Қазақ ғылым академиясы Балалар, 1946 жылдың бірінші маусым күні қазақ халқының тарихынан ерекше орын алатын күн болып қалады. Бұл күні сүйікті астанамыз Алматы қаласында тұңғыш Қазақ Ғылым академиясы құрылды. Маусымның бірінен жетісіне дейін Қазақ Ғылым академиясының I құрылтай сессиясы болып өтті.
Ғылым академиясы дегеніміз не?
Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің IV ғасырының соңғы кезінде ескі Грек елінде Платон деген атақты оқымысты болған. Оның түрлі ғылымдарды зерттеп дамытатын өз алдына мектебі болған, сол мектебін «академия» деп атаған. Содан бері «академия» деген сөз жер жүзіне тарап, ғылыми мекемелерді, кейбір жоғары дәрежелі оку орындарын «академия» деп атайтын болып кеткен. Бірте-бірте «академия» деген сөз кең ұғымға ие болды. Мәдениеті өсіп-өркендеген Европа елдерінің бірталайында ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда ғылымның барлық тарауларын қамтитын олардың басын қосып, дамуына жол сілтеп отыратын ғылым ордалары ғылым академиялары ашылды. Ресейде Ғылым академиясы бірінші Петр патшаның тұсында, 1725 жылы ұйымдастырылды.
Академияны басқаруға ғалымдардан президент, вице-президент (президенттің орынбасары) сайланады. Ғылым академиясының толық мүшелері, құрметті мүшелері, корреспондент мүшелері болады.
Совет өкіметі тұсында одақтық ұлт республикаларында да өз алдына академия, немесе академияның филиалдары (бөлімшелері) ұйымдастырылды. Соның бірі болып 1932 жылы Қазақстанда Одақтық Ғылым академиясының филиалы құрылды.
Ұлы орыс халқы, орыс ғалымдарының туысқандық көмегінің арқасында, Ғылым академиясының қазақ филиалы өзінің дара Ғылым академиясы болып құрылу мерекесіне зор табыстармен келді. Қазір Қазақ Ғылым академиясының 75 ғылым докторы мен профессоры, 188 ғылым кандидаты мен доценті, 187 аспиранты бар. Бұлардың көбі қазақ халқынан шыққан оқымыстылар.
Бұл, Ленин-Сталин партиясының ұлт саясатының табысы. Бұл қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетінің шарықтап өскендігінің айқын белгісі. Ғылым академиясының Қазақ филиалының қазақ Ғылым академиясына айналдырылуы тек оның атын өзгерткендік емес. Бұл Қазақстанда ғылымның сапасы жағынан ерекше алға басқандығы. Балалар, бұл жаңа Академия болашақтағы ғылым иесі сендердің академияларың. Сендер ғылымға жан-тәндеріңмен беріліп, өздерінді ғылым адамы болуға бейімдей беруге тиіссіндер. Өлке байлығын тексерудегі, ауа райын бақылаудағы, түрлі модельдер жасаудағы, ән-күй үйренудегі сендердің ұшқыр ақылдарың ғылымға көп пайда келтіреді. Адам қандай ғылым, қандай өнердің болса да қайраткері болуы үшін, оған жастайынан бой ұрып, машықтануы тиіс.