4 Жалпы білім беретін мектептердегі «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі тарихы» пәндері бойынша білім берудің жағдайы
ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың көз ілеспес жылдамдық пен даму заманы, сондықтан уақыт талабына сай білімді де парасатты, жан дүниесі кемелденген, намысшыл ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсат. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі тұман» – деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. Сондықтан да, заман талабына сай оқыту мен тәрбиенің соңғы түрлерін жедел меңгеріп, кәсіби шеберлікті ұштап отыру ұстаздың басты парызы. Тарих пәні ұстаздарға білімін үнемі жетілдіріп отыруды, қосымша деректермен толықтыруды талап етеді. Тарих пәнін оқытуда оны ұрпақтар бойына дарыту әлі де көп ізденістерді әдістемелік тәсілдерді қажет етеді. Оқытудың тиімділігін арттыру үшін тарихи материалдардағы қосымша деректерді пайдаланудың зор мәнісі бар. Мұғалім тақырыптың мазмұнын кеңейтіп және толықтыратын қосымша материалдарды қолдану арқылы дәстүрлі емес сабақ түрлерін өткізіп оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын үнемі арттырып отырғаны жөн. Жалпыға белгілі, білім беру жүйесінің сапасы осы салада жұмыс істейтін ұстаздардың сапасынан жоғары болуы мүмкін емес.
4.1 «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі тарихы» пәндері мұғалімдерінің сапасы туралы мәлімет
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы» деп А. Байтұрсынов айтқандай оқу-тәрбие үдерісінде мұғалімнің рөлі зор. Бүгінгі мектептің хал-ахуалы, келбеті ұстаздарымыздың қолында. Қоғамның басты міндеттерін жүзеге асыратын басты тұлға – ұстаз. Осы жерде орыс педагогі К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанмен оның мұғалімдігі де жойылады» - деген сөзі ойға оралады. Сондықтан, тарих пәнінен сабақ беретін ұстаздардың сапалық құрамын анықтау басты қажеттілік.
Білім беру ұйымдарының ағымдағы және келешектегі міндеттерін анықтау үшін, сонымен қатар кадрлармен қамтамасыз ету дәрежесін білу мақсатында білім беру ұйымдарының кадрлық әлеуеті талдану керек. 2014 жылғы Ұлттық баяндамада, 2013 жылы білім беру жүйесін кадрлармен қамтамасыз етудің оңтайлы динамикасы көрсетілген. Жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдер саны 2011 жылдың көрсеткішінен 8527-ге жоғары 294 897 адамды құраған (22 - сурет).
22-сурет – Жалпы білім беру мектептеріндегі мұғалімдер саны
2011-2012 оқу жылында республиканың төменде берілген өңірлері бойынша тарих пәні мұғалімдерінің (12436 мұғалім) құрамы мен сапасы анықталды. Сонын ішінде 23-25-суреттерден көрсетілгендей жоғары санатты 2130 (17,1%), бірінші санатты 3636 (29,2%), екінші санатты 3534 (28,4%), санаты жоқ 3083 (24,7%), зейнеткерлік жастағылар 516 (4,14%), мамандығы сәйкес келмейтіндер 32 (0,25%), вакансия 20 (0,16%).
23 - сурет – Жоғары санатты педагогикалық кадрлар үлесі
2012-2013 оқу жылында төменде берілген өңірлер бойынша 12172 мұғалім болған. Сонын ішінде жоғары санатты 2116 (17,3%), бірінші санатты 3828 (31,4%), екінші санатты 3525 (28,9%), санаты жоқ 2696 (22,1%), зейнеткерлік жастағылар 557 (4,5%), мамандығы сәйкес келмейтіндер 44 (0,36%), вакансия 37 (0,30%).
24- сурет – Бірінші санатты педагогикалық кадрлар үлесі
2013-2014 оқу жылында төменде берілген өңірлер бойынша 11675 мұғалім болған. Сонын ішінде жоғары санатты 2120 (18,15%), бірінші санатты 4227 (36,20%), екінші санатты 3560 (30,49%), санаты жоқ 2370 (20,29%), зейнеткерлік жастағылар 473 (4,05%), мамандығы сәйкес келмейтіндер 33 (0,28%), вакансия 28 (0,23%).
25 - сурет – Екінші санатты педагогикалық кадрлар үлесі
2011 – 2012 оқу жылымен салыстырғанда 2013-2014 оқу жылында жоғары санат 1,05%-ға, бірінші санат 7%-ға, екінші санат 0,5%-ға ғана көтерілсе, санатсыздық 4,41%-ға төмендегенін көреміз. Жоғарыда келтірілген өңірлер бойынша соңғы 3 жылдағы ең көп жоғары санатты Алматы қаласы 36,7% мен Алматы 16,7% және Жамбыл 22,6% облыстары иеленді. Ең төменгі пайызды 4,5% Қызылорда облысы тұр. Ал санаты жоқ мұғалімдердің басым бөлігін Шығыс Қазақстан облысы 32,2%, Алматы облысы 21,6%, Жамбыл облысы 20,4% облысы еншілеп отыр [20].
Мұғалімдердің жас құрылымының сараптамасы көрсеткендей, кадрлардың табиғи қартаюы қатары аясы жас мамандармен толығып отыр. Сонымен қатар орта білім беру жүйесінде әлі де педагогикалық кадрлар жетіспеушілігі өзекті болып табылады. Кадрлық тапшылық сол саладағы оқу-тәрбие жүктемісін ұлғайтындығы белгілі. Шамадан тыс оқу жүктемесінің артуы тікелей білім сапасының төмендеуіне әкеледі.
4.2 Тарих пәні мұғалімдерінің біліктілікті арттыру курстардан өтуі туралы мәлімет
2011-2012 және 2013-2014 оқу жылдары аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында пән мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы 3 (базалық) және 2 (негізгі) деңгейлік бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру курстары 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Осы жылдар аралығында республиканың деңгейлік курстардан өткен тарих пәні мұғалімдері 2012 жылы 81, 2013 жылы – 460, 2014 жылы – 528 мұғалімді құрады. Төмендегі 23 – суретте деңгейлік курстардан өткен тарих пәні мұғалімдерінің саны ұсынылған.
23 сурет –2012-2014 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында біліктілікті арттыру курстарынан өткен тарих пәні мұғалімдері туралы ақпарат
Республика бойынша 2012-2014 «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында біліктілікті арттыру курстарынан: 2012 жылы 81; 2013 жылы 460; 2014 жылы 528 тарих пәні мұғалімдері өткен екен.
2013 және 2014 жылдар республиканың «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы базасынан курстардан өткен тарих пәні мұғалімдері 2013 жылы – 348, 2014 жылы – 685 мұғалімді құрады[21]. Төмендегі 26 – суретте біліктілікті арттыру курстарынан өткен тарих пәні мұғалімдерінің саны ұсынылған.
26 сурет – 2013-2014 жылдары «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында біліктілікті арттыру курстарынан өткен тарих пәні мұғалімдері туралы ақпарат
2012-2014 жылдар аралығында жалпы республика бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы базасында деңгейлік курстардан 1069 тарих пәні мұғалімдері, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында біліктілікті арттыру курстарынан 1033 тарих пәні мұғалімдері өткен (27 – сурет).
27 – сурет. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы мен «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ базасында біліктілікті арттыру курстарынан өткен мұғалімдер
4.3 Тарихи білім беруді қамтамасыз ету
Оқулықтар мен оның құрауыштар (оқу карталары, түрлі кестелер мен сызбалар, көрнекі құралдар, хрестоматия, оқу кітабы, сөздік және т.б.) сабақта қолдану жағдайында оқушылардың өткен тарихи кезең туралы көру арқылы алынған нақты бейнесі қалыптасатындығын есте ұстау керек [22]. Олар тарихи фактілерді нақтыландырып, оқушылардың өткен кезең туралы білімін жаңғыртады, тарихи құбылыстардың мәнін ашып, негізгі тарихи ұғымдар мен заңдылықтарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Тарих сабақтарын мектептерде арнайы кабинеттерде оқыту әлі де мүмкін болмай отыр. Оған басты себеп тарих кабинеттерінің жеткілікті дәрежеде жабдықталмауы. Ал, мектептегі тарих кабинеті - оқушылармен жұмыс жүргізетін база ғана емес, сонымен бірге ол мұғалімнің әдістемелік жұмыстарының да көрсеткіші. Оқу-әдістемелік, көрнекілік және техникалық оқыту құралдарының жеткілікті қоры жинақталған кабинет жағдайында мұғалім қызметінің шығармашылық сипаты да арта түсетіні анық. Қазіргі кезде тарих пәнін оқытуда міндетті түрде игерілуі тиіс білімнің көлемі арта түсуде. Сондықтан мұғалім оқулықтан тыс бейнефильмдер, үнтаспа, тақырыптық карталар, хронологиялық кестелер, фотолар мен суреттер т.б. оқу-әдістемелік кешендер және құралдарын қолдануы тиіс. Бірақ та мектептерде оқу-әдістемелік кешендермен жабдықтау мәселелері әлі де өзекті болып отыр. Жалпы білім беру мектептерінде 5-11 сыныптарда 23 «Қазақстан тарихы» мен «Дүние жүзі тарихы» оқулығы пайдалануда. 17 әдістемелік құрал, 13 хрестоматия, 9 дидактикалық материал, 5 жұмыс дәптері қолданыста жүр (28-сурет). Бұл оқулықтар мен оның құрауыштары сынақтан сәтті өтіп, мектептерге жолдама алды.
28 сурет – Оқулықтар мен оқу –әдістемелік кешендер
Жалпы орта білім беру ұйымдарының оқу әдебиеттерімен қамтылуы. Мектеп кітапханасының қоры білім беру ұйымдарының білім алушыларының контигентіне сәйкес құрастырылады. Еліміз бойынша оқулықтармен қамтылған жалпы оқушылар саны 98%. құрайды. ҚР БҒМ мәліметтері бойынша, білім беру ұйымдарының, олардың республика бойынша жалпы санына шаққанда, 88,9% да кітапханалар жұмыс істейді. Кітапхана, қажетті ақпараттың көзі ретінде, оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға ықпал ететін факторлардың бірі болып табылады. Осыған орай, «білім қоймасын» баспа түрінде, электрондық оқу құралдары түрінде де қажетті ресурстармен лайықты түрде қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Қорытынды және ұсыныстар
Бүгінгі таңда республика бойынша 15360 тарих пәні мұғалімдері бар, сонын 54%-ы жоғары және І санатты ұстаздар болса, 14%-ы яғни, 2102-сі біліктілікті арттыру және деңгейлік курстардан өткен ұстаздар болып табылады. Бұл дегенін ұстаздардың біліктілікті арттыру немесе деңгейлік курстарынан өтуін әлі де толыққанды қамтыла алмай отырғаны. Оқушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасына ұстаздар біліктілігінің үлкен рөл ойнайтынын ескерсек, осы салаға көп көңіл бөлу керек екенін көрсетіп отыр. Сараптамалық талдау нәтижелері көрсеткендей, республика бойынша жалпы білім беру мектептеріндегі тарих пәні мұғалімдерін қамтамасыз ету жағдайы тұтастай алғанда жаман емес: мамандар жетіспеушілігі салыстырмалы түрде көп емес. Тек республикадағы педагог мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстарын күшейту қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |