бөлімдері Адам қаңқасы бірімен-бірі өзара әр түрлі байланысқан жеке сүйектерден тұрады. Ересек адамның қаңқасында 200-ден астам сүйектер бар. Ағзада болатын барлық сүйектер пішіні, мөлшері жағынан ұзын сүйектер, қысқа сүйектер, жалпақ сүйектер деп бөлінеді.
Ұзын сүйектерге қол-аяқты құрайтын жіліктер жатады. Ұзын сүйектердің жілік майы толтырып тұратын ортаңғы бөлігі қуыс болғандықтан, түтікті сүйектер деп те атайды.
Жалпақ сүйектердің ұзындығы мен ені әр түрлі. Жауырын, бассүйек, қабырға, төс, жамбас сүйектері - жалпақ сүйектер.
Қаңқа - тұлға, бассүйек, иық белдеулері мен қол сүйектері және жамбас белдеулері мен аяқ сүйектері деп бөлінеді.
Тұлға қаңқасы - омыртқа жотасы мен қабырғалар және төссүйектен тұрады.
Омыртқа жотасы - тұлғаның негізгі тірегі. Адамда омыртқалардың саны 33-34, олар: 7 мойын омыртқа; 12 арқа омыртқа; 5 бел омыртқа; 5 сегізкөз омыртқа; 4-5 құйымшақ омыртқалар.
Омыртқаның құрылысы - әр омыртқаның денесі мен доғасы болады. Омыртқа доғасының көптеген (бір арқа, екі бүйір, екі үстіңгі және екі астыңғы буындық) қанаттары бар. Омыртқа доғасы иіліп, денемен тұтасқан. Омыртқалардың дәл ортасындағы кең қуыста жұлын орналасады. Мойын омыртқалардың пішіні жағынан басқа омыртқалардан біршама айырмашылықтары бар: омыртқа денесі кішілеу, бірінші мойын омыртқаның (ауыз омыртқа) денесі болмайды, ортасындағы қуысы үлкен әрі үшбұрышты. Мойын омыртқаларының біріншісі бассүйекпен байланысып, басты бұруға қатысады. Денеге күш түсуіне байланысты 3-мойын омыртқадан бастап 7-омыртқаға дейін пішіндері сәл өзгереді. Омыртқа денесі ұлғайып, арқа өсіндісінің ұшы (7-омыртқадан басқасы) екіге ажырап ашаланады.
Арқа омыртқалары мойын омыртқаларынан ірілеу, арқа өсіндісі көлбеу орналасқан. Бүйір өсінділерінде және омыртқа денесінде қабырғалар бекінетін шеміршекті буын ойықтары болады. Арқа омыртқалар қабырғалармен байланысады.
Бел омыртқалары басқа бөлімнің омыртқаларымен салыстырғанда денесі жалпақ әрі үлкен. Арқа қанаттары да жуан, бұл бел бөлімінің көбірек қозғалуына әсер етеді. Бел омыртқаларына дене салмағының күші көбірек түседі. Тік жүруіне байланысты адамның омыртқа жотасы иілімдер түзеді, оның екеуінің дөңесі - мойын және бел лордозы алға қарай бағытталған. Иілімдердің болуы адамды басқа омыртқалы жануарлардан ерекшелейді және олар денені тік ұстап, еркін қозғалуды, тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді. Омыртқалар арасында серпімді омыртқааралық дискілер орналасқан. Сегізкөз омыртқалары бірімен-бірі қозғалмастай тұтасып кеткен. Пішіні үшбұрышты, ішке қараған беті сөл иіліңкіреп, ойықтау болып келеді. Ойыс жағынан сегізкөз омыртқаларының тұтасып кеткен іздері 4 көлденең бұдыр сызық болып анық көрініп тұрады. Сегізкөз омыртқаларының 4 жұп тесіктерінен жұлын жүйкелерінің тарамдалған ұштары шығады.
Құйымшақ омыртқалар қалдық ретінде тұтасып кеткен. Тек бірінші омыртқада омыртқаның кейбір белгілері ғана сақталған. Қалғандары біртіндеп кішірейген.
Барлық омыртқалар бірімен-бірі шеміршектер, бұлшықеттер, сіңірлер арқылы байланысып, омыртқа жотасын құрайды. Омыртқа жотасы - тұлғаны алға, артқа, бүйіріне қарай иіп-қозғалту арқылы түрлі қимылға келтіреді.
Омыртқа бағанасы денеге тірек болып, тұлға мен бас сүйектің қимыл-қозғалысына қатысып, жұлынды қорғайды. Омыртқа бағанасының пішіні адамның тік жүруіне байланысты қалыптасқан.Әртүрлі топтағы жануарлардың омыртқалары әртүрлі, бір-бірінен ерекше құрылымға ие. Жоғары сатыдағы омыртқалы жануарларда омыртқаларының арасында шеміршек қабаты орналасқан және олар омыртқааралық дискілер деп аталады. Олар амортизаторлар ретінде әрекет етеді және омыртқаның қозғалғыштығын қамтамасыз етеді. Әрбір омыртқа оның арасында орналасқан омыртқааралық тесіктерді шектейтін денеден және доғадан, сондай-ақ қылқанды, көлденең және буын өсінділерінен тұрады. Буындық өсінділер омыртқааралық буындарды түзеді, көлденең және қанатты өсінділерге бұлшық еттер мен байламдар бекиді, олар омырқаларды қозғалысқа келтіреді. Омыртқалардың жоғарғы доғалары жұлынды қоршайды, өсінділер омыртқаларды біріктіреді және оларға бұлшықеттер бекітіледі. Омыртқааралық тесіктер бірігіп, жұлынның орны болып табылатын омыртқа өзегін қалыптастырады. Омыртқа бағанасының түрлі бөлімдерінде омыртқалардың көлемі мен пішіні әр түрлі болады. Ересек адамның Омыртқа бағанасында 7 мойын, 12 кеуде, 5 бел омыртқалары жеке орналасқан, қалғандары бір-бірімен тұтасып сегізкөз (5 сегізкөз отмыртқасы) және құйымшақ сүйектерін (3 – 5 құйымшақ омыртқалары) құрайды. Кеуде омыртқаларына 12 жұп қабырғалар бекиді. Сегізкөз омыртқалары 17 – 25 жас аралығында тұтасып, бір сүйекке – сегізкөзге, ал құйымшақ омыртқалары жоғалып кеткен құйрықтың қалдығы (рудименті) ретінде орта жаста тұтасып, құйымшыққа айналады.[1]
Бұғана (clavіcula) — иық белдеуін құрайтын сүйектің бірі.
Адамда Бұғананың (ұзындығы 12 — 15 см) бір ұшы жауырын басымен жалғасады, оның сүйек болып қалыптасуы 16 — 20 жас аралығына келеді. Ал толықтай адам денесімен бітісіп кетуі 20 — 25 жаста аяқталады. Бұғана жануарлардың эволюциялық даму сатысында алғаш рет сүйекті балықтарда пайда болады. Тұяқты сүтқоректілерде және ет қоректі жануарларда Бұғана шала дамиды не мүлдем болмайды. Қазақ малдың бірінші кеуде қабырғасын Бұғана немесе Бұғана қабырға деп атайды
Кеуде қуысы. Қабырғалар, төс сүйектер | Қазақша медицина (kazmedic.org)
Достарыңызбен бөлісу: |