Абай жолы. 1 кітап



бет54/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


5

Ең әуелі, жол біраз күнде түзелетін болғандықтан, күн қызбай, жердің тоңы жібімей тұрған кезде Әбіштің сүйегін Алматыдан алдырмақ болысты. Сол оймен Өтегелді, Майқанды қастарына және үш кісі қосып, үш арбалы көлікпен Алматыға қарай жіті жөнелтісті.
Мағашты қалада бөгемей, Абай тезінен Ақшоқыдағы ауылға қайырды. Ондағы Әбіштің үйіне, шешесіне Әбішті қолынан жөнелткен Мағаштың өзі жетіп, қастарына отырып, қайғысына ортақ болсын деген.
Абай өзі әлі де Дәрмен мен Баймағамбетті қасында ұстап, қалада қала берген... Тек Өтегелділер Алматыға жетіп, Әбіштің сүйегін алып: "Қайтадан Семейге қарай шықтық", – деп, телеграмма берген соң ғана Абайлар қаладан қозғалды.
Әбіштің сүйегін Семейге келтіру қажет емес. Не Аягөзден, немесе Арқат бекетінен тосып алып, Шыңғысты бөктерлеп, Тобықтының өз ішімен Абайдың аулы Ақшоқыға әкелу керек.
Осыдан он бес күндей уақыт өткенде, Абайдың бұл байлауы орнына келді. Май айының орта кезінде Ақшоқыдағы Абай аулында Әбіштің сүйегін тосып алған жұрттың жиыны қалың еді.
Ақшоқы бөктеріндегі қыстаудан қозы өрісіндей жерде Абайдың анасы Ұлжанның төрт құлақты бейіті болатын. Әбіш сол үлкен анасының бауырына қайтады, қасына қойылады. Дәл жаназа шығарылар алдында Әбіштің денесі бұл сәтке дейін салынып келген ағаш табыттан алынатын болды. Ол тұста да Майқан мен Өтегелді өздері өз қолдарымен араласты. Бұлар Әбішті Алматыдағы қартаң адамдардың ақылы бойынша былғарыға тігіп әкелген екен. Туған топырағын Әбіш алыстан аңсап өткен еді. Енді алғаш дүниеге көзін ашқан ана бесігі Ақшоқысына келгенде, бірде-бір жан бұның жүзін көрсе болмас па?!
Ділдә соны Абайға ақыл сала айтқан еді. Абай оның сөзін, тілегін мақұл көрді. "Анасы Ділдә мен арманда қалған жары Мағыш екеуі Әбіштің жүзін көріп, соңғы рет қоштасуға рұқсат етілсін!" – деген.
Алакөлеңке салқын тамның ішіне шымылдық құрып, сүйек төсекке жатқызған Әбішке Ділдә мен Мағыш тақай берді. Енді анасы солқылдап еңіреп, "құлыным!" – деп зар төкті. Талайдан Әбіштің қасынан ұзамаған Майқан мен Өтегелді екеуі де қазір еңіреп жіберіп, жерге отыра кетісті.
Мағышты Ділдә өзі оң қолымен құшақтай түсіп, сүйемелеп әкеліп еді. Ол жылай да алмайды, тағы да үнемі тала береді. Өлім таңбасындай боп, өз жүзіне де түскен көк таңлақ таңбасы бар. Ол дәл төсекке тақап кеп, енді Әбіштің жүзін Ділдә оң қолымен ақыреттен арылтып ашқан шақта, сылқ етіп құлай кетті. Ғажап, Әбіш ұйықтап қана жатқандай, өңі бұзылмаған. Ділдәнің жасты көзі байқағаны тек самайының шашы ғана аз-аздап түскен екен.
Екі әйелді көп тұрғызбай, Өтегелді мен Майқан қолтықтарынан сүйеп, қайта әкетуге айналды. Сол сәтте ғана үні, тілі шыққан Мағыш жасын да, зарын да бір-ақ ышқынып шығарды.
– Әбішім, жаным, антым міне! Жүзіңді көріп... атаған сертім сол!.. Мен де талақ еттім тірлікті!.. Мен де өлемін, сенсіз дүние маған жоқ!.. Жетемін, тез жетемін соңыңнан!.. – деді. Талып жығылған қалпында Өтегелдінің бауырына қарай құлай берді!

ҚАСТЫҚТА



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет