табаннан саз кешсе, Нар түйе тартар бүгіліп, Намысқа ерлер «ə»
десе Ер төсектен безініп, Жорыққа шығар жалау ап, Шыбын жаннан
түңіліп, – деген жолдар түседі. Керекудегі Қаранар адамның алыбы болса,
мынау, мініп келе жатқандары хайуанның алыбы сияқтанады. «Аяқты
хайуанда ең мықтысы – піл» деп есітетін Шоқан əзірге оны көрген емес.
Ал, көргендерінен, бұдан күштісі жоқ сияқты. Сонда татар дəмі күніне
үлкендеу бір саптаяқ түз. Ол да балшығы араласқан қара тұз. Соны асап ап
езуіне сілекейі шұбыра бытырлатып шайнағанда, қарап тұрған кісінің төбе
құйқасы шымырлайды. Қалай ғана жейді екен, десейші?!.. Одан басқа жемі
– бірішкеге басып алған алабота, ермен сияқты ащы шөптер. Оларды да
көмештей күйсейді. Аяңдаған шақтарында, аузын жынына толтыра күйіс
қайырып та қояды. Анда-санда ғана адақтатып қана тоқырамаса, «жолаушы
ақысы жүрсе өнеді» деп, түйеші ілгері сұғына береді.
Жүрісі ұтымды да екен жануардың, биік сирақтарын кере созғанда, ат
пен өгізден екі есе кең аттайды; сазды жерде болмаса, дегдісін я құрғақ
жерде еңкілдеп жортады да отырады... Аракідік адамның жан-дүниесін
шымырлата боздайды...
– Тегі, зары болар, – дегенді айтады Шоқан, «бұ несі?!» деп сұраған
Достоевскийге. –Малдық халға түскелі, бұл бейбақтың кезбеген керігі бар
ма? Əсіресе көшпелі елдердің қолында. Қазақты алсақ, арғы тегі – Сақтан,
бергі тегі – Гуннен бастап, пəлен мың жыл бойына бар ауырлығын сүйреп
келе жатқан, түйе жануарлар емес пе? Сол мерзімде нелер кейістік көрмеді
дейсің бұлар? Қазақта:
Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Кең жайлау құлазиды ел кеткен
соң, – деген өлең бар. Ауыр жəне ұзақ жолда нелер нардың белі кетпеді
дейсің, талайларының өлімтігі Қобы (Гоби), Сахара, Бетпақдала сияқты
кешуі қиын шөлдерде қалмады дейсің!
– Рас! – дейді түйені аз білетін Достоевский де, Шоқан сөздерінен
көлігінің бейнетін ойша шамалап.
– Қиықтан екі жүз шақырымдай жерде дейтін Семейге олар арада екі
қонып барып қалды. Семей қаласы туралы Шоқанның білетін бірталай
мəліметі бар: оның алғашқы іргесі Омбыдан əлдеқайда бұрын қаланған.
Орыс қаруы Орал тауынан аспаған шақтың өзінде, Строгоновтар дейтін
сəудегерлер, ол кезде Ертіс бойын мекендеген моңғол тұқымдас
халықтармен, əсіресе қалмақ, дүрбіт, торғауыт аталатындарымен сауда-
саттығын болашақ Семей қаласы орнар тұстан бастаған. Сонда орыс
саудагерлері жеті шатыр тігіп жатқандықтан, мекен атын «семь палата –
жеті шатыр» қойған.
Осы есімді орыс қаласының іргесі, Омбымен қатар қаланғанын білетін
Шоқан, оны да Омбы сияқты керемет болар деп жүрсе, ішіне кіре
байқағанда, бұл да Кереку сияқты шап-шағын станица!.. Бұл да қалың
қарағай ішіне сіңе салынған. Үйлері де сондай. Айырмасы – Керекуде
қамал жоқ. Мұнда бір кезде Омбы қамалы түрінде орнаған тақтай
қорғанның орны жəне кейбір қақпасы ғана сақталған; көшесі – арбаға
бөгеті қоймалжың саздан бетер есілген құм. Өзі жел тұрса-ақ құм-боран
болып кетеді екен. Жолаушылар келгенде жел қатаңдау еді. Содан
бұрқыраған құм көзді əрең аштыратын дем алғанда өңменіңе тығылып,
демді əрең алдыратын...
Жолаушылар да сөйтті. Бар жақсысы олардың түсер үйі белгілі: Семейде
Қытаймен сауда бұйымдарын байқап өткізетің орысша – «таможная»,
қазақша – «кеден» аталатын орын бар. Соның басты чиновнигінің. бірі
Исаев. Тұрғынның таныс, көңілдес адамы. Жолаушыларға ол соның үйіне
түсуді ұсынған. Түйеші ол үйді біледі.
Еңселі қарағай үйге түйеші атанның басын тіресе, шалқасынан ашылған
терезеден əлдекімді қатты үнмен балағаттаған еркек даусы естіледі.
Жолаушылар оның кім екеніне оқиға болып жатқанын да білмей, арбадан
түсер-түспестерін де білмей, аз уақыт аңыра қалғанда қақпадан тықыр
естілді. Жолаушылар жалт қараса, қара дүрсін киінген, денесі сымбатты,
бірсыдырғы сарғылт өңі бар, əдеміше орыс келіншегі.
– Хозяйка! – деп сыбырлап қалды түйеші, серіктеріне.
Келіншек бұларға таянып келді, амандасқан белгіде сыпайлық көрсетті.
– Хозяйннің белгілі əдеті, – деді келіншек түйешіге. – Mac. Бетімен
сөйленіп отыр. Кешікпей қылжияды. Түсіңіздер!
Олай дейтіні: Қиықтан бұлардан бұрын атпен келген біреуден, «бірер
күнде осындай бір қонақтар барады, күтініп отырсын» деп Тұрғын Исаевқа
хабар салған. Ол дайындалып-ақ қалған еді, əлдеқайдан арақ кездесіп,
құныға ішетін дағдысымен үйіне удай мас боп қайтты. Ондайда бетімен
сөйлеп ешкімді де тыңдамайтын Исаев, сабырлы, əдепті əйелінің «қой!»
деуіне қарамай, бетімен лағып отыр еді:
– Қонақтарың кеп қалды! – деді түйе даусын есітіп бері келе жатқан
арбалыларды «солар шығар» деп жорамалдаған əйелі, мас ері тишығар
деген үмітпен.
Ері бəсеңдеу орнына үдеп кетіп, құлағында қалған «қонақтарды» сыбай
боқтауға айналды. Енді бірдеме десе, теперіш көрерін байқаған əйелі,
ерінің қасынан сытылып тұрып кетті де, тысқа шықты. Ондағы ойы –
жобасына жəне əдетіне қарағанда кең кроватқа шалжия шалқасынан
құлаған ері тез қалғиды. Ендеше, қонақтарды өзі қарсы алу керек. Əйтпесе
ертең есі кіргенде «неге түсірмедің?» деп, ері əлек салады.
Қонақтар арбадан түсіп үлгергенше, Исаевтың қалғып та, қорылдап та
үлгерген дыбысы естіле бастады. Қоңқақ мұрны үлкен, танауы кең оның
қорылы, бауыздалған жылқының қырылынан кем болмайтын еді.
– Ұйықтады, – деді əйел. – Қашан ұйқысы қанғанша, пышақ салсаң да
сезбейді.
Əйелдің, аты-жөнін сұрастырса, Мария Дмитриевна Исаева екен.
Əдейілеп қойған сұрауға қысқа, тұжырымды ғана жауап бермесе, өз бетінен
тіл қатпайды...
Сол күні үйге қонған жолаушылардың күтімі жаман болған жоқ. Бұл
үйдің столындағы тағамдар Тұрғынның дастарқанындай көл-көсір
болмағанмен, аз да болса дəмді екен. Ең дəмдісі келіншектің өзі. Оның
отырыс-тұрысында, қас-қабағында, көз қарасында, сөздерінде ерекше бір
лəззат бар. Өріп қоятын шабдар түсті шашы майдалаған алтындай
жалтылдайды. Қою қастары да сондай. Түктерінің түсі солай бола тұра,
ұзын кірпіктері қап-қара. Соның көлеңкелеуінен болу керек, көгілдір
көздері де қоңырлау тəрізденеді. Далада сақа сияқтанғанмен, қарсыма-
қарсы жақын отырып қарағанда, уылжыған жас!
Сол бейнесі тартқандай, жолаушылар ара-тұра құныға қарап қойса,
келіншек қымсынғандай, көздерін төмен түсіріп жібереді...
Достоевскийдің байқауында, тəн жағынан да, жан жағынан осындай бір
ете нəзік əйелдер, дворян қоғамындағы кейбір жүдеген семьядан
ұшыраушы еді. Сондай біреу болар ма деген оймен, ептеп өмірбаянын
білейін десе, ол жөніндегі сұрауларына жауап бермей, төменшектей береді.
Несіне жауап берсін: Астраханда, тегі – дворян, жасы жетіп əскерліктен
босанған, кедей генералдан туған ол, сол қаладағы гимназияны пансионда
бітірді де, сол кезде сол қаланың шекара саудасында қызмет атқаратын
бұдан мүшелдей үлкендігі бар Исаевтың көл-көсір ақшасына, əлдеқалай
күп беріп батып кетті де, содан шыға алмай қойды!.. Шығайын десе,
амалын да табатын. Бірақ, адамгершілік құлықта тəрбиеленген ол, бойы
үйреніп алғаннан кейін тілдеуден, ұрып-соғудан көзін ашырмайтын ерінен
айрылуды масқара санайды. Бір жағынан дінге де сенетін бейбақ,
«тағдырымның маңдайға жазғаны осы болар» деп те ойлайды, қарсыласуды
қылмыс та, күнə да көреді...
Исаев үйіне қонған күннің ертеңіне Достоевский мен Шоқан қала
комендантына барды. Ол Омбыны Кадет корпусын Шоқаннан бірер жыл
бұрын бітірген, тегі – Имантаулық қазақ-орыс, сондықтан, Сырымбеттен
шыққан Шоқанды ата көршісіне санап жақсы көретін, кеткенінше жақын
тартып жүретін. Сол қалпын əлі де өзгертпеген екен. Аздап қазақша да
білетін ол, Шоқанды көрген жерде тани кетіп:
– О-о-о, бауур! Қайдан?! Қалай? – деп құшақтай, сүйісе қарсы алып,
жалпаңдай амандасты.
Ол, Достоевскийдің жазушы екенің тағдырын бірсыдырғы білетін еді,
сондықтан, танысқаннан кейін оны да құрметпен қарсы алды да, «əуелі
тұрмысымен таныс» деп солдаттық казармаға ертіп апарды.
Онысы атқорадан жаман бірдеме екен. «П» əрпіне ұқсатып салған, бір
орамның үш қабырғасын шұбала тұтас қамтыған, екі жағынан тақтайға
қысқан қамыстан салынған, терезелері сығырайған кішкене, шатыры жоқ,
төбесі жайпақ, кең бөлмелері ылас, төсеніштері ескі жəне кір,
матрастарына қамыстың ұлпасы толтырылған, дөкір қара темірден
жасалған кроваттары қиқы-шойқы, кең қорасының іші былыққан қоқтық,
əрі бұрқыраған шаң...
Шоқан діншілдерден «тамық – жетеу» деп естіген еді. Мынау казарма
солардың бірі сияқты. Достоевскийдің де ойы солай. Бірақ, басқа барар
жері жоқ ол, іштей бұған да көндігуге бекінді. Шоқан олай бекіне алмады.
Омбы острогын жеті тамықтың ең жаманы – Жаһаннамға санайтын ол,
«содан құтқардым ба» деп əкелген досын, нақ сондай болмағанмен ұқсап
қалатын мына тамыққа тығып кетуге аяды.
Не істеу керек сонда?
Пəтерге тұрғызу жайын айтып көрсе, комендант қарсы болар емес.
Сонда кімнің үйіне?
Бұл қалада Исаевтан басқа танысы жоқ. Мастығы басылған шақта
сөйлесіп көрсе, ол–сыпайының сыпайысы, Сондықтан ептеп барып айтқан
өтінішіне «болсын» деп көне кетті.
Дақпыртпен айтуын айтып қалғанмен, іле толқып та қалды ол. Себебі,
өзінен мүшел кіші Мария Дмитриевнаны, ешбір жат қылығын көрмесе де,
еркек атаулыдан қызғанатын еді. Өзі маскүнем болғанмен, көзі қырағы ол
əйеліне Достоевскийдің сүзіле, өлусірей қарауын бірде байқап қап, «мынау
қалай-қалай қарайды?!» деп ішіне түйіп қойған. Дегенмен Шоқанға берген
уəдесінен шығу да қиын болды. Тұрғыннан келген хабарға қарағанда,
шекара саудасының біраз тетігі Шоқанда. Оны ренжітуге болмайды, кесірі
тиюі мүмкін. Сондықтан тығыз-таяңға жеткен шақта, Шоқанның:
– Қайтесіз, Александр Иванович? – деуіне,
– Қалсын, тұрсын, – деді ол еркінен тысқары.
Семейдегі жұмыстарын бітіріп, ырымшыл Достоевскийдің қайыққа
мінуін ұнатпауына қарамай, «ыққа қарай тез жүріп, Омбыға тез жетеді»
деген баркаспен кейін қайтуға жиналған Шоқанның Достоевскиймен
айрылысуы өте ауыр болды.
Семейге келе, Москвадағы туған ағасы Михаил Михайловичке жазған
хатында – «бұл жақтан, өзгелер түгіл, туған бауырым – сенен де жақын дос
таптым!» – деп жазған еді, Шоқан туралы. Бұл «ала тіл» емес, жан сыры
еді.
Омбыда адамдық бейнені содан ғана көрген Федор Михайлович, Омбы
мен Семей арасында бірнеше күн серік болып, ауыр қатерді бастарынан
бірге кешкеннен кейін, тіпті жақын көріп, екеуі бір дене болғандай боп
кетіп еді. Енді сол дененің тең жарысын тағдырдың балтасы қақ бөліп
шабуға тұр. Оған жаны қалай ауырмас?!
Досының ойы бұлайша ауырлауын айтпай-ақ, бет бейнесінен, қас-
қабағынан түсінген Шоқан, көңілін көтеpiп кетерлік себеп іздеді, сондағы
тапқаны – Мария Дмитриевна.
Федор Михайловичтің оған құныға қарауын күннен күн үдете түсуін
аңғарған Шоқан, аттанар күні таңертең, дағдылы қылжақбастығына бағып,
əйелдерге байланысты бірдемелерді күлкі түрінде сөйлеп отырды да:
– Федор Михайлович! – деді бір сəтте.
– Əу, достым.
– Махаббатың болды ма сенің?
– Жоқ. Қызығуларым болды.
– Осынша жасқа келгелі махаббатың болмауы қалай?
– Сыныма толатын əйел кездеспеді.
– Сондай əйел енді ғана кездескен сияқты ғой?
– Кім? – деді бейғамсыз пішінде елеңдей қалған Достоевский.
– Мария Дмитриевна! – деді Шоқан жымиып.
– Оны қайдан білдің?
– Көз қарасыңнан!..
Достоевский қабақ шытты да, үндемей қалды.
– Былайша мүлəйімсігенмен ол да көзін саған солай тастайтын сияқты.
– Солай ма?! – деді, Марияның ондай қалауын абайламаған, іштей
«ендеше жақсы екен» деп қуанған Достоевский.
– Нақ солай Егер бұған дейін махаббат отына шарпылмасаң, сол оттың
жүрегіңе түскен алғашқы ұшқыны осы болмағай да!..
– Бере гөр, тəңірі! – деп қалды Достоевский.
Достоевскийдің Исаеваға көз тастауын сезгенге дейін,
Семейде қалатын досын «жалғызсырар!» деп уайымдайтын Шоқанның
көңілінен ол уайым арылған сияқты болды. Сондағы ішкі тілегі:
– Тек жаны сүйер жары болғай да!
Сондай толқымалы ойдағы олар амалсыз айрылысатын болды. Сөйтер
алдында құшақтасып қоштасқан олар, көз жастарын сығып та алды. Исаев
ол кезде мас жəне ұйқыда еді. Соны пайдаланып, коменданттан келген
тарантасқа мінгелі шыққан Шоқанды, Достоевскийге ере Мария да
жөнелтуге шыққан еді. Неге екенін кім білсін, достардың жыласқан қалпын
көрген оның да жүйесі босап, біреу «сен неге жылайсың?» дер дегендей,
немесе өзіне ие бола алмасын сезіп, «еңіреген даусым шығып кетер» деп
қорыққандай, Шоқанмен қоштасуды да ұмытып, бетін шəлісінің етегімен
басты да, қақпаға кіріп кетті. Онысын жыласқан достар сезген жоқ.
Айрылмасқа амалы жоқ олар, төстерін тақасып біраз тұрғаннан кейін,
құшақтарын жазды. Содан кейін, «ал көріскенше!» деп қолдасқанда,
Достоевский Шоқанға:
– Егер таба алсаң, маған құран мен Гегельді жібер, əсіресе
философиясын; мүмкіндігіне қарай, тезірек! – деді.
– Тырысайын, – деді ол кітаптарды неге керек қылғанын біле алмаған
Шоқан.
СІБІРДІҢ СЫРЛАРЫНАН
Шоқан Омбыға қайтқанда, орысша – «шхуна», қазақша «желкен»
аталатын қайыққа мінді. Бұл кезде əнеукүні ғана теңіздей тарбия жайылып
жатқан Ертіс, сабасына қарай сарқылып, тек кең арнасын толтырып қана
ағып жатыр еді.
Орыстың «парус» деген сөзін, бұл маңайдың сушылары «желбезек»
дейді екен. Қазақ тіліне кірген ол сөз Шоқанға жаңа да, қызық та көрінді.
Оның білетін «желбезегі» – балықтың шықшытындағы тыныс алатын
мүшесі. Оның дамылсыз желпілдеп тұратыны рас. Ал, мына қайық үстіне
кенептен құрылған, қайықты жел екпінімен жүргізетін жалпақ қалқан да
соған ұқсайды екен, сондықтан оны да «желбезек» деу, тауып ұқсатқан атау.
Желкенді Шоқанға Омбыдағы гарнизон начальнигі Насонов, өз
қарамағындағы қайықтардан «затон» аталатын, Семейде жақын тұстағы
қайықтар станицасындағы шеберлікте биыл ғана жасалғанын берді. Оның
айтуынша, ықтасынға тартатын қайық, Омбыға кеп болса, бір жұманың
ішінде барып қалуға тиісті.
Сəті түскенде, сол бір күндері шығыстан соққан екпінді самал, ыққа
жүзген желкенді зымырата қуды да отырды. Бұл қалпындағы жылжуы,
желісті аттың жүрісіне барабар дерлік.
Шоқанның, қасында қайықшы солдаттан басқа кісі жоқ. Ол, былай да
жел бүгілдіре итеріп келе жатқан желбезекті, əлденеге қозғай беруден
тыным таппайды, Шоқанмен жөнді тіл қатыспайды.
Алғаш қайықтың жылдам жүзуін қызық көрген Шоқанның біраздан
кейін іші пыса бастады. Адамның ондайдағы бір ермегі – өлең айту, немесе,
соны ыңырсу болса, үн байлығын бермеген тəңірісіне өкпелі Шоқан, дөкір
даусымен өңдетуге қымсынатын дағдысына бағып, «ың» деп дыбыс
шығармай, көздерін табиғаттың тез алмасып келе жатқан əдеміліктеріне
жалтақтай тігумен ғана болады. Көкіректегі ермегі – Семейде көрген-
білген дері.
Семейде ол, тек досы Достоевскийді жеткізіп салуға ғана бармаған-ды,
бағынышты генералы Гасфорттың «аса-құпия» деген бір тапсырмасын
орындауға барған-ды.
Өткен қыстың аяқ шенінде Омбы арқылы Семейге, генералдық
штабының сібірлік ерекше корпусты бақылайтын инспекторы – генерал-
лейтенант Николай Семенович Хрущев өткен еді. Омбыға біраз күн
тоқырамақ болған ол, бір мəселеде Гасфортпен жанжалдасып қап, бірер
күнде Семейге жүріп кеткен. Жанжалы – оның қолында патша сарайының
қасындағы сібірлік комитеттің председателі князь Чернышевтың «анықтай
кел» деп тапсырған материалы бар; ол ішкі істер министрлігіндегі азиялық
департаменттің директоры Евгений Павлович Ковалевскийдің патша атына
жазған хаты. Бұл хатта, өткен жаз Омбыға келіп қайтқан Ковалевский,
Батыс Сібірдің басқару ісінде орысқа қаны жаттардың толып кеткенін
баяндаған. Сонда ол – «корпустың генералы Гасфорт, штаб генералы
Фредерике – немістер; соғыс губернаторының жəрдемшісі Гутковский,
сібірлік казак-орыстардың бұйрықшыл (наказной) атаманы Кринский –
поляктар; олар тез арада бір шведке Омбыдағы аса маңызды астық
жұмысын басқарушы, онымен де қоймай. соғыс білімінен түк хабары жоқ
Армондт есімді бір финді казак-орыстардың линиялық батальонына
командир ғып тағайындады» деп мəлімдеп, бұлай болуға қатты наразылық
білдірген. Словянофильдік иісі аңқыған бұл хатты тексеруді, патша сібірлік
комитетке тапсырған; ол міндетті Н. С. Хрущевқа жүктеген.
Өзімшіл, ер кеуде Гасфортты қытығына тиіп екеуі ұрсысып айрылды.
Хрущев Семейге жүріп кетті.
Семейде, одан арғы Сібірде оның анықтамақ болып бара жатқан
мəселесі «шығыстық шекарадағы жəрмеңкелерге, Қытай компрадорлары Достарыңызбен бөлісу: |