Абсолюттік биіктік (лат. absolutus - толық, сөзсіз) - мұхит деңгейінен есептелетін биіктік.
Абсолютті монархия - монархтың билігі шексіз болады (Бруней, Бахрейн, Катар, БАӘ, Оман және т.б.).
Абсолюттік ылғалдылық - 1 м3 ауадағы су буының нақты мөлшері. Ол граммен есептелінеді (г/м3).
Автохтондар, аборигендер - биологияда: белгілі бір орында эволюциялық жолмен пайда болған және осы уақытта дейін өмір сүретін организмдер (өсімдіктер мен жануарлар). Мысалы, бұған Аустралияның қалталы жануарлары жатады.
Аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) - халық шаруашылығының аса маңызды құрамдас бөлігі.
Азимут - бақылаушының тұрған нүктесіндегі меридианның бағыты және сол нүктеден діттеген затқа қарай жүргізілетін бағыттың арасында пайда болатын бұрыш. Сағат тілінің айналу ретімен 0°-тан 360°-қа дейін есептелінеді. Азимут нағыз және магниттік болып ажыратылады. Нағыз азимут географиялық меридианнан, ал магниттік азимут магниттік меридианнан есептелінеді. Магниттік азимут тұсбағдармен өлшенеді.
Антиклиналь - тау жыныстары қабаттарының жоғары қарай иілген қатпары. Ядросы ежелгі тау жыныстарынан тұрады, үстіңгі қабаттарын жасырақ жыныстар құрайды.
Антициклон - атмосфера қысымы жоғары облыс. Қысым орталығынан шетіне қарай азая береді.
Антрацит (гр. antrax - көмір) - қара түсті, металл сияқты жалтыраған, сапасы өте жоғары көмір.
Апартеид - нәсілдік кемсітушіліктің шектен шыққан түрі, ОАР билеуші топтары ашық жүргізіп отырған мемлекеттік саясат. БҰҰ апартеид саясатын жүргізуге тыйым салу және оған айыптыларды жазаға тарту туралы документ қабылдаған.
Арна - аңғардың түбіндегі ағын өтетін ойыс. Өзеннің эрозиялық әрекетінің нәтижесінде жасалады. Аса ірі өзендерде ені бірнеше км-ге дейін жетеді.
Артезиан суы - су өткізбейтін қабаттардың аралығындағы сулы қабатта жайласқан қысымды жер асты суы.
Архипелаг - бір-біріне жақын жатқан аралдар тобы. Әдетте негізі ортақ болады және теңіздің ішіндегі орнына байланысты біріктіріледі. Мысалы, Франц Иосиф жері, Малай және Антил аралдары.
Атлас - бір жүйемен жасалған географиялық карталар жиынтығы. Атлас деген атты тұңғыш рет XVI ғасырдың соңында Голландия картографы Меркатор қолданған.
Атмосфера - Жер шарын айнала қоршаған ауа қабығы. Ауа, негізінен, оттегі мен азоттан тұрады. 1% мөлшерде аргон, көмірқышқыл газы және басқа газдар бар. Сонымен қатар ауаға су буы мен шаң-тозаң араласады. Атмосфера қысымы мен тығыздығы биіктік артқан сайын азая береді. Оның массасының жартысына жуығы төменгі 5-6 км-лік қабатта, 99%-ы 90 км-ге дейінгі қабатта шоғырланған. Жоғары биіктікте (200-400 км) ауа сирейді. 3000 км-ден жоғары атмосфера тығыздығының планетааралық кеңістіктің тығыздығынан оншалықты айырмашылығы болмайды. Сондықтан бұл биіктік шартты түрде атмосфераның жоғарғы шекарасы ретінде қабылданған. Атмосфера температурасының таралу сипатына қарай тропесфера, стратосфера, мезосфера, термосфера және экзосфера қабаттарына бөлінеді.