Аммиак селитрасы , аммоний селитрасы, аммоний нитраты – NH4NO3, құрамында азот бар, түссіз, суда жақсы еритін, түйіршікті, қышқыл тыңайтқыш. Оны 56 – 60% азот қышқылын газ күйіндегі аммиакпен бейтараптап алады. Түйіршіктері бірігіп қалмау үшін фосфорит ұны, гипс, каолонит қосады. Жоғары сапалы Аммиак селитрасы алу үшін құрамындағы азот 34,6%, ылғал 0,4%, суда ерімейтін қоспа 0,1% болуы тиіс. Аммиак селитрасы тиімділігі жағынан азот тыңайтқыштарының арасында 1-орын алады. Құрамындағы нитрат ионы шайылып кететіндіктен Аммиак селитрасын күзде пайдалану тиімсіз. Ал жауын-шашын аз жауатын тәлімі аймақта күзде себіледі. Суғармалы аймақта Аммиак селитрасы басқа тыңайтқыштармен бірге қолданылады. Аммиак селитрасының өсімдікке әсері қолдану әдісіне, мерзіміне, мөлшеріне байланысты болады. Ол дақыл түріне, топырақ құрамына, климат жағдайына қарай өзгереді. Аммиак селитрасын егістікке шашар алдында ұнтақтайды, тор көзінің диам. 2 – 3 мм електен өткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |