ӘОЖ 94(574): 001.8 «1887/1918» (043) Қолжазба құқығында
АХМЕТОВА ҰЛЖАН ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясының құрылуы
және қызметі (1887-1918 жж. )
07.00.02 – Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
Авторефераты
Қазақстан Республикасы
Орал, 2010
Жұмыс Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасында орындалды
Ғылыми кеңесші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор
К.Л. Есмағамбетов
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор
С.М. Мәшімбаев
тарих ғылымдарының докторы,
профессор
Қ.Ә. Ахметов
тарих ғылымдарының докторы
С.Н. Әлібек
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ Ұлттық
педагогикалық университетінің
академик
Т.С. Садықов атындағы Қазақстан
тарихы кафедрасы
Диссертация 2010 жылы 29 қазанда сағат 10.00 - да М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) жанындағы БД 14.61.26 Біріккен Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасынан (090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) танысуға болады.
Автореферат 2010 жылдың «28» қыркүйегінде таратылды
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Ә.С. Тасмағамбетов
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ халқының жүріп өткен жолын тануда және оны қайта зерделеуде 1887 жылы Орынборда ашылған Ғылыми Мұрағаттық Комиссияның атқарған қызметі, ғылымға сіңірген еңбегі бүгінгі күн үшін ерекше маңызды. Мұрағаттық Комиссия қалдырған ғылыми мұра қазақ тарихының деректер мен құжаттарының бай қоры болып есептеледі. Оның бастауымен қазіргі таңдағы мұрағаттар, мұражайлар, кітапханалар және іргелі ғылыми зерттеулер дүниеге келді. Соның негізінде төл тарихымыздың ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы деректік негіздері қаланды.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Ұлан-ғайыр аумақты иемденген, халқымыз үшін өзінің жүріп өткен жолында талай күрделі кезеңдерді бастан өткерді. Көне заманнан бастап қазіргі таңдағы қазақ тәуелсіздігі аралығында өмір желісі үзілмеген, ұрпақтар сабақтастығын жоғалтпаған тарихымыз жатыр. Міне, сондықтан да тарихтан сабақ алу, оның жетістіктері мен кемшіліктерін сезіну- әрбір қазақстандық үшін басты міндеттерінің бірі. Онсыз қоғам дамуы ілгері бармайды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі тарихымызды жаңаша пайымдауға мүмкіндік әперді. 1998 жылы Президент Жарлығымен «Халық бірлігі және ұлттық тарих жылы» жарияланып, көп ұзамай жаңа тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы дүниеге келді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тарихи тек- тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаның шапағаты мол шабытты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан арылу, сөйтіп, тарихи сананы уақыт талабына сай қалыпқа келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс», - дей отыра қажырлы ізденіс пен терең ғылыми сараптама арқылы жасалатын халқымыздың шынайы тарихының қаншалықты маңызды екендігін көпшілікке дәлелдей білді [1, 56 б.].
Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық, саяси тарихы, тұлғаларымыздың өмірі мен қызметі, өзге халықтармен қарым-қатынасы, тарихнама, деректану, фольклорлық ұлттық материалдарымыз мүдде тұрғысынан сараланып, әлемдік деңгейдегі ақыл-ой қазынасымен тарихи-салыстырмалы түрде, ішкі байланыста зерттеліп, еліміздің дамуына жаңа серпін берді. Осыған орай, қазақ тарихына, оның белестеріне тікелей қатысы бар 1887-1918 жылдар аралығында қызмет жасап, ғылымда өзіндік ізін қалдырған Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы (ОҒМК) мұрасы да заңды қызығушылық туғызады. Оны «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған шаралар да дәлелдейді.
Мұрағаттық Комиссиясы 30 жылдан астам ғұмырында ХVІІІ-ХХ ғасырлар аралығын қамтитын тікелей қазақ тарихына қатысты археология, этнография, фольклор, әдебиет және өнер саласын қоса алғанда көптеген жинақ, монография, мақалалар қалдырды. Сонымен бірге Комиссия мүшелері жинаған Ресейдің түкпір-түкпіріндегі, Қазақстандағы мұрағат құжаттары әлемдік тарихқа қосылған сүбелі үлес екендігі даусыз.
Дегенмен, Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының артында қалдырған осыншама мұрасы қазіргі таңға дейін Қазақстан, тіпті, Ресейдің өзінде де кешенді түрде зерттелген емес. Жарық көрген бірлі-жарым мақалалар хронологиялық тақырыптық тұрғыдан шектеулі зерттеулер Комиссияның Қазақстан тарихына қатысты атқарған қызметтерін жан-жақты аша алмады. Біздің ғылыми ізденісіміз Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының бұрынғы Орынбор генерал-губернаторлығы басқармасы кеңсесінің мұрағатын жинастырған тарихи этнографиялық, этнологиялық мағлұматтарға бай құжаттармен және солардың негізінде жариялаған еңбектерді кешенді түрде бұл іске қатысқан тұлғалардың қосқан үлестерін саралауға арналған. Диссертациялық жұмыстың Отандық тарихнамада тұңғыш қолға алынуы оның қоғамдық сұранысқа ие екендігін, ғылыми-танымдық және ғылыми теориялық өзектілігімен анықталады.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Мұрағаттық Комиссия 1887-1918 жылдар аралығында жұмыс жасап, қазақ тарихының ғылыми жүйеленуіне негіз қалады. Бүгінге дейін Комиссия тарихының зерттелуі бірнеше сатылардан өтті:
· 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейінгі кезең. Бұл аралықта Комиссия қалыптасып, мұрағат құжаттарын мүмкіндігінше жүйелеп, оны пайдаланып ғылыми зерттеулерін жүргізді. Соның нәтижесінде тікелей қазақ тарихын зерттеген ғалымдар еңбектеріне баға берілді және көптеген мақалаларда Мұрағаттық Комиссияның қызметі сараланды.
∙ 1917-1991 жылдар аралығы. Аталған кезеңде Кеңестік өкімет Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының қызметін мойындағанымен, оны сыни тұрғыдан бағалай келе, патша үкіметінің саясатын жүзеге асырды деген қорытындыға келді. Комиссия жинақтаған мұраның көпшілігі ғылыми айналымға енген жоқ.
· Еліміздің егемендікке қол жеткізуімен Комиссия материалдары толықтай болмағанымен, қазақ тарихына қатысты тұстары пайдаланыла басталды, бұл мекемелердің құрылу тарихы мен қызметі кешенді түрде зерттеуге ұласқан жоқ.
Зерттеу жұмысының методологиялық негіздері. Бүгінгі тарих ғылымындағы жаңашылдық, ізденушілерге берілген еркін ой мен сыни көзқарас жұмыстың толыққанды сипат алуына мүмкіндік жасады. Диссертацияның теориялық-методологиялық негіздерін соңғы жылдары қоғамдық ғылымдар қалыптастырған жаңа бағыттағы ғылыми тұжырымдары құрады. Оларды пайдаланған зерттеуші шетелдік және отандық жетекші ғалымдардың ой-пікірлерін саралап, тақырыпқа тікелей қатысы бар көзқарастар мен тұжырымдарды басшылыққа алды. Зерттеудің жалпы ғылымилық әдіснамасы тарихилықты, логикалық пен жүйелілікті біріктіреді. Сол сияқты тарихи талдау, хронологиялық, салыстырмалық, анализ, синтез, сипаттап баяндау әдістері қолданылды. Мұның барлығы сайып келгенде жұмыстың жүйелі, жинақы, бірізділік бағытында жазылуына ықпал жасады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. 1887 жылы құрылып, 1918 жылы жұмысы тоқтатылған, артында қазақ тарихына тікелей қатысы бар мыңдаған құжаттарды қалдырған Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының қызметіне жан-жақты тоқталып, кешенді түрде зерттеу жүргізу, сол арқылы комиссия мүшелерінің ғылыми мұраларын саралау, ұлтымыздың жүріп өткен жолы туралы жинақталған бай құжаттарға деректемелік талдаулар жүргізу, өткен тарихымызға сыни көзқарас қалыптастыру ізденістің басты мақсаты болып табылады. Аталған мақсатты шешу үшін төмендегідей міндеттер алға қойылды:
- ОҒМК тарихи мұрағатта жинақтаған қазақ халқын, елін жан-жақты тану мақсатындағы Ресей империясы тарапынан құрылған ғылыми экспедициялар, топтар, ғалымдар мен әскерилердің, ғылыми мекемелердің жұмыстарын жаңаша саралау;
- ОҒМК реттеген патшалы Ресей мекемелерінің тарихи мұрағатқа түскен деректері негізінде XVIII-XX ғасырдың басында Ресей үкіметі тапсырмасымен жарық көрген еңбектерді, түрлі зерттеу, ақпараттық мақалалардың түпкі мақсат-міндеттері Қазақстанды отарлау болғандығы, сол үшін олардың империялық мүддеде жүзеге асқандығын дәлелдеу;
- 1887-1918 жылдар аралығында қызмет жасаған Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының Орынборда ұйымдастырылған мұрағат ісінің дамуындағы бағыт-бағдарын анықтау, қажырлы еңбектеріне талдау жасау;
- Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясына мүше болған ғалымдар, шенеуніктер, әскерилер тізімін қайта саралап, мүмкіндігінше олардың қосқан үлестерін, зерттеу бағыттарын салыстыру және сыни көзқараспен талқыға салу;
- Мұрағаттық істерді жинақтау барысындағы түрлі қиындықтарды, орыс үкіметінің заманында отарлау кеңселерінде топталған материалдарды өз саясатына қарай ретке келтіруін және көптеген құнды деректердің жойылу себептерін заман талабына сай зерделеу;
- Ғылыми мекемелерге тартылған ұлттық интеллигенция өкілдері еңбектерін ғылыми айналымға қоса отырып, олардың қоғамдық-саяси көзқарастарын сезіну, сонымен бірге елінің ертеңі үшін қалдырған мұраларын ұрпаққа насихаттау;
- Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының 30 жылдан астам уақыт ішіндегі өзге ғылыми мекемелермен байланысына жете мән беру арқылы Қазақстан, Орта Азия халықтары тарихы, этнографиясы, археологиясы т.б. ғылыми салаларда жасалған зерттеулердің ұқсастығы мен ерекшеліктерін анықтау;
- Ғылыми Мұрағаттық Комиссияның жариялаған «Еңбектерін» ғылымның бағыттарына сәйкес топтастыру, әр жылдардағы зерттеулерді салыстыру, олардың түпкі нәтижесін, жариялануын, көпшілікке насихатталу деңгейін зерделеу;
- Мұрағатта еңбек еткен жекелеген ғалымдар (И.А. Кастанье және т.б.) алыс шет елдерде Қазақстан туралы жариялаған ғылыми ізденістері нәтижесінде қазақ халқының әлемдік тарихқа қосқан үлестерін зерттеуімізде баса көрсету;
- ОҒМК тарихы туралы жазылған зерттеулерге тарихнамалық талдау жасау арқылы патшалы Ресей, кеңестік жүйе кезеңіндегі мұрағаттық материалдарды пайдалану, оларға сыни көзқарас қалыптастыру кезеңдеріне объективті баға беру, сонымен бірге еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ізденістердің жаңа мүмкіндіктерін ашып көрсету.
Зерттеу жұмысының нысаны. 1887-1918 жылдар аралығында мұрағаттық істерді жүйелеумен айналысқан және ғылыми зерттеу жұмыстарын қатар жүргізген Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының тарихын, алдына қойған мақсат-міндеттерін, оның орындалу деңгейін, мекемеге мүше болған тұлғалар қызметтерін саралау.
Зерттеу жұмысының пәні. Қазақ тарихының XVIII ғасырдан XX ғасырдың бірінші ширегіне дейінгі даму жағдайын анықтауға септігін тигізетін Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының қызметіне толық тарихи талдау жасау.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі. Диссертацияның хронологиялық шегі Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының 1887 құрылған жылы мен 1918 жылы қызметінің тоқтатқан кезеңімен сәйкес келеді. Осы 30 жылдан аса уақыт ішінде ОҒМК тарихи мұрағат іргесін қалап, кітапхана, мұражай ұйымдастырып, сүбелі ғылыми ізденістер жүргізіп үлгерді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Сан мыңдаған тарихи құжаттардан жинақталған Орынбор мұрағатын қалыптастырып, ондағы материалдарды сұрыптап, негізгілерін Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына жібергенімен, оларға ғылыми негіз беріп, талдап, көпшілікке ұсынған ОҒМК қызметін жаңаша саралап, ұлттық мүдде тұрғысынан зерделеу жұмыстың негізгі жаңалығы болып табылады. Осыны алға тарта отыра, зерттеу барысында төменгідей жаңалықтарға қол жеткізілді:
- Қазақ-орыс ресми қарым-қатынасының басы сонау XV-XVI ғасырлардағы құжаттармен дәлелденгенімен, олардың қарым-қатынасындағы жаңа кезең XVIII ғасыр басында, Ресейді I Петр билеген тұста басталып, кейін жалғасын тапты. Патшалы Ресей ғылымының қазақ елін отарлауға қызмет жасағанын ОҒМК реттеген мұрағат құжаттары дәлелдейді.
- ОҒМК құрылғанша патша үкіметі мұндай бағыттардағы ізденістерге әбден машықтанып, мол тәжірибе жинақтады. 1845 жылы құрылған Императорлық Орыс Географиялық қоғамы (ИОГҚ), оның Орынбордағы (1867 ж.), Батыс Сібір (1877 ж.), Орынбор губерниялық статистикалық комитеті (1866 ж.), Ресейдің империялық саясатын Орта Азияға таратумен бірге географиялық, статистикалық, әлеуметтік-экономикалық зерттеулер жүргізді. Жинақталған материалдардың барлығын кезінде Ресей үкіметі өз саясатын жүргізу үшін ғана жасақтаған болса, бүгінгі күні бізге тарихымыздың шынтуайттылығын салыстыра зерттейтін қажетті мол мұра болып отыр.
- ОҒМК 1887 жылдан өз жұмысын бастап, оған бұрынғы Орынбор генерал-губернаторы мұрағатындағы іс-қағаздарды реттеу жұмысы жүктелді. Жұмыс барысында кездескен қиындықтарға қарамастан, Комиссия мүшелері ішкі істермен шектелмей, құжаттарды пайдалана отырып, ғылыми зерттеулер жүргізді. Оның арты ғылыми құндылығы бар еңбектерге ұласты.
- ОҒМК 1887 жылға дейінгі қазақ елінің аумағындағы бұрынғы патшалы Ресей мемлекетінің әкімшілік мекемелерінің жанынан құрылған мұрағаттарды реттеп, қазақтар туралы мол тарихи құжаттарды бір орталыққа жинақтаған және патшалы Ресейдің өзге мұрағаттарына жіберіп отырған алғашқы ғылыми мұрағаттық мекеме болды.
- Мұрағаттық Комиссияда қызмет жасаған қазақтар А.Б. Байтұрсынов, Ғ.Б. Балғымбаев, татар, башқұрттар М.Ф. Каримов, М.З. Рамеев, М.Ф. Сүлейменов т.б. түбі бір түркі халықтарының болашағына алаңдаушылық білдірді. Олар түркі тілдес халықтардың даму тарихының тереңде жатқандығын сезініп, Комиссия жұмысына өз үлестерін қосты.
- Комиссия құрамында Қазақстанды тануда өзіндік үлестерін қосқан И.А. Кастанье, А.Б. Байтұрсынов, Ғ.Б. Балғымбаевтардың қоғамдық-саяси қызметтеріне, ғылыми еңбектеріне жеке-жеке талдаулар жасалынды, өзге комиссия мүшелері еңбектерімен салыстырылды.
- 1889-1918 жылдар аралығында комиссия «Еңбектерінің» 35 саны жарық көрді. Комиссия еңбектерінде жарияланған ақпараттық материалдар, тізімдер, хаттамалар, өзге ғылыми мекемелермен байланысы назарға алынды.
- ОҒМК-ның мұражай, кітапхана ұйымдастырудағы ерен жұмыстары, оларға тапсырылған материалдар, соның ішінде қазақтарға қатысы бар жәдігерлер, этнографиялық мұралар, археологиялық ескерткіштер жарияланған еңбектер негізінде қайта сараланды.
- Патшалы Ресейдің Комиссия алдына жүктеген мақсат-міндеттерінің орындалуы, олардың империялық саясатпен үндесуі, сол бағытта комиссия жұмысының нәтижелі жүруіне үкіметтің қаржыларымен қатар ірі алпауыттардың, жеке тұлғалардың көмегі болғандығы нақтыланды.
- Мұрағаттық Комиссияда еңбек еткен мүшелерінің ізденістерінің нәтижелері Ресейдің журналдары мен баспасөз беттерінде, мәселен сол кезеңде шығып тұрған «Торғай» газетінде, кейбіреулері «Қазақ» газеті беттерінде, тіпті, шет елдік басылымдарда жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың деректік базасын мұрағат құжаттары, түрлі материалдар жинақтары, мерзімді басылымдар, мұражай, кітапхана қорында сақталған материалдар құрайды. Дегенмен тақырыпты жазуда басты дерек мұрағат қорларында сақталған құнды құжаттар болғандығын ерекше атап өтеміз. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының (ҚРОММ), Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының (ҚРПМ), Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағатының (РФММ), Ресей Федерациясы Орынбор облысы мемлекеттік мұрағатының (РФ ОрОММ), Ресей Федерациясы Астрахан облысы мемлекеттік мұрағатының (РФ АОММ), Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының (БҚОММ) құнды деректері пайдаланылды.
Сонымен бірге қазақ-орыс қатынастарына байланысты 1940, 1961, 1964 жылдардағы және 2002 жылы жарияланған материалдар мен құжаттар жинақтары толық сараланды. Ал «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпшілік қолына тиген 10 томдық еңбекте мыңдаған құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енді. Оларда жарияланған құжаттардың дені Орынбор ғылыми мұрағаттық комиссиясы мүшелерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі екендігі белгілі.
Зерттеу барысында Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының басылымы болып табылатын «Еңбектер» жинағы, комиссия мүшелерінің мақалалары жарияланған түрлі басылымдар да сыни тұрғыдан дәлелденді.
Комиссия жинақтаған жәдігерлерді анықтау барысында Мәскеу, Орынбор, Астрахан, Алматы, Орал әмбебап кітапханаларының сирек қорларында, мұражайларында ізденістер жасалынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихы мен ғылыми мұраларын, оған қатысқан тұлғалардың ізденістерін, нақты сіңірген еңбектерін саралай келе, төмендегідей тұжырымдар қорғауға ұсынылады:
- ОҒМК қызметінің нәтижесінде ХVІІІ ғасырдан бастап 1918 жылға дейінгі қазақ халқының тарихы мұрағатқа жинақталды. Олар Ресейдің отарлау мүддесі үшін қызмет жасағанымен, отарланушы Қазақстан туралы мол мәлімет жинап, ғылымның дамуына өз үлесін қосты.
- ОҒМК реттеген құжат деректері Ресейдің ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанды тануға батыл бағыт алғандығын және орыс ғылымының нәтижелері қазақ қоғамын түбірімен өзгертуге ықпал еткендігін дәлелдейді.
- Императорлық Ресей Географиялық қоғамы, статистикалық комитеттер Қазақстан туралы ғылыми-зерттеу бағыттарын ОҒМК-ге дейін бір ізге түсірді. Оған саяхатшылар да, көпестер де, әскерилер де, жергілікті қазақ зиялылары да тартылды.
- Орынбор генерал-губернаторлығы кеңсесі мұрағатындағы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардан жинақталған мол құжаттарды реттеу мақсатында ОҒМК дүниеге келді. Нәтижесінде Қазақстанға қатысты көптеген құжаттардың түп нұсқалары Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларына әкетілді.
- Мұрағаттық Комиссия жұмыстарына Орынбор өлкесіндегі мұсылман жұртшылығы да қатыстырылды. Әрине, олардың негізгі жұмыстарға жіберілмегені анық. Соған қарамастан А.Б. Байтұрсынов, Ғ.Б. Балғымбаев Комиссияға мүше болып, өзіндік зерттеулерін жүргізді.
- И.А. Кастанье Қазақстанның бай археологиялық мұраларын іздестіріп, қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін түрлі баспаларда жарияласа, А.Б. Байтұрсынов, Ғ.Б. Балғымбаев Комиссия жұмыстарын қазақ халқына жеткізді.
- Мұрағаттық Комиссия «Еңбектері» Ресей империясындағы барлық ғылыми мекемелерге, үкіметтік органдарға, статистикалық комитеттерге империя астанасындағы жоғарғы оқу орындарына таратылды. Ол арқылы қазақ даласындағы ғылыми зерттеу қорытындылары әлемге белгілі болды. Комиссия кітапханасы өз «Еңбектерін» «Қазақ» газетімен де алмасып отырды.
- Комиссия өлкеде мұрағат, кітапхана, мұражай ұйымдастыруға ат салысты. Бүгінге дейін бұл мекемелерде қазақ халқының мұралары сақтаулы.
- Комиссияның басты мақсаты мұрағаттық құжаттарды ретке келтіру дегенімен, оның отарлау саясатымен үндескені анық. Жұмыс барысында көптеген құнды құжаттар түрлі себептермен жойылып кетті.
- Қазақ тарихының мол құжаттық деректері сол заманда-ақ баспасөз беттерінде жарияланды, арнайы ғылыми еңбек ретінде көпшілікке ұсынылды. Бүгінгі кезең тұрғысынан да саралап, бұл еңбектер өзінің тарихи құндылығын, маңызын жоймаған.
Зерттеудің қолданыстық маңызы. Диссертация барысында алынған қорытындылар мен нәтижелерді, жаңалықтарды жоғарғы оқу орындарындағы Қазақстан тарихы пәнін оқыту барысында толық пайдалануға болады. Сонымен бірге мол мұрағаттық құжаттарды жинақтаған Комиссия тарихы, қызметі, нәтижесі ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы қазақ тарихын зерттейтін түрлі еңбектерде, монографияларда, оқулықтар мен оқу құралдарында қолдануға болады. Зерттеудің қорытындылары тұтастай Орта Азия халықтарының тарихы, этнографиясы, археологиясы т.б. салаларындағы ерекшеліктері мен ұқсастықтарын саралауда маңызы бар деп есептейміз.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары Қазақстан Республикасының Алматы, Қостанай, Атырау, Орал және Ресейдің Элиста, Саратов, Орынбор қалаларында ұйымдастырылған халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда, ғылыми жинақтарда жарық көрді. Зерттеу жұмысының мазмұнына сәйкес 1 монография, 36 мақала Қазақстан Республикасы және онымен көршілес Ресей ғылыми басылымдарында жарияланды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Бақылау комитеті ұсынған тізімге сәйкес 21 мақала арнайы басылымдарда, 6 мақала Ресей журналдары мен конференция материалдарында көпшілік назарына ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы алдына алған мақсат-міндеттеріне сәйкес кіріспеден, бес тараудан және қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, тақырыптың өзектілігі негізделіп, жұмыстың зерттеу нысаны, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, методологиялық негіздері, хронологиялық ауқымы, практикалық маңызы және қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар көрсетілген.
«Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихының теориялық-методологиялық негіздемесі, тарихнамасы және дерек көздері» деп аталатын бірінші тарауда тақырыптың теориялық - методологиялық мәселелері мен тарихнамасы қарастырылып, мәселенің дерек көздеріне талдау жасалды. «Мәселенің теориялық-методологиялық негіздемесі» атты бөлімде зерттеу жұмысына қатысты методологиялық ұстанымдар, тұжырымдамалар баяндалады. Мемлекетіміздің тарихын жазуда ғылыми көзқарастардың қалыптасуы қоғамымыздың даму үрдісімен негізделетіні анық. Ғылымда ғылыми көзқарастар да жаңа білімге жету үшін өзінен бұрынғы ұстанымдар, тұжырымдар, қағидаларды негізге ала қалыптасады, не болмаса, нақтыланған көзқарастың өзгеріске түсіп, одан әрі ілгерілейтіні даму заңдылығындағы белгілі процесс. Сондықтан қазақ тарихын тарихи мұрағатқа жинаған ғылыми мекеме тарихын зерттеуде отар ел мен отарлаушы ел тарихы қатар өріле зерделенетіні ғылыми жұмыстың методологиялық әдіс тәсілдерін айқын таңдауды қажет ететін мәселе. Біз зерттеп отырған Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихы өз бастауын 1887 жылдан алғанымен, оның бастамасы Ресей империясының қазақ даласына аяқ басуымен қаланғаны жасырын емес. Оның барлығы Орынборда құрылған Орынбор экспедициясында (1734-1737ж.ж.), Орынбор комиссиясында (1737-1742ж.ж.), Орынбор шекаралық істері экспедициясында, Орынбор генерал-губернаторы кеңсесінде, Орынбор губерниясы кеңсесінде т.б. мекемелерде сақталды. Мұрағаттық комиссия жұмыс жасағанға дейін аталған мекемелерде жинақталған құжаттар қазақтарды ғана емес, Орта Азияны мекендеген өзге де халықтарды тануда басты көмек болды. Бірақ құжаттардың сақталуы ешқандай сын көтермеді. Ол турасында А.И. Левшин: «1735 жылы құрылған Орынбор шебіндегі Ресей мемлекетінің көршілес халықтармен қарым-қатынасын анықтайтын құнды құжаттар Орынбор шекаралық комиссиясында сақталған. Оны талдап, қараған кезімде көптеген құжаттардың уақыт өте жарамсыз болғанына, кейде олардың екінші қайтара пайдалануға жарамай жойылып жатқанына куә болдым», - деп ашық жазған болатын [2, с.13]. Оларды алғаш пайдаланған П.И. Рычков пен Н.П. Рычков еңбектері, мол деректерді тұңғыш рет пайдалануымен маңызды. Империялық саясатқа арқа сүйеген, оның сұранысына сай еңбек жазған зерттеушілер 1917 жылға дейін-ақ қазақтарды отарлау нысаны ретінде танып, тұтастай халықтың тарихын бұрмалады. Ресми тарихнамада халқымыз «жабайылар», «бұратаналар» атанды. Ол Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының жұмысынан да көрініс тапты. Өйткені, ХХ ғасырдың басында-ақ Комиссияда жинақталған құжаттардың барлығы дерлік империяның Орта Азияға жылжуын ақтайтын. Түрлі басылымдар, соның ішінде Комиссияның «Еңбектері» оған айқын дәлел бола алады. Қазақ халқын отарлау объектісі етіп алған үкімет көзқарасын дамытқан зерттеушілер әрбір мақаласында, еңбегінде сол ойды қалың көпшілікке насихаттады. Комиссия өз ізденістерінің методологиялық арқа сүйер тірегі өз елінің саясатын ашық қолдауға бағытталды.
Ал қазақ зиялыларының отарлауға деген көзқарасына тоқталсақ, М. Шоқай ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр бас кезеңінде орыс шенеуніктерінің де қазақ тарихындағы ұстанымдарын қатаң сынға алып, оны ғылымға жасалған қиянат деп есептеді. М. Шоқай тарихта тек қана ақиқат жазылуы тиіс деген тоқтамға келсе, Х. Досмұхамедов «Исатай-Махамбет» еңбегінде патша үкіметінің отарлық саясат ұстанғанын, одан құтылу үшін қазақтың өмір бойы күресіп келген тарихы қайта жазылуы қажет деп атап өтті [3, 6-7 бб.]. Әйтсе де Х. Досмұхамедовтың «енді қазақ тарихы жазылар» деген үміті ақтала қоймады. Жаңа кеңестік билік, большевиктік басшылық тарихқа бірден таптық методологияны қалыптастыра бастады. Ол бойынша елдің дамуы екі таптың бітіспес, қарама-қайшы күресінен тұрады деп негізделді. Алайда автор таптық қайшылыққа негізделген методологияны қоғамдық дамудың басты факторы ретінде есептемейді.
Таптық методология тарихи қағидатты коммунистік партиялық қағидатпен байланыстырды, соған бағынышты етті. Осындай бұрмалаушылықтың нәтижесінде тарихилық қағидат өзінің объективтік шындыққа жетудегі негізгі функциясынан айырылып, коммунистік партиялық қағидаттың жетегіндегі қосалқы қағидатқа айналдырды.
Тарих ғылымында тарихилық қағидаттың өзіндік ерекшелігі бар. Ол тарихи дамуда болған оқиғаларды ішкі байланыста қараумен қатар, оның себептерін, уақытын, даму ерекшеліктерін саралайды. Жалпы тарихилық қағидат өзге қағидатпен өзара ұштасады, бірін-бірі толықтырады. Мұрағаттық Комиссияның тарихы да осы қағидатпен өлшеніп жазылады. Қай заманда Комиссия құрылды, мақсаты неде еді, кімдер еңбек қылды, уақыт оларға қалай әсер етті т.б. тарихилық қағидаттың аумағына енді. Барлық деректі пайдаланбайынша, біртұтас тарих жасау мүмкін емес. ОҒМК жинақтаған мұрағат дерегін, оның басылымы «Еңбектерін» сол қалпында пайдалану немесе қабылдау тарихи шындыққа, оның үстіне ұлттық мүддемізге сай келмейтіндігі белгілі. Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы мұрасында жазбаша да, заттай да, фольклорлық, археологиялық деректер де жеткілікті. Берілген бар деректі саралап, шынайы тарихи тұрғыда баға беру қазақстандық тарихшылардың қазірде басты міндеті екендігі анық.
Тарихи деректерге объективті пікір қалыптастыру жолында олардың барлығы мұқият зерттеудің әдістері арқылы сұрыпталып, ой елегінен өткізілуі тиіс. Методологияның әдістер арқылы жүзеге асатынын ескерсек, тарихшының қолданатын әдістері де әр алуан болуы тиіс. Бүгінгі тарих ғылымында анализ, синтез, герменетикалық, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи, сипаттап баяндау әдістері кеңінен қолданылады. Аталған әдістер ішінде алдымен, кең тараған тарихи-салыстырмалы әдіс болып табылады. Ол әдіс арқылы XIX ғасырда Ресейде құрылған Мұрағаттық Комиссиялардың өзіндік ұқсастықтарын, ерекшеліктерін, алдына қойған мақсат-міндеттерінің орындалу деңгейін анықтаймыз. Одан отарлау саясатының жүрісін, әр кезеңдегі ұстанымдарын, жазылған еңбектердің өзара байланысын көреміз. Қорыта айтқанда, тарихшы тарихи-салыстырмалы әдіс арқылы өткен мен бүгінгі күннің даму деңгейін саралап, нақты қорытындыға келеді.
«Зерттеу жұмысының тарихнамасы» деген бөлімде тақырыптың зерттелу деңгейі талданып көрсетіледі. ОҒМК мұрасы өзі құрылған күннен бастап зерттеліп, ғылыми айналысқа енді. Осы кезеңде оның тарихының тарихнамасы қалыптаса бастады деуімізге әбден болады. Алдымен, Комиссияда еңбек етіп, қолда бар құжаттарды пайдаланып, тікелей қазақ тарихына қатысты сүбелі еңбектер шығарған А.Е. Алекторов, И.И. Крафт, В.Н. Витевский, А.И. Добросмыслов, П.С. Словохотов, П.И. Столпянскийлерді [4] атап өтуіміз қажет. Олар Комиссия мүшелері бола жүріп, ХVІІІ-ХХ ғасырлар арасындағы қазақ-орыс қатынасына назар аударды. Зерттеушілер еңбектерінде орыс үкіметінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани бағыттарындағы жетістіктері баса көрсетіліп, алдағы мақсаттары т.б. қамтылды.
Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы жинақтаған материалдар мекеменің құрметті мүшелері В.В. Бартольд, В.В. Радловтың ерекше қызығушылығын туғызды. Әсіресе, В.В. Бартольд Орынбор өлкесінде жүргізілген археологиялық зерттеулерге, оның қорытындыларына зер салды. В.В. Бартольд (1869-1930) Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясына 1904 жылдан құрметті мүше бола жүріп, Орынбор өлкесіне байланысты зерттеулер бағытын айқындауда сүбелі еңбектерімен көпшіліктің алдында болды [5].
И.А. Кастанье (1875-1958) - тегі француз болса да Мұрағаттық Комиссия тарихында қажырлы еңбегімен есте қалды. 1901 жылы Кавказдан Орынборға келіп, алдымен, Орынбор реальдық училищесіне орналасса, кейін Орынбор ерлер гимназиясы мен Неплюев кадет корпусына қызметке ауысты. 1902 жылы Комиссия мүшелігіне қабылданып, Қазақстанда археологиялық ізденістерге рұқсат алды. Оның қорытындысы ретінде 1910 жылы атақты монографиясы жарияланды [6]. Еңбекте қазақ даласы мен Орынбор өлкесінің тарихы, археологиясы, этнографиясы, фольклоры, сәулет ескерткіштері жөнінде мол мағлұматтар жетерлік. И.А. Кастанье Мұрағаттық Комиссия тарихымен Европаны таныстырды. Соңғы жылдары И.А. Кастаньенің қазақтың біртуар ұлы Мұстафа Шоқаймен де достығы туралы жазыла бастады. Белгілі тарихшы К.Л. Есмағамбетов «Әлем таныған тұлға» атты монографиясында М. Шоқайдың И.А. Кастаньемен жазысқан бірнеше хаттарын жария етті [7].
Міне, осындай Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының қызметі мен сүбелі зерттеулері Қазан төңкерісіне дейін-ақ жан-жақты талқыға түсіп, тарихи зерттеулерге ұласты. Мәселен, Н.Г. Ивановтың, А.П. Граның, И.С. Шукшинцевтің [8] есептері Орынбор комиссиясындағы жұмыстардың барысын сараласа, А.С. Лаппо-Данилевский, Д.Я. Самоквасовтар [9] Ресейдегі мұрағаттық комиссияға өзіндік пікірлерін білдірді.
1897 жылы Комиссияның 10 жылдық тарихына талдау жасаған И.С. Шукшинцев жүз мыңдаған құжатты саралап, оны сақтау үшін істелген қадамдарды атап өтіп, бәрінен маңыздысы ендігі жағдайда тарихи мұрағатты қалыптастыру екендігін баса айтады [10]. И.С. Шукшинцев Комиссия «Еңбектері» арқылы Орынбор өлкесіндегі жұмысшы, шаруа қозғалыстарына, археологиялық ізденістерге көңіл бөлді. Д.Я. Самоквасов мұрағат қызметіне көңілі толмай, керісінше, олардың жұмыстарын қатаң сынға алып, Ресейдегі барлық мұрағат істерін қайта реформалауды ұсынды [11]. Д.Я. Самоквасовтың «Ресейдегі мұрағат ісі» еңбегі 1902 жылы 18 тамызда Харьков қаласында Археология институты директоры мен 22 губерниялық ғылыми мұрағаттық комиссия өкілдерінің қатысуымен талқыға түсті. Д.Я. Самоквасов пікірлері қатаң сынға алынып, авторға байланысты «еш негізсіз айтылған пікір», «комиссиялар мұрағатты сақтап қалды», «ол Санкт-Петербургтегі Археологиялық институт жұмысымен және мұрағаттық комиссиялар қызметімен, оның «Еңбектерімен» мүлдем таныс емес» деген қорытынды пікір шығарды. Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы да 1902 жылы 21 қыркүйекте өз отырысында Д.Я. Самоквасов еңбегіне сын пікірін білдіріп, зерттеушінің Комиссия туралы айтқан әрбір пікірлерін жоққа шығарды. Д.Я. Самоквасовтың батыл пікірлері кеңестік кезеңде де түрліше талқылауға түсті. Мәселен, В.Н. Самощенко «Д.Я. Самоквасов еңбегінің арты айтысқа ұласты. Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы «Еңбек дәлелсіз ойлар, негізсіз кінәлауларға толық. Еш ғылыми дәйегі жоқ», Тамбов губерниялық Комиссиясы «Еш негізсіз еңбек» деген түйін шығарды» деп анықтаса [12, с.53-54], К.А. Мазин Д.Я. Самоквасовтың сынында байқамаған тұстарын атап көрсетті. Мәселен, комиссиялар патша үкіметі шенеуніктерінің жоюға деп анықтаған «үшінші санаттағы» құжаттарды реттегендігін алға тартып, губерниялық комиссиялар істеріндегі оң нәтижелерді санамалады [13, с.60-61].
ХХ ғасыр басындағы Д.Я. Самоквасовтың сыни көзқарасы кейін де өз жалғасын тапты. Оны большевиктік билік ескі қоғамды сынау, оны санамыздан ысырып тастау үшін пайдаланды. Мұндай тартыстар, И.Л. Маяковский пікірінше, 1920 жылдары [14] тоқтағандай көрінгенімен, 1930 жылдары Комиссия қызметін сынау қайта басталды. С. Назин өз пікіріне дәлелдемелерді 1914 жылы мамыр айында Санкт-Петербургте өткен Бүкілресейлік губерниялық Ғылыми Мұрағаттық Комиссиялардың бірінші съезінен алды. Съезде сөз алған Орынбордан келген делегат, комиссия мүшесі А.В. Попов әскери мекеменің Орта Азияны отарлауға байланысты құжаттары аяусыз жойылғандығын қынжыла айтқан [15, с.27]. С. Назин Мұрағаттық Комиссиялар өлкетану ісін дамытқанымен, мұрағаттық құнды құжаттарды сақтай алмады деген пікірде болды.
1930-1950 жылдары Е. Бекмаханов, М.П. Вяткин, Н.Г. Аполлова, С.З. Зиманов [16] Орынбор мұрағатының деректерін пайдалана отырып, сүбелі еңбектерін жариялады. Мәселен, Е. Бекмаханов қазақтар тарихын, этнографиясын зерттеген В.В. Григорьев пен А.А. Диваевтарға зор құрметпен қараған. Ғалым өзінің атақты монографиясында ОҒМК мүшелері – А.Е. Алекторов, И.И. Крафт, А.И. Добросмыслов, С.Н. Севастьянов, Н. Середа, Л.А. Словохотов, М. Юдин т.б. еңбектеріне салиқалы пікірлерін білдірді.
1950 жылдары Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихына арнайы ғылыми диссертациялар жазыла бастады. Н.В. Бржостовскаяның кандидаттық жұмысында комиссия қызметі мұрағаттық реформалар аясында қаралып, тарихи құжаттарды сақтап, оны жинақтап, реттеудегі ролі бағаланғанымен, істі ұйымдастыру барысындағы кемшіліктер баса көрсетілді. Соның ішінде мұрағат құжаттарын патша үкіметінің ыңғайына қарай реттеп, елдегі шиеленістерді жай тартыс ретінде түсіндіруге талпынуын автор дұрыс атап өтті [17]. Мұндай кемшіліктер сөз жоқ, қазақтар тарихында да орын алды.
Бұл кезеңде ХІХ ғасырда Ресей империясында құрылған ғылыми мұрағаттық комиссиялардың барлығы бірдей арнайы зерттеле қойған жоқ. Соның ішінде Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихы да өз кезегін күтуде еді. 1988 жылы ғана ол жөніндегі алғашқы мақалалар жариялана бастады. Е.П. Пирогова, Ю.С. Зобов Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы тарихына, оның мүшелерінің қызметіне, зерттеу бағыттарына назар аударды [18].
Осы тұста жарияланған В.П. Макарихиннің бірнеше еңбектері де бұл бағыттағы зерттеулерге жаңа серпін берді. Оның докторлық диссертациясы мен ондаған мақаласында Мұрағаттық Комиссиялардың Ресейдегі тарихи ойдың қалыптасуына ықпалы, олардың өзара айырмашылығы мен ерекшеліктері сараланды [19]. В.П. Макарихиннің еңбегі негізінен Поволжьедегі Мұрағаттық Комиссиялар қызметіне арналған.
Бұл кезеңде Қазақстандық ғалымдар да ХІХ-ХХ ғасыр басында Қазақстанды зерттеген ғылыми мекемелер тарихына қалам тартты. Э. Валиханов Қазақстанды зерттеудегі Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы роліне ізденістер жүргізді. Кейін Э.Ж. Валиханов, Г.Б. Хабижанова, А.Л. Кривков бірлесе жазған еңбегінде арнайы ғылыми қоғамдар тарихына тоқталып, Қазақстанда ашылған «Орыс Географиялық Қоғамдарына», оның бөлімдеріне, «Мұрағаттық Комиссияға», «Орта Азия Ғылыми Қоғамына», Түркістандағы түрлі қоғамдарға жалпы сипаттама берді. Зерттеушілер «Комиссия жұмысына қазақ, татар, башқұрт зиялылары қатысты. Ғ.Б. Балғымбаев, А.Б. Байтұрсынов, М.Ф. Каримов, М.З. Рамеев, М.Ф. Сүлейменов т.б. Орынбор өлкесін зерттеуге мол үлесін қосты. Бірақ кейбір жағдайларға байланысты олардың қызметі материалдық көмек берумен және отырыстарға қатысумен шектелді» деген қорытындыға келді [20, с.92-93]. С.М. Мәшімбаев еңбегінде патшалы Ресейдің ХVІІІ ғасырдың 30 жылдарынан 1868 жылғы реформаға дейінгі қазақ даласындағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихын тарқатса [21], А.К. Абилев, Ж.А. Аханов ХІХ ғасырдағы ғылыми мекемелер, алдымен, Ресей мүддесі үшін құрылғанын айта келе, Түркістан шығыстану қоғамының бөлімшесіне генерал-лейтенант Мациевский көмекшісінің жолдаған хатында «Шығысты зерттеу шығыс және ғылым үшін емес, халықтардың Ресейге қосылып, орыстануы үшін қажет» деген ұсынысы патша үкіметінің басты мақсаты еді», - деп түйіндейді [22, с.4]. Авторлардың анықтауынша, Орынбор өлкесін зерттеуде ХІХ ғасырдың екінші жартысында екі ғылыми мекеме - Орыс Географиялық қоғамының Орынбор бөлімі мен Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясы басты роль атқарған.
Жаңа ғасыр басында ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушілерінің қалдырған мұраларына, олардың Қазақстан мен Орта Азияны зерттеудегі үлестерін саралаған жаңа ізденістер жарық көрді. Олар А.И. Исмаиловтың, Е.С. Сыздықованың еңбектерінде көрініс тапты. А.И. Исмаилов орыс зерттеушілерінің сан қырлы зерттеу бағыттарына назар аударса [23], Е.С. Сыздықова Ресейдің Бас әскери штабы тапсырмасы бойынша жазылған әскери-ғалымдар еңбегіне жан-жақты талдау жасады [24].
Ресейдегі Ғылыми Мұрағаттық Комиссиялар тарихы жаңа ХХІ ғасырда кең ауқымда зерттеле бастады. 39 губерниялық комиссияның ішінде Саратов, Рязань Комиссиялары жеке-жеке зерделеніп, диссертациялар қорғалды. Мәселен, В.А. Толстов, Т.А. Захарова [25] жұмыстарын атап өтсек болады. Аталған зерттеулер тек қана нысанға алған тақырыпты мүмкіндігінше саралап, олардың өлке тарихына қосқан үлесін атап көрсеткен. Ал, Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының тарихы мен қызметі тарихи, өлкетану, археология бағыттарында жеке-жеке ізденістерге ұласты. Э.Б. Хасанов, Д.А. Сафонов, А.А. Евгеньев, И.М. Минеева [26] зерттеулері оған куә болады.
2010 жылы біздің зерттеу тақырыбымызға қатысты С. Удербаеваның кандидаттық диссертациясы қорғалды [27]. 2 тараудан тұратын зерттеу тек қана «Еңбектерді» талқылауға бағытталған. Осы жөнінде ізденуші жұмыстың мақсатында анық атап өтеді. Дегенмен, автордың ОҒМК-ның тарихын 1917 жылмен шектегендігі түсініксіз. Зерттеудің хронологиялық шеңберінде ізденуші «Орынбор Мұрағаттық Комиссиясы 1887 жылдан 1917 жылы аралығында қызмет жасады» деп анықтайды [27, с.16]. Ал мұрағат деректері ОҒМК-ның 1918 жылы маусым айында өз жұмысын түпкілікті тоқтатқандығын дәлелдейді [28, 53-54 пп.]. Сонымен бірге мұрағат қорындағы Комиссияға арналған 96 қордың 205 ісінің небары 11 ісінің пайдалануы да зерттеушінің маңызды құжаттарға назар аудармағандығын дәлелдейді.
Қорыта келгенде, қазақстандық және ресейлік зерттеушілердің еңбектерін тарихнамалық талдау Орынбор Ғылыми Мұрағаттық Комиссиясының тарихы және қызметінің, оның қазақ тарихына, этнографиясына, археологиясына қатысты мәселелерінің кешенді түрде арнайы зерделенбегендігін толық нақтылай түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |