Қалас жамалов философия


ХV-ХІХ ғасырлар аралығын қамтыған хандық дәуір философиясы



бет52/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

ХV-ХІХ ғасырлар аралығын қамтыған хандық дәуір философиясы: а) жыраулар философиясы; ә) билер философиясы; б) “Зар заман философиясы”.
Қазақ философиясы тарихын зерттеушілер ертедегі көшпенділердің сыртқы әлем құбылыстары мен әлеуметтік саяси топ әрекеттері, қасиеттері туралы тәжірибелік білім қорлары болғанын көрсетеді. Бұлардың белгілі бір деңгейде болашақ, қоғам, қоршаған әлеуметтік ортаның жан-жақты өрбіп шыңдалуы туралы пайымдауларға негіз болғаны күмәнсіз.
Тәңірге, отқа, суға, жерге, төрт түлік мал иелеріне, әруаққа табыну да көшпенді тірліктің дүниетанымдық бағдарын көрсетеді. Қоғамдық санада әлеуметтік жүйе қағидалары, ережелері тарихи қалыптасқан қауымдастық мүшелерінің ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тағлымдары реттеліп отырды. Қоғамдық болмыстың өзекті мазмұнын құрайтын құндылықтар қауым мүшелері, жеке адамдардың іс-әрекеттері, ерік, жігері, өмірлік тәжірибесі, көрген-білгені мол ру басы – билер құзырында болды. «Көпті көрген көнеден» ақыл сұрап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан бай тәжірибе, имандылық, әділеттілік пен намыс, айтылған сөзге тұру рухани өмір саласының басты құндылығы болды.
Еліміз еркіндікке қол жеткізген кезден бері жарық көрген зерттеу жұмыстары, мақалалар мен айтылған пікірлер арасында өзінің объективті түсіндірмесін керек ететін келелі мәселелер бар. Олар: бірінші, көшпенді қоғам табиғатының ғылыми-техникалық прогресс жетістіктеріне жаттығы; екінші, қазақ мемлекеттілігі, бір орталыққа бағынған саяси құрылымның болғанына күмән келтіру; үшінші, қазақ халқының рухани өмірі болмысының қомақты бөлігі болатын жазу өнерін жоққа шығарып, тек қиратушы күш деп бағалап, оған мәдениет жетістіктерінің жаттығын қуаттаулар. Кешегі күні ақпарат құралдарында қазақтың өз алдына мемлекеті, ел қорғаған тұрақты жасағы болған ба, революцияға дейін хат таныған ба, баспасөзі болған ба деген сияқты күдікті сұраулар көп болды. Демек, “Октябрьге дейін мешеу, түгел сауатсыз, надан, даласы құлазыған меңіреу, құм арасында аюан сияқты аш, жалаңаш көшіп жүрген” деген сөздерді айтып өте шығатын пікірлер басым болды. Қазақ елі егемендік тұтқасын өз қолына ұстағаннан кейін оның өткен және қазіргі тарихы зерттеушілердің өзекті тақырыбына айналып, оған деген әр түрлі көзқарастардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Мысалы, “...орыс авторларының көпшілігі қазақтардың мемлекеттілігі дегенді жоққа шығарып, қазіргі мемлекетіміздің келешегі жоқ дегенді білдіргісі келеді. Ал қазақ авторларының зерттеу нәтижелері бұған қарама-қайшы. Олар қазақтардың мемлекеттілігі бағзы замандардан бері болған, сондықтан Қазақстан Республикасының болашағы зор деп біледі...”.
Тарихшы Б. Ермұқанов мемлекеттілік ұғымының ауқымдылығына назар аударып, Қазақ даласындағы мемлекеттіліктің пайда болуын Ақ Орда саяси құрылымының пайда болуымен байланыстырса, алғашқы ұлттық мемлекеттің пайда болуын Қазақ хандығының құрылуымен байланыстырады.
Қазақ хандығының саяси қалыптасу кезеңінде өмір сүрген, соңына өшпес мұра – жазба дерек “Тарих-и-Рашидиді” жазып қалдырған өз заманының ғұламаларының бірі Хайдар Дулати /1499-1551 ж.ж./ өнегелілік ережесін дәріптеп, ақиқаттан таймай, оны бұрмаламай, жауыздықтардан, жамандықтардан қашып, ел еңсесін көтерген кісіліктерді жасырмай, әсерлемей жеткізуді мақсат тұтады. Өмір сүрген тарихи дәуірі, билік иелерінің саяси қызметтері салдарларын ой елегінен өткізген ғұлама өктем ниетті саясаттың жөнсіздігін, қисынсыздығын, жалған менменсінген ниет пен жеңімпаз ерлердің абыройы мен ата-баба даңқын жоғары ұстау өнері арасындағы айырмашылыққа назар аударады. Шығармада жүйелі баяндалатын тарихи оқиғалардың мақсаты адам тағдырын қолында ұстаған жоғарғы билік пен мемлекеттің ірге тасын бұзатын зорлық-зомбылықтардан сақтанудың, өмірлік бастауларды нығайтып, мемлекет тұрақтылығының негіздік діңгегі болатын әділеттілік туындыларының маңыздылығын көрсетеді [30, 339 б.].
Ғұлама жоғары ұстаған рухани құндылықтар: қайырымдылық пен кеңпейілдіктің, жоғарғы мәртебелілік пен тәрбиеліліктің, абырой мен таза сенімнің үлгісі, өнегесі. “Адам бойынан көрінісін табатын кез-келген жетілгендік пен жақсылық өз мәнінде жасампаз Жаратқан Иенің әсемдік, жарылқаушылық және жетілген бейнесі” болып табылады [30, 507 б.]. Мемлекеттік құрылымдардың тәртібін ой елегінен өткізген ол, әр түрлі қызметтердің үйлесімділігін байқайды. Оның талғампаз ақылы әр бір ханның әлеуметтік қызметін басқа хандардың осындай жағдайдағы қызметімен салыстырып, байламдар жасауына мүмкіндік береді. Ең бастысы, мемлекет қуатын арттыратын, әскерді ұйымдастыратын күшті анықтауға ұмтылады.
М.Х. Дулати билік иелерінің залымдығын айту керектігін “оқушылар мен тақ мұрагерлері жамандық істерден өздерін аулақ ұстауға және мақтаулы істер мен айналысуы үшін үлгі болсын”,- деп түйіндейді [30. 563 б.]. Іс тындыратын әкімдер адам өмірі мен мемлекетке зиянын тигізетін зорлық-зомбылықтардан бас тартып, саяси жүйе тұрақтылығы мен өмір бастауы болатын әділеттен аттамағанын дәріптейді [30. 339 б.].
Бейбіт өмір – жаны ізгі қызметкерлердің алып жүретін ауыр жүгі. Ол күнделікті қызметінде отанына берілген, қайырымды, нақты істерге ұмтылып, пайдасыз, зияндықтардың бәрінен бас тартады. Бейбітшілік –қиындықтарды жеңу, теңдікті, әлеуметтік әділеттілік болып есептелетіндерді қалпына келтіру. Олай болса, келісім – адам мүмкіндіктерінің жасампаздығы. “Егер адам талпыныстары, игілікті ойлары жоғары болса, онда ол күнделікті жұмыстарын атқарумен шектелмейді” [30. 462 б.]. Ғұламаның ойынша, жігерлі билік иесінің басты мақсаты – өз ошағы, яғни қарамағындағы елі мен жақындарының амандығын, абыройын қорғау, опасыздар мен жауларына қатал болып, мемлекет гүлденуінің бастауын зорлық-зомбылықтан емес, әділ соттан көру.
Хандық биліктің екінші түрінің әлеуметтік қызметі дәйексіз, әр түрлі жағдайларда өзінің жүйесіздігімен көзге түседі. Мемлекеттік құрылымда орын алған келеңсіздіктерді жоюдың басты құралы алдау, қулық, немесе өшпеңділік, қара ниет, данышпандар мен ер жүрек батыл жанды қудалау сияқты келеңсіздіктердің қолданылуы. Қулық пен сатқындық, зорлық пен кекшілдік, ретсіз қыспаққа алу жөн-жосықсыздықты ұлғайтып, көңілге қаяу түсіреді, қорқыныш ұялатады. Өз қызметтерінде осындай әдістерді қолдайтындар келісім жолынан шығып, ешкімге бағынбайды. Түрлі жеңілдіктерді қолдануға, баюдың, басқалардан жоғары тұру мүмкіндіктерінің жолдарын қарастырады, әділет негізінде орнығатын қатынастарды сақтау есепке алынбайды.
Дулати ойынша, мемлекет қуаты ел басшысына байланысты. Сондықтан ол тарихи дәуірдің аса ірі саяси тұлғаларының бірі деп Қасым сұлтанды айтады. Ғұлама Қасымның аса көрегендікпен ізіне ерген елдің жерін кеңітіп, халқының санының көбеюіне зор үлес қосқанын дәріптейді. Тарихи деректер оның Ноғай ордасымен, Сібір хандығымен және Моғолстанмен бейбіт қарым-қатынастар орнатып, орыс мемлекетімен дипломатиялық байланыс жүргізіп, батыс елдеріне де таныла бастағанын айғақтайды [30. 124-143 бб.].
Осы кезде халық ұғымында “Қасым ханның қасқа жолы” деген атпен сақталған ел басқарудың саяси жүйесі реттелген заңдар, ережелер жасалды. Олар: І. Мүлік заңы /жер, мал-мүлікті иемдену мәселесі /, 2. Қылмыс заңы /ұрлық, кісі өлтіру, талау, шабу, ойран салу, т.б. қылмыс істегендерді жазалау тәртібі/, 3. Әскери заң /қосын жасау, аламандық міндет, ер азамат пен тұлпардың құны т.б/, 4. Елшілік мәселесі /халықаралық қатынастағы әдептілік, сыпайылық, шешендік өнер/, 5.Жұртшылық заңы /түлен түрту, ас, той, мереке кезінде қолданысқа түсетін ережелер, жасауыл, береуіл, тұтқауылдың міндеттері.
Дулати пікірінше, ел басқару – қыры мен сыры мол, адам бойында екі түрлі қасиет болуын керек ететін ерекше өнер. Біріншісі, алысты болжайтын салиқалы зерде, терең ақыл-парасат. Екіншісі, төзімділік пен батылдықты шыңдайтын қайтпас қажыр-қайрат. Осы қасиеттерді бойына сіңірген басшының іс-әрекеті қылыш пен садақтың күшінен анағұрлым ықпалды.
Жаны ізгілікке толы, елі мойыңдаған басшы күш-қуатын халқының мүддесі үшін жұмсайды, қадір-қасиетін, абыройын сақтап, байлыққа құнықпайтын басшыны көпшілік қолдап, соңына ереді. Ел басқарудың құралы – халық сеніміне ие болу, әділдік, ізгілік, қайырымдылық. Болашақ үшін жанын салып терін төккен адам – елге құт, ал жаман адам – жұт. Халқы қолдаған басшы текті, көпті көрген, жұрттың бос қолпаштауын керек етпейтін адам. Бұндай тұлғалар туралыққа, әділдікке, шындыққа ерекше мән береді.
Саяси биліктің тұғыры болатын дін мен сенім қатар қолданылса ел басқару қиынға соқпайды. Саяси тұлғаларға керекті қасиеттерді саралаған Дулати пікірі, бастаған істі аяқсыз қалдырмау, аңдыған адамға өзіңді алдырмау, жарлықтар мен бұйрықтардың орындалуын қадағалауға ерекше мән беруге саяды. Осымен қатар, ғұлама, қоғам өміріндегі келеңсіздіктердің бастауын адамдардың күнәһарлығынан көріп, оны сұрқия қасиет деп бағалайды.
Дулати ел басшыларына өзін басқа біреудің көзқарасы тұрғысынан байқау, мұсылмандықты қадір тұту, сән-салтанат қумау, қарапайым өмір салтын ұстау, халыққа қатаңдық істеп зәбір көрсетпеу, өзіне деген халық қаһарын қоздырмау, жұртын орынсыз қауіп-қатерге ұшыратпау, діндар адамдармен ақылдасу, дандайсу мен жемқорлыққа салынып, халықты өзінен үркітіп алмау, аса қатал әскербасылары мен уәзірлердің рахымсыз істеріне жол бермеу, келелі істің түйінін тауып, көрегендікпен шешу талаптарын қояды. Сондай-ақ, ел арасында бауырмалдық, туыстық қасиеттердің орын тебуіне, ынтымақ, бірлікпен өмір сүруге, бейбіт саясат ұстауға шақырып бүкіл әлемдік құндылық мәселелерін көтерген...
Ә. Марғұлан жазу өнеріне байланысты Қазақстан жерінде үш кезеңдегі эпиграфикалық ескерткіштердің сақталғанын, олардың ең ертедегісі Түрік қағанаты /ҮІ-ҮІІІ ғ.ғ./ дәуіріне, екіншісі – қыпшақ, оғыз, қаңлылар уақытына /ҮІІІ-ХІІ ғ.ғ./, үшіншісі-қыпшақ, қазақ /ХІІІ-ХІХ ғ.ғ./ уақытына жататынын көрсетеді.
Жалпыға бірдей жүйелі білім беру салалары болмауынан Ресей империясы “бұратана”, “надан” атандырған қазақ халқының рухани болмысын зерттеуде жөнсіз пікірлерді қолдаушы, Лондон университетінің Орталық Азия, Шығыс және Африка зерттеу орталығының директоры Ш. Акинердің: “қазақтардың өз жазба деректері болмауы себепті, олар жайлы ХІХ ғасырға дейінгі мәліметтердің бәрі отырықшы өмір салтын ұстаған көршілерінің түрлі құжаттарынан, тарихи келісім шарттар мен саяхатшылар жазбаларынан көрініс тапқан”,– деген оғаш пікірі назар аударалық. Зерттеушінің ұшқары пікір білдіріп, тек отырықшы елдердің ғана жазба деректері, әдебиеті болады дегенге саятын ойға жетелеп, қазақтардың жазба деректері жоқтығын тыңғылықты дәлелдеп, ақиқаттың соңғы нүктесін қойғандай тұжырымына кеңес дәуірі саясатының салқыны тигені көрініп тұр. Ә. Марғұлан революцияға дейінгі өзі тапқан қазақ қолжазбалары санының 800-ге жуығын айтады. Олардың ішіндегі ең ескісі ХҮІ ғ. жатады. Сондықтан кейбір ғалымдардың “қазақтар жазу, сызуы кеш дамыған жаңадан пайда болған халық” деген қорытындылары шындыққа жуыспайды. Тәуекел ханның орыс патшасы Феодор Ивановичке қазақ тілінде жазған бірінші хаты ХҮІ ғасырдың аяғында жіберілді” [31. 33 б.].
Дала данышпандары пікірлерінің қоғам өмірінен айрықша орнын алғанын және оның келесі даму бағыттарын ерекшелеуге болады:
– Халқымыздың философиялық толғауларында көрініс тапқан ой, түсініктерде тұрмыс, тіршілік тауқыметтері жаратылыс себептерімен байланыстырылған, табиғат, қоршаған орта /өзен, көл, шұрайлы шалғындық жерлер т.б./ көшпенді қоғам дүниетанымына арқау болғандығы. Табиғат – адамның өмір сүру ортасы, халықтың материалдық өмірінің дәйекті негізі. Асан Қайғының: “Еділ мен Жайықтың бірін қыстасаң, бірін жайласаң, қолыңды алтын мен күміске маларсың” дегеніндей, Қазтуған жырау да “Алаң да алаң, алаң жұрт” өлеңінде туған жер табиғатын молшылық тұрмысының, адам өмірі жетістіктерінің әсерлі негізі деп қарастырады. Өйткені көшпенділерге тиімді жасыл желектермен көмкерілген жер ғана: “Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең” болып, адамдар арасындағы әлеуметтік айырмашылық өз мәнін жояды. Даланың қатал табиғатына қалыптасу, оның ішкі заңдылықтарын түйсікпен сезініп, “жеті ағайынды” жұттардың алдын алу, көшпенді өмірдің сәтті жақтарын көрсетеді.
– Елдің мақсат-мүддесін көксеген жыраулар толғаулары тарихи дәуір ауыртпалығы, қоғамдық құбылыстар салмағына назар аударады, өмірлік бастау, адам ойы, қызметінің діни көзқарасқа тәуелді болатынын, әлеуметтік қиындықтар мен қайшылықтарды шешу жолдарының Жаратқан Иеден қуат, медет сұрауға, теңсіздіктің жоғарғы күш иесі – тәңірінің еркімен байланысты болатынын аңғартады. “Тәңірінің өзі берген күнінде, несібесінің хан ұлынан артық” болғанын [32, 32 б.] Доспамбет жырласа, жоғарғы билік иесіне мойын ұсынудың пайда болуын: “Тебінгінің астынан ала балта суырысып, тебінісіп келгенде тең атаның ұлы едің, дәрежеңді артық етсе тәңірі етті” деген Шалкиіз, саяси биліктің діни санадан қолдау тапқанын ашық айтады [32, 39].
Қазақ хандығының жан-жақты қысымға ұшырауы, саяси дағдарыс, әлеуметтік қайшылықтар шиеленіскен дәуірлерде, аса маңызды мәселелер шешімі іздестіріледі. Қиялда пайда болған идеалды әлем өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаға қарсы қойылып, тығырықтан шығу жолы “Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған” заман орнату, халқын жоқшылықтан құтқарып, бақытты өмірге жеткізуге ұмтылудан көрініс табады. Асан Қайғының көшпенді болмыс, тұрмыс – салт негізінде пайда болған ойлары, кейін уақыт ерекшеліктеріне сай Бұхар жырау, Дулат, Шортанбай ақындардың шығармаларында қайталанып, халық бұқарасының сұранысы, мақсат-мүддесі, ұмтылысы аңыздар, әлеуметтік ой, идеялар түрінде жалғасады.
