Тарихтың материалистік түсінігі. Марксизм классиктері жетістіктерінің бірі – тарихты материалистік тұрғыдан түсіндіру болды. Өз мәнінде осы қарапайым жаңалық адамдар ғылыммен, саясатпен, дінмен, философиямен айналыспас бұрын ішіп-жеуі, киінуі, баспанасы болуы керек дегенге саяды. Мұның бәрі – еңбек нәтижесі, ал еңбек өндіріс құралдарының жасалуынсыз және пайдалануынсыз мүмкін емес. Қоғамның байланыстары мен қатынастардың барлық күрделі де әр алуан жиынтығынан Маркс материалдық, өндірістік қатынасты бөлектеді. Бұл негіздік, бастапқы қатынас адам санасынан тыс қалыптасады. Олар барлық адам санасы арқылы өтетін басқа қатынастарды анықтайды, осыны Маркс идеологиялық деп атады.
XIX ғасырдың ортасындағы жұмысшы табының ақиқат экономикалық және әлеуметтік жағдайын шынайы зерттеу Марксті тікелей адамзат қоғамы мен оның тарихына деген жаңа көзқарасты жасаудың қажеттілігіне алып келді. Ол жатсыну категориясының көмегімен капиталистік қатынас пен ондағы адамның алатын орнын ашып, одан еңбек пен капиталдың өліспей беріспейтін қайшылығын көрген ол буржуазиялық қоғамның мәнін ой елегінен өткізуге ұмтылды.
Жатсыну категориясына философия тарихында үлкен көңіл бөлінген еді (Ж. Руссо, Гегель, Фейербах). Маркске дейінгілер оны қоғамдық қатынастардан бөліп алғандықтан, мәнін түсіне алмады. Маркс бұл категорияны адамның еңбегімен тығыз байланыстырып, капиталистік қоғамда адам еңбегінің, еңбек нәтижесінің адамнан бөлініп, жатсынып кететінін көрсетті. Адам қанша еңбек етсе де, байлықты жасаса да, оның нәтижесін, жемісін көре алмайды. Жатсынған еңбек адамнан тыс күшке айналып, еңбекшінің ой-ырқын, сезімін билейді, өзіндік дене, рухани энергиясы жұмсалып жасалған мол қазына оның өзіне емес, өндіріс құралдарының иесіне тиесілі болады. Үнемі еңбек етіп, байлықты тудырғандар қайыршылыққа, аштыққа ұшырайды, сондықтан Маркстің сөзімен айтқанда, адамдар обадан қалай қашса, еңбектен де солай қашады.
Жатсынған еңбек адами мәнді жояды. Адамның мәні, мәндік күштерінің көзі еңбек арқылы ашылатын болса, жатсынған еңбек бұған қарама-қарсы. Яғни, адам еңбек еткен сайын өзінің «адамдық мәндік» күштерінен, табиғи жағынан ғана емес, рухани жағынан да айрылады. Жатсынған еңбек адамның бойындағы барлық қасиеттерін, ынтасын жойып, оған тек күн көру үшін жұмыс істетеді. Осылардың негізінде Маркс буржуазиялық қоғамның жұмысшыны машина деңгейіне дейін төмендетіп, жұмысшы табын езуші күш болатынын көрсетті.
Жұмысшы табының барлық бақытсыздығының, кедейлігінің түбірін Маркс өндіріс құрал-жабдықтарына жеке меншіктің үстемдігінен көрді. Маркс пен Энгельстің қоғам туралы ілімдерінің қысқаша түсінігі – жеке меншікті қоғамдық меншікпен алмастырудың тарихи қажеттілік екендігі.
Маркс адам мәселесінде Фейербахтың абстрактілі антропологизмінен айырмашылығы бар жаңа көзқарасты өмірге әкелді. «Фейербах туралы тезистерінде»: «Адамның мәні – жеке адамға тиесілі абстракт емес. Ақиқатында ол – барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы»,– дейді. Осы уақыттан бастап, Маркс зерттеулерінің бастауы «адамның жатсынуы» және «мәндік күштері» емес, барлық қоғамдық қатынастардың талдауы және бірінші кезекте адамдар арасында қалыптасқан барлық көп түрлі қатынастардың ақиқат негізі – экономикалық, өндірістік қатынастар болды. Осы әдістемелік тәсіл адам даралығының мәнді ерекшелік белгілерін табуға мүмкіндік берді. Маркс адамды қоғамдық немесе өндірістік қатынастардың қарапайым жиынтығына апарып тіреген жоқ. Ол әрбір адамды мәні көрсетілуі керек құбылыс ретінде қарастырады. Бірақ, оның мәнінен құбылыстың мазмұны бай. Адамдар – машиналар жасап шығаратын бұранда емес, олардың әрқайсының ешқашан қайталанбайтын өзіндік қасиеттері бар. Қалыптасып дамитын, өрбитін, өмір сүретін әлеуметтік ортаның танымынсыз адамның өзіндік ерекшелігін дұрыс түсіну мүмкін емес. Өйткені адамдар әлеуметтік құрылымнан өз өмір жағдайларының алдын ала белгіленіп қойылғанын көреді; таптық қатынас пен өмірлік жағдайын, сонымен қоса жеке тағдырын және өздерін де бағындыратынды, мойын ұсынатынды анықтайды.
Марксизм көзқарасынша «адам» түсінігінің басты, ең мәнді белгісі – байыпты және мақсатты еңбек етіп, еңбек құрал-жабдықтарын жасайтын қабілеті. Тек адамға тиесілі осы белгі оны жануарлар әлемінен бөлектейді. Осымен қатар, адам – табиғи, демек барлық жануарлар әлемімен генетикалық байланысы бар биологиялық жан иесі. Сондықтан әрбір адамның генетикалық тұқымқуалаушылығын есепке алмауға болмайды. Маркстің айтуынша, адамның әлеуметтік мәнін және әлеуметтік болмысын биологиялық заңдылықтар мен факторлар анықтамайды.
Адамның пайда болуы және байыпты жұмыс істеу қабілеті табиғи сұрыпталудан туындамай, әлеуметтік факторлармен анықталады. Қоғамның дамуы генетикалық заңдарға емес, әлеуметтік мұраны иеленуге бағынады. Сондықтан адамның мәні – қоғамдық қатынастардың, нақты тарихи құрылымның туындысы.
Маркстік философия адамнан қоршаған ортаны шығармашылықпен қайта өзгертуге қабілетті, белсенді жан иесін көреді. Дара тұлға – бұл салыстырмалы өз бетінше қоғам дамуының заңдарын, объективті жағдайды мақсатқа сай дұрыс пайдалана білетін және оны тануы арқылы табысты әрекет жасайтын дербес бірлік. Дегенмен, кісі өз бетінше әрекет жасамайды, ол өзінің белсенділігін ұжымда, тек ұжым арқылы көрсете алады. Сондықтан Маркс не ұжым (қоғам) немесе адам (тұлға) деген баламаны қанағаттанғысыз деп есептеді. Адам іс-әрекетінің құндылығы оның қоғамға, басқа адамдарға қатынасынан көрінісін табады.
Адам дегеннің кім екенін білу үшін, оның өмір сүретін қоғамының қандай екенін білу керек. Бұл тек қоғам тарихының диалектикалық-материалистік түсінігін жете зерттеу арқылы ғана мүмкін деп есептейді марксистер. Маркстік философиядағы адам мәселесі шешімінің негізгі бағыттары осындай.
Маркстік философия қоғамды тек материалистік тұрғыдан ғана емес, диалектика тұрғысынан да қарастырады. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың диалектикалық байланысын көрсете отырып, Маркс өндірістік қатынастардың өндіргіш күштердің белгілі бір даму сатысына сәйкес келуге тиістілігін ескертеді. Бірақ, бұл сәйкестіктің тұрақты қалпы болуы мүмкін емес. Өндіріс тәсілінің ең тез дамитын бөлігі есебінде өндіргіш күштер, өзінің бір даму сатысында баяу өзгеріске ұшырап, қалып қойған өндірістік қатынастармен қайшылыққа келеді. Осыдан өндірістік қатынастар өндіргіш күштердің дамуын тежеуші күшке айналады. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың өзара байланысы, өндіріс тәсілі дамуының, соның ішінде барлық әлеуметтік жүйенің ішкі қозғаушы күші болады.
Қоғамдық-экономикалық формациялар ұғымын өмірге енгізген Маркс қоғам туралы жалпы пікірлерді терістеп, жоққа шығарды. Ол әрбір қоғамдық-экономикалық формацияны нақты талдауын керек ететін белгілі құрылымы, көп жақты қызметтері бар тірі әлеуметтік организм деп есептеді. Осымен қатар, әлемдік тарихтың бірлігін қамтамасыз ететін жалпы тарихи немесе жалпы әлеуметтану заңдылықтарының да өмір сүретінін көрсетті.
Қоғамдық формация категориясы басты тарихи кезеңдерді немесе дәуірлерді бөлектеуге, тарихи кезеңдерді ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді. Егер формация түсінігі адамзат дамуының белгілі бір өндіріс тәсілі сатысының мәнін анықтауға мүмкіндік берсе, онда «дәуір» оның барлық нақты тарихи мазмұнын қамтиды.
Тарихи материализм (терминді ғылымға Энгельс енгізген) тек қана жалпы әлеуметтанымдық ілім болып қоймай, өзіне тарих философиясын да қосады. Тарих философиясының міндеті – адамзаттың қайдан, қалай және қайда бара жатқаны сұрағына жауап береді. Осыған байланысты, қоғамдық прогрестің мазмұны мен белгісі туралы да сұрақтың қысқаша жауабы: еңбек жемісінің еңбекті қолдау шығынынан артық болуы кез келген қоғамдық, саяси және рухани прогрестің негізі боладыдегенге саяды [27. 199 б.].
Субъективтік фактордың, оның ішінде мемлекет басында тұрған адамның мінез-құлқы, қоғамдық қозғалыстардың, партиялардың т.б. тарихтан алатын үлкен орны бар. Субъективтік фактор оқиғалар барысына назардан тыс қалдыруға болмайтын кездейсоқтықты қосады. «Егер «кездейсоқтықтар» ешқандай роль атқармаса, тарих өте жұмбақ, түсініксіз сипатта болар еді», – дейді Маркс. Бұл кездейсоқтықтар басқа кездейсоқтықтармен теңгеріле отырып, тарихи оқиғалардың жалпы барысына кіреді. Оларға көп жағдайда оқиғалар барысының жеделдеуі мен тежелуі тәуелді болады...
Қоғамның дамуын Маркс жаратылыстық-тарихи үдеріс түрінде түсінеді. Қоғамның даму заңдылықтары объективті, осымен олар жаратылыс заңдарына немесе табиғат заңдарына ұқсайды. Олар қажеттілікпен, ықтиярсыз, адам санасынан тәуелсіз әрекет жасайды, оларды өзгерту немесе жою мүмкін емес. Дегенмен, қоғамның даму заңдылықтарының табиғат заңдылықтарынан негіздік айырмашылығы бар. Бұлар – қарапайым жаратылыстық емес, жаратылыстық тарихи заңдар. Олар тек белгілі бір дәрежеде өздерінің тарихын өздері жасайтын адамдардың қызметі арқылы өмірде жүзеге асады. Адамдардың жаратылыстық-тарихи заңдарды өзгертуге күші, мүмкіндігі жетпейді. Бірақ, мәнін танып-білу арқылы олардың іс-әрекетін тоқтатуға немесе жылдамдатуға әсерлерін тигізе алады.
80-90 жылдарда Энгельс тарихи үдерістегі идеологиялық және саяси күрестердің ролін түсірген немесе тіпті, терістеген «экономикалық материализм» дегенге қарсы күресті. Ол экономикалық негіздің анықтаушы мәнін қондырманың, бірінші кезекте мемлекеттің экономикаға белсенді әсерін жоққа шығармайтыньн көрсетті. Тарихи материализмнің мазмұны туралы түсіндіру жұмыстарын өрістетті.
Энгельс қондырманың және қоғамдық сана түрлерінің салыстырмалы дербестігі туралы сұрақты да жете зерттеді. Бұл дербестік, бәрінен бұрын, қондырманың негізге белсенді тигізетін әсерінен көрініс табады. Мысалы, мемлекет экономикаға үш түрлі әсерін тигізеді: біріншіден, мемлекет экономикалық дамуға қолқабыс көрсетіп, сол арқылы оның дамуын жылдамдатады; екіншіден, ол оған қарсы әрекет жасай алады, онда ерте ме, кеш пе, мемлекеттік құрылым құлайды; үшіншіден, аралық нұсқалардың мүмкіндігі – бір қатынастарында мемлекет жәрдемдеседі, басқасында қоғамның экономикалық дамуына кедергі келтіреді. Негізге қоғамдық сананың келесі түрлері: құқық, дін, философия, мораль белсенді әсерлерін тигізеді.