Қарулы күштеріміздің айнасы –
Республика Ұланы
Елбасы қатысатын салтанатты жиындар мен мемлекеттік мерекелерде, шет елдердің басшыларын қарсы алатын шараларда өздерінің нақпа-нақ жүрісімен, әсем қимылымен, жұртшылықты сүйсіндіретін сарбаздары бар Ұланға 15 жыл толғалы отыр.
Тарихқа көз жіберер болсақ, ерте кездері мемлекет басшыларын сенімді жауынгерлер қорғаған. Мәселен, Ресейде садақшылар, кейіннен гусарлар, Иранда Шах тыныштығын “мың өлімсіздер” деп аталатын “сипайлар” күзеткен. Еуропада кейіннен лейб-гвардия деп аталған корль күзеті болған.
Қазақ мемлекетінің негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей, олардың мұрагерлері Тәуке т.б. хандар қазіргі республикалық Ұлан сияқты әрекет ететін әскер ұстады. Әскерге ханға берілген, ақсүйектер отбасынан шыққан жасөспірімдер алынған. Аталмыш әскердің міндеті – ханның отбасын қорғау, жол жүру кезінде ханмен ілесе жүру, көрші мемлекеттерден елші келген кезде жоралғылық рәсімдер атқару болды.
Тарихшылардың пікірінше, кейіннен ханның әкімшілік, әскери өкіметтігіне байланысты атты Ұландық әскерлер де пайда болған.
Ханның Ұланында ханды күзететін 1 мыңнан 10 мыңға дейін атты әскер болды. Олар шаруалардан алынатын салықтар есебінен қаржыланған.
Республикалық Ұлан ата-бабалардың осы көне дәстүрлерін сақтай отырып, өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарып келеді. Өткенсіз бүгін жоқ, тарих тәжірибелерінің пайдалы тұстары мемлекетіміздің беделін нығайтуға оң әсер етпек.
Бүгінде Республикалық Ұланға – Елбасы және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жоралғылық рәсімдерге қатысу, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңба эталондарын күзету, тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін аса маңызды объектілерді, ғимараттар мен қызметтік үй-жайларды күзету міндеттері жүктеліп отыр.
Ұланға жүктелген әр міндет аса жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет ететіні өзінен-өзі түсінікті. Себебі, Елбасы қатысатын жиындар немесе шетел қонақтарын қарсы алу барысында Ұлан сарбаздары тұтас Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бет-бейнесін әлемге әйгілеуі тиіс. Болмаса маңызды мемлекет объектілерін күзету - жігіттердің темірдей тәртіп пен сыпайыгершіліктің үлгісін көрсететіндей болуын ғана емес, қырағылық, дене күші жағынан мығым, осы қызметке қажетті қасиеттердің бәрі де бойынан табылуын талап етеді.
Республикалық Ұланның Алматы және Астана қалаларында әскери бөлімдері бар. Ұланға әскер қатарына жастар еліміздің барлық облыстарынан алынады. Бірақ, жастарды іріктеудің өзіндік шарттары бар. Республикалық Ұланға әскерге алынатындардың бойы 178 сантиметрден кем болмауы тиіс, оған қоса олар орта білімді, дене-күші жағынан шыныққан, моральдық жағынан үлгілі болуы керек.
Аты тек Қазақстанға ғана емес әлемге таныла бастаған Президенттік оркестр де осы Республикалық Ұлан құрамында. Президенттік оркестр Қазақстан Республикасының протоколдық, дипломатиялық және мемлекеттік, салтанатты шараларын музыкалық шығармаларымен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдерге де гастрольдерге шығып жүр. Олардың Малайзияда, Түркияда, Австрия, Италиядағы концерттері табысты өтіп, жұртшылық алғысына бөленді.
Өзінің он бес жылдық мерекесін атап өткелі отырған Республикалық Ұланның атқарған игі шаралары жетерлік. Ең бастысы – олар жастарға Отанды қорғау, Президент пен халыққа жан аямай еңбек ету, елді сүю, ант пен парызға адал болудың жарқын үлгісін көрсетіп жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |