Еркіндік, әділдік, адамның өмірі мен намысы –адамгершілік-құқықтық құндылықтар.
Адам өміріндегі кез-келген қарым-қатынас саласында әділдікке үлкен мән беріледі. Адам үнемі әділдікті іздейді. Әділдік категориясы этикалық тұрғыда еркіндікпен қатар қарастырылады. Еркіндік әділдікке тәуелді болып табылады. Осы тұста, адамгершілік түсінігі басты назарға алынады. Дәл осы, адамгершілік қасиеті арқылы адам жағдайды объективті түрде рационалдылықпен бағалай алады.
Әділдікті іздеу үрдісі адамдарды біріктірсе, ал билік немесе даңққа ұмтылыс оларды жиі бір-бірінен алшақтатады. Әділдікке құқық нормаларын бұзбай ұмтылу, шынайы әділ бола білу, адамгершілікті білдіреді. Алайда, кейде билік немесе махаббат үшін күресте бұл нормалар сақталмайды әрі ұмытылып кетеді.
«Еркіндіктен қашу» кітабында Э. Фромм былай деп жазады: әділдік пен ақиқатқа ұмтылу адам табиғатының ажырамас бөлігі болып табылады, бірақ ол еркіндікке ұмтылу барысында бұрмалануы мүмкін. Фромм әлеуметтік және жеке адам тарихын талдау арқылы әділдікке ұмтылуды бөліп қарастырды. Әрбір адамның бостандығы мен дамуы үшін күресте әділдік пен ақиқат маңызды құрал екенін тарихтан көре аламыз. Кейбір тарихи адамзаттың көп бөлігі өзінен күшті топтардың бодандығынан, құлдығынан қорғауға мәжбүр болды. Әрі әрбір адам балалық шағында қорғансыздық кезеңінен өтеді.
Американдық психолог А. Маслоу, гуманистік психология деп аталатын бағыттың жетекші өкілдердің бірі. Адам ұмтылатын әр түрлі құндылықтардың бірі ретінде тұрмыстық құндылықтарды ерекшелейді. Оларға ақиқат, сұлулық, мейрімділік, жақсылық, кемелдік, қарапайымдылық, жан-жақтылық және т. б. жатады. Бұл құндылықтар индивидке өзін-өзі тану, өзін-өзі дамыту, риясыз қуану және өзін толық адам ретінде сезіну үшін қажет. Тұрмыстық құндылықтарды шектеу кейде патология тудырады. Мысалы, өтірік айтатын адамдар арасында тұрудан және адамдарға деген сенімнің жоғалуынан пайда болады.
А.Маслоудың айтуынша, белгілі бір анықталған және эмпирикалық мағынада, егер адам аш болса, тамақтанады немесе шаршаған кезде демалады. Ұсқынсыздықта емес, сұлулықта өмір сүргісі келеді. Шын мәнінде, бұл тұрмыстық құндылықтар адамдардың көпшілігі үшін өмірдің мәні болып табылады, бірақ көбісі оны мойындамайды.
Ф. Ницше әділеттілікке деген ұмтылысықа жоғары баға береді: «шын мәнінде әділ болуды қалаған және соған ұмтылған адам ғана құрметке лайық. Өйткені әділдікте жоғары және сирек ізгіліктер біріктіріледі және жасырылады»,- дейді.
Құқық тұрғысынан адам еркін, бірақ белгілі бір құқықтық шеңберден аспауы қажет. «Қоғамдық өмірдің ұйымдастырушы бастамасы ретінде құқық бұл функцияларды белгілі міндеттер мен жеке еркіндікке арналған шекараларды белгілеу арқылы орындайды». Құқықтық нормалар жеке еркіндік шекарасын анықтайды.
Құқық-жекелеген индивидтер, әлеуметтік бірлестіктер және жалпы қоғам үшін мемлекет белгілейтін бостандықтың ресми шарасы болып табылады.
Философияда құндылық дүниесіндегі обьектілердің ерекшеліктерін адам мен қоғамға, қоғамдық өмір мен табиғаттағы құбылыстардың дұрыс немесе бұрыс мәнін анықтау (игілік, жақсылық пен жаманшылық, әсемдік пен көріксіздік) үшін қолданылады.
Кез келген халықтың өмірінде адамгершілік құндылықтарының орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижелері болып табылады. Адам құқығының адамгершілік мүмкіндігі басқа әлеуметтік құндылықтар сияқты ғасырлар бойы жинақталып, жаңа үлгінің негізінде адамның мінез-құлқын реттеуші болып саналады.
Адамның тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда, оларға адамзат баласының қол жеткен қоғамдық-тарихи тәжірибесімен қатар, қоғамдық-этикалық нормалар мен ізгілікті-адамгершілікті игеру керектігін тәжірибеден көруге болады. Адамгершілік құндылықтар халықтық дәстүрлерде, адамгершілік принциптерде, діни мәдениетте нақты жазылып қойылған және әлеуметтік ойдың озық белгілері, жеке тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері жинақталған күйде, әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде көрініс табады.
Адамгершілік әр адамға тән қасиет болып табылады. Адамгершілік қасиеті адамның қоршаған ортамен байланысынан, адамдармен қарым-қатынасынан, отбасындағы тәрбиеден қалыптасады. «Адамгершілігің төмен болса әділетті бола алмайсың»-деген екен француз философы Люк де Клапье Вовенарг. Яғни адамгершілік әділдіктің негізі болып табылады. Адамгершілік арқылы құқықтық нормаларға бағынуға, оны саналы түсінуге әрі дұрыс намысты қалыптастыруға болады.
Адамгершілік құндылықтар адамгершілікті реттеуші нормалар арқылы белгіленеді. адамгершілік құндылықтардан шығатын және қоғам мәдениеті мен ондағы құндылықтарға байланысты ерекшеленетін мінез-құлық ережелері арқылы қолдайды.
Әрбір мәдениет жалпыға танылған адамгершілік түсініктердің немесе мораль нормаларының белгілі бір жүйеге ие. Бұл ережелер осы қоғамда міндетті болып саналады.
Адамның рухани адамгершілік құндылықтары өмірдің мәнін іздеумен тығыз байланысты, адам осы өмірді жай ғана өмір сүруге және ұрпағын жалғастыруға ғана емес, өзінің өмір сүруінің аса маңызды мәнін табуға тырысады. Адамгершілік құндылықтар адамды осы мақсатқа бағыттайды.
Құқық- әрқашан адамның жеке еркіндігін шектейді. Индивидтің өзі үшін де, жалпы қоғам үшін де сөзсіз құндылық болып табылатын жеке еркіндікті шектеу керек пе? Ал еркіндік әр адамға қандай да бір шектеулерсіз тек өз қалауы бойынша әрекет ету мүмкіндігін бере алады ма?
Әрине, бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаймыз. Ойлап қарасақ, егер адам құқықтық нормалар мен міндеттерден еркін болса, өзін жоғалтып алар еді. Яғни адами қасиеттері біртіндеп жойылып, тек қалаулар мен сезімдердің жетегінде өмір сүрер еді. Бұны адамгершілік тұрғысынан ар-ұят, намыс реттеп тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |