18 қалаларының орта деңгейіндегі
«Қаз көлі» аталатыны. Айналасына ат шауып жете алмайтын суы тұщы,
түбі құм-қайран бұл көлдің кең жағасына буряттың ауылдары қаптай
қонады. Солардың ішінде атақты Шодоевтары да бар.
Шоқан Үркіттен шығады-ау деген кезде Банзаров сол кезде «Қаз көлі»
төңірегін жайлап отырған Юмсун Шодоевқа барды. Ол бурят халқының
тұқым қуалаған атақты зайсандарының19 жəне байларының бірі еді. Россия
үкіметіне де ол тұқым алғашқы адымдарынан жағып бір атасы – Балтұрық
1711 жылы Тайшы20 атағын алып, Байқал көлінің ық жағын орап жатқан
Хорин руларының əкімі болған. Шодой соның баласы. Осы чин атадан
балаға ауысып отырып, біз сипаттауға келе жатқан Юмсунға жеткен. Қазір
жасы егдетартқан ол жас жігіт күнінен тайшы. Оның үстіне ата-бабасынан
мирас болып жатқан ауыр дəулеті бар. Асыра мақтаушылардың аузына
оның «қырдағы малы қырық мың, ойдағы малы он мың». Соның қаншасы
растығын білгісі келген Банзаров, астыртын аңғарып көрсе: қырдағы
жылқысы төрт-бес мыңдық, ормандағы бұғысы екі-үш мыңның төңірегінде
көрінеді. Оған қоса, бірер мың қойы, бірер жүз түйесі бар сияқты. Оған
қоса, кең көлемде аң терісі мен балық саудасын да жүргізеді. Сырттағылар
оны «ақшаны арбаға артып жүреді» деседі. Юмсунды əкесі бала шағында
орыс-монғол школасына сабаққа беріп, екі хатты да жақсы танып шыққан.
Тұрмыс салтына өзге тайшылардан бөлек, орыс əкімдерінше тұрады.
Балаларының бəрі де орысша сауатты. Бір ұлы – Петербург
университетінде оқиды. Өзі Банзаровпен дос.
Банзаровтың оған айта барған тілегі: Шоқанды ұлан-асыр той жасаумен
қарсы алып, буряттың тұрмысын, ойын-сауығын көрсету еді. Өйту түк
қиындық келтірмеуін біле-тұра Юмсун бірден көне қоймай:
– Əкеле беріңіз, бір қонақты ойдағыдай күтіп аларлық қауқарымыз бар
ғой, – деп «сүйей салды» сөз ұстатты.
Ондағы ойы, Үркітпен астыртын хабарласып алу еді. Ол Шығыс
Сібірдің генерал-губернаторы Муравьев-Амурскиймен əкей-үкей адам;
оған ақылдасып алмай, көзге түсерлік ешбір адымын баспайды.
Кісі салуға тағы да бір себебі: Амурскийді үйіне қонақ қып жіберуге
талай даярланғанмен, орайы келмей жүретін; өзінен бұрынғы генерал-
губернатор – Пестельдің қонақшыл болам деп опық жегенін білетін
Амурский сақсынып, Шодоевтің де, басқалардың да шақыруына бара
қоймай, «əне-міне» деген сүйреткіге сала беретін. Егер бұл жолы келе
қалса, Банзаров «жасаңыз!» деп өтінген тойын Шодоев генералға да,
Шоқанға да арнап, дойбы тілімен айтқанда «екі жеп биге шықпақ».
Іш-пікірі осындай Юмсун Шодоев Банзаров кете, жөн білетін сенімді
біреуін астыртын Үркітке жіберіп хабарланса, «жағдайыма қарармын» деп
өзі келер-келмесін екі-ұшты ғып айтқан генерал-губернатор, Шоқанды айта
қалғандай қарсы алуға ұлықсат беріпті.
Амурскийдің келер-келмесіне балды да, балсыз да болғанмен,
Шоқанның келуіне күдігі жоқ. Юмсун, оның көңілі үшін емес, қиын-қыстау
жағдайларда қажетін өтеп жүретін, əлі де керек күні көп болар деп
ойлайтын Доржи Банзаровтың көңілі үшін жəне Амурский «жасасын» деп
нығарлай тапсырғанын естіп, бурят ғұрпымен ұлан-асыр той жасауға
əзірленді. «Сол тойда, егер келе қалса силауға» деп, осы үйдегі қымбат
мүліктерді қарастырғанда, лайықты екі нəрсе əзір екен: біреуі – іші бұлғын,
жағасы құндыз қара құлын терісінен тіккен жарғақ; екіншісі –
тұрмандарының күміс əшекейлеріне алтын жалатқан ер-тоқым. Екеуі де
ғажап, əдемі болғанмен, жарғақты қымбатырақ көріп генералға тартпақ.
Шоқанға алтынмен аптап, күміспен күптелген ер-тоқым да жетіп жататын.
Өзге жабдықтары тығыз əзірленуде...
Шодоевтан ала-көңіл қайтқан, бірақ іштей «қайткенде де барамыз» деп
бекінген Банзаров Кяхтаға оралса, Шоқан бұл қалаға кеше келіпті де,
Потанин оны Лавровскаяның пəтеріне орналастырыпты; сол үйге іздеп
барса, Потанин оны Троицко-Спасовкедегі казактар казармасына əкеткен.
Оған шабайын десе, мана Банзаровтың пəтеріне өтіп бара жатқанын
терезеден көрген Александра, Потанин тосқауылға қойып кеткен солдатты
хабарға, казармаға жіберіп қойған екен, сондықтан амалсыз тосуға тура
келді. Оның шауып келе жатқан Шоқанның да ойлары «ана жылғы
көргеннен өзгерді ме екен?!»
Құшақтасып амандасқан олар, қатар отырып кескіндеріне қараса,
өзгерістері бірталай сияқты: Банзаровтың ол кездегі əжімсіз беті тарам-
тарам жолақтанған, өңі де, бұрынғыдан қоңырлана түскен, маңдай шашы
сиреп кейін шегінген қап-қара көз жанары да қоңырланып, қарашығының
төңірегі көгілдірлеу түспен сақиналанған; тығыршықтай денесі арыған,
ажары сынық; Шоқанның бойы бұрынғысынан биіктеп, ортадан жоғары
кісі болған, кескін-кейпі де есейген, тебіндеген мұрттары қалыңдап қалған,
бұрын да өткір көздері өткірлене түскен...
Кеңесті Банзаров бастап кетті де, өзімсінгендей «сен-мен» сөйлесіп,
əуелі қысқаша он, сапар тілеуін айта кеп:
– Қазір кетеміз, Шоқан! – деді, «ш» əрпін ысқыра, қалыңдата айтып.
– Қайда?
– Халыққа!
– Қайдағы?
Банзаров Құс көлінің маңында жасап келген даярлығын айтты. Шоқан
іштей риза бола тұра, «ол қалай?» деп сыпайысынған болып еді:
– Енді қалай? – деді Банзаров, – шындығын айтқанға ренжімейтін
боларсың. Біріншіден, арғы түбін қазсақ, монғол Шыңғыс ханның
ұрпағысың, ендеше, менімен қандассың; екіншіден, ежелден қан-жынымыз
араласқан қазақ халқының өкілісің; үшіншіден, Шығыс Сібірге Батыс
Сібірден келген қонақсың; сені сыйламағанда кімді сыйлаймыз? – деді.
Былай да бұл қаладан кетуге асығып отырған Шоқан, аттануға қарсы
болған жоқ.
«Қаз көлінің» Кяхта жақ беті, орманы сирек белесті дала болушы еді.
Онымен салт та, арба мен де жүруге болатынын айтып, Банзаров Шоқанға
таңдатып еді, одан əрі салт қана жүре алатын жерлер барын айтқан соң,
Шоқан арбаны таңдады.
Олар сол күні ылаумен аттанды. Атаманнан ұлықсат алып үлгермеген
Потанин қалып қойды. Александра мен екеуі Шоқанды мөлшерлі кезде
төменгі Анкараның Байкалдан шыға беріс сағасындағы ескі Үркіт
қалашығынан тоспақ.
Банзаров Шоқанмен жүз көріскеннен-ақ, ежелгі танысындай ашық
сөйлесіп, ашық сырласып кетті. Кяхтада уақ-түйек бірдемелерді кеңескен
ол, жолға шыға, салмақты кеңеске ауысты.
– Сен, əрине, – деп бастады ол сөзін, – ориенталист болуға əзірленіп
жүрген жігітсің. Шығысты, олардың ішінде Сібірді зерттеушілер көп.
Мысалы – Симон Палластың, Эбергарт Фишердің немесе Герарт
Миллердің Сібір туралы томдап жазған кітаптары бар; оларды оқыған
боларсың.
– Түгелімен. Əсіресе, Палласты. Ол қазақ елін де біраз зерттеген кісі.
– Білем. Қалай қарайсын, оның зерттеулеріне?
– Үстірт білетін де, ағат айтатын да жерлері бар сияқты...
– «Бар» емес, көп. Осы арада бір сырымды айтып қояйын ба саған?
– Естиік.
– Орыстың соңғы ғасырдағы пікір ағымдары: словяндық жəне батыстық
болып екіге бөлініп жүргенін білесің...
– Əрине...
– Бастапқылары, негізінде – орыстар...
– Білем.
– Ал, мен,– деді Банзаров күле сөйлей,– отар жəне ұсақ ұлттан шыға
тұра, барып тұрған словяншылмын!..
– Қызық екен!
– Петербургтағы Ғылым Академиясына сыйыса алмауға осы сенімім
себеп болды. Академия қызметіне араласа байқасам, оқымысты
аталатындардың көбі – неміс. Олар, əрине, батысшылдар. Мен соларға
қарсылар жағына шығып алдым да, айтысты мəселелер төңірегінде
сайыстым, кеп! Əсіресе, шығысты зерттеу мəселесінде. Бұл жайда, басы –
академик Шмидт қып, көбін жеңіп шықтым. Сол айтыс үстінде Фишер мен
Миллердің Сібір туралы жазғандарын да қатты сынға алдым. Əрине, бос
сөздермен емес, талассыз дəлелдермен, сондықтан да батысшылдар мені
араларынан кетіргісі келді.
– Түсінікті,– деді Шоқан.
– Ал, сен ғой, біздің бұл, Шығыс Сібірге, осындағы тұрғын елдердің
тағдырымен танысқалы келдің?
– Əрине. Батыс Сібірді жақсы білетін сияқтымын. Оның тағдыры туралы
оқығандарым көп. Соңғы кезде бұл мəселемен ерекше шұғылданып жүрген
кісі, орыс географы – Ипполит Завалишин.
– Естуім бар еді. Өзімен де, еңбектерімен де таныстығым жоқ.
– Мен таныспын, «Батыс Сібірдің тарихы» аталатын үш томды еңбегі
жазылып біткен. Академияның бағалауына жіберілді. Бір данасы Омбыда.
Мен қолжазбаларын түгел қарап шықтым, өте бағалы еңбек. Бірақ жарық
көруі де қиын болар. Ішінде либералдық пікір көп. Ондай ойларға жол табу
қиын болып жүр ғой.
– Рас. Біздің Шығыс Сібірді орыс ғалымдарынан қазір көбірек зерттеп
жүрген адам – Афанасий Прокофьевич Щапов. Ол да либерал, оның жазып
жүргендері де көп. Оның да еңбектерінің жарық көруі қиын.
– Солайлау болып тұр! – деді Шоқан, демін соза алып.
– Бірақ, жазыла беру керек солар, – деді Банзаров, – түптеп барып
жарыққа шықпай қоймайды. Біздің де ат салысуымыз керек бұл ұлы іске.
– Сіз əрине, – деді өзімен салыстырғанда, сақа кісіге «анаған Бапзаровты
«сен» деп атауды ерсі көрген, «сіз» деп атауға дағдыланған Шоқан, – жазып
та жүрген боларсыз а?
– Жоқ. Бұрынғы жазғандарым болмаса, жаңадан жазуға мен əлі материал
жинау үстінде жүрген кісімін. Бұл жөнде менің алға ұстар үлгім, фин
ғалымы – Матвей Кострен...
– Еңбектерімен аздап таныстығым бар...
– Жүріс тұрысымен ше?
– Қай жағынан дейсіз?
– Халқының тұрмысымен танысу жағынан...
– Ол жағын толық біле бермеймін.
– Білмесең, фин тұқымдас халықтар Скандинавия жарты аралынан
бастап, Мұз мұхитын жағалай, əлденеше мың шақырым жерге жайылып
жатады ғой. Халқын сүйген Кострен осы тұқымдардың тұрмысын
жақсылап білу үшін қартаң тартуына қарамай, əлі күнге дейін жаяу аралап
жүреді. Сондықтан баспада жарияланған еңбектеріне қарағанда, бұл
тұрмыстар туралы білетіндері ұшан теңіз сияқты. Мен де бұнда келгелі
«бурят-монғол» аталатын елдердің ішкі өміріне үңілудемін.
– Жақсы екен, – деді Шоқан.
– Саған да осы жолды ұсынам.
– Есте болар...
Шоқан кеңес үстінде байқаса, туған елінің тарихы жəне тіршілігі туралы
Банзаровтың біліп үлгергені керемет көп.
Солардың бірталайын «Қаз көліне» жеткенше айтып та берді.
– Европа елдеріндей, я Қытайдай біздің монғол, қазақ, сияқты көшпелі
елдерде көне замандардан сақталған жазу-сызу болмаған ғой.
– Орхон-Енисей жазуын айтпағанда, – деген сөз қосты Шоқан.
– Оның бары рас. Бірақ ол əлі анықталып жетпеген жазу ғой...
– Рас. Айта беріңіз.
– Біздің монғол тұқымдас елдердің көне тарихын, тек ауызша
шежірешілдерден ғана естиміз...
Бізде де.
– Ол шежірелерді қағазға, аржағында – қытайлар, бер жағында –
ламалар түсірген.
– Бізде, қожалар, яғни ислам дінін таратушылар...
– Шежірешілдердің айтуынша буряттардың арғы атасы қара көк бұқа
болыпты-мыс.
– Бізде «Қыпшақтың бір руы айғырдан жаралыпты-мыс» деп «Торы
айғыр» аталады. Тотимизм сенімінің мəселесі ғой ол; хайуаннан тарады
дейтін тұқымдар көп қой, дүние жүзінде. Кешіріңіз, сөзіңізді бөлдім.
– Қара көк бұқадан тарағандардан бертінде булагат руы тарайды, тегі
сол булагат – бурят болу керек. Бізде «соболь» аңын булаған дейді...
– Бізде собольді бұлғын дейді.
– Екеуі бір сөз болу керек. Айсадан бұрын Байқал төңірегін гун
түріктерінен құралған мемлекет билеген ғой. Айсадан бері, əуелі –
ұйғырлар, одан кейін қырғыздар мемлекет құрған. Сол кезде монғолдар мен
түріктер қан жағынан да, тіл жағынан да қатты араласқан. Содан қалған
сөздер «бұлғыннан» басқа да толып жатыр.
– Сонымен, буряттар өз мемлекетін қашаннан құрған?
– Тұтас бір хандық буряттардан ешуақытта да болмаған. «Болам»
дегендері тез тарап кеткен.
– Қазақта да солай.
– Сібірдің бірталай халқын жаулап алған Шыңғыс та, буряттарды түгел
бағындыра алмаған.
– Қазақ руларын түгелімен.
– Орыстар отарланғанша, бурят рулары өз алдына хандық құрып келген.
– Бізде де.
– Батыс Сібірге он алтыншы ғасырдың орта кезінде кірген қаруы,
Енисей өзенінің батыс жағына тіреліп, жетпіс, сексен жылдай тоқыраған
да, Бурят өлкелеріне қарай жылжыған. Олар «бурят» деген есімді бұрмалап
«брат» атаған. Брат жеріне Байқалдың теріскей жағын орай сұғынған орыс
қауы, аз жылдың ішінде «Даури елі» деп те атаған бурят жерін аз жылда
иемденіп болған. Қарулы, күшті Россияға садақпен қарсы тұра алмаған
біздің аталастар орыс əскеріне жанжалсыз бағынған.
– Біздің ел де сөйтті.
– Бірақ, жанжал бағынғаннан кейін басталды, – деп жалғастырды
Банзаров сөзін – оған негізгі себеп екеу болды; бірі шаруашылық қысым,
екіншісі – рухани қысым. Əуелі шаруашылық қысымды айтайық, «ясак»
деген сөзді, сен əрине білесің?
– Шыңғысханнан қалған сөз ғой ол. Қазақ «жасақ» дейді. Солай деп
əскери қосынды да айтады. Соған қарағанда алғашқы мағынасы – «əскерлік
шығын», яғни жеңілген жақ жеңушіге төлейтін «контрибуция» болу керек.
– Мен де солай ойлаймын. Россия патшасының қаруы, біздің шығыстық
сібірден жасақ сұрай кірді.
– Батыс Сібірден де.
– Бірінші Петрдың бұнда шабуыл жасау туралы берген бұйрығында
«тұрғын халықтарды обьясачить» деген сөзі бар, онысы, «бірден жасақ
алу» деген сөз ғой.
– Əрине.
– Алғашқы жасағы – жылына түтін21 басынан бір бұлғын.
– Қымбат екен!.. Жəне табыла бере ме ол?
– Қиын болса да табады. Сібірлік Тайганың ең көп аңы – бұлғын. Бір
мəліметте, он сегізінші ғасырда патшалық қазынаның үштен бірін бұлғын
терісі өтеген. Солар Сібірдікі.
– Көшім хан Ермактан жеңіліп, баласы Мəметқұл қолға түсіп Москваға
жіберілгенде, інісі Есім жасырын қуып барып, қаһарлы (Грозный) Иванның
қатынына мың бұлғын пара өткізу арқылы босатып алды деген хабар бар
еді, рас екен ғой сол!
– Рас ол. Сібірлік əкімдер де параға мыңдап болмағанмен, жүздеп
бұлғын алады.
– Біздің халық ақсүйектер (ояндар, ламалар) жəне қарасүйектер болып
екіге бөлінеді. Қарасүйектерді «қыштым» деп атайды, ол тегі түріктердің
«қысу» сөзінен туған «қыстым» болу керек яғни «қыспақта тұратындар»,
яғни кедейлер, жасақты жинаушылар – ақсүйектен қойылатын əкімдер мен
ламалар. Өздері жасақ төлемейтін олар, өз құлқындарын да ұмытпайды.
Қыштымнан жиналатын жасақ, екі-үш еселеніп кетеді.
– Ақшалай жиналатын жасақты жергілікті əкімдер бізде де сөйтеді.
– Патшаның орыстан тағайындайтын əкімдері жергілікті жауыздардан
аспаса, кем түспейді. Мысалы, бізде атаман – Пахомов деген болып еткен.
Нояндар қыштымдарды қысса, ол нояндарды қысып, параға тоймайтын
болған. Атына тілі келмеген буряттар оны Багаба-хан деген...
– Бізде князь Светловты – Эспетеу деген сияқты екен, – деді Шоқан
күліп.
– Ақырында, қыштымдар оны өлтірмек болғанда, өзі қашып үлгерген де,
қолдарына бурят серігі – Шадриков түсіп қап, ауыр азаппен көзін жойған.
Соның арты халықтық көтеріліске айналған соң, мазасызданған патша –
екінші Екатерина, өз қасындағы секунд-майор Щербачевты тексеруге
жіберген де, бұндағы əкімдердің қылмысы анықталған соң, тексерілуі
ұзаққа созылған істің нəтижесінде генерал-губернатор Пестель, азаматтық
губернатор – Трескин, тайшы Дымбыл Галсанов, қызметтерінен алынып,
сарай министрі – князь Голициннің, қолдауымен сотталудан əрең аман
қалған.
– Ондай шаралар бізде əзірге жоқ! – деді Шоқан күрсініп.
– Содан кейін жасақ жыю тəртіпке салынып «хэб» аталатын заңмен,
бұлғын орнына мал яки ақша төлеуге ұлықсат берілді. Оны да төлей
алмағандар өзін сатып, крепостнойлық халге кешті. Көбі қазір шахталар
мен заводтарда еріксіз жұмысшы. Біразы нояндардың жұмыстарын
атқарады.
– Бізде əзірге мұндайлар жоқ.
– Ол сендердің бақыттарың. Байқал төңірегіндегі шаруашылық
қысымының жайы осылай болып келеді!..
– «Рухани қысым» дегеніңіз?
– Ол бізде дінге байланысты. Байқал төңірегіндегі елдердің ежелгі діні –
шаманизм...
– Оның үстіне сіздің «Қара сенім» деген еңбегіңізден таныспын.
– Жақсы екен оның. Ғасырлар бойы сол сеніммен келген байқалдықтар
арасына кешегі он жетінші ғасырдан бастап будда дінінің сопылық тармағы
ламаизм келіп кірді. Осы екі дін өзара қырқысып жүрген шағында Россия
патшалығының отаршылдық саясаты, христиан дінінің миссионерлерін
жіберді. Олар тұрған елдерді шоқындыру саясатына кірісті. Бірақ, қандай
əдіспен?
– Иə? – деді Шоқан құмарлана құлақ тігіп.
– Алтын орда татарларының кейбір мырзалары сияқты біздің
буряттардан да чинге қызығып, алғаш өздігімен шоқынған нояндар болды.
Мысалы, Андрюша мен Митюша Степановтар атанған, бурятша
фамилиялары Берегаев дейтін нояндар, христиан дініне 1693 жылы кешкен.
Қыштым арасынан да аздап шоқынушылар шыға бастаған. Мысалы
Онохов. Үкімет оны жасақ жинаушылыққа тағайындап мейлінше
қиянатшыл болған. Содан ба, əлде діншілдігінен бе, хориндар тайшысы –
Дамба Дугар Иринцеев, орыс селосында тұратын Оноховты түнде
терезесінен ұрлатып ап, арқасына өлердей қамшы соқтырып, «лама дініне
қайтам» деген уəдесін алып, босатқан. Содан кейін шоқындыларды ұрлау,
сабау, өлтіру көбейіп кеткен. Бірақ, миссионерлер əрекетін доғармай, үгіті
өтпеген соң, күні бүгінге дейін жергілікті халықтарды зорлықпен, кейде
мылтық күшімен шоқындыруда. Осы ретте, Шығыс Сібірдің қазіргі
прхиепископы Никон Нилмен қатты аразбын. Бұл православяндық
шіркеудің осы ғасырдың басында атағы шыққан оқымыстысы – Николай
Федорович Нилдың баласы. Менің оған айтарым,– халықты зорлықпен
емес, үгітпен көндір! Оның айтары – «үгітке көнбесе қайтем?» Менің
айтарым, – «ендеше, зорлама!»
– Батыс Сібірдегі, Орал тауындағы, Еділ бойындағы Нилдарға да мен
осыны айтқалы жүрмін.
– Бірақ, тыңдамайды, оныңды! Босқа əуре боласын. Оның мысалы –
мен. Өз қара басым, ешбір діндік сенімді танымайтын – атеистпін...
– Мен де сондай ұғымға бейіммін.
– Ендеше, ойымыз бір жерден шықты. Бірақ, адам қоғамының санасы
түгелімен атеизмге жеткен жоқ. Дін сенімі қоғам арасында көпке созылады.
Менің айтарым: қай дінге болса да, адам өз сенімімен бағынсын, зорлап
бағындыру болмасын!
– Гениально! – деп қалды. Шоқан.
– «Рухани қысым» дегенім осы.
– «Осының аржағында ақымақтық бір ой жатады, – деді Шоқан. Патша
өкіметі, отар елдерді өзіне дін сенімі арқылы жақындатқысы келеді. Қата
пікір ол. Оған мысал – орыстар мен татарлар арасы. Опричина22 дəуірінде
олар бір-бірімен сеніскен жайда еді. Сонда орыс əскерін татар ханы
Шингилай (мұсылманша – Шаһ-Ғали) тамаша басқарып тұрды. Кейін,
патша өкіметінің жəрдемімен, ислам діні татарлар арасында кең тарағанда,
Қырым татарлары соңғы бір ғасырда, Россия мемлекетіне екі рет
опасыздық жасады. Дін жəрдемдессе бұл не?!..
– Дұрыс пікір. Бірақ, осы пікірді үкіметке түсіндіру өте қиын.
Одан əрі ойға кеткендей, екеуі де біраз уақыт кеңестерін доғарды. Ой
түйіндерін əлі тоғыстырып үлгермегенмен, екеуінің де, халықтарының
тағдырлары біріне-бірі өте ұқсас сияқты; ой-саналары да желді күні қатар
тұтанған өрттей, бір бетке ауытқи өршиді. Сонда тірелер тиянақтарын
шамалап көрсе, екеуі де бірін-бірі қолдан келмеске жармасып жүрген
қазіргі заманның Донкихотына меңзейді....
Шоқаннан өзіне жан-серігін тапқандай болған Банзаров, оған
буряттардың сыртқы саясаттық өмірімен бірсыдырғы таныстырып болдым
деп санады да, енді ішкі өміріне үңілдірмек болды. Бірақ, тағы да ұзаққа
созылатын бұл кеңесін бастамады ол; сондағы ойы,– «Қаз көлінің»
төңірегін көрсін. Онда бай да, қыштым да, қоңсылар да, ламалар да,
шамандар да бар, əрқайсысының өзіне тəуелді тұрмысы бар; Юмсун той
жасай қалса, бурят халқының ойын-сауықтарын да көреді; солардан өзі
ғибрат алсын да, қорытынды жасасын».
Юмсунның күтінуі керемет болып шықты. Ас та, той да... деген сияқты
халықтық мерекелер де, буряттар да күн бұрын сауын айтады екен. «Қырық
рулы қазақ» дегендей, буряттардың да толып жатқан рулары Байқал көлінің
батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін кең орай жайылып жатады
екен. «Сібірлік халықтар» дегенде, сол бір тарихи кезеңде сан жағынан ең
көбінің бірі – бурят екен. Банзаровтың қолында жалпы сібірліктердің,
олардың ішінде, бурят руларының географиялық картасы бар еді. Шоқанды
сонымен таныстыра отырып:
– Аз халыққа көп халықтың өктемдік жасайтыны белгілі, – деген ол, –
орыстар бурятқа өктем десек тунгус я түрік тұқымдарынан арасына сіңген
аз руларға буряттар да өктемдік жасап, көбін қыштымға айналдырып
жібереді.
– Юмсун сауынды өз ұлысындағы рулардың бəріне айтып келер күнін
қосымша хабарламақ болған. Тойшыл жұрт онысын күтсін бе? Шоқан мен
Банзаров жеткен шақта «Қаз көлінің,» кең аумағын толтырып тастапты.
Дегенмен Юмсун елеулі адамдарының түгел келуін тосты да арнаулы
қонақтарын құрметтей тұрғысы келді. Оның өз ордасын Шоқан анадайдан
айтпай-ақ
таныды:
аршыған
жұмыртқадай
əппақ,
сəулесі
күнге
шағылысқан ақ киіз үйлер; көлемдері маңайдағы үйлерден үлкен де,
еңселері биік те; біреуі тым зорырақ, ол, тегі, тайшының өз ордасы болар;
екі жақ қанатындағылары,– не отаулары не қонақ үйлері болар... Қоңыр,
қараша үйлер олардан алшақ тігілген; олар, əрине, бурятша айтқанда, –
қыштымдардікі, қазақша айтқанда, – қарашылар... Жалпы айтқанда,
бұндағы ақ ауылдың да, қарашы ауылдың да сыртқы көрінісі, Шоқанның
өзі туып, өскен ақ жəне қара «ауылдарға ұқсайды. «Ауыл» – бурятша –
«айыл» екен. Шоқан енді, сол айыл үйлерінің ішін көруге құмартты.
Қонақтарды жүрісінен таныған тосқауыл, алдарынан шығып қарсы алды
да, орданың оң жағындағы үйге түсірді. Бұл да əппақ іші кең кигіз үй.
Жалпы құрылысы қазақ, үйіне ұқсағанмен, бірталай айырмашылығы да бар
екен: қазақ үйлерінің уық қарлары имек бұндағы уықтар тіп-тік сояу;
бұның шаңырағы он, жəне сол жақтан, басы ашаланған бағанамен тіреулі;
керегенің ішін айнала, будда дінінің мифологияларынан алынған
кестелермен əшекейленген əр түсті жібек кілемдер ұсталған; шаңырақтан
қытайлық шашақты абажурлар салбырап тұр. Сыбырлап сұрастырса, бұл –
Юмсунның інісі жəне əкімшілік істерде жəрдемшісі Дамденнің үйі екен.
Сыпайы сөзді ол, жылы қабақпен қарсы алған қонақтарына, ағасының
аздап тымауратып қалғаның саулық болса, ертең қабылдайтынын айтты.
Дамденнің күтуінде кемшілік болған жоқ; қонақтарының сыбағасына
семіз тай сойдырған ол, табақты мүшелеп, мол ғып тартты. Шоқанның
бурят үйінен бірінші рет тамақ жеуі. Естуінше, – бұл тұқымдас халықтар
етті шала пісіріп береді; оның үстіне, Банзаровтың баяндауынша, Монғол-
буряттар қаннан жасалған тағамға құмар.
– Қой болса – бүйеніне, жылқы болса – жұмыршақ қарнына тығады да, –
деген ол, – сол малдың қаны араласқан іш майын, не бауыздау қанын
құйып, қазанға асады...
– Оны да шала пісіре ме?
– Əрине.
– Өзім жеп көрмегенмен, қазақта да «қан соқта» аталатын осындай тағам
болған деп естіп ем. Қазір жоқ. Бірақ, қазақ жақсылап пісіреді. Шала
піскенді қалай жейді адам?!..
– Жегенде көрерсің. Ел ғұрпымен есептеспей болмас!
– Əрине, – деген Шоқан, шала піскен етті, əсіресе, – қанды жеуге күн
бұрын жиіркене отыра.
Сол сыбаға алдарына келіп қалды. Түрік тұқымдас елдердің сыбаға
тартуынан хабары бар Дамден, сыйлы қонаққа қой болса басын, жылқы
болса, шекесін тарту салтын біледі. Сондықтан ол, сойылған тайдың бір
шекесіне қоса, қанға толған жұмыршақты бірге астырған.
Ет түс кезінде желінетін. Түндігі ашық, шаңқайған күн сəулесінен іші
сүттей жарық үйде Дамден қонақтарының алдына əуелі шеке мен қан-
соқтаны əкеп тартты. Бір епті жігіт өткір кездікпен торсиған жұмыршақты
тіліп жібергенде, шала піскен қара-күрең қан ақтарыла қалды. Ғұрып
бойынша, сол «соқтаны» үй иесі қасықпен көсіп алып, қонақтарға асату
керек.
Дамден де сөйтті: Шоқанды ең кəделі қонағы санаған ол, шанағы кіші-
гірім ожаудай ағаш қасықпен, іркілдеген қоймалжың қанды көсіп ап аузына
тосқанда, көздері жаутаңдап қайтерін білмей сасқалақтаған Шоқанға:
– Асаңыз! – деді үй иесі.
Амалы қанша!.. Шоқан «қайдан шықса, одан шықсын!» дегендей, көзін
жұмып жіберді де, ернеу аузына тақалған қасықты қауып кеп қалды да,
демін де алмастан қылқ еткізіп жұтты да жіберді. Көзінен жас ыршып кетті.
Құсып жібере жаздаған қалпын аңғартқысы келмей, тамағына сүйек тұрып
қалған қасқырдай, мойнын изеңдетіп жұтына берді. Абырой бергенде,
құспады!..
Одан əрі, турағанда қаны шыпшыған етті жеуден Шоқан тайсалған жоқ.
Бір жақсысы, буряттар əлденеден дəмі қышқылт сірке (уксус) жасайды
екен, соны сеуіп жесе еттің шикі-пісісі байқалмай кетеді екен.
Етке əбден тойған, сол қалпымен жата қалса, дөңбекшіп ұйықтай алмас
па еді, қайтер еді, егер салт мініп, қасына ерген нөкерлермен көл жағалап
кетпесе.
«Ертеректе болыпты-мыс» дегенмен, құс салу буряттардың ұмытып
кеткен ермегі. Оның орнына, бұлар – атқыштар. Мылтық та бар екен
оларда, мергендері жетерлік бірақ олар садақ тартуды жақсы көреді екен.
Аумағы кең «Қаз көлінің» теріскей жағасы ғана шөптесін өзге жағы
(көпшілігі) құм-қайраң. Аңшылар кешке қарай құстардың отқа жайылатын
шағында аттанған еді. Күн еңкейген. Жанға жайлы қоңыр жай ауа, аздап
желкемдеу!..
Шалғынды жиек жыпырлай оттаған қаз екен. Аулаушы и я ба, өздері
бастарын көтере қаңқылдайды да, ұша жөнелген салт аттыларды жуық
келтіреді. Деңгейлескен шақта, садақшылар ат үстінен оқ тартса,
көздегеніне жебе кірш ете қалады. Оқ .тиген қаз далпылдап ұшпақ болады
да, оған дəрмені жетпегендей қисая кетіп, қанаттарын қағады.
Садақшылардың сілтеген оғы мүлт кетпейді. Не деген мергендер!..
Осылай атылған талай қаз қанжығаға байланды. Шоқанға да бірнешеуі.
Аумағы кең болғанмен, олар көлді айналып түсті. Бір тұсында шомылып
та алды. Шоқан сонда байқаса, қазаға қамалғандай балықтар тұнып жүр.
– Негe ауламайды, бұны?! – десе:
– Бұл маңайдағы өзге сулардың балықтары жетеді, – деп жауап береді
серіктері.
Аңшылар мекендеріне қалжырап оралды. Бұл елдің төсегі – жайған
текемет болады екен де, оның үстіне аюдың, бұғының, я басқа аңның
жұмсақ иленген терісін төсейді екен.
Көрпе-жастық бұл бай үйде де болмай шықты. Содан ыңғайсызданған
Банзаров:
– Буряттар мата тоқыған ел емес. Киетіні де, төсек-орны да тері-терсек.
Бұрын көздемені бұхарлықтар мен қытайлықтардан алушы ең Россияға
бағына, олар тоқтатылды. Орыс бұйымдарын сəудегерлер жеткілікті
əкелмейді, – деді.
Шоқанның астына қалың бүктелген оюлы текемет оның үстіне
былпылдай иленген аю терісі төселді де, басына ұзындығы жарты
құлаштай жуан дөңбек тасталды. Бұрын мұндай төсекке жатып көрмеген
Шоқан, жолдық киімін шешінбестен қисая кетті. Сондай төсек Банзаровқа
қатар салынған еді. Күтуші екеуінің үстіне түйе жүн өрмектен тігілген бір-
бір үлкен шекпенді айқара жапты да, шығып кетті. Екеуінен басқа жан жоқ.
Иелерінің қайда
жатуларын сұрастырса, бұл – қонақтық үй екен де, иесі жататын үй
басқа екен.
– Шоқан жатқан үй, «Қаз көлінің» қайраң жақ жағасына таяу тігілген
еді. Оның адалбақанға ілген білте шамы сөнгеннен кейін, кешқұрым
аспанды бүркеп алған бұлттан түн тастай қараңғы еді. Көлдің Алмалық
аталатын тау жақ желкесінен ескен жел іңірге қарай күшейіп күндізгі
самалдан беті ғана дірілдеп жатқан көл, жел қатая толқынданып кеткен.
Дүрмек ішінде отырғанда Шоқанға сезілмеген толқын, қараңғы үйдегі
төсекке жата оны жағаны сүзгілеген шалп-шұлп дыбысы əлдилегендей тез
көзі ілініп кетті.
Ол қатып ұйықтады. Дабырдан оянып кетсе, бие бау уақыт болып қапты.
Банзаров тұрып кеткен. Киініп ап тысқа шықса мал жайғастырудың
əбігерлігі. Бəрі де қазақ аулындағы сияқты: бұлар да құлындарын желіге
байлайды екен; жылқы болған соң қашағаны да болады, соларды қайырған
жайдақтар айғай-ұйғай, тасыр-тұсыр шабыс; желілері қатар қағылған екі
үйірдің айғырлары шайнаса төбелесіп жатыр!...
Бала шағында Шоқанға бие-баудан қызық көрініс болмайтын. Өз бітірері
жоқ ол, қашқан-қуғанға қосыла кетіп, беталды далақтай беретін. Кейде осы
шабыстан қалжырап жығылатын. Қазір де сөйткісі келіп кеткенмен, бір
елдің мырзасы деп, бір ел төбесінен тік тұра күтіп жатқанда, атқа шабу
жеңілдік болар деп, өзін əрең ұстады...
Банзаров көрінбейді. Ол да Шоқан сияқты, атқа мінуге жылқы
қайтарысуға құмар еді. Түнде жақсы ұйықтаған ол, ертемен өрген қой,
ешкілердің шулауы мен маңыраған үндерінен оянып, сыбдырсыз киініп
тысқа шыққан да, ат ерттетіп aп, малдарды жайғастыру жабдықтарына
араласып кеткен. Өзі сөйте жүріп, көзі Шоқан орналасқан үйде болды.
Шоқанның тысқа шығуын көрген соң, желі басынан шауып келді.
Байланып жатқан құлындар Шодоевтардікі екен. Шоқанның:
– Неше айғырдың үйірі сауылады? – деген сұрауына:
– Дəлін білмедім, – деп жауап берді Банзаров, – шамасы үш-төрт бар-ау
деймін. Желі ұзын. Біреуіне «жүз шақты құлын байланады» деді.
– Онда биелер жебей сауылатын болды ғой.
– Ол не?
– Ұзын желінің бір басынан бастап сауылған биелердің екінші басына
жеткенше сауындары келіп қап, сауу қайтадан басталады. Қазақтар осылай
саууды «жебелеу» дейді.
– Бурятша аты да бар сияқты еді, есіме түспей тұр!
Біреу бұларды сəскелікке шақыра келді. – Бірақ, – деді ол, – тағам
тайшының өз үйіне əзірленеді.
Тайшысы – Юмсун екен. Дамден бастаған олар, тайшы үйіне кірсе,
жасау-жиһазының көркі көзді сүріндіретін ғажап: ең алдымен, он екі
қанаттық бұл үйдің іші ат ойынын жасарлықтай кең; кереге, уық, шаңырақ
ағаштары түрлі түсті бояулармен əшекейленген, шаңырақтың төрт тірегі де
сондай; керегенің ішкі айналасына уықтарының қарларын қамти ернектері
ғажап
кестелі
жібек
жамылтқылар
тұтылған;
терде
шырақтары
жалтылдаған, төңірегі əшекейлермен қоршалған құлшылық орны;
кестелене тоқылған бау-шуы да аса ажарлы...
Бұл əдеміліктерге жаутаңдай қараған Шоқанның көзі тойып үлгермей,
үй ішінен біреулер сəлемдесе кетті. Шоқан қараса, екі адам: біреуі
қоңырқай түсі жас сияқтанғанмен, орта бойлы денесі балпиып кеткен семіз,
сақал-мұрттары сиректенген ұзынша қап-қара қылдар, үстінде монғолдың
перлі маталарынан тігілген ұлттық киімдері, кеудесінде бірнеше орыс
ордендері мен медальдары жалтырайды; бұл, жобасы, Юмсун тайшы болу
керек; екіншісі, дембелше жуантық, егде кісі; ол сақал-шашын тап-тақыр
қырғызып тастаған; жалаңаш кеудесіне сол жақ иығының үстінен, он, жақ
қолтығының астын ала, денесіне айқара салған сарғылт жамылтқышына
қарағанда лама сияқты.
Банзаровтың таныстыруынша расы да солай болып шықты. Банзаров
ламамен құшақтасып амандасты. Себебін артынан білсе, бұл, баяғы 1835
жылы Банзаровты Қазан гимназиясына орналастырған білікті лама Галсан
Никитуев екен. Ол Шодоевтар еткен ғасырда «Қаз көліне» жақын тұстан
салдырған дацанда ата-бабасынан лама болып келе жатқан, ез басы «көзі
ашыққа» саналатын адам екен.
Олар қонақтарын, əсіресе Шоқанды жылы жүзбен қарсы алды. Юмсун
баяғыда Омбыдағы казак офицерлерінің училищесінде Шыңғыспен бірге
оқыған болып шықты. Бірақ бұл бірер кластан кейін кетіп қалған екен.
Сонда да Шыңғысты ұмытпапты: «Ұсақ халықтан екеуміз ғана едік тату
едік» дейді.
Тайшы жəне ламамен кеңесіп отырған Шоқанның екі көзі үй ішіндегі
бай жасауларды, əсіресе құлшылық (молитва) орнын шолу болды.
Сонысын аңғарған мақтаншақ Юмсун амандық-саулықтан кейін:
– Сіз буддизм жайында жетік емес шығарсыз, құрметті қонақ, құлшылық
орнымызбен таныстырайық, – деп, ол міндетін орындауды ламадан өтінді.
Михрабтың төрінде, шығып келе жатқан күн сəулесіне бөленген
Сакьямунидің (будданың) алтыннан жасалған, малдасын құрып отырған
кішкене фигурасы. Оның төңірегіндегі күн сəулесінің əр түсті бояулары,
сондай түсті қымбат тастардан жасалған əшекейі; екі жақ төменінде он екі
шадиярдың күмістен жасалған фигуралары. Бəрі де аса шеберлікпен ете
көркем
жасалған.
Діндік
жағын
былай
қойғанда,
бұлар
шын
мағынасындағы көркемөнер шығармалары:
Солайша таңданған Шоқанға, Банзаровтың кейінірек айтқаны:
– Дацанның михрабы бұдан əлдеқайда қымбат, əлдеқайда көркем.
Бір еріккенде, жақын тұстағы дацанға барып қайтса, рас екен. Христиан
шіркеулерінің əшекейлеріне таңырқайтын Шоқан, дацанның салтанатын
олардан əлдеқайда əсем көрді. Əсіресе кестелері. Бұндағы кестелер өлі
материалдарға жан беріп құлпырта қимылдатып қойғандай. Шіркін, адам
қолының өнері, нелер ғажап көркемдіктерді жасайсың-ау!..
Барлық даярлықтары əзір болғанмен, Юмсун жасамақ болған той, төрт-
бес күнге кідіріп қалды. Сонда былайғы жұрт көп жиналғанмен,
Юмсунның зарығып күткені генерал-губернатор. Еміс-еміс хабарға
қарағанда, «келеді-міс» деген де сыбыс бар, оны тоспай болмайды.
Тойдың кідіруі Шоқанға залал болған жоқ. Банзаровқа ерген ол, сол бір
күндері «Қаз көлін» жағалай қонған бурят ауылдарының «жақсы»,
«орташа», «кедей», «сорлы» деген үйлерін түгелге жақын аралап шықты.
Сонда байқағаны: «Тəуір» дегені тіпті тəуір екен де, «жаман» дегендері
тіпті жаман екен. «Жаман» дегендері, қазақта «жаман» дейтіндерден
əлдеқайда сорлы сияқты. Жалпы алғанда «жақсысы» да, «жаманы» да қазақ
өміріне өте ұқсас. Тіршілік түрі осы болса, ой-сана, оқу-білім жағынан да
дəлме-дəл сияқты. Тек қана айырмасы, Шоқанның, байқауынша, қазақтың
мұсылмандығы –шалағай; ал, мұнда шаманизм де, ламаизм де тамырларын
кең жəйіп алған; қазақ, еліндегі сияқты, мұндағы христиандық та бұралқы
ит сияқты ашығып босқа қаңғырып, ұлып жүр...
Ең тамашасы – музыкалық жəне əдебиеттік фольклор екен. Қазақтікі
сияқты, буряттарда да олар ұшан-теңіз. Тарихи жырлар да, ғашықтық жəне
батырлық эпостар да толып жатыр. Тарихи жырлардан ең маңыздысы,
Манжур басқыншыларымен күрескен Монғол – Бурят көтерілісшілерін
бастаушы, ертегілік батырға айналып кеткен Амурсанан екен. Оның
сипаты, балалық шағында Шоқанның Жаманқұл ақыннан естіген
жырындағы Исатай – Махамбетке ұқсайды екен. Ал, батырлық
эпостарының ішінде бурят жыршылары айлап айтып əрең тауысатын
«Гэссэр» бар екен. Бұл монғол – буряттардың «Илиадасы» сияқты, көлем
жағынан да, көркемдік жағынан да беріспейді, атты сипаттауда асып түседі.
– «Гэссэрді» Шыңғыс ханның бейнесіне жорушылар да бар, – дейді
Банзаров, – бұл зерттелетін мəселе.
Көне заманда, яғни Шыңғысқа дейін, татарлар Сібірде де көп болған
ғой. Оның бір куəсі – Сахалин аралын Азия құрғағынан бөлетін судың аты,
атам-заманнан бері «Татар құйылысы». Сондықтан ба, басқа себебі бар
ма,– бурят əндері татар əуендеріне өте ұқсас. Жəне көп, жəне əдемі сазды.
Музыкалық құралдарынан Шоқанға ең ұнағаны сыбызғы, онысы –
қазақтың қурайдан жасалған сыбызғысы. Қазақтікі сияқты, кейбір
сыбызғышылар, ұзақ сақталу үшін жəне берік болуы үшін қурайын қойдың
өңешімен
қаптап
алады
екен;
соларын
безілдеткенде
үні
жан
тамырларыңды солқылдатады!..
Қазақтан өзгешелігі – буряттарда толып жатқан би бар жəне бəрі де
ормандағы,
судағы,
даладағы
аңшылық
тақырыбына
құрылған.
Қызғылықтылары да аз емес.
Шоқанның күндері көңілді болып өтіп жатқанда, тойға Амурскийдің өзі
емес, оның жəрдемшісі Шығыс Сібірлік казактардың бас атаманы Прохор
Кафтыров келіп қалды. Ол, Сібірдің осы бөлегін жаулауда мейірімсіз аты
шыққан атаман – Христофор Кафтыровтың ұрпағы; мінез-құлық жағынан,
ол арғы атасынан аспаса, кем соққан емес. Оның өзгелерді қамшылауы мен
қылыштауы былай тұрсын, заңда правосы теңдес дейтін бурят пен
эвенкилерден құрылған казактардың өздеріне де жəне қатардағы
солдаттарын ғана емес, жоғары чиндегілерін де бет қаратпай балағаттап,
сабап тастайды.
Ескерте кетейік: буряттар мен эвенкилерден казак отрядтарын, Байқал
төңірегі Россияға бағына, 1727 жылы граф Савва Баргузинский құрған.
Содан бастап, Шоқан барғанға дейін, манжурлік Қытай мен Россия шегін
зор абыроймен күзеткен бұл отрядтардың өзі іштерінен ондық, елулік
жүздік командирлер ғана тағайындалған да, шамасы, жетпіс шақты жыл
өткенде буряттан бірінші атаман боп, атақты жайсаң Бадалуев белгіленген.
Қартайған шақта, ол атамандығын баласы Гомбо Цереновке берген. Бұл
атамандықтар, Шоқан барар алдында жойылып, ұлттық отрядтар орыс
казактарының командирлеріне бағынып қалған. Банзаров Шоқанға оңашада
бұл жөнінде наразылығын айтқан.
– Қызмет атқара алмаса бірсəрі, – деген ол, – жергілікті отрядтардың
жауынгерлігі, сенімділігі орыс-казактарынан аспаса кем түспеген, солай
бола тұра, үкіметтің олардың бастарын қырқып, кеуделерін ғана қалдыруы
əділетсіздік.
Амурскийдің Кафтыровты жіберуі: осындай, кейбір жиындарда жанжал
көтеріліп кетіп, арты көтеріліске айналғаны бар, олай болмау үшін жұрт
қорқатын кісі керек. Кафтыровтың «шаш ал десе, бас алатын» кісі екенін
білмейтін бұл төңіректе кісі жоқ. Ол «тəртіп сақтау үшін керек» деп,
казактардың бір елулігін ала келді. Енді, қарусыз жұрт тырп етіп көрсін!..
Оның, тағы бір жүктеп келген міндеті – Шодоев ордасындағы лама –
Галсан Никутуевтан құпия материалдар алып қайтпақ. Ол буряттар
арасындағы тыңшы. Шоқан бұл өлкеге аяқ басқалы, Банзаровпен
араларында не əңгіме болып жүргенін тыңдаушылар да бар. Солардың
ішінде жолшыбай жəмшік айдаушылар да кіреді...
Банзаров Шоқанға Шығыс Сібірдегі отарлаушылардың, отарланушылар
арасында ұлт теңсіздігі туралы айтқан бір кеңесінде:
– Отаршыл əкімдер отар болған елдердің былайғы қарапайым халқы
түгіл, нояндары мен байларын да кемшілікте ұстайды. Біздің нояндарды
олар «князцы» деп атайды да, «князь» деген сөзді көп көргендей, ол сөзді
қолдануға қимағандай болады.
–
Бізге
«князь»
түгіл
«князцыны»
да
қимағандай,
ноян
сияқтыларымызды «сұлтан» дейді. Қайдағы «сұлтан» ол? Бұл есім біздің
заманда түрік патшаларына ғана қолданылады. Қазақтан қайдағы
патшалар? Менімше, қазақ нояына «сұлтан» атын жапсыру, мақтау емес,
мазақтау сияқты... Мен Батыс Сібірдің əкімдеріне:
– Оның орнына орыстың «султанчик» деген сөзін қолданса, дəл болады
– десем...
– Олай деу, мазақтау сияқты естіледі ғой.
– Естіле берсін!.. «Сұлтаны» да мазақ, бəрібір мазақ. (онда қазақша ол,
«сұлтан» емес, «сұлтансымақ» болады... Ол сіздерде «князь» деген ұғымды
береді...
– Сонымен, – деді Банзаров, қылжақшыл қалпын байқап жүрген
Шоқанды, ойын сөзден шынға қарай бейімдегісі келіп, – қысқасын
айтқанда, туған халқының арасында тəңірідей қоқаңдайтын біздің Шодоев
сияқтылар, патша ұлықтарының алдында құрдай жорғалайды.
– Бізде де солай. Россия чинінің біздегі ең кішісі капрал. Қазақ əкімдері
соны да «ұлық» көріп, сіздің сөзіңізбен айтқанда «алдында құрдай
жорғалайды», содан барып, қазақта «алыстағы жанаралдан, жақындағы
кіпырал» – деген мақал туған.
Іс жүзінде де солай болып шықты. Кафтыров келгенше, өзін жұрт
көзінде осы елдің буддасы сияқты ұстап отырған Юмсун, ол келе, алдына
құрдай жорғалаған бейнеде, жоқ жерде иіліп-бүгіліп, құлдық ұрды да
қалды. «Не деген төменшілік!» деп тұрды, ол қалпын абайлаған Шоқан мен
Банзаров іштерінен намыстана қарап. Буряттарға одырая қарап, аяқтарын
кердеңдей басқан Кафтыров Шоқанға сыпайылау келді. Ол екеуі Үркітте,
генерал-губернатордың кеңесінде жолығысқан. Сонда, өзі алдында тəжім
ететін Амурскийдің Шоқанға көрсеткен ілтифатын аңғарып, іштей «азият»
деп менсінбегенмен, сырттай бұл да сыйлаған болған. Оған қоса, «Қаз
көліне» жұмсарда, Кафтыровтың бұратана ұлттарға қолданатын қылығы
аян болғандықтан, Амурский оған «Батыс Сібірдің өкілі» деп ренжітпеуді,
құрметтеуді тапсырған. Кафтыров сөйтуге тырысты.
Той басталып кетті. Оның думандары, қазақтық думандарға ұқсас екен.
Көптеген қызық, қызметтің арасынан Шоқанға қазақта жоғы төртеу
сияқтанды:
Бірі – балуандар күресі: қазақ балуандары майданда бірден ұстаса кетеді
де, білетін əдістерін қолданып, бірін бірі тез жығуға тырысады жəне жекпе-
жек шыққан балуандар жығысқанша, өзге жекпе-жектер күреспейді;
бурятта екі жақтың да осы жиында күресетін балуандары топтала, түгел
шығады екен, бұттарына балағын түре киген кең шалбардан, белдеріне бос
байлаған қайыс белбеуден басқа, үстерінде лыпа болмайды екен; екі жақ
жақындаса, əуелі, бір-біріне айбат шеккендей, билеген тəрізді, қоқырайыса
жүріседі екен; сонда, екі саның екі жамбасын, екі тізесін алақандарымен
шапалақтап ап, одан кейін, тəуеткендей, алақандарымен жер сипап, бəрі
жапа-тармағай ұстаса кетеді екен; бұлар қазақ балуандарындай: үйіру, қағу,
шалу сияқты ешбір тəсіл қолданбай, реттей келсе, тек аяқтан ғана алып,
көтеріп соғу күшіне басады екен; жыққанға бұнда да: «Ұлы», «орта»,
«кіші» аталатын «тоғыздар» сыйланады екен; оған құндыз бұлғын, тиін
сияқты қымбат аңдар терісі қосылып, тоғыздың өзгелері үлкенді-кішілі мал
түліктерінен құралады екен...
Екінші ат өнері: бір адам асау жылқыны бұғалықпен үйірінен ұстап
арпалысуына қарамай, табан аузында ерттеп, тулауына қарамай, табан
аузында мініп, сол бетінде үйретіп алу, қазақта атымен жоқ. Буряттар
сөйтеді екен. Ең алдымен, қашқан асаудың мойнына бұғалық түсірулері
ғажап: қыл арқанды қолына шумақтай ұстап қуады да, арқан жетер тұсқа
барғанда, шумақты сілтей лақтырса, басындағы тұзақ асаудың мойына іліне
кетеді; қуғандардың бірі емес, бəрі де сондай, бірінің де сілтегені мүлт
кетпейді.
Үшіншісі, ат үстінен ептілік. Шөбін тақырлаған қара жерге бір сомдық
күміс тастап, соны екпіндей шауып келе жатқан ат үстінен қағып əкету
ойыны қазақта да бар. Осы өнердің буряттарда, қазақта жоқ бір түрі бар
екен: жерге бөрік қалпақ сияқты бас киімді шалқасынан тастайды да,
шұқырына нысанаға қамшы қояды; содан салт мінген жігіттер нысанаға
беттей, аттарын борбайлап шабады; міндет – шапқан бетінде нысананы
жанай өте беріп, ондағы қамшыны алып, өз қамшысын орнына тастап
үлгеру!.. Нысана түбіндегі топқа қосылған Шоқанның қайран қалғаны, сол
бəсекеге қатысқан жиырмадан астам жігіттің біреуі де мүлт кеткен жоқ.
Төртінші, садаққа мергендік: Бұл енерді Шоқанның садақпен қаз
атушылардан көргені жоғарыда баяндалды; онда: отырған қаз түгіл, ұша
жөнелгенің тіпті, оқ жетер биікке кетіп бара жатқанын мүлтіксіз
құлатқанын көргенде, мергендіктеріне қайран қалған еді; бұл жолы
садақшылардың көздегені, ағаш безінен жасалған домалақ дүңбекше; оған
жүз қадам тұста жаяу тұрып садақ оғын тигізу жердегі буряттарға түк те
емес екен; ең ғажайыбы, зымырай шауып келе жатқан ат үстінен де жебені
кірш еткізе түсіреді!.. He деген мергендік!..
Банзаровтың айтуынша, бұл өнерлердің бəрі де көшпелі елдерде ең көне
заманнан бірге жасап келеді.
– Бірақ, – дейді ол демін соза алып, – бір кезде соғыс «шері болған бұл
ойындар, қазір тек əдет-ғұрыптық ермек қана!..
– Рас! – дейді Шоқан да демін ауыр алып, – осындай ғана қаруы бар
елдер, соғыстың мануфактуралық, яғни қол төбелестік дəуірін бастан
кешіріп, механикалық дəуіріне, яғни отты мылтық дəуіріне, оның ішінде
зеңбіректер қолдануға көшкен елдердің жауларына қарсы тұра ала ма?!
Соны көрген қазақтар, «бай – бір жұттық, батыр – бір оқтық» деген де
мақал шығарған.
– Данышпандық мақал! Сіздің ел мен біздің елдің қарулары сондай!..
– Рас!.. Біз тағдырлас елдерміз.
ТАБЫЛМАҒАН ТҮЙІН
Екі-үш күнге созылған той тамаша болып өтті. Бұл күндерде көрген
қызықтарын, былайша қыдырса, Шоқан бірнеше айда байқап бітіре алмас
еді. Буряттың халықтық тұрмысынан оның той үстіндегі көрмегені кемде-
кем! Бұл тұрмыстан оның қырағы көзінің шалмаған түкпірі жоқ. Сонда өзі
түсінбейтіндерін Банзаров арқылы ұғып, егжей-тегжейлерін тереңдей біліп
алды. Бұл білгендері оған ешбір оқу орындары баяндап бере алмайтын
сабақ болды.
Той тарқар алдында, Шодоев Банзаровқа Шоқанға тартар сыйлығын
ескертті. Амурскийге арнаған бұлғын ішікті, ол, өздері ғана білетін құпия
себеппен Кафтыровқа сыйлауға ұйғарыпты, Шоқанға арғымақ атпен алтын
ерді тарту ойы бар екен. Бұл жөнде Банзаров Шоқанға шынын айтып
барған соң, бұған лайықтаған нəрсесін басқа біреуге беруіне Шоқан
намыстанып, «ерттеулі атты Омбыға қалай жеткізем» деген сылтаумен
алғысын ғана айтты. Онысын шын көрген Юмсун «ендеше бір ішікке мол
жетерлік елу бұлғын берейін деп еді, «қалай апарып, қайда сақтаймын?»
деп Шоқан оны да алмады.
Банзаровтың ойы, Шоқанға буряттардың аңшылығын, əсіресе, «қамау»
аталатын түрін көрсетпек еді; Банзаров бұл кəсіпті мейлінше қызғылықты
ғып суреттегенмен:
– Жаз ғой, аңдар түлеп жүрген кез ғой, еттері де арық, босқа өлтіргенде
не болады? – деп, Шоқан ықлас қоймады. Ақыры, құрғақ рахметпен
Банзаров екеуі аттанатын болды.
Шоқанның Байқал көлін көруге құмарлығын білетін Банзаров, оны
сонда апармақ. Бірақ, қай жолмен? Тау ішін аралап, Баргузинға дейін салт
кетуге болады, ол ылди-өрі көп қиын жол екен; Селенга осторгына барып
қайыққа мінсе, тігірек əрі тиышты жол.
Шоқан соңғысын қалады. Ағысты ықтай жүретін желкенді қайық
шапқан аттай зымырайды екен. Сəтіне қарай жел де артынан. Сағасына
жетсе, арғы шеті көрінбейтін Байқал да тып-тиыш. Олар одан əрі де
қайықпен кетті. Ескекті қайық тауға тірелген көлді жағалады да отырды.
Əлі де жел тымық.
– Толқынды күніне кездеспейік! – деді Банзаров, – онда жүргізуіміз
қиын болады.
Көлге төніп, көлеңкесі суда дірілдеген орманды таулардың бейнесі, адам
қайран қаларлықтай көркем. Олардың көлге биік жарқабақ болып тірелген
етектерінен жердің сыртқы қатпарлары қандай түсті болғаны айқын көрініп
тұр.
Геологиялық
білімнен
де
аздаған
хабары
бар
Шоқанның
шамалауынша, бұл қатпарлар тектоникалық Достарыңызбен бөлісу: |