Қалас жамалов философия


Г. Гегель философиясы. Ойлау мен болмыс диалектикасы. Диалектикалық әдіс пен идеалистік құрылым



бет44/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

Г. Гегель философиясы. Ойлау мен болмыс диалектикасы. Диалектикалық әдіс пен идеалистік құрылым. Г. Гегель (1770-1831 ж.ж.) шығармашылығы неміс классикалық философиясының шарықтау шыңы деп есептеледі. Онда Кант, Фихте, Шеллингтің диалектикалық идеялары өз жалғасын тапты. Дегенмен, ол өзінің алдындағы ойшылардан айтарлықтай озып, барлық жаратылыстық, тарихи, рухани әлемдерді үзіліссіз дамуда көрсетіп, диалектиканың барлық заңдары мен категорияларын объективтік идеализм тұрғысынан дәлелдеді. Саналы түрде таным тәсілі ретінде диалектиканы метафизикаға карсы қойды.
Гегельдің «Кім абстрактілі ойлайды?» деген алғашқы мақаласы диалектикалық әдісті жасауына себепші болған. Бұл еңбегінде ол өзіне дейін орын алған сезімділікті нақтылықтың бейнесі, ал абстрактілікті жоғарғы даму үдерісімен тығыз байланысты деп қараған таным үдерісіндегі теріс көзқарастарды сынға алады.
Абстрактілі ойлау – мәселенің негізін ашып бере алмай, тек сыртқы көрініске, сезімге мойын ұсынатын білімсіз адамның әрекеті. Абстрактілі ойлаған адам мәселеге терең үңілмейді, оның мәнін, тарихын ашып бере алмайды, сондықтан ол да таным үдерісіндегі сыңаржақтылықтың аса үлкен белгісі ретінде әрқашан нақтылыққа ұмтылады. Нақтылық – қарастырылатын объектіге, тарихи ішкі байланыстары арқылы объективті қарауды талап ететін анықтамалар жиынтығы, көпжақтылықтың бірлігі. Демек, таным үдерісінің негізгі принципі – абстрактіліктен нақтылыққа өту.
Таным теориясы, логика және диалектика мәселелерін қарастырған Гегельдің алғашқы еңбегі – «Рух феноменологиясы». Бұл шығармасында Шеллинг күн тәртібіне қойған, бірақ ары қарай дамыта алмаған ойлау мен болмыстың тепе-теңдігі мәселесін ол өзінің философиялық құрылымының негізі етіп алды. Рухтың көріну формаларын, оның сана-сезім, абсолюттік субъекті арқылы даму жолын көрсетті. Қарапайым индивид санасы қоғамдық өмірмен, тарихпен тығыз байланысты қоғамдық сана деңгейіне дейін көтерілді. Сана зат пен білімнің өзара диалектикалық байланысынан, яғни жеке адамның, «Меннің» затқа деген қатынасынан туындайды. Сананың дамуын қадағалай отырып, Гегель оның сана-сезімге көтерілетінін, ал одан құл және қожа сана болып екіге бөлінетінін атап көрсетті. Құл сана тәуелсіздіктен айрылған, еркіндік жолындағы күресте беті қайтқан, өлімнен қорқып, құлдық өмірге бас иген жан бейнесін сипаттайды. Ал қожа сана еркіндік пен бостандық жолында өлімнен тайынбаған, жеңіске жеткен ерлік бейнені көрсетеді. Дегенмен, диалектикалық даму бұлардың бір-бірінің орнын ауыстырады. Өйткені, құл және қожа сана сезімдерінің ортасында қоғамдық, ең алдымен өндірістік катынас бар. Гегельдің бұл көзқарасы қоғамдық дамудың еңбекпен тығыз байланысты екенін анықтап, еңбектің мәнін ашуға ұмтылды.
«Рух феноменологиясы» сана сезімнен скептицизм және стоицизм арқылы «бақытсыз санаға» келіп тіреледі. «Бақытсыз сана» ескі қоғамдық қатынастардың күйреп, жаңа заманның өлі, қалыптаспаған кезеңінде пайда болады. Ол қоғамның және жеке адамның ауыр трагедиялық жағдайын бейнелейді.
Рухтың келесі көрінісі – пайымдау мен парасат арқылы көптеген кезеңдерді басынан кешіруі. Гегель рухтың ескі дәуірден орта ғасыр арқылы жаңа дәуірге өтуі кезеңіндегі тарихи-әлеуметтік көзқарасқа, философияға терең талдау жасай отырып, рухтың даму жолын абсолюттік субъектіге алып келеді.
Гегельдің философиялық жүйесі үш бөлімнен тұрады: 1) Логика; 2) Табиғат философиясы; 3) Рух философиясы. Ол идеалист болғандықтан, біздің санамыздан тыс, қоғам мен табиғатқа тәуелсіз абсолюттік идея бар екенін мойындады және оны абсолюттік білім деп түсінді Ал шындығында, ол – құдайдың бейнесі. Абсолюттік идея логикалық, табиғат және рух кезеңдерінен өтетіндіктен, Гегель осы кезеңдер арқылы логика ғылымына, жаратылыстану салаларына, қоғамдық ғылымдарға жан-жақты талдау жасады.
Гегельдің «Логика ғылымы» таным теориясына, логикаға, диалектикаға ерекше назар аударды. Оның ойынша, жаңа логика ескі формальді логикаға қарама-қарсы, өйткені ол – заттың, үдерістің ішкі мәнін ашып беретін ғылым. Ал ескі формальді логика ойлаудың сыртқы жағына, түріне ғана көңіл бөлді. Жаңа логика таным үдерісінің мәнін аша отырып, оны ғылым ретінде қарастырады. Гегель ойлау үдерісі адамның таным қызметімен, өмірдің практикалық саласымен тығыз байланысты екенін айқындағанымен, мұндай маңызды мәселе идеалистік негізде қарастырылған болатын.
Гегель логика ғылымында таным үдерісі, диалектика және логиканы тепе-теңдікте қарастырады. Логика таным үдерісінен бөлінбейді, бұлардың байланысы – диалектикалық үдеріс. Демек, логика мен таным теориясы сияқты, диалектика да – ғылым. Диалектиканың ғылым ретінде жалпы даму үдерісін көрсететін өзіне тән заңдары мен категориялары бар. Гегель диалектиканың сан өзгерістерінің сапаға өтуі; қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі және терістеуді терістеу заңдары мен негізгі категорияларын ашып, олардың өзара тығыз байланысын көрсетті.
Гегель «Логика ғылымында» ертедегі гректерден бері айтыс тәсілі деп қарастырылып келген диалектикадан бас тартып, оны таным әдісі ретінде қайта өңдеп, таным теориясымен байланыстырып, жаңа диалектикалық зерттеу әдісінің негізін қалады. Диалектика бүкіл дүние, күллі ғаламды үнемі даму үстінде, ал даму - мүмкіндіктің шындыққа айналуы деп қарастырады. Оның ойынша, қозғалыс пен даму – абсолютті, ол табиғатқа, қоғамға, адамның ойлау үдерісіне де тән. Қозғалыс әр уақытта тыныштықпен байланысты, демек ол – қозғалыс пен тыныштықтың бірлігі. Гегельдің диалектикалық әдісі – осы уақытқа дейін дүниені өзгеріссіз, бір қалыптағы жағдай, ал қозғалыс – тек механикалық өзгеріс деп қарап келген метафизикалық пайымдауларға қарсы тұрады. Тек философия ғана емес, басқа да ғылым салаларында маңызды роль атқарған Гегель диалектикасы идеалистік негізде пайда болған еді.
Ол диалектиканың категориялары мен ұғымдарының өзара байланысын түсіну арқылы объективтік дүниенің шындық бейнесін жасауға ұмтылып, олардың дамуын түсіндіруді философия тарихымен байланыстырды. Категориялардың ішкі, қажетті, объективті байланысын көрсетіп, олардың мазмұнын табиғат пен қоғамның даму сатыларымен сәйкестендіруге тырысты. Мұндай көзқарас диалектика заңдары мен категорияларының ішкі мазмұны жағынан аса бай, объективті дүниенің мазмұнын айтып беретінін көрсетті.
Гегель диалектикасы табиғатты, қоғамдағы құбылыстар мен заттардың өзара байланысын логикалық, теориялық негізде айқындап, түсінуге мүмкіндік берді. Диалектика табиғат, қоғам және адамның ойлау үдерісінің жалпы заңдылықтарын ашып, оны нақты, тарихи тұрғыдан түсіндірді. Расында да диалектикалық әдіс ойлауды үнемі дамытып отыратын үдеріс деп қарап, категориялар мен заңдардың ішкі объективті арақатынасын көрсетті.
Абсолюттік идея дамуының екінші сатысы деп Гегель табиғатты айтады. Табиғат – абсолюттік идеяның туындысы, оның басқаша, өзгеше өмір сүруі. Рух туындысы болатын табиғат, одан тәуелсіз өмір сүре алмайды. Табиғат Гегельді өзіндігімен емес, абсолюттік идеяның даму сатысы ретінде ғана қызықтырады. Оның табиғаттағы көріністері деп механиканы, физиканы, органиканы атады. Жансыз табиғаттан жанды табиғатка өтумен табиғи үдеріс аяқталады, қандай да бір төменгі түрдегі материалдықтың сыртқы қабығын жыртқан Рух, табиғаттан шығады.
Гегель табиғаттың механикалық, физикалық, химиялық және органикалық түрлеріндегі даму жолдарын ашты. Жаратылыстану салаларының алдыңғы қатарлы жаңалықтарына сүйенген ол материя қозғалысының түрлерін түсіндірмейді. Дегенмен, уақыт пен кеңістіктің өзара диалектикалық байланысы туралы ойлары, XIX ғасырда механика, физика ғылымдарында орын алған метафизикалық дүниетанымға сын болды. Өйткені, Гегель өз философиясында табиғатты тек кеңістік жағынан өзгереді, қозғалады деп есептеп, оның уақыттағы сапалық дамуын терістеуге тырысып, тар өрісті пікірлер айтты.
Гегель философиясының үшінші сатысы – алдыңғы екеуінің синтезі есебіндегі рух философиясы. Мұнда абсолюттік идея оянып, сергігендей болып, табиғат бұғауынан босанып, өз көрінісін абсолюттік рухтан табады. Адам – табиғаттың бөлшегі, ал адам рухы – табиғаттың емес, абсолютті рухтың жемісі.
Рухтың өздігінен дамуы үш түрлі бағытта жүреді. Біріншісі – «Субъективтік рух», адамның өзіндік санасы, ол өз жағынан үшке: антропологияға, феноменологияға, психологияға бөлінеді. Екіншісі – «Объективтік рух» – адамзат қоғамы мен оның басты үш түрі: Құқық, өнегелілік (құқықтылық), мемлекет. Үшіншісі – «Абсолюттік рух», өнер, дін, философиядан тұрады.
«Рух философиясы» – негізінен өзіндік және қоғамдық санаға, сонымен қатар тарихи дамудың диалектикасына арналған еңбек.
Рух дегеніміз – төменгі сатыдан жоғарыға өтетін үздіксіз даму үдерісінде болатын дара және бүтін белгісіздік. Гегель рухтың қозғаушы күші – ой мен дененің, объекті мен субъектінің диалектикалық қайшылығы деп есептеді. Абсолюттік рухтың ең жоғарғы шыңы – философия барлық ғылымдардың негізі ретінде қарастырылады. Өзінің мазмұнын ашып, жоғарғы дәрежеге жету үшін ғылым теориялық оймен қарулануы керек, ал теориялық дәрежеге жетпеген ғылым өзінің эмпирикалық сатысында қалып, дүниені толық тануға шамасы келмейді деп тұжырымдалады.
Гегель философиясы өз уақытында адамзатты толғандырған көптеген мәселелерді көтерді десек те, олардың негіздік мәнін толық ашып бере алмады. Дегенмен, оның диалектикасы, диалектикалық әдісі, таным теориясы, логикасы философия тарихынан маңызды орын алды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет