Адамзаттың асыл тәжі мұхаммед (с а. у.) пайғамбардың өмірі


Әбу Тәліптің иманы тұрғысында



бет80/107
Дата13.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#185222
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   107
Байланысты:
Adamzatty 1187 asyl t 1241 zhi 1

Әбу Тәліптің иманы тұрғысында
Әбу Тәліптің иманы мәселесінде алуан түрлі пікірлер айтылған. Шиит ғалымдары оның демі үзілер шақта иман келтіріп, кәлиманы қайтарғанын айтса, суннит оқымыстылары имансыз кеткеніне тоқталады.
Осы тұрғыдағы таласты пікірге өз көзқарастарын білдіруші Исламтанушы ғалымдар өте көп. Солардың бірі былай дейді: “Шииттер иман келтіргенін айтады. Сунниттердің көбісі бұл көзқарасқа келіспейді.
Ал менің жеке пікірім бойынша, Әбу Тәліп Аллаһ Елшісінің пайғамбарлығын емес, жеке басын аса жақсы көрген, дәріптеген.
Әбу Тәліптің қазасына Мұхаммед (с.а.у.) бастаған мұсылмандар аза тұтып уайымдаса, мүшріктер көктен іздегендері жерден табылған кісіше қатты қуанды. Пайғамбарды қорғайтын, оның сөзін сөйлейтін Хашим басшысының болмауы мүшріктердің азғындаған үстіне азғындай түсуіне жол ашты… Әбу Тәліптің көзі тірісінде бата алмай жүргендер тістерін қайрады.
Бірде көшеден өтіп бара жатқан Расулаллаһқа имансыздардың бірі топырақ шашып, үлкен іс тындырғандай қарқ-қарқ күледі. Мұхаммед (с.а.у.) ештеңе болмағандай кете барады. Үйіне келгенде әкесінің шаң-топырақ болған күйін көрген қызы Хазіреті Фатима, мұның дұшпан әрекеті екенін дереу аңғарып, жылап жібереді. Анасының артында боздап қалған жас қыздың онсыз да жарым жан көңілі босап кеткен.
Сондағы баласының басынан сипап, көз жасын сүртіп тұрып пайғамбар - әкенің айтқаны:
“Жылама ботам, жылама. Ұлы Аллаh сенің әкеңді қорғайды…
Әбу Тәліптің барында мүшріктер маған бұлай жасауға бата алмайтын.”
Мүшріктер есірген сайын есіріп, ойларына келгенін істеді. Құтырғандары соншалық, кейбір қылықтары азулы дұшпан Әбу Ләһабтың да намысына тиіп, өзінің жақтастарын тыйған.
Бірақ ол жақтастық ұзаққа бармады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәухидке үндеп, қызметіне кіріскен сәтте дұшпандық сезімі басым түскен Әбу Ләһаб бәз баяғы қалпына келеді. Мұны көрген имансыздар айтуға ауыз бармас әрекеттерімен мұсылмандарды тұқыртады.
Хазіреті Хадишаның өлімі
Әбу Тәліпті қара жердің қойнына бергелі арадан үш күн өткен. Рамазан айы. Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) басына қайғының қара бұлты тағы да үйірілді. Ойламаған жерден алпыс бес жастағы жан жары Хазіреті Хадиша дүние салды.
Жаназа намазын пайғамбардың өзі шығарып, жерлеу рәсіміне де бас-көз болды. Аллаh сүйікті құлына қиындық беріп, сынайды дегеннің нақты дәлелі осы емес пе?
Аяулы адамдарынан айырылу Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) оңай соқпады. Қиналғанда қол ұшын берген, жылағанда жұбаныш болған парасатты, ақылды әрі адал жар Хазіреті Хадишаның орны үңірейіп, қатты білінді. Осылай болуы заңды да еді. Бүкіл қауым болып бір кездері Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қарсы шыққанда қолтығынан демеп, сүйеніш болған жалғыз қолдаушысы еді ғой ол! Жан-тәнімен жұбайына беріліп, қысымға, қыспаққа қарамастан пайғамбарлығын мойындап, ізінен ерген де сол еді. Мұхаммед (с.а.у.) Хадиша анамызды зайыбы ретінде де, былайғы адамдығы үшін де қатты жақсы көрген. Мұны Хазіреті Хадиша өлгеннен кейін жиі-жиі оны еске алып, рухына дұға бағыштауынан байқаймыз. Қала берді, марқұм зайыбының туған-туыстарына, таныс-тамырларына ылғи көмектесіп тұрған.
…Бір күні Хадиша анамыздың сіңілісі Халаның даусын естіп, бірден оны әйелінің даусына ұқсатып, өткен күндерді еске алып отырады. Сонда Айша анамыз қызғанышын жасыра алмай:
“Аллаh Тағала саған Хадишадан әлдеқайда жас, әрі сұлу әйел берді емес пе?”- деп қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Айшаның анамыздың бұл сөздерінің орынсыз екенін білдіріп, Хазіреті Хадишаның адалдығын, адамдығын, парасатын ұзақ әңгімелейді.
Хазіреті Айша өз ойының әбестігін түсініп:
“Уа, Расулаллаһ! Аллаhтың атымен сұраймын, мұнан былай үнемі Хазіреті Хадиша туралы естеліктеріңді айта жүр”- деп жуып-шайған.
Айша анамыз Расулаллаhтың (с.а.у.) марқұм жұбайы Хадишаны жиі еске алып, оның туыстарына көмектескендігін көргендегі қызғанышын төмендегідей жеткізеді:
“Аллаh Расулын әйелдерінің ішінде Хазіреті Хадишадан қатты қызғанатынмын. Хазіреті Хадишаны өмірімде көрмесем де ойымды билеген алапат сезімге ие болу қиын еді. Расулаллаh оны менің көзімше көп еске алатын. Арнайы мал сойып Хазіреті Хадишаның туыстарына ет жолдайтын. Кейде мен шыдамсызданып:
“Жер бетінде Хадишадан басқа әйел жоқ па?”- дейтінмін.
Аллаh Расулы Хадишаның жақсылықтарын санамалап айта келіп:
“Ол – менің балаларымның анасы ғой” - деп жауап беретін”
Расулаллаh Хира үңгірінде жалғыз жатқанда Хазіреті Хадиша оған тамақ таситын. Сондай бір күні Жебірейіл періште Мұхаммедке (с.а.у.):
“Ей, Аллаhтың Расулы! Анау қараңдап келе жатқан сұлба- Хазіреті Хадиша. Ол саған азық әкеле жатыр. Қасыңа жақын келгенде оған Раббыңнан және менен сәлем жолда. Жәннатта інжуден жасалған әсем сарай сол үшін дайындалғанын айт, ол жерде тек жан рақаты бар” – деген.
Хазіреті Әли де:
“Расулаллаhтың “Өз заманындағы әйелдердің қайырлысы Имранның қызы Мәриям еді. Мына үмметтің әйелдерінің ішіндегі қайырлысы – Хадиша дегенін естідім” - деген.
Қайғылы оқиғалардың бірінен соң бірі қайталануы себепті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарлығының оныншы жылын “қайғыға толы жыл” деп атаған.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   107




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет