Қарағанды 2020 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Тәуелсіздік дәуіріндегі философия



бет22/24
Дата18.09.2024
өлшемі0,74 Mb.
#204656
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24
Байланысты:
Оқу құралы 2020 жыл (2)

4 Тәуелсіздік дәуіріндегі философия


4.1 «Мәңгілік Ел» және «Рухани жаңғыру» – жаңа Қазақстан философиясы

Еліміз ұлан-ғайыр Ұлы Дала топырағынан нәр алған аса бай рухани тарихымен төл ұлттық болмысымызға негіз болған. Осындай шетсіз де шексіз далада халқымыздың рухани байланысы еш уақытта да үзілмеген. Оның бастауы алғы философиялық ой-санасымен тікелей байланысты. Бұл халқымыздың сан ғасырлар бойы қорланған даналығының қазіргі рухани жаңғыру жағдайында ұлттық келбетін тереңінен танытатын өзекті қырларының болашақ ұрпаққа берері мол. Рухани мұралардың қалыптасуы мен дамуын жаңаша саралап, зерделеуге мүмкіндік берілді, жаңа бағыт-бағдарлар, пайым-көзқарастар және тұжырымдарға жол ашылды.


«Мәңгілік Ел» - ортақ мұра, ұлттық ділімізде ерте дүние тарихынан бабалар дүниетанымындағы ізгілік пен парасаттылықтың игілікті мекені. Рухы өршіл, жігер-қайраты асқақ, қайсарлы бабаларымыздың ерте дүние тарихынан елінің мүддесі мен тағдыры жолындағы қаншама қиын-қыстау тарихи сынақтарды бастан кешкен еді. Сол қиындықтарға қарамастан алға қойған ұлы мақсат-мұрат – «Мәңгілік Ел» орнату жөніндегі асыл арман болған еді. «Мәңгілік Ел» - асқар таулар мен сағымы көлкіген сайын далада күн кешкен қарапайым қалың елдің көкірегіндегі мұраттар мен ізгі тілектерінің көрінісі. «Мәңгілік Ел» - ежелгі түркілер мұраты. «Мәңгілік Ел» - бабалардан мұраға қалған тарихпен суарылған қазақ халқының арманы.
Ерте дүние тарихынан түркі қағандары өз иелігіндегі ұлыстардың әдет-ғұрыпы, наным-сенімдері, тіліне сыйластықпен қараған әрекеттері қазіргі таңда ұрпақтар сабақтастығымен қазақ халқының өмірлік ұстанымдарының көрінісі іспеттес рөл атқаруда. Түрлі ұлыстардың құтты мекен жеріне айналған еліміз бейбітшілік пен келісім рухының айғағы. Тек сөзімен ғана емес, адамдар мұраты үшін тындырған ісіне қарасаңыз да дана тұлғалардың ізгі ниеті «Мәңгілік Ел» идеясымен дараланып тұрады. Кең далада еркін өмір кешкен өр мінез жандар үшін қашанда ұлы мақсаттарды жоғары қоя білгенін өмір тәжірибесі қорытқан рухани мұралардан ізгілік игілігі ретінде көзбен танып, көкірекпен қабылдай білуімізден көрінеді.
17.01.2014 ж. Елбасымен Қазақстан халқы үшін өте маңызды «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын жариялады. Онда қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихынан, Тәуелсіздік жылдары бастан өткерген қазақстандық жолдан туындаған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы айтылды. Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік Елді» ұлттық идея деп атай отырып, барша қазақстандықтарды «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша өз жауапкершіліктерімен белсене атсалысуға шақырды. 26.04.2016 ж. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясының қорытындысы бойынша «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі жария етілді және қабылданды.
«Мәңгілік Ел» идеясының шығу тарихына келер болсақ, бұл көне түркілерден бастау алған идея үш тұғырлы түбірден тұрады деуге негіз бар. Біріншісі, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі - Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» философиялық шығармасында және үшіншісі - Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» дастанында өз мазмұнын тапқан еді. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің үйлесім табуы, елдің тұтастығы үшін бірліктің, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп мақсат-мүдде ретінде нық келтірілген. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» паш етіледі. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндестікте көрініс береді.
Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» түсінігінің философиялық теориялық маңызын ашып берген. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» трактаттарында баяндайды. Әл-Фараби даналықты негізге ала отырып, адам қоғамын жан-жақты түрде зерттеді. Ол тіпті Аристотельдің пікірлеріне де толықтыру енгізіп, адам қоғамын өзінше талдады. Оның ойынша, қоғам неғұрлым үлкен болса, ол соғұрлым жоғары дәрежеде дамиды. Өйткені адамдардың өзара қауымдастығы, еңбек бөлінісі, рухани қарым-қатынастары бір-бірін толықтырып, Платон айытқандай, қоғамды, мемлекетті даналардың билеуіне мүмкіндік жасайды. Ал енді қоғам толық емес деп есептелетін себебі жолдағы уақытша аялдаған жерлердегі адамдар, яғни үнемі бір жерден екінші жерге көшіп жүретін көшпелілер жататын топтар. Мұндай жерлерде халықтың аз болуы мүмкін. Ендеше, ғылыми мәдениеттің өркендеуіне кедергілер де көп кездеседі. Бірақ Әл-Фараби жетілген қоғамға ерекше көңіл бөледі. Өйткені, қоғамдағы ең басты мәселе - рухани-мәдени байлық бірінші орында тұрады. Қазақтың қыпшақ даласының кең жайылған көшпелі қоғамынан шыққан Фараби Платонның қоғамды ең жақсы ұйымдастыратын тек гректер болуы мүмкін деген көзқарасымен келіспейді. Бұл жерде біз Фараби ашып айытса да, өзі туып өскен сахарасының халқы мен қалаларының мәдениеті мен өнерінің жоғарғы сатыда екенін айқындап бергісі келгендігін ерекше сезінеміз. Міне, соның айғақты дәлелі - «Мәңгілік Ел» идеясы. Ғұлама «Бақыт жолын сілтеу» трактатында адам баласының қалауымен болатын талпыныс нәтижесіндегі игілікті мақсаттарының ішінде ең пайдалысы – бақыт дейді. Оған қолы жеткен тірі пенде әр уақытта қанағат тұтуы керек. Мұндай пайымдаушылық әркімнің бақыт туралы ұғымын түрліше түсінікте қабылдауына әкеліп соғады (мысалы, байлық т.б.).
Әл-Фарабидің пікірінше, бақытты көксеу әр адамнан өз бақытының шыңына жету жолының әдісі мен амалын табуды талап етеді. Әл-Фарабидің пікірінше, қоғамды дамыған түрде жетілдіру – «бақытқа жетудің басты шарты». Фараби этикасындағы ең жоғары ұғым бұл – бақыт, яғни өмірде игілік атаулының бәрі осы бақыттың мазмұнында өз мәнін тапса керек. Демек, бұл игілік – адамның өзіне ғана қажетті игілік саналады.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты еңбегінің жалғасы іспеттес Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» шығармасындағы идеямен үндестігін көреміз. Мән-мазмұнынан «әміршісін халқы сүйген, халқын әміршісі құт пен баққа бөлеген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманды, соған лайық мемлекет құруға деген құлшынысты білдіретін елдік сана философиясын көруге болады» [21, 179 б.].
Тарихымыздағы данагөй ақылмандардың ой-қарымынан, олардың тәжірибелік тағылымдарынан, ел билігін қолда ұстаған ер тұлғалардың, қайраткерлердің, ел, жердің мүддесін қорғаған батыр бабаларымыздың сөзі мен ісі сәйкес келген рухани мұрадағы ұрпақтар сабақтастығымен үндестікті танытады. Сол үндестіктің, жарасымдылықтың лебін «Мәңлілік Ел» түсінігінен танығандаймыз. Бабалардың мұраты - елді бақытқа жеткізу, ізгілікті істермен астасып жатқан ұзақ ғұмырды кешуге жол сілтеу, ақыл-білімге деген құштарлықты ояту, дұрыс бағыт-бағдар беру, әрқашан да ар ождан тазалығын ұстана білу, даналардан қалған сөздерді ой көзімен тану, қабылдауға негізделген насихаттармен астасып жатыр. Бір қарағанда, жалынды сөздер іспеттес. Алайда, «жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, мұның астарында ұрпақтардың көкірегінен, жүрек төрінен орын алса деген ниет, тілектердің тұрғаны айдан анық, яғни елін, халқын бақытқа жеткізу мұраттары өз мазмұнын тапса керек. Осындай қағидаларды берік ұстану мақсатында болған.
Бұл әрбір адамның деонтологиялық (грекше deon – борыш және logos - сөз), яғни туған жер, елді мекені, Отаны, ата-жұрт тұрағы, ата-ана алдындағы адамгершілік қасиеттермен ерекшеленетін борыштылық сезім қалпымен астасып жатыр.
Міне, ерте қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жадымен Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін ұрпақтар сабақтастығы негізінде Тәуелсіздік туралы арманды жүзеге асыру барысында болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борыш - бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын тұғыр етіп, қоғам мен мемлекеттің жоғары мақсат-мүдделерін орындауда осы Мәңгілік Ел - патриоттық актісін қабылданған. Жаңа Қазақстанның тарихын жазудың биік мәртебесі мен жауапкершілігі осы ұрпақтар үлесінде екендігі анық аталып өткен болатын. «Тәуелсіздік дәуірінен» бергі аралықта еліміз Болашағы Біртұтас Ел – «Мәңгілік Елді» құру жолында бірлік-ынтымақтастықтың арқасында табысты жетістіктерге қол жеткізді. Бұл «Мәңгілік Елдің» өзегіндегі қарапайым, түсінікті және біздің әрқайсымыз үшін ең қымбат ақиқаттар - отбасы амандығы, қонақжайлық және еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік және бірлік, ертеңгі күнге деген сенім ұғымдары орныққандығымен нығырлана түседі. Сондықтан да, «Мәңгілік Елдің» мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға, ұрпақтан ұрпаққа аманат ету – әрбір Қазақстан азаматының парызы, борышы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет