деген парасатты ой жолдары өзінің тереңдігі мен оқушысын толғандырады. Мемлекетті заң арқылы басқару ғана адамдардың теңдігін орнатып, ізгі қарым-қатынасқа жол ашады. Елді ұзақ билегің келсе, заңды ұстап елге бүйрегің бұрсын. Жарқын болашаққа бастайтын әділ заңды ғана ел қолдайды:
«Көңілі түзу бектер заңға жүгінген,
Жасауда ұзақ, жауы да, ақыр түңілген» [19. 221-222 бб.].
XI ғасырда Қарахан мемлекетінде өмір сүрген ірі ғұламалардың бірі Махмұт Қашқари. Түріктердің қоғамдық өмірінің барлық жағын қамтыған «Диуани лұғат-ат-түрік» еңбегі оның атын осы күнге де жеткізді. Кітап түріктердің өмірлік бастаулары–ру, тайпалық бөлініс, әр түрлі қызмет сатысына көтерілген билік иелерінің әлеуметтік орнымен қоса, тағам атаулары, құстар мен жануарлар, мал шаруашылығы, өсімдіктер, аурулар мен емдік шөптер, астрономиялық күнтізбе, ай атаулары, қалалар, соғыстар, әр түрлі тарихи және аңыздық батырлардың есімдері, діни сенімдер және тағы да басқа мәліметтер береді. Түркі жерін ұзақ уақыт бойы аралаған ол түркі халықтарының тұрмыс-салты, тарихы, тілі, ауыз әдебиеті, кәсібі туралы құнды мәліметтер жинап зерттеуші, саяхатшы, тарихшы есебінде өзі өмір сүрген дәуірдің саяси өмірінен құнды деректер береді.
«Түркі халықтарының атам заманнан көрген-білгендерін баяндайтын бәйіт-жырларымен қайғылы және қуанышты күндерінде айтатын терең мағыналы мақал-мәтелдерінен мысал келтірдім... бұл кітап ұрпақтан-ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, әсемдік әлем-мәңгілік өмірге біржолата жолдама алды» [20. 10 б.].
«Диуани лұғат ат-түрік» түркілердің тайпалық және рулық құрамы туралы, олардың аталуы мен шығу тегі туралы түсінік береді. Түркілердің шығу тегін аңызбен байланыстырған М. Қашқари оларды көрікті, өңдері ұнамды, жүздері мейірімді, әдепті, үлкендерді құрметтей білетін кішіпейіл, уәделеріне берік тұратын мәрт және басқа да көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар,- деп суреттейді [20. 20 б.].
Түркі тайпаларының жағрапиялық орналасуы туралы деректерден басқа, М. Қашқари осы тайпалардың тіл мәселелеріне үлкен мән береді. Осы орайда түркілер сол кездің өзінде тек қана көшпелі мал шаруашылығымен айналысып қоймай, өмір тіршіліктерін отырықшылық-егіншілік, қала өмірімен байланыстырғанын растайтын мәліметтерінің маңыздылығы ерекше. Бір айта кететіні: «Қала тұрғындары хакан-түркі тілінде сөйлейді»,- деп жазады ол [20. 12 б.].
«Білімді болғың келсе, дананың айтқанын тыңда» деп, даналар сөзінің адамгершілікке, қайырымдылыққа, білімге жетелейтініне меңзейді.
Әкімнің барлық іс-әрекеті халықтың көз алдында, халықтан ешнәрсені жасыра алмайсың, сондықтан қандай ауыр кезең болса да халықпен бірге болған абзал, дейді автор. Әмірдің жат елден өзіне арнап сарай соқтырып қоюын, «түбі басына қиын-қыстау күн туса, қашып барып паналаймын» дегенді білдіретін жаман ырым екенін айтады. Бұл халықтың алдында жасалған сатқындық, өйткені қарапайым елдің барар жер, басар тауы жоқ. Бір топырақта жаратылғандықтан тағдырдың жазғанын бірге көріп, бірге өле біл дегенді білдіреді. Ғұламаның бұл сөздері басына билік қонған, қолына халықтың байлығын, мемлекеттің қазынасын ұстағандардың шетелдерде зәулім үйлер тұрғызып, батыс елдерінде қаржысын сақтаған қазіргі күннің кейбір мемлекеттік қызметкерлерге де арналып айтылғандай.
Мемлекеттің қуаты мен күші, қазынасы халықтың еңбегі мен, төккен маңдай тері құралады. Демек, жоғарғы билік иесі ел байлығының сақталуына жауапкершілікпен қарауы, оған қол сұққандарды әшкерелеп, аяусыз жазалап, ашкөздер мен тойымсыздардың қазынаны талан-таражға салуына жол бермеуі керек. Халықтық қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді орынды қолдана білген ғұлама шығармасының құндылығы, кейбір сөз нұсқаларының қазіргі уақытта да өзгеріссіз қолданылуында. Ел билігі мен әкімдік, әділдік пен адалдық, парасат пен қайырымдылық, заң мен адамгершілік туралы айтылған өсиеттердің көкірегі ояу, көзі ашық ұрпаққа берер ғибраты мол.