В.И. Ленин (1870-1924 ж.ж.) – марксизмді теориялық дамытушы ғана емес, ол ұлы саясатшы, Кеңес үкіметінің негізін қалаушы. Мұны Ленин қызметінің бағасын беретін социализм қарсылыстарының өздері де мойындайды.
Ленин өзінің ұстаздарының өсиетін басқалардан жақсы түсінді. Ақиқат марксист, диалектикалық материализмнің жақтаушысы. Өз уақыты үшін ақиқат жаршысы болған ол, әлеуметтік орта өзгерісі жағдайында маңызын жоғалтатын теориялық тезистерді қайталап бір орында тұрмауды дәріптейді. Ленин Маркстің іліміне мызғымайтын жетік нәрседей қарамайтынын білдіріп, егер социалистер өмірден қалып қойғылары келмесе, Маркс негізін қалаған ғылымның ең маңызды идеяларын барлық бағытта алға жылжытуы керек деген пікірін білдіреді[29. 184 б.]. Ленин өзі үшін ғылыми идеологияның мысалы болатын марксизмді ерекшелемей, кез келген идеологияны шартты деп есептеді. Диалектика, оның ілімінде материалистік көзқарастар да релятивизмнен, терістеуден, шүбәланып қараудан тұрады. Бұл – объективтік ақиқатты терістеу емес, біздің барлық біліміміздің салыстырмалылығын мойындаудың мәні.
XX ғасырдың басында Лениннің алдында, әлемнің жаратылыстық-ғылыми бейнесінің толық күйреуі жағдайында механикалық материализм көзқарастарынан және осы кезде сәнді болған махизм мен эмпириокритицизмнің субъективтік идеализм мектептеріне жаратылыстанушылардың жаппай өтуі кезеңінде, материалистік дүниетанымдық көзқарастың негізін қорғау міндеті тұрды. 1905-1907 жылдар аралығындағы Ресейде болған төңкеріс жеңіліс тапқаннан кейін, идеалистік және дін-мистикалық көңіл күшейіп, социал-демократтардың бір бөлігіне өзінің ықпалын тигізеді. Олар махизмді қазіргі заманғы жаратылыстанудың философиясы деп бейнелеп, материализм мен идеализмнен жоғары дәрежеге көтереді. Мысалы, А.В. Луначарский «Сұрғылт материализмнің ескі шекпенін» шешіп тастап, марксизмді адамзаттың өзі Құдай болып көрінетін жаңа дінмен қосуға шақырды.
Осыған байланысты туындаған күресте В.И. Лениннің «Материализм және эмпириокритицизм» еңбегі атап айтылады. Шығарманың жазылуы автордан сол кездегі тек классикалық философия білімін ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану мәселелерінің, бірінші кезекте физика ғылымының терең білімін талап етті. Физика ғылымы саласындағы ғылыми жаңалықтар көптеген ғалымның дүниетанымдық көзқарастарына әсерін тигізді, күйзелтті. Бұл жағдайды В.И. Ленин мәні ескі заңдар мен қағидалардың күйреуі мен объективті шынайылықты санадан тысқары шығарып жіберу, материализмді идеализм және агностицизммен ауыстыру болатын «физикадағы дағдырыс» деп атады.
Ежелгі гректер заманынан бөлінбейтін бөлшек, дүниенің алғашқы негізі деп танылған атомның бөлінетіндігі дәлелденген соң, «Материяның жоқ болып кеткенін» жариялаған «физикалық» идеализм пайда болды. Материя жоқ болып кеткен жоқ, бірақ өз негізінде материя деп бәрінен бұрын заттарды, «салмақты денелерді» түсінетін классикалық физика рухында тәрбиеленген ғалымдардың ескі метафизикалық, тұрпайы-материалистік сенімдері жоғалады. Ленин бұл көзқарастардың жалған, негізсіздігін көрсетіп, материяның түрлері мен көріністері шексіз көп, ал ғылымда оның тек аз бөлігі белгілі деп есептеді. Бірақ, олардың бәрі – тұтас материя көрінісі және объективті өмір сүреді.
Қозғалыс – материяның мәнді қасиеті, бұлардың бірін екіншісіз ойлау қисынсыз. Материя қозғалыста өзінің материалдылығын сақтамауы мүмкін емес. Лениннің пікірінше, материя дегенді адам санасынан тысқары өмір сүретін және онда бейнеленген объективтік ақиқат, шындық деп қысқаша түсінуге болады.
Ленин «физикалық идеализмнің» пайда болуының «гносеологиялық түбірлерін» келесі себептерден көреді: біріншіден, өзімен-өзі адам танымының үлкен жетістігін көрсететін теориялық физиканың математикаландырылуы. Демек, математикалық зерттеу тәсілдерінің физикада кең қолданылуы. Бұл табыстар «материя жоғалды», бір ғана теңдеулер қалды, физика өзінің нақты зерттеу объектісінен айрылып, жаппай абстрактілі математика әлеміне өтті, деп материя туралы теріс ұғым қалыптастуына себепкер болды. Физикалық түсініктер негізінің өзгеруі әсеріне байланысты, салыстырмалылық (релятивизм) идеялары «физикалық идеализмнің» пайда болуының өзіндік себебіне айналды.
Екіншіден, біздің біліміміздің ақиқаттығын Ленин екі бөлікке бөледі:
1) Объективтік ақиқат өмір сүре ме? Демек, адам түсініктерінде оның өзінен, субъектіден, адамзаттан тәуелсіз мазмұн болуы мүмкін бе?
2) Егер олай болса, объективтік ақиқатты көрсететін адам түсінігі, оны бірден, бәрін бірдей, абсолют көрсете ала ма, әлде ол тек салыстырмалы, жуық шама ма?
Сұрақтар жауабы абсолюттік және салыстырмалы ақиқаттардың қатынасы мәселесінің шешімі болады. Ақиқат қай кезде де салыстырмалы. Абсолюттік ақиқаттың салыстырмалы ақиқаттар жиынтығынан тұратындығын түсінбеу – физиктердің басты қателіктерінің бірі.
Ленин негізгі акцентті ақиқаттың объективтік мазмұнын дәлелдеуде жасайды. «Ақиқат, – дейді ол, – субъективтік бола алмайды, ақиқат әрқашан объективті». Бірақ, ол адам санасынан тыс бір жерде өмір сүреді деп емес, керісінше, оның мазмұны объективті деген ойда. Демек, ол адамның орынсыз тілегінен, ықыласынан, құмарлығынан т.б. тәуелсіз. «Сонымен, объективтік ақиқат дегеніміз – адам санасында объективтік әлемнің дұрыс, шынайы бейнеленуі», – дейді Ленин.
Оның ойынша, егер объективтік ақиқат мойындалса, сол арқылы абсолюттік ақиқат та қабылданады. Әрбір ақиқатта оның салыстырмалылығына, жуық шамалылығына, толық еместігіне қарамай, абсолюттік ақиқаттың элементі болады. Жалпы объективтік, салыстырмалы, абсолюттік ақиқаттар бөлек өмір сүреді деп түсінуге болмайды. Объективтік, салыстырмалылық, абсолюттік – әрбір нақты ақиқаттың қасиеттері, сипаттамасы. Ақиқат салыстырмалы, өйткені ешқандай ақиқат бірден, бүтіндей ғалам туралы абсолюттік ақиқатты, демек барлық шексіз болмысты, материяны толық, жан-жақты, жеткілікті бейнелеп көрсете алмайды.
Ленин маркстік практика туралы ілімді де дамытты. Ол практиканы адамның қарапайым физиологиялық қызметі емес, керісінше, адамның барлық материалдық қызметінің жиынтығын қоғамдық өндіріс, қоғамдық саяси қатынастардың өзгеруіне себеп болатын тап күресі, ғылыми эксперименттерден тұрады деп есептейді. Оның ойынша, материалистік таным теориясының негізі, сыртқы әлемнің адам санасында бейнеленуі болады, демек барлық білімдер, заттардың қандай да бір қасиеттері оны бейнелейтін тәжірибеден, сезімнен, қабылдау, ұғынулардан туындайды. Сезім, түйсікті Ленин объективтік әлемнің субъективтік бейнесі деп атайды. Бірақ, бейнелеу, оның ойынша, механикалық, айнадағы бейнелену емес. Таным, оның әрбір түрі немесе сатысы, жалпы таным туралы ғылым диалектика қағидаларымен құрылуы керек.
Бұған қоса, ол диалектика дегеніміз марксизмнің таным теориясы деп есептеді, диалектика, логика мен таным теориясының бірлігі туралы ойды басып айтып, оның классикалық үлгісі ретінде Маркстің «Капиталын» мысалға келтіреді.
Ленин материалистік дилектиканы таным тәсілі ретінде өзінің барлық еңбектерінде, сонымен бірге саяси, практикалық қызметтеріне шебер пайдалана білді. Оның материалистік диалектика теориясынан еңбек шығаруды ойлаған, дайындаған материалдары 1929-30 жылдары «Философиялық дәптерлер» деген атпен жарық көрді. Ең жетілген, маңызды бөлігі – XX ғасыр философиясына тән дамудың екі тұжырымдамасының түсінігі берілген «Диалектика туралы сұрақтарға» деген фрагменттері болды.
Жаңа тарихи жағдайларға байланысты, тарихи материализм теориясын жете зерттеуде Ленин гносеология сұрақтарына айрықша көңіл аударды. Қоғамдық сана мен қоғамдық болмысты теңестіретіндермен айтысында ол жалпы материализм ақиқат болмыстың адамзаттың санасынан, сезімінен, тәжірибесінен т.б. тәуелсіздігін мойындайды. Ал тарихи материализм ұстанымында қоғамдық болмыстың қоғамдық санасынан тәуелсіздігі мойындалады, – дейді.
Жалпы, сана мен болмыстың тең еместігі сияқты қоғамдық болмыс пен қоғамдық сана да тең емес. Саналы жан иесі ретінде адамдар бір-бірімен қатынасқа түседі, бірақ бұдан ешқашан қоғамдық сана қоғамдық болмысқа тең деген ой туындамауы керек. Қандай да болмасын, күрделі қоғамдық формацияларда адамдар өзара байланысқа түскенімен, мұндағы қалыптасқан қоғамдық қатынастардың қандай заңдармен дамитынын түсінбейді. Осыдан Лениннің тек саясат саласында ғана емес, идеология, оның ішінде философияның да партиялық мәселесіне зор акцент жасап, көңіл аударуы таңқаларлық нәрсе емес. Философияның партиялығының айрықша дүниетанымдық сипаттамасы бар, бұл жерде «партия» есебінде екі философиялық бағыт – материализм мен идеализм көзге түседі.