Операцияларды құжаттық рәсімдеудің дұрыстығын тексеру кезінде төмендегілерге мұқият тексеру жүргізіледі:
* төлем ведомостарында — ақша алушылардың қойған қолдарының сенімділігіне, себебі бір ақша алушы ведомоста бірнеше адам үшін қол қоятын жағдайлар орын алады;
• кассалық кіріс және шығыс ордерлерін тіркеу журналында -реттік номерлеу мерзімі мен сомалардың кіріс және шығыс ордерлеріндегі, касса кітабындағы сондай мәліметгермен сәйкестігіне;
* кассалық шығыс ордерлеріне — алынған сомалардың жазылуының және ақша алушының қолының, сонымен бірге кәсіпорынның штатында жоқ ақша алушылардың төл құжаттарының мәліметтерінің жазылуының дұрыстығына;
* барлық құжаттарда - басшылардың қолдарының бар екендігіне.
Кәсіпорын басшысы барлық кассалық шығыс кұжаттарына өзі қол қоятындығына назар аударылады. Тек басшының кәсіпорында болмаған және өзінің міндетті қызметін бұйрық арқылы басқа тұлғаға (уақытша орнында қалатын тұлғаға) берген кезеңді (іс-сапар, кезекті еңбек демалысы, ауырып калған кез) қоспағанда;
* касса кітабында — оның жүргізілуіне, енгізілген түзетулердің дұрыстығына.
Жиынтық айналымдардың есептелінуінің және күннің аяғында нақты ақша қалдықтарының есептен шығарылуының дұрыстығына ерекше назар аударылады.
Аудитор әрбір чек бойынша банктен алынған ақшаның толық және өз уақытында кіріске алынуын чек түбіршектеріндегі және банк үзінділеріндегі бірдей сомалармен салыстыру жолымен тексереді. Чек кітапшалары, пайдаланылған чектердің түбіршектері, сонымен бірге пайдаланылмаған чектер кәсіпорынның бас бухгалтерінде олардың жоғалып кетуі мүмкіндігін болдырмау мақсатында сақталады. Бүлінген чектер "жойылды" деген жазу арқылы жойылуға және чектердің түбіршектеріне желімдене отырып сақталуға тиісті. Уақытында алынбаған еңбек ақы және басқа есептеулер бойынша депоненттелген сомалардың төленуін тексеруге ерекше назар аудару керек. Мұндай кезде ең болмағанда берілген сомаларды депоненттелген сомаларды есепке алу кітабында (картотекасында) есепте тұрған тура сондай сомалармен ішінара салыстыру қажет.
Ақшаның есептен шығарылуының (жұмсалуының) дұрыстығына аудиторлық тексеру жүргізу. Ақшаның есептен шығарылуы бойынша касса операциялары мүмкіндігінше тексерілуге жататын барлық кезең ішіндегі касса есебіне тіркелген құжаттар арқылы тексеріледі. Мұндай кезде касса құжаттарының рәсімделуіне де назар аудару қажет, яғни, әрбір құжатта алушылардың қолхаттарының болуы, касса құжаттарының жабылуы: кіріс құжаттары "алынды" деген, ал шығыс құжаттары — "төленді" деген штамптармен мерзімін көрсете отырып, расталуға тиісті. Сонымен бірге құжаттардағы өшірулердің немесе түзетулердің бар-жоқтығы тексеріледі.
Ақша қаражаттарының кассаға қабылдануы және есептен шығарылуы бойынша барлық операцияларды кассир барлық беттері номерленуге, баулықталуға және мөрмен расталуға тиісті касса кітабына жазады. Ондағы парақтардың саны кәсіпорын басшасы мен бас бухгалтердің қойған қолдарымен расталуға тиісті. Иеленіп кету мақсатында кассадан ақшаның артық есептен шығарылуы әдетте арамдық жасау жолымен жүзеге асырылады. Бір құжатпен касса бойынша ақша сомасын қайталап есептен шығару пайдаланып кетудің аса қауіпті нысаны болып табылады.
Аудитор тәжірибесі көрсеткендей, касса бойынша пайдаланып кетудің көбісі еңбек акы төлеу кезінде және есеп берілуге тиісті сомалармен болады. Бұл жерде ведомостардың қайта пайдаланылуы оған "жалған" тұлғалардьщ енгізілуі, сомалардың жиынтығының тым көтеріліп кетуі орын алуы мүмкін.
Клиенттің шоттарды салыстыру тиімділігін аудитордың бағалауы кассадағы нақты (колма-қол) ақшаға қатысты жүргізілген көптеген тексерулердің сипатын, уақыт бойынша бөлінуін және дәрежесін анықтайды. Есеп жүйесінің бірдейлігі, салыстыруды орындаушы жұмыскерлердің терең білімділігі және міндеттердің бөлінуі негізгі факторлар болып табылады. Клиенттің шоттарды салыстыруының тиімділігі жоғары болған сайын, яғни, бақылау тәуекелдігінің бағалану деңгейі төмен болған сайын, аудитордың шоттарды салыстыру процедураларының толықтығы да аздау болады. Бұл процедуралар жылдың аяғында шоттардың салыстырылуын қарапайым қарап шығудан, кассадағы ақша қаражаттарының нақты барын дәлелдеудің тиісті нысанын пайдалана отырып, жыл бойғы шоттарды тәуелсіз салыстыруды орындауға дейін (жаппай тексеру жүргізу) өзгеруі мұмкін. Ол ерекше жағдайларда, яғни аудитор ақшаның ұрлануы, ысырап болуы мүмкін деген болжам жасаған кезде ғана қажет. Сондай-ақ, еңбек ақы беру кезіндегі, өндірістік шығыстарды төлеу кезіндегі, есеп берілетін сомаларды беру және пайдалану кезіндегі қолма-қол ақшамен орындалатын операциялардың міндетті жаппай тексеруді талап ететіндігін атап айту керек.
Аудитордың кәсіпорында заңды түрде рұқсат етілген жағдайда шет елдік валютамен касса операцияларының орындалуы мүмкін екендігін ескеруі қажет. Шет елдік валюта түріндегі кассадағы қолма-қол (нақты) ақшаның есебі бухгалтерлік есептің 9 "Шетеддік валютамен орындалатын операциялардың есебі" деп аталатын ұлттық стандартына сәйкес "Кассадағы шет елдік валюта түріндегі нақты ақша" шотында жүргізіледі. Валютаның әрбір түрі бойынша кәсіпорында орындалған операциялар шет елдік валютамен көрсетілетін жеке касса кітабы жүргізілуге тиісті екендігін есте ұстау керек. Шет елдік валютадағы операциялар бойынша жазулар бухгалтерлік есеп шоттарында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңгеге айналдырып көрсетіледі. Шет елдік валютаға қатысты ұлттық валюта теңгенін бағамы өзгерген кезде бағамдық айырмашылық ескерілуге тиісті. Егер шет елдік валютаның теңгеге қатысты бағамы өсетін болса, оң бағамдық айырмашылық сомасына: "Кассадағы шет елдік валюта түріндегі нақты ақша" шоты дебеттеліп, "Бағамдық айырмашылықтан алынған табыс" шоты кредиттеледі, ал егер шет елдік валютаның теңгеге катысты бағамы төмендейтін болса, онда теріс бағамдық айырмашылық сомасына: "Бағамдық айырмашылық бойынша шығыс" шоты дебеттеліп, "Кассадағы шет елдік валюта түріндегі нақты ақша" шоты кредиттеледі.