3.2. Жаңартылған бағдарлама бойынша Жаңа заман тарихын оқытудың ерекшеліктері
Мектептегі пәндердің, курстардың оқу бағдарламалары оқу үрдісіндегі базалық негізі бар аса маңызды құжат. Сондықтан да оқу бағдарламаларының маңызы, оны құрастыру ұстанымдары, оған қойылған методикалық, ғылыми-әдістемелік талаптар туралы кеңестік педагогика саласындағы белгілі ғалымдар Ю. К. Бабанский, М. А. Данилов, В. В. Краевский, Р. Г. Лемберг, Н. Я. Лернер, Н. А. Сорокин, М. Н. Скаткин т. б.) [93], сондай-ақ тарихшылар мен тарихшы-әдіскерлер (А. А. Вагин, А. В. Ефимов, М. А. Зиновьев, Н. Г. Дайри, А. Т. Кинкулькин, Ф. П. Коровкин, П. С. Лейбенгруб, И. Я. Лернер, И. А. Стражев жеткілікті тоқталған [93]. Қазақстан тарихшылары С. Аспандияров, Е. Б. Бекмаханов, Ж. Қ. Қасымбаев, М. Қ. Қозыбаев, Т. Ж. Шойынбаев, т. б. Қазақ ССР тарихының мектеп бағдарламаларын жасауға белсене қатысты. Алайда зерттеліп отырған кезеңде мектепте Қазақстан тарихының бағдарламаларын жасаудың проблемаларына арнап ғылыми не ғылыми-әдістемелік мақала жазылған жоқ. Тек мерзімді баспасөз беттерінде мектеп мұғалімдерінің нақты ұсыныстар жасаған шағын мақалалары ғана жарияланды [94]. Өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан тарихының оқу бағдарламаларының жаңадан жасалғандары, өнделгендері бар небары алты бағдарлама жарық көрді. Тұңғыш бағдарламаны жасау үшін Оқу министрлігі жанынан арнайы комиссия құрылып, оған белгілі тарихшылар, тарихшы-әдіскерлер, тәжірибиелі мұғалімдер қатысты [83]. Сол комиссия дайындаған бағдарламаның жобасы тұңғыш рет баспасөзде жарияланып, жұртшылықтан көптеген ұсыныстар түсіп, бағдарламаның жобасын жетілдіруге пайдасы тиді. Кейін де бағдарламаның кейбір жобалары баспасөзде жарияланды. Сөйтіп, Қазақстан тарихының бағдарламаларын дайындау бағытында едәуір жұмыстар жасалып, жақсы пайдалы тәжірибие жинақталды.
60-жылдардың ортасынан бастап Кеңес мектебінің жұмысында үлкен өзгерістер болды, ол жаңа білім мазмұнына көшті. Оған себеп болған КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 10 қарашадағы "Жалпы білім беретін мектептің жұмысын одан әрі жақсарту шаралары туралы" қаулысы [81] еді. Осы қаулыға байланысты тарихты оқытуға да елеулі өзгерістер жасалып, жаңа бағдарламаға енгізілді. Олардың ең бастылары: білім мазмұнын жетілдіре отырып, оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруды қамтамасыз ету; тарихи білімнің оқушыларды тәрбиелеушілік, дамытушылық мүмкіндігін арттыру; тарихтың жүйелі курсын бір-ақ рет оқыту; оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін ескеру; КСРО тарихының үлкен кезеңдері бойынша өлке материалын енгізу; бүкіл ел мектептерінде бұған дейінгі тарихтың жүйелі курсын оқыту тәжірибиесін мұқият ескеру, т. б. Қазақ ССР тарихының да жаңа бағдарламалары дайындалып, ол 1966/67 оқу жылынан бастап пайдаланылды [30].
Алғаш Қазақ ССР тарихын оқу жоспарына, мектепке ендіру мәселесі шешілісімен-ақ, осы курстың бағдарламасынан бұрын оқу құралының жарыққа шыққаны белгілі. 1958/59 оқу жылында Қазақстан тарихын оқыту 8-сыныптан басталғанда, осы класқа арналған, көлемі 2 баспа табақтан сол ғана астам кітапша баспадан шықты. Әдістемелік аппаратсыз, иллюстрациясыз шығып, оқу жылының қарсаңында мектептерге таратылған осы кітапша үлкен оқиға, барлық мектепте Қазақстан тарихын оқытудың басы, болашақта мектеп курсының, дербес пәннің қалыптасуына жасалған алғашқы қадам болды. Бұл кітапшаны өңдеп, жетідіру және келесі сыныптар үшін тұрақты оқулықтар дайындау жұмыстары одан әрі жүргізіліп жатты. Қазақ ССР Оқу министрлігі Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Е. Бекмахановқа 8—9 және 10-сыныптар үшін Қазақ ССР тарихы оқулықтарын жазуды тапсырды, келесі жылы ол оқулықтар баспадан шықты [83].
Қазақстан үкіметі де республика тарихының мектептерде қамтылуына мән беріп, осы курстың қалыптаса түсуіне қамқорлық жасап отырды. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі 1960 жылы 16 мамырда "Қазақ ССР тарихының оқулықтарына конкурс жариялау туралы" қаулы алды. Бірақ та конкурс мерзімі аяқталғанша комиссияға ешқандай қолжазба түспеді. Оның мерзімі ұзартылса да нәтиже болмады. Сондықтан да республика Оқу министрлігі проф. Е. Бекмахановқа Қазақ ССР тарихынан мектепке арналған екі оқулық: 7-8-сыныптарға арналған элементарлық, 9-10-сыныптарға арналған жүйелі курстар бойынша (сол кездегі мектеп құрылымына сәйкес) оқулықтар жазуды тапсырды және олар уақытылы дайындалып, қолжазбалар талқыланып бекітілді. Келесі жылдары бұл оқулықтар да баспадан шықты.
1962/63 оқу жылынан бастап республиканың жалпы білім беретін мектептерінің 4-сыныптарында да Қазақстан тарихының материалдары оқытыла бастады. Бұл сыныпқа арналған оқу құралы да дер кезінде баспадан шықты. Қазақстан тарихының 8, 9, 10-(кейін 8-9, 10, 11-) сыныптарға және 4(5)-сыныпқа арналған осы үш оқулығы -жылдардың аяғына дейін үш (қазақ, орыс, ұйғыр) тілде баспадан шығып тұрды. Кеңес мектебі алдына қойылған жаңа талаптарға сай олар да өнделіп, жетілдіріліп отырды. Бұл оқулықтардың республиканың миллиондаған жастарына өз елінің, оның халықтарының тарихын таныстыруда пайдасы тиді.
Осы бетте Қазақстан ҰҒ академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың тарих ғылымымен қатар, Қазақстан тарихы мектеп курсының қалыптасуына елеулі еңбек еткенін атап өтуді орынды санаймыз. Қазақстанның, сондай-ақ көрші елдердің архивтеріндегі құжаттарды, басқа да материалдарды тиімді пайдалана отырып, әрі үнемі шығармашылықпен жұмыс істеген ғалым 1960—1962-жылдар арасында мектепке арналған жаңадан төрт оқулық жазып, олар кезінде шықты. Ол оқулықтар уақыт талаптарына сай жетілдіріліп, республика мектептерінде отыз жылдай пайдаланылып келді. Қазақстан тарихы мектепте оқытыла бастаған алғашқы жылдары тарихшы мұғалімдерге нақты көмек беру мақсатында "Қазақстан мұғалімі", "Учитель Казахстана" газеттері мен "Қазақстан мектебі" журналында "Тарихшы мұғалімдерге көмек" деген айдармен ғылыми-әдістемелік мақалалар жариялады. Сондай-ақ осы курсты мектепте оқытудың ғылыми проблемалары жайлы республикалық халық ағарту қызметкерлерінің жиындарында, мектеп басшылары мен мұғалімдердің семинарларында лекциялар оқып, баяндамалар жасады. Мұғалімдер мен мектеп оқушыларына арнап қосымша құралдар дайындауға белсене қатысты. Ондай құралдар қатарына Қазақстан тарихының хрестоматиялары мен очерктері жатады.
Қазақстан тарихының мектепте оқытыла бастауы, оның оқулықтарының жарыққа шығуы, жұртшылық, ғалымдар, т. б. тарапынан үлкен қолдау тапты. Мұны алғашқы оқулықтар туралы баспасөз бетінде жарияланған мақалалар дәлелдейді. 1959-1963-жылдары Е. Бекмаханов авторлығымен шыққан оқулықтарға журналдар мен газеттерде оннан астам пікір жарияланған. Оларда оқулықтардың көптеген тиімді жақтары, әлі де жетілдіре түсуге бағытталған ұсыныстар да айтылады [83]
Кеңес мектебінің алдына қойылған жаңа міндеттерге байланысты тарих пәнінің, соның ішінде Қазақстан тарихының бағдарламалары да елеулі өзгерістерге ұшырағандықтан 1966-1990-жылдар арасында жоғары кластарға арналған оқулықтар екі рет 1967, 1987-жылдары өзгерістерге ұшырады. Төменде сол оқулықтар талданады.
Профессор Е. Бекмахановтың 1967 жылы өнделіп шыққан оқулығын сол кездегі оқулықтарға қойылатын педагогикалық талаптар тұрғысынан қарағанда автордың осы ғылым саласын терең білетіндігі, сол кездегі коммунистік идеологиядан туындаған талаптарды толық басшылыққа алғандығы, оқулық жазу тәжірибиесін меңгергендігі байқалады.
Оқулықта Қазақстан тарихының орта мектеп оқушылары білуге тиісті әрі тәрбиелік мүмкіндігі мол ең елеулі тарихи фактілер, оқиғалар іріктелген. Тарихи материалды беруде баяндау, сипаттау, түсіндіру, жинақтап-қорытындылау тәсілдері тиімді пайдаланылып, оқушылардың дайындық дәрежесі мен жас ерекшеліктері ескерілген. Әсіресе 7-8-сыныптар оқулығы тартымды жазылған. Оқушыларды моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығы, 1836-1838 және 1916-жылдарғы көтерілістер, Ұлы Отан соғысы, мәдениет тарихына қатысты материалдар қызықтыратыны байқалды. Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрессивтік жағы, сондай-ақ еңбекшілердің енді екі жақты қанауға түскені, халықтар арасындағы достық қатынастар, аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек дәстүрі туралы материалдар да ұтымды іріктелген.
Осы оқулықты мектепте екі-үш жыл пайдаланып байқағаннан кейін, оны әлі де жетілдіре түсу қажеттігі белгілі болды. Олар:
1. Оқулықтың Қазан төңкерісіне дейінгі бөлімінде бірқатар маңызды мәселелер: патриархтық-феодалдық қатынастар, олардың ыдырауы, Қазақстан жеріндегі мемлекеттер, олардың сипаты, құрылымы, қазақ хандығының мемлекеттік ерекшелігі, қазақ халқының құралуы сияқты күрделі мәселелер әрі нақты, әрі түсіндіріп жазуды, оларға қатысты ұғымдардың анықтамаларын толық беруді қажетсінеді. Мұндай толық ашылмаған мәселелер Кеңес дәуірі тарихында да кездеседі (қазақ ауылын кеңестендіру, Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат, 1921-1933 жылдардағы мәдениет, әсіресе халыққа білім беру саласы, т. б.).
2. Оқулықтың бағдарламаға сәйкес келмейтін тұстары бар, атап айтқанда бағдарламада көрсетілген бірқатар мәселелер оқулықта жоқ. Олардың маңыздылары: патриархалдық құлдық; ұйғырлар; XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның сыртқы жағдайы; Қазақстан комсомолы бесжылдықтың құрылыстарында, т. б.
3. Терминдерді, адам аттарын, тарихи-жағырафиялық атауларды мұқият іріктеп, азайтып, бәрін де оқушылар түсінетін дәрежеге келтіру қажет (жүз, сұлтан, би, төлеңгіт, барымта, адат, қожа, старшина, зекет, ұшыр, эксцестер, т. б.). Ал тарихи, жағырафиялық атаулардың қазіргі орынын, атын берген дұрыс.
4. Оқулықтың әдістемелік аппаратын жетілдіру қажет. Тек сұрақтар мен тапсырмалар ғана берілген және олардың сипаты бірыңғай. Көбіне нақты фактіні ғана айтуды талап етеді. Келешекте оқушылардың ойлау қызметін дамытуға себеп болатын, оларды құжаттармен, ұғымдармен өздігінше жұмыс істеуге бағыттайтын, түрлі сызбалар, кестелер сыздыратындай тапсырмалар берген дұрыс.
5. Басқа тарих курстарының, әсіресе КСРО тарихының материалдарын қайталау кездеседі, оларды қысқартқан дұрыс. Қайта, осындай мәселелерді тарихтың мынандай курсынан өткенсіздер деп еске салып кеткен орынды.
Осы оқулық туралы аталған және басқа да пікірлер біздің баспа бетінде жарияланған мақалаларымызда көрсетілді және олардың бірқатарын "Мектеп" баспасындағы оқулық редакторымен бірлесе отырып, оның келесі басылымына енгіздік.
70-жылдардың бас кезінен оқулықтарға екінші автор болып тағайындалған Н. Е. Бекмаханова жылма-жыл шығып жатқан оқулықтарды қажеттігіне қарай жетілдіріп отырды. Оқулықтарға үлкен, елеулі өзгеріс олардың 1987 жылғы басылымына енгізілді. Өйткені мектеп реформасының талаптарына байланысты 1986 жылы Қазақстан тарихының бағдарламасы үлкен өзгеріске ұшырап, ең жаңа бағдарлама жасалған болатын.
Екінші автор Н. Бекмаханова оқулықтарды бағдарламалардың талаптарына сай жетілдіру бағытында едәуір еңбектелген.
Мектеп реформасының біртұтас Отан тарихын жасау талабына сәйкес Қазақстан тарихының КСРО тарихымен байланысы, екі курсты органикалық байланыста оқыту жолдары жетілдіріле түскен; Қазақстан тарихы ғылымының кейбір жаңалықтары (алгашқы адамдар пайда болған уақыт, Есік қорғанындағы "Алтын адам", т. б.), сондай-ақ курсты дәуірлерге бөлу де жетілдірілген. Жаңадан тәрбиелік маңызы басым бірқатар материалдар енгізілген: 4 (5)-сыныпқа қазақ-орыс қатынастары, қазақ халқының қалыптасуы, Үспен руднигиндеги "Орыс-қазақ одағы", 9-10-сыныптарға азамат соғысы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес одағы халықтарының ынтымақтастығы, т. б. Қазақ халқы тарихының жекелеген мәселелері тарихи шындық тұрғысынан қарастырылған (еңбекшілердің Ресейге қосылғаннан кейін екі жақты қаналуы — VIII сынып, т. б.); КСРО тарих қайталайтын, басқа да қосалқы материалдар қысқартылған Шыңғыс хан империясының құрылуы 8-сынып); жеке тақырыптардың актуалдылығын арттыру мақсатында шағын тақырыптар біріктіріліп, атаулары маңыздырақ болып өзгертілген (мәселен, 1926-1937 жылдар арасын қамтитын бұрынғы екі шағын тақырып "Қазақстан КСРО-да социализм орнату үшін күрес жылдарында" деп өзгертілген); бұған дейін құр аталып келген бірқатар тарихи ұғымдарға анықтама-түсінік берілген (феодалдық қатынастардың озіндік ерекшеліктері, Қазақ хандығы, жүз, т. б.).
Коммунистік партия мен Кеңес үкіметінің мезгіл-мезгіл мектептердің алдына қойып отырған міндеттеріне сәйкес тарих оқулықтарына қойылатын талаптарда күрделене түсті. Мәселен, 80-жылдардың бас кезінде бұрынғыларға қоса тарих оқулықтарының бірнеше компоненттерден құралатындығы, оқулық тексінің нсгізгі, қосымша, түсіндіруші болып берілуінің пайдалылығы, текстен басқа да компоненттердің: оқу материалын меңгеру аппараты, иллюстративтік материал, бағыт беруші материалдың қажеттігі дәлелденді. Әсіресе, оқулықтың білімді меңгертудегі қызметіне ерекше мән берілді, енді ол білімді меңгертуге, оны бекітуге, оқушыларда білімді өздігінше меңгеру ынтасын қалыптастыруға, оқытудың білімдік, тәрбиелік мақсатын жүзеге асыруға көмектесуі тиіс болды [59].
Талданып отырған Қазақстан тарихының оқулықтарына жоғарыдағы талаптар тұрғысынан қарасақ, олардың әлі де жетілдіре түсетін тұстары бартын. Бұл талаптар 1990-жылдарға дейін жарық көрген Қазақстан тарихы оқулықтарында әлі де толық ескерілмеген еді.
Мектеп оқулықтарын жақсарту жөніндегі үлкен шаралар 1980-жылдардың аяқ кезінен, яғни елдегі қайта құруларға байланысты басталып, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін одан әрі жалғастырылды. Бұған осы жылдары жасалған Қазақстан тарихының жаңа бағдарламалары, әсіресе солардың негізінде жаңа оқулықтар жазуға жарияланған конкурстар [95] әсер етті. Алғашқы конкурстың шарттарында жаңа оқулықтардың уақыт талабына сай төмендегідей міндеттерге жауап беруі: білім мазмұнының реформа талаптарына сай жоғары идеялылығы, ғылымилығы, мазмұнының анық, түсінікті, жеңіл, дәл болуы; көп ұлтты мемлекетіміз халықтары тарихының ортақ зандылықтарының, халықтар достығының ашып көрсетілуі; оқулық тексін артық деталдардан, адам аттарын, цифрларды көп қолданудан арылту көрсетілген. Алайда бәйгенің шарттарында бірқатар қажетті мәселелер анықталмай қалған. Мәселен, кластар бойынша бөлінетін сағаттар мөлшері, соған сәйкес оқулықтардың көлемі, қолжазбалардың қаралып бітетін мерзімі, бәйге алатын оқулықтарға берілетін сыйлықтың мөлшері т. б. Сондықтан да болар бұл конкурсқа қатысушылар тым аз болды. Алғаш көп жылдардан бері осы оқулықтарды жазып келе жатқан авторлар Т. Тұрлығұловтың 5, Н. Бекмаханованың 8-9-сыныптар үшін жазған қолжазбаларынан басқа ештеме түспеген. Конкурс комиссиясының шешімі және оны бекіткен Білім министрлігі алқасының бұйрығы бойынша бұл екі қолжазбаға да бірінші бәйге берілді. Осы оқулықтар бойынша жүргізілген бақылау, зерттеу жұмыстары олардың төмендегідей сәтті жақтарын атауға мүмкіндік береді: сол уақыт тұрғысынан қарағанда ғылыми, тарихи, объективтілік талаптарға сай келетіндігі; тарихи фактілер мен оқиғаларды, ұғымдарды іріктегенде педагогикалық талаптардың ескерілгендігі; мазмұнының, тілінің оқушылардың дайындық дәрежесіне сай келетіндігі; әдістемелік аппараттарының бұрынғылармен салыстырғанда біраз жетілгендігі, әсіресе оқушылардың ойлау қызметін дамытатын сұрақтар мен тапсырмалардың болуы, т. б. Сонымен қатар оқулықтардың қолжазбалары негізінен 1988-жылдары жазылғандықтан, оларда методологиялық қателіктер де болды. Мәселен, 8-9-сынып оқулығында Кенесары бастаған қозғалыс "феодалдық-монархиялық" деп бағаланды. Осындай елеулі кемшіліктері болса да бұл оқулықтар 1995 жылға дейін пайдаланылып келді.
Конкурстың шартында көрсетілген уақытта жоғары сыныптарға арналған оқулықтардың қолжазбалары түспегендіктен Халыққа білім беру министрлігі жеке авторларға тапсырма беріп, олар 8, 9, 10 және 11-сыныптар оқулықтарын дайындады.
Мектепке арнап сапалы оқулық дайындаудың бірден-бір тиімді жолы-бәйге жариялау. Бірақ та осындай жауапты іске немқұрайлы қараса, оның нәтижесіз аяқталатынын жоғарыда келтірілген фактілер көрсетіп отыр. Сондықтан да біз Қазақстан тарихының оқулықтарына бәйге жариялауда кеткен кемшіліктерге әдейі тоқталдық. Келешекте мұндай бәйгелер тағы да жарияланады. Демек, өткенде кеткен келеңсіздіктер сабақ болуы тиіс.
Қазақстан тарихы енді ғана дербес пәнге айналып, оған бөлінген сағат саны 4-5 есе көбейтіліп, іле-шала пәннің жаңа оқулықтарының тез жарыққа шығуы маңызды кұбылыс болды. Ескі оқулықтар пайдалануға жарамай қалып, мұғалімдер мен оқушылар қолында ешқандай қосымша құрал жоқ кезде олар білімдік, танымдық, тәрбиелік тұрғыда маңызды қызмет атқарды. Авторлар: Д. Бабаев, Н. Бекмаханова, Ж. Қасымбаев, М. Қозыбаевтардың және "Рауан" баспасының халыққа білім беру саласына жасаған игілікті қызметі болды.
Қазақстан тарихы мектепте оқытыла бастағаннан-ақ оның оқытылу жайын зерттеу, жақсы тәжірибиені жинақтап қорыту, мұғалімдерге нақты көмек беру мақсатында ғылыми-әдістемелік мақалалар, кейінірек кітапшалар жарық көрді. Осы бастаманың басында әдіскер-тарихшы Т. Т. Тұрлығұлов тұрды. Оның 1965 жылға дейін екі әдістемелік кітапша және Қазақстан тарихының мектепке арналған хрестоматиясы жарыққа шықты. Олардан кейін жарық көрген Қазақ ССР тарихын оқытудың кейбір мәселелері" деген әдістемелік кітаптың осыған дейінгі еңбектерден айырмашылығы болды. Алғашқы кітапшаларда негізінен сабақтың әдістемелік жоспарлары баяндалса, бұл еңбекте осы курсты оқытудың мұғалімдерге нақты көмек боларлық бірқатар әдіс-тәсілдері қарастырылған. Автор республика мектептері тарихшыларының соңғы 4-5 жылғы тәжірибиесіне сүйене отырып: Қазақ КСР тарихы материалдарын КСРО тарихымен органикалық байланыста оқыту; ауызша баяндау әдіс, тәсілдері және оларды пайдалану жолдары; тарихи құжаттарды, тарихи көркем әдебиетті іріктеу және оларды пайдалану әдістемесі; көрнекі құралдарды дайындау, іріктеу және қолдану; білім мен біліктерді қалыптастыру; тарихи материалдың оқушыларға тәрбие беру мүмкіндігін пайдалану; Қазақ ССР тарихынан кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру деген әдістемелік мәселелерге тоқталған. Бұл еңбекте, тарихты оқыту әдістемесінде бұрын зерттеліп, шешілмеген Қазақ ССР тарихын ССРО тарихымен байланыстыра оқыту, осы курс бойынша кластан тыс жұмыстарды ұйымдастыру деген мәселелермен қатар, аты таныс болғанмен оны қолдануда мұғалімдерге біраз қиындық келтіретін әдіс-тәсілдерді тәжірибиеде пайдаланудың тиімді жолдары баяндалады. Мәселен, олардың қатарына тарихи құжаттарды, тарихи көркем-әдебиеттерді іріктеу және пайдалану жатады.
Мектептердің жаңа білім мазмұнына көшуі, оқыту мен тәрбиелеуге қойылған жаңа міндеттер, осыған сәйкес Қазақстан тарихы бағдарламалары мен оқулықтарының өңделіп жетілдірілуі мұғалімдер алдына оқытудың сапасын арттыру міндеттерін қойды. Енді мұғалімдер өз республикасының тарихын жаңа бағдарламалармен, оқулықтармен оқытуда нақты әдістемелік көмекке мұқтаж болды. 1971-73-жылдары Қазақстан тарихын 4, 7-8 және 9-10-сыныптарда оқыту әдістемесін баяндайтын үш әдістемелік кітапшаның [83] қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шығуы мұғалімдер үшін пайдалы болды. Оларда аталған кластарға арналған Қазақ ССР тарихы оқулықтарын тиімді пайдаланудың әдістемелік жолдары көрсетілген. Оның сабақтарының білімдік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттері анықталған, олардың әдістемелік жоспарлары және жүзеге асырудың тиімді жолдары баяндалған. Бірқатар сабақ жоспарларының бірнеше нұсқамен берілуі мұғалімдерге өзі сабақ беретін сыныптың ерекшелігін ескере отырып, оларды шығармашылықпен пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл әдістемелік құралдарда жеке сабақтар бойынша қосымша материалдардың: тарихи құжаттар мен деректердің, тарихи және тарихи-көркем әдебиеттердің, көрнекі құралдар, т. б. ұсынылуы мұғалімдердің сабақтың білімдік, тәрбиелік міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыруына, оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыруға көмектеседі. Аталған еңбектерде тарих пәнін оқытуды жетілдіре түсу мақсатында оны оқыту әдістемесіне соңғы жылдары ендірілген оқушыларда тарихи ұғымдарды, біліктерді қалыптастыру, олардың жазу, таным қызметін дамыту әдіс-тәсілдеріне баса назар аударылған.
Мектепте Қазақ КСР тарихын оқытудың бірқатар іргелі мәселелерін қамтыған қорытып-жинақтаушы еңбек 1979 жылы "Қазақ КСР тарихын оқыту методикасы" деген атпен жарық көрді [83]. Бұл еңбекте Қазақ КСР тарихы мектеп курсының қалыптасу тарихы тұңғыш рет баяндалады, оны оқытудың мақсаты, білімдік-тәрбиелік маңызы мен міндеттері көрсетіледі, курстың мазмұны мен құрылымы талданады, Қазақстан тарихын оқыту әдістемесінің өзіндік ерекшеліктері ғылыми-әдістемелік тұрғыда дәлелденеді. Кітапта Қазақ КСР тарихы сабақтарына: оның ерекшеліктеріне, типтеріне талдау жасалып, әрқайсысын дайындап өткізудің тиімді жолдары көрсетілген. Тарихи білімдер мен біліктерді берік қалыптастыру әдіс-тәсілдері арнайы тараумен берілген. Бұл тарауда оқушылардың өздігінше орындайтын жұмыстарын ұйымдастыруға ерекше назар аударылған.
Бұлармен қатар Қазақстан тарихының жеке тақырыптары мен мәселелерін қамтыған әдістемелік кітапшалар да жарық көрді. "Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында" кітапшасында бағдарлама бойынша осы тақырыпты оқытуға бөлінген төрт сабақтың әдістемелік жоспары берілген, бірқатар қосымша деректерден үзінділер келтірілген. Олар сабақтардың тартымдылығын арттыра түседі және оқушыларды отаншылдыққа, адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, т. б. тәрбиелеуге өзіндік үлес қосады [96].
Тарих пәнін оқыту әдістемесіне арналған бірқатар кітапшалар мен кітаптарда да Қазақстан тарихын оқыту мәселелері қамтылған. "Тарих сабақтарындағы сурет" [97] атты шағын жинақта тарих пәнінің мұғалімі М. Абатурованың "XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан мәдениеті", "Қазақстандағы мәдени революцияның табыстары" сабақтарында Т. Г. Шевченко, Н. Хлудов, Ә. Қастеев, А. Смайлов, М. С. Кенбаев сияқты суретшілердің шығармаларын пайдалану тәжірибиесі баяндалады.
Жинақтағы Б. Мучниктің "Бояулы сурет оқушылардың ойлау қызметін дамыту құралы" деген мақаласында суреттерді пайдалана отырып, оқушылардың ойлау қызметін дамыту жолдары баяндалады. Ә. Қастеевтің, Н. Нұрмұхаммедовтың, М. Кенбаевтың шығармаларын сабақта пайдалану тәжірибиелері келтіріледі.
Мұдай өте сирек жазылатын тақырыпқа арналған әдістемелік құралдың шығуы мұғалімдерге нақты көмек болады.
1987/1988 оқу жылынан бастап республика мектептерінде Қазақ ССР тарихы жаңа, жетілдірілген бағдарламалармен оқытыла бастады. Бірақ та оқулықтар бірден өзгертілмегендіктен жаңа бағдарламалар мен бұрыннан пайдаланылып келген оқулықтар арасында елеулі айырмашылықтар болды. Мұның өзі мұғалімдерге едәуір қиындықтар келтірді. Осыған байланысты "Қазақ КСР тарихын жаңа программамен оқыту" деген әдістемелік құрал [98] жарияланды. Мұнда 4 және 7-10-сыныптардағы Қазақстан тарихының сабақ жоспарлары берілді, оларда бағдарламалар мен оқулықтар арасындағы сәйкессіздікті болдырмау жолдары көрсетілді, бағдарламаға жаңадан ендірілген, бірақ ескі оқулықтарда жоқ мәселелер бойынша қосымша тарихи материалдар ұсынылды, оларды пайдаланудың әдістемелік жолдары көрсетілді. Әсіресе республика тарихы материалдарының КСРО тарихы құрамындағы орнын анықтауға, екі курс материалын тиімді байланыстыра оқытуға, сабақтардың білімдік, дамытушылық, тәрбиелік міндеттерін жүзеге асыруға, ұғымдар мен біліктерді қалыптастыруға көбірек орын берілді.
80-жылдары Кеңес елі мектептерінің оқу-тәрбие жұмыстарын жақсарта түсуге бағытталған бірнеше құжаттар қабылданды. 1984 жылы мектеп реформасы өмірге келсе, 1986/87 оқу жылынан бастап мектептер жаңа, жетілдірілген бағдарламаларға көшті. Ал, КОКП ОК-нің февраль (1988ж.) Пленумы мектептерде Отан тарихын оқытып үйретуге ерекше мән берді. Осыған орай КСРО-ның Халыққа білім беру жөніндегі Комитетінің алқасы "КСРО тарихын оқыту туралы" 1988 жылы шілдеде арнайы мәселе қарап: ІХ-Х сыныптардағы КСРО тарихы бағдарламасы тездетіп қайта жасалсын, ол өтілетін кластарда сабақтардың 20 процентіне дейіні республикалық және аймақтық ерекшеліктерді көрсетуге арналсын және осыған лайық КСРО тарихы оқулықтары толықтырылсын деген шешім қабылдады.
Жоғарыдағы талаптарды Қазақстан тарихын оқытуда тездетіп жүзеге асыру мақсатында 80-жылдары бірнеше әдістемелік-нұсқау кітапшалар жарық көрді. Жаңа, жетілдірілген программа бойынша орыс тілінде оқытатын мектептерде Қазақ ССР тарихын өту туралы нұсқаулар [83] мен 1987/1988 оқу жылында тарих пәнін оқыту туралы [83] кітапшаларда Қазақ ССР тарихының бағдарламаларына енгізілген өзгерістер және осы курсты жаңа талаптарға сай тиімді оқытудың әдістемесі туралы нұсқаулар берілген.
Қазақстан тарихын оқытудың кейбір әдістемелік мәселелері тарих пәнін оқытуға арналған жеке кітапшаларда да әңгіме болады.
Р. ЬІ. Қонаеваның тарих сабағындағы "тәрбие жұмысы" атты еңбегінде [132] "XIX ғасырдың бірінші жартысындағы өлке мәдениеті" сабағында Махамбет Өтемісұлының қызметін, қазақ шаруаларының 1858 жылы қоқан феодалдарының езгісіне қарсы көтерілісін және Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрестік мәнін, Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтардың туған халқы алдындағы қызметін, т. б. тарихи материалдарды тәрбиелік мақсатқа пайдалану тәжірибиесі баяндалады.
4-сынып оқушыларын тарих сабақтарында тәрбиелеу мәселесіне арналған кітапшада (17) КСРО және Қазақ ССР тарихы сабақтарында оқушыларды адамгершілікке, еңбекке, отаншылдыққа тәрбиелеуде озат мұғалімдердің қолжеткен тәжірибиелері ортаға салынады.
Б. Нысанбаеваның еңбегінде мектеп оқушыларын тарихи орындарға экскурсияға шығару, Қазақ КСР-інің Орталық Мемлекеттік архиві мен басқа да мекемелерде кластан тыс жұмыстардың кейбір түрлерін ұйымдастыру тәжірибиесі баяндалады [100].
Жоғарыда аталған, қысқаша шолу-талдау жасалған әдістемелік құралдарда Қазақстан тарихын оқытудың бірқатар әдіс-тәсілдері және оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары баяндалады. Олардың бәрі алдыңғы қатарлы мұғалімдер тәжірибиелеріне негізделген. Сондықтан да бұл еңбектер мектепте Қазақстан тарихын оқытуды жақсартуға, осы курстың әдістемесінің қалыптасуына үлес қосты.
Осы курс мектепте оқытылғаннан бастап, 1993 жылға ("Қазақ тарихы" қосымшасы шыққанға) дейін оны оқытудың ғылыми-әдістемелік проблемаларын, мәселелерін дер кезінде көтеруге және қолжеткен озат тәжірибиені насихаттауға тікелей үлес қосқан "Қазақстан мектебі" журналы екенін атап өту орынды.
1960—1993-жылдар аралығында, яғни Қазақстан тарихы мектепте алғаш оқытыла бастағаннан бері бұл журналда оны мектепте оқыту мәселесіне қатысты 110-ға жуық мақала жарияланыпты. Сипаты жағынан оларды негізгі екі топқа бөлуге болады: ғылыми-әдістемелік және тәжірибие алмасу мақалалары.
Алғашқы топтағы мақалаларды көбіне әдіскер-ғалымдар, әдіскерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары жазған. Олардың арасында проблемалық, сондай-ақ сол кезде оқытуға аса маңызды көңіл бөлінген тақырыптар бар. Мәселен, Қазақстан тарихы сабақтарында партия съездері материалдарын, В. И. Ленин шығармаларын оқытып-үйрету, Қазақстан тарихын жаңа және жетілдірілген бағдарламалармен оқыту, тарихи ұғымдарды қалыптастыру, оқыту әдістерін жетілдіру, тарихи құжаттарды, көркем әдебиетті, көрнекі құралдарды, туған өлке материалдарын пайдалану, тарихи материалды адамгершілік тәрбиесін беруге, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеуге пайдалану сияқты болып келеді. Бірқатар мақалалар курстың көлемді де, күрделі тақырыптарын оқытуға арналып, солардың жеке сабақтарын ұйымдастырып, өткізуде мұғалімдерге нақты әдістемелік көмек болған.
Екінші топқа жеке мұғалімдердің өздері жинақтаған, белгілі нәтижеге жеткен тәжірибиелерін ортаға салған мақалалары жатады. Олар барлық жарияланған мақалалардың 60%-дан астамын құрайды, тақырыптары да әр түрлі. Мәселен, Қазақстан тарихы материалдарын КСРО тарихымен байланыстыра оқыту, оқушылардың өздік жұмыстарын ұйымдастыру, пәнаралық, курсаралық байланыстар, оқытуды өмірмен байланыстыру, сабақта оқушыларға эстетикалық тәрбие беру, оқыту процессінде проблемалық ситуация туғызу сияқтылар. Мақала авторларының ішінде мектепте көп жыл тарихтан сабақ беріп, мол тәжірибие жинаған К. Асылбекова, Д. Бабаев, К.М. Каменир сияқты білікті ұстаздар да, сондай-ақ жоғары оқу орнын бітіргеніне 4-5 жыл ғана болған жас ұстаздар да бар. Бұған Жамбыл облысының Свердлов ауданындағы Чапаев атындағы орта мектеп мұғалімі Талас Омарбековтың тәжірибиесі мысал болады (ол қазір әл-Фараби атындағы ұлттық мемлекеттік университеттің профессоры, тарих ғылымының докторы). Абай атындағы пединституттың тарих факультетін бітіріп, мектептегі жұмысын, 4, 8-10-сыныптарда сабақ беруден босаған ол, Қазақстан тарихынан көрнекі құралдарды өзі дайындауға кіріседі және оларды сабақта өте тиімдіпайдалана бастайды. Бұл туралы "Қазақстан мектебі" журналында "Қазақ ССР тарихы сабағындағы көрнекілік" деген мақаласы жарияланады. Онда сол сабақта пайдаланған үш суреті де берілген. Автор сабақта сол суреттерді қалай пайдаланғанына, оны басқа әдістермен: мұғалім әңгімесімен, көркем әдебиет үзінділерімен, тақтаға бормен салынған сызбалармен қалай ұштастырғанына тоқталады.
Жоғарыдағыдай мақалаларды жариялау арқылы "Қазақстан мектебі" журналының осы курсты мектепте оқытуды жақсарта түсуге, оны оқыту әдістемесінің қалыптаса бастауына белгілі дәрежеде пайда болғанын айта келіп, салыстырмалы түрде мақалалардың аз жарияланғанына және олардың тақырыптарының да шектеулі болғанына назар аударамыз. Қазақ ССР тарихы мектептерде оқытыла бастаған алғашқы жылдары (1959-1962) тіпті мақала басылмаған есебі (диссертанттың мақалаларынан басқа), ал 1964 жылдан 1973 жылға дейін жылына 1-3 мақаладан артық басылмаған, мақала көбірек басылған 1974-жылдан бергі жылдардың өзінде жарияланған мақалалар саны қазақ тілі, қазақ әдебиеті, биология сияқты пәндер бойынша жарияланған мақалалардан 2-3 есе кем. Сол жылдардағы әдістеменің маңызды тақырыптары: оқытуды ұйымдастыру формаларын жетілдіру, оқушының ойлау, таным қызметін дамытатын әдістер және оларды қолдану жолдары, тарихи материалдың тәрбиелік мүмкіндігін жүзеге асыру әдістемесі, Қазақ ССР тарихынан сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру курстың білім мазмұнының жетілмегенінен болса, екіншіден, редакцияның мұндай проблемалық мақалаларды арнайы ұйымдастыруға жеткілікті көңіл бөлмегендігінен. Техникалық құралдар жасау жөнінде де алғашқы қадамдар жасалды. Бір оқу фильмі және "VI—XII ғасырлардағы Қазақстанның мәдени ескерткіштері"; "Қазақстан бір тұтас туысқан халықтар семьясында", "Алматы-Қазақ ССР-інің астанасы", "Амангелді Иманов" атты диафильмдер жасалып, олар Қазақ ССР тарихы сабақтарында пайдаланылды. Осы диафильмдерді жасауға мектеп мұғалімдері О. Қарабалинаның, Қ. Құсанованың қатысуы қолдауға тұратын бастама еді.
Қорыта келгенде 1958/59 оқу жылынан жалпы білім беретін мектептерде оқытыла бастаған Қазақ ССР тарихы отыз жылдай уақыт ішінде ресми мектеп курсы болып қалыптасты: оқу бағдарламасы жасалды және ол бірнеше рет жаңартылып жетілдірілді; 4(5), 7(8)-10(11)-сыныптарға арналған оқулықтары да дайындалып, жыл сайын дерлік баспадан шығып тұрды және уақыт талабына сай мезгіл-мезгіл өңделіп, толықтырылды, жетілдірілді. Көрсетілген уақыт аралығында оны оқыту проблемалары ғылыми-әдістемелік тұрғыда зерттеліп, нәтижесі бойынша шағын монографиялар, жеке сыныптарда Қазақ КСР тарихы сабақтарын оқыту туралы құралдар, әдістемелік нұсқау кітапшалар, ғылыми-әдістемелік мақалалар жарияланды. Оқушыларға арналған хрестоматиялар, оқу, диафильмдер жарық көрді. Сөйтіп, Қазақ КСР тарихының мектеп курсы қалыптасты және оны оқыту әдістемесінің ғылыми негіздері жасала бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |