VШ тарау. МАРКСИЗМ ФИЛОСОФИЯСЫ Марксизм XIX ғасырдың 40 жылдарында Германияда пайда болды. Негізін калаушылар – К. Маркс (1818-1883 ж.ж.) пен Ф. Энгельс (1820-1895 ж.ж.). Бұл – философиялық, экономикалық, әлеуметтік саяси құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі дүниетанымдық көзқарас. Қазіргі күнде марксизмнің классикалық марксизмге көп жағдайларда ұқсамайтын, өзінің арнайы талдауын қажет ететін көптеген бағыттары, варианттары бар. Марксизмнің философиялық ілімінде диалектикалық және тарихи материализмдер қарастырылады.
Материализм мен диалектиканың бірлігі.Неміс классикалық философиясы, соның ішінде Гегель мен Фейербахтың философиялық жүйелері марксизм философиясының идеялық бастауы.
К. Маркс пен Ф. Энгельс Гегельдің еңбегінен табиғи, тарихи, рухани әлемдерді үдеріс есебінде қарастыруға талпынысты, тоқтаусыз даму, өзгеріс, қайта құрылу жағдайында көрсете отырып, осы қозғалыстың ішкі байланысын ашуға ұмтылысты көреді. Бірақ, бұл мәселелерді Гегель күн тәртібіне койғанмен, оны шеше алған жоқ деп есептеді. Олардың көзқарасынша бұл: біріншіден, Гегельдің өзіндік білімінің сөзсіз шектелулігімен қатар, тарихи дәуірдің қалыптасқан пікірімен байланысты; екіншіден, Гегель идеалист болғандықтан, бәрін «басымен тұрғызып қойды». Ол үшін адамның басындағы ойлар ақиқат заттар мен құбылыстардың бейнесі емес, керісінше, заттар мен құбылыстар әлем жаратылғаннан әлдеқайда бұрын өмір сүрген абсолюттік идеяның нақтылы түрде көрсетілген бейнесінің көрінісі ғана деп түсіндіріледі. Осылайша, әлемдік құбылыстар байланысының шын мәнінде өңі айналдырылды, бұрмаланды.
Марксизм негізін қалаушылардың диалектиканы түсінуінің бастауында философияның негізгі сұрағын материалистік тұрғыдан шешу жатыр. Гегельдің объективтік идеализмін сынға алған Маркс пен Энгельс материалистік дүниетанымдық көзқарасқа келді. Бірақ, бұл XVIII ғасырдың метафизикалық механикалық материализмі емес, керісінше, «басқа ғылымдардың үстінде тұрған басқа ешқандай философияны керек етпейтін өз мәніндегі диалектикалық материализм болды». Сонымен, өзінің негізі материалистік диалектика болатын жаңа материализм «диалектикалық материализм» деп аталады.
Маркс пен Энгельстің идеалистік түсініктерден арылуына Фейербахтың еңбектері үлкен әсерін тигізді. Маркс талғампаз діни көзқарас есебіндегі идеализмнің сынын және идеализмге XVIII ғасыр материализмімен салыстырғанда бір саты жоғары тұрған «ақиқат материализмді» немесе материалистік дүние түсінігін қарсы қоюын Фейербахтың сіңірген еңбегі деп есептеді. Фейербахтың шектеулі антропологиялық материализмінің кемшілігін көрсете отырып, марксизмнің негізін қалаушылар табиғат пен адам табиғатының әлеуметтік бірлігін зерттеді.
Марксизм философиясының қалыптасуына Гегельдің диалектикасы мен Фейербах материализмінің механикалық қосылысы деп қарауға болмайды. Мұнда әрбір құрамдас бөлік мәнді қайта өңдеулерге ұшыраған. Диалектикалық материализм теория мен тәсілдің жанды бірлігі есебінде өзінің алдындағы философияның барлығынан, соның ішінде тікелей жалғасы, дамыған түрі болатын өзінің идеялық бастауларынан да мәнді айырмашылығы бар.
Диалектикалық материализм дамуының бастауын марксизмнің негізін қалаушылар әлеуметтік-тарихи тәжірибені ой елегінен өткізу мен қорытындылаудан, жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдардың жетістіктерінен көрді. Энгельстің ойынша, жаратылыстану ғылымдары салаларында ашылған әрбір жаңалыққа сәйкес, материализм де өзінің түрін өзгертіп отырады. Жаратылыстану ғылымдарында XIX ғасырда ашылған жаңалықтар диалектикалық материализм тұрғысынан ой елегінен өткізіліп, көп жағдайларда оның түрін анықтады. Энгельс осы жаңалықтар негізінде әлемнің материалдық бірлігі туралы қорытындыға келіп, материя қозғалысының негізгі түрлерінің өзара байланысын айқындады. Мұның бәрі оған XIX ғасырдың аяғындағы ғылыми түсінікке сәйкес келетін бірыңғай жүйелі табиғат бейнесін жасауға мүмкіндік берді.
Диалектика – Гегель философиясының ең бір бағалы бөлігі. Маркс пен Энгельс табиғат пен қоғамда өз үстемдігін жүргізетін оның екі: объективтік және субъективтік диалектикалар түрін ажыратты. Объективтік диалектика барлық табиғатта үстемдік жүргізсе, субъективтік диалектика, ой диалектикасы – бар ғаламда үстемдік жүргізетін қарама-қарсылықты жолмен қозғалыстың, өзінің әрдайым күресімен және бір-біріне өтуімен табиғат өмірін қамтамасыз етуге себепші болудың бейнесі [27. 25 б.].
Энгельстің көзқарасынша, диалектикалық материализмнің зерттеу объектісі – табиғаттың ең жалпы диалектикалық заңдары, қоғам тарихы мен танымды, сонымен бірге ойлауды да қарастыру болып табылады. Бұл айтылғанда философияның негізгі сұрағының материалистік түсініктемесі беріліп, диалектиканың басты – қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігі заңы бөлектенеді.
Қайшылықты дамудың өзіндік көрінісі болатын – сан мен сапа өзгерістерінің өзара ауысу заңы. Бұл заң Гегельдің «Логика-ғылымында» егжей-тегжейлі, жете зерттелген болатын. Осы заңды мистикалық жұмбақ құрсауынан ажыратып, марксистер оны экономикалық, әлеуметтік саяси, рухани үдерістерді талдауға пайдаланды.
Диалектикалық заңдар құрылымында айрықша орынды терістеуді терістеу заңы алады. Ол ескіден жаңаның пайда болу жолының механизмін ашады немесе алдыңғы даму сатысының диалектикалық терістелуін, табиғи және қоғамдық құрылымдардың жалпы даму бағытын көрсетеді.