«Архимед күші». Оқушылармен амандасып алған соң, «Миға шабуыл» жасап, күштің түрлеріне байланысты сұрақтар қойып, жаңа тақырыпты анықтаттым. Содан соң интербелсенді тақтадан Архимед күші туралы видеоролик көрсеттім. Видеороликті талдап, оқушыларды 3 топқа бөлдім. Джигсо әдісін пайдаланып, 3 топқа тапсырма беріп, бір-біріне түсіндірді, сонымен қатар оқулықтан тыс оқушыларға қосымша мәліметтер А4 форматында берілді. Джигсо әдісін пайдалану арқылы оқушылар топ болып жұмыс істеп қана қоймай, барлығы бірге ізденіп, келесі топқа түсіндіру барасында тілдесім дамиды, сонымен қатар, ұсынылған мәлімет олардың естерінде тез сақталады. Осы «Архимед күші» тақырыбы 7 модульден тұратын «Блум» токсономиясы арқылы құрылып өткізілді.
Жаңа тақырыпқа байланысты жаттығу орындау кезеңінде 1-жаттығу – архимед күші тақырыбындағы формулалармен тығыз байланысты болып, оқушылардың жаңа тақырыпты қаншалықты меңгергендігі байқалды.
2-жаттығуда ауызша жаттығу орындады. Оқушылар интербелсенді тақтадан сандар таңдау арқылы сұрақтар таңдап, жауап берді.
Сергіту сәтін ұйымдастырдым. Сергіту сәтінен соң «Сәйкестендіру» әдісі бойынша формулалардың физикалық шамаларын, өлшем бірліктерін атауларын сәйкестендіруі керек.
Үйге тапсырма ретінде Архимед күші туралы эссе жазып келуге және есептер жинағынан қосымша есептер шығаруға тапсырдым.
Рефлексия бөлімінде оқушылар сабақтың мақсатына қайта оралып, мақсатқа жеткен-жетпегенін айтып, өз-өзіне «бағалау сызбасының» көмегімен баға берді.
«Тәжірибедегі рефлексия» курсына қатысқаннан бастап, 3 ашық сабақтан басқа күнделікті сабақтарымда да осы қолданған «Джигсо», «Сәйкестендіру», «Топтастыру», т.б әдістерді қолданып жүріп байқағаным:
оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артуы;
оқушылардың өз алдына қойған мақсатына жетуге деген талпынысы;
тапсырмаларды қызығушылықпен тиянақты орындауы;
жұптық және топтық жұмыс жүргізуде бір-бірімен пікір алмасуы;
рефлексия жасау барысында ойын нақты айтып жеткізуге тырысуы;
бағалау барысында менің қолданып жүрген «бағалау сызбасының» көмегімен өзін-өзі сабақтың әр бөліміне орай әділ баға беріп отыруы;
өзіне қойған бағасына түсінік беруі;
өз қатесін өзі тауып, түзетуі.
Осы курс барысында 7 модуль идеясын алғаш тыңдағанда менде үлкен қарама-қайшы пікірлер туындады, бұларды біз бұрыннан да білеміз, қолданып жүрміз деген секілді. Ал әрбір модулді жеке-жеке саралап талдаған кезде, менің пікіріме түбегейлі өзгеріс енді. Бұл бағдарламаның басым бөлігі, түрлі тәсілдер қарастырылғанына қарамастан, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері мен немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. Бұл үдеріс оқушының өз болжамдарына күмәнмен, сыни тұрғыдан қарай отырып, сол арқылы әлем , тіршілік, жаратылыс туралы өзінің түсінігін тереңдетіп, кеңейтуге ұмтылу мүмкіндігін ұлғайтады. Сонымен қатар, оқытуда модульдердің біразын осы топтық жұмыстар арқылы оқыту тиімді болып келеді. Сабақтарымда мұндай әдісті пайдалану кезінде, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы оянғанын байқадым, кейбір оқушылар, әсіресе, тұйық мінезді оқушылар, тапсырмаларды сыныптастарымен бірлесіп істеу кезінде, өздерін басқа қырынан ашты. Ал бұрынғы сабақтарда баяулық танытатын менің бақылауымда болған 7 сынып оқушылары Молдашева Нұрлы мен Нұрболатов Жанарыс есімді оқушыларда топтық тапсырмаларға қызығушылықпен қатысып отырды. Сонымен қатар, топтық жұмыстардың арқасында сыныптың ішінде ынтымақтастық атмосферасы болды, оқушылар бірлестікте жұмыс жасауға және де бір-бірін тыңдауға, өз ойын білдіруге, жасалған жұмыстарына қорытынды шығара білуге үйренді. Қорыта айтар болсам, топтық оқыту әдісін пайдаланып, сабақтарды жүргізу үшін, алдымен бұл әдісті пайдаланудың мақсатын анықтап алу керек. Сонымен қатар бұл әдіс болсын, жалпы басқа әдістер болсын, сабақтың тиімділігін арттыру керек деп ойлаймын.
Осы стратегияны қолданғанда мен өзімді тек бағыттаушы ретінде сезіндім. Топпен жұмыс істеуде оқушылар бір-бірінің пікірін тыңдап, бірлесе жазуға, өз ойларын ортаға салуға үйренді. Әр бала өздерінің пікірлерінің бағаланатынын сезіне алды. Сонымен бірге олар бір-бірімен пікір алмастырғанда балалар бірінің білмейтінін екіншісі толықтырып отырды және өзіне сенімі аздау балалар өзге балалардың айтқандарын естеріне сақтауға , олармен қосылып кішкентай болса да жазғандарын оқып беруге ынталанды. Топпен жұмыс кезінде бір баланың ойына келесі баланың ойы қосылады да, ол кеңейтілген түрде жауап болады және оның айтқан жауабын өзге оқушылар тыңдап, өз ойларын қосуға мүмкіндік алады. Бұрын тәжірибемде көрініс таппаған топтық,жұптық жұмыс кезінде балалардың бір-бірімен қарым-қатынасында диалогтық әдістің тағы бір пайдалы тұсын анық көре білдім. Баланың ойын дамыта отырып, өзімнің де ойымның дамығанын осы модул негізімен түсіндіріп бере аламын.
Қорытындылай келе, топтық жұмыс кезінде балалар өз ойларын ашық айтуға, бір-бірін тыңдап, сыйлай бастады, белсенділіктері артты. Топ мүшелері барлығының пікірінің құнды екенін ескерді.
Сабақ беру барысында мұғалім оқушымен бірге ізденіп, көп жұмыстар жасалу керек. Жаңа әдістеме бойынша жүргізілген сабақтарда жаңа ресурстар қолдандым, олар А3 форматындағы қағаздар, маркерлер, кері байланыс парақтары. Слайдтар, флипчарттар, сондай – ақ интерактивті тақтаның мүмкіндіктерін пайдалану оқушылардың қызығушылығын оятады және мұғалімдердің көрнекілік мәселесін шешіп берді. Бұдан басқа, сабаққа қажетті кестелер, дидактикалық материалдар, топтық бағалау, критериалды бағалау парақтары, рефлексия жазғызу парақтары жай сөзбен емес, электронды жазылған түрінде беріліп отырды.
Алғашқы сабақтарымда біршама кемшіліктер бой көрсетті, алғашқы сабақтарымда ойларын еркін ашық айтуға қиналды. Бірін-бірі пікірін аяғына дейін зер салып тыңдамай, өз жұмыстарымен айналысуы. Кейінгі сабақтарымда топтық жұмыстардың нәтижесінде әлсіз оқушылар да аздап болса да, ынта-жігерін танытып, ішкі уәждері оянып, өзіндік мақсаттарын қалыптастырды. Сонымен бірге сабақ үдерісінде маған қиындық келтіргені - уақыттың тапшылығы.Топпен жұмыс жасауда оқушылардың пікірлерін тыңдау, бір-біріне құрметпен қарау іс-әрекетін байқадым. Сабақ жоспары өзгергендіктен өзімнің де, баланың да өзгерісін байқадым.
Балалардың білім алғандығын анықтау үшін 7 сыныпқа көбінесе «сұрақ жауап», «дұрыс немесе бұрыс» стратегиясын қолдандым, ал 8-9 сынып оқушыларына «ыстық орындық» стратегиясын қолдандым.
Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және оқу модулі бойынша
сабақ беретін сыныптарым жас ерекшеліктері ескерілген, сондықтан білім беруде және
кері байланыс арқылы қиындық туындамайды.
Сонымен қатар, сапалы және табысты оқыту барысында оқушылардың жағдай жасау, ұтқырлығын тиімді пайдалануға, бір-біріміздің тәжірибемізбен бөлісіп, алдағы уақытта да бағдарламаның негізгі идеясы 7 модульді кіріктіре отырып сабағымызда білім дәрежесін жоғарлатуға, оқушылардың өз бетімен оқуына көмегі зор деп ойлаймын. Сонымен, барлық жеті модульдің бір-бірімен тығыз байланысты екеніне көзіміз жетіп отыр. Заманауи білім беруге жаңаша өзгеріс енгізуде ұсынылып отырған әдіс-тәсілдердің пайдасы мол екенін ескеру керек. Осындай жаңаша құрылған сабақтар өткізе отырып, оқушылардың білім сапасының артуына, білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқушылардың өз беттерімен ізденуіне, ой-бөлісуіне, ең бастысы, еліміздің дамуына өзіндік үлес қоса алатын, өзіндік ой - пікірі бар жан - жақты дамыған, білімді де, білікті тұлғаны жеке тұлға қалыптасуына өз септігімізді тигізе аламыз деп айтқым келеді. Білім беру саласындағы жаңа өзгерістер болашақ ұрпақтың ел мүддесіне еңбек етер, өзіндік ойы бар, жеке тұлға болып қалыптасуын мақсат еткендіктен өзіме жүктелген жауапкершілікті сезінемін.Өйткені, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға –мұғалім. Осындай жаңа тәсілдерді өз сабақтарымда пайдаланып, қолданып өткізіп отыратыныма сенімдімін осы бағдарлама мазмұнына сай, сабақты түрлендіру мақсатында оқытудың түрлі әдістерін пайдалансам, игі нәтижеге жетері сөзсіз.