Ермен жапырақты ойран шөп – бір үйлі, бір жылдық шөп, күрделі гүлдер тобына жатады. Өсімдіктің сабағы тік, көп тармақты, жапырағы тарамдалған, жапырағының үстіңгі жағы қою жасыл, астыңғы жағы сұрлау. Өсімдіктің биіктігі 2 метр, тамыры 4 метр тереңдікке дейін жетеді. Құрғақшылық жылдары зияндылығы өте зор. Өсімдік тұқым арқылы таралады, жылу сүйгіш, 8-10 градус жылылықта 5 см. тереңдіктен сәуірдің аяғы, мамырдың басында жер бетіне шыға бастайды. Шөп шілде-тамыз айларында гүлдейді, дәні қыркүйек-қазан айларында толық піседі. Өсімдікті орып алғаннан кейін де шөп өсе береді де ауылшаруашылық дақылдарының өнімін 40-60%-ға дейін төмендетеді. Отаны Солтүстік Америка. Осы жерден Азияға, Еуропаға таралған. Қазақстанда Алматы облысында, Алматы қаласында және басқа аудандарда 6100 гектар жерде өседі. Өсімдік гүлдеген кезде олардың миллиардтаған тозаң тәрізді ұсақ тұқымдары, ауа, жел арқылы көпшілік жерге тарайды, адамдардың денсаулығына зор зиян келтіретін, аллергия ауруы – полинозға ұшыратады. Ауру түрлері: ринит, конъюктивит, бронхы астмасы, бас ауруы. Сондықтан егістікті ермен жапырақты ойран шөптен тазарту үшін бірлескен агротехникалық шаралар мен гербицидтер пайдалану керек.
17-сурет. Ермен жапырақты ойраншөп.
Жатаған у кекіре (Acroptilon repens L) көпжылдық, атпа тамырлы шөп, күрделі гүлдер тұқымдасына жатады. Қуатты тамыр жүйесі топырақта 10 м. тереңдікке жетеді. Жатаған у кекіренің ерекшеліктері, ол қордағы қоректік зат – инулинді тамырдың топырақтағы төменгі қабатына жинақтауы және қоректік заттарын топырақ баптаушы техникамен егіндікті өңдегенде, жатаған тамырының кесілген жеріне жылдам жеткізуі арқылы өсіп жер бетіне шығуы, фотосинтез құбылысы арқылы тамырлануы. Сондықтан көптеген агротехникалық әдістерге төзімді болады, қайтадан өсіп жетіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік қорғау және өсімдік карантині департаментінің мәліметі бойынша жатаған у кекіре республикада 3 млн. гектар жерге тараған. Тұқымның іс жүзінде табиғи жағдайда таралуын тоқтату мүмкін емес. Сондықтан жатаған у кекіре бар ошақты уақытында тұқымы басқа жерлерге тарамай тұрғанда құрту керек. Бір өсімдікте жатаған у кекіренің тұқым беру түсімділігі 3 мың дәнге дейін жетеді, оның ішінде 50 пайызы өнгіштік қасиетін сақтайды. Толық піскен тұқым топырақта өңгіштік қасиетін 5 жылға дейін сақтайды және 25 градус жылылықта, ылғалдылық 20 пайыз болғанда топырақтың құрамына байланысты 2-5 см. тереңдіктен өсіп шығады. Жатаған у кекірені тиянақты түрде құрту үшін зерттеу жұмыстарын, шөптердің таралу картасын жасау керек. Шөптерді жою жоспарына профилактика, агротехникалық-биологиялық және химиялық әдістер кіреді. Шөптермен тиімді күресу үшін, олардың негізгі биологиялық ерекшеліктерін білу керек. Күрес жатаған у кекіренің тамыр жүйесінің өмір сүргіш қабілетін біртіндеп жоюдан басталады. Тамырдан шығатын улы заттар көптеген екпе дақылдарға зиянды әсерін тигізеді, олардың өсу энергиясын төмендетеді. Статистика мәліметтері бойынша жатаған у кекіре астық егістіктерінде және бос жатқан игерілмеген жерлерде де көп тараған. Қазақстанның егіншіліктегі негізгі бағыты астық өндіру болып саналса, көптеген тыңайған жерлерді, ауылшаруашылық алқаптарды у кекіренің көп басуына байланысты іске қоса алмай отырмыз. У кекіренің егістікті басуы салдарынан Қазақстан жыл сайын 3 млрд.теңге зиян шегіп отыр. Сонымен қатар, өнімінің төмендеуінен басқа, оның сапасы да төмендейді, ұнның дәмі ащы болады. Парды, отамалы дақылдарды күтіп-баптау кезінде кететін шығындарды есептесек, жалпы шығын 3 млрд. теңгеден асады. Кекіренің қаптау себептері – карантин ережесінің сақталмауы, ең негізгісі – кекіремен күресу жүйесі агротехникамен гербицидтерді арамшөптің биологиялық ерекшеліктерімен байланысты Қазақстанның әртүрлі климат аймақтарында дұрыс біріктіре қолдану қажет. Агротехникалық әдістердің мақсаты тамырды ұсақ бөлшектерге бөліп, тамырдағы қоректік органикалық зат – инулиннің көбеюін азайту арқылы тамырдан қайтадан өсуіне жол бермеу. Кекіремен күресудің негізі топырақ өңдеу жүйесі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |