2.3. Қабылдаудың таңдамалылығы
Толып жатқан объектілердің ішінен біреуін іріктеуіміз (оның қасиетін, сапасын) қабылдаудың таңдамалылығы делінеді. Мәселен, кітап оқығанда ондағы бірер сөз қате жазылған болса да байқамай оқып кете береміз. Егер кітапта «университет» деген сөз «унверситет» деп қате жазылса да біз оны «университете» деп дұрыс оқимыз. Кітап оқығанда оның мазмұнына ерекше көңіл бөлінетіндіктен мұндай қателер көзге түспей қалады. Ал жеке сөздерге, жеке әріптерге шұқшия көз салған жағдайда ( мәселен, корректорлар ) текстің мазмұны ұғылмай, күңгірт қалып қоятын кездері болады.
Қабылдауда зейін аударып, талғаудың зор маңызы бар. Мұндай жағдайда объектінің назар аударылған белгілерін, қасиеттерін, керек жақтарын ғана қабылдаймыз. Біздің назар аударатынымыздың ішіндегі ең бастылары, қазірде істеп жатқан әрекетімізге қажет қызықтыратын, қажетімізге жарайтын нәрселер болып табылады.
Қабылдаудың таңдамалылығы әр түрлі объективтік (объектілердің ерекшеліктеріне – күші, қозғалысы, қарым-қатынасы т.б.) және субективтік (адамның қабылданатын затқа қызығуы, оны қажетсінуі, сол кездегі психикалық көңіл-күйі т.б.) себептерге де байланысты болып келеді.
Мұғалім бірнеше оқушыдан үй тапсырмасын сұраған кезде оған бір баланың жауабы ерекше ұнайды. Бұған ол аса зейін қояды. Сонда мұғалімнің объектісі сол бала болады да қалғандарының жауабы жөнді еленбейді. Қабылдауда ерекше айқын көрініп тұрған нәрсе ( жоғарыдағы мысалда баланың сабақты жақсы айтуы( фигура делінеді де, қалғандары (осы сұраққа жөндеп жауап бере алмаған оқушылар) соның фоны болады. Сөйтіп аса зейін қойған зат әр кезде фигура болады да, оның айналасындағы қоршау фон болып есептелінеді. Осылайша түрлі жағдайда әркімнің өзінше қабылдауы көбінесе адамның мамандығына да байланысты. Мәселен, суретші алдымен екі профильге назар аударса, мұражай қызметкері бірден вазаны көреді.
Достарыңызбен бөлісу: |