– Жыраулар ру, тайпа арасындағы туыстық байланысты, күш кемелденуі, оның мүшелерінің қауіпсіздігі деп те қарастырады. Осыған орай Ақтамберді “Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар”,– десе [32, 58 б.]. Шалкиіз “Белуардан саз кешсең, тобығыңнан келтірмес, қамалаған қалың туған арқасы”,-деген жырау пайымдауында жағасына жау қолы тимес үшін туысың көп болуы керек [11, 46 б.]. Жалғыздық – ру, тайпаның әлсіздігі, кедей, жарлылық деп түсіндіріліп, құйрығы жоқ, жалы жоқ құланмен теңдестіріледі. “Атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін” [32, 58 б.]. Өсіп-өнген әулетке айналған ұрпақтың замана тұрғысына сай өндіргіш күш ретінде қоғам өміріне тигізетін әсері күнделікті тұрмыс деңгейінен дұрыс тұжырымын табады.
– Көшпенді өмір салаларын қарастырған жыраулар толғанысында өзіндік ерекшелігімен көзге түсетін дала демократиясы, қандас, туыстық негізде ұйымдасқан билік жүйесінің өзіндік белгілері ерекшеленеді. Қазақ хандығы және оның тарихи құрылымы хақында құнды еңбектер қалдырған орыс тарихшысы В.В. Вельяминов-Зернов елдегі билікті бөлудің нақты қалыптасқанын: “...билікті бөлу үрдісі Қазақстанда орта ғасырлардан бастап өзіндік ерекшеліктерімен көзге түседі”,– деп тұжырымдайды. А.И. Левшин хандар мен сұлтандар, ақсақалдар мен ру басылар күзде бас қосып, “халықтың мұң-мұқтажын, елдің қасіреті мен пайдасын” талқылағанын сипаттайды. Орыс зерттеушілерінің деректеріне сүйенсек, көтерілетін мәселелер: жайлау, қыстау, соғыс және бітім жариялау болғанын көреміз.
– Халық ауыз әдебиеті хандық биліктің түрлі сын мен шектеулерге ұшырауы туралы деректерге де бай. Оған хан, сұлтанның жосықсыз шешімі, әлеуметтік топтар арасындағы айырмашылық, теңсіздікті сынау арқау болды. Ежелгі “Хан талапай” дәстүрі ел билігінде басты тұлға – халық екенін көрсетеді. Тарихи естеліктерге қарағанда, сұлтандардың, заң бойынша әуел бастан әмір ету құқықтары бола тұрса да, олардың үкіміне ру басыларының кеңесі, қара бұқараның уәкілдері әрқашан да шек қойып, тежеп отырған. Мемлекетіміздің негізін қалаған хандардың бірі Жәнібекке Асан Қайғының: “Әй, хан, мен айтпасам білмейсің” [32, 24 б.],– деп басталатын сыны; ру ақсақалы, би Жиембет жыраудың Есім ханға өлсе құнсыз кететін көп құлдардың бірі емесін, соңына ерген халқының бар екеніне сілтеме жасап [32, 53 б.], ру, тайпа мүдделеріне қайшы келетін әрекетін сынауы осының айғағы. Деректер билік иелерінің дауды бұқараның мүддесіне сай, олардың ойынан шығатын әділеттілік тұрғысынан шешуге тәуелді болғанын, руға қарсы күш қолданып, шиеленіскен қайшылықтарды дұрыс шешпей, қысастық жасағанның кейін бас сауғалағанын, ханның көп алдында жауапкер болып, халық қаһарынан қорқып отырған жұртын тастай көшкен кіріптарлығын көрсетеді.
– Жыраулар көтерген әділетті, келелі ел басқару қоғамның қалыпты дамуының кілті, өйткені әлеуметтік әділеттілік ру, тайпалар арасындағы дау -дамай, талас - тартыстардың тоқтап, ел ішінде өмір үндестігі, келісім – шарт орнауының негізі. Ақтамберді пікірінше адам теңдігі, молшылық өмір – қазақ қоғамының жетуге талпынатын идеалды құрылымы. Көшпенді қоғамның болмысы дәріптелетін, шөбі шүйгін шалғынды жайлымдар, төрт түлік мал, халық бас қосқан үлкен жиын, тойларда: “құлдың да бір ұлдай киінгенін, көркемдігін көргендердің сүйінгенін” қалауы, қазақ қоғамдық ойы дамуындағы алдыңғы қатарлы пікірлер болды [32, 62 б.].
Қазақ хандығы дәуірінің дамуы үдерісінде айқындалған әлеуметтік құрылымды ауыз әдебиетіне сүйеніп, философиялық ой тұжырым ХҮ ғасырдан бастап, ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі уақыт аралығында нақты рулық, қандас – туыстық қатынастарға негізделді. Зерттеушілер қазақ халқын шығу тегіне қарап, үлкен екі топқа бөлген. Ақ сүйектер – оқшауланған, қоғамдық қатынастар құрылымында үлкен билік тұтқасына ие болу мүмкіндігіне құқы бар Шыңғысхан ұрпақтарының жабық ұйымы. Құқық артықшылығы байлыққа, молшылық өмірге байланысты емес, тұқым қуалаған тектілік, әлеуметтік иерархиядағы олардың ең жоғарғы мәртебесі анықталады. Осы таңдаулы топқа ислам діни қызметкерлері қожалар да кіреді. Шығу тегіне қарай артықшылықтарды пайдаланған қожалар көшпенділер арасында ислам дәстүрлерін таратуда, сақтауда маңызды рол атқарды. Қожалардың қазақ даласындағы саяси ықпалының айтарлықтай болуы көп жағдайларда ислам дінінің кең таралуымен түсіндіріледі.
Тарихи деректер хандардың тек сұлтандардан сайланғанын, басқа билік иелерінің қарапайым халық арасынан шыққанын көрсетеді. Ақ сүйектермен салыстырғанда, қара сүйектер – ерлігі, әділ билігімен өзінің жеке қасиеттерімен отандастарының еңсесін көтерген және мүлік жағдайына байланысты бұған кез келген кісі қол жеткізген ашық қоғамдық құрылым. Қауымдастықта барлық қоғамдық, яғни отбасылық, рудың ішкі топтары арасындағы қатынастарды реттеуші халық бұқарасының өкілдері. “Бұл бастықтар, немесе княздар,– дейді И.П. Фальк,– ең бай, өте сыйлы және аймақ абыздары. Биліктерінің аздығына қарамай, олардың қатысуымен жергілікті жерлерге хан өз әсерін тигізетін”– дейді. Демек, қазақ даласындағы ел басқарудың екі деңгейі болды: бірі хандар мен сұлтандар билігі болса, екіншісі, ру, тайпа ортасынан шыққан ақсақалдар, билер билігі. Көшпенді қауымның өз ортасынан шыққан, “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деп, әділет жолын ұстаған, тұрмыс қайшылықтарын шешуде қазылық құқыққа ие болған би – қазақтардың әдет заңдарын жетік білетін ең бір тәжірибелі, беделді тұлға. Қара сүйектілер арасында айрықша орны бар, “Билер, деп тілге шешен, бай, ұқыпты адамдарды түсінуіміз керек”,– дейді Я.П. Гавердовский [33. 27 б.].
Қазақ хандығы дәуірінің ақын - жыраулары толғауларында қоғамның әлеуметтік өмірінде өзіндік орыны бар, ел-жұртқа қызмет етіп, кіріптарлыққа қарсы, теңдік үшін күрескен бай, батыр ұғымдары да ерекшеленеді. Осыған орай Шалкиіз жырау: “Тәңірі өзі бермесе, менменсіп жүрген ер жігіт кісіден тартып алып жарымас” [32, 46 б.] десе, Ақтамберді: “Орнын тапқан ер жігіт жерсіз болар деймісің, орда тігіп орнаса, төрсіз болар деймісің”,– деп [32, 67 б.] тек көшпенділерге тән психологиялық ерекшелікті көрсетіп, халқына адал қызмет көрсеткен адамның байлықтың негізі – жерсіз де, кісінің әлеуметтік ортадағы орнын көрсететін төрсіз де болмайтынына меңзейді...
ХІХ ғасырда өмір сүрген ауыз әдебиеті өкілдерінің шығармаларын саралай отырып, хандық дәуірдегі халық бұқарасы қаналды деп, қанаудың классикалық түрдегі ұғымы туралы айта алмаймыз. Өйткені, “Қайырсыз байдан пайда жоқ, нашарға жәрдем бермесе, кем-кетікті көрмесе”,– деп жырлаған Дулат ақын пікірі “бай бір жұттық” деген көшпенді қоғам болашағының, табиғаттың дүлей күшіне бағыныштылығын көрсетеді. Байлықты жуса кететін қолдың кіріндей, тұрақсыз көретін көшпенділер құрсағы құшақ байлар дәулетінің өткіншілігін, жарлы - жақыбайлардың да ел қатарына қосылып, иық тірестіріп, жайлауға жарыса көшетінін терең түсінді [32. 112 б.]. Онымен қоса, сансыз шайқастарда қолға түскен тұтқындар құл деп аталғанымен уақыт өте келе, өздерінің жүрген ортасына, рудың мүшесі есебінде сіңгені, соғыс кезінде жаудан балиғатқа жеткен қыз әкеліп, шаңырақ көтеру жігіт үшін үлкен мақтаныш, қолға түскен ер балаларды асырап, өз баласындай енші беріп, үй қылу қазақ даласының қалыпты жағдайы болғандығын көрсетеді.
Ішкі жер, жесір даулары, құн, барымта сияқты әр түрлі тартысты мәселелер ру, тайпалар қақтығыстары, қайшылықтар салдарынан әлсіздердің қоныс аударып кетуі; жеке адамдардың да өз ортасынан бөлектеніп, өзге бір әлеуметтік орталарға кірме болғанынан дерек беріледі. Тарихи әдебиеттерде хандықты құраған тайпалар одағында қан төгістерге ұласқан антагонизмдер болмағанымен, Есім хан заманының қанды оқиғасы қазақ елі құрамында болған Ташкент ханы Тұрсынға байланысты айтылады. Күрделі қайшылық, қан төгіске байланысты Марқасқа жыраудың: “Ей, қатағанның хан Тұрсын, кім арамды ант ұрсын” [32. 56 б.] деген сөзі жеткен. Ханның өзі ғана емес, қатаған тайпасын да жазаға ұшыратқан қатаң жаза бір орталыққа бағынған мемлекеттің қуатын қамтамасыздандыру қажеттілігінен туындаған деген болжам айтылады арнайы әдебиеттерде.
Жыраулар толғауларында үздіксіз көтерілетін келелі мәселенің бірі, ішкі ру аралық араздықтың өршуі, ағайын бірлігінің азуы. Мұны Шалкиіз жыраудың сөз көтере алмай, қайта кірер есігін қатты жапқан адамға: “Сол жаман елден кетер деп, артынан жақсылар қалар шақырып” деген ойынан көреміз [32 43 б.]. Осындай тартысты оқиға ертеректе арғындар мен керейлер арасында туындап, ата қонысынан үдере көшуге бет алған керейлердің жат-жұртқа ауып кетуіне қарсы болған Бұхар жырау, айтқанға көнбей, елдіктен кетсе, жағдайларының ауыр болатынын ескертеді. Абылай хан алдында келісімге келуге, қыз алысатын құдандалы жекжаттыққа шақырады. Аңызда дауласушы рулардың бітімге келіп, керейлер ата жұртына қайта орналасады.
Хандық қоғамда саяси көзқарас үшін жеке адамдар, тұлғалар арасындағы антагонизмдер де бар. Қара қыпшақ Қобыландының Әбілқайыр ханның беделді биі – Ақжол биді /Дайырқожа/, Кіші жүздің Әбілқайыр ханын Барақ сұлтанның мерт қалуы... Бұл – хан тұқымдары, немесе ру басылар бақталастығы. Көшпенді өмір салтының күрделі сұраныстарына байланысты туындаған талас, ой, пікір қайшылықтарының салдары, жеке бас араздығы.
Ежелгі замандардан қазақ мемлекетінің құрамына кірген ру, тайпалардың ішкі қайшылықтары мен туындаған күрделі өмірлік мәселелерін шешудің халық ұғымына сәйкес келетін дәстүрлі жолдары, заңдар жинағы болды. Соның ең ежелден келе жатқаны – әдет заңы. Арнайы әдебиеттерде ол, мұсылман дінін ұстанатын халықтардың құранға негізделген діни құқықтарының жиынтығы, жалпы халықтық әдет-ғұрып, қоғам өмірінің сан-салалы жақтарын қамтыған заңдар қағидасы ретінде көрсетіледі. Күнделікті тұрмыс келеңсіздіктерінен туындайтын ішкі ру аралық «барымта», «құн дауы», «қанға – қан», «қалың мал» т.б. әлеуметтік қатынастарды реттеген бұл заңдар ХҮІІ ғасырдың соңы мен ХҮІІІ ғасырдың басында Тәуке хан бұйрығымен жүйеленіп, билер кеңесінде талқыланып, қабылданатын “Жеті жарғының” негізін қалайды. Деректер қарастырылатын, реттелетін, шешілетін қайшылықты мәселелер саны жетеу болғанын көрсетеді: “жер дауын баяндайын – біріншісі, ру, қоныс пенен меншік ісі. Иеленген жеріне жанжал болса, біреуге басымдық қып озбыр кісі. Үй іші мен баланы тәрбиелеу – болған жосын заңның екіншісі. Ұрлық, қарлық, барымта – үшінші заң, баян етер бәрін де білген кісі. Төртінші боп саналған мынау заңы, бір халық пен басқа ру болса дауы. Ұлтын жаудан қорғамақ – бесінші бұл, алтыншы, жетінші – құн дауы, жесір дауы”.
Өз заманы өзекті мәселелерін көтерген бірлік, елдік, теңдік, өрбу туралы толғаулар айтқан Асан Қайғы Жәнібек ханға: “Аңдып жүрген көп дұшпан, елге жау боп келеді” – десе, қалмақтармен соғыстың жеңісті жорықтарынан ес жиып, жан - жағына зер салған Ақтамберді үдере көшіп, ен жайлаған кең қоныстары: Тоқырауын, Жәмші, Сарысу мен Атасуды “Бермекпіз кімге алшы деп?! Ертістің ұзын бойына, шақырып едік біз қашан, осыған қорған салшы деп?!” деген сөзімен Ресейдің тойымсыз ындынына наразылығын білдіреді.
ХҮ-ХҮІ ғасырларда дәуірлеген Ноғай ордасының да өзара тартыстар салдарынан бұрынғы күш қуатынан айрылып, құлдырауға айналғаны туралы Шалкиіз жырау: “Орманбет би өлген күн, Он сан ноғай бүлген күн” деп толғанып, оның елдігінен айрылып, тарих сахынасынан кетуіне ел билеушілерінің мансап пен атақ үшін өзара қырқысып, бақ таластырған күрестерінің зардабының тигенін ашып көрсетеді. ХҮІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде бар жігерін өзара дау-дамайға, қайратын өзара тартыстарға жұмсаған қазақ жұрты жоңғар шапқыншыларының тегеурініне шыдамай, “Ақтабан шұбырындыға” ұшырауы да ел бірлігінің кетуінің алғашқы көрінісі болды. Тарихи дәуірде бір орталыққа бағынған қарымды мемлекет құра білген, жоңғарлардың да тарих сахынасынан елдігін жоғалтып, жойылып кетулерінің де себебі, елдің ішкі қуаты болған тайпалар арасындағы бірліктің жоғалуы мен басшылық, билікке таласқан өзара қырқыс аяғында халық бұқарасын қырғынға ұшыратты. Жоңғарлармен шешуші соғыс кезінде, билік тартысына түскен қазақ сұлтандары мен жоңғар елінің түбіне жеткен Лама Доржи, Даваци, Әмірсана іс – әрекеттерінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Түпкі мақсаттары қандай жолмен болса да билікке жету болған олар: “Жамандықты іздесті, Бірін – бірі күндесті. Ханын қалмақ жаулаған, Сүйткен қалмақ оңбаған. Сол қалмақтың жері еді – ау,Үш Қарқара, Көктөбе, Ит те ұлып қалмаған”– деп, қатар отырған жоңғар елінің ен жайлау, кең қоныстарында ұлыған ит те қалмай, елдігінен айрылып қана емес, құрып кеткеніне Бұхар жырау өкініш білдіреді, тиісті қортынды шығаруға үндейді.
ХҮІІІ ғасырда орыс бодандығын еріксіз қабылдау ақын-жырау шығармаларына өзгерістер енгізеді. Шал ақынның дін атынан жақсылық, игілікті істерді мадақтап, халықты бірлікке, билік иелерін адамгершілікке үндеп, тұрмыс, шаруашылықты өлеңге қосуы, отарлық саясаттың ел өміріне енгізген өзгерістерінің салдары болды. Сондықтан ендігі жерде: «Қазаққа пайда мынау, малын бақсын, отқа жайып, суарып, бағып - қақсын» [11, 139 б.]. «Қилы - қилы заман-ды, заманға сай адам-ды»,– деген Дулат ақын Ресей отарлау саясатының бел алуына байланысты пайда болған қоғамның рухани өмір өзгерістерін анық айыра білген ойшыл [32. 198 б.].
Өз уақытының өзекті мәселелерін қозғап, шығармаларына әлеуметтік мән берген, қоғам заңдылықтарын пайымдаған олар, қазақ халқының іргелі ел болғанын көксеп, әлеуметтік орта мәнін түсінуге тырысып, оған күнделікті тұрмыс деңгейінен қортындылар жасайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет