Қасаң қабықтың коллагеназды жарақаты. Ветеринариялық клиникаға көзі жарақаттанған Бретон эпаньолы тұқымды 2 жасар ит әкелінген. Ол аң аулау кезінде оң көзінің қасаң қабығын беткейлі жарақаттап, оған консервативті ем жасалған. Ол үшін кең ауқымды әсері бар антибиотиктер: неомицин, полимиксин В және жарақаттың тартылып жазылуына оң әсер ететін N – ацетилцистеин қолданылған. Ем алғашында оң нәтиже бергендей болғанмен, бірнеше күн өткен соң жарақат асқынып, қасаң қабықта терең өзгерістер пайда болған. Жарақаттанған көзді зерттеу нәтижесінде одан жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер: эпифора (жас ағу), блефароспазм (қабақтың ашылмауы), конъюнктиваның қызаруы байқалған. Екі көздің де көру және қорғаныш – жасқану рефлекстері сақталған. Көлемдері бірдей. Оң көздің қасаң қабығының бүкіл диаметрінде терең жарақат анықталған. Жарақат жиегі ісінген. Көзді саңылау биомикроскопымен зерттегенде жарақаттың орта тұсында қасаң қабықтың негізгі қабатының (строма) толық бүлінгені, оның астындағы десцементов қабатының қопсығаны (десцементоцеле) анықталған. (Строма қасаң қабықтың ең қалың қабаты. Ол қасаң қабықтың 90% құрайды. Десцементов қабаты – қасаң қабықтың өте жұқа ең астыңғы қабаты. Сөйтіп қасаң қабықтың толық тесілу (перфорация) қаупі туған.
Жарақаттың айналасында қасаң қабықтың 2\3 бөлігінде тамырлану (васкуляризация) бар. Бұл көздің анатомиялық бүтіндігіне тікелей қауіп туғызатын жарақат.
Емі. Қасаң қабықтың жарақатының ауырлығы мен оның бүтіндігінің бұзылуы қаупіне байланысты жергілікті консервативті еммен бірге оперативті жолмен жарақатқа трансплантат отырғызылған.
Операция техникасы: Ит операция столына шалқасынан жатқызылып, операция жасалатын көзі үстіңгі жағына қаратылып бекітілген. Наркоз берілген. Премедикацияға 0,01 мг\кг есебінде ацепромазинмен («Calmivet») қолданылады. Содан соң наркозға қан тамырға 0,02 мг\кг есебінде морфин хлоргидрад және 0,02 мг\кг есебінде тилетаминзолазепам егілген. Ары қарай наркозды созу үшін изофлюран қосылған оттегімен дем алғызып отырылған. Операция жасалатын көздің қабақ терісі 1% - ды, ал көз 0,2% иодталған поливидон ерітіндісімен залалсыздандырылған. Көздегі жарақатты шірікті – іріңді заттардан микрогубка және кератомомдық пышақ көмегімен тазалап, оған хирургиялық трансплантат отырғызылған. Трансплантат ретінде торайдың аш ішегінің кілегейлі қабығының астыңғы қабатынан (Vet bio sis) дайындалған диаметрі 1 – 1,5 мм жапырақ пішінді кесінділер (диск) пайдаланылған (H.J.Featerstone., J. Sanson. C.L., Henitish. 2001; M. Boussieres., S.G. Crhne., J. Steles et cool.. 2004; M. Vanore., S. Chahony., G. Payen et cool.. 2007). Марбофлоксацин («Marbocyl») антибиотигі қосылған стерильді изотоникалық ерітіндіге шыланған трансплантат жарақатқа жабылады. Жарақатты толық жабу үшін осындай 5 диск пайдаланылған. Осыдан соң микрохирургиялық әдіспен дискілердің шеті қасаң қабықтың терең қабатын қамти отырып 9\0 викрил жібімен тігілді. Барлығы 24 тігіс салынған. Операция аяқталған соң итке көзін қасымас үшін қорғаныш жаға кигізіліп, инфекцияға қарсы субконьюктивалды 0,1 мл марбофлоксацин егілген. Марбофлоксацин тағы да 20 күн 2 мл\кг есептеп пероральді қолданылған. Сондай – ақ әрбір 2 күн сайын көз физиологиялық ерітіндімен жуылып, 1 тамшы гентамицин тамызылған. 20 - шы күні зерттеу қасаң қабықтағы жарақатты трансплантат (Vet bio sis) толтырып, ол жерге берік бекіп, қасаң қабықтың эпителий қабаты пайда болғанын көрсеткен. Тағы 2 апта көзге тобрамицин және дексаметазонды күнде кешке 1 тамшыдан тамызып отырған. Операциядан кейін 3 айдан соң жүргізілген тексеруде иттің көзінің қасаң қабығындағы жарақат толық бітіп, мөлдірлігі, жылтырлығы қалпына келген. Осы әдіспен Ф.Гуль 2005 – 2007 жылдары көзінің қасаң қабығы жарақаттанған 36 ит пен мысықты емдеп, өте жоғары нәтиже алған.
Автор қасаң қабықтың жарақатының шірікті жарақатқа айналуы патогенезіндегі эпителий торшалары мен лейкоциттер бөлетін протеаза (коллагеназ) ферментінің ролін көрсеткен Бұл фермент қасаң қабықты тазартуға қатысады. Артығы көз жасындағы антипротеазамен бейтараптанады. Ал қасаң қабықтың жарақаттарында, протеаза бөлетін бактериалармен (Pseudomonas aeruginjsa) залалданған кератиттерде оның мөлшері күрт артып, қасаң қабықты ыдыратады (кератомаляция), қабынуға ұшыратады. Сондықтан бұл жағдайда коллагеназдың әсерін жоғарлататын кортикостеройдтық дәрілерді қолдануға болмайды (Ф.Гуль.2008).