Ахметова ұлжан төлегенқызы орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы және қызметі


«Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының практикалық қызметі»



бет16/32
Дата25.01.2022
өлшемі0,51 Mb.
#114191
түріДиссертация
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   32
Байланысты:
Ахметова лжан т леген ызы орынбор ылыми м ра атты комиссиясын (1)

«Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының практикалық қызметі» аталатын үшінші тарауда ОҒМК-ның 1887-1918 жылдар аралығындағы практикалық қызметі талданады.

Орынбор губернаторы Н.А. Маслаковец «Орынбор тарихи мұрағатын құрудың мәні өлкенің көне тарихи ескерткіштерінің бары дерлік бұрынғы Орынбор әскери генерал-губернаторының кеңсесінің мұрағатында жатыр. Сонымен бірге, бұл жобада болашақ құрылғалы отырған мұрағатқа аса маңызды тарихи құндылығы бар бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығының мемлекеттік мекемелерінде сақталған іс-құжаттар кіреді. Әзірге бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығына қараған мекемелерден 21194 жуық іс-құжаттар жиналып тұр. Олар тарихи мұрағаттың негізін құрайды деп есептейміз» деп анықтады [37, 6 п.].

Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығы басқармасының мұрағатындағы құжаттарды алты бөлімге бөлді: жалпы азаматтық, құпия бөлімге, шекаралық істер бөлімі, казактар, башқұрттар, қазыналық істер бөлімі. Осы 6 бөлімді тізімдеп, істерді карточкалық жүйе бойынша арнайы беттерде хронологиялық тәртібін сақтай отыра құрастырылды [38, 14 п.].

Комиссияның 1887-1896 жылдары жұмысы баяу жүргеніне қарамастан төрағасы П.Н. Распопов мұрағатты реттеу жұмысын тоқтатпады. Мұрағат құжаттарын сақтау, жою істерді тақырыптарға топтастыру, тізім жасау, аса маңызды құжаттарды тақырыпшаның, не тізімнің басында атап көрсету туралы, тіпті кейбір тарихи маңызы бар құжаттарды жергілікті «Оренбургский листок», «Оренбургские губернские ведомости» газеттеріне жариялап отырған.

1889 жылдың 28 наурызындағы кезекті мәжілісі бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығының мұрағат құжаттарын реттеуде формулярлық тізімдерді, аттестаттарды, жарлық, грамота, рескрипті, яғни, құқықтық маңызы бар құжаттарды ерекше тізімге іліктіріп және жоюға жібермеуге шешім қабылдады.

1897 жылы Мұрағаттық Комиссияның қызметінің жандана түскенін байқауымызға болады. Комиссия төрағасы П.П. Бирк мұрағат құжаттарын хронологиялық жолмен реттеуді және жинастырған құжаттарды ғылыми жұмыстарға пайдалануға ұсыныстар жасады. Мәселен, Комиссия мүшелеріне сенім артып, мұрағат ісінің тез жүруі үшін үйге мұрағат құжатын қолхатпен беріп отырған. Бұл мекеме мүшелері қажырлы тегін еңбек еткен.

Төраға П.П. Бирк 1897 жылдың 3 шілдесіндегі кезекті мәжілісінде жазғы демалыс уақытында мұрағат ісін реттеуге ұсыныс білдіреді. Ұсынысты қабыл алған. И.С. Шукшинцевтің баяндауынша, іс-құжаттарды реттеуде И.С. Шукшинцев 14 рет, Попов 9 рет, М.Л. Юдин мен Д.Н. Соколов 5 реттен, А.В. Заварыгин 3 рет, П.В. Жуковский мен С.Н. Севастьянов 2 реттен және А.В. Васильев 1 ақ рет қатынасқан. Одан әрі 1897 жылы 14 қазанындағы мәжілісінде И.С. Шукшинцев хабарлағандай 1 тамыздан 14 қазанына дейін комиссия 3762 мұрағат құжаттарын реттеуге, оның 788 сақтауға, 2974 іс-құжат жоюға жіберілген. И.С. Шукшинцев 10, А.В. Попов пен М.Л. Юдин 1, Ф.В. Стебельский, А.В. Заварыгин, И.А. Губачев 2 және С.Н. Севастьянов 1 құжатты қараған. 1897 жылдың 5 маусымынан 1 тамызға дейін Комиссия мүшелері Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесінің 4202 құжатын қарап, сақтауға 1218 іс және жоюға 2984 істі жіберген [39, 3 сыртқы п.].

1898-1899 жылдары бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесі мұрағатын реттеу жұмысы одан әрі жалғасты. Жалпы мұрағат құжаты 1789 жылдан бастау алады. Жыл сайынғы мұрағат құжатын реттеуде Комиссия мүшелерінің өзі бірнеше мыңдаған іс-құжаттарды жоюға жіберіп отырды.

ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы Ресейдің барлық губерниялық ғылыми Мұрағаттық Комиссиялар қызметіне назар аударған кезеңі болды. 1902 жылы 18 тамызда Харьковта ХІІ археологиялық съезі болып өтті. Съезге қатынасқан Әділет министрлігінің жанындағы Москва мұрағатының директоры, заңгер-тарихшы Д.Я. Самоквасов өзі басқарып отырған мекеменің 50 жылдық мерейтойы мен ХІІ археологиялық съезіне тарту етіп, «Ресейдегі мұрағат ісі» атты 2 томнан тұратын кітабын шығарған [11]. Еңбегінде және съезде сөйлеген сөзінде Д.Я. Самоквасов патшалы Ресей мұрағаттарын мемлекеттік деңгейде орталықтандыру, заманындағы мұрағат ісі жайы, оны ұйымдастырып отырған Археологиялық институттың басқару мәселелері, губерниялық ғылыми мұрағаттық комиссиялардың мұрағат ісін қалыптастырудағы кемшін тұстарын өткір сынға алып, мұрағат ісіне кезек күттірмейтін реформа қажет деген пікірін білдіреді. Әсіресе, бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесінің мұрағатын реттеп жатқан ОҒМК-ның атына сын-пікір көп түскен. ОҒМК 1902 жылы 21 қыркүйекте Д.Я. Самоквасовтың еңбегін өздері талқылап, соңында қорытынды пікір жазып, оны 1902 жылы М-Ф. Каримов баспаханасынан кітапша етіп шығарып, дереу жан-жаққа таратқан. Комиссияның қайтарған жауабында мұрағатшының әрбір сөзіне назар аударып, қоғамдық негізде жұмыс жасап жатқан ОҒМК мүшелері бұл қарекеттерінің дұрыстығына, ел болашағы үшін қызмет жасап жатқандарына сеніммен қарады.

1910-1916 жылдары мұрағатты қарқынмен реттеуге мүмкіндік болмаған. Оны Комиссия төрағасы А.В. Поповтың қызмет бабындағы жазысқан хаттарынан байқауымызға болады. 1914 жылы 27 қаңтарда А.В. Попов Орыс Императорлық Тарихи қоғамына ОҒМК-ның жағдайын баяндай келе «өзге мұрағаттар ісін сақтау мүмкін емес. Құжаттарды сақтау қиын, орын жоқ. Қыста салқын. Жұмыс жасауға ешқандай жағдай жасалмаған. Соның кесірінен құнды құжаттар жойылуда, мысалы Орск қаласының дүниежүзілік сот мекемесінің мұрағатынан 200 пұтқа жақын іс-құжаттары сатылып кетті. Мұрағат екінші қабатта орналасқан, оған ағаш баспалдақтар арқылы көтеріледі, ал төменде күзетші үйі және мұрағат кеңсесі, кітапхана орналасқан. Қыста суықтан сия қатып қалады. Комиссия мұрағатынан өзге Орынбор губерниясында жеке мұрағаттар бар. Олардың қатарында бұрынғы Ішкі істер министрі Тимашевтің, Эверсманның, Евдокимовтардың мұрағаттарын атауға болады» – деп хабарлады [40, 27-28 пп.]. Оның үстіне ғимарат кеңейту ісі 1914 жылы бірінші дүние жүзілік соғыстың басталуына орай, кейінге қалған.

1914 жылдың 4 ақпанында Императорлық Ғылым Академиясының хатшысы С.Ф. Ольденбург мұрағаттық комиссиясына «ОҒМК-ға құрметті мүшелікке сайлағанына» ризашылығын білдіріп хат жолдап, онда «Ресейдің шығысты зерттеуіне комиссияның қосқан үлесін» атап өтіп, Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының қызметіне оң баға берді [40, 29 сыртқы п.]. Сонымен 1915 жылы да Орынбор Комиссиясы Мұрағаты құжаттары әлі де толық реттелмеген күйінде, бумаланған күйінде жата берді. Бұл құжаттарды ғылыми айналымға қоспақ түгілі, кей мекемелерге анықтама беруге де мүмкін болмаған. Дейтұрғанмен, Комиссияның кейбір ынталы мүшелері өлке тарихын баяндауға керек мұрағат құжаттарын тауып, пайдаға асырып та жатты.

1916 жылы Комиссия төрағасы А.В. Попов бұл жылда да өз ісін жалғастырды. Осы жылы комиссия мұрағаты бұрынғы тар ғимаратында қалды. Мұражайдың көшуіне байланысты 1 бөлмесі босап, келіп түскен мұрағат құжаттарын сонда реттеуге мүмкіндік туған. Әйтсе де, орын болмай мұрағат құжаттары жерге текшеленіп орналастырылды.

ОҒМК 1917 жылы 8 наурызындағы мәжілісінде Уақытша үкіметті қолдап, оған бағынамыз деген шешім шығарған [28, 70 п.].

1918 жылдың сәуір, мамыр айларында Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының мұрағатында 300000-нан аса іс-құжат жинақталды [41, 19 п.].

1887 жылдан ОҒМК-ның атқарған қызметінің ауқымды бір саласы – кітапхана ісі. ОҒМК бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығының басқармасы кеңсесінің мұрағатын жинақтап, реттеу ісінде көптеген қолжазбалар, көне кітаптар, кітапшалармен де жұмыс жасап, оларға назар аударды, одан әрі қызметі барысында осы істі жалғастырып, бірнеше ғылыми мекемелер, қоғамдардың мерзімді басылымдарымен және баспа материалдарымен алмасты. Бұның өзі жергілікті өлке тарихына қызығушылық білдірген комиссия мүшелеріне таптырмайтын ғылыми лаборатория еді. Сонымен мұрағаттық комиссия жанынан ғылыми кітапхана пайда болды.

Комиссия кітапханасы жұмысы екі бағытта ұйымдастырылды, біріншісі, сол кезеңнің кітаптары мен баспасөз материалдарын, ал екіншісі көне кітаптар мен қолжазбаларды жинақтады. Комиссия қызметін толық баяндайтын мәжіліс есептері мен хаттамаларынан байқағанымыздай, кітапхана қоры негізінен мекемелік, жеке жанұялық кітапханалардан сыйға тарту, алмасу арқылы құралған. Мысалы, ОҒМК 1893 жылы 3 мамырда Астрахан өлкесін зерттеуші Петровский қоғамына өзінің материалдарын жіберген [42, 3, 11 сыртқы пп.]. 1895 жылы Мұрағаттық Комиссия жанындағы кітапханада 6700 атаулы кітап, 10000-ға дейін томдар тіркелген [43, 51 сыртқы п.]. Кітапхана өзінің қорына түскен кітаптарды көпшіліктің талқысына салып, оқырман назарына да шығарып отырды.

1904-1910 жылдары Комиссия кітапханасының қарқынмен еңбек етіп, кітап қорының және баспасөз басылым материалдарының жиі алмасқан кезеңі болды. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі кезекті мәжілісіне төраға А.В. Попов, П.А. Незнамов, А.В. Васильев, Н. Лобов, М.Я. Божуков, Д.Н. Соколов, А.К. Носков, И.С. Шукшинцев және Санкт-Петербург университетінің профессоры В.В. Бартольд қатынасқан.

1911 жылы 459 түрлі атаумен 661 том кітап түскен, ал жыл аяғында осы жылғы түскен кітаптың барлық саны 5948-ге жеткен. Әйтсе де, бұл жылы кітапхана көпшілікке қызмет атқара алмаған. Ал Комиссия кітапханашысы А.П. Гра болды.

1915 жылы 22 сәуіріндегі мәжілісінде төраға Г.Х. Еникеевтен хат алып, жұмысты реттеуге жылына 3000 руб. бөлінгендігін хабарлады. Сөйтіп, 1916 жылы Комиссияның мұражайы мен кітапханасы Батраковтар үйінен жалға алған 4 бөлмеге орналасты. Әйтсе де мұражайдың геология және нумизматика бөлімдері Жайық жағасындағы ескі мұражайда қалдырылды [28, 1 п.].

Елде басталған төңкерістерден кейін 1918 жылғы 21 маусымнан бастап «Кітапхана мен кітап қоймаларын сақтау» атты декреті бойынша Орынборда губерниялық Халық Ағарту комиссары К. Хакимов қаладағы барлық кітапханаларды өз бақылауына алды [43, 151 п.].

ОҒМК-ы Орынбор өлкесіндегі мұражай ісінің дамуына да айтарлықтай үлесін қосты. Оның бастамасы 1896 жылдан комиссия қызметінің бір саласы ретінде төраға П.П. Бирктің ұйымдастыруымен тарихи-этнографиялық мұражай ашу бағытындағы жұмыстарымен қаланды.

Комиссия жанынан құрылған «Көнелер мұражайы» сол кезеңде 2 қабатты шағын үйдің 1 қабатындағы 1 бөлмеде орналасты. Жәдігерлер ортада 4 әйнек витринаның ішінде және 2 қабырғада бар биіктігін жапқан үлкен әйнек шкафтарда орналасты, яғни, жәдігерлер тұрған сөрелердің арасымен тек қырынан жүре алатындай мүмкіндік болған. Көптеген минерологиялық, этнографиялық, қорғандардан қазылған қазбалар жәшікте жатты. Сонымен Орынбор өлкелік мұражайында 3 000 аса көне заттар орын тепті [43, 51 сыртқы п.]. ОҒМК ұйымдастырған тарихи этнографиялық мұражайы Орынбор қаласындағы бұрынғы мұражайлардан қалған жәдігерлерді комиссия төрағасы П.П. Бирк мекемелерге арнайы хат жолдау арқылы қайтадан жинастырды. Атап айтсақ, Орынбор Неплюев кадет корпусының түрлі коллекциялары мен көне заттары комиссия мұражайына корпус директоры генерал-майор Самоцветтің рұқсат етуімен, құжат бойынша тізімделіп, комиссия мұражайына өткізілді. Оның ішінен қазақтың ұлттық киімдерінен: ер адамның қысқы киімі – етік, малақай, жарғақ, жазғы киімдерінен қалпақ, тақия тағы да өзгелерін тапсырған [44, 14-15 пп.].

Орынбор тарихи этнографиялық мұражайы өзінің онжылдық қызметінде мұражай қоры Орынбор өлкесінің экспонаттарымен толығып жатты. Қорға түскен экспонаттарды бүлдірмей сақтап, халық игілігіне жаратудың өзіне Комиссия мүшелері үлкен күш жұмсаған. Мұражай ісін дамытуда А.В. Попов, И.С. Шукшинцев, А.П. Гра, П.И. Цыпляев, И.А. Кастанье, М.М. Гельдт т.б. мүшелерінің қажырлы еңбектерінің іздері қалды. Іс жүргізуші И.С. Шукшинцев қазақ даласына жазғы сапары кезінде көне мазарларға, молаларға көз тоқтатқанын «бұл ескерткіштерді орыстардың даланы отарлауы, қоныстанушыларды әкелуі біртіндеп ескерткіштерді талқандауда, бара-бара бұл мәдени ескерткіштер жойылады, сондықтан да ең болмаса, сипаттамасын жазып алып қалуымыз керек» дей келе, бұл істе Комиссияға көмек етуге қазақ даласындағы мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерден көмек сұрауымыз қажет деген пікір білдіреді. Бұл пікірін қолдаған Комиссия мүшелері И.С. Шукшинцев пен И.В. Аничковқа қазақ молалары мен мәдени ескерткіштер жөнінде мәлімет жинаудың бағдарламасын жасауды тапсырады. Одан әрі мұражай ісін дамытуда 1903 жылғы 22 желтоқсандағы Комиссияның кезекті мәжілісінде И.С. Шукшинцев пен И.А. Кастанье мұражайдың жүйелік каталогын жасауды өз мойнына алғанын хабарлады [45, с.161, 176].

Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы мұражайының этнографиялық бөліміне жергілікті тұрғындардың жазбалары, жылнамалар, мемуарлар, өлең, жұмбақ, мақал-мәтелдер жинақтары, өлкенің өткен тарихына байланысты тұрмыстық аңыз-әңгімелер т.б. жинақталынды. 1906 жылы 23 наурыздағы Комиссияның кезекті мәжілісіне ОҒМК-ның арнайы шақыруымен қазақтың әншілері Қазақбай мен Көшелек қатысады. Әншілерге Баратулов аудармашылық қызмет атқарса, Комиссия мүшелерін В.В. Карлсон алдымен, екі әншінің өмірбаянымен таныстырып, екеуінің орындауындағы өлеңдер тізімін берген және репертуарларында кейбір бұрын-соңды естілмеген әндер барын да атап өтеді. И.С. Шукшинцевтің сүйсіне жазғаны, Комиссия төрағасы қазақ әншілерінен ән айтуды сұраған кезде, екеуі де сол жерде жалма-жан суырып салып, жолда көрген, білгенін әнге қосқан әншілердің өзге тілдің қоспасынсыз таза қазақ тілінде шырқағандығын, ең құндылығы да осы деп қазақ мәдениетінің ұлттық тілінің таза сақталуын және суырып салма ақындық өнерін жоғары бағалайды. Комиссия төрағасының әншілерді елден алдыртқан мақсаты қазақ әндері мен жырларын бұрын-соңды басылмаған, естілмеген және бір әннің бірнеше варианты болса, тарихи-этнографиялық мәні бар өлеңдерді жазып алуды көздеген болатын. Комиссия елден келген әншілерден қазақ әндерін жазып алу үшін 10 күндей Орынборда кідірте тұруды ұйғарады. Мәжіліс соңында әншінің үлкені Қазақбай Комиссия мүшелеріне төгілте күй орындап берген [46, с.34-35].

1907-1912 жылдар аралығы Комиссия мұражайының жұмысы жанданып, жаңадан түскен заттардың саны артып, мұражай күтушісі П.И. Цыпляев көне дүниелерді бірінің үстіне бірі жатпайтындай орын тауып үйлестіре қою үшін, біраз жұмыстануына тура келген. Сирек кездесетін костюмдер тағы өзге де киімдер кітапхана бөлмесіне үстел үстіне қойылған, ал көптеген тігілген заттар сандыққа салынып орын жоқтықтан сарайға не болмаса, аулаға шығарылған. Комиссия мүшелерінің пікірінше, бұндай әбігершіліктен құтқарар бір-ақ жол мұражай үшін жаңа ғимарат салу деген шешімге келді, тіпті олар мұражайдың салынар болашақ ғимараты үшін ақша жиыстыра бастады. Егер осылай жалғаса берсе мұрағат пен кітапхана сияқты мұражай да көпшілікке есігі жабылып, тіпті заттар қабылдауды тиюға тура келетіндігіне қобалжиды. Сондықтан бұл жылдардағы Комиссия үшін мұражайды кеңейту ең басты мәселе болды [47, с.9-10].

Комиссия мұражайы жыл сайын сыйға бірнеше жәдігерлер қабылдап жатты. Мәселен, А.И. Добросмысловтың этнографиялық коллекцияларын алдыртып, онда 111 заттың аты тізіліп, кейбіреуінің санының ең көбі 14 данаға дейін жеткен. Мысалы, балбал тас 1½ пұт 1 дана, 3 түрлі дулыға, 3 түрлі сауыт, 7 қылыш, айбалта, найза, масақ, оқ мылтық, қобыз, домбыра, сәукеле, қыз бөркі, тақия, ер бөрік, кездемелер, шалбарлар, шапандар, түйе жүнінен тігілген жабағы, қолғап, масахана, күрте, құран, бесік, қант дорба, ақша дорба, қолдиірмен, күбі, саптыаяқ, торсық, шақша, шөміш, кесе, текемет, киіз, бас құрық, қой шекпен, түйе шекпен, күйек, тұмарша тағы өзге де қазақтың тұрмыстық заттарын мұражайға келген халық тамашалай алды [28, 5 п.].

Мұражай ісі саласында ОҒМК тек Ресей мұражайларымен ғана байланыс орнатып қана қоймай, шет елдік мұражайлармен де хаттар және мұражай экспонаттарының көшірмелерімен, тіпті, кей жағдайда бірнеше данадан тұратын көне заттарды алмасу арқылы да байланыс орнатқан. Осындай ұсыныстардың бірі 1914 жылы 20 қаңтарда төраға А.В. Поповқа Англиядағы Гарвард университетінің мұражайынан келіп түсті. Хатта мұражай коллекцияларын, кітаптар, басылымдар алмасу ұсынысы көтерілді [48, 13-

14 пп.].

Сонымен Орынбор өлкесінің мұражайының жаңа ғимараты қалың көпшілікке 1916 жылы 6 қарашада ашылды. Мұражайға 1916 жылдың 6 қарашасынан 31 желтоқсанына дейін 825 адам қатынаған. Осы жылы мұражайға 53 экспонат тапсырылды, оның ішінде тұтас коллекциялар да болды. 1918 жылға дейін Мұрағаттық Комиссия жанындағы мұражай белгілі дәрежеде қалыптасып, өзіндік тәжірибе жинақтады.

«Мұрағаттық Комиссияның ғылыми ізденістері және нәтижелері» деп аталған төртінші тарауда ОҒМК-ның қызметінде көрініс тапқан саласының бірі археологиялық және этнографиялық зерттеулерді ұйымдастыруы еді. ОҒМК археологиялық зеттеулеріне дейін Орынбор өлкесінің көне тарихының археологиялық сипаттамасын жасауға үлес қосқан тарихшы, археолог Р.Г. Игнатьев болды. ОҒМК-ға археологиялық қазба жұмыстарымен айналысуға 1894 жылдан Археологиялық институт рұқсат етті. Осы жылдың көктем айынан бастап Комиссиядан Орынбор губерниясының территориясындағы қорғандарда қазба жұмысын жүргізуге рұқсат сұраған адамдардың саны артты. Әйтсе де Археологиялық институт қазба жұмысына бәріне бірдей рұқсат бермеді, ал рұқсат алғандардың өздері нәтижелі еңбек ете қоймады. Мәселен, осы жылы бірінші болып қазба жұмысын жүргізген А.В. Попов болды. Ол Сақмар өзенінің жанындағы қалалық саяжай қасынан «Шихан» қорғанына зерттеу жұмысын жүргізген. Мұрағаттық Комиссия төрағасы генерал-майор П.П. Бирк Орынбор губернаторынан бастап мемлекеттік мекемелерде жасайтын қызметкерлердің бәрінен көне ескерткіштер мен археологиялық тарихи қазба ескерткіштерін сақтап қалу мақсатында көмек сұраған болатын.

1904 жылдың 31 қаңтарындағы ОҒМК-ның кезекті мәжілісінде А.Л. Аниховскийдің «Торғай облысы, Қостанай уезіндегі көне қорғандар» баяндамасы тыңдалды. Осы мәжілісте комиссия төрағасы А.Л. Аниховскийге Торғай облысының археологиялық картасын жасау тапсырылды. Орынбор комиссиясының Орынбор өлкесі бойынша жасаған алғашқы археологиялық картасы осы Торғай облысының Қостанай уезінің археологиялық картасы болды. Мұрағаттық Комиссияның жинаған мәліметтері толық болмаса да, осы бір уездің өзінде 7000 көне қорғандар мен молалар картаға түсірілген [43, 72 сыртқы п.].

1904 жылы 26 мамырда Санкт-Петербургтегі Императорлық Археологиялық Комиссиясы И.А. Кастаньеге Торғай және Орал облыстарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге 1 жылға рұқсат еткен [49, 30 п.].

1908 жылы Мұрағаттық Комиссиясының белсенді мүшесі И.А. Кастанье есебінде өз жоспарлары туралы былайша әңгімелейді: «Өткен жылмен салыстырғанда, биыл қазақ даласын толық зерттеуге мүмкіндік алдым. Мен өзімді материалдық жағынан қолдаған ИОГҚ Орынбор бөлімшесіне ризашылығымды білдіргім келеді. Оның үстіне олар маған қажетті приборлармен көмектесті. Енді аталған приборлардан басқа насекомдардың коллекциясын жинау үшін қажетті құралдарды сұрағым келеді. Одан әрі зерттеуімді жалғастырмақпын. Жоспарларым, біріншіден, Торғай облысы, Ақтөбе уезінің бірнеше үңгірлерінің фауна, флора және температурасын; екіншіден, Сырдарияның Арал теңізінен Перовскіге дейінгі 20 шақырым төменгі ағысының фаунасы флорасын; Ауа-райын; төртіншіден, құмы мен соры, тұзды жерлерін зерттеймін; бесіншіден, батиметрикалық картасын жасаймын» [50, 89-89 сыртқы п.].

1909 жылы 9 қыркүйекте Комиссия кезекті мәжілісінде И.А. Кастаньенің «1909 жылғы жаздағы Ақтөбедегі қазба жұмыстары» жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Бұл сапарында бірнеше қазба жұмыстары жүргізілген-ді. Одан бірнеше қызғылықты көне дәуір ескерткіштері табылғандығын атай келе, жиналыс үстінде мыс және темірден жасалынған табылған заттарды және адам бас сүйегін әкеліп, мұражайға өткізген. Оның 1910 жылы «Қырғыз даласы мен Орынбор өлкесінің көне ескерткіштері» атты еңбегінде қазақ жеріне жүргізілген зерттеулері жинақталып, Орынбор қаласынан жарық көрді. И.А. Кастанье еңбегінің кіріспесінде: «жазылып отырған еңбекке 1868 жылғы бұйрықтан кейін Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстары, Астрахан губерниясының Бөкей Ордасы, сонымен бірге Сырдария облысының ішінара бөлігінің көне ескерткіштері енгендігін және осы еңбегімді 1911 жылға дейін ғана жаздым», - деп анық көрсетеді [6, с.5].

1911 жылы 22 сәуірде ОҒМК төрағасы А.В. Попов Торғай – Орал қоныс аударушылар істерінің меңгерушісіне хат жолдады. Онда «Мұрағаттық Комиссия мүшелерінің баяндамаларынан белгілі болғандай, соңғы жылдары Торғай облысына орыс шаруаларынан қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты, қазақ даласындағы құнды көне тарихи ескерткіштер қоныс аударушылардың шаруашылық қажетіне жаратылуда. Әсіресе, балбал тастар мен тастан қаланған көне ескерткіштер қолды болып, тоналуда. Көне ескерткіштерді бүлдіру тез қарқын алуда, тіпті соңғы жылдары көпшілік тарихи ескерткіштерді археология мен этнографияны қадірлейтіндердің сирек фотосуреттеріне қарап қана, еске алатын жағдайға жеттік. Сонымен тарихи көне ескерткіштер көз алдымызда жоғалуда. Оған нақты мысалдар келтіруге болады:

1 Орск жолындағы Ақтөбеден 10 шақырымдай жердегі Жақсы – Қарғалы өзенінің жағалауындағы ескі мола;

2 Ақтөбе уезіндегі Қосестектегі Қызылтам моласы;

3 Ақтөбе уезіндегі Көктөбе өзенінің қасындағы № 1 ауылындағы Көтібар батыр моласы.

Тағы бір мәселе келген қоныс аударушылар байлық іздеумен шұғылдануда, соның нәтижесінде жер бетінен өткен өмірімізден хабар берер аса құнды көне тарихи ескерткіштер – қорғандар, зираттар, мазарлар, обалар жоқ болуда. Ал тарихи қорымдарды рұқсатсыз қазуға тиым салынған. Сонымен Археологиялық Комиссия көне ескерткіштерді сақтауға, әсіресе, қазақ даласының кең аумағындағы ескерткіштерді сақтау үшін барлық қоныс аударушы шаруалар бөлімдерінің меңгерушілеріне осы жайтты хабарландыруыңызды өтінемін. Мәдени көне тарихи ескерткіштерді бүлдіргендерді қатаң жазалайтынын ескертсеңіздер»,- деп ашық жазған болатын [49, 15, 15 сыртқы пп.].

Мұрағаттық Комиссияның жүргізген археологиялық және этнографиялық зерттеулері еш кеткен жоқ, олар кейін Орынбор өлкетану мұражайынан экспонат ретінде көрінсе, ал жазған монография, ғылыми мақалалары комиссия жанындағы кітапханадан орын тепті.

Комиссияның ғылыми басылымында еңбектерін жариялаған ерлер гимназиясының оқытушысы, бірнеше жыл қатарынан Комиссияның ісін жүргізушісі қызметін атқарған И.С. Шукшинцев болды. Оның «Орынбор губерниясының қорғандары туралы мәлімет» атты еңбегінде Орынбор губерниясы уездеріндегі 459 қорған туралы кестеге енгізілген мәліметтері алғаш рет жарияланды [51, 1 п.].

Осы кезеңде 1887 жылдан ОҒМК-ның толық мүшесі, Орынбор казак әскері штабының көмекші адьютанты С.Н. Севастьянов та көзге түсті. Оның басты еңбектері Орынбор казак әскерилерінің тарихына арналды.

В.П. Водопьянов Степная станицасының Орынбор казак әскерилерінің есаулы, 1896 жылдан Мұрағаттық Комиссиясының толық мүшесі және мұрағат құжаттарын реттейтін арнайы комиссия құрамына тартылды. Комиссия тапсырмасымен 1897 жылдың 28 қаңтарындағы мәжілісінде «1803 жылғы поручик Я.П. Гавердовскийдің Бұхараға жасаған елшілігі» ғылыми баяндамасы тыңдалды.

Д.Н. Соколов (1867-1919) 1896 жылдан Мұрағаттық Комиссияның толық мүшелігіне сайланды. Орынбор өлкесінің тарихын, геологиясын, географиясын зерттеген Д.Н. Соколовтың Комиссия «Еңбектерінің» жинақтарына бірнеше мақалалары жарық көрді. Соның ішіндегі комиссия Еңбектерінің ХIII басылымына тұтас арналған «Башқұрттар таңбалары туралы» атты көлемді еңбегін айтуға болады. Бұл еңбегін жазарда Орынбор генерал-губернаторлығы, Тимашевтардың жеке мұрағатын, өзінің атасы мен әкесінің отбасылық мұрағатын, этнографиялық экспедициялар материалдарын және өзінің байқауларын жинақтап, қазіргі башқұрт таңбаларының шығу тарихын анықтап, оны қазақ таңбаларымен салыстырған.

1888-1902 жылдар аралығындағы Торғай облысындағы қызметі кезеңінде Комиссия мүшесі А.И. Добросмыслов қазақ халқының тарихы, мәдениеті, шаруашылығы, салт-дәстүрімен т.б. кеңірек танысты. А.И. Добросмыслов Торғай облысын аралай жүріп, бірнеше ғылыми мақалалар мен естеліктер, монографиялар жариялады. А.И. Добросмысловтың көптеген ғылыми еңбектерінің ішінен ИОГҚ Орынбор бөлімі тапсырмасымен «Торғай облысының тарихи очерктері» еңбегін атауға болады. Осы еңбек қазақ даласындағы орыс-қазақ мектептерінде оқулық ретінде ұсынылған.

А.В. Васильев (1861-1943) Мұрағаттық Комиссияға 1887 жылдан мүше болатын. Ол мұрағат істерін реттеу үшін құрылған арнайы Комиссия жұмысына тартылған. А.В. Васильев 1889 жылдан Торғай облысының қырғыз мектебінің инспекторы болып тағайындалған [52, 3, 3 сыртқы пп]. Ол Комиссия тапсырмасымен бұрынғы Орынбор генерал-губернаторы кеңсесі мұрағатындағы өзі жиыстырған мұрағат істері негізінде жазылған ғылыми мақаласы «Доктор Эверсманның Бұхараға саяхатын» дайындады.

В.Н. Витевский (1845-1906) 1898 жылдан ОҒМК-ның құрметті мүшесі болды. Оның құнды еңбегі – «И.И. Неплюев және 1758 жылға дейінгі оның құрамындағы Орынбор өлкесі» деп аталатын 3 томнан тұратын тарихи монографиясы. Бұл еңбегін даярлауда мұрағат деректерін және баспасөз материалдарын, жеке кітапхана қорларын пайдаланған. Негізгі дерек көзіне Санкт-Петербургтегі Сенат мұрағатын және Торғай облыстық басқармасының мұрағатын айналысқа енгізді. В.Н. Витевскийге бұл монографиясын жазуда Р.Г. Игнатьевпен танысуының үлкен ықпалы болған. Оның айтуынша, 1873 жылдан бастап ғалымдар арасында достық қатынас, хат алмасулар орнаған [53, 34 п.]. Монографияның негізгі мазмұны аумағы кең Орынбор өлкесінің алғашқы тарихын 1758 жылға дейін жеткізіп баяндайды.

Мұрағаттық Комиссия өзінің 1895 жылдан бері мүшесі, Орынбор казак әскерінің есаулы М.Л. Юдинді де Қазақстан және Орта Азия тарихын тануға пайдаланды. Соның ықпалымен ол 1898 жылы «Орынбор өлкесі тарихының материалдары», 1900 жылы «Түркістан өлкесін жаулағанға дейінгі Орта Азия хандықтарымен сауда жағдайы», 1913 жылы «Түрікмен халқымен қарым-қатынасының басталуы. Картамен.» еңбектерін жариялап үлгерді.

А.В. Попов (1867-1918) – Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының негізін қалаушылардың бірі, 1903 жылдан 1918 жылға дейін Комиссияның төрағасы қызметін атқарды. Мұрағаттық Комиссияға арналған 96 қорда төрағасы А.В. Поповпен оның мүшелерінің және өзге мемлекеттік, ғылыми мекемелер мен қоғамдар басшыларының жазысқан ресми хаттары мен жазбалары сақталған. Сонымен бірге Орынбор облыстық Мемлекеттік Мұрағатында А.В. Поповқа арналған жеке 168-қор жасақталған. Қорға 1821 жылдан 1918 жылдар аралығындағы құжаттар енген. Қорда А.В. Поповтың бірнеше еңбектерінің қолжазбалары тіркелген. Мәселен, Каспий теңізі және оның айналасын мекен еткен халықтар туралы зерттеуі көптеген материалдарды қамтиды. «Тарихи – халықтық сипаттағы мәселелер туралы кітаптан жазбалар мен естеліктер» қолжазбасында Геродот еңбегінен ғұндар туралы мәліметтер келтірсе, Каспий теңізі жөнінде, скифтер, геттер, сарматтар жайында [54, 45-50 пп.] пікірлерін білдірген.

Комиссия еңбектеріне дара басылыммен жарық көрген еңбектердің бірі комиссияның 1905 жылдан мүшесі Л.А. Словохотовтың «Кіші жүз қазақтарының дәстүрлі халықтық соты» атты зерттеуі. Бұл еңбек 1905 жылы Еңбектердің 15 басылымында жарияланды. Л.А. Словохотов монографиясында қазақтардың халықтық құқық санасы туралы, олардың сот ісі құрылымы, сот ісін жүргізуіне және олардың қылмыстық көзқарасына тоқталып, ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі қазақтардың халықтық сотының зерттелу деңгейіне, ол жөніндегі әдебиеттерге және заманының шыққан заң құжаттарына тоқталған.

ОҒМК-ның 1889 жылдан бастап жарық көрген «Еңбектерінде» осы 30 жылдан астам уақыт ішінде Комиссия мүшелері жариялаған мақалалары, монографиялары қазақ тарихының бай дерек көзі болып саналады және жоғарыда зерделенген оның мүшелерінің ғылыми еңбектері тарих ғылымы үшін ешқашан мәнін жоймайды.

«Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы жұмысына қазақтардың қатысуы» аталған бесінші тарауда ОҒМК жұмысына тартылған Ғ.Б. Балғымбаев пен А.Б. Байтұрсыновтардың атқарған қызметтері мен жұмыстары талданады. Ғ.Б. Балғымбаев Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының 1903 жылдың 1 ақпанындағы жалпы жиналысында толық мүшелігіне бірауыздан сайланған. Әр кезеңде жарияланған зерттеулерде Ғ.Б. Балғымбаевтың аты-жөні көрсетілгенімен, арнайы зерттеу объектісіне айналмағанын және түрлі еңбектерде аты-жөнінің әрқилы берілгеніне куә болдық. Сонымен Абдулғали, Ғабдулғали, Габдулла, Абиғали Балғынбаев, Балкимбаев, Габдул-Галиевич деп түрлі атаумен берілген, біздіңше, бір адам Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағатының № 25 «Торғай облыстық басқармасы (1869-1917)» деп аталатын қорында жеке іс қағазы жинақталған Балғымбаев Ғабдулғали Балғымбайұлы деп есептейміз [55]. 1901 жылы 5 мамырда толтырылған Орынборға қарасты Торғай облыстық басқармасының қызмет бабындағы тізбесінде Балғымбаев Ғабдулғали Балғымбайұлы 1866 жылы 20 сәуірде дүниеге келген. Ол Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебін 1886 жылы 16 қыркүйекте № 2 куәлікпен бітірген. Осы жылдың қыркүйегінде Қостанай 2 кластық училищесіне мұғалім көмекшісі болып алғашқы ұстаздық қызметін бастаған. 1887 жылы осы училищенің 1-сыныбының мұғалімі және училищенің уақытша меңгерушісі қызметін, кейін 1891 жылы Торғай облысының инспекторы қызметін қоса атқарған [55, 12-13 пп.].

Педагог Ғ.Б. Балғымбаевтың өмірінің Орынбордағы кезеңінде журналистік, публицистік, аудармашылық қызметтерімен айналысқанын байқаймыз. Орынбор тарихшысы Д.А. Сафоновтың жоғарыда аталған еңбегінде оның «Торғай облысының ведомстволары» газетінің ресми бөлімінің редакторлық қызметін 1902 жылдан 1907 жылдың 28 қаңтарына дейін басқарғаны көрсетілген. Қазақтың педагогы орыс тіліндегі материалдарды қазақшаға, қазақша мәтіндегіні орысшаға аударып отырған. 1895 жылдың 1 қаңтарынан «Торғай облысының ведомостволары» газетінің бейресми бөлімі жеке дара «Торғай газеті» атауымен жарық көре бастады. Ол 1902, 1903 жылдары «Торғай газетінің» редакторлық қызметін атқарады. Міне, осыған қарап, біз «Торғай облысының ведомостволары» мен «Торғай газетін» Қазан төңкерісіне дейінгі орыс баспасөз материалдары қазақ тарихының белгілі бір кезеңінен құнды хабар берер салыстырмалы тарихи дерек ретінде қарастырамыз.

Ғ.Б. Балғымбаев педагогтық қызметін жалғастыра жүріп, Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясымен тығыз байланыс орнатып, өлке тарихын насихаттауда қажырлы еңбек еткен. Ғылыми Комиссиясының төрағасы А.В. Попов хатында 1911 жылдың 1 наурызындағы № 195 іс-қағазында Торғай облысы Ырғыз уезінің халық училищесінің инспекторы Ғ.Б. Балғымбаевқа қазақ ақыны Сейіт-Ахмет шығармаларының баспадан шығарылу ісі қалай жүріп жатқанын хабарлауды өтінеді [56, 22 п.].

Ғ.Б. Балғымбаев 1911 жылы 2 сәуірде Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының төрағасы А.В. Поповқа Торғай қаласынан жолдаған хатында: «...Ақша жетіспеушілігіне байланысты Сейіт-Ахмет өлеңдерінің жинағы әлі шығарылмағандығын, өзінің қалтасынан 87 рубь ақша шығарып, ақынның қолжазбасымен Орынбор қырғыз мұғалімдер мектебінің мұғалімі Абдрахман Мұртазинов-Мачеевке беріп жібергенін және оған лито-типографиямен кітап етіп шығару жөнінде тапсырылғанын айтады. Ал қалған жетіспейтін қаражат Сейіт-Ахметтің туысы Торғай қаласындағы Б. Қаралдинде екендігін хабарлайды» [56, 165 п.]. ОҒМК-ның 1911 жылы 6 қыркүйегіндегі кезекті мәжілісінде Комиссия төрағасы А.В. Попов осы мекеменің толық мүшесі Ғ. Балғымбаевтан хат алғандығын, онда қазақтың халық ақыны Сейіт-Ахметтің қазақ тілінде жазылған өлеңдерінің қолжазбасын беріп жібергендігін атап өтіп, бұл қолжазбаның мазмұнымен танысып, пікір білдіруді Комиссия мүшесі М.Ф. Качинскийге тапсырма берген. Сейіт-Ахметтің шығармасын оқыған ол мағынасы жоқ шығарма деп тауып, иесіне кері қайырып беру туралы пікірін білдірген. Дейтұрғанмен, қазақ ақыны Сейіт-Ахметтің шығармасының қолжазбасы мұрағат қорында сақталып қалған.

Ғ.Б. Балғымбаевтың 1914 жылдан бастап Орынбор қаласының жандармериясы басқармасының бақылауында болғандығы жөнінде деректер кездеседі. А.Б. Байтұрсыновтың Орынборда жандарм бақылауында болған кезеңінде оның айналасындағы қазақ зиялыларының барлығы тізімге алынып, іс-әрекеттері қатаң бақылауға алынған. «Қазақ» газетінің редакторы А.Б. Байтұрсыновқа байланысты жинақтаған жандармерия құжаттарында қыр қазақтарының арызы бойынша халық ағартушысына қойылған кінә «Қазақ» газетін зорлап жаздыртып, үгіт-насихат жүргізуінің нәтижесінде газет оқырмандарының күн санап өсуі...» екен [57, 125 п.].

1912 жылдың 9 ақпандағы жылдық жалпы жиналысында төраға А.В. Попов Комиссия мүшелігіне А.Б. Байтұрсыновты переселендер басқармасының шенеунігі ретінде ұсынды. Бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды.

Жалпы А.Б. Байтұрсынов тағдыры Орынбор қаласымен жиі-жиі тоқайласқан. Оның өзінің баяндауынша, «сотсыз, тексеріссіз 8 ай отырып, Семипалатинск жандарм басқармасының сот шешімімен қазақ облыстарына 2 жылға тұруға рұқсат етпей, Орынборға жер аударылған» [58, 10 п.]. 1910 жылдың 10 наурызында Ахмет Байтұрсынов 2 жылға жер аударылып, өзімен бірге жары Бадрисафа Мұхамедсадыққызымен бірге Орынборға келеді, осыдан 1917 жылға дейін жергілікті полиция бақылауында болады [59, 149 п.].

1910 жылы Орынборға келген соң көп кешікпей өз еркімен Торғай-Орал қоныс аударушылар партиясының кеңсесіне айына 60 руб. жалақы алатын қызметкері ретінде орналасады [57, 71 сыртқы п.]. Осы Торғай-Орал қоныс аударушылар партиясының шенеунігі ретінде Орынбор қаласының ғылыми қоғамдық қызметіне де белсене араласады. Оны Орынбордағы Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының мүшелігіне қабылдануынан байқауымызға болады. А.Б. Байтұрсынов «Қазақ» газетінің редакторы кезінде ОҒМК-мен газет басылымдарын алмасқан.

А.Б. Байтұрсыновтың әрбір жылы шығармашылыққа арналады. Ол кейін «Губернатор өзгерілуі» деген еңбегінде Орынбор қаласын таңдап осында жасаған ағартушылық, ғылыми, қоғамдық қызметіне көңілі тола өзі еске алады: «Жасырын шағым болмаса, мен Қарқаралыдан Орынборға қуылмасам, Қарқаралыда тұрып осы істеп отырған ісімді істей алмас едім. Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан, алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін», - деп жазған болатын [60, 239 б.].

Орынбор Мұрағаттық Комиссиясына мүше болғаннан кейінгі келесі жылы жарық көрген есептері мен хаттамасында өзге басылымдармен қатар «Қазақ» газеті де комиссия кітапханасына өз басылымдарын жыл сайын тапсырғанын байқаймыз. Мұның барлығы тікелей А.Б. Байтұрсыновтың ұйымдастыруымен жүзеге асты. Басты мақсат Комиссия «Еңбектерінде» жарық көріп жатқан бай мұрағаттық материалдарды, ондағы үкіметтік саясатты халқына жеткізу болатын.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   32




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет