Төңкерістен кейін қазақ өлеңшілері, жазушылары көркем сөздің не екенін білмегендіктен, әйтпесе өнері жетпегендіктен не болса соны жазып баспаға түсіріп, көркем әдебиеттің құнын түсіріп барады. Төңкерістің алғашқы екпінінде айғай сөз, үгіт жарастықты еді. Сән болып еді. Төңкеріс сабасына түскен заманда алғашқы айғаймен жүре беру келіспейтін кінә ретті нәрсе. Дәмсіз, кенеусіз сөзбен қандай әдебиет болса да туғыза алмаймыз. Әсіресе еңбекшіл әдебиетін жасай алмаймыз.
Қазаққа алғаш жазу кіре бастағанда, татар, қызылбас, сарт қожа-молдалары жоқты-барды құрап, бұтып-шатып хикая, қисса, насихат өлең жазып, қазақ әдебиетін бір сөйлетіп еді. Бірақ қожа-молданың талантсыз сөздерін жұрт қабылдамап еді. Қабылдамаса да, кұр қол елге қисса да ермек болып еді. Міне, осы күнгі кейбір сөздер сол қожа-молдалардың өлеңдері тәрізденіп барады. Көркем өлеңге құлағы үйреніп қалған қазақ су татыған өлеңді оқымайды. Ондай өлеңге мейірі канбайды. Енді өнер мен жамауды талғайтын заман болды. Өлең еместі өлең деп, жұрттың алдына тартуымыз ұят. Бұл туралы өлеңшілер ойлану керек.
Көркем әдебиет қандай болу керек? Мәдениетті елден үлгі алу тиіс.
Лелович айтады: «Көркем сөз, ақындық деген не? Ойыншық па? (...)* жеміс пе? Ермек пе? Демалу, ми тынығу үшін керек бірдеме ме? Егер өнер туралы Толстойдың пікірін дұрыс тапсақ, «Өнер — сезімге уытын жаятын құрал» екеніне қол қойсақ, көркем әдебиетті оқушылардың жан-дүниесін жүйеге салып, қалыптандыратын зор құрал деп тапсақ, әрбір жазушыға, әрбір әдеби сөзге мынадай сұрау қоюымыз керек: осы жазушы, осы сөз оқушының жан дүниесін қалай қалыптандырады? Қай бағытта, қаңдай сүрең береді? Қандай сезім туғызады? Көңілге қандай әсер береді? Міне, әр ақынның, жазушының сөзіне қоятын өлшеу осы болу керек». Маяковский айтады: «Өнер түрлі болу керек. Суретші, жазушы, артист таптьң қолына ұстанатын құралы болу керек. Бірақ ол құрал бес, он жылдың ішінде түкке жарамай қалатын шірік құрал болса, оның түкке керегі жоқ. Осы күнде кейбір жазушымыз өлең жазады:
Мен — жалшылардың зеңбірегімін Олай да, бұлай да атамын.
Осындай өлеңдер жұрттың алдына тартылады. «Мен — жалшылардың зеңбірегімін» дегенге ар жағында жан шошырлық бірдеме таяу шығар деп дәмеленіп қалсаң, «олай да, бұлай да атамын» дегенін оқып, мойның сылқ ете түседі. Өнер істеп үйрететін — шеберлік. Бұл шеберлік ақындарымызда, жазушыларымызда кем», — дейді.
«Қазақ ақындары» тіпті сорақы, ешбір сөзді талғамайды. Құдай аузына нені салса, соны қойып қалады. Газеттерді, журналдарды қарап отырсаң, кейбір өлеңдер оқушының сезімін тәрбиелемек түгіл, құсқысын келтіреді. Мәселен, мына өлеңнен оқушы қандай пайда алады?
Өлерінде жауыздар,
Жанталасып қалады.
Апыр-топыр кезінде
Талай гәптер болады.
Ойдағысын тындырып,
Келешектегі ғасырдың
Қолына қайтып қонады.
Біздің ойымызша, оқушы түк пайда ала алмайды. Бұл - газетте басылған өлең. (Қай газетте екенін айтудың қажеті жоқ). Тағы біреу табиғатты былай суреттейді:
Келгенде февраль өтіп, марттың айы,
Білінді сол мезгілде жаз ыңғайы.
Жылынып, күн ұзарып, түн кысқарып,
Бір түрлі жағдайлы боп шаруа жайы...
Тізіліп сыңқылдаған әндерімен
Аспанда ұшқан кұстар жүр топтанып,
Шаруалар кәсібіне айналып жүр,
Әркімнің өздерінше қәлі келген...
Мұның соңынан «Мұхаммет үмбетіне жарамазан» деп қойса, үйлесе кетер еді. Мұнда қандай сурет, қандай күш, қандай сезімге әсер берерлік жері бар? Бұл сықылды «жарамазандар» көзден шоласыз. Жақсысы қайсы, жаманы қайсы? Қайткенде өлең өнер болады? 0 жағын тексеріп жүрген жазушылар да, сыншылар да, баспасөздер де әзір көрінбейді. Сонымен балдыр-батпақтап, не болса соны газет-журналға тығындап жүрміз.
Өлең мен жарамазан, өнер мен жамау-жасқау араласып, әдебиетті қоқытып жібермес үшін газет-журналдар баспа бетіне түскен сөздерді саралап, қылшықтап, тазалап отырғаны жөн болар еді. Жалаң өлең емес, қара сөзбен жазылған әңгімелер де тексерілген жөн. Жақсы сөз қайсы? Неліктен жақсы? Жаман неліктен жаман? Бұл — ескерілетін нәрсе.
Бұл туралы «Ақ жол» бетінде бұдан былай сын болып тұрар. Сыншылар да қарап қалмас, ат салысар деп сенеміз.
ӨЗ ЖАЙЫМНАН МАҒЛҰМАТ
1.Мен сиыр жылының аяғында (1980 жылдар) Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде Дандебай ауылында тусам керек. Руым – Сүйіндік, оның ішінде – Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт - Айдаболдан. Екеуіміз сегізінші атадан қосыламыз. Мәшһүр Жүсіппен 7- ші атадан қосыламыз. Кереку үйезі, Семей губернесі.
5 жасымнан 15-ке шейін ескі молдадан оқып, «Мұхтасарды» дендеп, «Наһу» оқып барып қалдым. Аулымызда Оспан деген кісі молда ұстаушы еді. Әуелі Жүніс қожадан, содан кейін Шаймардан қожадан, артынан Қожахмет молдадан, Қапар қажыдан, Мұхаметжаннан оқыдық. Сөйтіп ескіше 5-6 молданың алдынан өтіппіз. Бастапқы екеуі болмаса, соңғылары басқа ауылдардың молдасы. Жаз жайлауында барып оқып тұрушы едік.
1917 жылдарға шейін әкеміздің малы 6-7 қарадан асып көрген жоқ. Сондықтан әкей бізді (үш ағайынды едік, мен ортаншы баламын) мал табыуға дайындады... Бір жағынан жылда молдаға бір бұзауын беріп, Ақат ағам екеуімізді сабақтан үзбей (інім жас еді), екінші, біздің ауылдағы етікші, ағашшы, сыршыларға жібіріп, қол өнерін үйретті. Ақат ағам екеуімізде әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі сырнайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді. Ақатты бес жасынан алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Біздерден үлкен екі апамыз болды. Үлкені домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадыкеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді. Ұзатылатын қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік. Байы өлген қатындарға шешем (Батима) жыр шығарып, үйретіп отырған жас кезімде құлағым шалушы еді. Менің 7-8 жасымда жалаң бұт жүретін кезімде, ойын-сауық болғанда, келіншектер бізді (Ақат ағам екеуімізді) көтеріп әкеліп, етігімізге бауырсақ, құрт салып қойып, қосылдырып ән салғызар еді.
Ер жеткен соң, Ақат ағам (менен екі жас үлкен) байлардың кебежісін, шкафын, жүкаяғын істеп, үй ағашын сырлап, етік тігіп кәсіп қылды. Бері келгенде ер қосатын болды. 15 жасқа келгенде мен молдалық құрып, бала оқыта бастадым. «Қартқожадағы» підие алатын бала молданы оқысақ, ол -өзім. Қартқожаның әке-шешесін көрсек, ол-өз әке-шешем. Әкемнің қолы да іске оңтайлы еді. Әжем де шебер еді: ауыл-үйдің киімін сол пішер еді. Алашаның, баудың, текеметтің түрін әжем салар еді, сырмақты, түс киізді әжем оюлар еді.
Мен қазақша оқулықты қойып молдалық оқу бастағанда, Оспан деген кісі Қағазбай, Қанім деген екі баласын өзі орысша оқыта бастады. Оспан, Абайылда, Әбдіраман үшеуі Дәндебайдың тоқалынан, Аймауыт пен Иса бәйбішесінен болады. Оспан орысша фельдшерліе оқуын бітірген, дәргер болған, артынан тілмаш, болыс болған орташа ауқатты адам. Бәйбішенің екі баласы (Аймауыт, Иса) кедей болды. Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты. Біз (Аймауыт балалары) тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын істеп, апаларымыз алаша, бауларын тоқып, орамалдарын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық. Оспандыкін үлкен үй деуші едік. Үлкен үйден көшкенде, ат мінуші едік. Еруде қымыз ішуші едік. Қыс бір-екі қой соғым берер еді. Сөйтіп жүрсек те Оспанға жақпадық: екі баласын орысша оқытқанда, мені оқытпай қойды. Әкем де, өзім де барып айттым, үндемеді паң еді. Мені тоқал баласынан артық болып кетеді деген арам ойы болуы керек. Үйткені біз (Аймауыт балалары) оқытуға да, басқа өнерге де Оспан балаларына зерек едік. Оспан оқытпаса да, Қағазбай деген үлкен баласы мені жақсы көруші еді, содан оқып, орысша хат таныдым. Перевод қарастыруға жарадым. Екі айдан кейін Қағазбай қағынып өлді. Кіші баласы түк Ұқпады: орысша оқу доғарылды. Мен басқа ауылда бала оқытып жүрдім.
Сол кезде Баянауылда (бізге 60 шақырым) ауылнай школ ашылып, әркім бала бере бастады. 1907 жылы молдалықты тастап, Баянауылға барып школға кірдім. Оспанның Серебрянников деген тілмашы мені тәуір көруші еді, Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауылшаруашылық (с-хоз) школына барып, емтихан ұстадым. Школға кірісімен 40 шақырым жердегі егін жұмысына жіберді. Бір айдай егін орып, жұмыс қылып, қалаға келіп екі айдай оқыған соң, қазақ балалары завастовка шығарып, бәріміз (өңшең қазақ баласы) школдан шығып қалдық. Жаз шықанша күн көрейік деп, жатақтағы Іргебай етішінің үйіде жатып, етік тіктім. Жаз шыққан соң, қалашының екі дөңгелек арбасына ілесіп елге келдім. Бұ жылы басқа мектепке кіре алмай, Баянға қайта барып, ауылнай школға 3-ші бөлімге оқып шықтым. Келер жылы әр жерге арыз беріп, қазыналық оқу таба алмай бос қалған соң, жайлаудағы өлекті өзені бойындағы Қаржас Сүлеймен деген кісіге бала оқытуға жалдадым. 1911 жылы ол ауылда оқытқан бір екі баланы (Мәжікен Сүлейменұлын, Сұлтан Анапияұлын) алып, Керекуге тағы бардым. Со жылы Керекуде 2 класты руско-киргизкая школа ашылған екен, үшеуіміз де соған кірдік. Келесі жылы ол школда интернат ашылды. Интернатқа түстім. Осы школда 4 жыл оқып,бітірдім. 1914 жылы Семейдің учительский семинарына барып түсіп, 1919 жылы мұны бітірдім. Қыс оқысам, жаз елге шығып бала оқытып, қаражат жинадым. Орысша оқуға кіргеннен былай, әкеме мал тауып бере алмадым (Сүлеймендерден алған бір құнан, бір тайдан басқа), бірақ әкемнің күн көрісіне бір тиын да зиян келтіргем жоқ.
Ауылдағы өзім құрбы балалардан хатты ерте таныдым. Қолым (почерк) әдемі болушы еді. Жалаң бұт жүретін кезімде Оспан шақыртып, арыз көшіруші едем. Қадыкеш апамның бір сандық қыссасы бар еді. Қыстық ұзақ кештерінде алғашқыда Қадыкешке, соңынан Ақат екеуімізге әкем қысса оқытқызып отырушы еді. Жасымыздан қыздардың арасында өскендіктен, боқ ауыз айтуды, шайпаулық қылуды, қақ-соқты көп білмедік. Әке-шешемізді сыйладық жақсы көрдік. Олар да бізді жақсы көрер еді. Үйткені ұдайымен 4-5 қыз туып, бізді (үш қарғасын) сағынып жүргенде, қартайғанда көрген екен.
Ең алғаш менің өлең жазғаным 13 жасар кезім болса керек. Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға боранда есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп, әкесін ренжіткен қызды) ол Жамікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезі болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы; Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім, 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсапардың болыс болам деп, елге бір месте шай апарып, елдің құлағын болыс қоямыз деп, шайларын алдып алып, бос қайтқанын жазып едім, бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1926 жылғы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады.
2. «Рабиға», «Жебір болыс ұмансапқорлар)», «Қанапия – Шарбану» - 1916 – 17 жылғы жазған пьесалаырым. Кейін түзетіп баспаға бердім. Ең алғаш баспа жүзіне шыққан сөздерім – 1917 жылғы «Сарыарқада». Бірінші нөмердегі «Тұр, бұқара, жиыл, кедей, ұмтыл жастар!» деген кедейшіл беттегі мақала сияқтылар. Одан соңғы Абай журналындағы «Ғашықтық» (әңгіме), «Көшу», «Ұран» (қазағым қақтықпа...), «Әскер марсельезі» (арғы атам ер түрік) сияқты өлеңдер, әдебиет туралы мақалалар, «Бишаралар» секілді (Виктор Гюгодан) аудармалар болса керек. Өзге уақ-түйектер есімде жоқ.
3. Бұл күнде басылып шыққан кітаптарым: 1) Рабиға, 2) Сылаң қыз, 3) Мансапқорлар, 4) Қанапия – Шарбану, 5) Ел қорғаны, 6) Шернияз пьесалары, 7) Қартқожа. Аудармалар: 8) Октябрь, 9) Сараң сері, 10) Тас мейман (Пьесалар), 11) Тау еліндегі оқиға (әңгіме), оқу кітаптары: 12) Тәрбиеге жетекші, 13) Психология, 14) Психология мен өнер таңдау, 15) Төңгеріс тарихы – Покровский, 16) Орыс тарихы. ІІІ бөлім. Покровский.
Баспаға берілген кітаптарым: 17) Ақбілек, 18) Мәскеу мен Қырымға жолаушылық, 19) Жаман тымақ (балаларға ертегі), 20) Шал мен кемпір (ертегі), 21) Көк өгіз (ертегі), 22) Үш қыз (ертегі – бәрі де суретті аудармалар: 23) Дәмелі (Тамилла) – роман, 24) Өр бике (Конрад Берковичтің 6 әңгімесі), 25) Бақылаушы (Ревизор) Гогольдікі, 26) Сұлтанмахмұт Торайғырұлының түгел сөздері.
Маған ұнайтын жазушылар: Мопассан, Мольер, Виктор Гюго, Шекспир, Джек Лондонның кейбір сөздері, Рабиндранат Тагор, Конрад Беркович. Орыстар: Гоголь, Пушкин, Толстой, Максим Горький, Короленко, Чехов секілділер. Биыл оқыған Стефан Цвейг те қатты ұнады.
Абай өлеңдерімен бала күнімнен таныспын. Кітабы басылмай тұрағанда, ел қыдырған өлеңшілердің аузынан бірталай өлеңдерін көшіріп алып, жаттаған едім. Ең алғаш басылып шыққан жылы кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым.
6. Менің жазғаным уақ әңгімелер, оқшау сөздер еді. Олардың бірсыпырасы қолымда бар, бірсыпырасы жоқ. Есімде қалғандарын атап өтейін: 1) Ғашықтық (Абайша), 2) Жынды, 3) Айна – бұлар «Сарыарқада», 4) Толық жиіленді , 5) Домалақ ертегі, 6) Мысыққа ойын, тышқанға өлім, 7) Мал бас садақасы ма, бас мал садақасы ма? 8) Сауатсыздықты қалай жою керек, 9) Кузьма, 10) Талкошке шешендері, 11) Күдіріс, 12) Өмір деген осы ма? 13) Жапырақтар – бұл «Қазақ тілінде». 14) Елес, 15) Тұмарбай мен қатыны, 16) Жаңабайдың жанындағы трагедия, 17) Қара бақсы, 18) Баушы мен бала – бұлар «Жас қазақ», «Лениншіл жас» журналында, 19) Далада наурыз – «Қызыл Қазақстанда». 20) Жаңбыр, 21) Қатындар (аударма), 22) Ат желі басар ер шерін, 23) Алы ұйқы – бұлар «Еңбекші қазақ» газетінде, 24) Біз кім едік, кім болдық, 25) Әсемпаздық, 26) Комажник (чеховша), 27) Жаңа өмірге ая жылқ басты, 28) Қырсықты Сүлей, 29) Жидебайдың баяндамасы, 30) Бір шешеннің сөзі, 31) Нұр күйі, 32) Көшпелі Көжебай, 33) Оралдан поез өткенде, 34) Делебесі қозған жігіт, 35) Тінікейді не ойландырады, 36) Жеті азбан, 37) Қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды, 38) Қойшы тастамақ, 39) Радио хабарлары – бұлар «Ақ жол» газетінде, 40) Елеусіз ерлер, «Сәуледе», 41) Соп-соп – «Қосшы» газетінде, 42) Әнші, 43) Жол үстінде – бұлар «Түрмеде»; 44) Паренжі ертегісі (асылы орысшадан), 45) Бажаның басы қышиды – бұлар «Әйел теңдігі» журналында басылды.
Бұдан басқа Максим Горькийден, Мопассаннан, Джек Лондоннан, Тагордан аударған әңгімелерім бар. Олардың қажеті жоқ. «Шаншарда» басылған 3-4 күлдіргі әңгіме бар; оларды атағам жоқ. Осымен сұраған алты нәрсеге жауап бердім ғой деп ойлаймын.
Жүсіпбек. 1928 жылғы январь.
Абдолла БАЙТАСОВ, Даниял ЫСЌАЌОВ
Достарыңызбен бөлісу: |