3 Арқат бұл өңірдегі таулардың көбінен өзгеше. Көлемі шағын жалғыз тау болғанмен, бұның құз-қиялары, биік жартастары көп. Қыр арқасының серек тастары ерекше сұлу біткен, бірақ қиын тау. Осы Арқаттың ең биік тұсы оқшау біткен жылтыр құз текшедей бөлініп, аспанға шаншылып, қызық көрініс береді. Сол құздың биік басы мен төмені әдейі қырланған күймедей боп біткендіктен "Күйметас" деп аталатын.
Қазір Күйметастың шығыс жақ баурайындағы Қопа дейтін кең қонысқа тағы да көп үйлер тігілген. Бұнда қалың жиын жүріп жатыр. Қопа кең шалғынды, жылып аққан мол сулы, мөлдір бұлақты және тауға қараған төрінің көбі тал, терек, жасыл әсем жас тоғай. Бұнда да бүгін тігілген үйлер ауыл үй, жеке адамдар мекені емес. Сирек болатын бөгде топқа арналып тігілген үйлер. Үй саны мол, елу-алпыстан асады. Кей тұста сол үйлер үйіріліп топталып қонса, тағы бір тұста өлке бойының көгалы жіңішкелеу тартқан жерлерде екі қатардан ұзай созылып тігіліпті.
Ортадағы қалың топ ақ үйлерге жақын тастақ төбеде Көкен болысының осы жиынға келген үш-төрт кісісі өзара әңгімелесіп отыр. Бұлардың арасында Бостан, Құлжатай, Еңсебай бар. Ол үшеуі қазіргі алты-жеті кісілік топтың ортасында көбірек сөйлеп, көтеріңкі көңіл, ажар байқатады.
Сонау ұзақ ойран айғағы болған Тұщыкөл басындағы түнде Бостан қатты мертіккен екен. Оның қазір оң қолы шолақ боп біткен. Саусақтарының басы семе бастапты, қайратты батыр қолы сынып біткен қалпында, қысқара түсіпті. Бірақ қазіргі ажарында Бостан уайым еткен кісі тәрізді емес. Құлжатай да қаба қара сақалы, қалың мұрты аузын жауып тұрғанмен, сөйлесе, күлсе, маңдай тістерінің қатары түгел опырылып, жойылғанын байқатады.
Бүгінгі жиынға бұлардың келу мақсаты да өздері кешкен, өз бастарынан атқарған ауыртпалықтың, "бас шығымының" жоқшысы болу. Бұлардың бәрі де байлаулы бір сөзді асығып тосып отырысқан. Ол сөзге тиянақ байлау жасататын адам бар. Бүгінгі сөз сол адамның сөзі деседі. Қалай айтады, немен келеді?! Сол жайды өздерінің ойларына үлкен бір асу тәрізді сезінген Бостандар жаңағы "келеді" деген адамды асығып тосады. Жақын дөңнің басына шығып отырған отырыста да "сол керекті адам келе ме екен" деп көздей отырысқан.
Арада біраз мезгіл өтсе де, ол кісінің келісі бөгеліп тұр. Азғана топ ермек үшін әралуан жайдан қысқа қайырып, сөз қозғап отыр.
Бір уақыт Еңсебай өзінің құрдасы Құлжатайға қарап, оң қолын нұсқап, Күйметасты көрсетті.
– Құлжатай, сен "ермін, батылмын" дей бересің. Ал, анау Күйметастың басына шығар ма едің? Осыған жан баласы шықпапты дейді ғой. Жұрттан озып, жалғыз бір шығып көрсең не етер еді? – деп әзіл тастады.
Құлжатай бұған орай Еңсебайды қыжыртып кекете сөйледі.
– Мені Күйметасқа шығарып, тағы бір Боран атандырайын дейсің-ау, ә?! – деді.
Бостан мен Еңсебай Боран деген кісіні естіген жоқ екен. Бұлар қатарынан Құлжатайдан соны сұрады. Енді Құлжатай опырық аузын жымита күліп отырып, Күйметасқа қарай түсіп, тың бір әңгімені айтты.
– Тобықтыда өзгемен қатар өтірікші де елден ерек емес пе! Мамай деген руының адам айтпас өтіріктерді айтатын Боран деген кісісі болған. Сол айтыпты ғой: "Күйметастың басына таң сәріде жалғыз өзім бір шығып, дүниені болжайын дедім. Түу басына шығып алып, айналаға көз салсам, бұл әлемнің көрінбейтін жері жоқ екен. Сонау Семей қаласы тіпті аяғымның астында қалды", – дей бергенде, Құлжатайға қарап, қызыға тыңдап отырған жұрттың бәрі ду күле бастады. Құлжатай өзі де балғын, қалың иықтарын дірілдете түсіп, күле отырып, әңгімесін соза берді.
– Семей аяғымның астында қалып, барлап қарап тұрсам, қаладағы киізші Сейсеке бай таңертеңгі намазға дәрет алғалы жез құманын қолына алып, ауласының ішінде әжетханаға бара жатыр екен! – депті. Сөйтіп, Боран осы Арқаттан өздеріңе мәлім жүз елу шақырым жердегі Семейдің байын да көріп, қолындағы құманын да аңдаған. Ал кейін сол Боранды қалжақ етіп шығарған өлең де бар ғой! – деді де, бір ауыз қызық өлең айтып берді.
Басына Күйметастың Боран шыққан,
Қазақтан өтірікке оран шыққан.
Онан соң Күйметасқа жан шыққан жоқ,
Аспанда шаңқылдаған қыран шыққан! –
деген сөз бар деп еді.
Бостан мен Еңсебай Құлжатайдың әңгімесіне сүйсіне мәз бола күлісті. Еңсебай әлі де қалжақтап Құлжатайды қағытып отыр.
– Тобықтыда Боран шықса, "Қырықүйліден Құлжатай шыққан" деп біз де өлең шығарайық. Кейінгіге аңыз босын. Сен де бір осы бос жатқан күнде шығып қайтшы соның басына! – деп, жақсы көретін құрдасын сөйлеткісі келеді.
Құлжатай әңгімені басқаға бұрды.
– Құлжатайды Күйметасқа шығарып жетістіріп қайтесің. Оразбайдай Тобықтының содыр-сотқарын жеңдіріп-ақ жетістірсеңші. Бұл жолғы біздің шықсақ шығатын, көксесек көксейтін биігіміз сол емес пе? Ақылы жоқ, көксоққан-ау! – деп қойды.
Енді ғана алдыңғы жасыл белге қарай түсіп отырған Бостан өз тобына жаңа аңдаған жайынан дабыстап сөз қатты.
– Жігіттер! Анау бір топты байқаңдаршы! Со жақтан келеді деп еді! Осы біреу бес-алты кісі сол әлгі біздің сияздың тосып жатқан адамы емес пе! Мезетіне, қисынына қарағанда осы сол болу керек! Жүріңдер, анау орталық үйге баралық, солай бет алды ғой! – деп, орнынан тұра берді.
Бұлар беттеген қалың топ үлкен үйлер он шақты еді. Дәл осы үйлерде Семейдің оязы Маковецкий жатқан. Қасындағы үйлерде соған ере келген қыр болыстарын басқаратын екі крестьянский начальник жатыр. Бұнда және де Самалбек сияқты ояз тілмашы, кеңсе қызметкерлері, тағы да бес-алты стражниктер жататын. Одан арғы жоғары кеткен үйлерде Семей уезінің он бес-он алты болыстарының адамдары бар. Төмен қарай ылдилай тігілген үйлерде Тобықтының төрт болысынан келген адамдар жайғасқан. Жоғарыдағы үйлерде Бостан мен Еңсебайлардай Көкен болысының адамдары бар-ды. Жиын Семей оязының бар қазақ болыстарынан жиылған "шербешнай сияз" деп аталады. Арқаттағы "шербешнай" кейін өзінің көп байлауымен көп ел аузына мәлім болған. Маковецкий басқарған төтенше бір сияз. Дағды бойынша бұндай шербешнай сияздарда қаралатын істер көп болатын. Ал мынау сияз болса, олардан бөлек бір жайы бар. Бұл бір-ақ жөнге, бір ғана үлкен іске әдейі арналып құрылған. Бұнда қаралатын Тобықты мен Көкен елінің жер дауы. Соған байланысты осы өткен жылы көктемде болған шабуыл, үлкен жанжал жөні тексеріледі. Семейдің жандаралымен келісіп, Маковецкий Семей уезіне қараған он алты қазақ болысының бәрінің басын осы Арқатта қосып отыр.
Дау төрт болыс Тобықты мен бір болыс Көкен арасында болғанда, бұл екеуі бір жағы даугер, бір жағы жауапкер болып кездеседі. Ал арадағы байлау, билік сөзді кесетін қалған елдер. Және солардың ақылын, байлауын ескере отырып, ең соңғы әкімдік түйін жасайтын ояз болады.
Көлденең елдерден Ертістің төменгі жағындағы бес болыс Бәсентиін, Найман, Бура келген. Ертістің ар жағындағы қарағай ішіндегі қазақ болысы – Белағаштың адамдары бар. Содан басқа Ертістің қыр жағындағы Тобықтыдан өзге алты-жеті болысының елі жиылған. Әрине, "ел" дегенде, бұл араға ояздың, крестьян начальниктерінің жинап отырғандары әр болыстың патшалық заңы ретімен сайланған билері.
Бұлар ауылнай бас биден болғанда, әр болыстан он мен он бес шамасындай би болады. Он алты болыстан жиналғанда солардың ұзын саны екі жүз елуге тарта адам. Қазіргі көп үйлерді мекен етіп жатқан сол әр тараптан келген билердің екіден-үштен жайғасқан топтары. Сөйтіп, Тобықты мен Көкеннің дауына тергеу мен кесім айтатын жаңағы билер тобы.
Енді сияздың өзіне тартысқа келген жақтар мен жауапты адамдардан басқа барлық осы маңда жүрген адам атаулының бәріне мәлім бір жай бар. Онысы: қай жақтың тілеулес адамы көп, соны таңертеңнен кешке шейін жұрттың бәрі сөз қылып, санасумен болады. Бидің көбі Көкен жағында ма, Тобықты жағында ма? Осыны сарапқа салады. Кесік, байлау жақындай қоймағандықтан, әлгі жай ешкімге де анық мәлім емес. Жалпы сырттай ойласа, Тобықты зорлықшыл, соқтыққыш және ұрысы, барымтасы көп содыр ел. Оны ой мен қырдың бар елдері біледі де, Тобықтының бұзарларын, сойқандарын соншалық жиреніп жек көреді. Әсіресе, Көкен, Семейтаудай, Белағаш, тоғай бойындай еңбекші, егінші, қарекетшіл елдері қатты жиреніп жек көреді. Ол болыстардың момын халқының аузында Абайдың:
Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты! –
деген сөздері жиі айтыла жүреді. "Тобықтының жыртысын жыртамын" деушілерге қарсы әрдайым Тобықтының өз жақсысы айтқан "ұрып жығар" дәлелдей.
Бұл жағынан қараса Тобықтының тілеулестері аз. Көкеннің көмекшілері көбірек болу керек. Сол елдердің ыңғайымен билерді жікке бөліп байқағанда Тобықты жағында елу-алпыс би қалады да, өзге жүз жетпіс, жүз сексендей билер бір-ақ жаққа ауып кетуге болады. Бірақ солай етіп қоя ма?! Би дегендер, Абай айтқандай, "аттың сауырына, түйенің өркешіне" жантаятын, бір орында тұрмайтын жандар. Олардың және бір сыры бар. Қай болыста болса да, кем қойса да екі жуанның бәсекесі болады. Ендеше, әр болыста екі жақ, екі тарап билері жүреді. Солардың енді қайсысы қай тарапқа тартып кетерін білу тағы оңай емес.
Және осының бәрінің астарында билер үшін тартысып жатқан, өлердей жанталасқан сыпсың сөз өзгеше көп. Тергеу әлі басталған жоқ, бірақ Тобықтының Оразбайының қасына ере елу кісі келген. Одан басқа Әзімбай, Сәмен, Жанатай сияқты болыстардың қастарына оннан, жиырмадан келген анық сөзуар, пәле қуған, партия басы атқамінерлер. Солардың бәрі де осы үйлерге орналасқан. Барлық болыстардың билері мен олар жатқан үйлерінің маңында, іргесінде әрбір өткен түн сайын қараңғыны жамылып, қалың сөз тартыстар жүреді. Бұл тұста "ат майы", "түйенің өркеші" емес, кем қойғанда түйе аталса, түгімен жұтылатын. Ат ауызға алынса, басы бүтін кететін. Ақша, пұл "күйек асты" көп жол тауып жүріп жатқан. Бұның бәрінің атын, дәлін айтқанда "арын-сырын саудалап" келер таразыға, тайталасқа жанталасқан халді білдіреді.
Бағана Бостандар тосқан адам осы топтың ортасына келмек. Ол алдағы байлауға өзінің аса маңызды "кесек сөзін" айтатын куә адам. Оны куәға салып отырған зорлық көрген Көкен жағы. Соның куәлігін тыңдауға бұйырып, соған қарай өздерінің байлауын, бетін белгілегелі отырған көп болыстардың әлі беті ашылмаған көп билері. Бұлардың үстіне сол келетін куәның сөзін ояз Маковецкий мен екі крестьянский начальник керек етеді. Даугер Көкен болысының көп приговор берген қалың елі, қара бұқарасы болса, өздерінің әр арыз приговорының ішіне осы адамның атын жазыпты.
"Біздікі жөн бе, Оразбайдыкі жөн бе? Осының анығына айдан анық көзі жететін сол адам, соны куәға тартамыз!" – депті. "Себебі – ол адам Көкен мен Тобықтының жер дауының арғы-бергісін жер түбінен білетін адам!" – депті.
Жаңағы жөндердің бәрінің үстіне сол болашақ куә Тобықтының өзінен шыққан адам болып отыр. Бұнысы жапа көрген Көкен елінің мынау куәға не сенгенін көрсетеді немесе ел болып сынға салып, шынға тартқысы келген байлауын танытады. Тобықтыға да бұл кісінің куәлігі мойын бұруға келмейтін қысталаң жай. Жауласқан жауың куәны өзіңнен салса, оған қайтіп, не деп қарсы боласың. Бұл жөнде "осы куә куәлік айтпаса екен деп" айтуға ең әуелі Оразбайдың өзінің аузы бармайды. "Не дегенмен Тобықтының" намысын жібермейді. Біздің деген жерімізден шығады. "Өз елін жатқа жығып бермейді" деп бір ойлайды. Және де одан әрі сұмдық бір ойлары тағы бар. Егер Тобықтыны жағаласып тұрған жауына жығып берсе, онда Тобықтының тобынан өзін өзі жат қып шығарады. Оққа байлап бергені болады. Жә, бұл куә дәл осы күні осы соңғы жолға баса ма, жоқ па, оны да көреміз?! – деседі.
Сөйтіп, ол адам өзінің аузына қараған көп көздің сынына ғана емес, қадалып тұрған көп найзаның да ортасына түседі. Денесіне жара салғызбай, арына таңба бастырмай адал, аман өту шарт. Сондайлық қиын түйінге бүгінгі ықтиярсыз сапары алып келген куә қасындағы бес-алты кісі жолдасымен ең әуелі Самалбек тілмаштың үйіне кеп түсіп еді. Қалың көпті қазір дабырлатып: "келді, келді" дегізген, сол көпке өзін шын көп күттірген куә – Абай болатын.
Самалбек сүйегі қырғыз. Өз қалпында Семей қаласындағы бар қазақ тілмашы, ұсақ чиновнигі, жалпы "қаратаяқ" атанған тобының ішіндегі момын, түзу адам. Абай оны: "Отырған орны адамды бұзатын жер болса да, өзін өзі өз әлінше дұрыс алып жүреді", – деп бағалайтын. Әуелі соның үйіне түскен себебі, Абай өзін осы сиязға алғызып отырған әкімдердің не тілейтінін білмек. Тобықты мен Уақтың бұл жайында екі жақтап, үсті-үстіне келіп сөйлесетін кісілерін көруден Абай тартынып келді. Ең алдымен өзінің сөзі "кімге керек?", "неге керек?" және "қандай салмағы боларлық жай бар?", соларды аңдап алмай, алысып жатқан екі жақтың бірде-бір кісісін көру бұған керек емес, жол емес тәрізденген.
Самалбек жаратылысындағы сараң сөзді, тартымды мінезі бойынша Абайға ашылып, көп нәрсе айтпады. Оның "жалғыз білгенім сол" деп айтқаны: "алысып жатқан екі жақ бірдей Абайдың куәлігін керек қып отыр. Ояз бен крестьянский начальниктер сол екі жақтың арызы бойынша Абайды тыңдау қажет десті. Бірақ олардың ішінде, арғы ниетінде қандай байлау бар екенін Самалбек білмейді. Оның айтуынша, Абай не қыларды өзі жақсы аңғаратын болар. Және сол өзіне лайық көрінген дағдылы жолымен куәлік айтқаны Абай басына лайық болар!" – дегендей кеңес тәрізді сөз айтып бітірді.
Куәлік бүгін тыңдалмақшы емес. Ол ертеңге қалып отыр. Түске жақын Самалбек үйінен Абай шыға бере ойлағанындай жан-жақтан қамап, жеке сөйлесуді тілек етуші кісілер қадам басқан сайын орала берді. Сонымен, бүгінгі жарым күнді және сол күннің кешін, жарым түніне шейінгі уақытын Абай көп кісілермен жеке-жеке сөйлесуге бөлген еді.
Тобықты мен Уақтың атқамінер жуандарынан бір-бір ғана кісімен сөйлескен. Солардан кейін Абайға өтініш айтушы көп адамдар, көктемдегі жанжалда қаза көрген, азап тартқан, тіпті содан кейін сорға қамалған жандар бар екен. Бұлардың бір алуаны – Бостан, Құлжатай, Еңсебай тәрізді Көкен жағынан сол шабуылда соққы көріп, кем-кетік боп қалған адамдары. Тобықтының да әр руы аттандырған жүз қаралы кісінің қазір онға жуық адамы сол Бостан тәрізді өздерінің бас уайымын шағып келді. Бұлардың арасында қабырғасы сынған, қолы сынған, бет-аузына ауыр жара түскен немесе көзі шыққан кем-кетіктер келген-ді. Солардан басқа, өздері жоқ болғандықтан, сол шабуылда тұтқын боп қайтпай қалған он үш адамның жалғыз кәрі шешесі, алжуға жеткен карт атасы, аш-арық боп қалған қатыны немесе жетімсіреп, күн көруден қалып, қайыршылыққа салынып бара жатқан жас балалары Абайға өз жайларын айта келген еді.
Бүгін түн жарымына шейін ас ішпей, жолдан кейін тыным алмай, бірде-бір үйге де кірмей, қараңғы далада көп үйлердің сыртында тапжылмай жалғыз отырып, Абайдың тыңдап шыққандары көктемдегі бүліктің әлегін шеккен жалшы-жақыбайдың жайлары болатын.
Келесі күні Абайдан бұрын тағы да куәлік айтатын бірер кісі өтті де, түске тақай берген шақта ояз бен қалың топ билердің жиыны Самалбек үйінен Абайды шақыртты.
Қазір ояздың сегіз қанат үйіне Абай беттегенде кешегі Бостандай сыртта жүрген барлық ел дөң басынан, алыс үйлерден, бұлақ басынан, тал тоғайдың арасынан андыздап шығып, қаптай бастады. Билер мен ояз отырған үлкен үйге Абай табалдырықтан аттап кіргенде, сол үйді әлденеше жүзден асқан қара халық еңсере қамап, басып кетті.
Абаймен ілесе ағылып кіре бастаған топтар да бар еді. Стражниктер, атшабарлар Абайға жалғаса кіріп жатқан топты тоқтата алмай қалды.
Енді біразда Абай үйдегі ұлықтар мен қазақтың әр тараптан келген, әр үлгілі киім киген әкімдерімен амандасып тұр еді. Бірақ осы кезде үйге тоқтаусыз ағыла кіріп жатқан жұрттың дабыры мен шуы амандық сөздерді де естіртпеді. Абай отырарлық орынды да қалдырмайтын тәрізді.
Екі жақ босағадан төрге қарай малдас құра сығылыса отырған, төстерінде знактары бар болыстар мен билер енді аңтарылып оязға қарады. Ояз қасындағы Самалбекпен, начальниктермен сәл жауаптасып, орнынан ұшып тұрып, бір байлау айтты. Самалбек онысын жұртқа жеткізгенде, ендігі жиынның отыратын жайы өзгеретін болды.
"Киіз үйге сыймайтын болғандықтан, қазіргі жиылыс далада болады. Барлық жұрт енді қайта шығу керек!" – деген. Ояз өзі қасындағы нөкерлерін ертіп, есікке қарай қозғалды. Осымен сияздың ендігі кеңесі тағы бір сағаттай бөгеліп қалды.
Ыстық күннің көлеңкесіз шақырайған өтіне шыдау да оңай емес. Сондықтан болыстар оязға өздерінің қошеметін көрсете түспек боп, жақын қонған бес-алты үйдің ортасына киіз, кілем жайғызды. Төбе жағын үлкен кенеппен керіп, көлеңке самал жасатты. Үйдегі үстел, орындықтарды да осында келтірген еді. Бұл алаң тағы да көп билерден әлденеше есе артық болған бөгде халықтың тобына лық толды. Отыруға сыйыса алмай, арт жағы түрегеп тұрысқан. Үй-үйдің арасына сығылысқан, кей үйлердің ішіне кіріп ап, есігінен қарасқан адам топтары сіресіп алды.
Абай куәлігі басталатын кезек жетті. Енді қалың жиынның ойы да, көзі де Абайдың өзіне төнгенін, тәуір үмітпен сенгенін Абай анық аңдап тұр.
Қазақ жолымен болатын талай жиындарда жас кезінен-ақ көп сөйлеп жүрген Абай бұл топтан да қорғанып тұрған жоқ. Бірақ өмірінде дәл осы жолы қатты қобалжып, қиналатын шақта тұрғандай. Сырттан, көлденең жұрттан, қалың топтан қысылып, қобалжыған күй емес. Әдетте куәлік оңай да, би болу қиын. Бұдан бұрынғы сан жиын бүгінгіден Абайға әлденеше есе ауыр болса керек еді. Онда бұл оң ба, теріс пе кесім айтып, қиын түйінді шешетін. Ақылмен, абырой, атақ барымен де жауапкер болатын. Бірақ сондай кезеңдердің өзінде де дәл қазіргідей Абай қысылған емес.
Өмірдің өрін едәуір жүріп келіп, Абай енді айналаға көз тастап, өткен мен кеткенге, бүгін мен болашаққа өз кеудесіндегі танығанын, шынын ашпақшы. Бұл жиынға айтатын ендігі сөзіне Абай басқаша, ерекше бір бекініспен келіп тұр. Өз ұғымынша, қазіргі Абай анау отырған, түксие қараған жалғыз көзді Оразбайдың алдында тұрған жоқ. Екі жүз елу знактары мойындарында салбыраған, ары да, адамшылығы да саудалы сан бидің де алдында тұрған жоқ. Керек десе, ендігі Абай сөзін хатқа түсіргелі отырған ұлықтардың да алдында тұрған жоқ. Абай өзін заманымен беттесіп тұрған адамша түсінеді. Бір есептен әке мен бала болып айтыспақшы. Тағы бір жөннен өзі әке болып, бала буынмен бет ашып, шынға жетіспекші.
Екі жайдың екеуіне де ардың ғана мегзегенін арқау етпекші. Не сөйлерін ойлап алмаса да, нені сезетінін аңдап алған еді. Өзіне кезек жеткенде Абай орнынан тұрып, қоңыр жүзі ақшыл тартып, басындағы тымағын алды. Екі қолын сол тымағымен қоса артына ұстап тұрып, сөйлеп кетті.
– Ағайын жұрт, бір дуан елді бір араға шоқтай жиған әлек сөздің жөніне мені куәға тартпақсыздар. Мен сол куәлікті айтқалы келдім. Кесік айтатын мен емес. Осында мансап иесі аса көп адам бас қосыпсыздар. Мансаппен адам қасиет таппайды. Адаммен мансап қасиет табады. Әділет жол тапсын, өpic алсын деймін. Қаншалық ащы болса да, әлдекімге ауыр тисе де, жұрт жарасын емдейтін дәрі сол – әділет қана. Ал дәрі ащы болса да дертті жазады. Осыны сіздер ойлар деп сенемін де, өзіме соны арқау етемін. Қолымнан келсе, ақыл-парасатым жетсе, өз кеудеме ақ көрінген әділетті айтқым келеді. Рас, бұл жөнде жеңілдік жоқ. Өйткені кейбір қыңыр көкіректер бар. Олар қаскөйлікпен, зорлықпен, арамдықтың есебінен басқаны ойлап көрген емес, барлап барған емес. Қазақ "инемен құдық қазу қиын" деген нақыл айтады ғой, мен айтсам, сол "инемен құдық қазу" кей көкіректен қаскөйлікті қуудан оңайырақ па деймін! Осы айтқан түйіндерім менің куәлігімнің тағы бір арқауы да тіректері! – деді.
Абай мынау жиынның бәрінің суырылған шешендік дейтін, өз әлінше ақыл-парасат дейтін жайларының бәрінен жоғары соғып, биіктеп шықты. Адамшылық ар таразысын атап, бөліп қойғандай болды.
Оны аңдаған кісі аз болғанмен, "Абай бір үлкен сөзді мегзеп тұр-ау!", "Абайлығын байқатып, биікке өрлеп барады-ау!" – деген жайды түсінген кісілер де бар сияқты.
Абайды ентелей тыңдаған өңшең жұпыны киімді Уақ, жатақ тобының арасында Дәрмен отыр еді. Айналада таңдай қағып, тамсана түсіп, анда-санда тілеулес дос-жар үн қатқан жандарды Дәрмен көп естіп отырды.
– Алда айналайын-ай!
– Аузыңнан айналдым, лебіңнен садаға, әмісе жолың болғай-ақ та!
– Әділетті сен айтпасаң кім айтар, тостым жолыңнан жақсылықты! – дескен сөздер жеткенде, Дәрмен өзі де Абайға көлденеңнен, бөгде кісінің көзімен тамашалай қарап қапты. Жазып жүрген қарасөзінде, өлең, өсиет, ақылында Абай қандай екенін Дәрмен аса жақсы білетін. Бірақ өмірде, шын тірлікте, күндегі қамау-қоршауында, көп Құнанбайлардың өсіп-өнген ортасында отыр.
"Шынайы ата намысы көлденең тұра қалса, осы Абай аттап өтер ме еді, жоқ па еді? Сол шақты бір көрсем-ау" деген ой Дәрменнің Абайға табынған дос көңілінің бір түкпірінде арылмай, айықпай жата беруші еді. Дәл қазіргі кезең Абайды сол Дәрмен ойлаған сын өткелдің "тар есік, тас босағасының" өзіне әкелді. "Қайтер екенсің, Абай аға!" – деп, Дәрмен өзгеше ентелеп, тына тыңдап қалды.
Әсіресе Абай қымтанып отырған билер жағынан тырс еткен үн, қыбыр еткен қимыл көрмесе де, өзінің сырт жағында тұрған иін тірескен қалың топтың ішінде таңдай қағып тұрғандар бар екенін аңдап тұр.
Жаңағы бастау сөзін бір буын бөліп тастап, енді бір кезде Абай осы жиын өзінен тілеген куәлікке ауысқанын айтты. Сол орайда Тобықтының Оразбайы ғана емес, әсіресе бұның аталас туыстары, ұраны бір ет жақындары қанын ішіне тартып, түршіге дем алатын бір сөздерге ауысты.
– Тобықтының Көкен елін осы көктемде шапқанын менен сұраудың қажеті жоқ. Оны жалған дейтін жан жоқ. Неге шапты? Көкен елі неліктен өзіне Тобықтының шабуылын жасатарлық қарсылыққа шықты? Осыған келейік! – деп алып, Абай енді бүгін емес, көп бұрын болған күйлерге ауысты.
– Мен Тобықтының ұлымын. Ешкімге сатылғам жоқ. Сондықтан да Тобықтының терісін айтам, тентегін, зорлығын, бұзықтығын айтам. Ол Тобықтының қалың елін қаралағаным емес, қайта жазығы жоқ көпшілігін ақтаймын деп соны айтам. Қалың момын, жазықсыз көпшілігін арамға апарып, итеріп жығып арандатқан аз Тобықтының азғындығын айтам. Көп елді аз арамнан, зорлықшылдан, сотқардан сол Көкеннің көп елінің көз алдында ақтап алам деп айтам. Кімді атаймын, "зорлықшы, сотқар, қиянаткер, бүлік басы Тобықтыны" атаймын. Әділет соны тілесе, атаңның да болса айыбын айт. Ең әуелгі айыпкер деп мен ең алдымен кешегі өткен өз әкем Құнанбайды атаймын! – деп, Абай қатты үнмен өте бір ауыр шындықты басып айтып қалғанда, өзінің бұл күнге шейін ауырлап тұрған демі жеңілейіп, тынысы кеңи бергендей болды. Бірақ соның орайына қарсы отырған Оразбайдан бастап айналада, әр жерде тобы жиын Тобықтылар "дүр" сілкінгендей болды.
"Астағыпыралла!" десіп, "алжыды", "азғын" деп те әр тұстан сусылдаған сыбыр байқалды. Абайды жазғырып жатқан үндер мен күйлер білінді.
Осыдан әрі Абай елу-алпыс жыл бойында момын ел, шаруаның елі – Уақтың талай қоныстарын бастығы Құнанбай болып, көп Тобықты тартып алып жүргенін айтты.
Өз әкесі Құнанбай Уақтан тартып алған Жымба, Арқалық, Күшікбайды түгелімен "даусыз Уақ жері" деп кесіп берді. Кеше Оразбайлар алғызбаймын деп, землемерге бөлік жүргізбеймін деп әлек-бүлік бастаған Ақжал, Төреқұдық, Қарақұдық, Обалы, Қоғалы деген қоныстардың бәрі – Көкен елінің қай аулының, қай атасының мекені екенін Абай бұлжытпастан санап берді. Елу жылдан бері тартып жеп, баса қонып, бастыра жайлап, зорлығын өткізіп алған Тобықты бүгін Көкен елі өсіп көбейіп, еңбек етер өз жерін қайта сұраса, оны қаралайды, қылмысты етеді. Қала берсе, шауып шаншады, жазалап жаралайды.
Осы жайдың бәрін әрі шешен, әрі ызалы үнмен күйіп тұрып, көкейге қондыра айтып өткен кездерінде, Абайға енді Тобықтының көбінің жүздері туралап қарай алмады. Абай көзімен көзі кездескендері жасқанып тайқи берді. Бұл жайда билер мен әкімдерге қажет болған деректің бәрін беріп алып, Абай сөзінің екінші бөлімінде көктемдегі шабуылға ауысты. Ол шабуылды жасап отырған бүгінгі күннің Құнанбайлары. Солар Көкен елін ғана зарлатып, күйдіріп отырған жоқ! –деген жайға соқты. Енді сол шабуылда қаза көрген, азап шеккен талай кедей жылқышы, қойшы, түйеші, нелер сіңірі шыққан кедейдің "сойыл соғар" деп атанып, Оразбайдың отына күйіп жатқан мұңын айтып кетті.
Бұл тұста да Абай қатты толқынып, өңі қуаң тартып, көзі сәл қанталай түсіп, аса демігіп, қобалжып тұрып сөйледі. Шынымен қиналған, ар түршігіп қиналған жайы бар. Сол күйлер жиылып, ширықтыра сөйлетеді.
– Мен осы куәлікке атаған күні келмей, бөгеліп келдім. Себебі, сол құдай ұрған шабуыл күні қазаға ұшыраған жандардың үй іштерінің, өздерінің жай-күйлерін біле барам деп бөгелдім. Кеше келгеннен бері күнұзын және түн бойы Көкеннің де, Тобықтының да көп жандарының шағымын тыңдап, көз жасын көрумен болдым. Оразбай аттандырып апарған қолдың ішінен он үш кісі Көкен елінің қолында қол-аяғына кісен салынып, тұтқын болып әлі жатыр. Қайтқан жоқ. Осы жиынға өздерінің сол сұмдық түні кем-кетік болып қалған жайын танытқалы кешегі күн нардай балғын, балуан азамат болған мынау Бостан, анау Құлжатай, Еңсебайлар келіп отыр. Біреуінің қолы шолақ боп қалған, біреуінің бар тісі құрыған. Біреуінің қабырғасы сынған. Бұлардың әрқайсысы бай да емес, бар да емес. Өңшең тақыр кедей егінші, еңбек сауған жандар еді. Естіп, ұғынып отырмын. Жүрегің түршігеді. Осылардың әрқайсысы асырап отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына қараған жетім-жесір, кәрі-құртаң, ақсақ, тоқсақ бар екен. Дәл сол жаңағы үш бірдей жігіттің қолдарына қарап, бүгін алар азығынан айрылып, аш бұралып отырған жанның саны жиырма төрт кісі! – деп, Абай әуелі Көкен жағынан сол бүліктен жаза шегіп, жапа көрген талай үйлердің, талай жігіттердің әкелерін, шешелерін атап тұрып, күйген, түршіккен жүрекпен айтып шықты.
Содан кейін жаңа өзі алғаш атаған он үш кісі Тобықты тұтқындарын еске алды. Бұлардың бесеуі жылқышы, алтауы қойшы, екеуі атқосшы, ылғи малшы мен жалшы екен. Екеуі Оразбайдың малайы, біреуі Әзімбайдікі. Үшеуі Жанатай болыстыкі, тағы бірнешеуі Жиренше, Абралы тәрізді байлардың есігінде жүрген есесіз күнқақты жалшылары. Солардың бәрін Абай сұрастырып келсе, осы күнде үй іштері тентіреп, қайыр тілеп қалғаны да бар. Әке-шешесі, жас балалары "өлді" деп күнде жоқтап, зар қағып отыр. Сол барлық малшының қазіргі күнде үйлерінің барша жандары аштыққа, жыртық-шоқпыт қорлыққа қамалып отыр.
Осы жайын және де әp кісінің атын, бүгінгі тұрған мекенің, әкесін бұлжытпастан, жаңылмастан Абай атап өтіп, Самалбек тілмашқа айрықша өтініш жасады. Өзі атаған бар кедей-кепшіктің аттарын қағазға анықтап тіркетіп тұрды.
Ал, соларды апарып арандатып қайтқан Оразбай, Әзімбай, Жиренше, Сәмен болыс, Жанатай болыстар қылшығы құрымай, өз бетімен кете барды! – деді. Тағы бір кезек Абай тұтқынға түскен он үштен басқа, елге қайтса да қол-аяғы, басы-көзі кем боп қалған және оннан аса сойыл соғарды айтып өтті.
Бұл тұста Абайдың куәлігі бай-бағланның қорлығынан шықпай жүретін есесіз көптің көп заманнан бергі жоғын жоқтаған сөзге айналды. Бұл сөздер куәліктен асып, өкімге ауыса бастады. Жылаулардың жайын жеткізе айтқан Абай сөзі, болысу сөзі ғана емес, айыптау сөзі боп барады. Соны анық аңдаған Тобықтының Жөкен деген тобының ортасында отырған жастау, бұзық болыс Сәмен дабырлап сөйледі. Өз қасындағыларға Абайды кінәлап сөз қатты.
– Сайда саны, құмда ізі жоқ әлдекімдерге сонша әлек болғаны несі осы Абайдың? "Бояушы, бояушы" деп, сақалын бояп барады-ау! – деп, тістене түсіп, қатты ызаланып отыр.
Бұған орай, дәл осы шақта, өзі отырған топтың арасынан Дәрмен даурыға сөйлеп жіберді.
– Әттең, Абай аға, қадіріңді білер халқың аз, қайтейін! Көзім жаңа жетті ғой! "Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол!" деп өсиет айтушы ең. Қысыр кеңесің емес, қан қазынаңдай асылың, шының, шын иманың екен ғой! Садағаң кетейін, жақсы жан, әз аға! – деп жіберді.
Абай үшін қуанғаны да, кінәсіз көңілмен мақтанғаны да бар. Ағына қызыл тарлау тараған үлкен, нұрлы көзі осы шақта мөлтілдеген жасқа да толы екен. Қасында отырған Көкеннің жігіті Құлжатай да Дәрменді тізеге қағып, сөзіне сүйсініп кетті.
– Лебізің қалай жақсы еді! Өзің де азамат екесің ендеше. Тобықты былай тұрсын, тіпті арғы атасы мен кешегі өз әкесінен де жыртылып айрылуға жарады ғой! "Елдің ұлы", "елдің ері" дейтін осы-ақ та. Шын жақсыны көргенім де осы болар! Жолы болсын қадірлімнің! – деп, біресе Дәрменге, біресе айналасындағы Бостан, Еңсебайларға да бар лебізін құптатып, ентелей сөйледі.
Абай шабуылда бүліктердің пәлесін өз бастарымен тартып қалған жарлы-жалшының жайларын түгел айтып болды. Енді кеп олар жайынан түйген бірер ғана байлау сөзі бар еді. Соған оралды.
– Жә, осы бүгін сор құшып қалған жылқышы, қойшы, малшы, жалшы сол Көкеннен тартып алатын жерге сондайлық құштар ма еді?! Оның жер үстіне сыйғыза алмай жүрген малы, со Көкен жерін тартып алмаса, жұтап қалар ма еді? Қоныс таппай жүр ме еді, сол кедей өзінің қара күрке, жыртық, жамау лашығына? Оған сол Жымба, Ақжал, Қарақұдықтар қара тиынға керек пе еді? Жоқ, керек емес еді. Оларды "атқан оқ, шапқан қылыш" деп, біресе "сойыл соғар" деп апарып арандатқан ел бұзарлар жаза шеге ме, жоқ па? Бұрын аталмаған дау еді, айтылмаған өмір, билік еді. Мен бүгін сондай жандарды осындай етіп сорлатушы Оразбай, Әзімбайлар өзгеше бір жаза шексін! Соларға дәл осы сорлатқан адамдар үшін өзге қылмыстарынан өзгеше кесім кесілсін дер едім! – деді. Бұл сөздерін де ұлықтың қағазына қалдырмай түсіруді қадағалап тұрып, жайлап айтты.
Осыдан кейін куәлік сөзін бітіре келе: "Дау-дамайсыз, бүгін өрісі тарылған, өздері жер емшегін еміп, адал кәсіпке ауысқан Көкен елінің жер дауы сол елдің пайдасына шешілсін", – деп, Абай бір байлау жасады. Және де Тобықтының зорлығын атаған сөзіне қазір қайта соғып, енді қалың жиын қазақ билеріне анық керекті дерек беріп, өз куәлігін тоқтатпақ болды.
– Мен басында атадым ғой. Уақ жерін тартып алу Құнанбай заманынан басталған деп. Енді сол бүгінгі даулы жерлердің қай жылдарда Тобықтының қай жуаны тартып алған жер екенін айтайын. Менің әкем Құнанбай Жымбаны, Арқалықты, Күшікбайды баса қоныс етіп, көктем кезінде алғаш қона бастағанда менің жасым он бірде болатын. Білденің аяғындағы Ақжалды Уақтан тартып алып, еріксіз баса қонып, Шоқа қоныс ете бастағанда, мынау отырған сол Шоқаның баласы, бүгінгі мың жылқының иесі – Жиренше он алты жаста болатын. Анау Абралы он бір жасында Обалы, Қоғалыға өз әкесінің зорлықпен қондырған ауыл іргесі тигенін көрген. Қарақұдық, Төреқұдыққа Оразбайдың әкесі Аққұлы зорлықпен баса қона бастағанда, мынау Оразбай он бес жаста болатын. Мінеки, кім істеген зорлық, қашан істеле бастаған зорлық екенін білмек болсаңдар, білдіргенім осы! Бұны ести, көре тұра бүгін елі егес боп шабылған, азаматы қан төгіп басылған Көкен елі "өз жерін қайта алу жол емес" десеңдер, осы отырған қалың би, сендерді де құдай табар. Мен болдым! – деп, сөзін аяқтап, Абай өзіне Самалбек ұсынған орындыққа отыра берді. Жұқа кең бешпетінің қалтасынан алған үлкен орамалымен кең ақ маңдайының терін сүртіп отырды.
Абай куәлігі бұл шербешнайдың қалың жұртын қадалтқан түйін болатын. Өзін Тобықтымын демей, жалған намыс жоқтамай, кеудесіне сыйған ақтығы, әділеті бойынша Абай шешіп берді. Кейінгі кесік те осы куәліктен аттап өте алмады. Ақыры Арқаттағы шербешнайда Тобықтының Оразбай бай бастаған бар жуаны мойны астынан келіп жығылды.
Шербешнайдың кесігі бойынша көктемде Серке жүргізбек болған землемер бөлігі дәл сондағы аталған қалыпша жүргізілетін болды. Оразбай, Әзімбай, Жиреншелер көктемде шабуыл жасап, екі ел арасына бүлік салғаны үшін айыпты боп аталады. Көкен еліне Тобықтының он бес кісі жуандары түйе бастатқан тоғыз-тоғыздан айып тартады.
Шербешнайға жиылған Тобықтыдан да көрші Сыбан, Керей, Уақ, Бура, Матай көп еді. Айнала осы елдерге содыр-сотқар атағы шыққан Тобықтының қазіргі жеңілгеніне қалың ел қатты ырза болады. Осы топта бір шешеннің аузынан шыққан мысқыл әзіл де лезде көпке тарады.
– Енді Тобықты – Арғын емес, Уақ – Арғын болды. Арғын – әркім болды! – десіп күлкі ете бастады.
Оразбай мен Сәмен сиязда өздері жеңілген өкімді естіп, Абайдың тұсынан қиыс өте беріп, оған бір кінә сөз тастамақ болып еді. Оразбай Абайға түксие қарап, сәл тоқтай беріп, сол сөзін айтты.
– Абай, қайда жетерсің, қашанға дейін барарсың, білмеймін, әйтеуір бірақ бір үлкен пәлеге кетіп барасың! Сомыңды ғана есіңе саламын! – деді.
Абай оған күліп, мысқыл ете жауап берді.
– Ей, Оразбай, сенің өзің де жуан, сөзің де жуан, сойылың да жуан. Бірақ сол жуандарыңды қайда жұмсауды "имейтін сорың бар екен-ау! – деп, айналадағы жұртты күлдіре кекесін айтты.
Абай бұл арада өзіне арналатын ендігі қастықты, әсіресе шапқа түртіп, ширықтырып алғанын аңдаған жоқ еді. Бұл оның асығып айтқан жеңіл сөзі болды.
Оразбай Абайға қосылып күліп қалған көп жұрттың үнін естіп, әлдебір сертті ішінен айтып, кете барды. Сәмен жастау, ызасы қатты буып жүрген Оразбайдың анық қанды көйлек, қарашоқпар сыңары болатын. Ол өз ызасын Абайға өз аузымен айтып қалмақ болды. Оразбайдың артында іркіліп қалып, Абайға тура қарады.
– Абай мырза, арманыңыз сол болса, жеттіңіз ғой! Тобықтының игі жақсысын жерге қараттыңыз ғой! – деді.
Абай бұған ажырая қарады. Өзіне белгілі Сәмен сұмдықтарын, зорлықтарын еске алып, ыза боп кетті.
– "Жақсы...", "игі жақсы...", сол "жақсы" сенбісің? Садаға кет жақсылықтан! Сенің ел билеген неңді алған?
– Білем, мені сіз болсаңыз сайламас едіңіз, бірақ ел сайлаған.
– Сені ел емес, малың, параң сайлаған.
– Оны да маған көп көрген екенсіз ғой?
– Татымсызға тиген болыстық та, қор болған болыстық.
– Жарайды, тартысып көрерміз. Татыған-татымағанды ертеңгі сайлау көрсетер! Тек сол жерден кездесіп бағыңыз! – деді.
Мұрнының ұшына тері шып-шып шыққан екен. Бетінің азырақ шұбары қазір ала теңбілденіп, сұрланып алған бажыр сары Сәмен қатты ашудан қалшылдап кетті. Ендігі Абай сөзін тоспастан айнала жөнелді.
Оразбай мен Сәмен топтан оңаша шыққанда қандарын ішіне тартып, қатты қорланып, үлкен кекті ашумен сыр түйісті. Бұл екеуінен соңғы кезде сәл оқшауырақ отырған Есентай да енді келіп үшеу болып қатар қосты. Бірақ иық сүйесіп "қасыңдамын, біргемін, не жаманатқа болса ортақпын" дегендей белгі білдіргені болмаса, Есентай бұл шақта тіл қатқан жоқ, әзір қатпақ та емес. Оразбай қаны қашып, жалғыз көзі шаншыла қарап, Сәменмен оңаша ғана тұрғанын аңдап алды да, өзгеге айтпайтын бір сөзін бастап қалды.
– Айтып едім, аталы жау алыста емес, қасыңда! Ол – осы Ыбырай деп!..
Әлі де демігін баспаған, ашуы алқымына тығылған Сәмен іле жөнелді.
– Жаулығына қапы жоқ! Тобықтының жақсысын жер қылуда, соның ішінде әсіресе сіз бен мені жер қылуда бұның аянары жоқ екен деп білдім!
Оразбай кекесінмен Абай айтқан бір сөзді тістене, кіжіне тұрып, мазақ қылып қайталап айтты.
– "Сойылың жуан, сілтер жеріңді білмейсің!" – деді ғой.
– Бәсе деймін, осы айтқан сілтер жері жадыңда бар ма, Оразеке?! Әнеугүні қазақ хан-төресі Әзімқан айтпап па еді екеумізге?! – деп ентелеп, Сәмен қазір жарғыласқан жұлысқа, тартысқа түскелі тұр. Оразбай Сәменді иығынан ұстап, құптап, ырғай түсті:
– Бәрекелде! Есіме жақсы салдың! Әлі осы менің қолыма құрық ұстатып кетпеп пе еді, тілеуің бергір сол төре! Айтпап па ем, "ендігі қазақтың басшысы сол" деп! Мен соған бастатам да қостаймын. Жалғыз-ақ... – деп, Оразбай өз бармағын өзі тістеп, жалғыз көзін төмен салып, басын шайқап, бір өкініш ойлап қалды. –Не керек, орайы келген бір орын осы еді! Жаңағы сол Ыбырай айтқан қорлық сөздің тұсы еді! Әзірленбей қапы қаппын ғой! Опық жеп тұрғанымды қарашы! – дей берді.
Сәмен бұл тұста да Оразбайдың есіне тағы бір таяу тұрған кезеңді салады. Ол енді Оразбайдың неге бекінгенін біліп тұр. Өзі отқа түсердей өртеніп алған сотқар енді тек Оразбай осы байлауынан таймаса екен деп тілейді.
– Өкінбе, Оразеке, ниетің шын болсын, кезегі кеткен жоқ... әлі мезгіл өткен жоқ.
– Енді қай кезек?
– Кезек – алдағы сайлау. Білдіңіз ғой, жаңа жариялады. Ояз бен екі начальник осы беттерінде қалаға қайтпай, қыр болыстарына сайлау жасап қайтатын болды. Он бес күндей Қызылмола, Еңрекей, Қандығатай болыстарының сайлауын өткізеді де, тап бір жиырма күн орайында біздің Тобықтыға келеді. Маған числоның он бесі мен жиырмасының арасында жайлауда "үй тіккіз, болысыңды сайлауға әзірле!" – деді ғой. Кез кезең деген осы емес пе?
– Оған кім келеді, бара ма Ыбырай?
– Барады! Тек мені қайта болыс қоямын деп Мырза-Жөкен сөз біріктірсін. Абай жаңағы қалың ел көзінше мені қауып сөйлеген сөзінде, аты жетсе, қайта болыс сайлататын түрі жоқ. Қолынан келсе, мынау ояз бен тілмашқа барын салып, мені түсіретін аңғары бар. Ал енді сол жерден пәле шықпай, не шығады? – деп барып, Сәмен бұның өзіне Абайдың неліктен қатты ызалы екенін айтып берді.
Қоңыркөкше деген елдің өткен сайлауда болысы болып бекілген Сәмен өз елінің қасқыры болды. Көкшенің көп кедейін жылатып, "аулын шапты, жерін өртеді, жесірін шулатты, малын ұрлатты" деп, айналадағы елге Сәменді қатты қаралайтын аңыз тараған. Осы сөз Абайға жеткен.
Абайға "қолыңнан келсе, тілің жетсе, осы пәледен елімізді құтқарып бер. Бұл ертегінің екі басты жыланынан кем болмай тұр. Ат пен асты ғана алмай, адамның арына, басына жетер болды" деп, көп момын ел Сәменнің үстінен ұлыққа да арыз жазған. Приговорлар түсірген. Абайдай көлденең ағайынға да көп шаққан.
Осы сөздің көбі Абайға анық жылаулар жұрттың аузымен бұрын да айтылған еді. Кешеден бері мына Арқат басында да айтылды. Абай аулынан шығып, Қоңыркөкшенің қалың жайлауын аралап келгенде, жолдағы көп елден де осыны естіп келген. Жылаған жұрттың көз жасын көріп тұрған Абай жиренішін жасыра алмай, жаңа шарай топтың алдында Сәменді бетке қамшымен ұрғандай, соққы салды. "Сен ел иесі болмай, ел жақсысы атанбай, елден садаға кет!" – деді. Ендеше, бұл Абай неғылса Маковецкий оязға Сәмен болыс туралы ойдағысын айтады. "Сайлатпауға да тырысады", – деп, Сәмен мен Оразбай қазір Абайдан жаңа бір қаза күтті.
Осының арты Оразбай мен Сәменнің алай-түлей көп әрекетін туғызды. Оразбай Арқаттан шығып, Сәмен болыстың аулына барды. Бұның елі "Жаман Тобықты" атанатын. "Жаман Тобықты" өздерін "Жөкең" деп атандырған. Қоңыркөкшенің көп елінің бірі осы Жөкең, онан соң Мамай, тағы бір азырақ тобы Көкше. Қазір Оразбай Сәменді қасына алып отырып, үш күн ішінде қанжайлаудағы Жөкеңнің бар атқамінерін жиды. Мамайдың ең үлкен руы – Мырзаның бай-бағланын және шақырды.
Соларға құдай, әруақты айта отырып, Құнанбай баласы Ыбырайды өлердей жамандады. "Арқаттағы сиязда Тобықтыны жер қылып Уаққа жығып берген Ыбырай. Сол Ыбырай ертеңгі сайлауда сенің бәріңнің басыңды тексіз, құнсыз бір кедейдің, бір Көкшенің қанжығасына байлап береді!" – деп отырып, әлденеше бозқасқаны да сойғызды, көкқасқаны да жесті. Сөйтіп анттасып, баталасып отырып, Қоңыркөкше болысының Мырза, Жөкең деген ең көп елдерін өз жағына, өзі арқылы Сәмен жағына ант ішкізіп, анық байлап, қосып берді.
Осыдан кейін он бес-он алты күн өткенде Жөкеңнің жайлауы Ақшатауда үй тігіліп, Көшбике деген қоныста сайлау жүретін болды. Оразбай аз күнге аулына қайтқан еді. Дәл сайлаудан он үш күн бұрын Сәменнен қос атпен шапқан хабаршы келді. "Елге, шарға салса, жеңіп алып отырмын. Болысқа өзім сайланатын жөнім бар. Бірақ сайлау басына Абай келгелі жатыр. Ол оязбен, тілмашпен келіседі де, кесірін тигізеді. Өзің жетпесең болмайды. Дегенің рас болса, табылар жеріңнен табыл, Оразеке!" – депті.
Оразбай осы хабарды ести сала атқа мінген. Қасына ерткені тағы да үзеңгі серігі Есентай. Ол бұл шақта да Оразбайдың шойын шоқпары тәрізді зілдей ауыр салмақ танытады да, тек үндемей ғана ере береді. Оразбаймен екеуі де жасында ұры болған, жортуылшы болған себепті қазір егде тартқандарымен, атқа мінсе, қатты жүрісетін. Жері алыс болса да, Көшбикеге араға бір-ақ қонып жетпек болысты. Жолда жұмыс бітіре, серт байласа кету үшін қонатын аулы – Тәкежанның аулы. Сонда астындағы аяңшыл ақжал аттың алдын аяңдатып, артын желдіре отырып, қасындағы үш-ақ кісі жолдасымен Оразбай ымырт жабыла асыға келді. Сол арада шай ішіп болмастан-ақ, Тәкежан Әзімбайды тек өз қасына оңаша алып, жақын жердегі аулынан Шұбарды шақыртып келтірді.
Осы үш Ырғызбай мен Оразбай далаға оқшау шығып алып, түн жарымына шейін аса құпия, сұмдық бір байлаудың түйінін түйді. Бар сөздің аяғында Әзімбай мен Шұбарға тағы бір соңғы салмағын сала, Тәкежанның көзінше сөз тастады.
– Екеуің екі "бердінің" баласысың! – деп бастады.
Тәкежанның шын аты – Тәңірберді, Шұбардың әкесі – Құдайберді. Соларын атағаны болатын.
– Арысы Өскенбай бидің, берісі кешегі қажы Құнанбайдың әруақтарын шақырып ауызға алсам, қасымда бел балалары екеуің барсың, өзіммен бірсің! – деп кетемін. – Ыбырайды сол "әруақ атынан садаға" деп, "ата ұлынан шығарып тастадым" деп кетемін! – деген. Осыны бар сырдың байлауы етіп аяқтаған да, тына қалған.
Жаңағы үш Ырғызбайға кезек қарап, үндерін бағып отырып алған-ды. Олардың бір-біреуінен сөз шыққан жоқ. Бірақ жаңағы Оразбай аузындағы үлкен қырсық пәле сөзге бірде-бір шіміріккен де, түршіккен де жоқ. Үндемегендері болмаса, құптамай отырған жоқ. Шұбар болса, Оразбай оған әсіресе қадала қарап қалғанда, ақырын ғана, болар-болмас қана бас иді. "Мақұл, құп көрдім!" – дегенді аузы айтпаса да, аңғары танытып отыр. Әзімбайға, Тәкежанға Оразбай онсыз да күдік қылмайтын.
Шұбардың жаңағы ұрлап аңдатқан сараң ымын жалғыз көзбен анық көріп таныған Оразбай енді: "болды, бітті" – деп қамшысын мықынына таянып сүйенді де, тұра берді. "Тарт атымды!" – деп бұйрық та берді. Сонымен, келуін ымырт жабылған, көз байланған кезге дәлдеген Оразбай ендігі сырын, жайын да көзге түсіргісі келмейді.
Мынау Ырғызбайларды, әсіресе Тәкежан, Әзімбайларды олардың тілегі бойынша Оразбай құпия қып ұстамақ. Бұлар әзіргі орындарында осылай отырғаны, жарыққа шығып бет ашпай, бүркеулі отырғаны Оразбайға жайлырақ. Сол себепті таңға аял қылмай, осы түннің ішінде ас ішкен соң қымызға бір тойып, атқа мінді. Аяңшыл ақжал атын қатты жортаққа салып, жас күндегі жортуылшы бұлаң құйрығымен Көшбикедегі сайлау басына салып, жөнеліп кетті.
Абай Сәменнен өзгеше жылаулар болған Көкше, Мамайдың адам түршігер қорлық жайын тағы да естіп, үйінде жата алмаған. Арқатта осы елдің содырларына қарсы алысты. Енді осы сайлауда тым құрса Сәмендей, Әзімбайдай жеміт болыстарды орнынан түсіртіп, "аз да болса жұрт басына жеңілдік әперіп көрем" дейтін. Сонымен, Көшбикедегі сайлауға о да жүрді. Бірақ Оразбай түнделетіп, түн қатып, таң сәріде барып түскен сайлау басына Абай келер күні екінді кезінде ғана қасындағы төрт кісі жолдасымен асықпай кеп жеткен еді.
Жақын жандардан қасына ергені Кәкітай болатын. Қалған үш кісі бөгде көрші, тек бір сапарға қосылған кісілер. Ояз да сайлау басына жаңа ғана келген екен. Абай оңаша бір үйге өз жолдастарымен келіп түсіп, аз ғана сусын ішіп, енді оязға өзі келген жөнімен кірмекші болып еді. Бұлар түскен үйде жаңағы сусын берген күтушілер Сәмен болыстың әдейі қойған адамдары болатын. Оның бір жылпың жігіті қымыз құйып отырып, Абайдың оязға бармақ байлауын естіді. Енді жылт етіп, аз уақытқа үй сыртына шыға қойып, бұны тосып отырған кетік сарыға "Абай ұлыққа қазір кіргелі отыр, барып айт!" – деп хабар жіберді.
Абай отырған үйге көрші үйлерде тығылып сайланып отырған, қандарын ішіне тартқан елу-алпыс атқамінер бар екен. Солардың тап алдына Сәмен түсіп алыпты. Бәрінің қолында қамшы ғана емес. Кейбіреулерінде қолшоқпар, тағы бірлерінің сапысы да бар. Абай отырған үйге осы топ беттей бергенде, Есентай тап беріп, Сәменді сол тоқтатып қалды да, өз бойымен топтан тасалай шеттете берді. Бітік көздерін бұл жерде айқындап аша түсіп, тұқыра қарады.
– Сәмен, қол батыр болмай, жүрек батыл болмас... – деп, Сәменнің қолындағы жіңішке қамшыны алды да, өзінің сегіз өрме, бұзау тіс дырау қамшысын ұстатты. – Еттен өтіп, сүйекке жеткен ызамыз бар-ды. Тапсырдым, Жөкең әруағына? Аяма да... Аянба! – деп, Сәменді сөйлетпей жөнелтіп жіберді.
Әзәзіл қан тілегенін танытып қалды. Абайдың үстіне есікті шалқасынан аштырып, аттап, екпіндеп Сәмен кіргенде, қалған он-он бес кісі қатарынан қаруларын жасырмай иін тіресе сұғына берді. Сәл сескеніп, үнсіз қарап қалған Абайға Сәмен тура басып, адымдап кеп, қатты сұмдық бір боқтық айтты. "Соңымнан қаласың ба, жоқпысың!" – деп, қамшымен бастан тартып жіберді.
Сол-ақ екен, Абайдың үлкен денесі қозғалып тұруға да мұрша келмеді. Соққы жауып кетті. Кім екені белгісіз, жаңағы келген топтың ішінде енді Абайды талап өлтіруге айналған түрді көріп қимаған біреулер Абайдың денесін бүркеп құлай кеткені де болды. Олар біреу емес, бірнеше адам. Осындай әбігер арасында Абайға қамшысы тимей қалғандар Кәкітай мен қалған жігіттерді сабай жөнелді. Жан ұшырған Кәкітай, қалай шыққаны белгісіз, жаңағы үйден жұлқынып шығып, соңынан қуған қамшы астында шырылдай айғай салып, орысшалап: "Құтқарыңдар, көмек етіңдер!" – деп, ояздың үйіне қарай жүгірді.
Бірталай уақыт өткенде, ояз үйінен шыға, мылтық атқан стражниктердің әрекетін аңдап барып, жаңағы қаптаған жаулар жан-жаққа шашырап, тарап кетті. Бірақ Оразбайдай қара ниетті жаудың дегені болды. Өлімнен де аяйын деген ниеті жоқ. Сәменнің талайдан кескекті иттей ырылдап, арсылдап, кіжініп жүрген тілегі болды. Жауыз дұшпандардың күндіз-түн, айлар бойы, жылдар бойы қамауында келе жатқан, талауын тосқан, бірақ тәуекел етіп, шыдап тосқан Абай бүгін өлімнен бетер жаза шекті. Бұның басына тиген соққы, етіне түскен жара, бетінен аққан қан беймезгіл заманның адал ұлын қасқырша талаған қас қимылдың айғағы еді. Ол соққы Абайға ғана тиген соққы емес, қазақтың халқының арына соққан сұмдық соққы болды.
Абай есінен танып қалған екен. Ол не болғанын аңдай бере, өз ішінде жалғыз ғана удай ой ойлады. "Несіне тірі қалдым, өлсем етті!" – деді. Ішінен сан рет қайталап айтқан арманы осы.
Абай Шақпақтағы ауылға кеше келген. Барлық ауылдың үлкен-кішісі, көрші-қолаңы, етбауыр жақыны – бәрі Абайдың жүзіне тура қарай алмайды. Бейне бір сондай ғазиз, ұлы жанның алдында өздері айыпты тәрізді. Бұл жараның атын атай да алмайды. Соққы Абайға ғана емес, оны сүйген, оны қимаған, қадір тұтқан жандардың дәл өз бастарына тиген соққыдай. Халыққа тиген соққы немесе жазығы жоқ, қасиетті қарт ананың бетіне соғылған қаскөй, сұм соққы тәрізді.
Әйгерім Абайды құп-қу болған өңменен, екі көзі мөлтілдеп толған жаспен аттан түсіріп, өз қолымен есік ашып, қарсы алған еді. Күндіз де, түнде де ол Абай жүзінен бұрыла берсе, үн шығармай жас төге береді. Осы екі-ақ күннің ішінде ақ жүзіне айқын сызық әжімдер түсіп, көкшіл көлеңке уайым таңбасы білініп, оп-оңай күрт құлап, қартаң тартып қалғандай.
Абай өзі де үнсіз де қыбырсыз. Бар мен жоқтың арасындай бір мең-зеңде.
Бұл күндегі қасірет жайды аса қатты күйік еткен Дәрмен еді. Ол өзінің отауына есіктен кіре бере, төсек жанында іс тігіп отырған Мәкенге Абай шеккен жазаны ұғымсыз бір былдыр сөздермен айта берді. Биік төсектің кестелі ақ жастықтарына бетін басып, тұншыға еңіреді.
Мәкен де жан ұшырғандай саңқ етіп үн қатып, біресе қатарына кеп, Дәрменді құшақтай қозғап, уатқысы келеді. Біресе өзі де тұла бойын өрт шалғандай жылаған үнін ірікпестен зар-зар етеді. Екеуінен де кезек-кезек, дүркін-дүркін:
– Қайран ағатай...
– Әттең, асылым, аға екем!
– Садағаң кетейін, ағатайым, ардақтым!..
– Құрбаның болсамшы, ағажан... – деген жан сөздерін ыстық жалынмен кейде қатар, кейде бірін-бірі қостай айтысады.
Ұзақ шеккен қапа-қасіреттен соң Дәрмен ес жия бере, бір-ақ ой түйді. Сонысы Көшбикеде болған қорлық қазаның анық шыны, сыры еді.
– Кешегі Арқаттағы сиязда берген куәлігің үшін-ау! Ар үшін, адамдық үшін, адамзаттың асылы, әділі боп берген куәлігің үшін жауыздардан жапа шектің-ау! Асылым, арысым!.. Қайран ұстазым, ағажаным!.. – деп, Мәкенмен екеуі ғана болған сәтте осындай ой түбіндегі оқшау шерін шеккен-ді.
Осымен келесі күннің екінді шағында ауыл үстінде бір шаң-шұң шығып қалды. Соңғы күндер Тәкежан аулы да Абайға көңілқостық білдірген тәрізденіп, осы араға, Шақпаққа көшіп келіп қонған. Жаңа Мағаш пен Кәкітай, Баймағамбет үшеуі ат үстінде келе жатып, ойда жоқ жайға кездесіпті. Тәкежан аулының сыртында бір түп талдың арасында тығыла түскен ерттеулі ат көрініп тұр екен. Бұлардың тықырын естіп, басын жұлып алып қараған тортөбел атты Мағаш пен Кәкітай екеуі қатарынан танып қапты. Тани сала бір сұмдық сезіп, екеуі тап береді. Сонда жаңағы тортөбел аттың бауырында тығылып отырған Оразбайдың атышулы ұрысы – Қиқым атып тұрады.
Ұзын бойлы, орақ тұмсық, көсе қара Қиқым тегін келген емес. Кәкітай қатты үнмен айғайлап: "Әй,тоқта!" – деді.
Сонда секіріп атына мінген Қиқым ауылдарды сырттап, батыс жаққа, Оразбай аулы жаққа қарай қаша жөнелді.
Мынау үшеуі қуғанмен, анау белгілі жарап жүрген бәйге тортөбел ат шаңына ілестірмей, Қиқым құтылып кетті. Мәлім болған жай Кәкітай мен Мағашты отқа салғандай күйдіріп жіберді.
Мынау бәйге тортөбел осы жігіттердің ағасы Ақылбайдың атақты жүйрік "Таңбалы ат" дейтін аты еді. Соны Ақылбайдан Әзімбай сұрап алған. Ал былтыр жайлауда Әзімбайдан Оразбай аулы құдалық, көңілдестік жөнінен қолқа салып, сұратып алған-ды. Есболатқа барғалы "Таңбалы ат" үш рет бәйгеден келді деп естілген.
Енді міне, сол Таңбалы атқа, Оразбайдың атына оның сайқал ұрысы Қиқым мініп келіп, Тәкежан аулының сыртында жұрт көзіне көрінбей тығылып отыр. Неге отырғаны жас жігіттердің көңіліне таныла қалды.
Оразбай Әзімбай мен Тәкежанға астыртын жансызын жіберіп, Абайлардың не әзірлігі, не ниеті бар екенін білдіргелі отыр. Кәкітай мен Мағаш Абайдың өзі отырған үлкен үйге ләнет айтып, түршігіп сөйлеп келеді.
Үйде үнсіз отырған Абай енді ғана елең етіп, аналар есіктен кіріп болмастан: "Тағы немене? Айт шындарыңды, не білдіңдер?" – деп, қатты зеки сұрады.
Мағаш жаңа көрген жайды әкесінен жасырмай, Тәкежанды "құдай атты ғой, құдай атқырды!" – деп отырып, ашып айтып берді.
Сол-ақ екен, Абай: "Әпер тымағымды!" – деп, Баймағамбетке қол созды. Баймағамбет тымағы мен қамшысын қоса берген еді. Абай асығып, даусы дірілдеп, атып тұрды. Жалғыз-ақ сөз тастады:
– Мені шағатын жылан қойнымда отыр ғой! Несіне қалам бұл жерде, бұл елде?! Жоқпын мен сендерге! Шық, жүр, Баймағамбет! – деп, ақыра бұйрық етті де, Баймағамбетті ертіп, тысқа шықты.
Соңғы бір айдан бері өзі мініп жүрген Есентайдың "Сұржорға аты" деген ат белдеуде байлаулы тұр еді. Соны өзі шешіп мініп алды. Баймағамбетке нұсқап, Мағаштың атын көрсетті.
– Мін мынау атқа, баста мені! Кеттік бұл елден, бұл қу өмірден! – деді. Өңі аппақ боп бозарған. Бойындағы үнсіз қатты ашудан бетінің түктері бозарып шыққан. Баймағамбет кермедегі атқа қарғып мінді де, Абайдың алдына түсті.
– Қалай бастайын?
– Тарт батысқа қарай! – деп, Абай Сұржорғаны тебініп, қамшылай жөнелді.
Мағаш пен Кәкітай есі шыққандай не қыларды білмей, дал болып, үркіп қалысқан еді.
Абайлар тасырлатып қатты кетіп барады. Осы кезде енді сыртқа шығып, әлі аңырған күйде тұрып қалған Мағаш пен Кәкітайдың қасына Ысқақ пен Шұбар ат үстінде тақап келіп қалған еді. Ысқақ алдында тұрған жастардың і і арын жақтырмай шошынып қалып: "Ой, немене, не болған? Анау Абай ма?! Қайда барады? Не қып барады?" – деді.
Мағаш бұл туысқандардың жүзіне қарамай, қырын тұрып, өзімен өзі сөйлегендей, шатасқандай бір жайды айтты.
– Білмедім, бұл дүние не боп барады?.. Кетті елден, бұл жұрттан... Күдер үзіп!.. Енді қайта оралмас боп кетіп барады, әне!.. – деп тоқтап, тамағына жас тығылғандай, ызалы жас түйіліп тұрып қалды.
Сол-ақ екен, Шұбар сәтте құбылып, жаны күйген кісі боп: "Не дейді? Құдай-ау, не дейді. Жібергеніміз бе? Жүрсеңші, Ысқақ аға!" – деп, атын борбайлап, Абайдың соңынан шаба жөнелді. Ысқақ бірге шапты.
Жайлаудың бұлтсыз ашық кеші батып қалған еді. Үлкен шарасы қып-қызыл боп шөгіп бара жатқан күн алыстағы саржотаға жарым бойымен бата берген шақта, бар дүние қызыл арай, соншалық айқын қызыл бояуға малынғандай. Жырақтағы таулар да, жақындағы мал, ауыл-үйлер де, қазір міне Абай мен Баймағамбеттің қатты жортып келе жатқан аттары мен өздері де сол қызыл іреңде, басқарған, өзгерген.
Енді біразда бұлардың өз аттарының дүбірін басып, тасырлатып шауып келіп қалған, арттан қуған кісілердің аңғары байқалды. Абай бұрылған жоқ еді. Алда келе жатқан Баймағамбет бұрыла берді де, ат басын іркіп, тоқтай қалды.
Сол арада шауып кеп жеткен Ысқақ пен Шұбар Абайдың екі жағынан жарыла келіп, жете берді де, аттарынан секіріп-секіріп түсті. Ұзын бойлы, ұзын қара сақалды Шұбар қазір сұп-сұр боп алыпты. Зарлап: "Ағатай, Абай аға, қайда барасың?" – деп жүгіре басып кеп, Сұржорға аттың шылбырын қолына алды.
Абай бұның үнін де, өзін де жақтырмай: "Тұр былай, жібер!" – деп еді.
Шұбар сол сәтте Абайдың атының шылбырын өзінің мойнына ұзын сақалын қоса бастырып, екі орап алды. Соншалық жасанды құбылыс көрсетіп, түк аямас жан болып, даусы да дірілдей түсті. Анық аяр құбылдың сөзін тастады.
– Кетпейсің еліңнен, бауыр жұртыңнан! Айналайын Абай аға! Кетер болсаң, міне, мені буындырып, атыңның тұяғына бастырып, өлтіріп кет! – деп айғайлап жіберді.
Енді Ысқақ та келіп, жаяу күйде Абайдың атының сулығынан алып тұр еді. "Сабыр қыл, Абай!" – деп, ол анадай аярланбай, бірақ шын қысылып, күйзелген кісінің үнімен сөйледі.
– Жаңа ғана жайын біліп шықтым. Анау сүйген балаң Әбіштің санадан сарғайған жары, қайғылы Мағыш қазір үзілгелі жатыр! Сені "соңғы демім үзілерде бір көріп, ырза қош айтсам" деп арман етті. Кешегі Әбішіңнің әруағын ұмытасың ба? Бұ да балаң еді. Қош айтпай кетесің бе? – дегенде, Абай шұғыл өзгеріп, алдыңғы байлауынан амалсыз айнып қалды.
– Соным бар ма еді? Менен де мұңлы сорлым бар ма еді?! – деді. Амалсыз қайтатын жайының белгісі еді.
Дәл осы минуттарда, оқшау отауда, биік төсектің алдына салынған жертөсекте өмір бойы бірде-бір рет қабақ шытысып көрмеген жандай досы Мәкеннің тізесіне басын салған күйде Мағыш үзіліп бара жатыр еді. Соншалық сау, сұлу біткен жас денесі бар тұлғасын улатқан қасіреттен енді ғана мүлде жеңіліп болған. Екі жыл бойында ұзақ қайғы-қасірет шеккен сол Мағыш өзінің ғашық жары Әбішіне берген сертін енді міне орындады.
Бұның жұбаныш білмеген, уануды ойламаған, ұдайы ғана у жұтқан қасіреті бар-ды. Соны ойлап Абай биыл және де Әбішін еске алып, бір шер толғау тудырып еді. Осы зарының соңғы жолдарында:
Тиянағым, тұрлауым,
Енді кімге асылдым!
Ойламадым туғанда,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Жалғыз сенен айрылып,
Артыңа қарап аһ ұрдым!
Ойламадым еш жанды,
Өзіңе ердім оңаша.
Рақаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша.
Шыны сорлы мен-дағы,
Мағыш байқап қараса!.. –
деп, Мағыштың шеріне дәрмені біткен өз шерін қосып еді. Жұбана алмаған Мағыш дегеніне жетті.
Қазір Абай Шұбар мен Ысқақтан бөлініп, Баймағамбет екеуі боп, Әбіштің қаралы отауының сыртына кеп, жаңа аттан түскенде, Мағыш үзіліп кетті.
Жылап отырған Мәкеннің жүзінен Мағыштың қайтыс болғанын білген Абай, енді есіктен кіре бере еңкілдеп жылап, еңіреп келіп, Мағыштың жүзін құшып, кесек-кесек ыстық жастарын төгіп-төгіп жіберді.
ШАЙҚАСТА