Қалас жамалов философия


ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ философиясы



бет55/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.

ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ философиясы. ХХ ғасыр басындағы философиялық ойларда қоғамдық болмыс өзгерістерімен өмірге келген саяси ойдың қалыптасу үдерісі, Ресей империясымен екі арадағы бел ала бастаған қатынастар көшпенділердің өмір тұрмысына өзінің әмбебап әсерін тигізгені, сауда айналымында ақшаның үлкен орын алғаны, натуралды айырбасқа үйренген көшпенді қоғам үшін ақша үстемдік жасаған саудаға бейімделудің зардапты болғаны бейнеленеді. Ақша айналымына байланысты туындаған әлеуметтік құбылысты Шортанбай ақын: “Арам арсыз мал шықты, сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты”,– деп, заман жаңалығын айғақтайды [32, 274 б.]. Қарапайым жандардан сөзге, іске де даяр әр түрлі кәсіпкерлер, делдалдар, табысқорлар пайда болады. Әрекеттері заңдастырылған, келісіммен жалдап, ашық нарық қатынастары арқылы несие, өнім алу сияқты далалықтар арасында бұрын болмаған әдіс, амалдар мен қанаудың жаңа түрін, көзге көрінбейтін жасырын формасын өмірге келтірушілердің көбеюі қазақ қоғамының өзіндік дамуы болмысының, әлеуметтік құрылымының күрделенгенін сипаттайды.
Қазақ жерінде кәсіпорындар ашылып, өндіріс тәсілінің қоғам өміріндегі көрінісі ретінде, өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсетін рухани болмыс жаңаруы басталады. ХІХ ғасырдағы өндірістің басты салалары – тұз өндіру, балық аулау, аң терілерін дайындау Ресей сұраныстарына лайықты жүргізілсе, ал ғасырдың аяғынан бастап, ең төменгі техникалық негізде тау – кен өндірісінің әр түрлі салалары кең етек жая бастады. Көшпенділердің дәстүрлі шаруашылықтары құлдырады, жаңа әлеуметтік қайшылықты дамуға жол ашылды. Қазақ жері келімсек орыс шаруаларына берілуінің күн сайын ұлғая түсуінен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, көшпенділердің де объективті себептермен отырықшы және жартылай отырықшылыққа өту үдерісі басталады. Бұған, бірінші кезекте Ресей империясының әкімшілік реформалары әсерін тигізсе, екіншіден, дала заңдарының 120–шы бабына сәйкес барлық жердің мемлекет меншігі болып жариялануынан және жыл сайын мал шаруашылығына қолайлы аймақтардың қоныс аударушы келімсектерге берілуінен, отырықшылық жағдайына көшіруді сұрағандар, тек егін шаруашылығымен айналысып қоймай, бір жағынан мал шаруашылығымен де айналысқысы келетіндіктерін білдіреді.
ХХ ғасыр басында башқұрт, татар оқу орындарында білім алған қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері жәдидшіл, түрікшіл, исламшыл идеялық бағыттарды ұстанса, ал Ресей жоғарғы оқу орындарында білім алған мамандар (мұғалімдер, дәрігерлер, заңгерлер, инженерлер және т.б.) батыс мәдениеті жетістіктеріне ден қойып, оны игеруді дәріптейді. Міне осы Шығыс пен Батысқа бет бұрған негізгі, идеялық қоғамдық ой ағымдарының пайда болуы диссертациялық жұмыста жан-жақты қарастырылады. Зиялылар тарихи дәуірдің ерекшеліктерін, ұлтаралық қатынастар мен саяси өмір саласындағы қайшылықтар болмысын, патша үкіметінің отаршылдық саясатының қыр-сырларын түсініп, елдегі ұлттық сананы оятып бостандық, теңдікке жетуге ұмтылды. Тарихи дәуірде Ресей империясының ресми идеологиясына сәйкес келмейтін әлеуметтік көзқарастардың бәріне де “түрікшілдік”, “исламшылдық” айдарлары тағылғанын, мұның түркі халықтары зиялыларын жазалау үшін патша үкіметінің қолайлы қаруы болғанын деректер көрсетеді.
Түрікшілдіктің мұраты “Тілде, пікірде және істе бірлік” болатынын көтерген И. Гаспринскийдің кең таралымын тапқан “Тәржүман” газеті отарлық жағдайындағы барлық түркілердің бір тіл арқылы бірігуі мүмкін екендігінің дәлелі болса, әл-Афгани /1858-1897 ж./ негізін қалаған исламшыл ой-пікірлер ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қалыптасады. Оның отаршылыққа қарсы күресте халықтардың бірігуі, ынтымақтастығы қажеттігі туралы пікірлері мұсылман елдерінде қолдау тауып, отаршылдарға қарсы қозғалыстың үдеуіне мүмкіндік туғызады. Идеялық ағымдар кіріптарлыққа, үстем рахымсыздыққа, феодалдық мешеулікке қарсы бағытталған саяси белсенділікті оятады.
1905-1907 жылдар аралығындағы революция ұлттық ояну, бір орталыққа бағынған ұлттық мемлекет құрудың жолдарын қарастырған сұрақтарды күн тәртібіне қойды. Қазақстандағы экономикалық, саяси, аграрлық, таптық қайшылықтардың өршуінен азаттық қозғалысы бастау алатын. Оның жетекшілері өз алдарына буржуазиялық-демократиялық мәні бар жалпы ұлттық мақсат-мүдделерді қорғауды, ұлттық тең құқық, халықтың мәдениетін көтеру, оқу-ағарту ісін жетілдіру, әйел теңдігін қамтамасыз ету, көшпелілерді отырықшыландыру сияқты міндеттерді қояды.
Ресейдің монархиялық билік жүйесіне қарсы күрес нәтижесінде 1905 жылы 17 қазанда Николай ІІ-нің нұсқауымен өмірге келген Мемлекеттік Дума, патша мен заң шығарушы орынның ажырағанын білдірді және оның жұмысына тек орыс халқы ғана емес, аймақтық ұлт өкілдері де қатысатын болып, қазақтар да әрбір облыстан бір адам сайлау мүмкіндігіне ие болады. Сайлауға қатысқан негізгі саяси күштер: конституциялық демократтар (кадеттер), көшпенді қоғамның алдыңғы қатарлы сауатты, саяси белсенді тұлғалары болды. Үгіт жұмыстарының мазмұны буржуазия мен шаруалардың мақсат - мүддесін қорғауға, яғни земство, сот реформасы, мемлекет пен шіркеу, және ірі жер иелері меншігіндегі жерлерді шаруаларға пайдалануға беру туралы мәселелерді өткір қоюға бағытталды. Өздерінің белсенді әрекеттері, алдыңғы қатарлы көзқарастарымен қазақ даласындағы еркіндік туын көтерген зиялылар көзқарасы, Ресейдің радикалдық буржуазия партиясы кадеттердің ұстанған бағдарламасымен сәйкес келеді. Ізденуші арнайы әдебиеттерге сүйене отырып, Ә. Бөкейхановтың самодержавиялық билікті ұтымды сынға алғанын, оған қарсы оппозицияда болған конституциялық демократиялық партияның Қазақстанда бөлімін ашуға ынта білдірегенін көрсетеді. Мемлекеттік Дума жұмысы көшпенділер өміріне де үлкен әсерін тигізіп, зиялыларды нақты іс, әрекеттерге итермелейді, оған қазақ қоғамының тарихи уақыт туындатқан өзекті мәселелерін шешудің бірден-бір құралы деп қарап, белсенді түрде депутаттар сайлау ісіне араласады. Отар елдердің қоғамдық – саяси өмірі мен экономикалық үдерісі Ресей Мемлекеттік Думасы саясаты тарапынан реакциялық, монархиялық, либералдық деп бағаланғаны “Ресей мемлекеттік думасы және Қазақстан” аталған Ө. Озғанбай зерттеулерінде көрсетіледі. Дума құқығының тек кеңес беруші ұйым қызметімен шектелуі керектігін дәріптегендер: “Ресейді бөлінбейтін тұтастықта қарастыра отырып, орыс емес басқа халықтарға жүргізілген ұлы державалық саясатты” қолдады. Билік иелері күннен күнге өрістеп келе жатқан ішкі қайшылық салдарын жеңілдетудің жолын, халық наразылықтарын, ішкі әлеуметтік шиеленістерді шешудің мүмкіндіктерін сайлаулар жүйесінен көреді және оның “бұратана” халықтарға тигізетін кері әсерінің өсе түсетінін де пайымдайды. Депутаттардың отарланған елдердегі патша үкіметінің жүргізіп отырған өктем саясатын сынауын оңшыл көзқарастағылар мемлекеттік мекемелердің билікті әлсіретіп алуының нәтижесі деп бағалайды. Олардың ұлттық дербестік туралы пікірлерге қарсы жазған шығармалары “бұратаналардың” өзін-өзі басқаруы, автономия туралы ойларға жол бермейді, жеке меншікті, әсіресе жер иеліктерін қорғауды басты мәселе ретінде көтерді.
Либералды көзқарастардағы саясаткерлер отарлық қамытын киген халықтардың болашақ тағдырын, немесе олардың еркін өмірге қол жеткізуінің жолын Дума саясатымен байланыстырады. ХХ ғасыр басындағы Мемлекеттік Дума жұмысына байланысты айтылған қайшылықты пікірлерді саралай келе Ө. Озғанбай олардың “демократиялық – гуманистік өркениетке қадам басқан ілкі баспалдақ” болғанына әділетті назар аударады.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысында азаттық үшін күрес жолын жырлағандар басым болса, оның екінші жартысынан бастап, ақындар халықтың өз ортасынан шыққан аға сұлтандар мен болыс, билерге, қожа-молдаларға барынша батыл, ашық сын айтып, әлеуметтік маңызы мәнді мәселелерді көтереді. Уақыт өзгерістерімен болып жатқан әлеуметтік “дамуға”, “басқару” ісі, болыс сайлау, партия құру, әкімшілік қызметтерге адам ұсынуға халықтың “белсене араласуы”, өзіндік мәнге ие болып, саяси сана жаңаруы дәуірі басталады. ХХ ғасыр басынан газет-журналдардың шығуы, қазақ зиялыларының жұмылып халықты оқу-білімге үндеуі, баспасөзде барынша ұлтқа қатысты, ел өмірінің келелі мәселелерінің көтерілуінің зор мәні болды.
Қазақ зиялыларының тәуелсіз мемлекет орнатуға бағытталған ойларының жүйесі дербес мемлекеттілік туралы мәселені көтеріп, кадет партиясының жолын ұстағандар туралы С. Сейфуллин “Қырғыз интеллигенциясы ортасындағы партиялылық” аталған мақаласында 1905, әсіресе 1912 жылдан бастап қазақ жастарының ортасында революциялық идеялардың қарқынды тарай бастағанын айтады. Олардың еркіндікке ұмтылысын қуаттап, “Қазақ” газетінің жанына топтап, бағыт беріп отырған белгілі кадеттер Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсынов болғанын көрсетеді [37, с. 45]. Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің келелі идея ретінде қарастырылуы өзіне қазақ зиялыларының көңілін аударады. Олар парламенттік басқару жүйесіне үміттерін артып, оны қазақ мемлекеттілігінің болашағымен байланыстырады. Деректер зиялы қауым өкілдерінің ықпалымен “ұлттық қозғалыстың” өрби түскенін көрсетеді.
Түркі тілді халық өкілдерімен пікірлес болған Ә. Бөкейханов ұлттың еркіндігі мен әлеуметтік өркендеуінің алғы шартын ұлттық мемлекеттің болуымен байланыстырады. Г.Н. Потанинге жақын болып, өзіне үлгі тұтқанын: “...көп ұлттан құралған Россияны бір орыстың билеймін дегенінде мағына жоқ. Россия өзге тілі, тұрмысы, қаны басқа жұртқа автономия беруі керек” деген сілтемесінен көреміз. Ә. Бөкейханов федерацияны мемлекеттердің өзара теңдік жағдайындағы бірлесуі, оның құрамындағы елдер достық қарым-қатынаста болғанмен экономикалық, саяси дербестігін сақтайды деп түсінеді. Еріктері өздеріндегі мұндай мемлекеттердің үкіметі басында құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума кесімді жылға сайлаған президенті болады. Ол қазақ елінің автономиясын алған жағдайда көп ұлтты мемлекет болуы мүмкіндігін бағдарлайды. Жерге байланысты қалыптасатын автономиялы елді орыстардың да қолдайтынынан дерек береді.
Алайда 1917 жылдан кадет партиясының басшылары Ресейдің тұтастығын сақтау мақсатында біртұтас теңдік пен отар елдерге мәдени автономия беруді ғана ұстанады. Қазақ зиялыларының шығармалары кадеттердің ұлттар мәселесінің өзектілігін айтып, көтермелегендерімен олардың “өзін-өзі билеу құқы” мәселесіне салғырт қарағандықтарын, жерді жеке меншікке беру туралы идеялары, ұлт автономиясына қарсы болған тиянақсыздықтарынан және Ә. Бөкейхановтың дін ісіне байланысты ойларымен кадеттердің келіспеуінен ол партия қатарынан шығып, “Алаш” партиясын ұйымдастыруды қолға алғанын мәлімдейді. Кадеттер идеясы көңілдеріне қонбаған шет аймақтардағы партия мүшелері мәдени автономияға үзілді – кесілді қарсы шығады. “Алаш” партиясының құрылуы бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін құрудың бірден – бір жолы ретінде қарастырылады.
Екінші, тарихи дәуірде отарлық езгіге қарсы күресте жалпы ислам, түрік әлемінің саяси ілімдері басшылыққа алынып, мұсылман, түркі халықтарының бостандығы жолында күш біріктіру идеялары таратылып, отар елдердің дербес мемлекеттілік үшін күресі мақсатты түрде өзінің жаңа бір сатысына көтеріледі. “Түркістандағы түрік халықтары Азия халықтарының көбісімен әр салада терезе теңестірерлік өз алдына дербес мемлекет құруға, оны басқаруға дайындалды... Біз қазіргі заманғы саяси құрылысы өзімізден әлдеқайда озық, үлкен бір халықтың шеңгеліне түсіп қалдық”. Озық тәжірибе, артық қаруланған бұл халықтың шеңгелінен шығу үшін, күреске жан - жақты дайындалған білікті мамандар мен халықты ұйымдастыратын саяси орталықтың болуы қажеттігіне сілтеме жасалады. М. Шоқай бұл кемшіліктің орнын қазақ зиялыларының ұлттық санасы мен ынта, талпыныстары ғана толтырғанын айтады. “Біздің алдымызда екі мықты тосқауыл тұрды. Бұлардың бірі ұлттық қозғалысымыздың басты дұшпандары болса, екіншісі – өзіміздің қоршауда қалғанымыз және елді ұйымдастыруға деген тәжірибесіздігіміз”. Түркістан халықтарының мақсат-мүддесін көздеген М. Шоқай Ресей құрамындағы Қазақстанда ұлттық тәуелсіздік мәселесі түгілі, саяси және ұлттық бостандықтың ең қарапайым нышандары сөз болуы мүмкін еместігін, қашанда орыс солдатының ізіне орыс мұжығы ілесіп, басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң, халықтың жері тартылып алына бастайтынын, осындай жолмен біріктірілген мемлекет ішінде ұлттардың ерікті түрдегі тең құқықты одағын құруға ешқандай орын қалмайтынын, ұлттық мемлекеттің тек тәуелсіздік жағдайында ғана болатынын көрсетеді.
Қазақ даласында орын алған 1916 жылғы ұлт азаттығы көтерілісін Ресей империясы дағдарысының көрінісі болды. Көтеріліс шығуының басты себебі экономикалық, саяси-әлеуметтік өмір салалары мен осы уақытқа дейін зиялылар еңбектерінен өз көрінісін тапқан: жерден айрылу, алым-салықтың есепсіз көбеюі, отарлық езгі, тұрмыс ауыртпалықтарымен де байланысты еді. Тарихи мәліметтерден көтеріліске қазақ зиялылары көзқарастарының әр түрлі болғанын көреміз. Олардың радикалды бөлігі (Т. Бокин, Т. Рысқұлов, Ә. Жанкелдин, С. Меңдешев т.б.) батыл іс, қимылдарды қолдап, оған өздері де ат салысса, ал либералды – демократиялық бағыттағы зиялылар (Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақпаев, М. Дулатов т.б.) халықты патша жарлығын орындауға, орынсыз қан төгуге бармауға үндейді. Жарлыққа мойын ұсынбаған жағдайда отарлау әкімшілігі елге жазалаушы әскер шығаратынын болжап, елді қантөгістердің алдын алуға шақырады.
Қазақ зиялылары ақпан революциясын отарлық бұғауында езілген ұлттардың еркіндікке жетер уақыты келді деп қабылдайды. Осыған орай, “Қазақ” газеті “...халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауда, малы талауға түсіп жүрген сарбаздар жасымай... ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәріне: дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай, азаттық әперді,”– деп жазады. Құжаттар төңкерістен кейін қазақ даласындағы саяси - әлеуметтік жағдайдың өзгерістерге ұшырай бастағанын, қоғамдық өмір салаларында түбегейлі қайта құрулардың орын алғанын, әр түрлі саяси бағыттарды ұстанған күштердің жанданып, белсенді күрес жүргізгенін, таптық, ұлттық мүддені көздейтін мақсаттары қарама-қарсы күштердің революция жеңісінен соң, “саяси күреске тоқсанға жуық партиялардың тартылғанын көрсетеді”.
Қос үкімет қалыптасқан саяси өмір қайшылығынан ел үш саяси лагерьге бөлінді: бірінші, кадеттер партиясына сүйенген Уақытша үкіметтің әкімшілік орындары, облыстық, уездік комиссарлар; екінші – аралық (центристік) бағыт эсерлерден, меньшевиктерден, өлкенің демократиялық деп аталған күштерінен қалыптасты; үшінші – солшыл күштер, үлес салмағы аз да болса, кеңес орындарында нақты күшке ие болған большевиктерден тұрды. Ақпан революциясы жеңісі нәтижесінде кең көлемді саяси қызмет жүргізуге мүмкіндік алған көшпенді қоғам өкілдері бірнеше бағытта жұмыстар жүргізді. Ол ұлттық мемлекеттік саяси жүйені қалыптастыруға белсенділіктен: саяси ұйымдар жұмыстарына араласу, қоғам өмірінің барлық салаларын қамтыған реформалар бағдарламаларын дайындау, облыстық және уездік деңгейлердегі қазақ съездерінде қолдауын тапқан ұлттық комитеттердің құрылуынан көрінісін табады. Сайын даланың әр түрлі аймақтарында: Орынборда, Оралда, Семейде, Омбыда және басқа да елді мекендердегі өткен съездерге қатысушылырдың талқылаған мәселелерінің сан-салалығына қарап, саяси, әлеуметтік, рухани мәселелер ауқымын және бүкіл қазақ даласы үшін үлкен мәнге ие болған ұлттық, жер – су, оқу – ағарту, дін, әйел теңдігі “Автономия және өзін-өзі басқару” мәселелерінің өзектілігін пайымдаймыз.
1917 жылғы шілде айында Орынбор қаласында өтетін бірінші бүкіл қазақ съезі қарсаңында, болашақ құрылуы керек билік жүйесі, автономия туралы пікірлер “Қазақ” газеті беттерінде алдын - ала талқыланады. Мақалалар мазмұны қазақ өз бетімен тәуелсіз ел боп, өзінің мемлекеттілігіне жете ала ма, әлде оның Ресейдің бір автономиялық бөлігі болуы керек пе, деген сұрақтар төңірегінде өрбиді. Осыдан съезд делегаттарының назарына талқылау үшін жер, бір орталыққа бағынған ұлттық автономия, саяси партия құру мәселелері ұсынылады. “Қазақ” газетінде жарияланған съезд материалдарынан А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың “автономиялы тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды” ұсынғанын, ал, Ә. Бөкейхановтың “демократиялық, федеративтік және парламенттік Россия Республикасының құрамында” ұлттық-территориялық автономия болуды қолдағанын көреміз. Деректер Ә. Бөкейхановтың ұсынысы қабылданғанын айғақтайды [40, 117 б.]. Съезд қарастырған тағы бір келелі мәселе саяси партия құрумен байланысты болды: “Қазақ халқы өз алдына саяси партиясы болуды дұрыс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд шора-и-исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырады. Партияның негізін демократическая федеративная парламентарная республика құрлмақ”. Съезде “Алаш” партиясының ең бір тегеурінді, бүкіл халықтық мақсат-мүддені білдірген саяси ұйым болуы керектігі көзделді.
Алаш зиялыларының Қазақстанның көп ұлттылығын естен шығармай, автономия құру жолында қазақ даласын жайлаған өзге ұлттардың да мақсат-мүдделерімен есептескені байқалады. Түбінде қазақ ұлты автономия бола қалса, іштегі орыстарды қосып ала кетуден үміттенген Ә. Бөкейханов мақсатына жетуі үшін Г. Потанин бастаған Сібір зиялыларының Сібір мемлекетін құрмақ ниеттерін қолдап, Сібір мемлекеті құрамындағы қазақ автономиясын құруды жөн көреді. Бұл Сібірді мекендеген халықтармен бірге орталық үкіметтің ықпалынан құтылудың жолы және бір орталыққа бағынған қазақ мемлекетін құрудағы уақытша шара ретінде қарастырылады.
Ресей империясының ыдырау үдерісін жеделдеткен қазан төңкерісі нәтижесінде отарлықта болған елдер өз еркіндіктерін талап ете бастайды. Бұл өзгерістердің қазақ даласындағы саяси жағдайларға да әсері мол болғанын жоққа шығаруға болмайды. Осы кезде Алаш зиялылары ұлттық автономияны жариялаудан басқа жолдың жоқтығын айтып, елді жайлаған тұрақсыздықтан тек бір орталыққа бағынған ұлттық саяси жүйенің сақтайтынын болжайды. Осыған орай, 1917 жылы желтоқсанның 5 – 13 аралығында өткен екінші жалпы қазақ съезіне қатысқан делегаттар автономия, милиция, ұлт кеңесі туралы келелі мәселелермен қатар ұлттық қазына жұмыстарын жолға қоюды, оқу - білім, муфтилік, халық соты, ауылдық басқару, азық - түлік мәселелерін де қарастырады. Күн тәртібінің өзекті мәселесі ұлттық автономия жариялауға байланысты қабылданған қарарда: “Россия мемлекетінде... беделді үкіметтің жоқтығын... бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен-күнге халі нашарлауын Һәм бұл бүліншілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі ықтималын ойлап, бүкіл қазақ – қырғызды билейтін өкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылады:
1. Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқанд облыстарындағы Һәм Амударя бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы Һәм Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері біріңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға.
ІІ. Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталсын”.
Съезд демократиялық негізде Алашорда үкіметінің Халық Кеңесі Төрағасына басым дауыспен жеңіске жеткен Ә. Бөкейханды сайлайды. Дегенмен ұлт азаттығы қозғалыстарының нәтижесі ретінде өмірге келген автономиялық ұлттық құрылымдарды Совет үкіметі мойындамайды. Екінші жалпықазақ съезінде жарияланған Алаш автономиясы мен Орта Азияның тұрғылықты халықтарының Қоқан қаласында өткен жалпы мұсылмандық құрылтайында жарияланған Түркістан (Қоқан) автономиясы 1918 жылы қарулы күшпен таратылады.
Совет үкіметі саяси жүйе негізін қалыптастыруда таптық мақсат-мүддеге сүйенсе, ұлттық тұтастық идеяларын басшылыққа алған алаш зиялылары көшпенді қоғам күштерін жергілікті билік шараларын адал атқаруға жұмылдырады, “жалпы жұртқа мұрындық болуға” шақырады. Екінші жалпықазақ съезінің шешімімен қалыптаса бастаған ұлттық – территориялық саяси жүйені қорғау мақсаты “қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу... бостандықтың жауы-большевизммен күрес” мақсатын тұтынды. Алашорда үкіметі үшін күреске шыққан алаш зиялылары советтерге қарсы күштердің қайсысымен болса да одақтасуға үлкен мән береді.
Қызыл әскерлердің соғыс қимылдарын сәтті жүргізген жеңістері саяси жүйесін қалыптастырып үлгірмеген Қазақ автономиясын ауыр жағдайларға ұшыратады, зиялылар қазақ даласының барлық аймақтарында саяси билікті өз қолдарына ала бастаған кеңес ұйымдарымен мәмлеге келуге мәжбүр болады. Зиялылардың В. Ленин, И. Сталинмен тікелей келіссөздер кезінде Совет үкіметін орталық үкімет деп мойындағандарын және Алашорда үкіметінің тәуелсіздігін нығайту мәселелерін де өз талаптарын қойғандарын көрсетеді. Олар: барлық қазақ жерлерін біріктіру; заң шығарушы, билік жүргізуші өкіметтің болуы; даулы мәселелерді шешуді халық сайлаған облыстық, уездік соттарға беру; қарулы күштер құру; жергілікті советтердің тұтқында ұстап отырған адамдарын босатуы; болашақта саяси көзқарасқа байланысты билік тарапынан қуғындауларға жол берілмеуі. Алаш басшыларының талап, тілектеріне совет үкіметі атүсті қарайды, дегенмен ел шекарасын белгілеуде қазақ зиялылары үлкен жетістіктерге жетеді.
Советтік негіздегі ұйымдардың өмірге келуі қазақ даласында бұрын болмаған таптық қайшылықтарды әдейі өршіктіру әрекеттерімен жүзеге асырылады. Халқының мүддесін өздерінің жеке бас пайдаларынан жоғары қойған ұлт зиялылары жергілікті советтік ұйымдармен қаншама мәмлеге келуге тырысқандарымен, олар сол кездің өзінде-ақ қудалауларға кезігеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет