6.Сүліктер класы.Сүліктердің систематикасы,құрылысы,көбеюі және дамуы.Медициналық сүлік және оны пайдалану Теңіздерде, тұщы суларда және топырақта тіршілік ететін 400 түрі белгілі, еркін қозғалатын жыртқыштар немесе жануарлардың қанымен қоректенетін эктопаразиттер. Сүліктерде сегменттер саны тұрақты, параподиялары, қылтандары болмайды. Бас (простомиум) және аналь (пигидиум) бөлімдері жоқ. Денесінің алдыңғы және артқы жағында сорғыштары дамыған. Целом қуысы редукцияланып, лакунарлық жүйеге айналған. Ішкі мүшелерінің арасы паренхимаға толы. Көпшілігі гермафродиттер, тікелей (личинкасыз) дамиды.
Денесі арқа-құрсақ жағына қарай қысылған, ұзындығы 20 см-ге дейін. Сыртқы жіңішке сегменттері ішкі ірі сегменттеріне сәйкес емес. Әдетте бір ішкі сегментіне 3-5-ке дейін сыртқы жіңішке сақина сәйкес келеді. Сүліктердің денесі 33 сегменттен түзілген, олардың алдыңғы төртеу қосылып алдыңғы сорғышты, артқы жетеуі - артқы сорғышты құрайды. Параподиялары, қылтандары, қармалауыштары және желбезектері жоқ, тек Acanthobdella туысының өкілдерінде алдыңғы 5 сегментінде қылтандары болады, бұл олардың азқылтанды құрттарға жақындығын көрсетеді. Денесі тығыз кутикуламен қапталған, оның астын кілегейлі без клеткаларға бай эпителий астарлап жатады. Эпителий клеткалардың түбінде көптеген түрлі түсті түйіршіктелген пигментті клеткалары шашыраңқы орналасқан. Сүліктердің түсі - осы пигменттердің түсі. Эпителидің астында сақина тәрізді әрі өте күшті дамыған ұзына бойы бұлшықеттер орналасқан. Сонымен қатар дорзо-вентральды бұлшықетгері де бар. Ішкі мүшелерінің арасын паренхима толтырған, целом қуысы нашар дамып, жіңішке түтікшеге, лакунарлық жүйеге айналған.
Аналық жүйесі ұрық қапшығының ішінде орналасқан, тек бір жұп жұмыртқа безінен тұрады, одан жұмыртқа жолы шығып қысқа жатынға қосылады. Жатын кең бұлшыкетті қынапқа жалғасады. Жыныс тесігі құрсақ жағында аталық шағылыс мүшесінің жанында ашылады. Аталық жыныс жүйесіндегі 9 жұп аталық бездері тұқым қапшықтарының ішінде, денесінің ортаңғы бөлігінде метамерлі орналасқан. Ұрық қапшықтарының әрбіреуінен жіңішке ұрық түтікшелері тарайды, олар оң және сол жақтағы ұрық жолына ашылады. Ұрық жолдары дененің алғашқы үштен бір бөлігіне келіп домалақтанып ұрық қалтасын түзейді. Екі ұрық жолы осы қалтадан шығып, бірігіп так ұрық шашатын түтігіне ұласады. Түтік бұлшықетті шағылыс мүшенің ішінде орналасып жыныс тесігімен аяқталады. Тұқым бүрку түтігіне қосымша бездер ашылады. Сүліктердің кейбір түрлерінде шағылыс мүшесі дамымаған. Бұл жағдайда сперматозоидтар безді заттардан түзілген сперматофора деп аталатын сопақша келген қалташаның ішіне шығарылады. Аталықтары сперматофораны сүліктің аналық жыныс тесігіне жабыстырады немесе сүліктің қынабына енгізеді. Сперматофорадан шыққан сперматозоидтар жатынға түсіп, жұмыртқаларды іштей ұрықтандырады. Барлық сүліктердің жұмыртқаның ұрықтануы іштей өтеді. Ұрықтанған жұмыртқаларын сүліктер пілләнің ішіне салады.
Медициналық сүлік қоғалы көлдерде, өзен қайырларында, тоспаларда, ағын суларда, Сырдария бойларында, Кавказ суларында өте көп. Ұзындығы 120-150 мм, алдыңғы және артқы сорғыштары жақсы жетілген. Омыртқалы жануарлардың қанымен қоректенеді. Медицинада кейбір ауруды сүлік салып емдеу әдісі ертеден бар. Мұны бделлотерапия дейді. Сүліктің 15-ке жуық түрі емге пайдаланылады. Медициналық сүлікгі гипертония, склероз, инсульт, көз, тері ауруларын емдеуге қолданады. Сүліктің гирудин затынан дәрі-дәрмек жасайды.