«Мәселені зерттеудің дерек көздері» осы тараудың үшінші бөлімінде талданады. Тарих ғылымының негізгі дерегі мен тірегі – мұрағат құжаттары екендігі даусыз. Онсыз тұтас тарихты жазу да мүмкін емес.
Зерттеу барысында төмендегідей мемлекеттік мұрағаттар материалдары пайдаланылды. Оларға тоқталар болсақ:
- Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатынан – тақырыпқа тікелей қатысы бар № 25 «Торғай облыстық басқармасы» қорында 1868-1918 жылдарды қамтитын 6945 іс сақталған. Оның барлығы Мұрағаттық Комиссия мүшелерінің күшімен топтастырылған, жүйеленген. Облыстық басқарманың қазақ жерін бақылауға алуы, оның түпкі мақсаты, міндеті осы қорда көрініс табады.
№ 27 «Торғай облысы халық училищелерінің директоры» қорында 1903-1919 жылдардың аралығын ашатын 249 іс бар. Құжаттардың дені оқу-ағарту саласына байланысты болғанымен Орынбор Мұрағаттық Комиссиясымен тығыз араласқан, оның белсенді мүшесі болған Ғ. Балғымбаев туралы деректер молынан табуға болады.
№ 44 «Соғыс министрлігінің Жетісу облыстық басқармасы» қорында 1868-1918 жылдарды қамтитын 50026 іс сақталған.
№ 430 «Орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімі» қорында 1894-1919 жылдар аралығындағы кейбір мәселелерді ашатын 2 іс қана жинақталған.
№ 458 «Ақтөбе ерлер мұғалімдер семинариясы» қорында 1912-1918 жылдар аралығындағы мұрағаттық комиссия мүшелері А.Е. Алекторов пен Ғ.Б. Балғымбаевтар туралы материалдар баршылық.
- Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатынан № 708 «Қазақстан коммунистік (большевиктік) партиясының Орталық комитеті» қоры.
А.Б. Байтұрсынов туралы құнды деректер № 719 «Қырғыз облыстық бақылау комиссиясы» қорындағы 1-тізімдегі 67-істен де кездесті.
№ 813 «Жеке құрамды қайта қарап, тазалау жөніндегі Қырғыз облыстық комиссиясы» қорындағы 27-істе А.Б. Байтұрсыновтың жеке іс парағы сақталған.
- Ресей Федерациясының Орынбор Облыстық Мемлекеттік Мұрағаты зерттеу тақырыбымызға сай маңызды құжаттарды топтастырған. Мұрағаттық комиссия мүшелері, олардың қызметі, жинақтаған материалдары осында көрініс табады. Алдымен № 96 «Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы» қорындағы 2 тізімде 1887-1918 жылдар аралығын қамтитын 205 іс сақталғандығын атап өтеміз.
№ 10 «Орынбор губернаторы кеңсесі» қоры Орынбор Мұрағатындағы мол құжаттар жинақтаған қор екендігі белгілі. Қорда 1857-1917 жылдар аралығындағы, соның ішінде бізге қатысты Мұрағаттық Комиссия тарихына қатысты материалдар молынан кездеседі.
№ 167 қор Комиссияның 1899 жылдан мүшесі, генерал-майор Иван Васильевич Черновтың (1825-1902) өмірі мен қызметіне, қалдырған мұраларына арналған.
№ 168 қор Орынбор Комиссиясының 1903 жылдан 1917 жылға дейінгі төрағасы Александр Владимирович Поповтың (1867-1918) қызметіне арналған. Мамандығы дәрігер болғанына қарамастан, ол Орынбор өлкесінің археологиясы мен тарихының зерттелуіне мол үлесін қосты. Қорда 67 іс сақталған.
№ 169 қорда Комиссия мүшесі Сергей Никанорович Севастьянов (1863-1907) құжаттары сақталған. Қор 1890-1907 жылдар аралығын қамтитын 52 істі жинақтаған.
ОҒМК төрағасы А.В. Попов туралы құнды мәліметтер № 11 қорда да кездеседі.
Комиссияның 1914 жылдан мүшесі Иосиф Павлович Кречетович (1873 -ө.ж.б.) туралы құжаттар № 214 қорда жинақталған.
А.Б. Байтұрсыновтың Орынбордағы 1913-1914 жылдардағы өмірі мен қызметін, «Қазақ» газетіндегі еңбегін, М. Дулатовпен байланысын дәлелдейтін құжаттар № 21 қордан табылады.
Мұрағаттық Комиссияның қызметі мен тарихына тікелей қатысы бар құжаттар № 94 «Орыс Географиялық Қоғамының Орынбор бөлімшесі», № 95 «Таратылған Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесі мұрағатын қайта құру және оның іс-құжаттарын реттеу комиссиясы», № 73 «Орынбор губерниясындағы халық училищелері дирекциясы», № 164 «Орынбор губерниялық статистикалық комитеті» қорларында бар.
№ 94 қорда Комиссияның Географиялық Қоғаммен байланысы, олардың бірлесе атқарған қызметтері түрлі нұсқаулар, хаттар, жазбалармен дәлелденеді.
№ 95 қор 1881-1887 жылдар аралығындағы мұрағатты қалпына келтіру мақсатында құрылған Комиссиялардың қажырлы еңбектері туралы 16 істі біріктірген.
№ 164 қорда өз бастауын 1866 жылдан алатын Орынбор губерниялық статистикалық комитетінің 1861-1918 жылдар аралығын қамтитын 255 іс жинақталған. Қорда өлкедегі статистика бөлімінің Комиссияға дейін және 1887 жылдардан кейінгі зерттеу жұмыстары топтастырылған.
Сонымен бірге Орынбор облысының мемлекеттік мұрағатында Комиссия мүшелерінің қажырлы еңбектерімен жинақталған, олардың қолтаңбасы сақталған қорлар жеткілікті. Мәселен, № 1 «Орынбор экспедициясы», № 2 «Орынбор комиссиясы», № 3 «Орынбор губерниясы кеңсесі», № 4 «Симбирск және Уфа генерал-губернаторы кеңсесі», № 5 «Орынбор шекаралық істері», № 6 «Орынбор генерал-губернаторы кеңсесі», № 222 «Орынбор шекаралық комиссиясы», № 54 «Орынбор шекаралық соты» т.б. Комиссия мүшелерінің зерттеу аумағына еніп, кейін монография, мақала, есеп ретінде жарық көрді.
- Ресей Федерациясы Астрахан облысының мемлекеттік мұрағаты қорларынан ОҒМК тарихына байланысы бар № 857 «Астрахан өлкесін зерттеушілер – Петровский қоғамы» қорын атап өтуімізге болады. Қорда 1875-1917 жылдар аралығындағы 171 құжат сақталған.
Астрахан өлкесіне Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясынан әкелінген кітаптар, олардың кітапханаға тапсырылуы жайында № 627 «Астрахан қоғамдық кітапханалар комитеті» қоры сыр шертеді. Онда 26 іс жинақталған.
Аталған қорларға қоса зерттеу тақырыбына қатысты мол құжаттар № 1 «Астрахан азаматтық губернаторы кеңсесі» (1786-1918 жж.), № 13 «Астрахан губерниялық басқармасы» (1796-1918 жж.) т.б. қорларында жинақталғандығын атап өтеміз.
- Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында да тақырыбымыздың жан-жақты ашылуына себебін тигізген төмендегідей қорлар қаралды.
№ 99 «Мұрағатты қалыптастыру туралы Уақытша комиссия».
№ 102 «Полиция министрлігінің департаменті».
№ 581 «Ресей Ғылым Академиясының хатшысы, академик,
шығыстанушы Сергей Федорович Ольденбург (1863-1934)».
- № 730 «Сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры
Николай Павлович Игнатьев (1832-1908)».
№ 99 қор 1873-1880 жылдардағы Ресей империясындағы мұрағатты қалыптастыруды бақылауға алып, Орынбор губерниясындағы мәліметті жинақтады.
№ 581 қорда 1853-1918 жылдар аралығын айғақтайтын 101 іс сақталса, оның ішіндегі біразы мұрағат істерін қайта құру, Мұрағаттық Комиссиялар арасында материалдар алмасу жайларына арналған.
№ 730 қор 1623-1918 жылдар аралығын қамтып, 5266 істі біріктірген. Азия департаментінің Орта Азияға саясаты негізгі жүргізуші, ұйымдастырушы екендігін ескерсек, оның жолында Ресей ғылымының да бағытталғандығы дәлелдене түседі.
№ 1318 қордан А.Б. Байтұрсынов, Ж. Досмұхамедов туралы, № 1701 қордан Алаш партиясы, Алашорда үкіметі жөніндегі жазбаларды кездестіруге болады.
- ОҒМК-ның құнды беттері Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының № 564 «Батыс Қазақстан облысының мұрағаттары және құжаттары Басқармасы», № 1588 «Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты», № 432 «Қазақстан зерттеу қоғамының Орал бөлімі 1924-1927 жж.» атты қорлардан табылды.
ОҒМК-ның мол мұралары өз заманында жарық көрген газет-журналдар бетінде сайрап жатыр. Алдымен Мұрағаттық Комиссияның 35 басылымы жарық көрген «Еңбектерін» атауымыз қажет. Мұрағаттан табылған, маңызды саналған құжаттар «Еңбектері» арқылы елге, өзге ғылыми комиссияларға тарады. Бұл «Еңбектерде» бірнеше мақалалар, хаттамалар, есептер, түрлі жинақтар басылды. Соның ішінде 150-ге жуығы тікелей қазақ тарихына қатысты.
Орынбор Комиссиясы жинақтаған мұрағаттық құжаттар XIX-XXI ғасырларда жарық көрген барлық материалдар жинақтарына енді. Материалдар жинақтарына мыңдаған Комиссия мүшелері реттеген мұрағаттық құжаттар енгізілген.
«Патшалы Ресейдің Қазақстанды зерттеуі және губерниялық мұрағаттық комиссиялардың құрылуы» деп аталатын екінші тарауда Ресейдің Орта Азияға назар аударып, оны отарлау объектісі ретінде анықтап, алдымен ғылыми тұрғыдан тану жоспарын жасағаны бүгінде белгілі. Ал оның барлығы кейін Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясында есепке алынып, толықтырылып, реттеліп, бүгінге жетіп отыр. 1887 жылы құрылған губерниялық мұрағаттық комиссияның толық жұмыс жасауына алғышарттар толық жеткілікті еді. Оған саяси да, экономикалық та, ғылыми да дайындық басы XVIІІ ғасырдан бастап қалана бастаған-ды. Бізге жеткен Комиссияның басылымы «Еңбектерінде» оның мүшелерінің қаламынан туған зерттеулер оны толық дәлелдейді.
А.И. Тевкелев (1674/75-1766) шығыс халықтары тілдерінің маманы ретінде патша бұйрығымен 1731 жылы 5 қазанда Кіші жүз ханымен кездесіп, 1732 жылы 24 қарашада қазақ еліндегі елшілігін аяқтап Ресейге кері аттанды. 1731-1733 жылдарды қамтитын 140 беттік «Аудармашы Мамет Тевкелевтің қырғыз-қайсақ ордасында болған кезіндегі Күнделігі» Қазақстанның XVIІІ ғасырдың І жартысын ғылыми тануда маңызды дерек екендігін атап өтеміз [29, с.6-20].
А.И. Тевкелевпен қатарлас Ресейдің Азия бағытындағы саясатын жүзеге асыруда Сенаттың обер-секретары И.К. Кирилов та (1689-1737) ат салысты. Ол экономикалық географияға назар аударып, Азиямен шектес шекараны күшейту мақсатында картография ғылымына назар аударды. П.Н. Столпянский 1908 жылғы «Орынбор қаласы. Қаланың топографиясы мен тарихына қатысты материалдары» еңбегін дайындау барысында комиссияда жинақталған зерттеулермен бірге, өздері реттеген мұрағаттағы № 1 қордағы құжаттарға арқа сүйеді [30].
И.К. Кирилов 1737 жылы қайтыс болғаннан кейін, Орынбор комиссиясына басшы болып, орыс тарихында көптомдық «Ресей тарихы» еңбегінің авторы В.Н. Татищев (1686-1750) тағайындалды. В.Н. Татищев Орынбор қаласын Ор өзенінен көшіру туралы шешім қабылдап, оны үкіметпен келісіп, Жайық бойындағы Қызыл тауға қайта салуды шешті. В.Н. Татищевтің Орынбор өлкесіндегі өмірі мен қызметі Орынбор мұрағаттарындағы № 2 қорда жинақталған [31].
Ресейдің Орынбор арқылы Қазақстанға бастапқы қадамдары тұсында алғашқы Академиялық экспедициясы да ұйымдастырылды. Олар арқылы Орынбор өлкесі тарихын жазған П.И. Рычков Орынбор кеңсесіндегі бай мұрағатқа ие болды. Ол Орынбордың негізінің қалануынан бастап, көршілес қазақ, Хиуа, түркімен, т.б. тарихымен байланыстыра, Орынбордың ішкі Ресей бетіндегі халықтар – татар, башқұрт, қалмақ, т.б. қосып, географиялық мәліметтерді жинақтап, 1744 жылы сүбелі еңбегін аяқтады. Ал Үлкен Орда қазақтарын Орынбор губерниясынан тыс жерде деп анық жазған. П.И. Рычковтың кеңседегі қызметін «Орынбор губерниялық кеңсесі» қорындағы құжаттар толық дәлелдейді [32]. П.И. Рычковтың ғылыми мұралары В.Н. Витевскийдің алдыңғы тарауда аталған монографиясында толық пайдаланылды.
XVIІІ ғасырдың екінші жартысындағы орыс саясаткерлерінің ғалымдарға жүктеген ғылыми бағыттары екінші Академиялық экспедициядан айқын көрінді. Бұл экспедиция 1768 жылы ұйымдастырылып, құрамына академиктер И.И. Лепехин (1740-1802), П.С. Паллас (1741-1811), И.Г. Георги (1729-1802), И.П. Фальк (1727-1774), Н.П. Рычков (1746-1784) т.б. енді. Академиялық экспедиция туралы алғаш рет қазақтардан қалам алған С.Ж. Асфендияров болатын. Ол басқарған ғалымдар 1935 жылы «Прошлое Казахстана в источниках и материалах» атты жинақты шығарып, оған экспедиция мүшелері П.С. Паллас, И.Г. Георги, И.П. Фальк еңбектерінен қазақ тарихына, этнографиясына қатысы бар тұстарынан үзінділер келтірді.
XVIIІ ғасырдың соңында Орта жүз қазақтары туралы құнды зерттеуді инженер, Сібір шекаралық шебінің командирі генерал-поручик Шпрингердің адьютанты И.Г. Андреев (1743-1801) қалдырды. Оның еңбегі 6 тараудан, 5-ші «Әдет-ғұрып» тарауы 16 бөлімнен тұрады. Қазақ халқының тарихын жазарда автор Әбілғазыға, Г.Ф. Миллерге, П.И. Рычковқа арқа сүйеп, оларды өзі жинаған материалдармен толықтырады. Тәуке, Әбілқайыр, Семеке, Әбілмәмбет, Абылай хан, т.б. туралы, олардың Ресеймен қарым-қатынасына ерекше мән берді. И.Г. Андреев салт-дәстүрге айрықша тоқталып, қазақтардағы ислам дініне, қолөнерге, кәсіпшілікке, тұрмыс-тіршілік жайына, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлді [33].
Қазақстанды танудағы жаңа кезең XІХ ғасырда басталды. Бұл кезеңде Ресей Кіші, Орта жүздегі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуді өз қолына алды. Әсіресе, ол әскери жорықтардан, сауда-саттық керуендерінен, дипломатиялық елшіліктер жіберуден айқын көрінді. Оған дәлел ретінде 1803 жылғы Я. Гавердовскийдің Бұхараға сапары [34], 1806, 1809 жылдардағы Бөкей ордасын зерттеуші Таушердің аралауы, 1820-1821 жылғы А.Ф. Негридің, Э.Н. Эверсманның, Е.К. Мейендорфтың, Х. Пандердің, П. Яковлевтің Бұхараға елшілігі, осы жылғы А.И. Левшиннің Кіші жүздегі ізденістері, кейінгі Г.С. Карелин, т.б. зерттеулері қорытындыларын келтіруімізге болады. Олардың еңбектері ғасыр соңында Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссия мүшелерінің ғылыми зерделеу аумағына енді.
Орынбор өлкесін зерттеп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалар қатарында В.И. Даль ерекшеленіп тұрады. Ол 1833 жылы әскери губернатор В.А. Перовский қарамағына келгеннен кейін, Орынбор әкімшілігіндегі әскери топограф полковник Г.Ф. Генс, кеңсе басшысы А.И. Середалармен қызметтес болды. 1833 жылы Бұхараға сапар шеккен П.И. Демезон керуеніне қосылып, алғаш рет «Шығыс істерімен» танысты. Ол 1839-1840 жылдардағы В.А. Перовскийдің Хиуа жорығына қатысты. Ресей зерттеушілері бұл жорықта, патша әскерінің қазақтардан қирап жеңіліп қайтса да, «орыс солдаттарының әскери жорықтағы ерен ерлігіне» бағалады [35, с.38].
ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары қазақ тарихына, этнографиясына, географиясына т.т. маңызы бар еңбектер прапорщик И. Виткевич, П.И. Демезон, Е.П. Ковалевский, әскери топограф, картограф И.Ф. Бларамберг т.т. экспедициялары нәтижесінде жазылды. Сөйтіп, XVIII-XIX ғасырдың 60 жылдары Қазақстанды, Азияны танудың негізі қаланды. Соның түпкі нәтижесі 1867 жылы Қазақстанның тұтастай Ресей империясы құрамына енуімен аяқталды. Енді Қазақстанды ғылыми тұрғыдан танудың жаңа кезеңі басталды.
Ресейде губерниялық ғылыми мұрағаттық комиссияларды құруға себепші болған Мәскеудегі Юстиция министрлігі мұрағатының директоры Н.В. Калачев болды. Ол 1869 жылы алғашқы Археологиялық съезде Ресейдегі мұрағат ісіне реформа қажеттігін түсіндірсе, 1871 жылы Екінші археологиялық съезде тағы да баяндама жасап, мұрағатты орталықта ғана емес, өзге қалалардан да құру қажеттігі айтылды. Осыған байланысты Ресейдің Министрлер Комитеті 1873 жылы 27 ақпанда арнайы мұрағат құрылымымен айналысатын Уақытша комиссия құрып, төрағалыққа Н.В. Калачевты және оның құрамына министрліктер мен мекемелердің 28 өкілін сайлады. Комиссияның басты қарастырған мәселесі мұрағат құжаттарын жоюды тоқтату және дара мұрағаттық мекемелерді орталықтандыру; губерниялық ғылыми мұрағаттық комиссияны құру; Ресейдің мемлекеттік, қоғамдық мекемелеріндегі түрлі мұрағат қорларындағы құжаттарды жинау және белгілі бір жүйеге келтіруді көздеді. Онда Орынбор генерал-губернаторлығындағы мекемелік мұрағаттар туралы мәліметтерді толық білу мақсатында сауалнамалар ұйымдастырған.
Орынбор губерниясы басқармасының мұрағаты 1865 жылы ашылған. Онда 1795 жылдан башқұрт кантонының құжаттары, 1799 жылдан 1800 жылға дейінгі бірнеше кантондардың шығыс-кіріс журналдары, 1870 жылдан басталатын жоғарғы шенділердің хаттары, грамоталары 48000 дейін іс қағаздары мен кітаптары жинақталған. Бұдан өзге бұл мұрағатта таратылған бірнеше мекемелердің іс-құжаттары сақталған.
Қазақ тарихынан мол хабар берер келесі мұрағат – патшалық әкімшіліктің Орынбор қаласындағы Торғай облыстық басқармасының мұрағаты. Сақталған құжаттардың көнесі 1734 жылдан 1800 жылға дейінгі 371 іс және 1873 жылға дейінгі құжаттардың жалпы саны 48363 іс орналасқан. Бұл мұрағатқа жылына 1000 іс-құжат келіп түскен.
Елек уездік басқармасының мұрағаты уақытша Орынбор қаласында орналасты. Бұл мұрағатта облыстық сұлтан билеушілердің Орта бөлігінің және Орынбор дистанциясы қырғыздарының құжаттары сақталынған. Мұрағат арнайы жоюға жіберілмеген. 1870-1871 жылдардағы өртте көне құжаттар жанып кеткен.
Келесі әкімшілік мұрағат Торғай облысының Ырғыз уездік басқармасының мұрағаты Ырғыз қаласында орналасқан. Бұл мұрағатта бұрынғы Орынбор қырғыздарының сұлтан билеушілерінің Шығыс бөлімінің құжаттары сақталынған. Ал келесі мұрағат Нарын құмы Хан ставкісіндегі орналасқан қырғыздардың Ішкі Ордасын басқаратын Уақытша Кеңес мұрағаты. Бұл мұрағатта ең көне іс пен жазбалар 1794 жылдан бастау алады. Осы жылдан сақталынған істер 1871 жылдан 15370 іс-құжаттар жеткен. 1794-1871 жылға дейінгі құжаттар алфавитпен тізбелеп орналастырған. Жылына мұрағатқа 1000-ға жуық іс түсіп отырған. 1863 жылы 26 қыркүйекте Ішкі Істер Министрлігінің Жарлығына сәйкес 1864 жылы мұрағаттағы керек емес және тәртіпке келтіру мақсатында қажет емес құжаттарды аукционға сатуға шығарып, бары 7060 іс-құжаттарды сатылған, ал жойылуға жіберілген құжаттардың тізбелері сақталынған [36, 2-3 пп., 8-15 пп., 18-20 пп., 24-26 пп.].
1881 жылы 11 шілдеде таратылған Орынбор генерал-губернаторлығының кеңсесіндегі іс-қағаз құжаттарын реттеп аяқтау және Орынбор Орталық тарихи мұрағатын жасақтау ОҒМК-ның үлесіне тиді.
1887 жылы 9 желтоқсанда Орынбор губернаторы Н.А. Маслаковец үйінде өткен ОҒМК бірінші жиналысында Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының ашылғандығы хабарланды. Алғашқы ОҒМК мүшелері 25 адамнан тұрды. ОҒМК төрағалығына П.Н. Распопов, орынбасарлығына Г.И. Андреев, хатшысы болып И.И. Евфимовский-Мировицкий сайланды.
Комиссияның басты мақсаты – бұрынғы Орынбор генерал-губернаторы басқармасының ауқымды мұрағатын ретке келтіруді одан әрі жалғастырып, барлық мұрағат құжаттарына ғылыми сипаттама беру болатын. Сонымен бірге губерниялық мекемелердегі жоюға бағытталған іс-қағаздарды қарап, реттеу және өздері қараған, жинақтаған іс-қағаздарды тарихи мұрағатқа орналастыруы тиіс болды. Осы ХІХ ғасырдың аяғында құрылған Комиссия жыл сайынғы жылдық есебін Археологиялық институтқа жіберіп, аталған ғылыми мекеменің бақылауында болған, ал Археологиялық институт Ғылым Академиясына есеп беріп тұрған. Сонымен бірге ОҒМК Орынбор генерал-губернаторы арқылы ІІМ бағынған.
Достарыңызбен бөлісу: |