Абай жолы. 1 кітап



бет60/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Бұл жолы қыс ортасында Абай қалаға өзгеше бір шақыртумен келді. Кеше, кеш батып, қас қарайғанда пар ат жеккен Абайдың шанасы Құмаштың қорасына келіп кірген еді. Сол кеште Құмаш тыста Абайдың алдынан шығып, қар болған киімін қағысып, үстіңгі үйдегі басқышқа жақын кең бөлмеге кіргізген.
Абай өзінің осы жолы ойда жоқтан келген жайын Құмашқа қысқа ғана білдірген. Себебі әзір өзі де елге жеткен шолақ хабар, шақырту сөзінен басқаны білмеуші еді. Тез жасалған шайды іше отырып, Абайдың айтқаны:
– Білмеймін, Құмаш, әлде менен өзің бұл жайды көп білетін боларсың. Осында қаланың қазағы мен ноғайы қосылып, бір кеңеске кірісіпті. Дін мұсылман елдерінің сол дін-қарындас боп байласатын сөзі бар деп айтады. Әр тараптан қалаға кісі шақырып жатыр дейді. Маған да сол хабары жеткен еді. Осыдан сондай сәлемдер барған соң келіп қалдым! – деген.
Шай жасала бергенде тыстан кірген Баймағамбет үйге үлкен бір сандық пен екі басы толған қоржын кіргіздіртті. Абай ол жүктерді нұсқап, Құмашқа енді жай ғана бір сөз айтты.
– Мынау әкеліп жатқаны, өзің білесің, менің кітаптарым. Баймағамбет екеумізге жазға жетерлік осы сандық пен қоржын толы кітап ала қайтпақпыз! Қалашы, базаршы болғанда бұл екеуміздің басты шаруамыз сол! – деген.
Құмаштың өзге қонағы жоқ еді. Өзінің тегі қоқандық болғанмен, Құмаш жалғыз Абай емес, қазақ көршілерімен де көп араласады. Қаланың саудагері, қырдың керуені сияқты көп жандармен жақсы таныс. Бар қазақ қандай болса, өзі де, әйелі де, ер жеткен, шетке жүріп жүрген саудагер баласы Әлімқан да сондай қазағуар болатын.
Құмаш мұсылманша оқыған адам. Абайдың өлеңдерін кейде көшіртіп алып, кітапша қып үйінде сақтайтын. Сол жөнде Баймағамбетті де өзінің жақын дос-жар, ағайын танысындай санайды.
Абаймен келсін, жалғыз келсін Баймағамбетке ол үй оңашада өтініш етіп ертегі айтқызады. Жаңағы қоржын мен сандық толы кітап үйге кіргенде, Құмаш Баймағамбетке бір әзіл айтты. Онысында сыпайы өтініші де бар.
– Қаладан шыққан кітап сахараға барып қайтып келді. Көп романдар, хикаялар айтып келді, ә, Бақа! Біздей ол кітапты оқи алмайтын адамдардың қасынан ол кітаптар осылай үндемей, әрлі-берлі өтіп жата ма? Жоқ, әлде кейбір беттерін ашып, әңгімелерін айта ма? – деді.
Абай Баймағамбетке күлімсіреп барлай қарап еді. Жауап айтатын өзі емес, Баймағамбет болған соң, соған "не дер екен" деп бұрылған. Баймағамбет жолдан шаршаған жоқ екен. Шайдан кейін жайғасып отырған соң бір әңгіме айтып бермек болды.
– Бұның аты "қонақ кәдесі" болсын. Ертеңнен бастап, біз өзіміз үй иесі, ауыл иесі боламыз. Бүгін алғаш келген күні маған айтқызып қалғаның ақыл, оған дауым жоқ! – деген. Кейін асықпай баптап отырып:
– Орыстың бір үлкен ойшылы жазған кітап екен. Абай осында жақында маған әңгіме етіп беріп еді. Мен өзін әлі кісіге айтқан жоқ ем, соны сөзім сол болсын. Сөйтіп, менің бүгін айтатын хикаям "Күміс князь" аталады! – деді. Оның енді баяндай бастағаны Алексей Толстойдың "Князь Серебряный" деген романы болатын.
Бұл түнде Абай бөгде кісіні көрген жоқ. Құмаш Абайдың келген шаруасы жөнінде қала халқы айтып жүрген сөздерді естіген-ді. Бірақ онша есті-басты кісімен сөйлесіп, дәл дерегін білмегендіктен, ол өзінің шыншыл, дәлшіл, момын қалпына басқан. Абайға "Осындай сөз көптің аузында жүр, мен шет-жағасын естігенім бар еді, сол өзің айтқандай" дегеннен басқа, көп сөз таратып айтпаған.
Сонымен, бүгінгі түнді Баймағамбеттің қызық әңгімесін тыңдауға берген де, қаланың тың хабарын кейін естімек боп қойысқан-ды.
Ұйқыны молынан қандырып, кеш тұрған Абайлар шайды жайлап, түске тақау іше бастаған еді. Осы шайдың аяқ кезінде Абайдың қалаға келгенін естіп, оған сәлем бере екі адам кірді.
Біреуі – алдынан кірген биік бойлы, кесек денелі, бұл күнде бұғағы шыға бастаған, ұзын талды шоқша ғана сақалы бар, жал тұмсық келген Көкбай еді. Екіншісі – аласа бойлы, жалпақ бетті ақшұбар, қырма қара сақалды, сыпайы пішінді Көкше Әлпейім дейтін жігіт. Бұл екі адам Абайға таныс кісілер болса да, қазір Абай оларға таңдана қарады. Есіктен кірген қалыптарына көз тігіп, олар төрге жүріп кеп отырғанша, сол қадалған көзімен жағалай қарап, әлі де таңырқаумен болды. Бұны таң еткен себеп – ол екі адамның қазіргі үстіндегі киімдері.
Абайдың өз елінің қазақтары. Көкбай болса, бір кездерде Абайдың қасына жақын да жүрген жігіт еді. Қазір сол Көкбай құндыз ұстатқан көк мәуітімен тыстаған ноғайша құмыра бөрік киіп апты. Ноғай тігіншіге тіктірген иығы тік бешпеті көрінеді. Оның сыртынан кигені құла түсті қала молдаларының жұқа шапаны. Аяғында және де қалаша тігілген кебіс-мәсі. Бұның қасындағы аласа бойлы, төртбақ келген Әлпейім де осылайша "сызылып, шелтиіп" дегендей қалаша киінген. Бұлардың біреуі қазір бас мешіттің халфесі –Көкбай халфе атанады. Екіншісі – сол мешіт жанындағы медресеге соңғы жылдарда келіп жатып, оқып жүрген үлкен шәкірт, сақалды шәкірт. Оқуға кешігіп қалдым десе де, оны болмай қалаға жетектеп әкеп, Көкшенің осындай тағы бір топ жастарымен қатар медресеге оқуға кіргізген Көкбай.
Жасы қырыққа тақап қалған Көкбай бұрын бір кезде ақын, әнші Көкбай болушы еді. Қазір "молда Көкбай, халфе Көкбай" деген атына өңі, реңі де мүлде үйлесіп алыпты.
Абаймен амандасу үстінде Көкбай "хайыр дұғаңызда, аллаға шүкір" деген сияқты сөздер айтып амандасқан. Бұның мынадай сары аяз, сақылдаған қыс күндерінде елтірі ішік, бояулы тон, күпі, қаптал шапан, саптаманы тастағаны қызық. Қаланың, әсіресе мешіттегі намаздың киіміне ауысып алған. Абай бұл жайды өзгеше түсінді. "Көкбай мүлде іші-тысымен-ақ құдай жолына кеткенсіп алған екен" – деп ойлады.
Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:
– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.
– Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім "не дер екен" дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды.
– Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: "Фихқаны көп оқыған ақылды болады, нахуды көп оқыған ақымақ болады" деген! –деп, осы сөздерді Абай арабша да судыратып айтып шықты. Күле түсіп:
– Сөйтіп, жаңағыны айтқан мен емес, оқып жүрген арабыңның өзінің ғұламалары! – деп біраз отырды да:
– Әлпейім-ай, әкең Мұқыр – Тақырдың бойына ең алғаш егін еккен, ақыл тапқан қазақ еді. Саған да қызығы сол еліңе барып, еңбек сауған ғой. Көкшенің сен сияқты бір топ жасын осы бер жақ, ар жақтың мешіт, медресесіне шұбыртып жүрген мынау Көкбай ғой! Бұған ере беріп те қайтесіңдер. Жеке-дара бір жақсылықты осының өзіне ғана тұтасымен қиып берсеңдер етті! – деді. Бір заманда өзіне жас жолдас еткен Көкбайдан қазір түңіліп қалған көңіл танытты.
Көкбай әдеттегі ауызбаққыш, қабақ танығыш қалпымен Абайдың жаңағы сөзін көтерген кісі болды. Шыдаған болып, сыр білдірмей, үндемей тыңдады. Ішінен ойлағаны: "бірдеме десем ғой, тағы бір кетпес таңбадай өткір сөз, ащы мысқылын атып жібереді. Одан да осы Абай пәлесінен бұл тұста үндемей құтылайын!" – деп отыр.
Енді біразда, Абаймен бірге шай ішіп болған соң Көкбай осында келген шаруасының жайын сездірді. Қалаға Абайды әкелгізген істің жөнін жақсы білетін кісі Көкбай боп шықты. Оның Абайға келісі – әр-берден соң анықталуына қараса, өз бетімен келген келіс емес. Әдейі Абаймен елдес болғандықтан, айта берсе, бұрын жолдас саналғандықтан алдын ала сөйлесуге жұмсаған топтар бар екен. Сол жайыт да аңғарыла бастады.
Өзін қалада тосушылар кімдер екенін Абай Көкбайдан енді ұғынуға айналды. Бұны ар жақ пен бер жақтың Көкбай тілінше айтқанда ноғай, қазақ "зиялылары" тосады екен. Олары кім десеңіз – ар жақтағы белгілі үлкен мешіттердің имамдары Ғабдұлжапар, Ғабдыразақ, Хисами, Жәмелиддин және сарт мешітінің имамы Мирқұрбан ахон топтары бар екен. Сол қатарда бер жақтың бас мешіті мен төменгі мешітінің имамдары тағы бар. Олар қазақтан болған имам Мәліқаждар қари, Әшімқожа және хазірет Ахметжан. Басқа да қазақтан шыққан көп халфелер, қарилер, дін ұстаздары Абайды керек етеді.
Абай бұлар жайын естігенде, өзінің дағдылы шапшаң айтқыштығы бойынша, Көкбай сөзінің аяғын күтпестен асығыс бір әзіл айтып қалды.
– Е, немене, бұл бар молда-қожаң жиылып, мені Мекеге жібергелі жатырсыңдар ма? Әлде "басы намазға тиген жоқ еді, құдай жолына салайық, сауап алайық" деп жүрсіңдер ме? – деді.
Әлпейім күліп жіберді.
Көкбай Абайдың бұл сөзін де басынан асырып, естімеген тәрізденіп былай қойды.
– Абай аға, және тыңдай түсіңіз! Сол қауым сізден мәслихат сұрайды, өтінеді! – деді де, сөзінің ар жағын тағы айта жөнелді.
– Бұл адамдар бір сәрі. Енді осы кісілермен сөз қосып, сізді тағы тосып отырған ар жақ, бер жақ жамағаты және бар. Олар ар жақтағы ноғайдың белгілі мәшһүр байлары, үй, дәулет иелері, зор магазин қожалары, мысалы, Уәли бай, Садық, Ысқақ байлар, Икрам байбатша, Шернияздай мырзалар. Соларға қоса ар жақ, бер жақтың қазақ байлары да бірге ниет, ынтымақ қосып отыр. Бұлар, мәселен, Сейсеке, Қасен, Жақып байлар, Білеубай қажы. Кейін байыған, қазір өзіңізге белгілі Қытайдан бастап Ірбіт шаба бастаған Бақия қажы, Балажан, Тұрбек байлар да бар. Бұл адамдар да жаңағы айтқан ғұлама, хазіреттерге сөз қосып жүр! – деген.
Осымен қатар ол Абайдың жүзіне барлай қараудан жаңылған жоқ. Іші біліп отыр, Абай бұның санап жатқан бай дегендерін көбінше кісі көрмей, жек көретін. Бірақ айту қажет болғандықтан, Көкбай Абайдың бет тыжыртып, мойын бұра бергеніне қарамастан, жаңағы қазақ байларын да түгел санап шықты. Осылардың артынан Абайға "оларға көнбесең, бұларым бар" дегендей ғып енді бір топ адамды тағы санады.
Жаңағы көпке, топқа ортақ Көкбай айтқалы отырған жайға мынау аталатын адамдардың да ниет, тілеуі біртұтас екенін ескертті. Сөйтіп барып, енді Абайды жаңағы топқа еріксіз жақындататын кісілер деп ойлап, бір топ қаратаяқты, орысша оқығандарды атады. Бұлардың бір-екеуі ар жақтан үй салып алған, орта жасқа кеп қалған көп қазаққа мәлім, үлкен тілмаштар. Тағы басқа бір тобы "Петербург, Москвада оқыды" деген немесе "оқып жүр" деген, Көкбай айтуынша, қазақтың анық зиялылары екен. Оларды айтқанда "қырда, елде әлдекімдердің баласы емес, кейбірі хан, төре тұқымы", "атақты аталы ауылдардың балалары", "Сүйіндіктің қалың шоғырынан шыққан", "Қаракесектің тұрғы-тұрғы жерінен келген", "тоқал Арғынның білікті атасы", "Найманның мықты аулының адамы" деп сөйлейді. Баяғы хан, сұлтанды мақтағыш, мадақтағыш Көкбай дәл қалпына түсіп отыр.
Абай "аттарын айт!" деп бұйырған соң, Көкбай Семей қаласында тұрған немесе аз уақытқа осында соғып, мына сөздің байлауын тосып жүрген кісілерді атады. Олардың басына "Жабайқанов Әзімқан" деп төре тұқымды үлкен бір чиновникті бөліп қойды. Петербургте "адвокаттық оқуда жүрген Сақпаев Сақып" деді. "Мал докторы болғалы жүрген Баспақов Бәшір", тағы бір "үлкен төре Нұржанов Қыдыр", деп санады. Солардың қатарында Абай жақсы білетін, бұл күнде шенді, чиновник болған Сармановты, Самалбекті, Даниярды айтты.
Бір шеті имам, бір шеті орысша оқыған патша кеңсесінің төре, чиновнигі болған қазақтардың тілектері қалай қосылғанын білу Абайға қызық көрінді. Көкбай сол жайды әзірше ұзаққа таратпаса да, анықтап аңғартып берді. Абай мен жаңағы қалың топ адамдар өздері ауызша сөйлеспек екен. Көкбай бұның беті мен ниетін ғана танып алып, бер жақтың екі имамына – Әшімқожа мен Ахметжан хазіретке айтып бармақ. Сонымен, Көкбай Абайдың жаңағы топқа тілек қосуын күтеді.
Ал бар жиынның сондағы тілегі мен арманы не? Онысы – мүфтиге қарау. Осы қала мұсылмандарына, қала берсе Семей облысы және тіпті бар қазақ халқына ортақ қажет болған сол жай екен.
Әзіргі Абайдың Көкбайдан білгені Россияның бар мұсылманы болып, бір дін орталығын жасамақшы. Оны "мүфти" атандырмақ. Соған "ноғай, қазақ сияқты сонау Қазаннан, Уфадан, Орынбор, Тройцк, Омск, Қызылжардан бері қарай бар мұсылман өзінің дін ұстазы деп бағынбақ керек". Ішкі ниеттерін айтысса, "Русияның отыз миллион мұсылманы дін-қарындас боп біріне-бірі жақындай түседі!" – дейді. Және "халифа сұлтан жұртында дәурен шегіп отырған, исі мұсылман ғаламының Ыстамполдағы дін орталығы – Шайхұлісләм бар. Соған бұндағы дін-мұсылман қауымын қабыстырмақ. Осы жөнде сөз бастаушы – биыл Русиядан Мәккә-Мәдине сапарына хаж қылуға барып қайтқан бір топ ноғай, қазақ уа басқа уәлаяттар қажылары болыпты".
Семейден сол ынтымақ сөзде Ғабдыразақ қажы, Икрам бай, қазақтан Ахметжан хазірет және қазақ байынан Бақия қажы болыпты. Осылар бұ жақтағы мұсылман халқы атынан уәде беріп қайтыпты. "Біз Русияда өзіміздің дін ұстазымыз мүфти болуын мақсат етеміз. Соған ақ патша барша мұсылман сүйген ғұламамызды сайлап қоюымызға рұқсат етсе!" – деп сұрамақ бопты.
Ал Русияның патшасы, естуімізше, сол "мүфтиді сайлаймыз", "соған қараймыз" деген мұсылман дініндегі халықтардың бәрі өздерінің приговорларын, ғарызнамаларын жиып түсірсін депті. Міне, ниет осы! Дін мұсылман бір сәуле көретін жол. "Осыған қазақтың игі жақсысы боп сөз қоссын, көмек етсін! Мына қала мен қырдың халқынан бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығаратын етіп, өз өсиеттерін айтып, приговорлар жиып берсін" депті. Халық алдында атағы, абыройы үлкен адам болғандықтан, Абайдан осы жөнде үлкен үміт күтіп, көмек тілеседі екен.
Көкбай осы жайдың бәрін Абайдың қадала қарап, ойлана тыңдап қалған жүзін аңдай отырып, түгел баяндап шықты. Бірақ ол өзі күткен жауабын Абайдан бұл отырыста ести алмады. Абай Көкбай сөзін бітірген соң оған түк жауап айтпастан, Баймағамбетке "ат жек!" – деді де, тұрып киіне бастады.
Жегілген шанаға Баймағамбеттің қасына Абай отырғалы тақап келгенше, Көкбай мен Әлпейім соңынан қалған жоқ. Үйден үндемей асығып шыққанымен, Абай бір жауап айтып кетер деп ілесе келген еді. Шанаға отырған соң, әлі өзіне қадала қарап тұрған Көкбайды аңдады да, Абай Баймағамбетке "божыны ірке тұр!" деп белгі етті. Сонымен, Көкбайға бұрылып, азғана сөз қатты.
– Менен қазір жауап күтіп тұрсың ғой. Мен бірнеше адамнан анықтап қанып алмай, бұл жайдан жауап айтпайын деп отырмын. Сенің жаңағы айтқандарыңның бәріне дәл өз басымда әзір жауап болса да, соны өзгелермен ойласып, ақылмен байласып отырып айтамын. Менің сөзімді білгісі келген мешіт имамдарына үш күнсіз жауап айтпаймын! – деді.
Көкбайдың қалған жауабын тыңдамай, сұрамай да, Баймағамбетке белгі етті. Ақтабан қоңыр ат жіті жүріп, көше бойлап желіп кетті.
Бұл күндерде Көкбай тәрізденіп, бер жақтың бас жатағын, орта тұсын, аяқ жатағын, қайық аузын және Слободкаға жақын отырған қалың ауылдар арасын қыдырып, аралап жүрген адамдар көп болатын. Қазақ халқы білетін Самұрат мәзін, соқыр қари, Шәрібжан халфеден басқа, бұл күнде екі мешіттің имамдарына тетелес келе жатқан үлкен халфе Зәкен, Ғабдышүкір дейтін үлкен молдалар бар. Осының бәрі де намазға келетін азын-аулақ, кәрі-құртаң махалла халқын өсиеттеуді аз көрген. Бұлар енді жұрттың топтап жиылған жерлеріне жүре бастапты.
Сонымен, ар жақта Затонды, тоншы, пимашы, былғары заводының жұмысшыларын аралаған. Бер жақта көбі қасапта жұмыс істеп, забойда жүрген қаланың көп кедей жас, кәрісін, әйел-еркегін жинап алып, өсиет сөйлейді. "Мүфтиге қарап дін мұсылман баласы бірлесу қажет" дейді. "Халифа сұлтан" деп, "Шайхұлісләм" – деп тілек айтып, үн қосуын тілейді.
Затонда Сейітпен, Сәменмен әр жайды бірге кеңесіп жүретін қара темір ұстасы Савелий және мастер Марков бұлардан осы жаңа сөздің күнде шығып жүргенін естіген. Олар өз бетімен Сейітке сөйлескенде: "Орыстың попынан біз, орыс кедейлері жақсылық күтпейміз. Олардың біздей ұсталар мен грузчиктерге әзірлеп жүргені тек тозақ қана. Сендер молдадан, мешіттен де көп жақсылық тауып, ұжмақ алар ма екенсің? Бұны Павловпен анықтап ақылдасқаның дұрыс болады, біз оған хабар айтайық. Сен екеуің бұндағы қазақ жұмысшыларына сөзді анықтап айтыңдар. Көпшілік, бұқара халық былай ойлаймыз деп, байлау сөзді көпке таратып айту керек!" – деген.
Сонымен, неше алуан жұмыскер жұртқа достық ақылы әзір Павлов соңғы күндер әр топ жұмысшы, еңбекші, бұқара жұрт арасында болатын.
Абай оны дәл бұл жолы оңайлықпен таба алмады. Тек кешке жақын ғана үйіне қайтар кезін аңдып, пәтерінен тосып алып, оңаша әңгімелесуге Құмаштың үйіне алып келген.
Бүгін түндегі Павлов пен Абай әңгімесі екі жақты көп жаңалық, тың дүниенің шетін ашты. Анығында бұл екі дос осы шаққа дейін өзге талай жайдан сөйлескен болса да, дін жайын ауызға алып, кеңес етіп көріскен емес еді.
Павлов Абайдың бір кезде: "құдайға иланатын мұсылманмын" деп анықтап айтқан сөзін естігелі дін жайын сөйлеуден сақтанатын. Бүгін болса, Абай өзінің жауабын тосқан топтардың бірде-біріне байлау сөз айтпай тұрып, Павловпен ақылға салып отыр. Бұл, әрине, Павловтың да шешіле сөйлеуін керек етеді. Және де Павловтың өзі де орыс патшалығы мен православный шіркеу ұстаздары қазақ, татар сияқты елдерге қандай өрескел істер істейтінін жақсы біледі. Оған және Павловтың өзі де, дос тобы да өзгеше қарсы екенін Абайға білдіру керек.
Сонымен, Павлов ең әуелі патшалық ісін сынады.
– Имамдар, байлар қаланың кедейлерін, қырдың қараңғы халқын алдайды, адастырады. Оларға көзге шұқып тұрып көрсетіп, нені айтады? Мынау почтаның қасында, каланчаның жанында тұрған ақ шіркеуді көрсетеді. Онда кім бар, не бар? Бұл шіркеуді "миссия" деп атайды. Оны өзіңіз де білесіз. Ал осы миссияда кім тұрады? Үлкен дінбасылары тұрады. Анау Омскідегі генерал-губернатор дәрежесіндей Ақмола, Семей екі облысының дінбасысы епископ тұрады. Ол епископ Андриан осы қазағы көп Слободка қаласына әдейі кеп орнаған. Неге? "Қазақтың, татардың халқын шоқындырамын", "ислам дінінен христиан дініне ауыстырамын" деп келіп отыр! – деді. Осы жөнде Павлов Абай білмейтін миссия ішіндегі көп сыр мен жайларды айтты.
Ақ шіркеудің жанында школ да бар екен. Өзінше жетімдер тұратын үй-жайлары да бар. Соған осы қалада панасыз жүрген жас жетім балаларды алады. Бұл күнде отыздан аса қазақ, ноғай балаларын шоқындырып, оқытып тәрбиелеп жүр! – дейді.
Жақында буған бер жақтағы почта конторының ұсақ чиновнигі Ивашкин айтқан бір баланың жайын Абайға мәлім етті.
Семейтау болысындағы Знаменко қаласына почта жөнімен Ивашкин барып қайтып келе жатса, жолда қазақтың бір жыртық киімді сегіз-тоғыз жасар кішкентай баласы жылап тұрады. Сұрастырса, жақындары қуып жіберген, әке-шешесі өлген, жетім бала Мекеш екен. "Осы жақта қала бар, онда қайыр сұрап, тамақ ішуге, өлмеуге болады" деп келе жатады. Ивашкин сол баланы алып келіп, миссияның интернатына береді. Ол Ақбота болысынан келе жатқан бала болатын. Соны Ивашкин айтады: "Жақында білсем, жаңағы балаға Бутин деп фамилия беріпті. Мекеш деген атын жоғалтып, Михаил, Мишка деп ат қойыпты. Өзін орысша киіндіріп, тек қана орысша сөйлетеді екен. Түк білмейтін сегіз жасар баланы қазір епископ Андриан шоқындырып: "Сен енді орыс боласың!" деп тәрбиелеп жүр дейді.
– Бала сондай зейінді, сонша ұғымтал екен, мен де көрдім. Екі көзі қап-қара бадырайған, танауы таңқиған, сүйкімді бала. Ол қазір бір нәрсе айтпақ болса, өзі білген азғана орыс тілімен ғана сөйлейді. Бар білгені, қазақты ұрсады. Қазақтың молдаларын орысша боқтайды! – деп, осы жайды Абайға әдейі ұзақтап айтып келіп, Павлов: – Орыстың попы да жаман, мұсылмандардың имам, молдалары да жаман! – деді.
– Бұлардың екеуінен де халыққа жақсылық жоқ. Олар және халықтарды бір-біріне тек дін жағынан қарап, арыз етіп, жау етуді ойлайды! – деген. Және өзінің осыған қарсы нанымы мүддесі бойынша Павлов өмірінде бірінші рет жасырын бір газеттің аз ғана жерін Абайға әдейілеп оқып берді. Бұл газет өте құпия түрде революцияшыл жұмысшы көпшілігіне жасырын таратылады. Ендігі нәсілді бастайтын, Россиядағы ең мықты топтың отты сөзі бар тілі екен.
Бірінші декабрь күні шыққан "мың тоғыз жүзінші" жыл деп белгі қойылған, өзгеше газет сөзі еді. Газетті қолына қымқыра бүктеп, тыға отырып, бір-ақ жерін ғана Павлов Абайға орысшалап оқып берді.
– Міне, байқайсыз ба... Осында саналы жұмысшының бәрі халықтарды халықтарға жау етіп қарсы қойған қаскөйлікпен алысу қажет дейді. Білдіңіз бе, сөйтіп орыс халқының анық, әділ, дұрыс күштері патшаны да, орыстың шіркеуін де айыпкер деп санайды. Ойлансаңыз, осы туралы ойланыңыз. Қазақтың, татардың молдасы емес, байы, болыстары, қажылары емес, Сейіттей бейнетқорлары және сіздей сол бейнетқор халық қамқоры қалай ойлау керек? – деп, ендігі жайды Павлов Абайдың өзінің шешуіне берген.
Абай соның орайына Павловқа ислам өсиетшілерінің толып жатқан масқаралық, қараңғы надандығын айтты. Олардың ойы түгелімен сонау Стамбұлға, халифа жұртына, Абдұлхамит сұлтанға табынған ой екенін танытты.
Сондағы Шайхұлісләм өсиеті мен мұндағы соқыр қарилердің ниеті, имамы, арманы бір екенін аңдатты.
Осы орайда Павлов та көп нәрсені таныған екен. Ол енді Абайға қазіргі Турция туралы көп қызық, соны әңгімелер айтты.
Абдұлхамиттің гаремінде мың каниздің барын, Турцияның өзгеше қараңғы, надан патшалық екенін аса көп дәлелдермен ашып айтып берді.
Алғашқы күнгі Абай мен Павлов кеңесі бұл екеуінің ойлары үлкен аңғарда бір арада табысқанын танытты. Абайша айтқанда: "бір сағаға құйғанын" әбден анық байқатты.
Екеуі тағы да кеңесіп тұрмақ болысты. Ал Павлов қазақ пен ноғай жұмысшыларына приговорға қол қоймас бұрын Абайдың өсиетін естіп алуды тапсыратын болды.
Абай ертең қаланың қалың көпшілігімен жалғаса бастайды. Екінші жағынан өзінің енді анық бекіп алған байлауы бойынша қаланың имам, хазіреттерімен айқасып көрмек болды.
Арада үш күн өткенде, Абайға келіп-кетуші жұрттың саны ұлан-ғайыр болды. Ойда жоқтан, талай жақтан сан кісілер Құмаштың үйіне шұбыра берді. Абай бұлардың ішінен көпке беделі өтетін кісілерді өз қасына көбірек ұстайды. Өзінің қысқа ғана, бірақ алуан ақыл сөзін айтып жатты. Сол ретте басжатақ пен ортажатақтың еңбек еткен көбінен келген екі кісі болып еді. Абай көпке жетер сөзін соларға анықтап, ұғындырып айтты. Бұл келгендер, Абайдың ескі көз таныс татуы – қайықшы Сейіл мен қала көпшілігіне аты мәлім, сөзі дәрі Бектоғай Ботабаев дейтін Ақботаның қазағы. Өзі көп ел ішіне кірме, аз үй Қыпшақтан шыққан. Бірақ ойға, сөзге жүйрік, орта ғана күйі бар қала адамы.
Ат пен той, қалың базар, жақын жәрмеңке, оқыс бір апат, қат-қабат әбігер кездер болса, кейбір ашаршылық жылда қаланың көп кедейі осы Бектоғаймен, Сейілмен ең алдымен ақылдасатын. Абайды бұлар өздері тосып жүрген-ді. Соның үстіне Павловпен бірнеше кездесіп, әр жайды ойласып болған соң, Абай екеуін өздігінен де шақыртып еді. Осыларға айтқан сөзін Абай кейін келіп-кетіп жүрген әр топтың адамына да қайталап, қадағалап айта түскен.
Бектоғайларға білдіргені:
– Қаланың халқы, кім айтса да, бұл приговорды жасамасын да, қол қойып ырзалық білдірмесін! Біз мүфтиді тілемейміз! – десін. Себебі қазақ ата-бабасынан бері соншалық құдайшыл боп, діншіл боп өскен халық емес.
Ескіден келе жатқан, ақ-қараны өзінен таныған түсінігі бар халық. Өзінің жолы, заңы, әдет-ғұрпы бар ел. Енді соның бәрін тастап, "шариғат бабымен жаңадан өмір құрам" деп көксейтін, қызығатын дүниесі жоқ. Өйткені халықты көгертетін шариғат емес, өнер мен білім. Ал өнер, білім шариғат жолында емес. Ол өнерлі елден үлгі алудың жолында. Өзге төрт тарапың келісіп, енді тек мүфтиге қарауың қалып па?! Одан да өнерінен пайда тиетін елдің жақсылығын алып, пайдасын көрейік. Ал дін-қарындас боп қосыламын деген ұран біздің көкейімізге қонбайды. Халық болып айтсақ, көңілімізге жақпайды. Себебі ол өнерден, білімнен қашықтатпаса, жақындатар жол емес! Мүфти бізге қол емес, осы жүрген молдалардың өзі жетеді! – деп, ақыл байлау жасаған.
Көпке сөзі мол тарайтын Бектоғай осы жайды ұғынумен бірге, Абайға кейін оңаша кеште тағы келіп еді. Ол "білген үстіне білсем, ұққан үстіне ұға түссем" дейтін, көзі қарақты, құлағы түріңкі адам. Соңғы бір кеште ол келгенде, Павлов тағы да Абайдың қасында оңаша кеңесте отырған-ды. Абай Бектоғайды өздерінің қасына алды. Павловпен анда-санда орысшаласып, ақылдасып отырып, табақ қағаздың үлкен бетіне кесек жазумен бес-алты беттік ақыл сөз, байлау сөздер жазып берген.
Шайдан соң Құмаштың үйінен Бектоғайды жөнелтер жерде жаңағы қағазды бүктеп беріп, Абайдың ескерткені бар-ды.
– Бектоғай, мынау қағазды сен өзің ғана оқы да, өзгенің көзіне көрсетпе! Жұртқа ақыл айтудан бұрын өзің осыны қайта-қайта оқып, ұғынып ал. Содан кейін "құдай берген тілің бар" ғой, өзіңнің икеміңе ал да, "өз ақылың", "менің ақылым" қып айта бер! – деген.
Бектоғай жирен мұрт, жұқа ернін керілте күліп, аппақ кесек тістерін ақсита тұрып, Абайды құптап, бас изеген.
– Абай мырза, басыңа жи, аузыңмен айт, өзіңдікі қып айт дедің ғой! Оның құп-ақ. Жаман би жанына жияды деп, кекету айтқан қазақтың да қағидасы бар еді. Қара заңы бар-ды. Әй, бірақ, соның бәрін айтсақ та, мен құлақпен ұққаннан гөрі, сіздің қасыңыздан әрдайым қалтама салып әкететін олжамды артық көретұғым! – деп қулана күлді.
Ол айтып тұрғаны ақша-пұл емес, Абайдың бұл білмейтін тыңнан жазылған өлеңдері. Соны әр кезде Абайдың қасында отырып, көшіріп алады, не біреудің көшіргенін сұрап алады да, жаттап, өзі айтатын ақыл сөзіне қосарлап жүретін.
Абай бұның осындай зеректік, ұқыптылығын, дос ниетін ойлай тұра сүйсіне қарады, ұғына күлді. Бектоғай жаңағы сөзіне жалғап, қазіргі қағаз туралы байлауын айтты.
– Сол айтқанымдай, осы қағаз да олқы қағаз болмай, тағы бір олжам болар деп тұрмын. Бірақ тапсырдыңыз ғой, ұқыпты болармын. Бөтен көзге көрсетпек түгіл, сүйкетпеспін де! – деп жүріп кеткен.
Сол Бектоғай мен Сейіл сияқты Абайға ар жақтың көп жұмысшы кедей-кепшігі атынан Сейіт, Сәмендер келіп, ақыл естіп кеткен. Қаланың ел кісілерімен байланысты тобынан Абайға әр істер жөнінде араласып жүретін Қали Ақбасов кеп сөйлесті. Бұл да Абай сөзін түгел құптамаса да, мүфтиге қарсылықты нық ұстады. Оның дәлелі: "Мүфтиге қараса бар дүниені шариғатпен жүргізу керек. Елдің өмірін мешіт билейді. Билігін қазылар жүргізеді. Қазақ қыз айттырса, күйеу күйеулетіп, келін түсірсе, әмеңгерлі-жесірлі жайға ұшыраса, енді оның бірін өз қағидасы емес, шариғат бұйрығымен жүргізетін болады!" – дегенді үлкен қарсылықпен айтты. Дәл осы жөнінің өзінен де ол: "Абайды ң бар ақылын алғанды мақұл деймін. Мүфтиге кірмейік!" – деп сөйлейтін.
Қаланың саудагер жағының көпшілігі болған Есберген, Төлепбек, Кәрібжан сияқтылар қызық мінезге ауысып жүр. Олар үлкен байларға өздерінің іш наразылығын өзге кезде көрсете алмайды. Өз үйінде оңашада жылап жүріп, әркімге шағым айтып жүріп, бетпе-бет келгенде күні түсіп отырған көктөбел үйлі байлардың қақпасының алдынан ықтайды. Бет қарай алмай бағына беретін. Қазір солар тобынан Абайға Есберген келіп кетіп еді. Ол талай жанға базарда, лавкаларда, керуен тосып, қала сыртына шыққан жүрістерде көп кездесті. Сонымен, жиырма-отыз өзіндей ұсақ алып-сатар, "шолақ қол" саудагерлер атаулының қоңырқай тоқал үйлеріне тараған байлау – "үлкен байларға ермеу" болды.
– Біздерге не керек?! Сейсеке мен молдекелер бір жердей шығып жатса, олардың дастарқаны бір. Жайылатын өрісі ортақ. Есіктерінен сығалауға да батылымыз бармайтын біз, болыссақ көппен болысайық. Сол хазіреттің шақырғанына да, байдың бастағанына да тап осы жол ермей-ақ қояйық. "Имампос" емес қой. Натарсқа беріп, ақ вексельді сәдуәтельге өткізіп, үй-жайымызды хат-шотқа іліндірмес! –десе беретін.
Әрине, Есбергеннің бұл ақылы дарыған саудагер бар да, дарымағаны да бар. Онысы әp саудагердің әp үлкен байдан алатын ғинуардағы дағдылы несиесінің сомасына қарай бөлінді. Есбергендер қарқ болған жылы мың сомнан артық несие алып көрмесе, Қодыға, Қоңыртай сияқты ағаш шатырлы үй көтеруге жарап қалған, үлкен байға қадірі барлау азғантай топ саудагер де бар. Олар несиені үш мыңға, кейде тіпті бес мыңға жеткізіп те көтеріп алып жүреді. Бұндайлар Есбергенге тоқыраңдап ұрсып, айтқан ақылын алмай кетісті. Қысқасы, енді бір жұма орайында Семейдің ар жақ, бер жағы және толып жатқан жақын елдер, жатақ ауылдары мүфтиге қосылу туралы байлаулы сөзін айтатын кез жетіп еді.
Сол күн тақап келгенде осы істің басында жүрген, әнеугі Көкбай айтқан имам-хазірет, бай-мырзалар, оқыған қаратаяқ зиялылар қатты түршігіп, түңілетін күй туды. Приговорлар түспей қойды. Сан мыңдаған қазақ, ноғай үйлерінен "түсті" деген приговор жүздер ғана боп саналды. Осыған күйініп бүлінген сегіз-тоғыз мешіттің хазірет, халфелері қаланың бар халқына кісі жүргізді. Базарларды хабарлады. Сонымен, мүфтиге қарау жөнінде сөз байлау үшін мешіттерге халықты шақырып, арнаулы жиындар жасамақ болды.
Бірақ Семейдің хазіреттері мен байлары өздерінің масқара болғанын дәл осы мешіттер ішінде көрді. Қазақ халқы бірде-бір мешітке бармай қалды. Күндегі келіп жүрегін намазқой, діндәр кәрі-құртаңдар болмаса, қаланың "махалла халқы" дейтін кедей тобынан, көп саудагерінен, керуенінен де қазақ атаулы келмей қойды. Сонымен бірге "мүфтиге қарамаймыз", "осы жақсылығын хазіреттер қазақ жұртынан аулақ етсін!" – деген сөздер көп жақтан қатал соққыдай жете берген. Сөйтіп, енді міне, бүгінгі күні бар хазірет пен байлар үлкен бір байлаулы жиын жасамақ бопты.
"Анық халық атынан сөйлейтін кімдер екен, не дер екен". Соны естімек, айтысып көрмек болысады. Сөйтіп, бер жақта, үлкен залы бар бас мешіт медресесін белгілейді де, соған қала халқының әр тарапынан көп жұртты шақырады. Бұл жайдан алдымен хабарланған тағы да Павлов пен Бектоғай, Сейіл, Сейіттер болатын. Абай қазақ адамының бәріне жаңағы медресеге баруды бұйырды. Өзі және барған еді.
Медреседе бірнеше жүз кісі сыйып отырарлық "дәріс бөлмесіне" кілем, көрпе жайылған еді. Ac жоқ, сөздің жиыны. Үлкен ұзын бөлменің жерге төселген орын-жайларына халық көп сыйды. Төрдегі орынды ар жақтың мешіттерінен келген Ғабдұлжаппар, Ғабдыразақ хазіреттер мен Ысқақ бай, Садық бай дейтін байбатшалар алыпты. Бер жақтың қазақ байларынан Сейсеке, Білеубай қажы да сол төрде отыр. Әшімқожа мен Ахметжан хазіреттер және де сол қатарға жайғасыпты.
Бұл топтың екі жағын ала, ақ жаға салған, фрак, сюртук киген және біреулері оқалы жаға, сары ала түйме таққан қазақ чиновниктер тізіліпті. Қазақ, ноғай байларының кигендері өңшең мәуітімен тыстаған жасыл, көк қара ішіктер. Көбінің сүйетіні тамақ ішік болса керек, сол көбірек. Бірен-саран ғана жанат ішік киіпті. Хазіреттердің бастарында сәлделері.
Осы жиында "әһлі ісләм қауымына" арналған "ғұзыр" жайды қара сөзге шешен Ахметжан хазірет айтты. Ол жартылай кітапшылап, жарымын қазақша мақалдап, мәтелдей сөйлеп, ұғындырып беріп еді.
Абай бұл жиынның кеуде тұсында, Бектоғай, Есберген, Сейіт пен Сәмен тәрізді қала адамдарының ортасында отырған. Бұған тақау жерде Қали мен Серкелер бар екен. Олар келелі сөзді Абайдан күтіп отырғандарын күбірлесіп, айтыса отыр.
Ахметжан хазіреттен соң ноғай байларынан Ысқақ сөйлеп, мүфтидің қажеттігін айтты. Сейсеке де қазақы қара сөзімен оқымаған адам екенін білдіре отырса да: "Тілеуіміз бір, ниетіміз қабыл болсын! Мүфтиге ден қояйық, қазақ баласы!" – деп сөйлеген.
Абай енді аңдаса, қазақ төрелерінен бұнда отырғандар Петербургте оқитын студент, болашақ адвокат Сақпаев бар екен. Нұржанов дейтін кесек денелі, салқын қалың қабақты, ұсақ шұбары бар, сырт ажары салмақты бір чиновник отыр.
Абайдың сырттан естуінше, бұл топтың ақылшысы, осы сөз жөнінде тағы басшысы боп жүрген қазақ төресі Әзімқан Жабайқанов еді. Оны сыртынан көптен естігенмен, Абай бұрын көрмеген болатын. Қазір Сарманов, Данияр, Самалбек сияқты өзі білетін тілмаштар мен жаңағы Нұржановтарды жағалай қарап шығып, Абай сол Әзімқанды іздеген.
Оны Бектоғай біледі екен, бұл арада Жабайқанов жоқ боп шықты. Сұрастыра келе білгені, ол кешелер Петербургке жүріп кетіпті. Бұл жердегі жұрттың приговорларын, арыздарын сонда тосып, сол жерде іске асыруды өзі тіленіп, мойнына міндет етіп алыпты дейді. Мұндағы қаратаяқтарға хазіреттер мен қала байларының, ел адамдарының сөзін түгел бір арнаға қосып, бір-ақ байлау жасатуға тапсырыпты. Және солай болады деп сеніпті де, өзі жүріп кетіпті. Абай оның бұнда болмағанына біраз өкініп қалды. Себебі дәл осы тұста сол төремен бір сынасып, кездесіп көрмек еді. Өйткені тоқсан жетінші жылғы санақтың тұсында оның істеген мінездері мен айтты деген сөздері Абайды ол адам туралы бір сыншылық ойға, қатаң байлауға бейімдетіп жүретін. Бүгін Әзімқан Абайдың алдынан тағы көлденең келіпті. Мүфтиге қазақты қаратпақ кісінің бірі сол бопты.
Жиын әуелі мүфтиге қараймыз деген, қаратпақ болған топтың сөзін түгел естіді. Оқыған қаратаяқ тобынан жаңағы Сақып Сақпаев та бар ынталы сөз, тілектестік айтып шықты.
Оның аузынан бұрын, шолтаңдаған екі қолы тынымсыз сербеңдеп турады екен. Алақанын бір жазып, бір жұмады. Біресе өзінің кең танауын, кесек мұрнын сол алақанымен қағып-қағып сөйлейді. Екі көзі тасырайған, алқымы іскен, жуан мұртты, түксиген қара сұр жігіт екен. Сөзінің бәрін екпіндеп бастап, жарым сөйлемге бармай ақырындатып өзі жұтып, шала естіртіп айтады. Аузы сөзге олақ болса да, алқыны, екпіні күшті тәрізденеді. Кенеулі ойы жоқ. Ылғи нұқып-нұқып, әр жайдың атын айғайлап атап, басын шалып өтеді. Өзі тегі мұсылманша оқып көрмеген болу керек. Мүфтиді "мүпти" деп атайды. Молдалардың кітапшылап сөйлейтін сөздерінің көбіне тілі келмейді. Онысын және елемейді де.
"Шайхұлісләмді" екі жерде аузына алайын деп, қалай айтатынын ұмытып, тілі келмей қалды. Сонысынан және қысылмастан "ш... ш..." деп тұрды да, "ну как это там!" деп алып, әлгі "бірдеңе ісләм" деп бір айтты, екінші бір орайы келгенде "жаңағы ісләм" деді.
Бұл топтар сөйлеп болған соң, жиын біраз тынып қалған кезде Абай сөйледі. Абайдың сөзі салғаннан "мүфтиге қазақ халқы қараудың қажеті жоқ" деген тура, жара сөйлеген кеңестен басталып еді.
– Ең әуелі ислам дінінің қауымы болмақ дейді. Дін-қарындас деп, Мысырдың арабынан, Үндістанның мұсылманынан, Стамбұлдың халифа сұлтанынан, Шайхұлісләмнан Россияда, Сибирьде жатқан қазаққа қарындас тауып бермек. Туысқан таппақ болысады. Ең алдымен осының өзі жалған. Әр халықтың қалың қауымын алсақ, күнделік тірлігінде сыбайлас көршісімен келісіп күн кешеді. Бізді халифаның мұсылманымен жақындатам деушілер ең алдымен қасымыздағы көршіміз орыс халқынан алыстатам дейтін болады. Айтпаса да ол айдан анық. Ал сол орыспен қайтіп сен алыс боласың, қазақ халқы? Жеке адам да, тұтас қауым халық та жанды тірлік етеді. Тірлік дегеніміз: мынау ішкен су, жеген тағам, киген киім, өмір сүрген үй, ортаң. Өзгені қойып, Семейдің қазағы, сені айтайын: мынау Ертіс, сенің өзенің емес, орыс халқының өзені. Ендеше, ең әуелі, Семей халқы, қазағы, сенің ішіп отырған суың – орыс халқының суы. Екінші, жеп отырған наның – өзің егін екпейтін, еңбек саумайтын елсің, орыс мұжығының өсіріп беріп, диірменіне тартып әкеп беріп отырған ұны. Одан қала берсе, киген киімің, кірген үйің, барша бұйымың мен жиының – бәрі-бәрі орыс халқының қаласынан, өнерінен келіп отырған дүниең!.. Сен осыдан алыстамақсың ба?! Алыстасаң, тырдай жалаңаш кетіп, бар да қарындас таба ғой! Екінші, біз қараңғыда жатқан, қалың тұман басқан, надандық тұманы басқан, соры басынан асқан қараңғы елміз. Бізге ең алдымен не керек? Білім жарығы керек. Өзіміз надан өтсек, ендігі нәсілімізді болса да тез оқытып, дүние танытып, көзін ашуымыз керек, асығуымыз керек бұл жолда! Сол жөнде де, бар жарығын ала білсең аямай беретін досымыз – орыстың өнері, орыстың үлгілі қауымы! Үшінші, мүфтиге қарамайтын себебіміз: әйеліміз, үй тірлігіміз тілемейді. Біздің әйел жынысымыз онсыз да сорлаған қауым. Ал мұсылманшылықтың анық орнап, шариғатымен түгел баурап алған елдерін ойлайықшы! Ондағы әйелдер жайы қазақтың қаралы әйелінен де қалың сорда, қараңғы көрде. Бүгінгі қазақ әйелінің басындағы базар малындай "ақ ноқтаның" өзі де жетерлік қаза. Енді апарып оған "шадыра мен шашуан", "перде мен пәрәнжі", "желек пен шапан" жауып, тағы да тұмшалай түсудің қажеті жоқ.
Қазақтың қара заңынан, ата-баба надандығынан алыса жүріп құтылу оңай. Ал "мүфтиге қарап, дін-қарындас іздейміз" деп қараңғы түнекке тағы апарып, өзі жабайы жұртты қамау, ол бұл күнде адасқандық. Аяп айтсам адасқандық, қадап айтсам қастық! Ермеңдер бұл сөзіне, қазақтың момын елі! Қалың жұртым, менің айтар сөзім осы- ақ! – деді.
Абай енді байқады, бұның арт жағында отырған қалың ел бар екен. Олар Сейіл, Сейіт сияқты қаптап келген жұпыны киімді, қоңыр пішінді, жаңағы Абайдың өзі атаған "қалың жұртының" қаз-қалпы екен. Олар дабырлап:
– Бәрекелде, осы сөз - сөз!
– Абайдың дегені рас. Керегі жоқ, осымен тұрамыз!..
– Халықтың ойын Абай айтты! – десіп дабырлап, ажарлана сөйлеп, көтеріліп қалды.
Бар молда, имам атаулы да, байлар да енді Абайға қарсы беттеп сөйлей алмай, ауыздары буылып отыр. Әсіресе, жаңағы халық ажарын көргелі олар сескеніп, тартынып қалған. Тек жаңағы Сақпаев Сақып қана оқығандар арасында тұшталаңдап, бірнеше сөздерді орысша айтып, енді Абайға қарсы басын қақшита көтеріп алып, сөз тастады.
– Сіз қалай?! Абай дейді, сізді ақын дейді, сіз қалай, білмейсіз бе? – дей беріп еді, Абай оған әуелі бір қатты зекіп, қолын қарсы сілтеді.
– Ең алдымен адасқанды сендердің өзің қойсаң етті! "Оқыған" дейді, "көзіқарақты" дейді. Сендердің осы жиында не ақыларың бар еді? Не қара басып қаңғып келіп жүрсіңдер?! – деп, қатты қатуланып, ұрыса сөйледі.
Анау осы кезде шоқшиып жүресінен отырып aп, тағы нұқыңдап, сөздерінің бас жағын айғайлап айта бастады.
– Діні жоқ ел болмайды! Жақсы елдің бәрінде дін бар! Діні бола тұрып өнерлі болады. Қараңыз, католиктерге, сіз айтқан орыстың да князьдары, дворяндары, ученыйлар, поэттері – бәрі де діні бар халықтар! –деді.
Абай: "Жә! Қаңғырлаған қоңыраудың іші қуыс екен ғой!" – деп алып, ентелей сөйледі.
– Діні бар, бірақ алдама жұртты. Олар өнерлі болғанда дінбасыларына бастатып өнерлі болған жоқ! Дінбасыларымен ашық ой, анық білім басшылары алысып, қарысып отырып өнерлі болған! Жақсылық шығады десе, сенің надан еліңнің ортасына әкелгенің осы ма?! Жаңа буынның зоры болар десем, соры болар сырларың бар ма еді, қазақтың қалтаңдаған чиновниктері, қаратаяқтары! Байқадым да, түңіліп отырмын мен сенен. Мынау түріңе қарағанда сен алдарсың, талай алдарсың әлі! Кімдерді алдап, кімдерді сатпас екенсіңдер! Аулақ болыңдар ендеше! Мынадай төрелерден сақ болыңдар, қазақтың халқы! – деп, Абай айналасына тағы қатты жар салды. Өкім айта, бұйыра сөйлегенде, жаңағы Абайды қостаған халық, енді Сақпаев қана емес, барлық басқа қаратаяқтың төрдегі азғана тобын түгелімен тапап кете жаздады.
– Жетті, болды! Доғарыңдар сөздеріңді!
– Абайдан басқа ақыл айтпасын бізге! Керегі жоқ сөздеріңнің! – деп, орнынан тұрып қожырап алған жұрт, сол ашулы айғайының үстінде тарай берді.
Абай өзінің әбден жеңген жайын аңдап, енді жаңағы Сақпаевты күлкі етті. Оның лаулап, балдырлап отырған қалпын сол тоқтатты да, айғайлап сөйледі.
– Сен адвокат, бұл имамдармен қайтіп дос боласың! Өзің керек десе "Шайхұлісләмді" дұрыс айта алмайсың. "Какой-то ислам" дейсің. Соның өзімен-ақ діннен шыққан жоқсың ба? Бұлар мені күпір, сені көпір десе рауа ғой! – деп, қатты күлді. Абай қасындағы Бектоғай, Сейіт, Қалилар да мәз болысты.
Бұл қыстың ойда жоқ, өзгеше бір жиыны Абай мен халықтың осылайша анықтап жеңіп шыққан жайымен тарап еді. Бірақ соның орайына, осы күні кешке Семейдің полицмейстері берген жасырын бұйрық бойынша Федор Иванович Павлов тағы да абақтыға алынды.
Абай үйінде осы күн түнде қатты тінту болды. Бес кісі жандармдар келіп, Құмаштың үйін астын үстіне шығарып, үш сағат тіміскіді. Іздегені әлдекімнен естіген бір еміс хабардың дерегі болатын. Полицмейстерге ол арызды екі-үш байдың қолын қойғызып, болашақ адвокат Сақпаев жазып түсірткен. Арызда қазақ халқын аздырушы – Абай деген. Оның үгітші ақылшысы – орыстың айдалған революционер! социалист Павлов. Сол екеуі бірлесіп байласқан, бірге жазған байлау қағаздары да бар деп көрсеткен.
Жандарм Павловты ұстаған жерде таба алмаған қағазын, қылмыстың жылы ізін суытпай, Абайдың қалтасынан суырып алмақ еді. Бірақ ол қағаз өзінің халық қамын ойлаған шынымен және ішіне бүккен сырымен Бектоғайда қалды. Мың жандармның қолына түспес мықты қоймасында қалған-ды.

ЖҰТТА



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет