ХІ тарау. БАТЫС ФИЛОСОФИЯСЫ
(ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр).
ХІХ ғасырдың екінші жартысында марксизм философиясымен қатар, классикалық емес философияның ағымдары қалыптасады. Әр түрлі сциентикалық (мәдениет құрылымында ғылымның, әсіресе нақты ғылымдардың рөлін абсолюттендіретін) және сциентизмге қарсы ағымдар пайда болады. Егер сциентизм ағымына классикалық дәстүрден айрылу философиялық дүниетанымдық мәселелерді терістеу, философияны арнайы ғылымдар мен ауыстыру талпыныстары мен байланысты болса, онда сцентизмге қарсы пікірдегі ағымдар иррационализммен интеллектінің сынымен сипатталады. Осымен қатар, бірнеше философиялық мектептер «Кейін Кантқа» және «Кейін Гегельге» деген ұрандары мен классикалық философия дәстүрлерін сақтауға ұмтылды. Қазіргі заманғы батыс философиясының ішінде айтарлықтай орынды діни философиялық ілімдер, неотомизм мен персонализм т.б. алады.
ХХ ғасырдың ортасынан философтар еңбектерінен табиғат пен қоғамның өзара байланысын және қазіргі заманғы өркениет дамуы жолдары мен нәтижелерін ұғынуға бұрды. Осыған байланысты тарауда ең көп таралған бірнеше ықпалды ағымдар: позитивизм, прагматизм, герменевтика, «өмір философиясы», эгзистенциализм қарастырылады.
Позитивизм және оның тарихи түрлері. Позитивизм (лат. positivus – оң дұрыс) – ХІХ-ХХ ғасырларда батыс философиясында кең тараған ағым. Позитивизм терминін ғылымға енгізген француз философы Огюст Конт (1798-1857 ж.ж.) осы ағымның негізін қалады. Ол ой жүгіртуге, білімді «тиянақсыз» құруға негізделген ғылымның дамуымен қойылған сұрақтарға жауап беретін «метафизиканың», демек, дәстүрлі философияның қабілетсіздігі идеясын алға тартты. О. Конттың бұл идеясы танымның үш түрлі даму сатылары туралы ілімінде негізделеді: 1) Діни ілімдік, қоршаған орта құбылыстары жаратылыстан тыс, фантастикалық жан иелерінің қызметімен түсіндіріледі, діннің үстемдігі суреттеледі; 2) Метафизикалық, бұған табиғатты абстрактілі «мәндерімен» және «себептермен» түсіндірілетін философияның үстемдігі тән; 3) Соңғы – ең жоғарғы позитивтік саты, алдыңғы екі сатыдан дін ілімі мен метафизикадан бас тартумен, позитивтік, яғни барлық құбылыстарды ғылыми түсіндіретін, оң ғалымдардың үстемділігімен ерекшеленетін саты. Барлық оң білімділердің тәжірибеге сүйенетін эмпирикалық ғылымдармен алынуы мүмкін, сондықтан ақиқатты зерттеуге деген талабы мен философияның өзіндік зерттеу тақырыбы болмайды. Оның міндеті – арнайы ғылымдардың нәтижелерін жалпы қорытындыларымен шектелу.
О. Конттың ілімі дәстүрлі философиядан бәрінен бұрын өзін ғылымдардан жоғары қоятын неміс идеализмінің ақылға саю, ой мен тануға бағытталған абстрактілі құрылымдарынан бас тартты, бөлектенді. Ал бұл «метафизикалық» деп аталатын барлық, демек, философияның түбірлік мәселелерін «ғылымға дейінгі» түсініктердің позитивтік (оң) қалдығы деп жариялауды білдіреді. Дегенмен, О. Конт француз ағартушылары дәстүрін жалғастырып, ғылымның шексіз дамитын қабілетіне, ғылыми ойдың тиімділігіне сенді. Ол Д. Юм мен И. Кант сияқты құбылыстың мәнін танудың мүмкіндігін табандылықпен теріске шығарып, себепті зерттеудің мағынасыздығын жариялап, себептілік ұғымын құбылыстардың дәйектілігі түсінігі мен алмастырылды. Конт көзқарасы бойынша, ғылыми таным құбылыстарды түсіндірмей, оларды сипаттаумен шектелу керек.
О. Конт позитивизмінің сыртқы әлемнің өмір сүретінін жоққа шығармайтын материалистік те ой желісі бар. Оның заттардың өзін зерттеу және олардың арасындағы табиғи байланысқа негізделген ғылымды жіктеу идеясы құнды. Дегенмен, ғылыми танымның шеңберін құбылыспен шектеген ол, агностикалық ілімді де жасайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында О. Конттың ізін қуушылар Д.С. Милль (1806-1973 ж.ж.) және Г. Спенсердің (1820-1903 ж.ж.) еңбектерінде өз дамуын тапқан позитивизм, әсіресе, Англияда үлкен ықпалға ие болады.
ХІХ ғасырдың аяғында физикадағы дағдарыспен байланысты позитивизмнің екінші түрі өмірге келеді. Бұл дағдарыс, кейбір ғалымдарға материализмнен бас тарттырған бірнеше үлкен жаңалықтардан (электронның ашылуы, радиоактивті ыдырау құбылысы т.б.) туындап, материяның құрылымы туралы ескі түсініктердің қирауына соқтырады. «Екінші позитивизм», «махизм» негізін қалаушы Австрия физигі Э. Мах (1838-1916 ж.ж.) және эмпириокритицизм (тәжірибенің сыны) негізін қалаушы Р. Авенариус еңбектерінде көрінісін тапты. Өзара ұқсастықтарына байланысты бұл ілімдер махизм немесе эмпириопритицизм деген жалпы атауға ие болды.
О. Конт позитивизмінен айырмашылығы – махизм, Берклидің субъективтік идеализмін қайта тірілтіп, материализм элементтерінен біржолата бас тартады. Э. Мах ғылыми танымының негізгі қағидасы «ойдың үнемділігі» деп жариялайды. Мұндай қағида Авенариуста «ең аз күш шығыны» атауына ие болды. Бұлардаң мәні – объективті ақиқатты мойындайтын «метафизикалық» жорамалдардан бірінші кезекте ғылымды еркіндікке шығару болып табылады. «Қозғалыс», «кеңістік», «уақыт», «себептілік», «қажеттілік» түсініктерін махистер адамның қатынасынсыз объективті мазмұны, мағынасы болмайтын ойдың желісі есебінде қарастырады. «Үнем», «ең аз шығынмен» ойлау құбылыстардың мәнін түсіндіруді емес, сырттай сипаттауды білдіреді.
Материализм мен идеализмнің біржақтылығынан еркін, ғылым философиясын жасауға талпынған Мах оған «әлемнің бейтарап элементтері» түсінігін ғылымға енгізеді. Бұл элементтер физикалық та психикалық та емес, олар «бейтарап». Элементтердің түйсік, сезімнен басқа еш нәрсе болмайтынынан махизм философиясында әлем түйсік, сезімдердің жиынтығы түрінде көрсетіледі. «Метафизика мен оның алдамшы» мәселелеріне қарсы шыққан махистер мен эмпириокритиктер заттардың мәнінің танылу мүмкіндігін ғана емес, сонымен қоса олардың объективті өмір сүретінін де жоққа шығарды.
Диалектикалық материализм тұрғысынан Мах философияның сыни бағасын В.П. Ленин өзінің философиялық еңбегі «Материализм және эмпириокритизмде» берді.
Жаңа позитивизм немесе «үшінші позитивизм» ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Европада қалыптасты. 40-50 жылдары, екінші дүниежүзілік соғыс әсерінен бұл философиялық ағымның АҚШ-қа орын тебуіне байланысты, осы жерде кең таралымын табады.
«Үшінші позитивизм» – философиялық ағымның қалыптасуына ағылшын философы, математик Б. Рассел (1872-1970 ж.ж.) және Австрия философы Л. Витгенштейн (1898-1951 ж.ж.) айтарлықтай әсерлерін тигізді.
Математика ұғымдарына логикалық талдау тәсілін пайдаланып, оның тиімділігіне көз жеткен Рассел оны кез келген білім саласына, соның ішінде философия мәселелерінің шешіміне де пайдалануға болатыны туралы қорытындыға келеді. Осыдан логика философияның мәні болып жарияланады. Расселдің ойынша, философия мәселелері өзін-өзі логика мәселелеріне алып келеді, өйткені әрбір философиялық мәселе, егер оны қажетті талдау мен тазалауға салса, ешқандай философиялық болмай шығады немесе сөз біз пайдаланатын ойда ғана философиялық, демек, логикалық болады.
Рассел мен Витгенштейн өздерінің теорияларын «логикалық атомизм» деп атап, ғылымның келесі құрамдас бөлімдерін: логиканы және оның жетілген тілін құруды өздеріне мақсат етіп қойды. Бұл идея жасанды тілдің құрылымын құрастыру үшін және символикалық логиканың дамуында жемісті болып, жаңа позитивистер айтарлықтай жетістікке жетті. Осымен қатар, жиынтығы барлық әлемді құрайтын «атомарлық» сөйлемдер – ойдың қарапайым бірліктері болады. Болмыстың қарапайым бірліктерін «атомарлық» фактілердің нақты бейнесі ретінде, ал тілдің формальдық құрылымын әлемге теңбе-тең суреттер көрінісіндей қарастырған Рассел мен Витгенштейн ақиқат әлемінің зерттелуін, логикалық алғашқы элементтерден құрылған ойды зерттеумен алмастырды. Болмыс туралы ілім (онтология) логикамен алмастырылды.
Рассел мен Витгенштейннің идеяларын дамытқан Р. Карнап (1891-1970 ж.ж.) сөйлемдерді үш сыныпқа бөлуді: мағынасыз; ғылыми жете түсінілмеген (ғылымнан тыс); ғылыми-тиянақты (ғылыми) деп топтастыруды ұсынады. Бірінші сыныпқа, сыртқы бейнелеріне байланысты қарастыруға болатын сөйлемдерді қосады. (Ай төрт бұрышты көбейтеді – Карнаптың мысалы); екінші класқа – ешқандай «хаттамаға» жинақтауға болмайтын барлық философиялық сөйлемдер – олар тексерілмейді немесе олардың құрамына «жалған түсініктер» (мысалы, «абсолют», «субстанция» т.б.) кіреді. Сондықтан нәтижесінде біршама сөйлем болатын дедуктивтік қорытындылар тексерілмейді. Тек қана үшінші сыныптың сөйлемдері ғылыми болады.
Егер Рассел мен Витгенштейн сөйлемдер мен деректер арасындағы қатынастарды қарастырса, онда Карнап «атомарлық факт», «қарапайым объект», «әлем элементі» және т.б. түсініктерді «жарамайтын метафизика» деп жариялап, философияның міндетін тілді логикалық талдаумен, оның синтаксисімен шектеді. Өйткені, ғылым логикасы Карнап көзқарасынша, ғылымның логикалық синтаксисінен басқа еш нәрсе де емес. Осы тұрғыдан ол реалды өмір сүретін объектілердің табиғатына байланысты және олардың тілге қатынасты сұрақтарын талқылаудың мүмкіндіктерін жоққа шығарады.
Синтаксис (гр. Sintaxic – құру, реттеу) таңбалар құрылымының ішкі мазмұнын құру ережелерін олардың атқаратын функцияларына қатыссыз зерттейді. Осылай философия лингвистикалық теория түрлеріне жалғастырылып, сөздер мен сөйлемдердің маңызына тәуелсіз, формальды ережелер жиынтығы болып қалды. Келешекте синтаксистік амалдардың шектеулігіне көз жеткізген жаңа позитивистер тілді семантикалық талдаудың қажеттілігі қорытындысына келеді. Осылайша «логикалық семантика» деп аталатын бағыт қалыптасты.
Семантика (гр. Semantikas – белгілеу, көрсету) – таңба түрлері мен білімді түсіндіріп беретін және оның мағынасы мен мәніне байланысты мәселелер зерттелетін тіл білімінің тарауы. Осы күнгі логика ілімінің бір тарауы есебіндегі семантиканың өзіндік зерттеу тақырыбы формальданған тілдердің, формальды құрылымдардың мағынасын талдау. Философияда семантикалық мәселелер маңызды орын алады, олар тілдің қызметі мен мәні туралы сұрақтарды түсіндірумен байланысты. Таным мен сұхбаттағы тілдің рөлін, осыған байланысты абстрактілі ойдың табиғатын, абстракциялану деңгейін және басқа да таным теориясы сұрақтарына қоса әлеуметтану мәселелерін зерттеп, логикалық семантика дәстүрлі философия мәселелерін қалпына келтірді. Бұлардың зерттелуі лингвистика (тіл білімі) мен символикалық логиканың дамуында үлкен маңыздылыққа ие болды. Осымен қатар, дәстүрлі философиялық мәселелер логикалық семантикада әлемнің өзіндік зерттелуі ретінде емес, керісінше, әлем туралы ойлаудың, демек, ұғымдық құрылымдар, әлемнің өзінің құрылымы есебінде қарастырылған жаңа позитивистік көзқараста қойылып, шешімін тапты. Объективтік ақиқат субъектінің өміріне тәуелді болып, оның түсіндіруі арқылы өмір сүреді. Объективтік әлем таным шеңберінен тыс қалып қояды.
Қисынды позитивизмнің негізгі қағидаларының бірі сөзбе-сөз аударғанда дәлелдеу, растау деген түсінік беретін верификация (лат. verus – ақиқат және fakio – жасаймын) қағидасы. Ол ақиқаттың белгісін және сөйлемнің тиянақтылығын сезімдік тәжірибе фактілерімен салыстыру немесе, қарапайым және сенімді (атомарлық) фактілермен қисындастыруға болады дегенге саяды. Бұл белгі тек сезімдік тексерілетін сөйлемдерге ғана қатысты болуы мүмкін, сондықтан философиялық тезистерді айтпағанның өзінде, кез келген арнайы ғылыми білімнің негізін құрайтын оның жалпы ой желісі мен заңдары мәнсіз, верификациялық емес, демек, тексеруге келмейтін болып шығады. Өткен мен болашақ туралы айтылатын ойлардың бәрі верификациялық емес.
Осы күнгі логика мен ғылымның әдістемелігінде верификацияның тікелей (деректерге тікелей шығатын) және жанама (тексерілетін жағдайдан, ақиқатты логикалық салдар арқылы дәлелдейтін) түрлерін ажыратады. Дегенмен, кез келген верификация жанама түрдегі болады, өйткені, қалай болғанда да, кез келген уақытта фактілердің «теориялық жүктемесі толық». Логикалық позитивистер хаттамалық сөйлемдерде әбден айқындап қойылған «Таза тәжірибе» болуы мүмкін емес деп ойлайды. Дегенмен, ғылыми қорытындылардың верификациялануы ғылымилықтың бірден-бір маңызды белгісі болып шығуы мүмкін.
Жаңа позитивизмнің өркен жаюы 50-60 жылдарға келеді, бірақ 50 жылдардан бастап-ақ «жаңа позитивизм» түсінігін, әр түрлі ағымдарды Рассел мен Вигенштейн «логикалық атомизмін», Карнаптың «логикалық позитивизмін» және позитивизмнің басқа да мектептерін қамтитын аналитикалық дәстүр шеңберінде қалыптасқан «аналитикалық философия» түсінігі ығыстыра бастады. Аналитикалық философияға бұрмалау қағидасын және осы қағидаға негізделген сыни рационализм тұжырымдамасын алға тартқан ағылшын философы, әлеуметтанушы Карл Поппердің (1902-1994 ж.ж.) ғылыми жұмыстарында негізгі идеялары қалыптасқан постпозтивизмді де қосуға болады. Поппер бұрмалау қағидасы (фальсификация, лат. Falsus – жалған, fakio – жасау) позитивистік верификация қағидасына қарсы бағытта енгізеді. Оның ойынша ғылыми теория барлық деректермен бірдей келісе бермейді, сондықтан өзімен бір пікірге келмейтін жекелеген деректерді жоюы керек. Теория неғұрлым көп деректерге жоққа шығарылса, соғұрлым ғылыми болады.
Егер версификация қағидасын позитивистер дайын білімді талдауға пайдаланса, онда Поппердің бұрмалау қағидасы оның дамуын зерттеуге мүмкіндік беріп, бір гипотезаның басқамен ауысуы есебінде түсіндіріледі. «Жаңа тәжірибелік мәліметтермен кейбір теорияларды жоққа шығару, – деп есептейді ол, – одан бас тартуға алып келеді және осы жаңа деректерді түсіндіру үшін, өз тарапынан жаңа деректермен жоққа шығарылатын жаңа теориялар жасау міндетін қояды. Осындай себептермен ғылым алға басады, прогресті дамиды». Дегенмен, ғылыми білім Поппердің есебінше бір ғана гипотезадан тұрмайды. Ғылыми теория, ғылымның дамуымен терістеуге келмейтін, объективтік ақиқат білімді қамтамасыз етеді, жаңа теориялар ғылым мен практиканың шыңдалуында, жетілуінде дәлелденбеген идеяларды жоққа шығара отырып, өзінің мазмұнына ескі теориялардың объективті ақиқаттарын қосып алады.
Достарыңызбен бөлісу: |