Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
148
Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен
томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын
Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі
жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен
ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу. Ақ бураны ол
бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік.
Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі
осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып
алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге
құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата
сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан
батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл
жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы
мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның
күні бұрын зәре-құты қалмайтын. Оның үстіне ақ бура Бұрындықтың жауына
қандай тәсіл құратынын алдын ала ақылдасып қойғандай, жауға шапқаннан-ақ
үстіндегі батыр ыңғайына қарай көшетін. Тарпитын жерінде тарпитын, тістейтін
жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса,
ақ бура ашуға мінбейтін, тек үстіндегі батырдың әуеніне қарай қимылдап, дегеніне
көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара
жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін.
Бұрындық міне осы ақ бурасына мініп, Қарашыңға жекпе-жекке шықпақ! Ал
Қарашыңның қандай батыр екені жұртқа аян. Оң қолымен өзіне қарсы сілтенген
сойыл шоқпардан қорғана білсе, сол қолындағы жүзі ұстарадай сала құлаш
алдаспанымен жауының астындағы тұлпардың мойнын қағып тастайтын әдеті.
Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана
төтеп береді. Және қара сирақ тұлпардың мойын тұсы кереге көз шынжыр
сауытпен торланған. Ал ақ бура қанша айбарлы болғанмен де, сауыт жабылған
тұлпар емес, сілтегені мүлт кетпейтін Қарашың батыр оның сидиған мойынынан
басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр
жөн еді.
Бұрындықтың Қарашың батырға қарсы шықпасқа лажы жоқ-ты. Оған деген
елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар.
Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында
жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер
көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры
болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де,
Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз
онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз:
«Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген.
Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған
тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен
Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың:
«Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген.
Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы
Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1)
© «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
149
Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір
кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен
сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма!
Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.
Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік
атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың
шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында
қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ
бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық.
Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей,
демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.
Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң
қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін
Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында
әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де
сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге
таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете
алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге
таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп
Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта
бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына
түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын
сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан
заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен
сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді.
Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай
алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның
алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына
көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор
дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне
себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен
сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш
алыптығын көрсетті. Шап-қан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен
ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп,
енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп
түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.
Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай
тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп,
енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан
машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де
соңынан ерді. Қарашыңның әлегімен сәл көңілдері басқа жаққа ауған қазақ
батырлары, жауының жапа-тармағай кейін шегініп бара жатқанын көріп, лап
қойды. Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақал-теке, теке жаумыттар бұларды
қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс
ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу
адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп
түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі
|