Академик Ќ


Көркейген қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті



бет19/31
Дата30.01.2023
өлшемі1,64 Mb.
#166761
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31
Байланысты:
b383 (1)

Көркейген қазақ халқының ғылымы мен мәдениеті
Ұлы Октябрь социалистік революциясынан бергі 28 жылдың ішінде қазақ халқы ұлы орыс халқының туысқандық көмегімен Ленин партиясының басшылығымен, өзінің тарихи дамуында үздік алға басты. Патша үкіметінің правосыз, мешеу отары болған Қазақстан өнеркәсібі күшті, ауыл шаруашылығы өркендеген Советтік Социалистік Республикаға айналды.
Қазақстанда Бүкілодақтық үшінші таскөмір ошағы Қарағанды көмір бассейні құрылды. Совет Одағы мен Европадағы ең үлкен өндіріс орындары Балқаш мыс заводы, Шымкент қорғасын заводы салынды, мұнай, түсті металл, сирек кездесетін металдар, алтын, ферросплав шығаратын ірі өнеркәсіп жаңадан құрылды. Совет өкіметі тұсында ашылған толып жатқан жоғары дәрежелі, орта дәрежелі мектептер, ғылыми-зерттеу институттары Қазақстанда ғылымның өркендеуіне жағдай туғызды. Республикамыздың шаруашылығы мен мәдениетін өркендетуге орасан зор еңбек сіңірген көптеген қазақ интеллигенциясы өсіп жетілді.
Көркейген қазақ халқы өз республикасының 25 жылдығында Совет Одағындағы халықтардың туысқандық одағы қатарынан көрнекті орын алды.
Капиталистік елдер жұртшылығының бірсыпырасы Орта Азия халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да тарихы және мәдениеті жоқ деп ойлайтын. Бірақ мұндай пікірдің негізсіздігін анықтау үшін кейбір тарихи фактілерге көз жіберудің өзі жеткілікті.
Қазақстанның Тараз және басқа да ескілікті қалаларының орнын қазғанда, бұл қалаларда жоғары дәрежелі мәдениет, су құбырлары, жақсы моншалар, әр түрлі сәулетті үйлер болғаны анықталды. Бір кезде мәдениетті егін шаруашылығы болғанын сипаттайтын су құрылыс орындары Қазақстанның көп жерінде кездесе береді.
Батысқа қарай бет алған жорығында монғол шапқыншылары XII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның бұрынғы халықтарының бұл жоғары дәрежелі мәдениетін талқандады.
Қазақстанда бұрын мыс, темір, қорғасын, қалайы кендерін шығарған жерлер көп кездеседі. Әр түрлі пайдалы өсімдіктерді қазақ халқы ежелден бері пайдаланып келген. Өз жеріндегі неше алуан шөптерді, суларды қазақ халқы мал шаруашылығы үшін шеберлікпен пайдаланып келгенін жұрттың бәрі жақсы біледі.
Қазақ халқының неше алуан және өте бай халық музыкасы бар. Қазақ халқы адамның махаббатын, ерлігін, неше түрлі жан сезімдерін бейнелейтін көп күйлер, әндер шығарған. Қазақ ауыз әдебиетінің байлығын да жұрт таныған. Өзінің ауыз әдебиетін, батырлар жырларын нешеме ғасыр бойына түгел сақтап келген қазақ халқының бұл жөнінде тендесі жоқ деуге болады. Терең сырлы, нәзік лебізді, бейнелерінің айқындығы жағынан қазақ халқының «Қозы Қөрпеш пен Баян сұлу» поэмасын дүние жүзіндегі осы тәрізді тандаулы поэмалармен қатар қоюға болады.
Бұл айтылғандардың бәрі қазақ халқының даңқты тарихы және терең тамырлы рухани мәдениеті болғанын сипаттайды.
XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқы Ресей қол астына қарады. Бұдан кейін қазақ даласы Ресей патшалығының отарына айналды. Қазақ халқының дамуына қарама-қарсы екі күш: патша өкіметінің реакцияшыл әскери-отарлау саясаты және адамгершілік, мәдениеттілік бағыт әсер етіп отырды. Бұл бағытты ұлы орыс халқының тандаулы адамдары, прогресшіл-демократ интеллигенциясы бастады. Патша әкімдерінің және жергілікті сұлтандардың қысымынан қазақ халқы кедейленіп, жанышталса, екінші жағынан, орыс халқының, озық ойлы интеллигенциясының әсерімен қазақ халқының таңдаулы адамдары ұлы орыс мәдениетімен жанасты. Қазақ халқының адал ұлдары тамаша географ және зерттеуші Шоқан Уәлихановтың, қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаевтың, атақты ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің және басқаларының өмірі мен ісі бұған айқын дәлел.
Барлық халықтардың бостандығын, тәуелсіздігін және туысқандығын жариялаған Ұлы Октябрь социалистік революциясы Совет Одағындағы халықтардың тарихи дамуында тамаша жаңа дәуірді бастады. Жаңа ғана құрылған совет өкіметі 1917 жылғы 16 қарашада «Ресей халықтары праволарының декларациясында» халықтардың дербес мемлекет құруға дейін өз алдына ел болу праволарын жариялады, ұлттық ардақтылық және шек қоюшылық атаулының бәрі жойылғанын жариялады. 1920 жылғы 4 қазанда советтердің бүкіл қазақстандық тұңғыш съезі Қазақстанның автономиясын жариялап, Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының Қонституциясын бекітті.
Содан бері 25 жыл тарихи аз уақыт өтті, бірақ бұл уақыттың ішінде қазақ халқы үздік алға басты. Патша өкіметінің мешеу отары болған, халқының аз проценті ғана сауатты болған Қазақстан енді күшті мәдениетті, жаппай сауатты республикаға айналды. Қазақстанда толып жатқан бастауыш және орта мектептер, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, мәдениет құрылысына керекті мамандар даярлайтын әртүрлі техникумдар ашылды.
Бұдан 25 жыл бұрын Қазақстанда бірде-бір жоғары мектеп болмаса, қазіргі уақытта республикамызда 22 жоғары мектеп, оның ішінде Қазақ Мемлекеттік университеті, Кен-металлургия институты, Медицина институты, Ауыл шаруашылық институты, Мал дәрігерлік-зоотехника институты, Мемлекеттік консерватория және басқалары бар.
Октябрь революциясына дейін, Қазақстанда бір ғана ғылыми-зерттеу мекемесі География қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семейдегі бөлімшесі болды. Оның өзінің де жұмыс өрісі өте тар болды, Алтай тауларын зерттеуден әрі аса алмады. Тек Ұлы Октябрь, социалистік революциясынан кейін ғана жергілікті жерлерде ғылым ордаларын құруға не керекті жағдайдың бәрі туғызылды, Азамат соғысы және шет ел басқыншыларына қарсы соғыс аяқталысымен Қазақстанда жержерде ғылыми-зерттеу мекемелері құрыла бастады. Олардың жұмысы жыл санап кең өріс ала берді. Қазіргі уақытта Қазақстанда еліміздің жаратылыс байлықтары мен мәдениетін қай жағынан болса да зерттеу жөнінде неше алуан күрделі жұмыстар атқарып отыратын толып жатқан ғылым мекемелері бар.
Бұл жұмыстың көлемін көрсету үшін мынадай бір мысал келтіруге болады. Қазақстанның кен байлықтарын зерттеу, ашу жөнінде ғана 1944 жылы 38 ғылыми-зерттеу мекемесі жұмыс істеді, олардың жұмысына 70 миллион сомдай қаржы жұмсалды. Қазақстанның ғылыми мекемелері қатарында ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы, Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылымдар академиясының Қазақ филиалы сияқты ғылым ордалары бар.
Өткен 25 жыл ішінде Қазақстанда жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының кейбір қорытындыларын келтірейік.
Қазақстанның барлық жерінің 90 процентіне жуығы топографиялық картаға түсірілді. Қазіргі уақытта Қазақстан жерінің 86,5 проценті геология жағынан зерттелді. Мұның нәтижесінде Қазақстан жерінде неше алуан минерал кендері табылды. Хром, ванадий, калий тұзы және басқа химиялық тұздар қоры жағынан Қазақстан дүние жүзінде бірінші орын, мыс, күміс, мырыш, қорғасын, корунд, барит және басқа минералдар жағынан Совет Одағында бірінші орын алды.
Жер кендерін зерттеу нәтижесінде Қазақстанда совет өкіметі тұсында Совет Одағы түгіл, бүкіл Европада тендесі жоқ үлкен өнеркәсіп алыптары, оның ішінде Балқаш мыс заводы, Шымкент полиметалл комбинаты, Ақтөбе мен Жезқазғанда өнеркәсіп тораптары салынды, Қарағанды көмір бассейні құрылды.
Қазақстанның жер қыртысын, өсімдігін, хайуанаттарын және басқаларын зерттеу, пайдалану жөнінде де Қазақстанның білімпаздары көп табыстарға жетті. Қазақстанның барлық 16 облысының жер қыртысының картасы жасалып болды. Орталық Қазақстанның құмайт сазды жерлерінде ағаш, жеміс, жиде, овощ егудің жолдары белгіленді. Өсімдіктің үш мыңнан аса түрі, оның ішінде ғылым, халықшаруашылығы үшін аса пайдалы өсімдіктер анықталып, сипатталды, Қазақстанның жәндіктерінің атласы жасалды.
Республикамыздың егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын өркендету мәселелеріне байланысты ауыл шаруашылық ғылымдары жөнінде де Қазақстанның білімпаздары едәуір табыстарға жетті. Мәселен, республикамыздың колхоздары мен совхоздарында мақта, қызылша, каучукті өсімдіктер кеңінен егілетін болды. Қазақстанның ғылыми мекемелерінің мал шаруашылығы жөніндегі жұмысы нәтижесінде малдың (көбінесе қой мен ешкінің) жаңа тұқымдары жетістірілді. Мал басын тез өсірудің жаңа жолдары белгіленді. Республикамыздың мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы жеке аудандары мен облыстарының мал азығы және су қоры зерттелді.
Қазақстанда дәрігерлік биология ғылымдары кең өріс алды. Әсіресе бруцеллез, безгек, энцефалит, ұра сияқты аурулардың жұғу жағдайларын, зерттеуге, оларға қарсы күресу әдістерін белгілеуге ерекше көңіл бөлінді. Республикамыздың курорт жөніндегі мүмкіншіліктері зерттелуде.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда астрономия-физика, химия, техника, оның ішінде энергетика, металлургия және кен ғылымдары кең өріс алды. Республикамызда гуманитарлық ғылымдары өркендеді. Қазақ халқының мол ауыз әдебиеті жиналып, жүйеге келтірілді. Мұның көлемі қазір 1800 баспа табақтан асады. Қазақ тілі грамматикасының ғылыми негіздері белгіленді. Орысша-қазақша толық сөздік жасалды. Қазақстанның тарихи маңызды жерлерінде ескі мәдениеттің мұралары қазылып, жиналуда. Қазақ халқының тарихына керекті деректер жиналып, тәртіпке салынуда.
Қазақтың халық музыкасын жинап, тәртіпке салу жұмысы кеңінен өрістетілді. Қазіргі уақытта қазақтың 1500-ден аса әні мен күйі жиналды. Бұл әндер, мен күйлер қазақ халқының асқан музыкалық дарындылығына айқын дәлел. Европа мәдениетінің тандаулы өкілі Ромэн Роллан қазақтың әндері мен күйлеріне зор баға берді.
1932 жылы республикамыздың ғылым ордасы – ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалы құрылды. Содан бергі 13 жылдын ішінде Қазақ филиалы шын мәнінде республикамыздың ғылым ордасына айналды. Оның қарамағында 16 институт, 7 дербес сектор, бұлардан басқа Қазақстанның аса маңызды облыстары мен аудандарында тұрақты ғылыми-зерттеу базалары бар.
Қазақ филиалының өсуімен қатар оның ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыптары да кеңейіп отырды. Қазіргі уақытта филиалдың ғылыми қызметкерлері шұғылданатын негізгі тақырыптар мынадай: Қазақстанның минерал қорларын терең зерттеу; Қазақстан жерінің геологиялық құрылысын, ондағы неғұрлым пайдалы кендердің орналасуын анықтау, құрылыс материалдарын жасау технологиясының мәселелерін шешу; химия өнеркәсібін өркендету мәселелері» шешу; өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қажетіне асатын су қорларын зерттеу; Қазақстанның энергетика қорларын анықтау және оларды неғұрлым тез және тәртіппен пайдалану жолдарын белгілеу; Қазақстанның жер қыртысын зерттеу және жер қорларын есепке алу; жер қорларын тәртіппен пайдалану әдістерін белгілеу; республикамыздың өсімдіктерін зерттеу; пайдалы жабайы өсімдіктерді және шет елдерден әкелінген өсімдіктерді анықтап егу; мал басын тездетіп өсіру, мал тұқымын жақсарту, өнімін арттыру; республикамыздың жабайы айуандарын, әсіресе балық байлығын, ауланатын аңдарын, құстарын зерттеу; ауыл шаруашылық егістеріне зиянды жәндіктерді, малға ауру жұқтыратын жәндіктерді зерттеу; малдың және адамның физиологиясы мәселелерін, әсіресе зиянды өндірістердегі еңбекте денсаулық жағдайын жақсарту мәселесін шешу; әр түрлі ауру-індеттердің дамуының жаратылыстық жағдайларын анықтау және ондай аурулармен күресу әдістерін белгілеу; еңбекшілердің, әсіресе Отан соғысы мүгедектерінің денсаулығын және күш-қуатын қалпына келтіру мақсатымен Қазақстанның курорттарын және басқа жаратылыс күштерін неғұрлым жақсы пайдалану мәселелерін шешу; математика, механика, астрономия, физика, право, экономика және басқа пәндер мәселелерін шешу; Қазақстанның жері мен халқын зерттеу, оның байлықтарын және неше алуан өндіріс күштерін халық шаруашылығы үшін пайдаланудың неғұрлым тиімді жолдарын белгілеу; қазақ халқының және Қазақстандағы басқа халықтардың тарихы, тілі, әдебиеті және көркемөнері жөніндегі мәселелерді терең зерттеу.
Филиалдың ғылыми-зерттеу мекемелерінде 1944 жылы аса маңызды 150 ғылыми тақырып белгіленсе, 1945 жылы ол 285-ке жетті.
Соғыс кезінде филиалдың экспедиция отрядтары өте-мөте көбейді. 1941 жылы 32 экспедиция отряды болса, 1944 жылы 102 экспедиция отряды болды. 1945 жылы 94 экспедиция отряды жұмыс істейді. Соғыс жылдарында 350-ден аса экспедиция отряды ұйымдастырылды. Бұлар республикамыздың соғыс қажетіне керекті байлықтарын ашу және оны Отан қорғау қажетіне пайдалану ісіне зор көмек көрсетті.
1945 жылы филиалдың ғылыми жұмыстарының жалпы көлемі 1941 жылғыдан 6,4 есе артты.
Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ССР Одағы 1 ғылым академиясының Қазақ филиалы соңғы төрт жылдың ішінде Совет Одағының және Қазақстанның өкімет орындары мен халық комиссариаттарына 160-тан аса пайдалы ұсыныс тапсырды. Майданға көмектесу жөнінде бұл ұсыныстардың зор маңызы болды.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын біріктіріп жүргізу жөнінде Қазақ филиалы едәуір табыстарға жетті. Мұның өзі халық шаруашылығына байланысты ғылыми тақырыптарды неғұрлым толық қамтуға мүмкіншілік берді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстаңда филиалдың ғылыми қызметкерлері ашқан ванадий кендерінің қорын және сапасын, сол сияқты ол кендерді неғұрлым жақсы және тез меңгеруге байланысты мәселелерді зерттеу жөнінде 1944 жылы филиал ғылыми-зерттеу жұмыстарын осындай жолмен біріктіріп жүргізді. Мұның нәтижесінде бірнеше айдың ішінде бұл кендердің құрылысы және қоры, оларды пайдаланудың технологиялық жолдары, келешектегі рудниктер мен заводты сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету, отынмен, құрылыс материалдарымен, жұмысшы күшімен жабдықтау, жол салу, завод, жұмысшы поселкесі, рудниктер салынатын жерлерді белгілеу мәселелері толық зерттелді. Мұның арқасында ССР Одағы Халық Комиссарлары Советі жанындағы кен қорларының Бүкілодақтық комиссиясы жаңадан ашылған кендердің қорын бекітті. ССР Одағы Қара металлургия Халық Комиссариатына бұл кендерді неғұрлым тез және тиянақты түрде пайдалану мәселелерін шешуді тапсырды.
ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында 1940 жылы 276 қызметкер болса, қазір қызметкерлерінің саны мыңға жетті. Филиалдың коллективінде 5 академик және ССР Одағы Ғылым академиясының мүше-корреспонденттері, 60 ғылым докторы мен профессорлар, 140-тан аса ғылым кандидаттары мен доценттер жұмыс істейді. Соғыс жылдарында филиалдың 63 ғылыми қызметкері, оның ішінде 25 қазақ ғалымы ғылым докторы немесе кандидаты атағын алуға диссертация қорғады. Қазіргі уақытта 54 адам, оның ішінде 24 қазақ қызметкері ғылым докторы атағын алу диссертациясын қорғауға, 186 адам, оның ішінде тең жартысы қазақ, ғылым кандидаты атағын алу диссертациясын қорғауға даярлануда.
Филиалдың ғылыми қызметкерлері арасында жүздеген жас қазақ қызметкерлері, олардың ішінде, қазірдің өзінде ғылымға көп еңбек сіңірген ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлар мен доценттер бар. Филология ғылымдарының докторлары Ісмет Қеңесбаев пен Нығмет Сауранбаевтың тіл зерттеу жөніндегі еңбектері, көркемөнер ғылымдарының докторы Ахмет Жұбановтың қазақ музыкасының тарихы жөніндегі еңбектері, биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаевтың каучукті өсімдіктер жөніндегі еңбектері, химия ғылымдарының докторы Әбікей Бектұровтың фосфорлы тыңайтқыштар химиясы жөніндегі еңбектері, Қазақ филиалының докторанттары, ғылым кандидаттары Өмірбек Оспановтың шөл жерлердің топырағын зерттеу жөніндегі, Ақжан Машановтың геология құрылысын зерттеу жөніндегі, Натай Кенесариннің жер асты суларын зерттеу жөніндегі, Ғани Жүнісовтің гидрология жөніндегі, Қазыкен Жандеркиннің мал шаруашылығының биология мәселелерін зерттеу жөніндегі және басқаларының еңбектері республикамыздың көбінесе бүкіл; Совет Одағының ғылыми жұртшылығына жақсы мәлім.
Қазақстан Қ(б)П Орталық Қомитеті, Қазақстан Халық Қомиссарлары Советі, ССРО Ғылым академиясының Президиумы, әсіресе оның бүрынғы 160 президенті Социалистік Еңбек Ері академик Владимир Леонтьевич Комаров ССР Одағы Ғылым академиясының Қазақ филиалына үнемі көңіл бөліп, қамқорлық көрсетіп келеді. Академиктер И.И.Мещанинов, В.А.Обручев, И.П.Бардин, ССР Одағы Ғылым академиясының мүше корреспонденттері А.М.Панкратова, В.А.Догель, Д.В.Наливкин, С.И.Вольфкович және Совет Одағының басқа көрнекті білімпаздары Казақ филиалына көмек көрсетіп отырады.
Отан соғысы жылдарында Қазақ филиалының және Қазақстандағы басқа ғылыми мекемелердің ғылыми жұмыстарын бір ізге салып өркендету, ғылыми қызметкерлерін топтастыру ісіне ССР Одағы Ғылым академиясының президенті академик В.Л.Қомаров бастаған комиссиясы зор көмек көрсетті. Бұл комиссия 1941 1943 жылдарда Оралдың, Батыс Сібірдің және Қазақстанның соғыс қажетіне керекті кен байлықтарын майдан қажеті үшін комплексті жолымен пайдалану мәселелерін шешті.
Биыл Қазақстанда Қазақ ССР-ның Ұлттық ғылым академиясы құрылады. Мұның өзі Қазақстанда совет өкіметі тұсында ғылымның мейлінше өркендеуінің айқын белгісі.
Өткен 25 жыл ішінде Қазақстан ғылымының негізгі табыстары қысқаша айтқанда осындай. Қазақстанның білімпаздары қол жеткен табыстарға қанағаттанбайды, олардың алдында республикамыздың орасан мол жаратылыс байлықтарын, Қазақстандағы халықтардың рухани және заттық мәдениетін терең зерттеуге, неғұрлым жақсы пайдалануға байланысты аса маңызды көп мәселелер тұр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   31




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет